Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстан Республикасында ақылы білім берудің ұйымдастырушылық-құқықтық мəселелері

Егер дін көңілің өзге нəрседе болса,білім- ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең,

ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады.

Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі.

Абай. «Отыз екінші қара сөз.»

 

Ақылы білім беру бүгінде қоғамда қалыпты жағдайға айналып, ақылы түрде жоғары жəне орта кəсіби білім беру, тіпті ақылы түрде орта міндетті білім мен мектепке дейінгі тəрбие беру кең етек алуда. Əрине, өз азаматтарының қаржылық жағдайына қарай барлық деңгейде білім алуын қамтамасыз етіп, тиісті мамандық алып, кəсіп иесі болсын деген мемлекеттің бұл саясатында еш кінə жоқ. Бұл демократиялық мемлекетте көрініс табатын жағымды құбылыс деуге болады.

Алайда ақылы білім беру мəселесіне тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, ол өз кезегінде қоғамда əлеуметтік теңсіздік, сапасыз білім беру мен қажетсіз маман дайындау, мемлекет жəне қоғамның интеллектуалдық элитасының заман талабына сай емес деңгейде қалыптасуы іспетті бірқатар мəселелерге негіз болып отырғанын байқаймыз. Ақылы білімді сырттай нысанда бітірген түлектердің саны бүгінде жүз мыңдап санауға келеді. Нəтижесінде, алған дипломының мамандығы бойынша жұмыс істей алмай жүрген адамдардың саны жеткілікті. Ең қауіптісі, аталған азаматтар тиісті дипломы болғандықтан, қоғам мен мемлекеттің элитасына жаппай шоғырлануда. Бұл мəселе кез келген салада кездеседі жəне басқаруда жұмыс істеп жүрген азаматтарға əбден белгілі. Осы жəне басқа да мəселелер зерттеу тақырыбын өзекті етіп отыр.

«Осы мəселе отандық ғылымда қаншалықты зерттелген?» деген сұраққа жауап беріп көрелік. Заң ғылымында ақылы білім беру мəселесіне қатысты кешенді ғылыми жұмыстар мүлдем жүргізілмеген. Осыдан он жылдан астам уақыт алдын бұл мəселеге қатысты профессор С.Ф. Ударцев біраз мақалалар жазып, зерттеулер жүргізгені бар. Өкінішке орай, зерттеу жұмыстары жалғасын таппады. Əрине, кеңестік заманда білім саласын құқықтық тұрғыдан зерттеген белді ғалымдар болды, олар: академик Ғ. Сапарғалиев, профессор А.А. Таранов жəне тағы басқалар. Алайда кеңестік заманда ақылы білім беру мүлдем болған емес жəне бұл мəселе ғалымдардың зерттеу пəнінен тыс қалды. Басқа заңгер-ғалымдар жанама түрде өз еңбектерінде жазғандары кездеседі, бірақ жоғарыда аталған мəселелердің жауабы берілген емес.

Ақылы білім беру мəселесін талқылаудан бұрын, бұл мəселенің білімнің түрлі деңгейінде түрлі сипатта көрініс табатынын, оған ықпал ететін факторлардың өзгешелігін жəне мемлекет пен қоғам үшін түрлі салдар туғызатынын айтқанымыз жөн. Осы тұрғыдан қарағанда, ақылы білім беру мəселесін зерттеуде мектепке дейінгі тəрбие мен білім беруді, орта міндетті білім беруді, жоғары жəне жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жеке-жеке қарастырғанымыз орынды.

Біріншіден, мектепке дейінгі тəрбие мен білім беру саласында ақылы қызмет көрсетуге тоқталайық. Мектепке дейінгі тəрбие беру мекемелерінің жетіспеуі жəне еліміздің жүз мыңдаған бүлдіршіндері тиісті тəрбие алмай жатқандығы баршаға мəлім. Елімізде адам саны кеңестік кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай көбейген жоқ. «Тəрбие мекемелері неге жетіспейді?», «Олар қайда кетті?» деген сұрақтарға жауап беріп көрелік.

