Халықтың көші-қон феномені соңғы жылдары этноəлеуметтік жəне этносаяси бағыттарын айқындайтын нақты факторлармен көрініс беріп отырған күрделі жəне көп қырлы процеске айналды. Зерттеушілер оның теориялық жəне практикалық алғышарттары мен олардың əлемнің негізгі аймақтарындағы əлеуметтік-саяси процестерге тигізетін əсерлерін бөлек алып қарастырады. Бұл процестерге баға беру үшін көші-қонның мəн-мағынасын ашатын кейбір еңбектерге тоқтала кетейік.
Бұл еңбектердің бірінші тобында көші-қон халықтың өзгеше бір қозғалысы ретінде, оның ел ішіндегі салалық, аумақтық, кəсіби жəне əлеуметтік жіктелу жағдайында көшіп-қонуы сипатталады [1]. Екінші топқа жататын еңбектерде көші-қон механикалық, кəсіби жəне салалық қоныс аударудың жиынтығы ретінде жəне осыған байланысты пайда болатын халықтың нақты аумақтық құрылымына қатысты жеке тұлғалардың қоныстануындағы өзгерістермен түсіндіріледі [2].
Үшінші топқа кіретін зерттеулердің авторлары көші-қонға жаппай бұқаралық, əлеуметтік- демографиялық процесс ретінде баға береді [3].
Соңғы, төртінші, топтағы еңбектерде көші-қон кеңістіктегі кез келген көшіп-қону жəне жедел өзгеріске ұшырап отыратын əлеуметтік-экономикалық ахуал да халықтың жаппай қозғалысын реттеп отыратын барынша ширақ əдіс-тəсілдердің бірі ретінде қарастырылады. Мұндай кең көлемде саралану көші-қонда көп фактор болуымен түсіндіріліп, оның əр алуан елдердегі түсініктемесі нақты бір көріністермен белгіленеді де, бұл шетелдерде де, біздің елімізде де ғылыми тұрғыда беріледі. Бірінші топ жөнінде айтар болсақ, көші-қонға елдің ішіндегі көшіп-қону жəне бірыңғай, жергілікті дəрежеде қоныс аудару деп баға береміз. Алайда бұл жағдайда «көшіп-қону» санаты нақты жағдайда шынайы біліктілік қорытындысын бере алмайды. Негізінде салалық, аумақтық жəне əлеуметтік қайта орналастыру, айталық, бір қала немесе бір аудан, сонымен бірге тұтастай ел аймақтарында ғана мүмкін болады. Мұндай жағдайда жоғарыдағыдай көшіп-қонуды тудыратын себептер: өкімет органдарының шешімі, еңбек нарығындағы ахуалдың өзгеруі, барынша мол еңбекақы табуға ұмтылу, тұрған жеріне жақындық, некеге тұру жəне т.б. болуы мүмкін [4].
Екінші топты жан-жақты қарастыра отырып, көші-қонды демографтар арасында кеңінен танымал, халықтың механикалық көшіп қонуы ретінде қабылдамаймыз. Біздің ойымызша, мұндай көзқараспен бұл қозғалыстың нақты бір адамдардың пікірлеріне, шешімдеріне жəне ниеттеріне байланыстылығын жоққа шығаруға болады. Механикалық қоныс аударуды тұтас мемлекет қарауына алады жəне соған ғана халықтың қоныс аударуы үшін шешім шығаруына ерекше құқық беріледі. Сонымен қатар механикалық көшіп-қонудың кəсіби жəне салалармен қабыспауы көші-қонды мемлекеттік тұрғыда реттеуді жетілдіруді біліреді. Яғни, тек мемлекет қана халықтың құрылымына қайда жəне қандай өзгерістер енгізу қажет екенін шеше алады.
Көші-қонның мəн-мағынасын ашатын барынша дұрыс анықтама, біздің ойымызша, үшінші топқа кіретін еңбектерде берілген. Расымен де көші-қон, жаппай сипаттағы, тек халықтың құрылымына ғана емес, сонымен бірге оның элементтері арасындағы қатынастарға да өзгерістер енгізеді. Көші-қонды зерттеу барысында тұңғыш рет «əлеуметтік» деген ғылыми түсініктің енгізілуі маңызға ие болып отыр. Бұл нақты қоғамдық процестерден пайда болатын зерттеулерге үлкен мүмкіндіктер тудырды. Көші-қонға əлеуметтік түсініктің берілуі көші-қон саясатының жекелеген рестриктивті, экспансионистік, инклюзивті көріністерінің айырмашылықтарын айқындай отырып, барған сайын мəн-мағынасын аша түседі.
