Түйін
«Интеллектуалды ұлт-2020» мемлекеттік бағдарламасында мемлекетіміздің стратегиясын-дағы басты басымдық қазіргі кезеңдегі жастардың бойында дұрыс құндылықтар жүйесін, еңбексүйгіштікті, өзін үнемі жан-жақты жетілдіруге жәнебілім алуға құүштарлықтарын қалыптастыру нақты аталып өткен [1]. Сондай-ақ, аталған бағдарлама мазмұнында бәсекеге қабілетті отандық мәдени өнімдер жаңа қазақстандық патриотизмді, халықтар бірлігін нығайтуға және «еңбек адамы» үлгісін қалыптастыруға бағытталды.
Қазіргі таңда болашақ мамандарды кәсіби даярлау жүйесінде дуальді оқытуды оқыту үдерісіне ендіру қарқынды түрде қолға алына бастады. Әлемдік озық жоғары оқу орындарында қолданылып отырған дуальді оқыту жүйесінің болашақ мамандарды еңбек етуге бейімдеудегі тиімділігі дәлелденген.
Кілт сөздер: дуальді оқыту, еңбек мотивациясы, ментор, жұмыс беруші, тәлімгер.
Зерттеу мақсаты. Қазіргі кезеңдегі отандық орта және жоғары білім беру жүйесіндегі жоба ретінде енгізіліп отырған дуальді оқыту технологиясының бәсекеге қабілетті болашақ мамандарды даярлаудағы тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр. Дуальді оқыту форматында теория және практика арасындағы аралық үлесі - 30%-70%. Дуальді оқыту технологиясының тиімділігі сол, білімгерлер бір уақытта теориямен қатар тәжірибеде алған білімдерін шыңдай алады. Дуальді оқыту жүйесі Европаның алдыңғы қатарлы Германия, Финляндия, Австрия және Шығыста Сингапур, Тайланд, сияқты сияқты мемлекеттерінде кең таралған [2]. Дуальді білім беру үдерісіне қатысушы тұлғалар: жұмыс беруші, кәсіптік білім беру мекемелері, студенттер, тәлімгерлер-менторлар, өндіріс шеберлері және жергілікті атқарушы билік өкілдері мен бизнес-қауымдастықтары. Аталған мақаладағы зерттеу жұмысының басты мақсаты, осы дуальді оқытуға қатысушы жауапты тұлғалардың, оның ішінде менторлардың атқаратын функционалдық жауапкершіліктерін анықтау. Дуальді оқыту бағдарлама-сын жүзеге асыруда менторлық қызметтің негізгі міндеттері:
болашақ мамандарды кәсіби даярлаудың кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгеру шеңберінде студенттердің кәсіби іс-әрекеттерінің барлық түрлерін кешенді меңгеруі;
МЖМББС және оқу пәндерінің жұмыс бағдарламалары мен кәсіптік модульдерге сәйкес қажетті іскерліктер және тәжірибелік жұмыс тәжірибесін меңгеруі, жалпы және кәсіптік құзіреттіліктерін қалыптастыру;
Ментордың жеке кәсіби тәжірибесін беруі, жұмыс істеудің тиімді әдістері мен тәсілдеріне оқыту; Түлектердің кәсіптік білім және кәсіптік дағдыларының деңгейін арттыру;
ұзақ мерзімде кәсіпорынмен еңбек қатынастарын орнатуға студенттердің мотивациясын арттыру және оларды кәсіпорынның корпоративті мәдениетімен таныстыру.
Әдістемелік нұсқау кәсіпорындағы дуальді оқыту бойынша тәлімгерлік үдерісіне қатысушы ментордың жауапкершілігін, құқықтары мен міндеттерін анықтайды. Тәлімгерлік үдерісіне қатысушы басқа да тұлғалар: кәсіпорындағы жұмыс беруші, кәсіптік білім беру ұйымдары және студенттер.
