2014 жылдың 11 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясатын жария етті. Бұл əлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың басымдығын атап өтетін Жолдауына назар аударатын болсақ, мемлекет жаңа əлеуметтік-экономикалық құрылымға өтудің, келесі сатыға көтерілу кезеңін өткеруде, бұндай жағдайда қызметкерлер құқықтарының дұрыс қамтамасыз етілуі мен қорғалуы өте өзекті болып табылады [1].
Еңбек құқығының, негізінен, пайда болу себептері де əлеуметтік қатынастармен байланыстырылады. Алғашында осы құқық саласының міндеттері болып, бір жағынан, сəйкесінше шарттарды жасау кезінде тараптардың теңдігін жəне олардың мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ететін жалдамалы еңбекті қолданумен байланысты қатынастарды реттеу, екінші жағынан, экономикалық жағынан күштірек жұмыс берушіге қарағанда, экономикалық жағынан əлсіз қызметкерлерді қорғаудың қажеттілігі [2; 241]. Мемлекет өз тарапынан, əрбір адамға өзінің құқықтары мен бостандықтарының бұзылған уақытында, тіптен осы құқық бұзушылықтар ресми тұлғалармен жасалған сəтінде де мемлекеттік органдарға жүгіне отырып, оларды құқықтық қорғау құқығына кепілдік береді [3].
Қазақстанның қазіргі таңдағы жұмыс берушілері көп жағдайда өндіру нарығын кеңейту мен қамту бойынша кəсіпкерлердің бəсекелестік тартыстарының күшеюмен байланысты мəселелеріне көңіл бөледі, бұл қызметкерлердің қорғалуында оны əлсіздендіретіндей көрініс табады. Жұмыс берушінің өз бизнесінің экономикалық көрсеткіштеріне баса назар аударуы жəне оның шығындарын минимизациялауға тырысуы бұл қызметкерлер мүдделерінің ескерілмеуіне, олардың құқықтарының шектелуіне себепші болады. Бұл шектеулер көп жағдайда қызметкерлерге тиесілі əлеуметтік игіліктердің қысқартылуына, еңбекақының өзгеретін бөлігінде қысқаруына, жұмыс беруші тарапынан еңбек шартының заңсыз бұзуына, ҚР Еңбек заңнамасымен бекітілген жұмыс уақыты мен демалыс уақытының сақталмауы жəне т.б. Осының бəрі еңбек заңнамасын бұзу көрсеткіштерінің өсуіне өз ықпалын тигізеді, сəйкесінше, бұл еңбек құқықтары мен өзінің еңбек құқықтарын қорғауды қажетсінетін тұлғалар санының өсуіне əкеледі.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың мақсаты — қызметкерге оның өзінің əлеуметтік жағдайын, яғни конституциялық құқықтарын, еркін түрде қолдана алатынындай жағдай жасау. Осындай қорғаудың қажеттілігі Халықаралық еңбек ұйымының бірқатар конвенцияларында көрініс табуынан-ақ байқауға болады. Оларда аталып өткендей, қызметкер еңбек қатынастарында ең нашар қорғалатын тарабы болып табылады, сол себепті де ол қоғам мен мемлекеттің жағынан жұмыс берушіден қорғалуы қажет. Сонымен қатар 2006 ж. 15 маусымындағы Халықаралық еңбек ұйымының еңбек құқықтық қатынастары туралы сипаттамасында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау ұлттық саясат деңгейіне көтерілген болатын, сəйкесінше, оны қатысушы- мемлекеттер жетілдіруі мен жүзеге асыруы тиіс делінген [4; 35–37].
Қызметкерлердің еңбек құқықтарының қорғалу дəрежесін анықтамас бұрын, осы түсінікке анықтама беру қажет. Əр түрлі құқық салаларымен қолданылатын құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді «қорғау» түсінігін анықтау кезінде, оны түсіндірудің бəріне ортақ тəсілдердің қолданылмауы, аталған маңызды құқықтық категориясына қатысты ортақ тұжырымдаманың болмауының өзі аталған түсінікке əр түрлі анықтамалар берудің себебі болып табылады. Аталған құбылыстың қажеттілігіне тоқталмай-ақ, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау құқықты қорғау сияқты түрлі мамандармен əр түрлі құқық салалары аясында ғана емес, бір саланың ішінде де бірдей қарастырылмайтынын байқауға болады [5].
