Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Мұстафа Шоқай — Қазақстан тəуелсіздігінің символдық тұлғасы ретінде

Кіріспе

Қазақ тарихында өз халқына адал қызмет жасау жолында басын бəйгеге тіккен Алаш ардақтылары көп болған. Сондай аяулы тарихи тұлғалардың бірі де бірегейі — Мұстафа Шоқай.

Бірақ М.Шоқайды қалың ел білмейді. Өйткені ол Кеңес жүйесінің қас жауы болып танылды. Оның еліне сіңірген еңбегі тұрмақ, есімін атаудың өзі қылмыспен пара-пар болды. Ол жаңа қазақ елі үшін қайраткер емес, қылмыскер саналды. Күрескер емес, кесір адам болып есептелді. Қоғамға пайдалы жан емес, қашқын саналды. Неге?...

Оның жауабын бірер сөзбен бере қою қиын, əрине. Бұған белгілі-белгісіз себептер болды.

Сонымен, көрнекті ғалым, академик Рахманқұл Бердібай «Азатшыл ойдың энциклопедиясы» деп бағалаған Мұстафа Шоқайұлы кім еді? Оның туған жері, шыққан тегі туралы не білеміз? Түбі түркінің тұтастығына бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен Шоқайдың өмірін, өнегесін толық танып білдік пе? Бүкіл тəні де, жаны да ұлтым, жұртым, қазағым деп бүлкілдеген, жүрегі Алашым, Түркістаным деп дүрсілдеген мемлекетшіл мəрт қазаққа лайықты бағасын бердік пе? Сай-саланы сағалап, тар қапасты тасалап, жендеттерден сырылып, онымен де қоймай, өмірін бəске тігіп, болашақ үшін тыным таппаған, Алаштың азаттығын ту еткен Мұстафаның бізге беймəлім тағы қандай қырлары бар? Оның тар жол, тайғақ кешулі тағдыры бізге нені мағлұм етеді? Сұрақтар өте көп...

Ғұмырының жартысына жуығын жат жұртта өткізген Мұстафа Шоқайұлының ұлтқа еткен еңбегі ұшан-теңіз. Өкінішке қарай, оны танып-білуде біздер шабандық танытып отырмыз. Біз не деген самарқау, кеш қозғалатын халық едік! Кімді кінəларсың! Кімге күйе жағарсың!

Мұстафа Шоқайдың ата тегі туралы кейбір деректер

Мұстафа Шоқайұлы — Петерборда алғашқы жоғары білім алған қазақ азаматтарының  бірі. Қоқан автономиялық үкіметінің басшысы. Ірі саяси қайраткер, заңгер, журналист, жазушы. Түркістан халықтары тарихында бүтін бір кезеңді қамтыған ерекше ұлы құбылыс.

Осылармен шектелуге бола ма? Біздіңше, жоқ. Осы бір асыл азаматтың ерекше қырлары, елеулі қырлары əлі де айтыла бермек, жазыла бермек, жалғаса бермек...

Тек, XXI ғасырдың бастапқы жылдары тұсында ғана біз халқымыздың кемеңгер ұлын қайта іздеп, оны тірілтуге күш салудамыз. Соңғы кезде табылған құжаттарға сүйене отырып, біз де М.Шоқайұлының өмір жолына тоқтағанды жөн көрдік.

XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі  Мұстафа Шоқай бұрынғы күнтізбе бойынша 1890 жылдың 25 желтоқсанында (жаңаша есеппен 1891 жылдың 7 қаңтарында) қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе маңындағы Наршоқы қыстауында дүниеге келген. Ол — қазақтың Қыпшақ руына (Орта жүзге кіреді) жататын текті отбасының ұрпағы. Бірақ Мұстафаның туған жылының өзінде əлі күнге дейін күмəн бар. Мəселен, белгілі жазушы Оразбек Сəрсенбайдың баяндауынша: «...Осы уақытқа шейін М.Шоқайдың туған жылы бірде 1889, бірде 1890, тіпті кейде 1891 болып жазылып жүргені белгілі. Мұның басты себебі — Мұстафаның бала күнінде жасының асып кетуіне байланысты əуелі Ақмешіттегі орыс-қазақ мектебіне қабылданбай,  кейін Ташкентке  келіп орыс  тілді гимназияның  жоғары  сыныбына  сынақ тапсырып, оқуға түсуі болса керек деп шамалаймыз.

Ал оның шын жасын анықтайтын нақты деректер енді ғана табылып отыр. Соның біріншісі —ОГПУ   органдарының   1926   жылы   М.Шоқайға   толтырған   деректеме   қағазы   (досьесі).  Мұнда «ұлтшылдық  ұйымның  мүшесі»  М.Чокаевтың  (түпнұсқада  осылай  жазылыпты)  туған  жылы 1886 екені көрсетілген.

Екінші дерек — Мұстафаның туған інісі Нұртаза Шоқайұлының № 794 тергеу ісінде кездеседі. Сол кездегі РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-статьясы, 10, 11-баптары бойынша айыпталып, 1937 жылғы 1 қарашада Шымкент қаласында ату жазасына кесілген Нұртаза марқұм жауап алу хаттамасында туған ағасы Мұстафа Шоқайдың жасы 52-де деп көрсеткен. Бұл да жоғарыдағы ОГПУ деректемесіне сəйкес келеді. Оның үстіне, ағалы-інілі Мұстафа мен Нұртаза, əрине, бір жылы дүние есігін ашпайды ғой. № 794 істе Нұртаза Шоқай 1890 жылы туған деп толтырылған.

Демек, Мұстафа Шоқайдың 1886 жылы туғаны анықталды деп есептеуге болады» [1].

