Мақалада ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі Ə.Н. Бөкейханның іргелі еңбектері қарастырылды. Автор Ə. Бөкейханның экспедициялар, ғылыми топтар ішінде жүріп, түрлі бақылау, сұрау, есептеу, саралау негізінде жазылған зерттеулерін қарастыра отырып, оның отан тарихын зерттеуге қосқан үлесіне талдау жасайды, сонымен қатар ғалымның сол кезеңдегі қазақ халқының өміріндегі тарихи оқиғаларға деген көзқарасын айқындайды. Сонымен қатар Ə.Н. Бөкейханның «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» «Киргизы», «Из переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомков», «Из бумаг султана Большой Киргизской Орды Сюка Аблайханова», «Из переписки киргизских ханов, султанов и проч.» жəне т.б. зерттеулерін пайдаланa отырып, отан тарихына қатысты мəселелерді көрсетеді.
Əлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан — ХХ ғ. басындағы қазақ даласындағы ұлттық зиялы қауымның жарқын өкілдерінің бірі, энциклопедист-ғалым, зерттеуші. Ғалымның еңбектерінде отан тарихының негізгі кезеңдерінің өзекті мəселелеріне қатысты түрлі деректер, сандық мəліметтер, кестелер жəне тағы басқа көптеген материалдар бар.
Қазіргі таңда Əлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметімен бірге оның жазып қалдырған құнды ғылыми мұрасын зерттеу тек қана Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар əлемдік деңгейде маңызды мəселелердің бірі болып отыр. Осыған орай үстіміздегі жылдың қараша айында ЮНЕСКО Бас конференциясының қарашада өткен 38-сессиясында Əлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО аясында атап өту туралы қаулы қабылданды.
Ə.Н. Бөкейхан отан тарихына, мəдениетіне, тұрмысына, шаруашылығына, табиғи байлықтарына қатысты мəселелерді түрлі ғылыми экспедицияларға қатысу барысында іргелі түрде зерттеп, негіз салған ғалымдардың бірі болып табылады. Бұған оның ғылыми еңбектері дəлел бола алады. Ғалым өзінің зерттеулерін басылымдарда лақап есімдермен жариялап отырған. М. Базарбаев пен С. Аққұлыұлы Əлихан Бөкейханның «Қыр баласы», «Сын степей», «Киргиз-степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» деп қол қойып отырғандығын жазады [1; 7]. Өкінішке орай, қазіргі кезде Əлихан Нұрмұхамедұлы сынды ғұлама ғалымның еңбектерін тарихнамалық тұрғыдан талдап, ғалымның отан тарихын зерттеудегі рөлін, сонымен қатар оның қазақ халқының тарихы үшін тарихи дерек ретіндегі маңызын көрсететін зерттеулер жоқтың қасы. Қазіргі кездегі жарияланып жүрген зерттеулердің көпшілігі Ə. Бөкейханның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты зерттеулер. Осыған байланысты осы мақаланы жазудағы мақсат Ə. Бөкейханның қазақ тарихына қатысты еңбектеріне тоқтала отырып, зерттеулерінің маңызын жəне ғалымның тарихшы ретіндегі рөлін көрсету болып табылады. Ғалымның іргелі еңбектерінің көпшілігі орыс тілінде жарық көруіне байланысты кейбір еңбектерінен үзінділерді аудармасыз түпнұсқалық орыс тілінде беруді жөн көрдік.
Əлихан Бөкейхан əр түрлі экспедициялар, ғылыми топтар ішінде жүріп, түрлі бақылауды, сұрауды есептеуді саралау негізінде көптеген қайнарлар материалдарына сүйеніп алынған тарихи, экономикалық, статистикалық, шаруашылық деректерін қорыту барысында орыс тілінде жазылып, патша өкіметінің басылымдарында шыққан еңбектерінде қазақтың атамекені, меншікті жерлері, олардың бірте-бірте отарланып, түрлі айла-тəсілдермен мужиктарға, көпестерге, шенеуніктерге тартып əперілуін дəлелдермен көрсетіп берген болатын.