Мəселенің өршіуіне бірқатар факторлар негіз болды жəне мұның тамыры тереңде жатыр десек, қателеспейміз. Ең алдымен, мектепке дейінгі тəрбиенің құқықтық негізінің əлсіздігінде. Еліміздің Ата Заңында бала тəрбиелеуге қатысты не айтылғандығына тоқталып кетейік. Егер іс жүзіндегі Конституцияның 30-бабында мектепке дейінгі тəрбие жəне білім беру жөнінде мүлдем айтылмаған болса немесе Конституцияның 27-бабында ана мен баланың құқықтары мемлекет тарапынан кепіл етілетіндігі туралы ашып айтылмаған болса [1], 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясының 121-бабында халықтың барлығына білім алудың барлық деңгейінде тегін білім алуына мемлекетпен кепілдік берілетіні туралы бекітілген. Сол Конституцияның 122-бабында ана мен баланың мемлекетпен ерекше қорғалатыны, тиісті көлемде перзентханалармен, бала- бақшалармен қамтамасыз етілетіні туралы айтылған. 1977 жылғы 7 қазанда қабылданған КСРО Конституциясының 53-бабында былай делінген: «Мемлекет балаларға арналған мекемелердің желісін жасау жəне дамыту, тұрмыстық қызмет пен қоғамдық тамақтануды ұйымдастыру жəне жетілдіру, жəрдемақы төлеу жəне өзге де көмек көрсету арқылы отбасына қамқорлық жасайды...» [2]. Яғни, Конституция мемлекет атынан нақты кепілдіктер беріп отыр жəне ол анық айтылған. Бала мен ана құқықтарының Кеңес Одағы кезінде жан-жақты қорғалып, қамтамасыз етілуі сол кездегі КСРО Конституциясымен тікелей көзделгенінің нəтижесі деп айтуға болады.

Ал енді Қазақстан Республикасы Конституциясында баланың құқықтары қаншалықты көрініс тапқан дейтін болсақ, ол, өкінішке орай, мəз емес. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27- бабында «Неке мен отбасы, ана мен əке жəне бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау жəне оларды тəрбиелеу — ата-ананың етене құқығы əрi мiндетi. Кəмелетке толған еңбекке қабілеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi» деген норма- лар көрініс тапқан. Көріп отырғанымыздай, бұл баптың нормалары формалды сипатқа ие, олардың құқықтық мəні жоқ десе де болады, яғни конституциялық норма емес, жай моралдық нормаға ұқсайды. Мұндай құқықтық норманың бүкіл заңнамалық базаға бастама болуына жағдайы жоқ екендігі анық көрініп отыр. Яғни, бұл бапта ана мен баланың мемлекетпен ерекше қорғалатындығы, баланың тəрбие жəне оқу орнымен қамтамасыз етілетіндігі туралы мүлдем айтылмаған. Мəселенің негізі осы жерде жатыр, яғни Қазақстан Республикасы Конституциясы бала мен ананың құқықтарын қорғау туралы кепілдік бермесе, ол, əрине, басқа заңдар мен заңға сəйкес актілерде көрініс таппайды. Конституцияның нормалары іс жүзінде тірі нормалар болуы қажет, оның ережелері мемлекеттің Негізгі Заңының нормаларына тəн белгілерге ие болып, мемлекет пен қоғам мүддесі үшін, басқа заңдар мен заңға сəйкес актілерге қажетті бастама бере алатындай сипатқа ие болуы қажет.

Теориялық жəне тəжірибелік тұрғыдан қарайтын болсақ, қолданыстағы заңдар конституцияға сəйкестігі бойынша толыққанды тексерілуі тиіс. Көріп отырғанымыздай, азаматтардың мектепке дейінгі тəрбие алу құқығы Конституцияның 30-бабында бекітілмеген жəне соның салдарынан біздің заңдар мен заңға сəйкес актілердегі мектепке дейінгі тəрбие беру мəселелерін реттейтін нормалар жүзеге асырылмай отыр.

Кеңес Одағының конституциялары қоғамның төменгі табын, яғни еңбекшілер мен жұмысшыларды, ерекше қорғауға алды, оларға артықшылықтар беріп, білім алуына мүмкіндік жасап, жан-жақты жағдай жасады. Ал қазіргі қолданыстағы Конституция адам құқықтарын тең етіп, жеке меншік пен мемлекеттік меншікті теңдей қорғалады деген ұранмен, мемлекеттік меншіктің басым көпшілігінен айырылып, қоғамның тек бір бөлігіне ғана жағдай жасауда. Мемлекет жəне құқық тео- риясы ғылым тұрғысынан мұны өтпелі кезеңнің құбылыстары ретінде түсіндіруге болады. Мұндай жүйесіз жекешелендірудің негізінде мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу құбылысы ТМД елдерінің көпшілігінде орын алды. Осындай өтпелі кезеңнің жағымсыз салдарынан балаларға арналған білім жəне мəдениет орталықтарының ғимараттары жеке меншікке айналып, мақсатсыз пайдалануға беріліп кетті. Мысалы, 90-жылдардың соңына дейін мемлекеттік бала-бақшалардың 87 пайызы жекешелендіріліп, жойылып кетіпті. Осының нəтижесінде қазіргі кезде бала-бақша мекемелерімен қамтамасыз ету күн тəртібіндегі мəселеге айналып, шешімін таппай отыр.