Ал жазушы А.Сатаев «Дозақты жеңген қазақ» деген мақаласында М.Шоқайдың ата-тегі туралы мынадай деректер келтірген: «XVIII ғасырдың басындағы шығыстанушылардың еңбектері бар нағыз жиһанкездердің қызығушылықпен жазған туындылары бар, осылардың біразынан дерек жинағанда, ежелден Мəуреннаһр атанған Сыр мен Əмудың бойындағы Қыпшақ тоғыз тайпа екен. Бүгінде, негізінен, солардың бесеуі аталады. Олар: Бұлтың, Ұзын, Торы, Көлденең, Қарабалық. Мұстафа осы бесеудің Торысына жатады. Торыдан төрт ұл тарайды: Көкмұрын, Шашты, Қитаби, Түйішке. Мұстафаның жетінші атасы Шаштыдан жеті бала туған: Шағыр, Шегір, Бошай, Малай, Құтым, Байсарлы, Айдарғазы» [2].

Бошайдан — Арыс, Шыбық. Арыстан — Қолдау, одан — Жанай. Жанайдан — Темір, одан — Қуат (Қуатбай). Қуаттан (Қуатбайдан) — Торғай. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, Торғай жүз шамалы үйге билік құрып, датқа (датқа деген — Қоқан хандығындағы полковник, генерал дəрежесіндегі əскери атақ) болған.

Атақты Мансұр Бекежанов (Нартайдың ағасы) ақын «Иманжүсіпке хат» деген жырында Торғай датқа хақында:

Екінші болған екен Торғай датқа,

Адам жоқ кеңес тапқан ондай жұртта.

Ел қамын сондай ерлер ойлап өткен,

Мастанып, əуелемей қонған баққа, —

 деп жырлаған. Ақын жыры Торғай бидің (датқаның) ел ішіндегі беделі мен билігін көрсетсе керек [3; 7].

Торғай датқа кейінгі ұрпағына өз халқының мол мұрасын қалдырды десе болғандай. Торғай би ру, аталықтардың ұрандары мен таңбалары, олжа, ноқта ағасы, той басталуы, сыйлы қонақтарға берілетін сый-сыбаға, шариғат, əдет, жеті атадан кейін үйлену шарты, балалардың өгей шешесіне үйленбеуі, оқытушысына үйленбеуі, еншілес бала, достар сыйластығы, дос-тамырлық қасиеттері, балаларына енші берудің жолдары, қалың мал төлеудің нормалары, жын-шайтан хақында, жылу жинау жайлы, енші басы, қалыңдық айттырып, қыз ұзату сияқты қағидаларын айқын айтқан. Торайдан — Шоқай, Қалымбет, Əліш, Оспан өсіп-өнген.

Ел аузындағы айтылып жүрген əңгімелерде Торғай Қуатбайұлы есейген кезінде Арқа жақтан Сыр еліне келіп қоныстанып, осында үйленеді. Сол тұста көп жыл баласыз жүрген Торғай: «Ба- ламның атын өзім қояйын, қатынмен екеуміз шоқайып отырушы едік, баламның аты Шоқай болсын», — депті-міс [3].

Торғай баласы Шоқайға Торғай өзені бойындағы кедей Қыпшақтан шыққан батыр Баспақтың қызы Бақтыбикені əперген. Ел ішіндегі əңгімеге қарағаңда, Шоқай да датқа болған, екі əйел алған; Бақтыбикеден басқа Жайсаң деген де əйелі болған.

Мұстафа Шоқай — бидің ортаншы баласы, ал ағасы Сыздық одан он жастай үлкен, ал інісі Нұртаза тетелес өскен. Мұстафаның қандай жанұядан шыққанын «Қазақ» газетінде 1914 жылы желтоқсанның 10 жұлдызында жарық көрген Закир Гайсин деген кісінің Шоқай қайтыс болғаннан кейін берілген «Ас» қаражатынан байқауға болады. Онда: «Ақмешіт уезіне қараған Шашты Қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырылған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, үш мыңға жақын жұрт жиналды. Астың бар расходы бес мың сомнан асты. Бəйгеге 57 ат шауып, 17-сіне бəйгеге 8 сом ақша, екі қара тігілді» делінген. Бұл өте көп қаражат болатын (егер ол кезде бір қой 20–30 тиыннан аспайтын болса) [4].

Мұстафаның нағашылары (шешесінің əкесі мен ағайын-туыстары) Хиуа хандығын орыстардан қорғауда ерекше көзге түскен əйгілі əскербасылар болды). Оның анасы — Бақты (Бақтыбике) орыстарға қарсы соғыста əкесіне көмектескен. Мұстафа жазу-сызуды өз анасынан жасы беске толмай жатып-ақ үйренген.

Мұстафаның өзінің қабілет-қарымына сай тамаша білім алуы

Балдəурен балалық шағында Мұстафа ерке өскен. Табиғи зеректігіне байланысты, сабаққа да өте алғыр болған. Өсе келе орыс, түрік, ағылшын, француз жəне поляк тілдерін жетік меңгерген көрінеді. Түрік тілі дегенде оның ең берісі қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, татар, башқұрт тілдерін де білгендігін ескерсек, Мұстафа Шоқайдың шын мəнінде халқымыздан шыққан ірі полиглоттардың бірі екендігіне титтей де шүбə келтіруге болмайды [5].

Мұстафаның бастауыш мектепте өткен күндері туралы ешқандай мəлімет жоқ. Тек, оның бұл мектепті 1902 жылы бітіргені белгілі.

Патшалық Ресей отаршылдарының өктемдігі мен қиянатын көп көрген Шоқай би ұлының жақсы білім алуын армандайды. Мұстафа болса дəрежелі оқу оқып, білімін тереңдету мақсаты бар екенін əкесіне жасырмай айтады. Зерделі əке баласының тұл талабына батасын береді. Қаражат қаттап баласының қалтасына салады да оқуын жалғастыра беруге жағдай жасайды.

1902 жылы орыс тілінде сайрап тұрған Шоқай датқаның ортаншы баласын Ақмешіттегі патша əкімшілігінің адамдары Ташкенттегі ер балалар гимназиясында оқуға бағыттайды. Бұл кезде Ташкент көп ұлттың өкілдері жұмыс істеп, əр халықтың жастары оқу оқитын үлкен өндірісі, мəдениеті мен өнері өркендеген айтулы шаһар.