Əлихан Нұрмұхамедұлының ғылыми шығармашылығы бір ғылым саласымен шектеліп қана қойған жоқ. 1896 ж. Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің толық мүшесі бола отырып, ол қазақ өлкесі тарихын зерттеу бойынша жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстарының нəтижесі ретінде оның «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты монографиясын атауға болады. Алғашқы ұжымдық монография 1903 ж. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көптомдық альманахтың «Киргизский край» деген 17 томына еніп, Санкт-Петербургтан жарыққа шықты. Еңбекті Ə. Бөкейхан Орыс географиялық қоғамының мүшелері А.Н. Сидельников жəне С.Д. Чадовпен бірлесе отырып жазған жəне бүгінгі күнге дейін Қазақстан тарихы бойынша таңдаулы, үздік еңбектерінің бірі болып табылады. Монографияда Қазақстан аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштердің толық сипаттамасы, өлкені ежелден бері мекендеген түрлі халықтардың өмірі, тұрмысы мен шаруашылық түрлеріне сипаттама берілген. Археологиялық қазба жұмыстарының мəліметтеріне, өзі жүргізген зерттеулерге сүйене отырып, ол өлкедегі бұрын өмір сүрген тайпалар жайлы айта келіп, табылған археологиялық ескерткіштердің соларға тəн екендігіне тоқталады. Автор грек, қытай, ұйғыр деректеріне сүйене отырып, қазақ жерінде өмір сүрген ғұн, үйсін, арғын, найман, керей, алшын тайпаларының тарихына шолу жасап, олардың пайда болуының хронологиялық бірізділігін сипаттайды, монғол, қалмақ шапқыншылығы, Қазақ хандығының құрылуын, өлкені орыстардың отарлау кезеңдерін ерекше тұжырымдармен баяндайды. Онда қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасуының негізі болған тайпалардың тарих сахнасына шығуы анағұрлым толық түрде талданған: «В половине XV в. на развалинах упомянутых улусов выступили на историческую сцену в виде самостоятельной политической силы тюркские племена, впоследствии вошедшие в степные области под именем киргизов» [2; 48], дей отырып, авторлар қазақ тайпаларының тарихи дамуы жөніндегі ойларын былай жалғастырады: «После смерти Абулхаира в 3 четверти XV в. в его улусе усилились среди чингизидов обычные межусобицы за власть. Кочевникам, тяготившимся всегда враждою своих властителей, стало невмоготу оставаться в Узбекской Орде. Большая часть кипчаков присоединилась к союзу киргиз-казахов, увеличив число их до 200 000. При сыне Джанибека Касым хане (умершем в 1 четверти XVІ в.) союз киргиз-казахов, принявши к себе кочевые народы восточной половины джагатайского улуса, насчитывал более миллиона населения. Касым хан, объединив весь киргизский народ, располагал огромной военной силой. К счастью своих подданных, этот последний из могучих ханов не принадлежал к числу обычных завоевателей Азии и стяжал любовь своего наро- да миролюбивой политикой. Касым хан, уклоняясь от предложения воевать, говорил, «что казахи, как народ кочевой, должны думать о зимовках, а не о войне». За свое миролюбие Касым хан пользовался необычайной популярностью в народе. После смерти Касым хана союз киргиз-казахов раздробился. Всякий из султанов его старался захватить власть и усобицы среди них способствовали распаду сою- за киргиз-казахов. Спустя 200 лет после смерти объединителя казахов Касым хана, его народ снова появился на исторической сцене в виде 3-х полных союзов, известных под именами: старшей, средней и младшей орд», — дейді [2; 48]. Əрине, бұл айтылғандар бүгінде ғылыми айналымда жиі қолданылуда. Əрі қарай авторлардың бірі, Əлихан Нұрмұхамедұлы болуы мүмкін қазақтың үш жүзінің мағынасына былай деп түсінік беріп кетеді: «Ходячие названия орд большая и малая совершенно неправильно характеризуют орды, неверно передавая и смысл киргизских слов; улы — старший, древний, а не большой в смысле количества, кши — значит не малая (в смысле количества), а младшая...» [2; 49] Осылайша «ұлы жүз», «орта жүз», «кіші жүз» ұғымдарына анықтама береді. Сонымен қатар бұл еңбекте XVIII ғ. I жартысында басталып ХІХ ғ. 60-жж. дейін созылған қазақ жүздерінің Ресей патшалығының қол астына кіруі сияқты тарихи оқиғалар да зерттеушінің назарынан тыс қалмаған. Авторлардың пікірінше, «еркін түрде» қоныс аударумен басталған Қазақстанды отарлау кейін үлкен жоспарлы қоныстандыру саясатына айналды дейді. Осы қоныстандыру саясатының түрлі кезеңдері, өлкедегі ағарту, баспа, білім беру, алғашқы оқу орындары, оған тартылған оқушылар саны туралы деректер беріледі. Əрі қарай өлке өміріндегі тарихи оқиғалар хронологиялық тəртіпте берілген.