Ең бастапқы көзқарастарды қолдайтындардың бірі Т.А.Нестерова қызметкерлердің «еңбек құқықтарын қорғау» мен «еңбекті қорғау» терминдерінің ажыратумен байланысты мəселеде тіптен басқаша ұстанымдарды ұстанады, біріншіден, олардың өзіндік сипатқа ие екенін негіздейді, екіншіден, аталған санаттардың анықтамаларын олардың «нəтижелері» жағынан қарастырады. Ғалымның пікірі бойынша, «еңбекті қорғау» — құқықтық жағдайлары өзгерген кезде жағымсыз салдарларды азайтуға жəне оларды жоюды, қатысушылардың табиғи құқықтарының бұзылуын жəне шектелуін тоқтату, ескерту, оларды анықтау жолымен құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша арнайы құзыреттіліктерге ие арнаулы органдардың қызметтерінің қорытындысы; ал еңбек құқықтарын қорғау — құқыққа қатердің деңгейімен анықталатын белгілі бір сатыларда іске асатын құқықтың табиғи жағдайын сақтау мен кедергілерді жоюға, басқа біреудің ниеттерін бейнелеуге бағытталған, мемлекет күшімен қамтамасыз етілетін жəне құқық субъектісінің билігіндегі мүмкіндіктерді интеграциялаудың қорытындысы [6; 16, 17].
Жоғарыда берілген анықтамада қарастырылған түсініктер толыққанды автономдық санаттар болып табылатынын байқаймыз. Сонымен аталған ұғымдар ғалымдармен олардың қорытынды- ларымен байланыстырылады, ал «нəтиже» сияқты санат, біздің ойымызша, қорғау сияқты арнаулы белгілі бір əрекеттерді жүзеге асырған кезден бастап пайда болатын жағдайлармен сипатталады. Аталып кеткен анықтамалардың негізінде еңбекті қорғау құқықбұзушылықтардың алдын алуға жəне оларды жоюға бағытталған белгілі бір арнаулы органдардың қызметі нəтижесі ретінде, ал еңбек құқықтарын қорғау құқық субъектісінің қызметі болып табылады деген қорытынды жасауға болады.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау түсінігін аша отырып, еңбек құқықтарын қорғау құқықтық құбылыс ретінде көптеген өлшемдерге ие (мысалы, субъективті еңбек құқығының элементі ретінде, əмбебап құқықаралық құқықтық категория ретінде жəне т.б.) екендігі туралы Т.А.Нестерованың пікірімен келіспеуге болмайды [6; 6]. Жоғарыда аталғандар А.В.Яковлеваның ғылыми еңбектерінде еңбек құқықтарын қорғау сияқты ғылыми мəселені кешенді ұғынуға қажетті келесі аспектілер тұрғысынан ғана қарастыруға итермеледі:
1) еңбек құқығының қызметі;
2) құзыретті субъектілердің қызметтері;
3) еңбек құқығының жаңа кешенді институты [2; 21, 22].
Осындай түрде қарастырған, біздің ойымызша, дұрыс.
Көптеген ғалымдар еңбекті қорғау мен еңбек құқықтарын қорғау түсініктерін синонимдер ретінде жиі қарастырса да, олардың кейбіреулері еңбек құқықтарын қорғауды еңбекті қорғаудан жеке қарастырып, тіптен бұл түсініктемелердің қажеттілігін жоққа шығарумен байланысты көзқарастар қалдырған. Бұған дəлел ретінде Т.Б.Шубинаның пікірін айтуға болады, ол өз кезегінде «еңбекті қорғау» термині тіптен керек жоқ деген көзқарасты ұстанған, себебі аталған термин құқыққорғаушылық сипатты иеленбейтін жалпы құқықтық режимді орнатуды көздейді. Құқыққорғаушылық қатынастар «еңбекті қорғау» терминімен қамтылмайды, сол себепті аталған термин заңды мəнге ие болмайды жəне оны реттеушілік қатынастарды сипаттау үшін қолдану дұрыс емес деп есептеген [7].