Мұстафа əкесінің өзін оқыту жолындағы табанды шешімінің орынсыз емес екенін дəлелдейді. Гимназияны үздік бітіріп, алтын медальға лайық болды. Бірақ диплом беру рəсімінде ол өмірінде ұмытпайтындай үлкен бір əділетсіздікке ұшырады.

Ташкент гимназиясында оқуды ең үздік бітірген оқушыға алтын, екіншіге күміс медаль беру дəстүрі қалыптасқан еді. Сол жылғы диплом беру рəсімінде мектептің ең үздік оқушысы ретінде Мұстафаға алтын медаль берілуге тиіс. Бірақ бұл жағдай Ташкенттегі Түркістан генерал-губернаторы А.В.Самсоновқа ұнамады. Самсонов түркістандық бір оқушының орыстардан жоғары тұруын көтере алмады. Мектеп директоры Граменицкийдің қарсылығына қарамастан, алтын медальды Мұстафаға емес, екінші үздік оқушы Запреметовке тапсыруға нұсқау берді. Самсоновтың бұл шешімі сол дəуірдегі патшалық Ресей генерал-губернаторларының жергілікті халықты қаншалықты төмен санайтындықтарының айқын бір көрінісі еді. Самсонов жабайы жəне мəдениетсіз қоғам ретінде бағалаған халықтан шыққан жас жеткіншектің орыс оқушыларынан озық тұруына төзе алмады.

Мұстафа марапаттау рəсімінде өзіне берілген күміс медальды алмады. Осыған орай Запреметов те лайықты емес екенін айтып, өзіне берілген алтын медальдан бас тартты. Сөйтіп, диплом рəсімі Мұстафаға мына ащы шындықты үйретті: əкімдер мен халықтың дүниетанымы бір-бірінен өзгеше. Əкімдер саясаттың ырқына беріліп, нəсілшіл жəне империалист пиғылда болса да, қарапайым халықтар саясаттан аулақ, бір-бірлеріне адал жəне мейірімді бола біледі. Сол себепті Мұстафаның өмір бойы жиі қайталаған сөзінің бірі мынау болды: «Жаман ұлттар жоқ, жаман адамдар бар. Мейірімді мемлекеттер жоқ, мейірімді адамдар бар» [6].

Орыс тіліне жетік Мұстафа гимназияда жүргенде-ақ жергілікті жұртшылықтың патшаның əкімшілік органдарына жазған арыз-шағымдарын аударып беріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, халқына өзінің қолғабысын тигізуге тырысқан. Бірақ гимназияны бітірген соң, біреулер үшін арман болып саналған сол тілмаштық қызметке алданып қалмай, тіпті, генерал Самсоновтың құп көрмегеніне де қарамастан, Петербург университетінде білімін жалғастыруға бел буды.

1910–1914 жылдары Мұстафа Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқыды. Ол туралы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы кітапханалар мен мұрағаттардан жаңа құжаттар табылды [7].

Санкт-Петербург пен Ленинград облыстық Орталық мемлекеттік тарихи мұрағатында  сақталған № 281 істе оның аты-жөні «Чокаев Мустафа Чокаевич» деп жазылған. Санкт-Петербург Императорлық университетінде Мұстафа төмендегі курстарды тыңдаған: Рим құқығының тарихы, Рим құқығының догмасы, Орыс құқығының тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Полиция құқығы, Саяси экономия, Статистика, Азаматтық құқық жəне Сот өндірісі, Қылмыстық құқық жəне Сот өндірісі, Қаржылық құқық, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясының тарихы.

Бұдан ары заң факультетінің деканы В.Удинцевтің жəне фамилиялары түсініксіз жазылған факультет хатшысы мен заң факультеті ғылыми кеңесі хатшысының қолдары тұр. Аталған құжаттың ең төменгі тұсында куəлікті 1914 жылдың 29 қыркүйегінде алғандығы туралы Мұстафа Шоқайдың өзінің қолы бар.

М.Шоқайдың саясатқа араласа бастауы

Мұстафа Шоқайдың тым жастай қоғам ісіне араласуына өскен ортасы, туабіткен зерделілігі, Шоқай əулетіне тəн əлеуметтік белсенділік жəне алмағайып заманы əсер еткен.

Жас Мұстафаның көз алдында Ресей Империясының Қазақ еліне қатысты отарлық саясаты барынша қатыгездікпен жүзеге асып жатты. Сондықтан ол студент шағынан қоғамдық саяси өмірге белсене араласып, түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысты.

Оның саясаткер ретінде алғашқы көзге түсуі 1912 жылы Түрік-Балқан соғысы кезі болған. Соғыс бұрқ ете қалғанда, Санкт-Петербургтегі қазақ, татар, өзбек, башқұрт жəне əзербайжан студент жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алды. Оның арасында М.Шоқай да болды.

Ол студент бола жүріп, 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң Мемлекеттік думаға хатшы болып кіреді. Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясы хатшылығына оны Ə.Бөкейханов орналастырады. Осы жерде Мұстафа тұңғыш рет түрік халықтарының саяси өміріне араласа бастайды. Еділ татарлары, Қырым татарлары, Кавказ халықтары, Орал башқұрттары оған түрлі саяси міндеттер жүктейді. Мұстафа бұл міндеттерді өте жақсы орындап шықты (1917 жылға дейін). Төңкеріс болмағанда Мұстафа Думаға мүшелікке қабылданушы еді.

1915 жылы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына іріткі салу мақсатында орталық билік орындары құрған «Сират-ул-мустақим» («Тура жол») партиясына алғаш қарсылық танытқандар қатарында М.Шоқай тұрды. Ол түркі-мұсылмандық студент жастар тобымен бірлесе отырып, зиялы қауым өкілдеріне «Сират-ул-мустақим» партиясын қолдамау жөнінде үндеу тастады. Бұл үндеу сол кезде татар тілінде жарық көріп тұрған «Сөз» газетінде жарияланды [8; 620].