Қазақ халқының саяси-əлеуметтік жағдайын тұрмыс салты, мəдениеті, отаршылдықтың зардаптары, білім мəселесі Ə. Бөкейханның 1910 ж. Санкт-Петербургтен шыққан «Киргизы» атты еңбегінде баяндайды. Ол «Формы национального движения в современных государствах» деп аталатын жинақпен басылып шықты. Еңбекте демографиялық, статистикалық мəліметтер басым. 1985 ж. бұл еңбекті Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу қоғамы «Казахи о русских до 1917 года» деген атпен қайта басып шығарды. Шетелдік ғалымдардың бұл еңбекке деген қызығушылықтары тегін емес. Еңбекте қазақ этносының шығуы туралы, қазақ халқының саны, шаруашылығының толық сипаттамасы, далалық өлкенің əлеуметтік-экономикалық, мəдени жəне саяси өмірі туралы сараптамалық ақпараттар беріледі.
Ə. Бөкейханның осы айтылып отырған еңбегінде қазақтардағы жерді пайдалану тəртібі жөнінде кеңінен жазып, ғылыми тілде айналымға енгізген «қыстау», «жайлау», «күзеу», «шаңырақ меншігі» жəне т.б қазақша ұғымдарға анықтама беріп, экономикалық категорияларға жіктейді. Ол туралы:
«Барлық қырғыздар жылына 8–10 ай бойы бір орында отырып тіршілік етеді. Қырғыздардың мекені «қыстау» деп аталады, бұл «қыс» — зима, «тау» — горы сөзінен алынған. Бұрынғы уақытта «қырғыздар» қыста киіз үйлерде қыстап шыққанда, олар қысқы уақыт үшін таулы жерлерден ықтасын болатын орын таңдаған, осыдан олардың қоныстары қыстау аталған.... Қыстаудың мөлшері уездің табиғи тарихи жағдайларына тəуелді, оның көлемі жайылым мен топырақ өнімділігіне байланысты. Қай жерде шөп шабудан мол өнім алу мүмкіндігі болса, соғұрлым малға азық көлемі дайындалады да, қыстау көлемі өседі. Қырғыз «қыстауы» крестьян селолық қауымы тəрізді қарапайым жер бірлігін көрсетеді. ....пайдалануында болыстардағы «қыстаудың» мұндай тобы статистикалық əдебиетте «қауымдық-ауылдық» деп аталады, яғни, «қыстау» мағынасында қырғыз тұрмыстарындағы жер бірлігін көрсетеді», — деп баяндайды [3; 68, 69].
