Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазіргі азаматтық іс жүргізу заңнамасында заңдық терминологияларды қолдану мəселесі

Мақалада 2015 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің мемлекеттік тілдегі мəтінінде қолданылған заңдық терминологияға лингвистикалық сараптама жүргізу нəтижелері талданған. Зерттеу жүргізу мақсаты азаматтық іс жүргізу заңдарының мемлекеттік тілдегі жəне орыс тіліндегі мəтіндерінің теңтүпнұсқалығының сақталуын, қазақ тіліндегі заңдық терминдердің бірізділігін қамтамасыз ету болып табылады. Заң тілі — ресми тіл болғандықтан, бұл мəселеге астүртін қарауға болмайды. Авторлар Азаматтық процестік кодекстің жеке баптарының мəтініне сараптама жүргізу барысында құқықтық нормаларды орыс тілінен қазақ тіліне қате аудару, мағынасыз аудару, бір терминді бірнеше нұсқада аудару секілді қателіктерді тауып, олардың дұрыс аудармаларын ұсынған, əрбір аударманы жеке негіздеп көрсетеді. Заңдардың қазақ тіліндегі мəтіндерінің түсініксіз болуы, терминдердің дұрыс емес аударылуының бірден бір себебі заң жобаларының алдымен орыс тілінде əзірленіп, кейін аз уақыт қалғанда асығыс мемлекеттік тілге аударудың нəтижесі деп түсіндіріледі. Заңдарды аудару ісімен білікті заңгерлер емес, аудармашы — тіл мамандары айналысатыны белгілі. Қорытындыда мемлекеттік тілдің мəртебесін көтерудің қажеттігі, оның бір жолы ретінде заңдарды мемлекеттік тілде қабылдау қажеттігі, заң қабылдау үрдісіне кəсіби білікті, мемлекеттік тілді еркін меңгерген заңгерлерді жұмылдыру қажеттігі негізделеді.

Кіріспе

Мақаладағы зерттеу тақырыбының өзектілігі мемлекетіміз үшін маңызды мəселе — заңдардың мемлекеттік тілде жазылуы төңірегінде өрбиді. Заңдарда терминдерді қолдануда бірізділік сақталмайды, бір термин бірнеше нұсқада жазылған, не дəлдік жоқ. Сол себепті қабылданып жатқан заңдардың тілі шұбалаңқы. Заңның тілі — ресми тіл болуы қажет, əдеби-көркем сөздерден құрастырылмауы тиіс. Өкінішке орай, ащы болса да айту қажет, қазақ тілді заңгерлер заңдардың қазақ тіліндегі мəтіні түсініксіз болғандықтан, əуелі орыс тіліндегі мəтінін оқып, ұғынған соң ғана өздігінен аударуға мəжбүрлі.

Заң тілінің түсінікті əрі ұғынуға оңай болуы қоғамда құқықтық нигилизмді жоюдың, құқықтық мəдениетті қалыптастырудың бірден бір алғышарты деп білеміз.

Заң тілінің кез келген азаматқа түсінікті əрі сапалы болуының алғышарты заңдық терминологияларды орынды қолданып, мемлекеттік тілде ұйқастырып, сөйлемнің мағынасын қарапайым түрде құрастыру деп түсінеміз. Сондықтан, бірінші кезекте заңдық терминологияларды біріздендіріп алу арқылы сол мақсатқа жетуге болады.

Қазақстанда экономикалық қатынастардың дамуына байланысты жаңа шарттар жасалып, шет тілдерден жаңа заңдық терминдер, экономикалық терминдер енгізіліп, қолданысқа ие болуда. Сол себепті тіліміз де шет тілінен енген кірме сөздермен толысып жатыр. Бұл қазақ тіліндегі заңдық терминологияларды қолдануда біркелкілікті сақтау үшін оларды біріздендіруді қажет етеді.

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сəйкес, «екінші бағыт — мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу жəне оның пайдаланылу аясын кеңейту... Аталған бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заңнамалық актілер жəне жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту шаралары көзделеді» [1] деп белгіленген. Осы міндет бүгінгі күні орындалды деп айта алмаймыз. Себебі заңның қазақ тіліндегі мəтіні сын көтере бермейді.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сəуірдегі № 480-V Заңының «Нормативтiк құқықтық акт мəтiнiнiң мазмұнына жəне жазылу стилiне қойылатын талаптар» деп аталатын 24-бабында «Қазақ жəне орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мəтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс» [2] деп жазылған. Ендеше заңның екі тілдегі мəтіндері де бір біріне ұқсас, бірдей түсінікті, дəлме дəл сəйкес келуі керек. Заңның осы қойған талабы қаншалықты іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр, зерттеуіміздің түпкі мақсаты осы мəселені алдыға қояды.