1916 жылы тылдағы жұмысқа адам беруге қарсы жергілікті халықтың көтерілісі болды. Бұл көтеріліс күшпен басылды. Мемлекеттік думаның 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушы казактардың айуандық əрекеттерін тексеру үшін комиссия құру туралы  шешім қабылдауы барысында М.Шоқай шешуші рөл атқарды.

Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Ф.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен М.Шоқай болды. Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу мақсатында Мұстафа Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқанд пен Əндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысты. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мəлімдеме мəтінін əзірледі [8; 620–621].

М.Шоқай 1917 жылғы Ақпан революциясы нəтижесінде патша үкіметінің құлауын зор қуанышпен қарсы алды. Қалыптасқан саяси ахуал Ресей Империясында ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түркі-мұсылман халықтарының бостандыққа жетуіне мүмкіндіктер туғызады деп үміттенді.

Үкімет басына Уақытша үкімет келген соң, оның басшысы А.Ф.Керенский Мұстафаға министрдің портфелін ұсынады. Бірақ Шоқайұлы бұл ұсыныстан бас тартады [9].

1917 жылы көктемде Мұстафа Түркістан өлкесіне оралады. Жолда майданның қара жұмысына алынған қазақ жастары мен жалпы түркістандық жастардың елге қайтуларына қол ұшын берді.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы — Шоқайұлының бүкіл саяси қызметінің мазмұны

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы Мұстафа Шоқайдың бүкіл саяси қызметінің мазмұнын кұрады. Ол, шын мəнісінде, Түркістан Республикасының ұйымдастырушысы болды. Мұның тарихи жағдайы бар еді.

М.Шоқайұлы ұлттық тəуелсіздік идеясына біртіндеп келді. Ол бұл пікірді кездейсоқ қабылдап жар сала бастаған жоқ.

1914 жылы IV Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының хатшысы қызметінде жүріп, Ресейдің алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлерімен, Дума депутаттарымен етене араласуы  оның саяси көзқарасының шыңдалуына ықпал етті. Іс жүзінде тұтас Түркістан идеясын қолдауына негіз қаланды. Азаттық алу үшін езілген халықтардың бірігуі қажет екенін М.Шоқай сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл саяси бағытынан айныған жоқ.

1917 жылы Ақпан революциясынан кейін «Алаш» партиясына мүше болды. 1917 жылдың маусымында Ташкентте жергілікті қазақ зиялыларының басын қосатын «Бірлік туы»  атты саяси ұйым құрып жəне осы аттас газет шығаруды қолға алды. Осы басылым арқылы елдегі саяси жағдайға өзінше үн қоспақ болды.

Бұл газет Ташкентте тұратын қазақтар құрған «Ықтият одағының» баспасөз органы еді. Аптасы- на бір рет шығып тұрған газеттің баспасөз саясаты — Түркістан халқының ынтымақтастығын қамтамасыз ете отырып, саяси таным-түсінігін толықтыру, осылайша Бүкілресейлік Құрылтай жина- лысына дайындалу еді. Газет осы орайда Бөкейхановтың жетекшілігіндегі «Алашорда» қозғалысының баспасөз органы «Қазақ» газетімен үйлесімді əрекет етті.

Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының баспасөз органы ретінде 1917 жылдың сəуір айынан шыға бастаған «Улуғ Түркістан» газетіне қазан татары Фатих Керими басшылық етті. Шоқай бұл газеттің редакция алқасының құрметті мүшесі болды əрі мақалалары басылып тұрды.

Алты мың таралыммен шығатын «Улуғ Түркістан» сол кездегі əжептəуір ықпалды газет екенін айтуға болады. Газет 1918 жылдың көктемінде кеңес органдары тарапынан жабылды. Шоқай бұл газеттің 1917 жылғы 30 сəуір күнгі санында шыкқан мақаласында Түркістан халқының татар, сарт жəне қазақ болып жіктелмей, түркілік жəне мұсылмандық шаңырағы астында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақтасу қажеттігін баса көрсетті [6].

Ақпан революциясы берген басты жетістік — патша үкіметінің құлауы — түркістандықтар үшін бостандыққа жол ашқандай сəуле болды. Соны пайдаланып, жарық күнге жету мақсатында М.Шоқай өз халқына мардымды қызмет жасау жолын іздейді. Елдегі саяси қозғалысқа белсене араласады. Іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты көсемдерінің біріне айналады.

1917 жылы Түркістан мұсылмандары арасында екі топ құрылды: біріншісі консервативті бағыттағы «Улема жəмияты» («Ғұламалар қоғамы»), оны Сералы Лапин басқарады. Екіншісі прогресшіл бағыттағы «Шуро-и-Ислам» («Шурай Исламиа»), оның басында Мұстафа Шоқай тұрады [10; 13].

«Шуро-и-Ислам» («Мұсылман кеңесі») одағының идеологиясы түркі-мұсылман халықтарының басын біріктіріп, əрбір ұлттың өзін-өзі басқаруына қол жеткізу болатын. Одақ жергілікті халықтың мүддесі үшін белсенді қызмет атқарды. Олардың бастамасымен 16 сəуірде Ташкентте Жалпытүркістандық Құрылтай шақырылды. Оған қазақ, өзбек, түркімен жəне басқа Түркістан халықтарының өкілдерінен барлығы 150 делегат қатысты. Съездің тең төрағасы болып М.Абдрашидханов пен Сералы Лапин, ал хатшылыққа Мұстафа Шоқай сайланды. Съезде қаралған негізгі мəселелер — Уақытша үкіметке көзқарас жəне патша үкіметі құлатылғаннан кейінгі Түркістанды басқару туралы болды. Сондай-ақ съезд Уақытша үкіметті қолдай отырып, Ресейдің федеративтік, демократиялық, парламенттік республика ретінде өзінің президенті мен Құрылтай жиналысы болуы мен облыстарға автономия беру (оның ішінде Түркістанға) идеясын  ұсынды. Жалпы Түркістан ұйымын — Түркістан Мұсылман кеңесін құру жөнінде міндеттер қойылды. 1917 жылы 12 маусымда ондай ұйым құрылып, оның төрағалығына М.Шоқай тағайындалды. Бұл ұйым ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштермен тығыз одақ жасауға ұмтылды. Оның мүшелері

«Алаш» партиясымен де қарым-қатынастар орнатты. «Шуро-и-Ислам» 1917 жылы 2 қазанда Кеңес үкіметін мойындамау жөнінде шешім қабылдады [11; 188].