Əлихан Нұрмұхамедұлы ХІХ–ХХ ғ. басындағы өлкенің əлеуметтік-экономикалық жағдайын талдай отырып, былай деп жазады: «Қырғыздардың ішкі тұрмысына көше отырып, соңғылардың қазіргі шаруашылық өмірі, үнемі тұрақтайтын орнын ауыстырып жүретін жəне өздерінің табындарымен жердегі азық пен жақсы суат табу үшін көшіп жүретін жартылай жабайы көшпелінің примитивті экономикасының қарапайым түріне төселмейтіндігін көрсету қажет. Қазақтарды үнемі көшіп жүретін халық ретінде көрсететін ескі көзқарас анахронизм болып табылады» [3; 67, 68]. Бұдан Əлихан Нұрмұхамедұлының қазақтардың экономикалық, мəдени жағынан болсын артта қалды деген тұжырымдардың қате екендігін айтқысы келгендігін оңай аңғаруға болады. Қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық түрі қазақтар үшін оңтайлы шаруашылық түрі болып табылатындығын айтып, Ə. Бөкейхан қазақтарды бірден түпкілікті отырықшы етуге қарсы болған, ол бірітіндеп олардың ежелден келе жатқан шаруашылық түріне қиянат жасамай шаруашылық түрін өзгертуге өз ұсыныстарын жасайды. Əлихан Нұрмұхамедұлы барлық өркениетті қоғамның отырықшылыққа жедел қарқынмен емес, бірітіндеп эволюциялық жолмен, қалыптасқан шауашылықты бұзбай келгендігін атап кетеді. Осы «Қырғыздар» атты еңбегінен Ə. Бөкейханның шаруашылықтың бір түрінен екінші түріне жедел өтудің күрделілігі туралы пікірін дəлелдейтін көзқарасын көреміз. «Міне, эволюция жолының шабаны, жер жүзінде қанша отырған мəдени халық осы ғұмырды шабан жолмен отырықшы болған. Бұл шабан жол қағазға жазылып, 15-тен жер белгілеп алғанға бұзылмайды. Мал бағып, шаруа қылып отырған халық қағазбен 15-тен жер бергенге егінші болып кетпейді» [4; 152], — дейді. Ə. Бөкейханның пікірі бойынша, қазақ халқына қатысты мемлекет саясаты олардың шаруашылығын бұзуға емес, оны жайғастыруға бағытталуы керек. Тек осындай жағдайда ғана қазақтарды бірітіндеп отырықшы ету мүмкін болады. «Мемлекет қазақты өзінің балаларының бірі қылса, қазақты осы тұрғыдан шаруаларын бұзбай орналастырар еді. Сонда қазақтар неше жылда эволюция жолымен бірте-бірте отырықшы болар еді. Шаруасы мал бағу болса, 15-тен жер алғанмен отырықшы мəдениетке көше алмайды» деген тұжырым жасайды [4]. Осы мəселені талдай отырып, Ə. Бөкейхан мəдени эволюция бүкіл адамзат дамуының жалғыз сенімді жолы болып табылатындығын көрсетеді.
Бұл көзқарас жай ғана саяси конъюнктураға емес, терең ғылыми тұрғыда əлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі ретіндегі қазақ қоғамының дамуына негізделген. Бұның бəрінен Əлихан Нұрмұхамедұлы ғалым ретінде қоғамдағы өзекті мəселелердің бірін ғаламдық деңгейде талдап, оны шешудің жолын іздестіргенін көруге болады. Барлық əлемдік өркениеттерге тəн даму заңдылықтары сөзсіз болуы керек жəне оны нақты тарихи көзқарас тұрғысынан ескеру керек. Осы ғылыми ақиқатты саналы түрде түсінбеу бірнеше рет қазақ тарихындағы қайғылы оқиғаларға алып келді. Бұған куə ретінде отан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен мысал келтіруге болады. Қазақ қоғамының əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени даму ерекшеліктері ескерілместен, өлкеде «революциялық қайта құрулар» жүргізілді. Мысалы, атап айтсақ, «индустриаландыру», «ұжымдастыру» кезеңдерін ерекше атап өтуге болады. Осы өзгерістердің салдарынан қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасып келген, дəстүрлі шаруашылығы бұзылды. Міне, қазақ халқын күштеп отырықшы ету осындай жағымсыз құбылыстарға алып келетіндігін Əлихан Нұрмұхамедұлы сол кезеңде жақсы түсініп, өзінің еңбектерінде мəселенің шешімдерін көрсетті.