Əдістер мен материалдар

Зерттеудің əдістері ретінде заңдық терминологияның қолданылуына зерттеу жүргізу барысында арнайы əдістер: талдау, жалпылау, зерттеушілік, салыстырмалы-құқықтық, жүйелілік əдістері қолданылды. ҚР Азаматтық процестік кодексінің орыс жəне қазақ тіліндегі мəтіндеріне салыстырмалы лингвистикалық сараптама жасалды.

Зерттеудің материалдық негізі ретінде ҚР Азаматтық процестік кодексі, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, заң техникасы мен тіл мəселесіне арналған заң ғылымы əдебиеттерінде, мерзімдік басылымдарда жарияланған отандық аудармашы-тіл мамандары мен тəжірибелі заңгерлердің, ғалымдардың, атап айтсақ, К. Юсупов, Ш. Құрманбайұлы, Д. Анарбек, С. Сəрсенова, Т. Ахметжанова, Г.А. Ильясова еңбектері негізге алында.

Нəтижелер

Зерттеу тақырыбы аясында ҚР Азаматтық процестік кодексінің [3] (бұдан əрі АПК) қазақ жəне орыс тілдеріндегі мəтіндерінің теңтүпнұсқалығы талабына сəйкестігін тексеру бойынша лингвистикалық сараптама жүргізілді. Сараптама жүргізу нəтижесінде аталмыш заңның көпшілік нормаларындағы сəйкессіздіктер анықталды. Атап айтқанда, кодекстің орыс тіліндегі мəтінінде қолданылған «принцип» термині қазақ тіліне «қағидат» деп аударылған, оны «қағида» деген сөзбен ауыстыруды ұсынамыз. Себебі бұған дейін заң əдебиеттерінде, құқықтық актілерде «қағида» термині қолданылып келген болатын, үйреншікті терминді бұрмалаудың қажеті жоқ деп санаймыз.

«Заңдылық» деп аталатын 6-бапта «5. Егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мəселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мəселелерді əділдік пен парасаттық критерийлерін негізге ала отырып шешуге міндетті» деп аударуды ұсына отырып, «критерий» — «өлшем шарттар» деген аудармасын сол қалпында аудармасыз қалдырған жөн. Өйткені, «критерий» сөзі орыс тілінен енгізілген сөз емес, грек, неміс тілінен енген сөз болғандықтан аударудың қажеті жоқ деп санаймыз.

«Разумность» — ақылға сыйымдылық аудармасы «парасаттылық» деп өзгертілді.

Кодекстің бүкіл мəтінінде «лица, участвующие в деле» атауы «іске қатысатын адамдар» деп аударылған. Мəселен, кодекстің 5-тарауының атауында «іске қатысатын адамдар», 43-бапта «Іске қатысатын адамдардың құрамы» жəне т.б. Заңның қазақ тіліндегі мəтінінде «лицо» деген сөз «адам» деп аударылған. Бұл дұрыс емес, себебі 43-бапта қарастырылғандай, іске қатысушылар деп тараптарды; үшінші тұлғаларды; прокурорды; мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, заңды тұлғаларды немесе осы АПК-тің 55 жəне 56-баптарында көзделген негіздер бойынша процеске кіретін азаматтарды айтады. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, заңды тұлғаларды адамдар деп атау қате, сондықтан біздің ұсынысымыз «іске қатысушы тұлғалар» деп өзгерту керек.