Соңғы кезде бала-бақша мəселесін шұғыл арада шешу қажет деген нұсқау Қазақстан Республи- касы Президентінің Жолдауларында, Үкіметтің бағдарламаларында көрініс тапқаннан кейін бұл мəселені шешуде алға жылжулар байқалады. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған жекешелендіру кезінде сатылып кеткен бұрынғы бала-бақшалардың ғимараттарын өз мақсатында пайдалану үшін қайта қалпына келтіру процесі жүргізілуде. Əрине, мемлекеттің меншігінде қалған, бірақ басқа ведомстволардың қарамағында болған ғимараттар туралы айтылып отыр.

Дегенмен, Қазақстан өзінің табиғи байлығының арқасында жиырма жылдың ішінде экономика- сын қалпына келтіріп, еңсесін көтеріп алды. Мемлекеттік бағдарламаны орындау мақсатында жүздеген жаңа бала-бақшалар салынып, бұл салада біраз алға жылжулар байқалады. Бірақ сонда да, əлі күнге дейін бала-бақшамен қамтамасыз ету мəселесі күн тəртібінен түсер емес. Еліміздегі бала- бақшамен қамтамасыз ету мəселесін шешу мақсатында ақылы түрде тəрбие беру қызметі енгізілді. Əдетте мұндай тəрбие беру мекемелері жеке меншікте жəне қарапайым халық үшін қымбат болып табылады. Бала-бақшаның бір айлық ақысы қарапайым жұмыскердің айлық жалақысымен пара-пар. Қоғамның элитасына арналған кейбір ақылы бала-бақшалардың айлық ақысы тіпті орта буындағы халықтың да қалтасы көтермейді. Əрине, ақылы түрде баласын тəрбиелетіп отырған азаматтарға төлем ақысының жартысын мемлекет қаржыландыру жағдайы да кездеседі. Бірақ ол қатынастарды реттейтін заңға сəйкес актілердің олқылықтары мен кемшіліктері қарапайым халықтың баласын тəрбие мекемелерінде орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызбай отыр.

Ақылы мектепке дейінгі тəрбие берудің негізінде, яғни кімнің баласы қандай бала-бақшаға баратындығы арқылы, қоғамда белгілі бір деңгейде əлеуметтік тапқа бөлінуді байқауға болады. Демократиялық қоғамда тапқа бөліну кездеспейді деп қанша ұрандатқанымызбен, ақиқатқа көзді ашып қараған жөн. Əлеуметтік теңсіздікте оқу бітіріп, жұмысқа кіре алмай жүргенде көрген бір бөлек, ал бесіктен белі шықпай жатып бай-кедей дегенді көру бала үшін ауыр тиетіні анық. Мейлі ата-анасының жағдайы нашар, тіпті маскүнем болсын, бірақ баланың құқықтары бұзылмауы қажет. Баланың туыла салып ата-анасы үшін өмірден таяқ жегені əділдікке жатпайды. Дəл осындай əлеуметтік жағдайды шешу үшін мемлекет деген саяси ұйым құрылған. Ж.-Ж. Руссо, Т. Гоббс сияқты ғұламалар айтып кеткен мемлекет. Мемлекет адамның жастайынан өмірдің əділетсіздігін көрмеуі үшін осындай мəселенің алдын алып, тиісті шара қолдануы тиіс. «Өзінің басты функцияларының бірін атқара алмаған мемлекеттен қандай үміт күтесің?» деген сұрақ туындайды.

