ХХ ғасырда қылмыстылықтың бір түріне айналған жоғары технология саласындағы қылмыстылық жылдан жылға өзінің өрісін жайып келеді. Оның ішіндегі ең көп таралған қылмыс түрі болып ақпараттық қауіпсіздікке қарсы қылмыстар жатады. Кейде мұндай қылмыстарды компьютерлік, немесе киберқылмыстар, деп те атайды. Мемлекеттер қылмыстылықтың бұл түрімен күресу үшін өз заңнамаларында тиісті санкциялар енгізіп, жазалар қолданып, күресу шараларын одан əрі жетілдіруден бас көтермей отыр. Біздің еліміз де соңында қалмай, дамыған елдердің қатарына кіруге ұмтыла отырып, компьютерлік қылмыстармен күрес жолын нығайтып келеді. Күшін жойған ескі Қылмыстық кодексте компьютерлік қылмыс үшін қылмыстық жауаптылық көзделген болатын. Компьютерлік қылмыстардың санының күрт өсуіне, ашылу деңгейінің төмендеуіне, латенттігіне байланысты заңнама тұрғысынан көптеген өзгерістер енгізуге тура келді.
Жылдан жылға аталмыш қылмыс түрінің саны өсіп келе жатқанын байқауға болады: 2009 ж. — 3, 2010 ж. — 4, 2011 ж. — 14, 2012 ж. — 29, 2013 ж. — 27, 2014 ж. 87 қылмыс фактісі тіркелді [1].
2015 жылдың 6 айы бойынша: ҚР ҚК-нің 205-б. — 51, 206-б. — 12, 207-б. — 6, 208-б. — 11, 210-б. — 21, 211-б. — 15, 212-б. — 2, 213-б. 3 дерек тіркелген [1].
Қазіргі жаңартылған Қылмыстық кодексте компьютерлік қылмыстарға қатысты бір емес бірнеше баптар қарастырылған. Осы баптарда көзделген қолсұғылатын қылмыс объектілерінің түрлілігіне байланысты жекелеген қылмыс құрамын құрайды.
Еліміздің Қылмыстық кодексінің 205-бабында қылмыстық қол сұғушылықтың заты ретінде осы Кодекстің 3-бабының 41-тармақшасында көрсетілген электронды тасымалдағыштағы ақпаратты атайды. Яғни ол машиналық тасымалдағыштағы немесе есептеуіш техниканың қабылдауына қолжетімді нысандағы телекоммуникациялық арналар бойынша берілетін ақпарат болып табылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 205-бабы дефинициясынан бөлек ақпарат немесе түсінікті болатындай, Қылмыстық кодексінің Түсіндірмесінен басқа, компьютерлік ақпараттың өзге заңнамалық анықтамасы жоқ, тіпті Қазақстан Республикасының Жоғары Сотының Пленумымен де заңның ресми түсіндірмесі жоқ. Осыдан компьютерлік ақпарат түсінігінің сот-тергеу тəжірибедегі нақтыланбаған анықтамалар орын алады (мысалы, ұялы байланыс операторының абоненттік желісін компьютерлік желі деп санауға бола ма, ұялы байланысты тұтынушының идентификациялық мəліметтері компьютерлік ақпарат болып табыла ма, қазіргі заманғы кассалық аппараттар, смартфондар, ойын автоматтары есептеуіш техникаға жатады ма жəне т.б.). Шет мемлекеттерде мұндай сұрақтарды шешу процесі көп жылдар бойы жүзеге асып келе жатыр: АҚШ «компьютерлік қылмыстар» туралы федералды заң 1984 жылдан, Канада мен Данияда 1985 жылдан, Португалияда 1982 жылдан, Германияда 1986 жылдан бері бар [2; 59].
Техникалық сипаттың белгілі бір түріне ие болған қылмыстық қолсұғушылық заттың күрделілігіне байланысты ғылыми əдебиеттерде компьютерлік ақпараттың анықтамасы бойынша бірыңғай көзқарас əлі жоқ.
Бір зерттеушілер компьютерлік ақпаратты желі арқылы кез келген ақпарат пен есептеуіш жүйенің жадысындағы орналасқан мəліметтер ретінде түсіндіреді. Келесілері компьютерлік ақпаратты электронды (сандық) түрде берілген мағлұматтар деп анықтама береді. Үшіншілер компьютерлік ақпарат түсінігіне тек машиналық тасымалдағыштағы ақпаратты ғана емес, сонымен қатар құқықтық қорғау объектісіне жатпайтын ақпаратты (зиянды бағдарламалар) жəне дəстүрлі тасымалдағыштағы (қағазды тасымалдағышта қалдырылған компьютерлік ақпараттың көшірмелері) ақпаратты да жатқызу керек екендігін жорамалдайды.