Төртінші топқа кіретін еңбектердің авторлары кез келген көшіп-қонуға қоныс аудару деп сипаттама бере келіп, көші-қонға нақты тарихи, əлеуметтік-экономикалық, əлеуметтік-саяси мəн бермеуді ұсынады. Мысалы, Ə.Ысқақ көші-қон — бұл көшіп-қону, қоныс аудару, мысалы, елдің ішінде немесе бір елден бір елге көшіп-қонуды білдіреді, дейді. Бұған əмбебап түсінік ретінде келісуге болғанымен, іс жүзінде көші-қонның нақты ауқымы одан əлдеқайда кең жатыр. Мемлекеттің көші-қон бағдарламасында қолданылатын негізгі түсініктер мен терминдер тізімдемесінде көш-қонға тұрғын жайды өзгертуге байланысты халықтың аумақтық қоныс аударуын білдіретін табиғаты сан- салалы тұтас ұғым ретінде баға беріледі [5].
Көші-қон құқығының бұрын қарастырылмаған, жаңа талдау жүйелерін анықтай отырып, оның соңғы жылдары қоғамдық өзгерістерге сəйкес келетін сапалық өлшемдерін анықтап көрелік. Ол үшін көші-қонның жіктелу белгілерін талдау керек. Ғылыми əдебиеттерде, заңдарда көші-қонның түрлері, типтері жəне нысандары кіретін жіктелу сызбасының санаттары жеткілікті көрсетілген [6].
Авторлардың пікірінше, көші-қон түрлерін талдау көші-қон шеңбері мен құрамын анықтау үшін қажет. Жоғарыда көрсетілген еңбектерде көші-қонның қайтарылмайтын, маусымдық жəне бағдарлаушы деп аталатын үш негізгі түрі бөліп қарастырылады. Авторлардың көзқарасы бойынша, олар қоғамның өндіріс күштерінің дамуына байланысты болғандықтан, елеулі маңызға ие болады жəне өндірістің жекелей жəне заттай факторларына қатысты болады. Одан басқа да олар еңбек элементтерін жан-жақты біріктіру сияқты міндеттерді де шешуге мүмкіндік береді.
Қайтарылмайтын көші-қон бұл жағдайда аумақтық қайта қоныстандыруға əкелетін халықтың ауқымды қоныс аударуы ретінде түсіндіріледі. Көші-қонның бұл түрі бір мезгілде екі жағдайда көрініс береді: біріншіден, тұрғындар бір мекенжайдан екіншісіне көшіп-қонады, екіншіден, көшіп- қону тұрақты мекенжайын ауыстыруды білдіреді.
Маусымдық көші-қон ең алдымен еңбекке жарамды халықтың қайтып оралу мүмкіндігін сақтай отырып, уақытша жұмыс орны мен мекенжайға көшіп-қонуын айтады. Мұндай көші-қондар жұмыс кезеңі өндіріс уақытына сəйкес келмейтін салалары басым бірқатар аудандырдың экономикасына байланысты пайда болады. Нəтижесінде жұмыс көлемі көбірек салалар маусымдарда əдеттегіден гөрі жұмысшы күшіне зəру болады. Бұл қажеттілікті жергілікті еңбек ресурстары қанағаттандыра алмайтындықтан, қосымша жұмысшы күші елдің басқа аудандарынан тартылады.
Бағдарлаушы (маятниковая) көші-қоны — бұл халықтың күн сайын немесе апта сайын тұрғылықты мекенжайынан əр түрлі жерде орналасқан жұмыс орындарына барып қайтуы болып табылады.
Келтірілген анықтамалардан көші-қонның нақты бір түрлерінің аймақтар арасындағы қозғалыстарды реттеу (түрлі бағыттарда жəне əкімшілік-аумақтық өлшеммен), халықтың экономикасы алға басқан аудандарға орналастыру, бір аймақтағы халықтың барынша белсенді көші- қон қозғалысын көтермелеу жəне оны басқа жерлерде тұрақтандыру функцияларын орындайтынын көреміз. Сол себепті ол, бір жағынан, еңбек өнімділігін төмендеуін болдырмайтын, екінші жағынан аймақтарды жұмысшы күшімен қамтамасыз ететін қажеттілікке байланысты экономикалық міндеттерді шешуде елеулі роль атқарады. Қазақстанда бұл облыстар мен аудандар, қалалар арасындағы шартты сипатта болған көші-қон саясатының əр түрлі дəрежеде тұтас ел ішінде де, облыстар бойынша да көші-қон ауқымын бағдарлауға мүмкіндік беретін жұмысшы күшін топтастыруға жағдай туғызуымен түсіндіріледі.
