Мен оқытушылық еңбек жолымды 1969 жылы 4 қыркүйекте Қарағанды педагогикалық институтының жалпы тарих кафедрасында оқытушы қызметінен бастадым. Жас маман ретінде бірден
«Ерте дүние тарихы» пəнінен қазақ бөліміне лекция оқып, семинар жүргіздім. Ол кезде факультетті институттың іргетасын қалаушылардың бірі Қали Жуасұлы, кафедраны Мəскеу университетінде кандидаттық диссертациясын қорғаған жас ғалым Əлімжан Нұғыманұлы Телғарин басқарды. Сол жылы факультетті бітірген Сəулебай Төлкеев, Сансызбай Егізбаев, Болат Нұржанов, кейінгі жылдары институт бітірген Бітімбек Адамбеков, Шолпан Момынова сияқты жас мамандармен оқытушылық қызметтің қыры мен сырын меңгере бастадым.
Өткен ғасырдың 70-жылдары Қарағанды сияқты Қазақстанның өндіріс орталығында екінші университет ашу туралы мəселе көтерілді. Осыған орай, институтқа келген Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитет комиссиясы 1972 жылы осы оқу орнының базасында Қазақстанда екінші университет ашу жөнінде шешім қабылдады. Əрине, кез келген оқу орнының атақ-абыройы онда істейтін кадрларға байланысты. Институт ректоры Сейітқали Баймурзин Алматы қаласындағы оқу орындары мен ғылыми мекемелерге жас оқытушылардың бір тобын аспирантураға жіберуге ұйғарды. Сонымен, келесі жылы 30-ға жақын жас маман Алматыға жол тартты. Олардың көпшілігі өздеріне берілген үш жылдың ішінде аспиранттық бағдарламаларын орындап, институтқа қайта оралды. Солардың бірі болып менде Алматы педагогикалық шет тілдері институтында аспиранттық бағдарламаны тəмамдаған ғылым кандидаты дəрежесінде Қарағанды университетіне қайта оралдым.
1972 жылы Қазақстанда екінші университет статутасын алған осы оқу орнында мен қазақтың талай абзал азаматтарымен қызметтес болдым. Қазақстан тарихы кафедрасында сол кезде қызмет істеген Есен Тəжібаев, Рымбек Спанов, Шолпан Момынова, Сағындық Жауымбаев, Валерий Евдокимов сынды əріптестерімді жылы сезіммен жиі еске аламын. Кейін Қазақстандағы үшінші болып ашылған кафедрада Жамбыл Артықбаев, Рымбек Жұмашев, Лəззат Шотбақова, Есет Есенғараев, Еркін Əбіл, Мəулен Жақин, Бəну Əбдірахманова сияқты кафедраның шəкірттері ғылым кандидаты, докторы дəрежелеріне ие болды. Сөйтіп, мен өзімді тарихшылардың арасында «Қарағанды тарихшылар мектебі» деп аталатын ғалымдар тобының іргетасын қалаушылардың қатарына жатқызамын.
Сол жылдардағы университет ректоры халқымыздың кемеңгер ұлдарының бірі Евней Арыстанұлы Бөкетов маған ағалық көмегін аяған жоқ.
Мен жас маман ретінде университеттің жұмысына белсене араласып кеттім. Жоғары оқу орнында негізгі шаруа оқу-əдістемелік жұмысты жетілдіру екендігі белгілі. Сол кездегі оқытудың жаңа технологияларын игере отырып, ол оқу-əдістемелік құжаттарды бір жөнге келтіру мəселесіне атсалыстым. Бұл саладағы жемісті еңбегім бағаланып, университет басшылығы мені оқу-əдістемелік басқармасына бастық етіп тағайындады.
Осы жылдары ғылыми жұмыспен де белсенді түрде айналыса бастадым. Алғашқылардың бірі болып қоғамдық ғылымдар саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын шаруашылық келісім-шарттар негізінде жүргізуді қолға алдым. Сөйтіп, 1978 жылы Қостанай жасанды талшық жасау комбинатының тарихын жазуға кірістік. Бұл жұмыстың сметалық құны 24 000 сом. Ол кезде мұның өзі көп қаражат еді. Университет сол жылдары 1 миллион сомға жақын шаруашылық негізде жүргізілетін келісім- шарттар жасаушы еді. Оның негізгі бөлігі химия, физика, экономика мамандарының меншігі болатын. Ал, тарихшылар арасында мұндай келісім-шартты тек археологтар ғана жасайтын.
1981 жылы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушілігіне сайландым. Орталық Қазақстанның көне ескерткіштерін табу, зерттеу, есепке алу, құжаттау сияқты жұмыстарына үлкен ыждаһаттылықпен кірістім. Факультет тарихында алғашқы оқу құралын («Казахстан в древности», 1987) жазып, ғылыми жетекші ретінде алғашқы рет ғылым кандидаттарын (Л.Болатбаева, Б.Байтанаев) дайындадым. Алғашқы ғылыми жинақтардың («Вопросы историографии Казахстана») редакциясын басқардым. Қазақ тарихшыларының ішінде 80–90-жылдары халқымыздың тарихын қайта жазу қажеттілігін айта бастағандардың ішінде менде болдым.