Қарастырып отырған құбылыстың мазмұны мен криминалистикалық мəнісі В.В. Крыловпен ұсынылған анықтамаларында ашылған: «компьютерлік ақпарат дегеніміз — меншік иесі бар ақпараттық жүйенің элементі — ЭЕМ-де немесе оны басқаратындағы мəліметтер, білімдер немесе командалар жиыны (бағдарлама)» [3; 52]. Жоғарыда көрсетілген нұсқаулық дефиницияны компьютерлік ақпараттың иегеріне қосу, қажет болған жағдайда қолсұғушылықпен зиян шеккен субъектіні анықтауға көмегін тигізеді.
В.А. Мещеряковтың пікірінше, берілген анықтамада бірнеше нақтылықсыз бар:
- криминалистикалық көзқарас тұрғысынан алғанда алдын ала тергеу үшін маңыздысы болып берілген ақпарат арнайы машиналық түрде ұсынылғаны табылады. Бұл кезде ақпараттың — ілім, мəлімет немесе пəрмендердің жиынтығы болып табылатындғы туралы мəселе екінші кезекке қойылады. Себебі машиналық түрде барлығы біркелкі ұсынылған;
- компьютерлік ақпарат түсінігіне «ақпараттық жүйенің сəйкестендіру элементі» терминін енгізу даулы болып табылады. Тергеу шеңберінде компьютерлік ақпараттың сəйкестенуі дербес жəне маңызды криминалистикалық амал ретінде беріледі. Өйткені əлі күнге дейін осы амал өзінің бірегей шешімін тапқан емес [4; 125].
С.П. Кушниренко «компьютерлік ақпарат» терминінің жалпылама түсіндірмесіне байланысты«сандық ақпарат» деген түсінікті қолдануды ұсынады. Себебі қылмыстық қолсұғушылықтың заты машиналық тасымалдағыштағы ақпарат ретінде айқындалуымен заңшығарушы осы норманы қолдануды тар құқықтық қатынаспен ғана шектеп қойған [5; 45]. Алайда, біздің пікірімізше, «сандық ақпарат» түсінігі нақты айқындалмағандықтан, тəжірибеде əлі қолдана алынбайды.
Ұсынылған көзқарастарды талдай келе, біз келесідей шешімдерге келеміз: компьютерлік ақпарат үшін маңыздысы, ол адамның қатысуынсыз компьютерді басқаруға жарамды түрде ұсынылғаны болып табылады. Компьютерлік ақпараттың екі түрі компьютердің бір ғана жадында жəне түрінде сақталады. Компьютердің процессоры үшін кез келген бағдарламада бар командалар да мəлімет болып табылады жəне олар біркелкі өңделеді. Сондықтан, біздің ойымызша, компьютерлік ақпарат түрлерін анықтауда санаудың қажеті жоқ.
Жоғары технология саласында қылмыстылықпен күресу туралы Еуропалық конвенциясында жоғарыда берілген тенденцияның пайда болуы көрініс табады. Бұл жерде компьютерлік мəліметтер ретінде «компьютерлік жүйеде өңделуге жарамды түрдегі фактілердің, ақпараттың немесе идеялардың кез келген көрінісі» түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 205–206, 208–209-б. заңмен қорғалатын ақпарат ретінде компьютерде өңделетін электронды ақпарат қана қорғауға жататындығы қарастырылған. «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңының 1-б. 57-т. сəйкес, «электрондық ақпараттық ресурстар — электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған жəне электрондық жеткізгіште, интернет-ресурста жəне (немесе) ақпараттық жүйеде қамтылған ақпарат». Сондықтан алдын ала тергеу жүргізу барысында екі жағдайды анықтау міндетті түрде қажет: а) компьютерлік ақпарат жалпыға ортақ емес екендігі; ə) компьютерлік ақпараттың, оның пайдалану, кіру шегін жəне таратудың тəртібін орнатқан меншік иесіне тиесілі екендігі.