Қазақстанға қатысты патша үкіметінің жүргізген саясатына баға бере отырып, ғалым өз еңбегінде олардың «орыстандыру» саясатын көздегенін, өлкені өзінің саяси-экономикалық институттарының шеңберіне тарту мақсатын жүзеге асырғысы келетіндігін көрсетеді. Бұны орыс шенеуніктерінің қазақтарды құқықтық, тілдік жəне мəдени жағынан кемсітуінен айқын аңғаруға болады. Бұлардың барлығы халықтың наразылығын туғызбай қоймады. Осыған байланысты Əлихан Нұрмұхамедұлы «Қырғыздар» еңбегінде: «Кто знает классическое миролюбие киргизского народа, тот поймет, как сильно должно быть угнетение киргиза, чтобы этот покорный раб решился на открытый протест в такой резкой форме» [3; 71], — деп жазады.
Ə. Бөкейхан ХХ ғ. басында қазақ даласында саяси өмірдің жанданғанын, саяси партиялардың өз халқының мүддесін ресми түрде қорғай алуға мүмкіндіктері болса да, олардың құрылған кездегі күйде қалғандығын атап өтеді. «Болашақта қазақ даласында екі саяси партия екі саяси бағытқа сəйкес қоса құрылуы мүмкін. Оның біріншісі ұлттық-діни ағымдағы, екіншісі батыстық ағымды ұстанады», — деп жазады [3; 77]. Сонымен қатар ол 1905 ж. кейін қазақ ұлттық қозғалыс саяси сипат ала бастағанын жəне панисламистік жəне жаңашыл либералдық екі бағыттың пайда болғанын жазады. Əлихан Нұрмұхамедұлы мен серіктерінің осы соңғы либералдық бағытты ұстанатындығын байқаймыз. Олар батыс өркениетінің жеткен жетістіктерін саналы түрде ұлттық өзіндік ерекшеліктерді сақтай отырып, игеруге ұмтылған жəне өз мақсаттарына жетуде саяси өмірге белсене араласу арқылы ресми əдістермен жететіндіктерін баяндайды. Бірақ 1907 жылдың 3 маусымында шыққан Заң қазақ халқын өлкенің саяси өміріне араласу мүмкіндігінен айырды. Ол туралы Ə. Бөкейхан өз еңбегінде: «Үкімет Мемлекеттік думада жерлерін күштеп тартып алған халық өкілдерінің болуын артық болады деп есептеген болар», — деп жазады [3; 77]. Осы сөздермен ол өзінің «Қырғыздар» атты еңбегін аяқтайды. Ə.Н. Бөкейханның еңбегі — нақты шаруашылық қатынастарды зерттеуден туған ғылыми қорытындылар. Ə. Бөкейханның «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» жəне «Киргизы» атты еңбектерінің іргелі, кешенді тарихи ғылыми зерттеулер ретінде маңызы өте зор.
Сонымен қатар Əлихан Нұрмұхамедұлы қазақ мемлекетінің пайда болуының кезеңдерін, даму заңдылықтарын зерттеумен бірге қазақ жүздерінің Ресей қол астына енуінің себептеріне көңіл бөлгендігін байқаймыз. Бұған ғалымның түрлі ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалары, атап айтатын болсақ, «Из переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомков», «Из бумаг султана Большой Киргизской Орды Сюка Аблайханова», «Из переписки киргизских ханов, султанов и проч.» куə бола алады [5]. Бұлар ғалымның ғылыми ізденістерінің нəтижесінде туындаған тарихи құжаттар. Туған өлке тарихының мəселелері Ə. Бөкейханды тарихшы-ғалым ретінде қызықтырып қоймай, сонымен қатар сол кездегі болып жатқан өзгерістерді өткенмен салыстыра отырып, мемлекеттік саяси қайраткер ретінде түсінуге ұмтылған.