Бұл мəселе келешекте шешімін табады, қазір мемлекеттің бюджеті көтермейді деген сылтаулар біздің ел үшін кешірім етпейтін жағдай. Бала тəрбиелеу адами капиталды қалыптастырудың ең бірінші жəне маңызды сатысы екендігін ұмытпаған жөн. Бұл жерде бізге жапон елінің тəжірибесін алсақ, жаман болмас еді. Бүгінде адами капиталды қалыптастыру мəселесі дамыған жəне дамушы елдердің барлығында дүниежүзілік деңгейде өзекті болып отыр. Себебі экономист-ғалымдар заман талабына сай адами капиталсыз мемлекетте ешбір алға жылжу болмайтындығын дəлелдеп қойды. Бұл мəселеге қатысты Нобель сыйлығының лауреаттары Саймон Кузнец, Гэри Беккер жəне Теодор Шульцтың еңбектерінде ашық айтылған. Саймон Кузнец ғылыми-техникалық прогресс болу үшін елде қажетті адами капиталдың қоры болуы тиіс, онсыз экономиканың келесі технологиялық деңгейіне өтуге мүмкіндігі жоқ деген екен. Бүгінгі таңда дамушы елдердің ішінен Сингапур, Гонконг, Тайвань жəне Оңтүстік Корея сияқты елдерге ғана дамыған елдердің қатарына енуге мүмкіндік туды. Мамандардың пікірінше, болашақта дамушы елдердің 5 % ғана дамыған елдердің қатарына енуі мүмкін. Өзге дамушы елдердің мұндай мүмкіндігі жоқ [3]. Яғни, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бізге аталған 5 %-дың ішінде болуымыз керек. Ол деген үлкен бəсекелестікті, нақтырақ айтқанда, адами əлеует бəсекесін аңғартып отыр.

2007 жылғы 27 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 3- бабында білім саласындағы мемлекеттің саясатының қағидаларының бірі ретінде халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімдік жəне оқыту мен тəрбиенің бірлігі бекітілген. Осы баптың нормалары формалды сипатты иеленіп, іс жүзінде жұмыс істемей тұр.

Мектеп жасына дейінгі балалардың дұрыс тəрбие алуы, олардың ақыл-ойы мен денсаулығының тиісінше жетілуі–қоғам мен мемлекеттің маңызды мəселелерінің бірі. Сондықтан да балаларды бала- бақшамен қамтамасыз ету мəселесін заңдастыру қажеттігі туындап отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерту енгізуге мүмкіндік болмаған жағдайдың өзінде Қазақстан Республикасы

«Білім туралы» Заңына «мектеп жасына дейінгі балаларды тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі тəрбие жəне оқу мекемесімен міндетті түрде қамтамасыз ету қажеттігі» туралы толықтыру енгізу қажет. Заңға мұндай толықтыру енгізілмейінше, бұл мəселе шешіледі деу қиын.

Бала — тəуелсіз еліміздің болашақ азаматы. Оны дұрыс тəрбиелеп, білім беру — бүгінгі ұрпақтың борышы. Қазақта «баланы жастан» деген қанатты сөз бар, яғни ертең кеш болып қалмау үшін балаға жас кезінде тиісінше тəрбие беріп, білім алу үшін мықты іргетасын қалау қажет.

Орта міндетті білім туралы сөз қозғасақ, жағдайдың сəл болса да жақсы екендігін байқаймыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында келесідей ережелер көрініс тапқан:

«Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi» [1]. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында бекітілген ережелер БҰҰ шеңберінде қабылданған 1948 жылғы «Адам құқықтары жөніндегі жалпы декларацияға», 1966 жылғы «Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге» жəне басқа да халықаралық актілерге сай келеді. Ол дегеніміз орта білім саласындағы Республикасы Конституциясының құқықтық нормалары халықаралық стандарттарға сай етіп жасалғандығын жəне демократиялық өркениетті ел екендігін білдіреді.

Ақылы орта білім туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында жəне 2007 жылғы 27 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында да айтылмаған. Бұл заңдағы олқылық ақылы орта білім беруге жанама түрде рұқсат беруді білдіреді. Осының нəтижесінде елімізде орта білім беретін «Хэйлибери», «Мирас» іспетті элитаға арналған ақылы орта мектептер пайда болды. Бұл мектептерде сабақтар ағылшын тілінде өткізіліп, білімнің сапасына де- ген талап өте жоғары. «Хэйлибери» мектебі — əлемге танымал мектептің филиалы. Ол мектептің ұстанатын саясатының бірінші қағидасы — сапалы білім беру. Себебі олар өздерінің беделін жоғалтпауға тырысады. Əрине, тиісінше жылдық төлемақысы да өте жоғары, шамамен 30-40 мың АҚШ долл. құрайды.