Е.В. Старостинаның жəне Д.Б. Фроловтың пікірлерінше, «заңмен қорғалатын» деген түсінікті алып тастау арқылы кез келген компьютерлік ақпараттың қылмыстық-құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге болатыны туралы бұрын айтылған [6; 43]. Көрсетілген нақтылап алуды жүзеге асырмаған жағдайда, тəжірибеде сотқа дейінгі қылмыстарды тергеп-тексеру жүргізу үшін мəліметтердің жеткілікті екендігін анықтауда қиындыққа əкеліп соғады. Осы мəселе бойынша заң əдебиеттерінде де бірыңғай көзқарас жоқ. Осылайша, бір əдебиеттерде заңсыз кіру тек қана қасақана түрде жасалу мүмкін деп, ал өзгелерде қасақана жасалумен қатар, абайсызда да жасалу мүмкін деп көрсетілген. Киберқылмыстылықпен күрес туралы Еуропалық конвенцияда, ТМД-ның қатысушы- мемлекеттердің компьютерлік ақпарат саласындағы қылмыстылықпен күресуде көмек көрсету туралы Келісімде қатысушылар тек қасақана əрекет қылмыстық жазалануға жатады деп табады [7].
Ресей Федерациясының ғалымдары компьютерлік ақпаратқа заңсыз кірудің материалды құрамы заңшығарушымен толық деңгейде өңделмегеніне назар аударып, бұл құрамды не формалды, не материалды-формалды етіп құрастыруды ұсынған [8; 11].
Шет мемлекеттердің заңнамасы формалды қылмыс құрамын қамтитын компьютерлік қылмыстар санатына жататын əрекеттерді криминализациялау жолымен таңдаған, яғни, қылмыскердің қылмыстық ниеті қандай болғанына жəне қоғамға қауіпті салдарының келтірілгеніне қарамастан, қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Германияның Қылмыстық кодексіне сəйкес, электронды немесе магнитті тəсілмен сақталатын не берілетін мəліметтерді заңсыз алу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал мəліметтерді қасақана жойған, бекіткен, жарамсыз еткен немесе өзгерткен тұлғаларға қатысты да жеке жауапкершілік көзделген [9; 115]. Франция Қылмыстық кодексінде ақпаратты автоматты өңдеу жүйесіне заңсыз кіру үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген жəне егер жоғарыда берілген əрекеттер салдарынан жүйедегі мəліметтердің жоюлуына не өзгеруіне немесе бұл жүйенің жұмыс істеуі нашарлауына əкеп соққан жағдайда қатаңырақ жауапкершілік қарастырылған [10; 458]. Голландияның Қылмыстық кодексінде компьютерлік құрылғыға қасақана заңсыз кірумен қатар (138 а 1-б.), мəліметтердің көшірілуіне əкеп соққан компьютерге заңсыз кіру де қылмыспен қудаланады (138 а 2-б.) [11; 389].
Ақпараттық процестерді реттейтін негізгі халықаралық-құқықтық актіде, жоғарғы технология саласындағы қылмыстылықпен күрес туралы Еуропалық Конвенциясында (Будапешт, 23 қараша 2002 ж.) жазалануға жататын əрекеттерге заңсыз кіру (2-б.) — компьютерлік жүйеге кіруге құқығы жоқ тұлғамен біле тұра кіру, сол сияқты ақпаратқа заңсыз əсер ету (4-б.) — мəліметтерді қасақана заңсыз бұзу, жою, бекіту, өзгерту немесе олардың сапасын əрқилы төмендету жатады [12].
В.С. Пущиннің айтуынша, ТМД елдерінің Қылмыстық кодекстері жобаларының бірі екі дербес құрамды қарастырған: 1 — конфиденциалды ақпаратты бөтен тұтынушымен танысуына əкеп соққан автоматтандырылған компьютерлік жүйеге заңсыз кіру немесе осы қорғаныстың бағдарламалық құралдарын бұзумен не желіге қосылуымен ұштасқан; 2 — компьютерлік ақпаратты өз еркімен модификациялау, бүлдіру, жою. Қолданыстағы ҚР ҚК 205–209-б. ақпараттың конфиденциалдығын жəне оның тұтастығын бірге қорғайды [13; 17].
ҚР ҚК 205-б. құрылымында пайда болған мəселелер мен түсініксіздіктерді шешу, біздің көзқарасымыз бойынша, келесідей шешуге болады. Электронды тасымалдағыштағы ақпараттың түсінігіне толық заңнамалық анықтама беру (не болмаса, ҚР Жоғарғы сот Пленумы қаулысында берілген дефиницияны тəжірибелік қажеттілігі үшін түсіндірме беру). Бұл ретте ҚР ҚК 205-б. ақпаратқа анықтама беретін ескертуді енгізу тиімді болып табылады.