Оған қарама-қарсы пікірді Е.Н.Нұрғалиева ұстанады, оның айтуы бойынша, «еңбекті қорғау» адамдардың тұрақты жəне нəтижелі қызметін қамтамасыз ететін басты жағдайлардың бірі болып табылады. Жалдамалы еңбек, жұмыс берушінің басшылығында жəне, ең біріншіден, оның экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған, бөтен шаруашылықтың аясында жүзеге асырылатын қызметкерлердің біріккен қызметі, қорғауды қажетсінеді:
- шамадан тыс қанаудан;
- энергетикалық қаныққан машиналы өндіріс кезеңінде өмір мен денсаулықты қорғау. ҚР Еңбек кодексінде (ЕК) еңбекті қорғау — кешенді іс-шаралар мен құралдарды қамтитын, еңбек қызмет процесінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі [9].
Отандық ғалымдардың көзқарасы бойынша, еңбек құқығы жеке құқықтың да, жария құқықтың да элементтерінен көрініс табатын айырықша ерекшеліктерге ие. Бұл қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау нысанындағы еңбек заңнамасын сақтау бойынша мемлекеттік бақылау жəне қадағалаудың жүргізілуінен байқауға болады. Мысалға, мемлекеттік еңбек испекциясы көп жағдайда жеке құқықтық міндеттерге қарағанда, жалпы əлеуметтік міндеттерді шешеді. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басты қызметтері бұзылған құқықтарды қорғауға өтініш білдірген белгілі бір қызметкерлердің құқықтарын қорғауға ғана бағытталмайды, сонымен қатар барлық қоғам мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғауға да бағытталады.
ҚР Еңбек кодексінің (ЕК) 329-бабы мемлекеттік еңбек инспекциясы қызметтерінің қағидалары мен негізгі міндеттерін айқындайды: мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметі қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын сыйлау, сақтау жəне қорғау, заңдылық, əділдік, тəуелсіздік жəне жариялылық принциптері негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері: ұйымдарда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету; қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын сақтауды жəне қорғауды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мəселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын жəне шағымдарын қарау болып табылады. Байқағанымыздай, аталған бапта міндеттер жалпы əлеуметтік тұрғыдан қарстырылады жəне жария-құқықтық сипатқа ие [9].
Сонымен қатар қазіргі таңдағы заң ғылымдары «жазалаушы» ғана емес, «құқықты қалпына келтіруші» жауапкершіліктің жалпы превентивтік анықтамасын да көздейді. Еңбек құқығы ғылымында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау сипатындағы жауапкершіліктің «айыппұл» сипатындағы түрін қолдану мүмкіндігі қарастырылмайды. Бұл құқық бұзушыларға сəйкесінше санкцияларды қолдану жолымен олардың бұзылуын «алдын алуды» еңбек құқықтарын қорғау тəсілдері ретінде қарастыру дұрыс па деген сұрақтан туындайды.
Еңбек заңнамасын зерттей келе, аталған сұраққа оң жауапты таптық деп ойлаймыз.
Еңбек инспекциясының құқықтық мəжбүрлеудің басты тəсілі құқық бұзушыларды əкімшілік жауапкершілікке тарту болып табылады. Ешбір жағдайда да қылмыстық санкцияларды қолдануды қарастырмай, əкімшілік санкцияларды қолдануды еңбек құқықтарын қорғау ретінде қарастыру дұрыс емес. Сол себепті де еңбек заңнамасын бұзған жағдайда кінəлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау ретінде қарастыру жөн болар еді. Осыған байланысты жаңадан қабылданған ҚР ҚК еңбек заңнамасының бұзылуымен байланысты төрт бап, яғни 154 баптан 158 бапқа дейін, еңбек заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сəйкес, əркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан əлеуметтік қорғалуға құқығы бар [10]. Аталған құқықтарды бұзу белгілі бір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке əкелуі мүмкін. Аталған қылмыс меншік нысанына қарамастан, еңбек қатынастарындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Еңбекті қорғау саласындағы заңдылықты бұзған жағдайдағы жəбірленуші ретінде тек қана аталған кəсіпорынның, ұйымның жəне мекеменің тұрақты қызметкерлері мен жұмысшылары ғана емес, сонымен қатар уақытша жұмыс істейтіндер де болуы мүмкін [11].