Елімізде халықаралық білім сапасына сай келетін білім беретін мектептердің болғаны абзал, бірақ оның тек қоғам мен мемлекеттің элитасына ғана қолжетімді екендігі өкінішті жағдай. Бұл оқу орнын тəмамдаған түлектердің, жай мектептердің түлектеріне қарағанда, айырмашылығы жер мен көктей десек, қателеспейміз. Ата-анасының қамқорлығымен сапалы ақылы мектепті бітірген түлектердің жақсы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі көп. Олар шетелдің танымал жоғары оқу орындарынан білім алады. Əрине, келешекте дəл осы балалар мемлекеттің элитасын қалыптастыратыны анық. Ал Конституциямен кепілдік берілген тегін орта білімді алған балалар еліміздің жоғары оқу орындарына түсіп, оны бітіріп, сол төменгі жəне орта буында қала береді. Тіпті мектепті «Алтын белгімен», ал ұлттық университетті «үздік дипломмен» бітірсе де, жұмыс іздеуге мəжбүр болып, мамандығы бойынша жұмыс істей алмай күн кешеді. Бұл ақиқат жəне оны біз жоққа шығара алмаймыз. Мұнда біз немістің философы Шиллердің: «Ақиқатты мойындамасаң, ақиқаттың түгі кетпейді, одан қоғамның өзі опық жейді», — деген сөздерін ұмытпағанымыз жөн.

Мұнда келесідей сұрақтар туындайды: «Неге қазақтың қарапайым халқынан шыққан дарынды балалары өзінің біліміне сəйкес жоғары қызметке орналаса алмайды?», «Неге шенеуніктердің балала- ры олар кеткенде олардың лауазымын басуы керек?», «Біз демократиялық жəне құқықтық мемлекет- те өмір сүріп жатқан тең құқылы азаматтар емеспіз бе?», «Ақиқат пен əділдіктің ұштасатын тұсы қайда?»

Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында «Заң мен сот алдында жұрттың бəрі тең. Тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жария етілген. «Ал енді өзінің ата-анасының əлеуметтік жағдайы нашар екендігінде баланың кінəсі не?», «Неге ол өмірдің əлеуметтік əділетсіздігін бала кезінен бастап көруі керек?», «Неге ол жалпы орта мектептерден сапасыз білім алып, сапасыз жоғары білім беретін аймақтардағы оқу орындарында оқуы қажет?», «Əлеуметтік əділдікті орнатушы мемлекет қайда?» деген сұрақтар туындайды.

Əрине, Назарбаев интеллектуалдық мектептер ашылып, қазақтың қарапайым балаларына жарыққа шығуға үлкен мүмкіндіктер туды. Бұл да Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың көрегендігі мен даналығының арқасы десек, қателеспейміз. Дəл осы балалар — еліміздің болашағын жасайтын аза- маттар. Бірақ бұл игі бастаманың əлі де мемлекеттен зор қолдау қажет ететіндігін ұмытпаған жөн. Себебі, статистикалық мəліметтер көрсетіп отырғандай, бұл мектептердің түлектері əлі де, Қазақ- түрік лицейінің түлектеріне қарағанда, əлсіздеу болып отыр.

Айтылған мəселелер тұрғысынан қарағанда, элитаға арналған ақылы орта білімнің жағымсыз тұстары байқалады. Аталған сұрақтар қарапайым халықтың əрбірінің көкірегін кернеп жүр десек, қателеспейміз. Сондай-ақ бұл жағдай халықтың мемлекеттік билікке деген сенімсіздігін оятып, нигилистік көзқарастардың туындауына əкеп соғады.

Бұл мəселеден шығудың бір ғана жолы бар. Ол барлық ақылы білім беретін орта мектептерге мемлекет тарапынан нақты талап қою қажет, яғни қанша баланы ақылы түрде оқытса, сонша баланы тегін оқыту туралы шарт қою жайлы. Егер мемлекет мұндай талап қоюға белгілі бір себептермен дəрменсіз болса, мемлекет қаражатынан дарынды балалардың төлемақысын жауып отыру қажет. Ең бастысы, бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, оқуға қабылдау туралы ережелерін жария түрде, ашық өткізу керек. Осы жағдайда ғана əлеуметтік əділдік орнап, халық арасында мемлекеттің саяса- тына деген мін болмайды. Қазіргідей тұрақсыз заманда ел ішіндегі тұрақтылыққа жəне мемлекеттік саясатқа сенімсіздік мəселесіне аса мұқияттылықпен қараған жөн.

