Өзектілігі: Қазіргі уақытта медициналық білім берудегі инновациялар студенттердің теориялық және тәжірибелік дағдыларын сөзсіз арттыратын оқытуда жаңа әдістемелерді ұсынатын құрылымдық тәсілді қажет етеді. Болашақ дәрігерлерде заманауи, әлемдік медициналық әдебиеттердің шексіз ресурстарына қол жеткізуіне, сонымен қатар жекелей оқуында жоғары технологияларды қолдануына мүмкіндігі бар [1]. Қазіргі білім беру жағдайында көптеген тиімді әдістер бар, олардың ішінде аралас оқыту, әртүрлі әдістер, стратегиялар мен әдістерді қолдануды қамтитын «Білім марафоны» білім беру саласындағы жаңа оқыту түрі ретінде ерекше орын ала алады.
Жұмыстың мақсаты: Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының (ОҚМА) «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 4-курс студенттері арасында «Білім марафоны» интерактивті оқыту әдісін көрсету, студенттердің «Жұқпалы аурулар» пәні бойынша оқу үрдісіне қызығушылығын арттыру және бәсекелестік арқылы оқу үлгерімінің сапасын арттыру, байқау қорытындысы бойынша студенттерді жетістіктері үшін мадақтау.
Материалдар және зерттеу әдістері: ОҚМА жұқпалы аурулар және дерматовенерология кафедрасында 2019 жылы «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 4 курс студенттері арасында «Infection Stars» атты төрт білім марафоны ұйымдастырылды.
Студенттердің алдында келесі міндеттер тұрды: команданың сәлемдесуі және эмблема дайындау, «Капитандар сайысы», «Биатлон», «Білім ағашы» жарыстары, «Нақты фотосурет - нақты науқас», «Обаға қарсы костюмді кию және шешу».
Зерттеу нәтижелері: 152 студент қатысты, 4 лек, әр лекте 5 топтан болды.
Әр командадағы студенттер үшін бірінші міндет – эмблеманы дайындау, яғни медициналық таңбалардың мағынасын, тарихы мен шығу тегін зерттеу кіретін болды. Дайындалған эмблеманы көрсеткеннен кейін қатысушылар өздерінің командалық ұранын алға тартты.
Топтардың қызығушылығы мен ұйымшылдығын арттыру үшін келесі тапсырма сәлемдесу болды, онда әр команданың өз атауы мен ұраны шумақ түрінде айтылуы шарт, бұл командалардың дайындығының сапасы мен жеңіске деген құштарлығын көрсетті.
Келесі тапсырма «Капитандар сайысы» болды, онда марафонды жүргізуші 5 жағдайлық тапсырма берді, тапсырмалардың шарттарымен танысқаннан кейін команда капитандары алдын-ала диагноз қойып, ем тағайындауы керек. Бірінші болып дұрыс жауап берген және ең көп ұпай жинаған капитан жарыстың жеңімпазы болып танылды.
Әрі қарай «Биатлон» сайысы жалғасты, қатысушыларға экранда 1-ден 50-ге дейінгі сандарды таңдау ұсынылды, сандардың артында жұқпалы аурулар бойынша сұрақтар жасырылған. Ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз болып саналды.
Сайыстың тағы бір кезеңі «Білім ағашы» болды, оған бүкіл команда қатысты. Қатысушылардың бірі диагноз жазылған билеттердің бірін таңдап алады, содан кейін қатысушылар симптомдары, талдаулары және диагностикалық критерийлерін жапырақ түрінде берілген стикерлерге жазып, оларды ағаштың суретіне жапсырды. Тапсырма қорытындысы бойынша тәуелсіз әділқазылар алқасы дұрыс жауаптар санын бағалады. Ағашта ең көп жапырақтары бар топ жеңімпаз атанды.
«Нағыз фотосурет - нағыз пациент» - сабақ барысында студенттер науқасты курациялайды және оны камераға түсіреді (тек пациенттің келісімімен ғана, бейнежазбада немесе фотосуреттерде жасырын болу үшін көздері жабылады). Байқау барысында қатысушылар науқастан жиналған шағымдарды, ауру тарихын, өмір тарихын, эпидемиологиялық тарихты, науқасты жалпы тексеру мәліметтерін оқыды, зертханалық зерттеу нәтижелерін түсіндіріп, клиникалық диагнозды негіздеді.
«Обаға қарсы костюмді кию және шешу» байқауында әр командадан бір қатысушы белгіленген мерзімде қорғаныс костюмін дұрыс тәртіпте киіп, шешуі керек болды. Байқаудың осы кезеңінің жеңімпазы обаға қарсы костюмді мүмкіндігінше тез және дұрыс киген және шешкен болды.
Байқаудың барлық кезеңдерінің қорытындылары бойынша тәуелсіз қазылар алқасының мүшелері қатысушы командаларға өз бағаларын берді, содан кейін әр командаға зияткерлік іс-шараға белсенді қатысқаны үшін сертификаттар, жоғары ұпай жинаған командаларға I, II, III дәрежелі дипломдар, сонымен қатар «Үздік эмблема», «Ең белсенді қатысушы», «Үздік капитан» номинациялары бойынша жеке сертификаттармен марапатталды. Білім марафонынан кейін студенттердің сайысқа қанағаттанғандығы туралы сауалнама сұхбат арқылы жүргізілді, онда білімгерлердің пікірлері мен тілектері де көрсетілді.
Қорытынды: Сонымен, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 4 курс студенттері арасында «Infection Star» білім марафонының нәтижесінде студенттердің «Жұқпалы аурулар» пәні бойынша оқу процесіне деген қызығушылығы артты, оқу бағдарламасын игерулері жақсарды, пәннің өткен тақырыптары бойынша теориялық білімі және тәжірибелік дағдылары терең нығайтылды. Сондай-ақ, жарысу процесінде бәсекелестік есебінен оқу үлгерімінің сапасы жақсарды, білімгерлердің танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық белсенділігі артты, науқастармен өз бетінше жұмыс істеуге деген сенімділіктері нығая түсті. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушыларына дәстүрлі және дәстүрлі емес оқыту әдістерімен қатар студенттердің оқу нәтижелерін бағалаудың сенімді және негізделген бағалау әдістерін алдын ала дайындай отырып, білім марафонын өткізуге, сонымен қатар барлық студенттерге сәйкесінше бағдарламаларды кеңейту және оларды тұрақты оқу жоспарына қосу сұрақтарын қарастыруды ұсынамыз.
Әдебиеттер
- 1. Han ER, Yeo S, Kim MJ, Lee YH, Park KH, Roh H. Medical education trends for future physicians in the era of advanced technology and artificial intelligence: an integrative review. BMC Med Educ. 2019 Dec 11;19(1):460. doi: 10.1186/s12909-019-1891-5. PMID: 31829208; PMCID: PMC6907217.
- 2. Фридман К. П., Дональдсон К. М., Ванцевич А. В. Обучение студентов-медиков в эпоху повсеместной информации. Медучилище. 2016;38:504–509. doi: 10.3109/ 0142159X. 2016. 1150990. [PMC free article] [PubMed] [CrossRef] [Google Scholar].