Әдістері. 1. Кәсіпорындағы жұмыс берушінің дуальді оқыту бағдарламасын жүзеге асырудағы іс- әрекетінің бағыты:
тәлімгерлік жүйені дамыту, кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен бірге кәсіпорында тәлімгерлік жүйені дамытуды қамтамасыз етеді, кәсіби білікті қызметкерлер арасынан тәлімгерді таңдайды, оларды оқытуды ұйымдастырады;
кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен бірге кәсіпорын жұмыс беруші, тәлімгер біріге отырып студенттердің жеке білім беру траекториясын жоспарлайды және ұйымдастырады;
білім беру сапасын бағалауға қатысады, кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен бірге кәсіпорын жұмыс беруші, тәлімгер біріге отырып студенттердің құзіреттіліктерінің қалыптасуы деңгейін бағалайды;
студенттердің бойында еңбек құндылықтарын қалыптасытарды, еңбек етуге құлшыныстарын арттырады; студенттерден еңбек ұжымының корпоративті мәдениеті және іскерлік қарым-қатынас этикасын сақтауды талап етеді.
- Кәсіптік білім беру ұйымдарының дуальді оқыту бағдарламасын жүзеге асырудағы іс- әрекетінің бағыты:
- жұмыс берушімен біріге отырып іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
- жұмыс берушімен біріге отырып оқытуды жоспарлауды жүзеге асырады және дуальді оқытуды ұйымдастыру мақсатында білім беру бағдарламасына қатысушы тараптармен бірге материалдық- техникалық, өндірістік оқыту базасын құрады;
- жұмыс берушімен дуальді білім беру бағдарламаларын бірге жүзеге асыру туралы келісімшартты бекіту, дуальді оқыту бойынша топқа куратор бекіту, оқушы келісішартынын бекіту;
- дуальді білім беру бағдарламаларын бірге жүзеге асыру сапасын аралық бақылауды ұйымдастыру, сонымен бірге тәлімгер және өндірістік оқыту шеберімен бірге білім бағдарламасын жұзеге асыру сапасын аралық бақылау тетіктері мен құралдарын құрастыру;
- студенттердің қорытынды мемлекеттік емтихандарын ұйымдастыру, кәсіпорын өкілімен және тәлімгермен біріге отырып бітіруші түлектердің білім сапасын бағалау критериилерін, өндірістік емтиханға материалдар құрастыру;
- студенттердің бойында еңбек құндылықтарын қалыптастырады, еңбек етуге құлшыныстарын арттырады; - студенттердің еңбек адамына құрметпен қарауын тәрбиелейді, корпоративті мәдениет пен іскерлік қарым-қатынас этикасының негіздері туралы білім береді.
- Студенттердің дуальді оқыту бағдарламасын жүзеге асырудағы іс-әрекетінің бағыты: кәсіпорынның нормативті құқықтық актілері және ұйымдастыру-өкімдік құжаттарының талаптарымен танысу;
кәсіптік іс-әрекетінің түрлерін зерттеу және меңгеру;
тәлімгердің тапсырмалары мен нұсқауларын орындау, алға қойылған міндеттерді тәжірибеде шешуге үйрену;
кәсіби дағдыларын қалыптастыру, жалпы және кәсіби құзіреттіліктерін дамыту, тапсырмаларды сапалы орындау тәсілдері мен тәжірибелік іскерліктерін меңгеру;
тәлімгермен бірге жіберілген қателерді түзету;
еңбек ұжымындағы корпоративті мәдениет пен іскерлік қарым-қатынас этикасын сақтау, еңбек адамына құрметпен қарау.
Нәтижелер мен талқылау. Тәлімгерге қойылатын талаптар: өз кәсібін мақтан ететін, кәсіби біліктілігі жоғары, өз кәсібінің шебері, жастармен жұмыс жүргізуге бейімі бар, тәжірибесі мол, әрдайым студенттерге өз тәжірибесін жалықпай үйрете алатын кәсіпорын қызметкері арасынан таңдап алынады.
