Мақалада тәуелсіз алағаннан бері мәдени-экономикалық бағыттың бір бөлігі ретінде туризм саласын дамыту саясаты туралы кейбір мәселелер қарастырылған. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі туризм саласының ролі мен маңызы жан-жақты сараланып, баяндалған.Үлгі ретінде Қазығұрт өңірі сипатталап, ол жердің туризм сай келетіндігі мен оған байланысты тарихи-мәдени құндылықтары көрсетілген.
Кілт сөздер: Оңтүстік Қазақстан, Қазығұрт өңірі, туризм саласы, тарихи-мәдени ескерткіштер, Қазығұрт тауы, кластер.
Жалпы Оңтүстіктің қай түкпіріне барсаңыз, тарихи-мәдени, табиғи ескерткіштері шебер суретшінің қолынан шыққан өнер туындысындай алдыңнан шыға келеді. Өңірдегі қасиетті Қазығұрт тауы маңайында орналасқан тас мүсіндер, кесенелер, Өгем тауының Сайрам асуындағы Үңгіртау орындары да тарихи сыры терең,мемлекеттік дәрежеде қорғауға алынатын, толықтай зерттеулер жүргізіліп,ашық аспан астындағы музейге айналуы тиіс мұралық орындар.
Соңғы деректерге жүгінсек, қамқорлықтан шет қалып қоюы себепті біразы тозып, ескіріп, ал енді кейбірі тіпті жер бетінен мүлде жойылып кету қаупіне ұшыраған, бірсыпырасы ізім-ғайым жоғалып, тек ежелгі жазбалардан ғана аты-жөнін оқта-текте көзіміз шалып қалатын көне ғасырлар құндылығы мен тарихи ескерткіштер біз күткендегіден әлдеқайда көп болып шықты [1]. Кеңес дәуірінде жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша жарық көрген бірлі-жарым жинақтарда олардың бәрі түгел қамтылмаған, рухани тыңның тек үстіңгі қабаты ғана аршылып, ал ең маңызды маржандар жабулы қазан жабулы күйінде қалып келген.Ал Оңтүстік өңірдегі ескерткіштердің молынан шоғырлауымен еліміздегі туризм саласын дамытуға болатыны баршаға белгілі деп ойлаймын.
Оңтүстік өңірі - Тянь-Шань тауының батыс сілемдері мен Тұран ойпатының шығысын алады, 117,3 мың шаршы шақырым аумаққа орналасқан. Оның солтүстік бөлігін Бетпақдала шөлі, оңтүстік қиыр шетін Мырзашөл қуаң даласы алып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының шағын ғана аумағын салыстыра қарағанда (Қазығұрт өңірі) өзіне астасқан ғажап табиғаттың бояу әсем көркін еске салатын алуан түрлі ландшафты сыйғызғанын көресіз. Бір жағынан, байсалды қалпындағы атам заманғы дала суреті, сондай-ақ сирек ұшырасатын, әдеттегі өсімдіктер түрлерінен тұратын әсем өрнек. Қазығұрттың бір бөлігінде - тіршілік куан көрінгенмен де, оның дәл қасында жануарлар үшін таптырмас жұмақ жер тұр. Қазығұрттың солтүстігіне қарай Қаратау қырқаларына иек артқан. Нақ осы тұста, бұлақтар мен дала қайнарларының айналасындағы шалғындарда сан ғасырлық мал жайылымына пайдаланылатын жерлер қалыптасқан. Оңтүстік-шығыстан солтүстікке қарай 217 километрге көлбей созылып Қаратау жотасы (ең биік нүктесі 2176 м) жатыр, ал оңтүстік-шығысыңда Талас Алатауының батыс шетіндегі - Өгем жотасында облыстың ең биік нүктесі - Сайрам шыңы (4238 м) бар. Өгем мен Келес өзеңдерін бөліп жатқан Қаржантау жотасы Тәңіртаудың (Тянь-Шань) ең батыс сілемі болып табылады. Қаржантаудың орташа биіктігі 2000 м, ал ең биік нүктесі - Мыңбұлақ тауы (биіктігі 2834 м) [2].
Соңғы кездерi Қазақстанда туризмдi дамыту арқылы экономикалық жағдайды жақсартып, бiрқатар әлеуметтiк мәселелердi шешуге болатыны жиi-жиi әңгiме болып отыр.