2007 ж. ҚР ЕК-н қабылдаумен қатар еңбек заңнамасының реформасы жүзеге асырылған болатын, бірақ, тəжірибе көрсетіп отырғандай, əлі де ҚР ЕК-ін қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаумен байланысты нормалармен толықтыру қажет. Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаумен байланысты еңбек қатынастарындағы қызметкерлердің жағдайын тікелей реттеумен жəне оларға əсер етумен байланысты мəселелер əлі де нақты заңнамалық тұрғыда бекітілген жоқ. Оған дəлел ретінде, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің негізгі ұғымдары арасында, біздің көзқарасымыз бойынша, маңызды болып табылатын, «еңбек құқықтарын қорғау», «еңбек құқықтарын қорғау тəсілдері» сияқты түсініктемелері қарастырылмаған, бірақ еңбек құқығы ғылымында «еңбек құқықтарын қорғау» термині мен түсінігі бұрыннан бері қарастырылған [4].
Сонымен қатар ұлттық құқықтың жекелеген салаларының нормативтік-құқықтық актілерінде құқықты қорғау» термині жиі қолданылуда. Оған дəлел ретінде 1994 ж. 27 желтоқсанында қабылданған ҚР Азаматтық кодексінің 9 жəне 10-баптары азаматтық құқықтарды қорғауға арналған жəне, біздің ойымызша, оның мағынасын толықтай ашады. «Неке (ерлі-зайыптылық) жəне отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 ж. 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексінің 2-тарауы толықтай некелік-отбасылық (ерлі-зайыптылық) құқықтарды қорғау мен жүзеге асыруға байланысты мəселелерге арналған. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 8-бабы азаматтық іс жүргізуге қатысатын тұлғаның құқықтарын, бостандықтарын жəне заңды мүдделерін соттық қорғауға тоқталады. Осылардың ішінде тек қана Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 7-бабының 19-тармағында нақты құқықтарды қорғау мəселесіне көңіл бөлінген жəне келесідей түрде анықтама берілген: қорғау- қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтiрiлген, айыпталған адамдардың құқықтары мен мүдделерiн қамтамасыз ету, күдікті, айыптауды теріске шығару немесе жұмсарту, сондай-ақ қылмыстық қудалауға құқыққа сыйымсыз түрде ұшыраған адамдарды ақтау мақсатында қорғаушы тарап жүзеге асыратын процестік қызмет.
Жоғарыда аталғандардың негізінде, неліктен заң шығарушы билікпен ҚР Еңбек кодексін қабылдаған кезде қазіргі таңда өте өзекті жəне қажетті «еңбек құқықтарын қорғау» аспектісіне көңіл бөлінбеген, əлде Қазақстан Республикасында еңбек құқық қатынастарының субъектілері қорғауды қажет етпейді ме деген сұрақ туындайды.
Өкінішке орай, қазіргі таңда біздің елімізде еңбек саласындағы адам құқықтары əлі де өзінің орынын таппауда деген қорытындыға келуге болады. Бірақ та олардың бұзылуы көпшілік сипатқа ие (жалақының уақтылы төленбеуі, еңбекті қорғау бойынша құқықтарды бұзу, еңбек шартын заңсыз бұзу, жалақының төленбеуі жəне т.б.). Оған дəлел ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сайтынан алынған ақпарат болуы мүмкін. Сонымен прокуратура органдарының тексерістері нəтижесінде Батыс Қазақстан облысында жалақы бойынша берешек мөлшері 196 млн теңгені құрады. БҚО прокуроры орынбасарының айтуы бойынша, облыс прокуратура органдарымен 2014 ж. еңбек заңнамасын сақтау бойынша 16 тексеріс өткізілген болатын, оның негізінде 3164 заң бұзушылық табылған. Қазіргі кезге дейін прокуратура органдарымен облыстың тоғыз кəсіпорынында 416 қызметкерлердің алдында 52 млн теңге көлеміндегі қарыз мөлшері анықталған [12].