Тәлімгерлік үдерісінің негізгі категориялық ұғымдары: дамыту, тәрбиелеу және адамды еңбек өндірістік іс-әрекетке кәсіби бейімдеу.
Тәлімгерлікке таңдауда тұлғаның келесі сапалары ескерілуі қажет: адами қасиеттері, сабырлылық, ашықтық, эмоциялық тұрақтылық;
кәсіби, жоғары кәсіби біліктілік;
тәлімгерлік, студенттермен байланыс орната алуы, тапқырлықпен түсіндіре алуы, жалпы және жеке ұғымды көрсете алуы, қолдауы, талап қоя білуі, тапсырманы орындата алуы.
Тәлімгерлік ұзақ уақытты және қажырлы еңбекті талап етеді.
Сондықтан тәлімгерлік жауапкершілігін мойнына алған тұлға ұстамды, сабырлы және мақсаты анық болуы керек. Тәлімгер студенттерге тек өндірістік тапсырамларды орындау барысын қадағалау ғана емес, сонымен қатар оларды еңбек ұжымының өміріне араластыру керек, олардың кәсіби әлеуеті мен мұмкіндіктерін аша білуі тиіс. Сондай-ақ өз беттерінше білім алу, өзін жетілдіруін қажеттіліктерін тәрбиелеу, жаңа технологияларды меңгеруіне ықпал етуі тиіс, өзінің жеке тұлғалық қасиеттерімен студенттерге үлгі бола алуы керек [3]. Осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, тәлімгер коммуникативті сапалары дамыған, белсенді, шығармашыл, креативті және жоғары кәсіби құзіреттілікті меңгерген болуы шарт. Өзіне жауапкершілік алған тәлімгер бойында келесі қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндіктер бар: кәсіби саласындағы болашақты болжамдай алуы;
білімгерлерді еңбек ұжымына кәсіби бейімдеу қабілеті және өз қызметіне көңілі толуы;
тәлімгерлік жұмыс аттестациялау кезеңінде, мансаптық өсуіне, материалды және материалды емес құлшыныс береді.
Қорытынды. Кәсіпорындағы тәлімгерлік жұмыс студенттерге ақпараттарды беру ғана емес, сонымен қатар ол кәсіптік және жеке мәселелерді қарастыруда, талқылауда «коуч», кеңесші және байланыс жасаушы тұлға ролін де атқарады.
Тәлімгердің құзіреттіліктері, құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері:
- студенттерден берілген өндірістік тапсырмаларды орындауын, кәсіпорынның ішкі тәртіп ережелері мен жарғысын сақтауды талап етуге, тәжірибелік оқыту бойынша барлық тапсырмаларды орындауға нұсқау беруге құқылы;
- оқыту мәселесіне қатысты барлық сұрақтарды шешуге қатысу және жекелеген білім алушылардың оқу тапсырмаларын үздік орындаған жағдайда оларды марапаттауға ұсыныс беруге құқылы;
- дуальді оқыту үдерісінде МЖМББС сәйкес білім беру бағдарламаларын меңгеру бойынша студенттердің жалпы және кәсіптік құзіреттіліктерін бағалау процедурасына қатысуға, білімгерлерге біліктілік беру комиссия жұмысына қатысуына құқылы.
Әдебиеттер
- Государственная программа «Интеллектуальная нация-2020» akorda.kz.
- Землянский, В.В. Теоретические аспекты дуальной целевой подготовки специалистов/В.В. Землянс-кий, Я.В. Канакин//Вопросы современной науки и практики/Университет им.В.И. Вернадского. ‒ 2012. ‒ № 1(37). –С. 104-110.
- Zholdasbekova S.A., Nurzhanbaeva Zh.O. The Conceptual Model of Future Teachers Training to Dual Education in Vet (Vocational Education & Training). International Journal of Environmental & Science Education, 2016, 11(7), p.p.1527-1538.