Осыған орай, бізбен беріліп отырған тұжырымдарды ескере келе, ҚР ҚК-нің 205-б. ескертумен толықтыруды ұсынып, ескертуді келесі мазмұнда беру қажет деп ұйғарамыз:
205-бап. Ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе ақпараттық-коммуникациялық желіге меншік иесінің рұқсатынсыз қол жеткізу...
...Ескерту. Ақпарат ретінде машиналық оқу түрінде ұсынылған, машиналық тасымалдағышта орналасқан, оны пайдалану мен басқару тəртібін орнатқан меншік иесі бар ақпарат деп түсіну қажет.
Қазақстан Республикасы заң шығару қызметі бойынша баптарды саралап бергенімен, сол баптар бойынша қылмыстарды ашу, тергеу, алдын алу шараларын жүзеге асыру жəне оларды жетілдіру қажеттілігінің туындауы өзекті мəселелердің қатарына қосылды.
Өзекті мəселелердің бірі болып, біздің ойымызша, қолданыстағы Қылмыстық кодексіне ақпаратқа қол жеткізудің формалды қылмыс құрамын қамтитын норманың жоқ болуы табылады. Яғни, қылмыстық нормаға заңмен қорғалатын компьютерлiк ақпаратқа, яғни машиналық сақтағыштағы, электронды есептеуіш техникасындағы, есептеуіш техникалардың жүйесiндегi немесе олардың желiсiндегi ақпаратқа, заңсыз қол жеткізгені үшін қылмыстық жауаптылық көзделетін бапты енгізу.
Себебі жаңа мазмұндағы Қылмыстық кодекстің 205-б. алып қарайтын болсақ: ...машина жеткізгіште сақталған заңмен қорғалатын ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе ақпараттық- коммуникациялық желіге азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға əкеп соққан қасақана заңсыз қол жеткізу... деп материалды қылмыс құрамы ретінде беріліп отыр. Бұл тек осы бап қана емес, 7-тараудағы барлық баптарында да материалды қылмыс құрамы орын алып отыр.
Біздің пайымдауымызша, аталмыш қылмыстық құқық бұзушылық материалды қылмыс құрамынан бөлек формалды құрамға да ие болуы қажет деп есептейміз.
В.А.Мещеряковтың пікірінше, компьютерлік ақпарат саласындағы қылмыстардың ішінде кеңінен тараған түрі ол «компьютерлік бұзақылық» болып табылады [14; 138]. Біз В.А.Мещеряковтың пікірімен толығымен келісеміз. Осындай «компьютерлік бұзақылықтың» мақсаты болып кез келген адамның (əсіресе жастардың) бағдарламалық өнімдерді жасай алатындығын, компьютердің тілін жетік меңгергенін, өзінің компьютер саласындағы кəсібилігін дəлелдеу табылады. Алғашқы кезде бұзақылық ниетпен қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында заңмен қорғалатын ақпаратқа қол жеткізіп көрген адам, ертең өзінің жинаған тəжірибесі нəтижесінде, жоғарыда көрсетілгендей, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға əкеп соғуы əбден мүмкін.
Жоғарыда көрсетіп кеткендей, «компьютерлік бұзақы» материалдық шығын келтірмей-ақ, өзгелердің құқықтары мен мүдделерін бұзбай-ақ өзінің білімімен мақтануы — екіншілерге тағам болуы ықтимал екенін естен шығармау қажет.
Оған мысал ретінде 2013 жылдың 13 тамызда тергеумен анықталмаған белгісіз біреулер Алматы қ. орналасқан «Республика Сарайы» АҚ үлкен мониторына қосылған компьютердегі ақпаратқа заңсыз қол жеткізіп, нəтижесінде қоғамдық жерде орналасқан үлкен мониторға жыныстық сипаттағы бейнероликті қосып қойған. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық істің құжаттарымен танысу барысында қылмыстық əрекеттерді аз. Т. жасағаны анықталды. Аз. Т. берген жауабына сəйкес, өзіне бұрыннан бері таныс аз. Р. компьютермен кез келген əдістерді жасай алатындығы туралы мақтанғаны есіне түсіріп, соның нəтижесінде бұрын- соңды аз. Р үйретіп берген комбинацияны қолдана отырып, «Республика Сарайы» АҚ үлкен мониторына жыныстық сипаттағы бейнероликті қосқан. Нəтижесінде аз.Т. өзінің машықтығын жетілдіру мақсатында жəне бұзақылық ниетін қоғамдық орында жүзеге асырғаны қоғамдық желі болып табылатын www.youtube.com. сайты айтында орын алды [15].
