Кіріспе. Тамақтану, организмнің сыртқы ортамен жан–жақты байланысының көптеген түрлерінің бірі ретінде, зат алмасудың жалпы тізбегінде жетекші орын алады. Қоршаған ортадағы қолайсыз факторлардың 80%– ы адамға тағам арқылы әсер ететіндігі анықталған. Мектеп жасында қарқынды өсу, қаңқа мен бұлшық еттің ұлғаюы байқалады, жасөспірімдердің жыныстық жетілуіне байланысты қарқынды гормондық қайта құрулар, барлық жүйелер мен ағзаларда сапалық өзгерістер орын алады. Осы үрдістердің барлығының дұрыс өтуі үшін қуаттың, қоректік заттектердің мол мөлшерінің шығындалуы қажет болады, олардың бір бөлігі (негізінен, ақуыздар) баланың өсу үстіндегі организмінде құрылыс материалы ролін атқарады. Сондықтан оқушының тамақтану рационының қоректік құндылығы жоғары болуы тиіс, яғни қажетті пайдалы заттектерге бай, сапалы өнімдерден құралуы қажет. Адамның жасына, жынысына, физикалық жағдайына байланысты, тамақтану рационы әртүрлі болуы қажет.
Зерттеудің мақсаты. Бүгінгі күндегі мектеп оқушыларының салауатты тамақтану тәртібін сақтау қарым- қатынасын анықтау және талдау жасау.
Материалдар мен әдістер. Берілген зерттеу жұмысына сауалнамалық әдіс қолданылды. Бұл әдіс мәліметтерді өңдеу, талдау үшін ыңғайлы, сондай-ақ ақпараттарды жинау уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысына, Шымкент қаласының № 41, № 75, № 47, № 46 мектеп гимназиясынан 300 оқушылар қатысты.
Нәтижесі мен талдау. Пайдалы тағамдарды тұтынумен қатар, тамақтану тәртібін сақтау аурулардың алдын алуда маңызды орын алады. Зерттеу нәтижесі бойынша, тамақтану тәртібін 136 оқушы ұстанса, 164 оқушы тамақтану тәртібіне көңіл бөлмейтіні анықталды. Төмендегі 1 графикте көрсетілгендей, фаст-фуд өнімдерін аптасына бірнеше рет тұтынатын 163 оқушы болса, ал чипсы, кириешки, тұзды бірасарларды аптасына бірнеше рет тұтынатын 225 оқушы, сонымен қатар шоколад пен тәтті өнімдерді аптасына бірнеше рет жейтін 238 оқушы және тәтті зауыттық сусындарды аптасына бірнеше рет ішетіндер 223 оқушы.
Балалардың рационын дәрумендермен қамтамасыз ету маңызды екені белгілі. Жасы өскен сайын баланың энергия мен тағамдық заттарының қажеттілігі де өседі. Бұл кезеңде баланың тамақтануы жоғары болуы тиіс. Күнделікті 135 оқушы тамақ рационында көкөністер мен жемістерді күн сайын немесе аптасына бірнеше рет тұтынатыны, аптасына бір рет және сирек тұтынатындар 115 оқушы болса, ал 50 оқушы айына, не одан да сирек қолданатыны анықталды.
Сауалнама қорытындысы бойынша, тамақтанудың әсерінен қант диабеті, жүрек-қантамырлар аурулары, қатерлі ісіктер секілді аурулар пайда болуы мүмкін бе?- деген сауалға 78 оқушы –иә, 76 оқушы –жоқ, 146 оқушы –білмеймін деп жауап қалдырған. Чипсілер денсаулыққа зиянды ма? –деген сауалға 112 оқушы –жоқ, себебі олар
картоптан жасалған, ал картоп денсаулыққа пайдалы, 80 оқушы –иә, 103 оқушы –білмеймін деп белгілеген. Лимонад және басқа тәтті зауыттық сусындар (кола, айс ти, т.б.) денсаулыққа зиянды ма? –деген сұраққа 88 оқушы –жоқ, себебі олар судан жасалған, ал суды ішу пайдалы, 72 оқушы –иә, 140 оқушы –білмеймін деп жауап берген. Денсаулықты нығайту үшін қандай өнімдерді күніне бірнеше рет жеу қажет?-деген сұраққа 56 оқушы –ақ нан, 121 оқушы –көкөністер мен жемістер, 31 оқушы –макарондар, 92 оқушы –білмеймін деп белгілеген. Күнделікті қанша мөлшерде таза су ішу қажет?-деген сұраққа 57 оқушы –күніне екі стақан, 90 оқушы –таза су ішу міндетті емес, себебі, су басқа сусындарда бар (шәйда, компотта, шырында, т.б.), 96 оқушы –кемінде, күніне 1-1,5 л, 57 оқушы –білмеймін деген жауапты көрсеткен.
Алғашқы сауалнаманың нәтижесі бойынша оқушылардың салауатты тамақтану ұстанымдары бойынша білім деңгейінің төмен болғаны анықталып, ақпараттандыру мен білім деңгейін арттыру мақсатында дұрыс тамақтану жайында тренингтер өтілді. Тренингтен кейін, оқушылар ақпараттарды жақсы қабылдағандығы, тамақтану тәртібіне көңіл бөліп, жылдам дайындалатын тағамдарды, тіскебасарларды күнделікті тұтынбайтыны анықталды.
Қорытынды. Зерттеу нәтижесі бойынша, оқушылардың физиологиялық ерекшеліктері мен тамақтану тәртібінің сай келмейтіндігі анықталды. Оқушылардың басым бөлігі тамақтану тәртібін ұстанбайтыны, тәулігіне 1-2 рет тамақтанатындығы, тамақтың негізгі бөлігін зиянды тағамдар орынбасатыны белгілі болды. Оқушылардың тамақтануын жақсарту үшін тамақтану ережелерін белсенді түрде жетілдіру және жоғары қоректік және биологиялық құндылығы жоғары тағамдарды қолдана отырып қолжетімді тамақтануды ұйымдастыру қажет. Тренингтерден кейін оқушылардың тамақтану тәртібі бойынша білім деңгейінің анағұрлым жоғарылағаны анықталды.
Әдебиеттер
- 1. Тапешкина Н.В., Клишина М.Н., «Организация школьного питания в современых условиях: проблемы и пути решения». //Сибирский медицинский журнал (Иркутск)
- 2. Л. Г. Соболева, Т. М. Шаршакова, «питание школьников: гигиеническая оценка и пути рационализации», // Журнал «Проблемы здоровья и экологии».