«Шуро-и-Исламның» белсенді саяси қызметінің нəтижесінде 1917 жылдың 26 қарашасында Қоқанда Түркістан мұсылмандарының өлкелік IV Төтенше съезі өтті. Оның жұмысына 300-ден астам делегат қатысты. Съезге қазақ халқының өкілдері ретінде Ə.Бөкейханов, М.Тынышпаев, М.Шоқай сынды т.б. көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. 27 қарашада съезд Түркістан Автономиясын құру туралы қаулыны жариялады. Түркістан Автономиясы Уақытша үкіметінің құрамы 12 адамнан — 8 жергілікті халық өкілінен, 4 басқа ұлт өкілінен жасақталды. Түркістан автономиясының Премьер- министрі жəне Ішкі істер министрі болып М.Тынышпаев, Сыртқы істер министрі болып М.Шоқай сайланды. Кейін М.Шоқай Премьер-министр болды. Сонымен бірге құрамы 54 адамнан тұратын Ұлттық жиналыс құрылып, оның үштен бір бөлігі жергілікті емес ұлт өкілдерінен құралатыны анықталды. 1917 жылы 1 желтоқсанда Түркістан Автономиялық үкіметі өлке халқына Үндеу жариялады. Үндеуде Түркістан Ресей Федеративтік Демократиялық Республикасының автономиялық бөлігі болатынын мəлімдеді. Съездің өткізілген орны жəне автономияның əкімшілік орталығы — Қоқан қаласында орналасқандықтан, оны Қоқан автономиясы деп те атады. Бұл, шын мəнісінде, Түркістан Республикасы еді.

1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда II Жалпықазақ съезі болып өтті. Оның жұмысына Қазақ өлкесінің: Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстарынан жəне Бөкей Ордасынан, Самарқанд облысы мен Алтай губерниясынан делегаттар қатысты. Съезді ұйымдастырушылар Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Омаров, С.Досжанов, М.Дулатов болды. Съездің төрағасы болып Б.Құлманов сайланды. М.Шоқай осы съезге қатысып, Сырдария облысынан Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтті. 1918 жылы 5 қаңтарда Түркістан қаласында ашылған Сырдария облысы қазақ-қырғыздарының съезін ұйымдастырды. Онда автономия, милиция жəне т.б. мəселелер қаралды.

1917 жылдың қазанында Петроградта қарулы көтеріліс арқылы жасалған төңкерістің нəтижесінде Кеңес үкіметінің орнағаны туралы хабар Қазақ өлкесіне де жетті.  Мұндағы большевиктік ұйымдар билікті өз қолдарына ала бастады. Осылайша Қазақ өлкесінде Кеңес үкіметін орнату жұмысы басталды. 1917 жылдың қазаны мен 1918 жылдың наурыз айының аралығында Кеңес үкіметі тек Оралдан басқа жерлерде, Қазақ өлкесінің барлық аумағында орнатылды.  Кеңестерге қарсы күштердің ошақтары Орынбор, Орал жəне Жетісу аудандары болды.

1918 жылғы 18–23 қаңтарда өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі Қоқан автономиясы үкіметін, заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау жəне автономияны тарату жөніңде қаулы қабылдады. Мұның аяғы қанды қырғынға ұласты.

Большевиктер Премьер-министр М.Шоқайға Кеңес үкіметін мойындау, қаруларын тапсыру жəне милиция органдарын тарату туралы ультиматум қойды. Бірақ олардың бұл талаптарын орындаудан Түркістан үкіметі бас тартты. Қоқан автономиясын жою үшін бұл аймаққа 1918 жылы ақпан айының 5-нен 6-на қараған түні 11 эшелон кавалерия, артиллерия жəне жаяу əскер бөлімдері жеткізілді. Ал 6– 7 ақпанда Қоқан автономиясын большевиктер əскери күшпен талқандады. Автономия жетекшілері бас сауғалауға мəжбүр болды, «Шуро-и-Ислам» ұйымы ыдырап кетті. Сөйтіп,  Түркістан автономиясы жойылды [11; 194].

Қоқандағы большевиктер қуғынынан Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мəжбүр болды.

Шоқайұлының шетелдегі саяси іс-əрекеттері

Мұстафа Шоқайдың сан салалы саяси қызметінде оның эмиграциядағы кездері ерекше орын алады. Ол Түркістан халықтары арасында тұңғыш рет Еуропада Түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы болды.

Ресей Империясының ең таңдаулы оқу орнын бітірген талантты жасты, əрине, тоқсан тарау жолдар күтіп тұрып еді. Өмірдің ығымен жүре берсе, əйтпесе, білімін бұлдап, тілмаштықпен айналысса, тіпті, большевиктердің қанды шеңгелінен құтылып, шет елге табаны тиісімен бəріне қолды бір-ақ сілтеп, қара бастың қамымен кетсе, университет кафедрасынан лекциясын  оқып, əйтпесе көп газеттердің бірінің сұранысына сай мақаласын жазып, тып-тыныш, тоқ тіршілік кешкен болар ма еді. Əйтпесе жаздым-жаңылдым деп большевиктердің алдында басын исе, ондай беделді, білімді азаматқа Кеңес үкіметі кеңселерінің бірінен аумақты үстел бұйырып та қалар ма еді. Бірақ қалай десек те, М.Шоқай басқа жолды — эмиграцияға кетіп, большевиктік Кеңес үкіметіне қарсы күрес жолын таңдады. Ол — Алаш қозғалысының соңғы қайраткері. Өзінің саяси ұстаздары, Алаш қозғалысының құрылтайшы жетекшілері большевиктердің қысымымен түрмелерге қамалып, атылып кеткен жылдары Алаш туын құлатпай, шетелде көтерді.