Ə. Бөкейханның назарынан қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстар да тыс қалмаған. Ə. Бөкейхан ХХ ғ. басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы ретінде Кенесары Қасымовтың тұлғасына, оның жетекешілігімен болған қозғалысқа үлкен қызығушылық танытты. К. Қасымовты ұлт-азаттық қозғалыстың негізін салушы ретінде құрметтеп, өзіне үлгі тұтқан. Оны қарулы көтеріліс арқылы қазақ халқына тəуелсіздікті қайтарғысы келген тұлға, күрескер ретінде дəріптейді. Кенесары қозғалысына ғалым өзінің «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты еңбегінде: «Өздерінің орыс үкіметіне тəуелді екендіктерін мойындаған қазақтар бұл жағдайға бірден мойынсұнбады, тіпті өздерінің тəуелсіздіктерін қайтарғысы келді, бірақ бұл ұмтылыстары сəтсіздікке ұшырады» деп қысқаша тоқталып өтеді [3; 49]. Бірақ сол кездері патша цензурасынан қысым көрген ғалым көтерілістің мақсатын, жеңілу себептерін ашық көрсете алмайды. Бұл туралы ол тек 1923 ж. жарыққа шыққан «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» [6] атты кітабында қайта тоқталады. Осы еңбектің алғы сөзінде автор Кенесары Қасымовтың тұлғасы тарихшылардың назарынан тыс қалғандығын атап өтеді. Бұл еңбекте ғалымның алдына қойған мақсаты Кенсары ханның соңғы жорықтары жөніндегі мəліметтермен бөлісу жəне оқырмандарға оқиғаның ішінде болған қырғыз Қалиғұл Əлібековтың аузынан жазып алынған деректерді ұсыну болып табылады. Бұл еңбектің қазақ тарихы үшін құндылығы сөзсіз, Əлихан Нұрмұхамедұлы ғалым-тарихшы ретінде осы ұлт-азаттық қозғалысқа шынайы баға береді.
Отан тарихындағы күрделі мəселелердің бірі ұлт-азаттық қозғалыстар болып табылады. Ə. Бөкейхан қазақ даласында болған 1916 ж. көтерілістің маңызына тоқталмай кетпейді. Ресей тарихшысы Шестаковпен 1926 ж. «1916–1926» атты еңбекті жазды. 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің қазақ халқына əкелген ауыртпалығын «1916-шы жылы патша сансыз жігітті соғыста өлтірді, қолы- аяғы жоқ, ақылдан адасқан мешел де мүгедек қылды, елдің шаруасы ойрандалды, соғыста ерлер өліп, елде шаруа күйзелді, жетім бала, жесір қатын, шал-кемпір көзінің жасы көл болып, жұртта қалған ботадай боздады. Ет, нан тапшыланды, жұттағыдай жоғалды», — деп сипаттайды [7; 84]. Бұдан əрі қазақ əскерге қара жұмысқа адам аламыз деген патшаның 25 маусымдағы Жарлығы халықтың ашу- ызасын тудырғандығын айтып өтеді. Ол туралы: «Қазақ-қырғызбен бірге өзбек, түрікпен, тəжіктер де бас көтереді... Қазақ-қырғыздың патша үкіметіне қарсы соғысы жерін тартып алғаннан, қара жұмысқа аламынан шығады. Патша үшін, орыстың ақсүйегі, төресі үшін қазақ-қырғыз бір тамшы қанын да қиғысы келмейді, жерін алған, өзін соғысқа айдаған патшаны иттің етінен қазақ-қырғыз жек көреді, бүйтіп қор болғанша, өзінің жағасынан алып өлейік дейді.... Қазақ-қырғыз осы көтерілісте көп адамын өлтіріп, шаруасын күйзелтсе де, келешекте қандай ел екенін білдіреді. 1905-ші жылғы Мəскеудегі жұмысшы көтерілісі де жұмысшыны көп шығындатқан. Осы көтеріліс келешекке үлгі болды. Қазақтың 1916-шы жылғы көтерілісін де осылай ұғыну керек.... Қазақ-қырғыз, өзбек, тəжік, өзге елдің патша өкіметіне қарсы тұрып соғыс ашқаны тарихтан орын алады» [7; 86], — деп қазақ көтерілісінің Ресей империясы қол астындағы басқа да халықтардың бас көтеруіне себеп болғандығын назар аударады жəне осы көтерілістің 1917 ж. патшаны тақтан құлатуда ерекше роль атқарғанын атап өтеді. Сонымен қатар Əлихан Нұрмұхамедұлы көтерілістің таптық сипатта емес, отаршылдарға қарсы ұлт-азаттық бағытын атап көрсетеді. Қарусыз халықты басып-жаншыған патша əскерінің қиянаттық іс-əрекетін «Қарусыз елді қойдай айдап, жердей таптап, жаудай тонайды. Патша əскері немістен гөрі, қарусыз қазақ-қырғызбен соғысқанды сүйеді. Қазақ жерінде соғыс бітіп қалса, өздерін сол күні неміске қарсы айдайтынды біледі де, қазақ елінде момын елді шауып, соғысып жатырмыз деп жүре береді» [7; 85], — деп əшкерлеп, сынайды. Еңбектің соңында Ə. Бөкейхан:
«Қазақ-қырғыздың көтерілісін орыстың төрелері қазақ-қырғыздың жерін алуға əдейлеп жасады деген пікір — адасқан. Қазақ-қырғыздың жерін алған соң, өзін қара жұмысқа тізген соң,... қарсы тұрып көтеріліп соғыс ашқан. Қазақ-қырғыздың көтерілісі қалың елдің дариядай толқыны. Дауыл болса ғана, дария толқиды» [7; 87], — деп 1916 жылғы көтеріліске өз бағасын береді.