Дəл осындай аудармадағы сəйкессіздіктер мен қателіктер АПК-ның 9-бабының 2-бөлімінде айқындалады. «2. Азаматтық сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік органдардың жəне лауазымды адамдардың заңсыз əрекеттерінен, сондай-ақ басқа да тұлғалардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген əрекеттерді жасауына байланысты жеке тұлғаға келтірілген моральдық зиян, жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға келтірілген залалдар заңда белгіленген тəртіппен өтелуге тиіс» деген орысша тұпнұсқасын қарастыратын болсақ ол жерде былай жазылған «2. Моральный вред, причиненный физическому лицу, убытки, причиненные физическому или юридическому лицу в ходе гражданского судопроизводства незаконными действиями государственных органов и должностных лиц, а также в связи с совершением указанных в части первой настоящей статьи действий другими лицами, подлежат возмещению в установленном законом порядке». Аудармадағы қателік «Должностное лицо» деген сөздің «лауазымды адам» деп аударылуында. Қазақстан Республикасының көптеген нормативік құқықтық актілерінде «лауазымды адам» деген ұғымға қатысты қолданылатын «лауазымды тұлға» деген сөз тіркесін көре аламыз. Оған бірден бір мысал болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясының 40-бабының 1-ші бөлімінде орыс тілінде ол жерде былай жазылған: «Президент Республики Казахстан является главой государства, его высшим должностным лицом, определяющим основные направления внутренней и внешней политики государства и представляющим Казахстан внутри страны и в международных отношениях», осы бап қазақ тілінде келесідей аударылған: «Қазақстан Республикасының Президентi — мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi жəне сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде жəне халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға». Демек, ҚР Конституциясында «Должностное лицо» деген сөз тіркесі «Лауазымды тұлға» деп көрсетілген. Аударманың осы нұсқасы дұрыс деп ойлаймыз.

Осы «должностное лицо» сөзі Конституцияда тағы екі түрлі аударылған: мысалы, 18-баптың 3-бөлімінде, 31-баптың 2-бөлімінде, 83-баптың 2-бөлімінде «лауазымды адам» деп жазылған. Сөйтіп, Негізгі заңның қазақ тіліндегі мəтінінде де аудармаға қатысты қарама-қайшылықты айқындап отырмыз [4; 156].

Орыс тіліндегі «Равенство всех перед законом и судом» деп аталатын 13-баптың бірінші бөліміндегі «1. Правосудие по гражданским делам осуществляется на началах равенства всех перед законом и судом» деген норма келесідей оғаш аударылған: «13-бап. Жұрттың бəрінің заң мен сот алдындағы теңдігі. 1. Азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылады». «Равенство всех» — «Жұрттың бəрінің теңдігі» аудармасын «барлығының теңдігі» деп өзгерту ұсынылады. Сəйкесінше, ҚР Конституциясының 14-бабын келесідей редакцияда өзгерту ұсынылады: «1. Заң мен сот алдында барлығы тең».

15-баптағы «Состязательность и равноправие сторон» атауы «Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы» деп қате аударылған деп есептейміз. Сондықтан оның орнына бұрынғы атауы «сайысушылық» үйлеседі.

Кодекстің мəтінінде «предмет спора», «предмет иска» атауы «даудың нысанасы», «талаптың нысанасы» деп аударылып жүр. Бұл жерде бұрынғы атауы «даудың пəні» деп атау орынды деп есептейміз. «Нысана» орыс тіліне аударғанда мишень, прицел деген ұғымды білдіреді.

Сондай-ақ, «51-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мəлімдейтін үшінші тұлғалар», «52- бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мəлімдемейтін үшінші тұлғалар» сəйкесінше «даудың пəніне дербес талаптарын мəлімдейтін үшінші тұлғалар» жəне «даудың пəніне дербес талаптарын мəлімдемейтін үшінші тұлғалар» деп өзгерту ұсынылады.

АПК-нЫң 76-бабында қарастырылған «предмет доказывания» термині «дəлелдеу нысанасы» деп деп аударылған екен. Оны да «дəлелдеу пəні» деп өзгертуді ұсынамыз.

АПК-те «иск» атауы «талап қою» деп жазылған, ал «исковое заявление» атауы «талап қою арызы» деп аударылған екен. Біздің ойымызша, бұл ұғымды «талап арыз» деп қысқаша қайыру айтуға ыңғайлы деп ойлаймыз.

АПК-нің 15-бабындағы «Состязательность и равноправие сторон» деп аталатын бабы «Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы» деп аударылыпты. Бұл жерде «состязательность» сөзінің «жарыспалылық» деп аударылуы оғаш естіледі, бұрынғы азаматтық іс жүргізу құқығы теориясында қолданылып келген «сайысушылық» деген аудармасын қалдыруды ұсынамыз.