Шоқайұлы шетелдік эмиграцияның ең бір көрнекті өкілі бола тұрып, өз ұлтының азаттығы үшін күресін қарымды қаламмен толықтырды. Қалам саяси қайраткерге көмектесіп, оның қызметін айрықша ажарландырды, ерекше биікке көтерді. Сөйтіп, қазақ тарихында азаттық үшін күрестің жаңа түрі мен жаңа кезеңі басталды.

Ұлттық мүлде үшін саналы түрде шетелге кеткен ол Маңғыстау арқылы əуелі Түркімен жеріне, содан кейін теңіз арқылы Бакуге барады. Алайда Əзербайжан мемлекетіндегі сол кездегі саяси ахуал тұрақсыз болғандықтан, мұнда көп тұрақтамай, Грузия мемлекетіне өтеді. Бакудегі Грузия Республикасының тұрақты өкілі Н.Карцивадзенің кепілдігімен Тбилисиге келген М.Шоқайды Грузияның саяси басшылары ыстық ілтипатпен қарсы алды. Əсіресе Грузия Ұлттық Үкіметінің басшысы М.Жордания мен Ішкі істер министрі М.Рамишвили оған зор құрмет көрсетті. Ол кезде тəуелсіз Грузия саяси босқындарды құшақ жая қарсы алған болатын [12].

1919 жылдың сəуір айында Тбилисиге келіп, 1921 жылы ақпан айының ортасына  дейін осы жерде тұрған Шоқай əуелі Солтүстік кавказдықтар шығаратын «Вольные горцы» атты апталық газетте жəне грузиялықтардың «Борьба» газетінде жұмыс істейді. 1919 жылдың 1 қарашасынан бастап Түркістан жəне Украина Ұлттық орталығының көмегімен орыс тілінде «На рубеже» атты тəуелсіз айлық журнал шығара бастайды. Бас редакторы болған бұл журналда М.Жанай жəне Жəлел деген бүркеншек атпен мақалалар жариялады. 1920 жылы Мұстафа Ахмет Салиховпен бірге түркістандықтардың ұлттық мүдделерін қорғайтын «Иені Дүния» атты апталық газет шығара бастады. Мұстафа Шоқай сол жылы алдымен аптасына бір, кейіннен екі рет шығарылған, негізгі идеясы Түрік ұлт-азаттық күресін қолдайтын «»Шафақ» (кейбір деректерде «Шафик») газетін шығарады.

«На рубеже» Грузия үкіметінің материалдық көмегі арқылы шығып тұрды. Түрік тілінде шыққан «Шафик» («Шофақ») Тбилисидегі түрік қоғамының жəрдемімен жарияланды. Шоқайұлы «На рубеже» арқылы Грузия үкіметінің Кеңес билігіне қарсы ұлт-азаттық күресін  қолдаса, «Шафик» газеті арқылы Анатольяда Мұстафа Кемалдың жетекшілігінде одақтас мемлекеттерге қарсы жүргізіліп жатқан ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті.

Ұлттық күресті шетелде жүргізу мақсатымен елінен кеткен мүғажыр Мұстафа Шоқай бірнеше айдан кейін пролетариат диктаторлығынан азат етілген тəуелсіз Түркістанға қайтып ораламын деп ойлайтын. Бірак Серго Орджоникидзе басқарған Қызыл Əскерлер Тбилисиді басып алған 1921 жылдың 25 ақпанында Мұстафа Шоқай Стамбулда болған аз ғана мерзім ішінде большивектердің Тбилисиді басып алуы жəне Тбилисидегі соңғы жағдай туралы «Taims» газетінде бес мақала жариялайды [13].

Стамбулда жүрген кезінде Еуропадағы саяси эмиграция туралы іздене бастаған Мұстафа Шоқай Парижде А.Ф.Керенский тобының «Rue de La Pompe» газетін шығарып жатқанын біліп, олармен хат алыса бастайды. 1923 жылы демократияның орталығы ретінде эмигранттар топтасқан Парижді өз ісін жалғастыруға қолайлы деп тапқан Мұстафа Шоқай Францияға кетеді.

Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, М.Шоқай кеңестік езгідегі Түркістан халықтарының өмірін көрсетуге арналған журналдар мен газеттер шығаруды ұйымдастырды. Олардың жұмысына белсене араласты. Ол А.Ф.Керенскийдің «Дни» жəне П.Н.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті.

1923 жылы башқұрт халқының ұлы перзенті Заки Уəлиди (Валиди) Тоған Ауғанстан, Үндістан айналып, Еуропаға жетті. Заки өзінің көне досы Мұстафаны оның Париждегі пəтерінде кездестерді. Осы кездесуден соң-ақ олар Түркістан Ұлттық Одағы ұйымының қызметін жандандырып, қоғамдық- саяси басылым шығару ісін қолға алды. Уəлидидің Еуропаға келгеннен жəне Түркістан Ұлттық Одағы ұйымының қайта құрылғаннан кейін бұл қажеттілік айқын сезіле бастады. Одақтың жеке баспасөз органы болуы тиіс еді. Бірақ материалдық мүмкіншіліктердің тапшылығына байланысты Одақ жеке органын ұзақ уақыт шығара алмады.

Ақырында, «Прометей Одағы» құрылғаннан кейін (мүмкін, Польша үкіметінің көмектесу арқасында) бұл қиыншылық жойылды. Түркістан Ұлттық Одағының 1927 жылы ақпан айында қабылдаған шешімі бойынша, Стамбулда «Йени Түркістан» атты журналды Мұстафа З.У.Тоғанмен бірге Түркістан Ұлттық Одағының баспасөз органы ретінде жариялады. Осылайша тысқары жерде Түркістанға арналған тұңғыш журнал жарық көрді. Журналдың басты мақсаты — Түркістан ұлттық тəуелсіздік идеясы мен түркі халықтары арасында ынтымақтастық пікірін тарату еді. Сондай-ақ журнал Түркістан халықтары мен Түркия халқы арасында тіл жəне діл бірлігін нығайтуды мақсат тұтты.

Журнал басшылығы бірнеше рет өзгерді.

