Аннотация: Мақалада қазіргі жағдайда фармацевттердің коммуникативті дағдыларын қалыптастыру мен дамытудың негізгі тәсілдері қарастырылады. Дәрілік заттардың айналымы саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар басқа факторлармен қатар жұмысты бірлесіп атқаратын және фармацевтикалық ұйымды басқаруға қатысатын персонал арасындағы қарым-қатынастың өзгеруімен байланысты.
Кілт сөздер: Коммуникативті дағдылар, фармацевтер,фармацевтикалық құзіреттілік.
Өзектілігі: Қарым-қатынас - қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Адам қай салада жұмыс істесе де, не істесе де басқа адамдармен байланыс орнатады. Бұл, әсіресе, адамдармен сөйлеу мәдениеті арқылы тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін кәсіп иеслеріне провизорларға (фармацевтика саласына) қатысты, олар үшін коммуникативті қарым-қатынас мәдениетін меңгеру өте маңызды, өйткені фармацевтердің жұмыс процесі барлық қатысушыларымен тікелей қарым-қатынаста жүзеге асады.
Мақсат: Бұл жұмыстың мақсаты – психологиялық-педагогикалық әдебиеттерді теориялық талдау негізінде коммуникативтік құзыреттілік мәселесінің аспектілерін зерттеу және осы мәселе бойынша фармацевттерге әдістемелік ұсыныстар беру.
Зерттеу әдістері: Мазмұны-талдау,әдебиет деректерін талдау негізінде фармацевт – провизорлардың кәсіби коммуникациялық дағдыларының ерекшеліктерін зерттеу жүргізілді.
Талқылаулар мен нәтижелер:Қазіргі таңда дәріхана ұйымының келушілерге көрсететін фармацевтикалық қызметтердің рөлі жыл сайын артып келеді. Фармацевтикалық қызметтің сапасы оның қайда, қалай және кім ұсынғанына байланысты. Анығырақ айтқанда, қызмет сапасы көбінесе фармацевтің кәсібилігіне және ол жұмыс істейтін жағдайларға байланысты болады. Бұл дегеніміз дұрыс ұйымдастырылған фармацевтикалық қызмет, провизордың тиімді коммуникативті дағдыларын меңгеруі, фармацевтикалық ұйымның тиімді жұмысының таптырмас шарттары болып табылады [1].
Қарым-қатынас мәдениеті этика, эстетика, лингвистика, педагогика, риторика және әлеуметтік психология сияқты білім салаларының тоғысында тұр. Дәріхана ұжымында да қарым-қатынастың үш деңгейі бар: бірінші деңгей – фармацевт пен дәріхана келушілері арасындағы байланыс; екінші деңгей – фармацевт пен дәрігер арасындағы байланыс; үшінші деңгей - дәріхана қызметкерлері арасындағы өзара байланыс.
Фармацевт пен пациенттер арасындағы коммуникативті қатынас ережелері [2]:
- Әдепті және сыпайы болыңыз.
- Ешқашан ашуланбаңыз, эмоцияларыңызды басқара біліңіз.
- Анық,байсалды, тұтынушыға жақсы естілетіндей дауыс ырғағымен сөйлеңіз.
- Күлімдеңіз. Күлімдеу қарым-қатынасты жандандырады.
- Ыңғайлы, гигиеналық және ұқыпты киініңіз. Униформа ұқыпты және әсем, кемшіліктерсіз болуы керек.
- Сыртқы сұлулықты мейірімділік пен рухани сұлулық сәулелендіруі керек екенін ұмытпаңыз.
Дәріханада қарым-қатынас кезінде басынан-ақ кедергілер туындауы мүмкін. Мысалы, көбінесе, дәріханаға келушілер қалыпты амандасудан кейін фармацевтің көмегінен бас тартады. Тұтынушының «қажет емес, рахмет, мен өзім көремін», деген сөздері диалогқа түсу мүмкіндігін бірден тоқтатады. Неге мұндай болуы мүмкін? Оның себептері келесідей:
- Асығыс орнатылған байланыс. Жаңа жерге бейімделу үшін әр адамға әр түрлі уақыт қажет, орташа есеппен 3-5 минут. Келушінің сөреде тұрған дәрілерді көзімен іздеп тұрғанын байқаған бойда жақындап сұраңыз.
- Қашықтықты бұзу. Әр адамның өзіне тән физикалық қашықтығы бар, ол оған басқалармен қарым-қатынас жасау үшін психологиялық тұрғыдан ыңғайлы.Есіңізде болсын: бейтаныс адаммен сөйлесу кезінде арақашықтықты сақтау міндетті.
- Тұтынушы өзін өзгелердің алдында ыңғайсыз сезінгенде. Науқас кейбір дәрі-дәрмектерді сатып алу кезінде, айналасындағылардан ыңғайсызданған кезде кеңесшінің көмегінен бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда фармацевт өзін сабырлы ұстауы, дұрыс сөйлеуі және байсалды болуы өте маңызды[3].
Қорытынды. Қорытындылай келе, тиімді коммуникативті дағдыларының негіздерін үйрену болашақ фармацевтердің фармацевтикалық қызметте тұтынушылармен, әріптестерімен және медициналық мамандармен қарым-қатынас барысында сөйлеу мәдениеті мен этикасы бойынша қажетті білім, білік және практикалық дағдыларды алу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы, 14 желтоқсан 2014жыл.
- «Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 26 қарашадағы №791 Бұйрығы.
- Датхаев У.М., Асимов М.А., Шопабаева А.Р., Шертаева К.Д., Хименко С.В., Умурзахова Г.Ж. – «Коммуникативные навыки фармацевтов» - Учебник. Алматы. – 2015г. 41с.