3-тараудың атауы «Подведомственность и подсудность» жəне 23-баптың атауындағы «Подведомственность гражданских дел судам» деген сөйлемдегі «подведомственность» термині «ведомстволық» деп аударылыпты: «3 -тарау. Ведомстволық жəне соттылық», «23-бап. Азаматтық істердің соттарға ведомстволығы». «Ведомстволық» аудармасы «подведомственность» мағынасын толық ашып тұрған жоқ, ол «ведомстволық бағыныштылық» деген ұғымды береді. Сондықтан осы аударма орынды деп санап, 3-тарау. «Ведомстволық бағыныштылық жəне соттылық», 23-бап. «Азаматтық істердің соттарға ведомстволық бағаныштылығы» деп өзгерту жəне баптың мəтінінде де сəйкесінше осы терминдермен өзгерту ұсынылады.

226-баптағы «Решение состоит из вводной, описательной, мотивировочной и резолютивной частей» деген норманың аудармасындағы «мотивировочная часть» — «уəждеу бөлігі» деп аударылған. Уəждеуден гөрі «дəлелдеу» деген сөзді қолдану орынды болар еді, себебі шешімнің бұл бөлімінде «iстiң сот анықтаған мəн-жайлары; соттың құқықтар мен міндеттер туралы түйіндері негізделген дəлелдемелер; соттың ол немесе өзге дəлелдемелерді қабылдамау дəлелдері жəне сот басшылыққа алған заңдар қысқаша көрсетіледі» делінген. Сондықтан «дəлелдеу бөлігі» деп жазылғаны жөнді болар еді.

ҚР АПК-нің мəтінінде «оформление» деген орыс тіліндегі сөзді «ресімдеу» деп аударманы қате жазған. Қазақ тілі мен əдебиетінде «ресім» деген тілді бұрап айтылатын сөз жоқ, ал рəсім деген сөз бар екені баршамызған мəлім. Демек «оформление» сөзі «рəсімдеу» деп аударылып жазылуы тиіс.

8-тарауда «Судебные расходы», 102-бапта «Понятие и состав судебных расходов» деген атауларда «судебные расходы» терминінің аудармасы «сот шығыстары» деп тағы да шығын сөзін бұрмалап аударған. Екінші жағынан, «сот шығыстары» — соттың шыққан шығындары дегенді ұғындырып тұр, негізінде бұл мемлекеттік баж салығы мен сот ісін жүргізуге байланысты шыққан шығындар. Дұрысы «соттық шығындар» болу керек деп қорытамыз.

АПК-нің орыс тіліндегі мəтініндегі 151-баптағы «1. 2) имеется вступившее в законную силу решение суда или определение суда о прекращении производства по делу по основаниям, предусмотренным настоящим Кодексом, вынесенное по спору между теми же сторонами, о том же предмете и по тем же основаниям» деген норманың аудармасы келесідей қате аударылғанына назар аударамыз: «1. 2) сол тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы жəне нақ сол негіздер жөніндегі шығарылған дау бойынша, осы Кодексте көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса». Себебі, прекращение — тоқтату деп аударылады, ал қысқарту — орыс тілінде сокращать деп аударылады. Келесідей өзгерту ұсынылады: «іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы».

ҚР АПК-індегі тағы да бір қателікті 160-баптың 2-бөлімінен көреміз, орысша нұсқасында былай деп жазылған «2. В случае отказа в иске принятые меры обеспечения иска сохраняются до вступления решения в законную силу» деп көрсетілген, ал қазақша нұсқасында «2. Талап қоюдан бас тартылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады» деп қате аударылған. Негізгі қателік бұл жерде орыс тіліндегі «В случае отказа в иске» деген сөздердің қазақ тіліне аударылымы «Талап қою қанағаттандырылмаған жағдайда» деп жазылуы тиіс еді. Осының салдарынан баптың мағынасы бұрмаланып тұр. Себебі «талап қоюдан бас тарту» деген сөз «отказ от иска» деп аударылатыны бізге мəлім. 48-бап бойынша «талап қоюдан бас тартуға құқылы» талап қоюшы болып табылады. Сот талап қоюды қанағаттандырмауы мүмкін. Жалпы, бұл норманың орыс тіліндегі жазылуы да қате, себебі азаматтық процессуалдық құқықта «отказ в иске» деген ұғым жоқ, бұл құқықтық емес заңгерлер арасында ауызекі қолданылатын сөздер. «Неудовлетворение иска» деп жазылуы тиіс еді.