Ресми мәлiметтерге қарағанда, мемлекет қазынасына сырттан түсетiн инвестицияның 10 пайызға жуығы осы туризмнен түседi екен.Тағы да ресми мәлiметтерге жүгiнсек, ұлттық табиғи парктер мен қорықтарға келген 244 мың 700 туристен 2004 жылы 9 миллионға жуық кiрiс келiп түскен. Соңғы 2 жылда бұл табыстың ұлғайғаны даусыз. Туризмдi дамыту арқылы тапқан қаржыны сол аймақтың гүлденуiмен көркеюiне жұмсауға болады.
Оңтүстiк өңірінде туризмнiң кез келген түрiн дамытуға қолайлы алғышарттар бар.Оңтүстiк өңiрiнiң тамаша табиғаты және сан алуан табиғи-тарихи ескерткiштердiң молдығы осы ойымызға дәлел.Экологиялық туризмдi зерттеп, зерделеп жүрген әлемге әйгiлi орталықтардың сарапшылары оңтүстiк өңiрдегi туризмдi дамытуға қолайлы жағдайлар бар деп оң баға берiп отыр. Соның бірі- Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан экотуристiк аймақтардың бiрi – Қазығұрт тауы, Қазығұрт аймағы. Талас Алатауының оңтүстiк-батыс сiлемiндегi аласа келген жота. Солтүстiк-шығыстан оңтүстiк-батысқа қарай 55 км-ге созылған. Ортаңғы биiктеу бөлiгiнiң ұзындығы 22 км, ендi жерi 10 км. Ең биiк жерi жотаның Шығыс бөлiгiнде орналасқан (1768м.). Ежелгi аңызда дүниенi топан су басқанда, Нұқ пайғамбар кемесi Арабияда Жуда тауында, Х-ғасырдағы аңызда Арарат тауына тоқтаған делiнедi. Қазақ (түркi) аңызы бойынша топан су қаптағанда Нұқ пайғамбар “топан су” мифiнiң көне нұсқасында Нұқ пайғамбардың есiмiнiң орнында Қазығұрт тауынан бастау алатын Қаражан су өзенi “Йашқар-ата” (“Жылаған ата”, “Жылауық ата”) деген кiсi есiмi де қолданылады. Кемесi Қазығұрт тауының шыңында тұрып қалған. Топан су қайтқан соң, адамзаттың жаңа ұрпағының тiршiлiгi сыртқы бiтiмi кемеге ұқсас Қазығұрт тауынан басталған. Қазығұрт асуына Нұқ пайғамбар кемесiнiң макетiн қойып, осы аймақты туристiк демалыс орталығына айналдыруға әрекет жасалып жатыр. [3]
Қазығұрт өңірі - Өзбекстан Республикасымен шектесетін оңтүстіктегі аудандардың қатарына кіреді. Ауданның оңтүстік-шығыс шеті Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы болып табылады. Шекара негізінен Өгем (ең биік Сайрам шыңы - 4238 м) және Қаржантау (биіктігі 2824 м) жоталарының су айырғыларынан өтеді. Ауданның территориясы арқылы орта ғасырларда араб халифаты мен Қытайды, сондай-ақ Бинакет (Ташкент) пен Сайрамды (Испиджаб) байланыстырғанкеруен жолдары өткен. VІІ-ІХ ғғ. маршруттарда Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар қатарында Қазығұрт ауданының Шарапхана ауылы маңындағы Шарапхана қалашығының қирандыларымен байланыстырылатын Газгирд туралы айтылады.