Тоғанның 1928 жылы басшылықтан кетуіне байланысты журналдың бүкіл ауыртпалығын Шоқайдың бір өзі көтеруге мəжбүр болды. Бұл журнал 1931 жылы қыркүйек айында Түрік үкіметінің шешімі бойынша жабылды.

1929 жылы «Йени Түркістанмен» қатар Түркістан Ұлттық Одағының баспасөз органы ретінде Берлинде «Яш (Жас) Түркістан» атты екінші бір журналдың шыға бастауы ұйым жұмысына Стамбулдағы баспасөз органының жеткіліксіз болғандығын көрсетті. Журнал шет елдердегі ресейлік түркі халықтары өкілдерінің Екінші Дүниежүзілік соғыстан бұрын ұзақ уақыт шығып тұрған жəне ең ықпалды баспасөз органдарының бірі ретінде тарихта із қалдырды. Бұл жетістікке кездейсоқ қол жеткізілген жоқ. Ол Шоқайдың студенттік жылдарынан бастап баспасөз саласында жинақтаған тəжірибесінің бір жемісі еді.

«Яш Түркістан» сол кездегі Түркістан жөніндегі ең маңызды басылым еді. Онда саяси, экономикалық, мəдени тақырыптардағы мақалалармен қатар əдеби шығармалар да жарияланып тұрды. Журнал материалдары Түркістан халықтарының тұрмыс-тіршілігі туралы ащы шындықты баяндап, отаршылдарға қарсы ұлт-азаттық бағытындағы күресте түркістандықтарға  рух беріп отырды. Түрік бірлігі мұраттарын насихаттады.

Журнал, негізінен, Берлинде шығып тұрды, ал Мұстафа Шоқай бас редактор ретінде Парижден басшылық етті. Қажет кезде ол Берлинге барып-келіп тұрды. Журнал мақалаларының көбін, əсіресе бас мақалаларды Мұстафа Шоқайдың өзі жазды.

Он жыл (1929–1939) ішінде журналдың 117 саны жарық көрді. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаны басып алуымен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай журнал шығуын тоқтатты [14].

Шетелде жүрген Мұстафа баспа беттерінде (əсіресе Түркістан мəселесі тақырыбын терең əрі батыл қамтыған «Яш Түркістан» журналы арқылы) большевиктерге қарсы дамылсыз күрес жүргізді. Ресей бодандығындағы түрік халықтарының ғасырлар бойы ұлт-азаттық қозғалысын жаңа сатыға көтерді. Оның ұйымдық негіздерін қалады; мақсат-міндеттерін, стратегиясы мен тактикасын анықтады. «Көтерілістен — ұйымшылдыққа (Көтерілістен — ұйымға)» атты тамаша еңбегінде: «Ең алдымен барлық күштерді бір мықты саяси ұйымның маңына топтастыру керек. «Түркістан үлттық бірлігінің» бірінші кезектегі міндеті жəне таяу арадағы мақсаты: 1) Түркістанды орыс пролетариаты үстемдігінен   құтқару;   2)   Түркістанда  орыстың  кез  келген   үстемдігінің   орнауына  жол  бермеу; 3) бəрінен бұрын ұлттық, тəуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады. Біз, əрине, кайда болсақ та отандастарымыздың большевиктердің зұлымдық езгісі мен қанауына мойынсал болуға шақырып тұрған жоқпыз. Біз тек жекелеген бытыраңқы көтерілістермен атамекенімізді құтқара алмайтынымызды ғана айтып отырмыз. Бұл шындықты біз ең алдымен білуге тиіспіз.

Көтерілістер кезінде орыс большевиктері күштеп, зорлап, алдап-арбап қолына түсіріп алған халық бұқарасын Кеңес үкіметі агенттерінен, сатқын шенеуніктерден айыра білуге де айрықша мəн берген жөн» [15; 102], — деп жазды М.Шоқай.

Мұстафа Шоқай өмірінің соңына дейін тəуелсіз ұлттық мемлекет құру идеясын жақтады. Өзінің алдына қойған мақсатына қол жеткізу жолында абырой-беделіне нұқсан келмейтін кез  келген қолайлы мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылды. Мысалы, 1936 жылы Берлин қаласында Түркістан жастары алдында сөйлеген сөзінде: «…Алыста жүріп ел қайғысын ойлап, алыста жүріп ел қамын ойлап, Еуропаның əр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың — еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бəріміздің құбыламыз — өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру — бəрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уəзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек...!

...Түрік халқы — батыр халық. Түрік халқы — арыстан ер халық. Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшманға ауызының аласы. Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бəріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін — күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп, бір-бірімізге жəрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек! Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің өкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар [16], — деп жар салды.

М.Шоқай жалғыз түрік халықтарының басын қосуға ғана атсалысқан жоқ. Ол эмиграциядағы бүкіл  Украин,  Кавказ халықтарымен  бірге  Кеңес Одағындағы  тоталитарлық  жүйеге қарсы   жалпы майдан құруды армандады. Осы бағытта «Достық комитеті» құрылып, онда да Мұстафа белсенді қызметімен, көрегенділігімен көзге түседі. Кавказдықтардың бастары  біріккен «Прометей» ұйымымен өнімді қатынас орнатуға күш салады. Сондықтан да ол Кавказ, Украина жəне Түркістан халықтарын ұлттық қорғау органы — «Прометей» (Париж, 1926–1938) журналы редакциялық алқасының мүшесі. 1928 жылы Варшавада Польшаның Бас штабы мен Сыртқы істер министрлігінің Шығыс бөлімі эмигранттардың барлық топтарын біріктіру жəне КСРО-ға қарсы пайдалану туралы Ю.Пильсудскийдің алға қойған міндеттеріне байланысты құрылған «Прометей» (Ресейдің езгісіндегі халықтар лигасы) халықаралық ұйымының мүшесі. Бұл ұйымға Əзербайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстік Кавказ, Түркістан, Украинаның жəне басқалардың өкілдері кірген [17; 4].