Ақылы білімнің жоғары жəне жоғары оқу орнынан кейінгі мəселелері өте өзекті жəне үлкен пікірталастар тудыруда. Құқықтық тұрғыдан қарағанда ақылы жоғары білім берудің олқылықтарын тікелей Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабынан байқауға болады. Ол бапта келесідей ереже көрініс тапқан: «Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар. Жеке меншiк оқу орындарында ақылы бiлiм алу заңмен белгiленген негiздер мен тəртiп бойынша жүзеге асырылады. Мемлекет бiлiм берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек».

Шынайы өмірде болып жатқан жағдай бұл нормаға қарама-қайшы келеді. Себебі ұлттық жəне мемлекеттік жоғары оқу орындарында студенттер мен магистранттар ақылы түрде білім алуда. Тіпті ақылы түрде оқитын балалардың саны грантта оқитындардың санынан анағұрлым басым болып келеді. Ал енді жеке меншік оқу орындарында мемлекеттік грант арқылы білім алатын адамдардың да саны аз емес. Тіпті кейбір мамандықтар бойынша грант арқылы дайындалатын студенттердің са- нын толығымен жекелеген жеке меншік оқу орындарына берген екен деген жағдайлар да кездеседі.

1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына осы уақытқа дейін үш мəрте өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті. Ал 30-баптағы ақиқатқа сай келмейтін норма əлі де өзгеретін емес. Бұл жағдай елімізде білім саласындағы заңнаманы зерттейтін бірде-бір ғылыми орталық жоқтығының тағы бір дəлелі. Мəселен, қолданыстағы заңнамаға, соның ішінде білім саласындағы заңнамаға мониторинг жасап отыратын орган ретінде Əділет министрлігі немесе оның жанындағы Заңнама институты танылады. Бірақ, өкінішке орай, ол жерде білім саласындағы заңнаманың мəселелерімен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар жоқ. Білім жəне ғылым министрлігінде де заңнаманы мониторинг жасайтын ғылыми кеңес беруші орган ашылмаған. Білім жəне ғылым министрлігі жанында жүздеген акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктер қызмет етіп жатыр. Тек заңнаманы зерттейтін ұйым жоқ. Осының салдарынан білім жəне ғылым са- ласында өрескел құқық бұзушылықтар орын алғанын білеміз. Айтылғанға дəлел ретінде келесідей мəліметтерге көз жүгіртейік. Қазақстан Республикасының бұрынғы Əділет министрі Р. Түсіпбековтің мəлімдеуінше, 2010 жылдың 5 ай аралығында Əділет министрлігінің қызметкерлері орталық мемлекеттік органдардың 320 нормативтік-құқықтық актілерін қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді деп тауыпты. Соның ішінде ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің № 121 бұйрығы, Денсаулық сақтау министрлігінің № 146 бұйрығы қолданыстағы заңнаманы бұзды деп танылған. Соңғы төрт жылдың ішінде ҚР Білім жəне ғылым министрлігі тарапынан 80 нормативтік-құқықтық акті мемлекеттік тіркеуден өтпей тəжірибеде қолданыста болған [4]. Яғни біздің талқылап отырған мəселеміз шынайы өмірден алынған жəне нақты дəлелдері бар.