Мəселен, Қызылорда облыстық прокуратурамен облыс көлемінде азаматтардың еңбек құқықтарының, еңбек заңнамасының сақталуына, оның ішінде жалақының уақытылы төлену мəселесі бойынша прокурорлық қадағалау жұмыстары үнемі жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нəтижесінде 2014 ж. өткен мерзімінде 6 мекеменің 2 038 жұмысшылар алдындағы 264,6 млн теңге жалақы қарыздарының төленуі қамтамасыз етіліп, еңбек заңнамасын бұзған 4 тұлға əкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 06.02.–13.02.2014 ж. аралығында 1 мекеме 12 жұмысшысына 3,2 теңге мөлшерінде («ҚызылордаАвтоТранс» ЖШС-мен 3 294 069 теңге) жалақы қарызының төленуі қамтамасыз етілген. Дегенмен, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі 8 мекеме («Күрделі құрылыс басқармасы», «Миг-21», «Казнефтегазстрой», «Альянс Доломит «Импреза С.п.А.» АҚ-ның Қызылорда филиалы, «А.Тоқмағанбетов», «С.Сейфуллинжер» жəне «ҚалжанАхун» шаруа қожалығы) 1 104 жұмысшыға 45 983 599 теңге қарыз болып отыр. Сырдария аудандық прокуратурамен аудан бойынша салық басқармасынан 2013 ж. желтоқсан айында «А.Тоқмағанбетов» жəне «С.Сейфуллинжер» ЖШС-де 2012 ж. бері жалақы бойынша берешектердің қалыптасқаны көрсетіле отырып, олардың 2012–2013 жж. салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша тапсырылған салық есептіліктері туралы мəлімет сұратылып, нəтижесімен бұл серіктестіктер салық есептіліктерін нөлдік көрсеткішпен тапсырғандары белгілі болды. Алайда салық декларацияларын зерделеу нəтижесімен салық басқармасымен серіктестіктерде 2012 ж. бері жалақы бойынша берешектің қалыптасқанын біле тұра олармен табысталған салық есептіліктерінің шынайлылығына өз бастамасымен камералдық бақылау жүргізілмегендігі анықталды. Бұл ретте аудандық прокуратураның ықпалымен ғана аталған серіктестіктермен салық органына 2012–2013 жж. міндетті зейнетақы жарналары жəне əлеуметтік аударымдар бойынша 7,8 млн теңге берешектері көрсетілген қосымша салық есептіліктері тапсырылған [13].
Осыдан еңбек заңнамасын сақтамаудың салдарынан қызметкерлердің мүдделеріне ғана емес, алынбаған салық түрінде мемлекеттің мүддесіне де зиян келтіріледі. Жоғарыда аталған сомалар мөлшері прокуратура органдарымен тек қана бір бөлімшеге жасалған тексерістің нəтижесінде анықталғанын ескеру қажет.
Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет ресурсында көрсетілген мəліметтерге сүйенетін болсақ, 2014 ж. 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада жалақы бойынша берешек сомасы 738 млн теңгені құрады. Алғашқы үштікті — Алматы қаласы — 150,1 млн теңге, Қарағанды облысы — 162,2 млн теңге жəне Шығыс Қазақстан облысы 87,3 млн теңге мөлшерімен құрайды. Дəл осы уақытта, Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің мəліметтеріне сүйенсек, 2014 ж. I тоқсанында жұмыссыздардың саны 464 мың адамды құрады, ал жұмыссыздық саны 5,1 % тең болды, 2013 ж. I тоқсанына қарағанда көрсеткіш 10,4 мың адамға азайды, ал жұмыссыздық саны 0,2 % төменірек болды [14].