Осындай жағдай 51-баптың бірінші бөлімінде де орын алған: 1. Третьи лица, заявляющие самостоятельные требования на предмет спора... пользуются всеми правами и несут все обязанности истца» қазақ тіліне қате аударылып, құқықтық норманы түсініксіз етеді. «Барлық құқықтарды пайдаланады жəне талап қоюшының барлық міндеттерін орындайды» деген сөйлемде кімнің құқықтарын пайдаланады деген сұрақ туындайды. 151-баптың 1-бөлімінің 2-пунктінің дұрыс аудармасы келесідей болуы тиіс: «сол тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы жəне нақ сол негіздер жөніндегі шығарылған дау бойынша, осы Кодексте көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса».

Тағы бір ҚР АПК-нің орыс тіліндегі жазылған бір терминнің қазақ тілінде бірнеше нұсқада көрсетілуі кездеседі, атап айтқанда, АПК-нің орыс тіліндегі «ответственность» деген сөзі АПК-нің қазақ тіліндегі мəтініндегі 13-бабында жауапкершілік деп, ал осы кодекстің 19, 21, 27, 30, 33, 73-баптарында «жауаптылық» деп берілуі. Дұрысы «жауапкершілік» болуы тиіс.

ҚР АПК-нің орыс тіліндегі мəтінінде 45-бабы «Гражданская процессуальная дееспособность» деп аталып 5-бөлімінде келесідей жазылған: «5. Несовершеннолетние, эмансипированные по основаниям, предусмотренным законом, приобретают полную процессуальную дееспособность с момента эмансипации». Қазақ тіліндегі мəтінінде «45-бап. Азаматтық процестік əрекетке қабілеттілігі», «5. Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кəмелетке толмағандар эмансипация кезінен бастап толық процестік қабілеттілікке ие болады» делінген. Қазақ тіліндегі мəтінінде «процессуальную дееспособность» термині екі түрлі жазылған, баптың атауында «процестік əрекетке қабілеттілігі» десе, 5-бөлімінде «процестік қабілеттілік» деп жазылған. Біздің сараптама қорытындымыз бойынша, ҚР Азаматтық кодексте 17-бапта. «Азаматтардың əрекет қабiлеттiлiгi» деген термин қолданылады. Заңдардағы терминдердің бірізділігін қолдану мақсатында келесідей түзетуді ұсынамыз: «45-бап. Азаматтық процестік əрекет қабілеттілігі». «5. Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кəмелетке толмағандар эмансипация сəтінен бастап толық процестік əрекет қабілеттілігіне ие болады».

Келесі қателікті АПК-ның «Алдын-ала сот отырыс» деп аталатын 172-бабынан көре аламыз. Негізгі қателік 5-бөлімде орын алған, ол бөлімде былай деп жазылған «Егер жауапкер талап қою арызын бұрын белгіленген мерзімде ұсынбаса немесе пікірді талап қою арызының барлық талаптары мен негіздері бойынша ұсынбаса, сот талап қою арызына жазбаша пікір беру үшін мерзім белгілейді» орысша нұсқасында бұл бөлім «Суд устанавливает срок для представления письменного отзыва на исковое заявление, если ответчик его не представил к установленному ранее сроку или представил отзыв не по всем требованиям и основаниям искового заявления» деп аударылған. Бұл жердегі қателік қазақша аудармадағы «Егер жауапкер талап қою арызын бұрын белгіленген мерзімде ұсынбаса» деген жерде жасалған. Жалпы, ол жерде «талап қою арызы» емес «письменный отзыв на исковое заявление» болуы қажет, ал ол қазақ тілінде «талап арызға жазбаша пікір» деп аударылуы керек. Сондықтан осы баптың 5-бөлімінің дұрыс нұсқасы қазақ тілінде келесідей болуы тиіс: «Егер жауапкер талап арызға жазбаша пікірді бұрын белгіленген мерзімде ұсынбаса немесе пікірді талап арыздың барлық талаптары мен негіздері бойынша ұсынбаса, сот талап арызға жазбаша пікір беру үшін мерзім белгілейді. Соттың талап етуі бойынша пікір тікелей алдын ала сот отырысына ұсынылады» [5; 419].

Талқылаулар

Мемлекеттік тілдегі заң тілінің кемшілік тұстары, оларды шешу жолдары туралы мəселелер заң əдебиетінде соңғы онжылдықта қозғала бастады. Көбінесе бұл мəселені аудармашы-филолог мамандар жазады. Барлық авторлардың да ойлары бір жерден тоғысып, біркелкі пікірлер жазады.