Қазығұрт тауының табиғи-мәдени байлықтарын қорғап таныту мақсатында көп жұмыс керек-ақ. Жапониядағы атақты Фудзияма тауы іспетті Қазығұрттың үлкен суретін көптеп шығарудан бастап, оның қайталанбас табиғатын, тарихи жәдігерлерін қорғайтын арнайы мекеме қажет. Тарихи Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, жалпы ғаламдық аңызы мен әсем табиғаты бар мұндай тау жер бетінде кемде кем. Осы ерекшеліктерін ескеріп, Қазақстан атынан әлемдік табиғи-тарихи ескерткіштер қатарына ұсынып көру де қажет.Қазығұрттың Өгем, Қаржантау, Аққұм, Қызылдала т.б., осы сияқты көптеген таулы аймақтарында аң аулауға пайдаланылатын жерлер мол. Қазақы тазы жүгіртіп, бүркіт, сұңқар сияқты құс салу сияқты ұлттық аңшылыққа негізделген туризмге ден қоюшылардың қызығушылығын арттыра түседі. Бұдан өзге Өгем шатқалына, Айғырұшқын, Қосмола, Сусіңген деген жерлене атпен және жаяулап саяхаттаушыларға, сондай-ақ туризмнің басқа да түрлеріне кең жол ашылған. Қазығұрттың жер жағдайы, табиғаты мен ауа райы қысқы туризмді өрістетуге қолайлы: Төлеби ауданына қарасты бөлігінде «Тау самалы» демалыс лагері маңында аспалы жол мен шаңғы базасы салынды. Бұл көптеген қызмет түрлерін көрсету тораптарын өрістетуге, демалыс лагерьлерінің жүмысын жандандыруға, инфрақүрылымды дамытуға серпін береді. «Біркөлік» санаторийі қалыпқа келтіріліп, іске косылуда. Сарыағаш ауданындағы әйгілі бұлақ көздері маңайындағы санаторийлік демалыс пен емдеу орындарына келушілер саны арта түсуде. Бұдан басқа Қазығұрт тауы құрамында динозаврлік горизонт жасырынған физикалық-геологиялық түзілім ретінде қызығушылық тудырады. [4]
1982 жылы 16 м тереңдікте Қазығұрт тауы арқылы Алматы-Термез автожолы бойына жақын жерде динозаврлардың алғашқы қалдықтары табылды. Динозаврларды қазуды екі экспедиция жүргізді - облыстық тарихи-өлкетану мұражайы (жетекші - А.Н.Грищенко) және Қаз.ССР ҒА зоология Институты (жетекші - П.В.Шилин). Зоология Институтының қорытындысы бойынша бұл ауданда «Қазығұрт Гидрозавры» деген атау алған динозаврлардың ерекше түрі мекендеген.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сақталу тәртібін қадағалау және сұғанақтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында рейдтер жиі ұйымдастырылады. 2006-2010 жылдары 130 заң бұзушылық анықталып, 113 адам әкімшілік жазаға тартылды. 786,0 мың теңгеге айыппұл салынып, өндірілді. 39 адамнан 2 млн. 217 мың теңге өндіру үшін сот орындарына берілді.
Қазақстанда, оның ішінде Оңтүстік өңірінде туризм кластерiн жетiлдiру үшін “Қазақстан кластерiн дамыту” жобасы ұсынылды. Бұл кластерлiк жобада туризм де бар. Алғашқы жоба жылына әдемi әсем табиғаты бар, таулы аймақтарымен көз сүрiндiретiн, жылына 760-тан астам туристер келетiн Алматы қаласы мен Алматы облысында жүзеге аспақ. Бұл жоба одан кейiн табиғи-тарихи ескерткiштерге бай Оңтүстiк Қазақстан облысында iске аспақ. Дегенмен бұл жоба тек жоғарыдағы аталған аймақтарда ғана емес, Қазақстанның кез келген облыстарында жүзеге асуы мүмкiн. Ол үшiн сол аймақтардың туризмнiң дамуына үлес қосатын мүмкiндiктерi жете зерттелiп, сарапқа салынбақ. Оңтүстiк Қазақстан облысында туризмнiң әр саласын дамытуға мол мүмкiндiктер барлығын шетелдiктер де мойындап отыр.
Қазақстан Республикасы Конституциясы әр азаматқа, мәдени өмірге араласуға, мәдени мекемелер мен тарихи-мәдени мұраларды пайдалануға кепілдік береді және тарихи-мәдени мұралардың сақталуына қамқор болуға, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндеттейді. Материалдық және рухани ескерткіштер арқылы тәлімді тәрбие мен терең білім беру жастардың танымдық зердесі мен ой-өрісін кеңейтіп, азаматтық-эстетикалық болмысына үлкен ықпал ететіні белгілі. [5]
Халқымыз тәуелсіздікке қол жеткізген кейін, оның дербес даму жолы ұлттық болмысы мен төл тарихының қайта жаңғыруымен қатар жүріп келе жатыр. Тарихымыз бен мәдениетімізді түйсініп, терең ұғуға ұмтылған, маңызды шаралар мен жұмыстарды жүргізуге бағытталған бағдарламалар қабылданды. Қазақстан Орталық Азия, тіпті бұрынғы Кеңес, қазіргі ТМД елдері ішінен 2004-2006 жылдарға арналған орта мерзімдік «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама қабылдаған тұңғыш әрі әзірше жалғыз ел болғанын білеміз. Қазақстан үкіметі сол Бағдарламаға сәйкес нормативті-құқықтық базасын даярлау және зерттеу, сақтау және мәдени мұраны пайдалану бойынша жұмыстар мен шаралар өткізді. Осыған байланысты бастаған істерді жүйелі жалғастыру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісінше 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарлама жасалып, жүзеге асырылды.Өткен үш жылда елдің мәдени мұрасын зерттуідің тұтас жүйесін жасау, елеулі тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жөнінде зор жұмыс жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде «Мәдени мұра» бағдарлама-сын іске асыру бойынша қоғамдық Кеңес жұмыс істеді. Осылайша, бағдарлама басымдылығына сәйкес мәдени мұраны қорғау мен насихаттау бойынша жобалар мен жасалып, атқарылуда. Бұндай бағдарлама Қазақстандық номинацияларды Бүкіләлемдік мұра тізіміне ендіруге ел мүмкіндігін арттыруға зор мүмкіндік берері анық.