Енді Ə.Бөкейханның Ф.А. Щербина экспедициясы құрамындағы қызметін қарастырсақ, оның қазақ зиялысы, қоғам қайраткері, ғалым ретіндегі сан қырының осы істе таныта білгендігіне көзіміз жетеді. Экспедицияның мақсаты ХІХ ғ. 90-шы жж. бастап, Ресей үкіметінің қоныстандыру саясатының объектісіне айналған қазақ даласын жан-жақты зерттеп, қазақ шаруаларының үйді-үй, жайлау мен қыстауларын, егіндік, шабынды жерлерінің көлемін анықтау, қазақтың жер-суын, орман- тоғайын, шөл даласын есепке алып, тізімін жасау болды. Ə. Бөкейхан «Щербина экспедициясының» Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей уездері мен Ақмола облысының Омбы уезінде жүргізілген жұмыстарға тікелей араласып, алуан түрлі құнды материалдарды жинақтап, үйді- үйлердің, қара малдардың санын есепке алады да, жиналған бай материалдарды іріктеп, өңдеп ғылыми қорытынды жазуға атсалысады, ғылыми есеп кестелерін жасайды, жер-су карталарын сызады. Қазақтың шаруашылығына, егіндік-шабындықтарына қыстау-жайлауына ғылыми тұрғыдан сипаттамалар беріп, ғылыми жұмыстарға көңіл бөледі. Ғылыми экспедицияларға шығу нəтижесінде жазылған еңбектерінің ішінде Қарқаралы, Павлодар уездеріне арналған зерттеулер қазақ руларының шығу тегін, ежелгі аңыз-əңгімелерді қамтитын бағалы материалдарымен ерекшеленеді. Осы зерттеулер арқылы Əлихан Нұрмұхамедұлы қазақ халқының өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері мол мəдениетін, тұрмыс-салтын əдет-ғұрпын, наным-сенімдерін, өнерін зерттеп, жазып едəуір мұра қалдырды. Қазақ ұлтының жүздік, рулық-тайпалық құрылымын зерттеген, қазақтың тұңғыш ғалымдардың бірі болып табылады.
Ə. Бөкейхан «Список обам на реке Слеты в Коржункульской волости Акмолинского уезда» [1; 193] атты ғылыми басылымынан ғалымның Қазақстан аумағындағы тарихи ескерткіштерге, балбал тастарға қызығушылық танытқанын көреміз. Бұл ескерткіштерге ол Щербина экспедициясының құрамында жүріп зерттеу жүргізген. Бұл еңбекте ғалым обалардың орналасқан жерін көрсетіп, оларға толық сипаттама береді.