Жазушы, аудармашы К. Юсупов «Заңның, əлбетте, тілмен бейнеленетіні, тіл арқылы азаматтардың еркі мен санасына ықпал ететіні мəлім. Алайда, тілдің заңның мазмұнына тікелей əсер етпейтіні де, əйтсе де, тілдің байлығы, жетістігі мен жатықтығы заңның айқын, ұғынықты болып шығуына əсер етпей қоймайтыны да түсінікті» [6; 71] деп жазады. Заң қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормаларды бекітетін нормативтік құқықтық акт болғандықтан, заңның тілі де жоғары деңгейде жазылған, түсінікті болуы тиіс. Сонда ғана қоғамда заңға деген құрмет қалыптасыпт, заңды сақтауға тырысады. Ұлттың құқықтық санасын, қоғамдағы құқықтық мəдениетті де көтеретін мемлекеттік тілде ұғынарлық жазылған заң. Сондықтан мемлекеттің егемендігін білдіретін мемлекеттік тілдің мəртебесі де нақты, жоғары болуы тиіс деп санаймыз.

С.Сəрсенованың келесідей пікірімен келісеміз: «Айқындылықты, нақтылықты талап ететін заң мəтіні артық сөзсіз, ресми стиль талаптарына сай, ұлт тілінің сөйлем құрылысы жəне термин қолданысының бірізділігін сақтай отырып жазылуы тиіс. Заң мəтініндегі терминдер құқықтық норманы бұрмаламай, мəн-мазмұнын дəл жеткізіп, заңның əркелкі оқылуына жол бермеу қажет» [7; 73]. Расында да жоғарыда ҚР АПК-нің мəтініне жүргізілген талдаулар айқындап бергендей, қазақ тіліне заңдық терминдер қате аударылған немесе бірнеше нұсқада аударылған, иə заңдық терминді бұрмалап аударылған, аударма мəтінінің түсініксіздігі орыс тіліндегі мəтіннің телтүпнұсқалығына сəйкес келмейді.

К. Юсуповтың «Көпшіліктің пікірінше, барлық кереғарлық заңның ана тілінде жазылмауынан туындап отырған сияқты» [6; 71] деген пайымдауы өте дұрыс деп санаймыз. Заң жобалары орыс тілінде жазылады, кейін Парламентке келгенде сол орыс тілінде талқыланады. «Парламент отырыстарының жұмыс топтарында да заңның орыс тіліндегі мəтіні сала мамандарының, заңгерлердің ой зерделеуінен өтеді. Ал қазақ тіліндегі мəтін аударма күйінде қалып, мамандардың сұрыптауынан өтпейді. Осыдан кейін заңдардың сапасы жайлы айтудың да өзі бекер. Сондықтан заң қазақ тілінде дүниеге келуі шарт» деп пайымдайды Тыныс Ахметжанова [8; 2]

Мемлекетімізде заңдар ҚР Конституциясының 7-бабына сəйкес, мемлекеттік тілмен мəртебесі тең саналатын орыс тілінде қабылданып, содан кейін мемлекеттік тілге аударылады. Егер орыс тілінде де заң техникасы сақталып жатса құба құп. Кейбір орыс тіліндегі баптар да қате, нақты емес жазылып жатады. Оның аудармасының сапасы да соған сəйкес келеді.

Ш. Құрманбайұлы «Ғылыми кадрлар мен жоғары білімді, қазақ тілді мамандар даярлауға басымдық берілуі тиіс... Қазақша термин жасай алатын, оқулық жазатын, дəріс оқитын, қазақша заң жаза алатын қазақ тілді білікті мамандарды көптеп дайындамайынша, бұл мəселе түбегейлі шешілмейді» деген пікірді айтады [9; 4]. Орынды айтылған пікір, бірақ маман тек қана қазақ тілін мемс, орыс тілін де меңгерген, екі тілді жетік білетін, тəжірибелі де болуы шарт. Ондай маман ғылыми-педагогикалық тəжірибесі мол, заң ғылымы саласындағы заңгерлерден ғана шығары хақ.