Аталған агенттіктің 2014 ж. қазан айында берген мəліметтеріне сəйкес, ірі жəне орта кəсіпкерліктер мен өнеркəсіптерге 82,3 мың адам қабылданған, əр түрлі себептер бойынша 78,4 мың адам жұмыстан шыққан. Жұмыстан шығушылар арасында тұрақсыздық себебінен жұмыстан шыққандардың саны 85,5 %, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс беруші — заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші — жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған жағдайларға байланысты — 3,1 %, басқа да себептер бойынша 11,4 % құрады. Сол жылдың қазан айында жұмысқа қабылдау бойынша айналым коэффициенті — 2,5 %, жұмыстан шығару айналымы — 2,4 %, жұмыс күшінің ағылу коэффициенті — 2,1 %. Аталған кезеңде еңбек күшін алмастыру коэффициенті 105,1 % құрады. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) сарапшылары 2014 ж. халықаралық еңбек нарығында жұмыссыздық санының өсу тенденциясы сол қалпында сақталады: 2013 ж. өзінде жұмыссыздар саны 5 млн адамға дейін көбейді, 2016 ж. дейін аталған көрсеткіш 200 млн адамға дейін жетеді [15]. Осындай талықсытпалы сандар бір қарағанда ХЕҰ-дың жұмыс орындарының қысқаруының өсуі, болашақта еңбек шартының бұзылуы бойынша болжамдары болуы мүмкін, сəйкесінше, қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзу фактілерінің көбеюіне əкелуі мүмкін. Себебі жұмыс орындарының қысқаруы жұмыс беруші тарапынан еңбек шартын заңсыз бұзумен тығыз байланысты болып табылады. Мұнда жұмыс беруші өзіне ұнамайтын қызметкерлерді жұмыстан шығаратынын атап өту қажет.
Зерттеу көрсеткендей, азаматтар өз еңбек құқықтарын қорғау үшін бірінші кезекте өз басшыларына (40,7 %), сирек — кəсіподақтарға немесе кəсіподақ ассоциацияларына (20,1 %) барады. Ары қарай басымдылықтар тізімінде — жеке адвокаттар (11,4 %). Қызығы, еңбек бойынша инспекцияларға жəне соттарға азаматтар маңызды рөлді бөлмейді — 8 жəне 7,1 % сəйкесінше. Мүмкін, бір жағынан, бұл еңбек мəселелерін «тыныш» — «жақсы» жолмен шешіп үйренген біздің адамдарымыздың менталитетімен түсіндіріледі. Азаматтық қоғам институттарының (жоғарыда айтып өткен кəсіподақтарды алып тастағанда) ролі туралы айтатын болсақ, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда оларға, мысалы, саяси партияларға, қоғамдық ұйымдарға, соның ішінде құқық қорғау жəне БАҚ хабарласудың тиімділігі жоғары болмайды [16].
Жоғарыда аталған статистикалық мəліметтерді ескере отырып, адам мен азаматтардың құқықтарын қорғаумен байланысты конституциялық бекітілімдердің декларативтілігін өткеру қажеттілігі туындайды. Шаралардың негізгі бағыты заң бұзушы жұмыс берушілерге мемлекеттік əсер етудің нəтижелі механизмін жəне қызметкерлердің еңбек аясындағы өзінің конституциялық құқықтарын өзіндік қорғау тетігін (яғни қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау тəсілдерін) əзірлеумен байланысты болуы қажет.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауда біркелкілік пен заңды анықтамасының болмауы салдарынан бұл мəселеге қатысты құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету қиындыққа соғады. Сол себепті де еңбек құқығы субъектілері əрекеттерінің арасында байланысты орнату туралы мəселе əлі де өзекті болып отыр.
Осыған байланысты, біздің ойымызша, қазіргі таңдағы қоғамның жұмыс істейтін бөлігі қазіргі Қазақстанның дамуына сай келетін, нақты, ойластырылған еңбек заңнамасын құруды қажет етеді. Яғни қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау тəсілдері туралы нормаларды қамтитын заңнама қажет. Сонымен қатар мемлекетіміз қызметкерлердің еңбек аясындағы өзіне тиесілі құқықтар мен экономикалық мүдделері үшін күресудің құқықтық мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету қажет, яғни оларды қолданудың тиімділігіне кепілдік беретін жəне нақты реттейтін нормаларды дайындауға міндетті.