Жоғарыда көрсетілген факт күшін жойған ескі ҚК-нің 227-б. сараланбай, 273-б. қозғалған себебі, қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағын заңмен қорғалатын кез келген ақпаратқа қол жеткізу құрайды, егер бұл əрекет қасақаналық белгілерді құрайтын азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға əкеп соқса.
Сондықтан тəжірибе ҚР ҚК 205-б. (бұрынғы 227-б.) құрамын материалдыдан формалдыға өзгертуді талап етеді, яғни компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіруді бекіту, модификациялау жəне т.б. түріндегі қоғамдық қауіпті салдардың пайда болуынсыз қылмыс деп саналуы. Бұл жерде киберқылмыстылықпен күрес туралы Еуропалық Конвенцияның тұжырымдамаларына жүгініп, ақпаратқа заңсыз əсер ету — қасақана жою, бекіту, модификациялау, ақпаратты көшіру ЭЕМ жұмысын, ЭЕМ жүйесін не оның желісін бұзу, сонымен бірге оның сапасын қандайда бір төмендету үшін жауапкершілікті жеке құрамда қарастыруға болады.
Осыған орай, бізбен беріліп отырған ұсыныс бойынша қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 205-б. 1-1-б. толықтыруды, ал ауырлататын мəнжайларды ескере келе, 1-б. келесі мазмұнда өзгертуді ұсынамыз:
205-б. Ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе телекоммуникациялар желісіне құқыққа сыйымсыз қол жеткізу.
1-1. Машина жеткізгіште сақталған заңмен қорғалатын ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе ақпараттық-коммуникациялық желіге меншік иесі болып табылатын азаматтардың немесе ұйымдардың рұқсатынсыз қасақана қол жеткізу — ...
Осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға əкеп соққан дəл сол əрекеттер — ...
Бізбен беріліп отырған 205-б. қосымша бөлікпен толықтыру ұсынымызда ақпарат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтың формалды құрамына ие болып, орын алған құқықбұзушылықтарды анықтауға, тергеуге жəне қылмыстық заңнаманың қолданылуына себепкер бола алады.
Жоғарыда бізбен берілген ұсыныстар заңнама тұрғысынан жүзеге асырылған жағдайда ақпараттық қауіпсіздікке қарсы құқық бұзушылықтың тиімді алдын алу шараларының біріне айналуына септігін тигізеді деген зор үміт артамыз.
Келесі айта кететін маңызды фактор болып, ақпараттық қауіпсіздікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына өзгерту табылады. Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 7-т. 205-б. санкциясындағы жазалардың тізбегінде бас бостандығынан айыру жазасы жоқ.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе ақпараттық-коммуникациялық желіге заңсыз қол жеткізу 205-б. 1-б.: Машина жеткізгіште сақталған заңмен қорғалатын ақпаратқа, ақпараттық жүйеге немесе ақпараттық- коммуникациялық желіге азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға əкеп соққан қасақана заңсыз қол жеткізу — екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады делінген.
Сол сияқты 206, 208, 211-б. 1-б. санкцияларында да бас бостандығынан айыру жазасы көзделмеген. Аталған баптарда көзделген əрекеттер мен əрекетсіздіктердің салдарынан келтірілетін зиян елеулі болуына күмəн келтірмейміз.
Қазіргі кездегі компьютерлік құқық бұзушылықтармен келтірілетін шығын мөлшері, мамандардың есептеуі бойынша, есірткі бизнесі мен құнды заттарды ұрлау қылмыстарынан ғана артта келеді [16; 21]. Алайда компьютерлік қылмыстардың келтіретін залал мөлшері басқа қылмыстардың келтіретін залалымен тең бола тұра, көзделетін жаза мөлшеріндегі айырмашылық үлкен.
Мысал ретінде Есірткі, психотроптық заттарды, оларға тақылеттес заттарды өткізу мақсатында заңсыз жасау, қайта өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу Қылмыстық кодексі 292-б. əр бөлімінің санкцияларын алатын болсақ:
көзделетін жаза:
- ... – мүлкі тəркіленіп бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- ... – мүлкі тəркіленіп, алты жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- ... – мүлкі тəркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- ... – мүлкі тəркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.