Қорытынды

Жоғарыда қарастырылғандардан шығарылатын қорытынды Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі заңдық терминологияны қолданудың келесідей мəселелері анықталды:

 ҚР Азаматтық процестік кодексінің қазақ жəне орыс тілдеріндегі мəтіндерінің теңтүпнұсқалығына салыстырмалы сараптама жүргізу нəтижесінде ҚР «Құқықтық актілер» туралы заңының 24-бабында қойылған талапқа сай еместігі расталып отыр. Оған дəлел ретінде мақаланың нəтижелер бөлігінде жазылған ҚР АПК-нің кейбір баптарындағы терминдердің қате аударылуы, қазақша аудармасының бұрмалануы, бір терминнің бірнеше нұсқада жазылуы, баптардың мəтіндерінің мағынасыз аударылуы бола алады. Дұрыс аудармаларды ұсыну арқылы біз заңның мəтініндегі терминдердің бірізділігін қамтамасыз етуге, қателіктерді жоюға тырыстық.

Бұдан біз заңның мəтіні күрделі емес қарапайым, ресми сипаттағы, біркелкі тіл болуға міндетті деген қорытындыға келеміз.

 Заңдық терминдердің бірізділігін қамтамасыз ету арқылы ғана біз заңдардың қазақ тіліндегі сапасын қамтамасыз ете аламыз. Ол үшін заңдық терминдер сөздігін құрастырып, жалпыға бірдей міндетті қолдану үшін, оны нормативтік құұқықтық акт нысанында қабылдау қажет.

 Заңдық терминдердің көпшілігі орыс тілінен емес, рим құқығынан (əсіресе, азаматтық заңдар жəне азаматтық процестік заңдар) енген латын, ағылшын, француз тілінен шыққан терминдер болғандықтан оларды қазақша аудармай-ақ сол күйінде қалдырған жөн деп санаймыз. Себебі, кірме сөздер — заңдық терминдерді аударған жағдайда мағынасы өзгеріп, түсініксіз болып қалады. Одан тіліміз байымаса, кері əсері болады деп ойламаймыз.

 Заңдық терминдердің бұрынғы кезден бері заңда жазылып, қалыптасып қалған, тілге үйреншікті аудармалары заң əдебиетінде, оқу үрдісінде қолданылып жүргені рас. Сол аудармаларды бұрмалаудың не қажеті бар, сол күйінде қалдыру қажет деп санаймыз. Мысалы, «процестік əрекет қабілеттілігі», «сайысушылық», «ведомстволық бағыныштылық», «рəсімдеу», «талап арыз», «соттық шығындар», т.б. Екіншіден, кейбір терминдер Азаматтық кодексте де кездеседі, сондықтан екі кодексте де қолданылатын ортақ терминдер бірдей жазылуы тиіс деп санаймыз.

Бұл зерттеуді Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды (Грант № АР09259787).

 

Əдебиеттер тізімі

  1. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы». Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығы. Күші жойылды — Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 19 сəуірдегі № 29 Жарлығымен [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1100000110
  2. «Құқықтық актілер туралы». Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 6 сəуірдегі № 480-V ҚРЗ [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1600000480
  3. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі. Қазақстан Республикасының Кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V ҚРЗ [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000377
  4. Ильясова Г.А. Заңнамалық актілердің мəтінін мемлекеттік тілге аударуға байланысты өзекті мəселелер / Г.А. Ильясова // Қазақстан Республикасы заңнама институтының жаршысы. — 2017. — № 1 (46). — Б. 155–163 [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: http://www.iz.adilet.gov.kz/sites/default/files/upload-files/na_sayt_vestnik_no 146–1017.pdf
  5. Анарбек Д. Қазақстан Республикасының азаматтық процестік кодексінің мемлекеттік тілдегі мəтініндегі қателіктер туралы // Қазақстандық Заңнаманы жетілдіру: теория жəне тəжірибе: Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Халықарал. ғыл. -тəжір. конф. материалдары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2016. — Б. 416–419.
  6. Юсупов К. Заң тілі — заман тілі / К. Юсупов // Тіл жəне қоғам. — 2012. — № 1. — Б. 71–76.
  7. Сəрсенова С. Мемлекеттік тілдегі терминдерді қолдану мəселелері / С. Сəрсенова // Заңгер. — 2020. — № 12(233). — Б. 73–74.
  8. Ахметжанова Т. Заң тілі қашан қазақшаланады? /Т. Ахметжанова // Заң газеті. — 2013 жыл 2 қазан. — № 148. — Б. 2.
  9. Құрманбайұлы Ш. Заң тілінің терминдер қорын дамытып отыру заңгерлер мен тіл мамандарының міндеті / Ш. Құрманбайұлы // Заң газеті. — 2012 жыл, 20 қыркүйек. — № 141 (2149).

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.