«Түркістанның болашағы «Тəуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресейден бөлініп шығып Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында, татарлар мен башқұрт бауырларымыз Түркістан Түрік мемлекетімен қойындасып, қолтықтасып кете алса, түрікшілік пен түрік рухы үшін ұлы табыс болар еді. Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық  құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептейміз. Қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен...— бəрі бір кісідей жұмылып Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес» [15; 280–281], — деп жазды Мұстафа 1932 жылы («Түркістан түрікшілдігі» деген мақаласында).

Осы жылы Парижде прометейшіл қайраткерлердің алдында сөйлеген сөзінде Шоқай: «Егер біз сол кезде ақылға келгенімізде, егер «орыс демократиясының шындығына сенудің» орнына, біздің санамызда ұлттық аймақтарда революцияны меңгеруге жəне оны іске асыруға батыл ұмтылғанымызда, егер біздер бүгінгі прометейшіл майданның өкілдері сол тарихи кезеңде Украинаның үлгісімен біріккенімізде, біздің халықтарымыз қазіргі кеңестік ұлттық, материалдық жəне ұлттық-мəдени мағынадағы езгіден гөрі тəуір тағдырға ие болар еді» деп көрсетті [17; 4].

Сонымен, Түркістан халықтарының бірлігі Шоқайұлының шетелдегі шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі болды.

Қорытынды

Өзінің саяси күресі үшін тиімді ортаны тек Франциядан таба білген Мұстафа осы елде  20 жылдай өмір сүрді. Мұның 8 жылы (1933–1941) Франция елінің астанасы — Париждің жанындағы Ножан-сюр-Марн қаласында өтті. Осы жерде өзінің публицистикалық еңбектері мен саяси күресі арқылы əлем танып, мойындаған саяси тұлғаға айналды.

Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткенде, бүкіл ресейлік эмигранттар бас сауғалап Франциядан қаша бастады. Барлығы нацистер Францияны жаулап алады деп алаңдаған еді. Лек-легімен АҚШ-қа қарай жосылды олар. Солардың ішіндегі жолдастары, Шоқайды да бірге АҚШ-қа ала кетпек болды. Бірақ Шоқай оларға ермеді. «Мен, — деді ол, — Францияны туған отанымдай көремін. Өйткені ол қиын-қыстау күндерімде мені бауырына басты. Сондықтан, мен де Францияны қиын-қыстау күндерінде тастап кете алмаймын. Француз халқы қаңдай қиындық көрсе, мен де соны көруге дайынмын». Сөйтіп, Шоқай Францияда қалды. Өйткені оның жүрегінен Франция ерекше орын алған еді. Франция ол үшін шынында да бостандықтар, теңдіктер жəне бауырластықтар елі еді.

Франция қазіргі Қазақстанның тəуелсіздік тарихына ерекше мəн беріп отырғандығын Ножан- сюр-Марн қалалық мұражайында қазақ халқының əйгілі ұлы Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш- тақта ашу арқылы көрсетті. Осы іс-шараға аталмыш қала жұртшылығы, Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Бұл ескерткіш-тақтада М.Шоқайдың қысқаша өмірбаяны мен Қазақстанның тарихи жəне географиялық сипаттамасы ұсынылған. Ножан-сюр-Марн қаласы мұражайының басшылық өкілдерінің пікірі бойынша, осы ескерткіш-тақта мұражайдың ең басты жəдігері болып табылады жəне қазақ пен француз халықтарының ықпалдасуына өз үлесін қосады.

 

 Əдебиеттер тізімі

 

  1. Сəрсенбай О. Мұстафа Шоқай қашан, қайда туған? / М.Шоқай Таңдамалы. — Т. — Алматы: Қайнар, 1998. — 503, 504-б.
  2. Сатаев А. Дозақты жеңген қазақ // Қазақ əдебиеті. — 2007. — № 21 (3025). — 25 мамыр. — 14-б.
  3. Дайрабай Т. Торғай датқадан Мұстафа Шоқайға дейін… // Түркістан. — 2011. — 26 мамыр. — 7-б.
  4. Кішібеков Д., Кішібеков Т. Мұстафа Шоқай кім еді? // Ақиқат. — 2011. — № 2. — 29-б.
  5. Əлібеков Ə. Мұзарт // Егемен Қазақстан. — 25 тамыз. — 2004. — 8-б.
  6. Баймұрат А. Мұстафа Шоқайдың балалық шағы жəне баспасөз саласындағы қызметі // Қазақ. — — № 32–33 (493–494). — 6–13 тамыз. — 7-б.
  7. Аққұлұлы С.Х. Санкт-Петербургте Мұстафа Шоқай туралы жаңа құжаттар табылды // Қазақ. — 2009. — № 50–51 (459– 460). — 11–18 желт. — 10-б.
  8. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия. — Т. 6 / Бас ред. Б.Аяған. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 2004. — 696 б.
  9. Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар: Танымдық-көпшілік басылым. — Алматы: Алматыкітап, 2006. — 68-б.
  10. Қойгелдиев М., Нүсіпхан А. Мұстафа Шоқай жəне Түркістан / М.Шоқай. Таңдамалы. — Т. 1. — Алматы: Қайнар, — 13-б.
  11. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы: Оқулық. — Алматы: Алматыкітап, 2007. — 264 б.
  12. Қыдырəлі Д. Мұстафа көтерілген шың // Жалын. — 2004. — № 8. — 74–85-б.
  13. Қыдырəлі Д. Мұстафа Шоқайдың мұғажырлық мұраты // Жұлдыз. — 2003. — № 4. — 184–193-б.
  14. Əли Ф. Тайыр Шағатай деген кім? // Жас Алаш. — 2010. — № 65. — 17 тамыз. — 5-б.
  15. Шоқай М. Таңдамалы. — Т. 1. — Алматы: Қайнар, 1998. — 512 б.
  16. Шоқай М. Түркістан жастарына // Ақ Орда. — 1993. — № 18. — 81-б.
  17. Исхаков С. «Біз тілеген «орыс революциясы» бізді қапыда қалдырды» деген Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарасы жайында // Түркістан. — 5 тамыз. —2010ж

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.