Ғалымның тоқталмай кетуге болмайтын тағы бір еңбегі — «Қара қыпшақ Қобыланды» əдеби- сын зерттеуі. Бұл халық ауыз əдебиетінің нұсқасын Ə. Бөкейхан тарихи шынайылық тұрғысынан қарастырғандықтан, белгілі бір тарихи қызығушылық тудырады. Бірақ ғалым бұл жырдың тарихи шынайлығына былай деп: «Жоғарыда жазғанымнан анық болар. «Қобыландыда» ақын қосқан тарихқа тура келмейтін көп қосымша бар. Қазақ тарихына пайдалы сөз «Қобыландыда» аз көрінеді», — деп тұжырым жасайды [8].
Қазақ жерлерін тартып алу фактілерін «Ақмола облысындағы қоныс аударып келгендердің жерлері» («Переселенческие наделы в Акмолинской области»), «Қазақтар Дала генерал- губернаторының мəжілісінде» («Киргизы на совещании степного генерал-губернатора») атты мақалаларында дəлеледеп көрсетеді.
Ал, қазақ, орыс тілдерінде жазылған, мерзімді баспасөзде, əсіресе «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларының идеялары, ой-толғамы, стилі бөлек. Бұл мақалаларда автор өткен уақыт емес, өз заманындағы көкейкесті мəселелерді талдап, түрлі ағымдарға баға береді, өзі тоқтаған тұжырымды ортаға салады.
Ə. Бөкейхан ХХ ғ. басындағы қазақ жеріндегі кез келген мəселені ерекше қоя білген. Ұлттық мəселені Ресей империясы көлеміндегі жағдайлармен сабақтастыра қарайды. Қазақ халқының түрлі тарихи кезеңдеріне талдау жасайды. Ғалымның еңбектерінде қарастырылатын патша өкіметінің қоныстандыру саясаты, ұлт-азаттық қозғалыс тарихы жəне қазақ тарихындағы тағы басқа өзекті мəселелер бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ.
Бүкіл саналы өмірін халқына, халқының азаттығына арнаған Əлихан Бөкейхан барлық қажыр- қайратын, білім, дарын-талантын патша өкіметі кезіндегі отаршылдық, қанау кезінде қалам күшімен жазылған еңбектерінде қалың қазақтың өз ішіндегі алауыздық; жалқаулық, өтірік, ұрлық, шаруаға қырсыздық сияқты кесапат мінездерді сынап, ел тағдыры үшін ең маңызды нəрсе, негізгі байлық, тіршілік көзі — жерге иелік екенін терең сезініп, осы бағытта жұмыс жасайды, ғылыми зерттеулер, мақалаларды жарыққа шығарады.
Қорыта айтсақ, ғасыр басындағы қазақ халқының өмірі мен қызметінің сан алуан қыры Ə.Н. Бөкейханның назарынан тыс қалмады деп айтуға болады. Оның сол кездегі қоғам өмірінде орын алған мəселелердің барлығына қалам тартқандығын көруге болады. Сонымен қатар ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихы туралы ғылыми жұмыстарды жазуда Ə. Бөкейханның еңбектерін пайдаланбай жазу мүмкін емес.
Əдебиеттер тізімі
- Бөкейхан Ə. Таңдамалы. — Алматы, 1995. — 477 б.
- Сидельников А.Н., Букейханов А.Н., Чадов С.Д. Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи //Бөкейхан Ə. Таңдамалы. — Алматы, 1995. — 477 с.
- Букейханов А. Киргизы // Бөкейхан Ə. Таңдамалы. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. — 477 с.
- Бөкейханов Ə. Шығармалары. — 1994. Қыр баласы. Жауап хат // Қазақ. — 1914. — № 51. — 152-б.
- Сеитов Э.Т. А.Н. Букейхан как историк и общественно-политический деятель: Дис. ... канд. ист. наук. — Алматы, 1996. — С.
- Букейханов А. Материалы к истории султана Кенесары Касымова // Бөкейхан Ə. Таңдамалы. — Алматы, — 477 с.
- Бөкейхан Ə. 1916–1926 (25 июнь) // Бөкейхан Ə. Таңдамалы. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. — 477 с.
- Бөкейхан Ə. Қара қыпшақ Қобыланды (сын) // Бөкейхан Ə. Таңдамалы. — Алматы, 1995. — 313-б.