Бүгінгі таңда жоғары білім саласындағы қолданыстағы заңнаманың олқылықтар мен қарама- қайшылықтарға толы болуының нəтижесінде жоғары білім алып шыққан мыңдаған түлектер жұмысқа орналаса алмай, дипломы бар жұмыссыздардың қатарын толтыруда. Білім жəне ғылым министрлігінің ресми мəліметтеріне сүйенетін болсақ, 2011 жылы елімізде 148 жоғары оқу орны қызмет етіп, 620442 студент білім алды. Соның ішінде 140533 студент мемлекеттік грант бойынша білім алған екен [5]. Ал енді бір студенттің бір жылдық шығыны орташа есеппен санағанда 500 000 теңгені құрайтындығын ескерсек, мемлекеттен бөлінетін қаржының бір жылдық шығыны 70 млрд теңгені құрайтындығын байқаймыз. Сондай-ақ мұнда жоғары білім саласындағы негізгі құралдарды ұстау мен жөндеуге, оқу-əдістемелік құралдар алуға, оқытушы-профессорлық құрамның əлеуметтік жағдайына жəне өзге де мақсаттарға жұмсалатын шығындарды қоссақ, бұл сома анағұрлым көбейеді. Ендігі кезде мемлекеттік грантта оқитын студенттердің қаншасы жұмыспен қамтылып жатыр, қазынадан бөлінген миллиардтаған шығыннан мемлекетке қандай пайда бар деген сұрақ туындайды. Мемлекеттің қаржысы дегенде, оның көлемі мен қалай жұмсалып жатқандығына халық аса көңіл бөле бермейді. Бірақ бұл қаржы сол халықтың салықтарынан жиналатыны жəне бұл шығындардың сұрауы болу керектігі туралы мəселе көпшілікті толғандырмайды. Мұнда тек мемлекеттік грантпен оқып жатқан студенттер туралы ғана əңгіме болып отыр жəне ақылы бөлімде оқитын 500 мыңға жуық студенттің болашағы айтылып отырған жоқ. Ол 500 мың студент жоғарыда айтылған орта жəне кіші буындағы халықтың өкілдері жəне бұлардың көпшілігі сырттай білім алады. Ал сырттай білім алудың қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқандығы барлығына мəлім. Мұны жоғары оқу орында- ры, əсіресе жеке меншік жоғары оқу орындары тарапынан жасалып отырған алаяқтық десек, еш қателеспейміз.

Ақылы түрде жоғары білім берудің қоғам мен мемлекет үшін зиянды екендігін айтар болсақ, же- ке меншік оқу орындарының өкілдері «əлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің барлығында жеке меншік жəне ақылы білім кең тараған» деген уəж айтады. Ақылы білім беруден мемлекет қазынасына үлкен қаражат түсетінін алға тартады. Əлемдік деңгейде өзінің жоғары білім жүйесімен əйгілі болған елдер білімді сатудан үлкен ақша жасайтыны рас, бірақ олар оны шетелдік азаматтарға сатады. Шетелдік жоғары оқу орындары сыртқа сататын ақылы білімнің сапасына аса көңіл бөлмейді. Мұнда білім нарығындағы экспорт көлемі басты орында тұрады. Статистикалық мəліметтерге сүйенетін болсақ, шетелдік азаматтарға білім беретін ең ірі елдерге мыналар кіреді: АҚШ — 580 мың, Ұлыбритания — 233 мың, Германия — 200 мың, Франция — 160 мың, Австралия — 157 мың, Қытай — 141 мың, Ис- пания — 124 мың адам. Ресей 8-ші орында екен. Бұл көрсеткіш Ресей елінің мүмкіндіктерін ескеретін болсақ, өте аз. Сондықтан да Ресей Үкіметі 2010-2020 жылдар аралығына білім қызметін экспорттауға қатысты арнайы бағдарлама қабылдап, əлемдік деңгейде лайықты орынды иелену мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Ал Қазақстан халқы — ТМД елдерінің ішінде Ресейдің білім нарығында ірі тұтынушыларының бірі. ЕурАзЭҚ шеңберінде білім нарығы үшін Ресейдің Қазақстанмен əріптестік орнатып, ашық нарыққа түсуінің себептерінің бірі осында.

Көріп отырғанымыздай, ақылы білім беру тек шетелдік азаматтарға берілгенде ғана мемлекет тарапынан қолдау табады. Ал Қазақстанда басым көпшілік жағдайда сапасы нашар ақылы жоғары білім өз еліміздің азаматтарына берілуде. Яғни, сапасыз білімді сатудан өзінің жүз мыңдаған азамат- тарын теріс дами капиталдың қорына айналдырып жатыр. Сапасы нашар білім алған ол азаматтар өз жұмысын білмей, мемлекет пен қоғамның қажетіне жарамай отыр. Мамандарың пікірінше, дəл сол дипломы бар теріс адами капитал, біріншіден, өз кəсібін білмегендіктен, міндетін атқара алмай, жақсы мамандарың орнын алып отыр, екіншіден, қолынан келетін қоғам үшін пайдалы төменгі сатыдағы жұмыстарға да бармайды.