Есірткі бизнесі мен құнды заттарды ұрлау қылмыстары көптеген жылдар бойы өсіп, жетілгенімен салыстырғанда, жаңадан пайда болған қылмыс түрі — компьютерлік қылмыстардың болашағы, егер дер кезінде тиімді алдын алу шаралары жəне оларды уақытылы анықтау мен ашу қызметі қажетті деңгейде қолданылмаса, зор болатындығы жаңалық емес.
Еліміздің қылмыстық жағдайына келетін болсақ, əлі де компьютерлік қылмыстардың Қазақстан Республикасының аумағында өрісін жайып келе жатқаны байқалмайды. Десек те, əлем бойынша күннен күнге дамып келе жатқан қылмыстың жаңа түрі – компьютерлік қылмыстарға қарсы тиімді алдын алу шараларын əзірлеп, оларды жүзеге асыру жұмыстары өзекті мəселелердің біріне айналмақ.
Жоғарыда қарастырылып өткен тұжырымдарды ескере келе, компьютерлік қылмыстарға қарсы күресті күшейту мақсатында жəне Президентімізбен қабылданған ақпараттық қауіпсіздік концепциясын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 7-тарауында қарастырылған 205, 206, 208, 211-б. 1-б. санкцияларына бас бостандығынан айыру жазасымен толықтыруды ұсынамыз.
Бізбен беріліп отырған жаңа Қылмыстық кодексте енгізілген ақпараттық технологиялар қауіпсіздігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына енгізу қажеттілігі туралы ұсынысымыз компьютерлік қылмыстардың дамуына тойтарыс беруіне əсерін тигізуі мүкін.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мемлекеттік мекемесінің 07.2015 ж. — № 2-20034-15-0503 ресми хаты. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: www.adilet.zan.kz
- Иванова И.Г. Особенности расследования неправомерного доступа к компьютерной информации: дис. ... канд. юрид. наук. — Краснодар, 2002. — 197 c.
- Крылов В.В. Информация как элемент криминальной деятельности // Вестн. Москов. ун-та. Сер. Право. — 1998.— № 4. — С. 50–64.
- Мещеряков В.А. Преступления в сфере компьютерной информации: основы теории и тактики расследования: дис. .д-ра юрид. наук. — Воронеж, 2002. — 268 с.
- Кушниренко С.П. Цифровая информация как самостоятельный объект криминалистического исследования // Вестн. криминалистики. — 2006. — № 2 (18). — С. 43–47.
- Старостина Е.В., Фролов Д.Б. Защита от компьютерных преступлений и кибертерроризма. — М.: Эксмо, 2005. — 192 с.
- Правовые вопросы применения Минской Конвенции. — [ЭР]. Режим доступа: www.pravo.vuzib.orq/ book_z246_paqe_34_html. (дата обращения 01.2016)
- Малышенко Д.Г. Уголовная ответственность за неправомерный доступ к компьютерной информации: автореф. дис. канд. юрид. наук. — 2002. — 24 с.
- Уголовный кодекс ФРГ / Пер. с нем. А.В.Серебренникова. — М.: Зерцало, — 208 с.
- Уголовный кодекс Франции / Под науч. ред. Л.В.Головко. — СПб.: Юрид. центр «Пресс», 2002. — 650 с.
- Уголовный кодекс Голландии / Под науч. ред. Б.В.Волженкина. — СПб.: Юрид. центр «Пресс», — 510 с.
- Европейская конвенция по борьбе с преступлениями в сфере высоких технологий. — [ЭР]. Режим доступа: www.pravo.vuzib.orq/book_z247_paqe_41_html. (дата обращения 01.2016)
- Пущин В.С. Преступления в сфере компьютерной информации. — М.: Юрлитинформ, — 21 с.
- Мещеряков В.А. Основы методики расследования преступлений в сфере компьютерной информации: дис. ... канд. юрид. наук. — Воронеж, 2001. — 311 с.
- № 13751703103065 санды қылмыстық іс құжаттары. — Алматы қ. Медеу ауданының сотының мұрағаты. —
- Курило А.П. O проблеме компьютерной преступности // Правовое обеспечение информатизации России. Научно- техническая информация. Сер. Организация и методика информационной работы. — 1999. — № 8. — С. 21–25.