1992 жылы осы кітап кеңейтіліп, хронологиялық шегі ұзартылып жоғарғы мектеп студенттері үшін оқулық ретінде басылып шықты. Оқулыққа көптеген сыни пікірлер айтылды. Қазақ тарихының күрделі мəселелері жаңа көзқараста талданып, ұлттық тұрғыдан көрініс тапты. 1993 жылы оқулық Қазақ академиясының Тарих жəне этнология институт бөлімдерінің біріккен мəжілісінде талқыланып, жоғары бағаланды. Сол жылы мен осы институт жанындағы Докторлық кеңесте «Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихына жаңа тұжырымдама тұрғысы негізінде қайта қарау» деп аталатын докторлық диссертациямды қорғадым. Оқулыққа да диссертацияға да талқылау барысында, кейіннен баспасөз бетінде де сынипікірлер айтылды. Кейінгі жылдары осының барлығы ескеріліп, оқулық он рет қайта басылып шықты, тіпті жетінші басылымы Санкт-Петербург қаласында жарық көрді.
80-жылдардың аяғында тарихшылар ортасында ел тарихы, жер тарихына баса көңіл аудару керек деген пікір етек алды. Атақ-дəрежесі бар тарихшылар қазақтың көне тарихына қалам тарта бастады. Бұған түрткі болған алдымен 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі. Кеудесінде отаншылдық рухы бар азаматтар өз тарихын, мəдениетін білуге құмартты. Осы арада əсіресе қазақ тілді баспасөз беттерінде журналист ағайындардың тарихқа байланысты материалдары жарық көре бастады. Олардың ішінде сын көтермейтін, ертегіге ұқсастары да баршылық еді. Осындай жағдай тарихшылар алдына үлкен міндеттер қойды.
Мен, ең алдымен, министрлік пен сол кезде Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекəлі Жəнібековке хат жолдап, Қазақстан тарихын балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі мекемелердің оқу жоспарына кіргізу жөнінде ұсыныс жасадым. Көп кешікпей ол министрліктен орта мектептер үшін пəн бойынша оқу бағдарламасын жасауға тапсырма алдым. Баламалы бағдарлама жасап, қазақ тарихын орта мектепке кіргізуге тырыстым. Біріншіден, Қарағанды, Қостанай, Торғай, Жезқазған, Көкшетау облыстарында тарихшы-мұғалімдерді қайта дайындау ісіне атсалыстым. Содан кейін мұғалімдер үшін «Тіректі конспект» деп аталатын материалдар жинағын жазып, оны көбейттірдім. Қарағанды университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушылары аумақтағы оқу орындарында қазақ тарихын оқытуға атсалысты.
1989 жылы кəсіптік орта білім беретін оқу орындары үшін Тараз, Қостанай, Алматы қалаларында тарих, экономика жəне география пəндерінің мұғалімдеріне «Менің республикам» деп аталатын аймақтық семинарлар жүргізуге қатынастым. Халыққа білім беру саласындағы еңбегімді ескеріп, 1991 жылдың маусым айының 15 жұлдызында «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталдым.
90-жылдардағы саяси процеске белсене қатынасуға тура келді. Қазақстан тарихы кафедрасы сол жылдардағы Бүкілхалықтық «Азат» қозғалысының орталық штабына айналды.
Қарағанды қызмет істеген жылдарымды мардымды, табысты, шығармашылық қызметімнің ең бір тиімді уақыты деп есептеймін. Еңбек жолымды жас мұғалім ретінде бастап, осы факультет қабырғасында профессор, ғылым докторы дəрежесіне дейін өстім. Он үш жыл кафедра меңгерушісі қызметін атқардым. Үлкендерден тəрбие алдым, кішілерді маман ретінде шыңдадым. Евней Бөкетовтен, Дүйсетай Шаймұхановтан, Қали Жуасовтан, Рымбек Спановтан, Кінəр Бисембаевтан, Есен Тəжібаевтан, Мырзағали Хасеновтен, Нұрислам Фарфутдиновтен, Əлімжан Телғариннен көп нəрсе үйрендім, үлгі алдым. Тарихи зерттеулерге қабілеті бар Жамбыл Артықбаевқа, Рымбек Жұмашевқа, Зəуреш Сақтағановаға, Салауат Кентбековке, Бауыржан Байтанаевқа, Жұман Смайловқа, Лейла Болатбаеваға қол ұшын бердім. Бұлардың көпшілігі бүгінгі ғылым докторлары, кандидаттары, ғылымға еңбегі сіңген ел білетін азаматтар.
Факультеттің келешегіне сенімім мол. Еңбекқор ұжым Отан тарихына əлі де талантты, қарымды жас кадрларды дайындай береді деп ойлаймын.