Жоғарыда айтып кеткендей, ақылы білім беру, əсіресе жеке меншік оқу орындарындағы жаппай сырттай диплом беру теріс адами капиталдың қалыптасуына негіз болып отыр. Теріс адами капиталға, сонымен қатар білімі мен біліктілігі нашар, жалқау, маскүнем, нашақор адамдарды да жатқызуға болады. Бірақ соның ішінде элитаға еніп кеткен теріс адами капитал аса қауіпті болып та- былады. Бұл мəселеге қатысты өз заманында белгілі классиктері Д. Тойнби жəне М. Вебер былай де- ген екен: «Халықтың элитасы — оның даму бағытын анықтаушы, яғни алға жылжуының, сондай-ақ тоқтап тұру немесе артқа кетуінің де басты факторы».

Адами капиталды қалыптастыруға инвестиция салудың ішінде тиімді элитаны қалыптастыруға инвестиция салу маңызды болып табылады. Ресейдің белгілі ғалымы Г.К. Ашин өз еңбектерінде шы- найы элитаны қалыптастыру қажеттігі туралы жəне жалған элита қоғам мен билікті деградацияға ұшырататындығы жөнінде негіздеп айтып кеткендігі де ғылыми ортаға мəлім [6].

Жоғары білімді ақылы түрде сырттай бергеннен көрі бермеген мемлекеттің болашағы үшін тиімді. Жоғары білім деген білікті маман болудың өлшемі емес. Мəселен, əлемнің ең дамыған елдердің бірі Швейцарияда халықтың 15 %-ы ғана жоғары білім алады екен. Қалған халық кəсіпкерлік жəне басқа да қызмет түрімен айналысып, тіршілігін жасап жүр. Ал біздің қазақтардың бір басында 2-3 дипломнан бар жəне соның біреуі де оның өміріне жəне мемлекет үшін де қажет бо- лып жатқан жоқ.

Ұлы ойшылдардың элитаға қатысты сөздері маңыздылығын жоғалтар емес. Біздің жағдайда басқарушы жəне билік етуші элита болашақ үшін қауіпті жолмен қалыптасуда. Мұндай жағдай тек біздің елге емес, ТМД елдерінің басым көпшілігіне тəн деп айтуға болады. Теорияда мұндай жағдайды өтпелі мемлекетке тəн құбылыс деп ақталуға тырысамыз. Алайда жалған элитаның билік басына кедергісіз шығуы бүгінгі күні де тоқтайтын емес.

Түптеп келгенде, ақылы білім беру біздің елге пайдасынан гөрі, зияны көп екендігін байқаймыз. Ақылы білім беру интеллектуалдық қабілеті жоқ адамдардың жоғары білім алуына негіз болып отыр. Бұл өте қауіпті жағдай. Жоғарыда айтқанымыздай, ақылы білім тек білім қызметін экспортқа шығаратын елдерге ғана тиімді. Ол елдер өз еліне маман дайындап жатпағандығын білгендіктен, ақылы білімді сапасыз болса да шетелдіктер сатуды жоғарылатуда.

Жалпы алғанда, білім жүйесінің мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болып та- былатын, заман талабына сай интеллектуалдық əлеуетті қалыптастырушы күш екендігін білгеніміз абзал. Білім жүйесі еңбек нарығында бəсекеге төзімді маман қалыптастыратын жоғары кəсіби білім беруді қамтамасыз етуі тиіс.

 

Əдебиеттер тізімі

  • Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз (2011 жылғы 2 ақпандағы берілген өзгерістер мен толықтыруларымен). — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://ug.zanmedia.kz/index. 06.2010 г.
  • Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. Конституциялық актілер / Құраст. Ж.Бəйішев. — Алматы: Жеті жарғы, 1997. — 28-б.
  • Корчагин Ю.А. Модернизация экономики России невозможна без изменения парадигмы развития и модернизации человеческого капитала. — [ЭР]. Режим доступа: http://2020strategy.ru/data/2012/01/17/1214557339
  • Тусупбеков Р.Т. О ходе        реализации     Концепции     правовой     политики РК.        — [ЭР]. Режим           доступа: http://ug.zanmedia.kz/index. 06.2010 г.
  • Мониторинг деятельности вузов. Официальный сайт МОН РК. — [ЭР]. Режим доступа: http://www.edu.gov.kz/ru
  • Ашин Г.К. Элитное образование // Общественные науки и современность. — — № 5. — С. 28.

 

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.