Қазақстан Республикасында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау жүйесі əлі де қалыптасу кезеңінде. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл институт əлі де толықтай қалыптасқан жоқ, бірақ оның барын еліміздің Негізгі Заңы — ҚР Конституциясынан байқауымызға болады.
Сонымен, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мəселесі өзінің ауқымдылығымен ерекшеленетін жəне өзінің тұжырымдамалық негіздерінің ғылыми тұрғыда түсіндіру қажеттілігі бар, белгілі бір құқық нормаларының кең тобымен реттелінеді. Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау тетігі қазіргі таңдағы əлеуметтік-экономикалық дамуға сəйкес келуі тиіс, бұл, сəйкесінше, оларды қалпына келтірілуін жүзеге асыратын оның реттеу тəсілдерінің (өзін-өзі қорғау, кəсіптік одақтармен жəне соттық қорғау, еңбек заңнамасы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау) тұжырымдамалық аспектілерін зерттеумен байланысты.
Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың құқықтық мəселелері сəйкесінше заңнамалық реттеуді таппағандықтан, біздің ойымызша, аталған олқылықтарды қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мəселесін қарастыратын келісімдерді, ұжымдық шарттарды немесе жұмыс берушінің локальді актілерін қабылдаумен толтыру қажет.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша //Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: www.akorda.kz
- Яковлева А.В. Способы защиты трудовых прав работников (концептуальный аспект): Дис. ... канд. юрид. наук. — М., 1997. — 224 с.
- Толкунова В.Н. Трудовое право: Курс лекий. — М.: ООО «ТК Вельби», 2002. — С.
- Нурашева Б.Ш. Защита трудовых прав работников в Республике Казахстан: юридическая сущность и приоритетная роль профессиональных союзов: Дис. ... д-ра филос. наук. — Астана, 2014. — 149 с.
- Костян И.А. Защита субъективных прав и законных интересов: трудовой аспект: Моногр. — М.: Проспект, —С. 130.
- Нестерова Т.А. Защита трудовых прав в России: юридическая сущность и приоритетная роль государственных органов: Автореф. дис. ... д-ра юрид. наук. — Екатеринбург, 2005. — 43 с.
- Шубина Т.Б. Теоретические проблемы защиты права: Дис. ... канд. юрид. наук. — Самара, — С. 17, 18.
- Нургалиева Е.Н. Комментарий к Трудовому кодексу Республики Казахстан. Общая и особенная части. — Алматы: Жеті жарғы, 2009.
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы N 251 Кодексі //«Əділет» Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K070000251
- 1995 ж. 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: zan.kz
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсіндірме: 2 т. 1-кітап (1–174-б.). — Алматы: Изд-во «Норма-К», 2003. — 363, 364-б.
- На западе РК компании задолжали работникам 52 млн тенге. — [ЭР]. Режим доступа: http://kapital.kz/economic/28082/na-zapade-rk-kompanii-zadolzhali-rabotnikam-52-mln-tenge.html
- Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сайты // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://kzl.prokuror.kz/kaz/baspasoz/akparaty/oblystyk-prokuraturamen-enbek-zannamasynyn-saktaluyna-zhurgizilgen-prokurorlyk
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігінің ресми интернет қоры. — [ЭР].Қолжетімділік тəртібі: http://www.mzsr.gov.kz/node/308010/
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми интернет қоры. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.stat.gov.kz/faces/homePage/newsPageSearchResult?ID_UCM=ESTAT088813&_afrLoop= 18853646153318#%40 %3F_afrLoop%3D18853646153318 %26ID_UCM%3DESTAT088813 %26_adf.ctrl-state%3D115r9hjkkt_181
- «Еңбек жəне зейнеткерлік құқығы: Қазақстан Республикасында жұмысшылар мен жұмыс берушілер қаншалықты қорғалған» атты қоғамдық пікірді зерттеу нəтижесі бойынша талдау есебі («Еңбек нарығындағы құқықтық қорғанушылық бүгін — лайықты қарттық ертең» жобасының аясында «ЗУБР» Əлеуметтік корпоративтік қорымен жүргізілген). — 2010 ж.[ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.disable.kz/