Орта мерзімдік «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама шараларының жоспарын жүзеген асырудың аяқталғандығы баршамызға мәлім. Мемлекеттік бағдарламаның Төлқұжатында Еліміздің мәдени мұрасын сақтау мен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі басты мақсат ретінде көрсетіле тұрса да 16 секцияның бәрі өздерінің шама-шарқынша жоғарыда аталған мақсаттың тек бірінші бөлігін ғана орындады және орындалды деп айта аламыз. Яғни бірінші кезең көбіне-көп Қазақстанның тарихи-мән ұрасын жинаумен және қайта жаңғыртумен сипатталады. Бұл тұрғыдан алғанда, ортағасырлық қалашықтар мен қоныстарды археологиялық жағынан ғылыми зерттеу, дүние жүзінің мұрағаттары мен кітапхана қорларындағы қазақ еліне қатысты жазбаша әдебиеттерді жинау және қазақ тіліндегі әлемдік тарихи, философиялық, мйдениеттанушылық және көркем әдебиеттердің сериялық басылымдарын шығаруға орай тарих пен мәдениет ескерткіштерін қайта жаңғырту саласында қыруар шаруа тындырылады. [6]
2009 – 2015 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының мақсаты – рухани және білім беру салаларын дамытудың ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдасты-ру-әдістемелік базасын одан әрі жетілдіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу болатын. Оның негізгі міндеттері тарихи-мәдени мұраны сақтап, одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау; мемлекеттік және салалық бағдарламалар іс-шаралар жоспарын іске асырудың тиімді тетіктері мен құралдарын әзірлеу; Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау; мемлекеттік және салалық бағдарламала-рын іске асыру барысында жинақталған жаңа және жүйеленген білімді ғылыми айналымға енгізу жө-нінде ұсыныстар әзірлеу; тарихи-мәдени мұраны туризмді дамыту үшін белсенді пайдалану, тарих және мәдениет ескерткіштерін туризм инфрақұрылымының маңызды бір бөлігі ретінде қарастыру. [7]
Сондықтан халқымыздың тағылымды тарихы мен жоғары мәдениетімізді көрсететін асыл мұраларымызды мирас ете отырып,оны әрқашан терең түйсіне, зерттей беруіміз тиіс.
Әдебиеттер
- Тұрсынқұлов Қ. Қазығұрт:аңыз бен ақиқат (Әдеби-танымдық эссе және көркем шығармалар). – Алматы: «Тоғанай», 1998. - 336 б.
- Тұрсынқұлов Қ. «Қазығұрт баурайында». – Алматы: Ана тілі, 2004. 46-67 б.
- Тілеуқұлов Сейдуалы “Қасиетті Қазығұрт елімде”-Ташкент: Абдулла Қадыри атындағы “Халқ-мерос” баспасы, 2003.-258б.
- Қазығұрт. Энциклопедия. – Алматы: Тоғанай Т, - 2002.- 543 б.
- Байпақов К., Нұржанов А. «Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан». -Алматы, 1992.- 42 б.
- Нұрмағанбетұлы Ә. «Жер- судың аты- тарихтың хаты».- Алматы, 1994. -28 б.
- Мырзалиева Қ., Достай Ж. Оңтүстік Қазақстанның геологиялық құрылысы мен жер бедерінің топонимияда бейнеленуі // География және табиғат. – 2006. №2. – 15 б.