Бүгін белгілі болып отырғандай, бұрынғы аумақаралық көші-қон маңызды экономикалық проблемаларды шешу құралы ретінде өзінің маңызын жоғалту тенденциясына ие болды. Басқа сөзбен айтқанда, көші-қонның бұрынғы əдістеріне, формаларына, типтеріне, түрлеріне елеулі түзетулер енгізбей пайдалануға болмайды. Сол себепті қазіргі жағдайдағы көші-қондағы өзгерістерге байланысты аумақтық көшіп-қону түрлері қосымша жіктелуді қажет етеді.
Мұндай көзқарас бұрынғы КСРО-ның одақтас республикалардың тəуелсіздік алуымен ғана емес, сонымен бірге қоғамның өмір сүру деңгейіне де əсер ететін, барған сайын шиеленісе түскен этно- əлеуметтік жəне этносаяси проблемалармен түсіндіріледі. Соңғы тұжырымға көңіл бөле отырып, қайтарылмайтын жəне уақытша қоныс аударуды талдап көрейік.
Қоныс аударушылардың қайтарылмайтын аумақтық көші-қонды əр алуан ұлт өкілдерінің шыққан жерлеріне енді қайтып оралмайтыны ескеріле отырып, мекенжайды ауыстыруы болып табылады. Бұл түрлі себептерге байланысты тұрақты мекенжайынан басқа аймаққа ауысып, жұмыс, тұрғын жай жəне əлеуметтік тірек тауып алғандарға қатысты. Мұндай жағдайда нақты бір адам, көптеген отбасы маңында пайда болатын əлеуметтік ахуалдың маңызға ие болатыны белгілі.
Қайтарылмайтын аумақтық қоныс аудару, келешекте бəрінен бұрын, белгілі бір аймаққа тұрақты қоныс аударғандардың ұрпақтарының жаңа əлеуметтік жағдайға толық бейімделіп, тіпті белгілі бір ұлттық ортаға сіңісіп, бұрынғы тұрған жерлеріне қайтпай қалуына əкеледі. Қазақстан Республикасы үшін аумақтық қоныс аударудың мұндай түрі келешекте негізгі мəнге ие болуы мүмкін. Жеке тұлғаның негізгі құқығына өзіне-өзі қамқорлық жасау құқығы жатады. Нəтижесінде жағдайдың өзгеруіне байланысты жеке тұлға өзінің мекенжайы мен айналысатын жұмыс түрін өзі таңдап шешеді. Əр түрлі аумақтарда өзге ұлт өкілдерінің қысымына ұшыраған қайтарылмайтын көші- қонның жағдайы бұл процеске ұлттық саяси сипат беретін тəуелсіз мемлекеттердің мемлекеттік органдарының тікелей қатысуымен айқындалады. Қайтарылмайтын көші-қон процесінің едəуір уақытша шеңбері жəне жеткілікті ірі көлемі болады. Адамдардың едəуір бөлігі қайтарылмайтын көші-қонға бет түзеген жағдайында бұл процестің негізгі құрамдас бөлімдері көші-қон дағдарысы, əлеуметтік бейімделу жəне мінез-құлық болып табылады.
Соңғы бөлімі əрқашан көші-қонның бастапқы жəне кейінгі кезеңдерінде орын алатын жағдайларға парапар келе бермеуі мүмкін.
Ал уақытша аумақтық қоныс аударуға келер болсақ, онда олардың кейбір маусымдық көшіп- қонуға ұқсастықтарын ескермесек (құрылыс, ауылшаруашылығы жəне т.б. жұмыстарға маусымдық көшіп-қону, сонымен бірге туризм, емделу, оқуға бару жəне т.б.), бұл процесс үшін белгілі бір уақыттың аяқталуына байланысты (бір айдан бірнеше жылға дейін) қайтып келетін адамдардың тұрақты мекенжайда тұруының азаюы тəн болып келеді. Бұл, ең алдымен, белгілі бір ұлтаралық шиеленіс орын алған аймақтарда пайда болады жəне жергілікті ұлтаралық қақтығыстарға ұласып отырады. Мұндай жағдайда жаппай ұлтаралық шиеленіс — бұл уақытша, тез жойылатын құбылыс дегенге бағытталады. Алайда уақытша қоныс аударудан кейін де əлеуметтік-саяси ахуалдың өзгеріп кетуіне байланысты тыныш өмірге деген үміттің ақталмай қалуы мүмкін. Бұған 95 жылдарғы оқиғалардан кейін Ресейдегі Кавказдағы қақтығыстардан кейін Қазақстанға уақытша қоныс аудару мысал бола алады. Бірақ та жағдайдың өзгермеуі, Ресейдегі өзге ұлт өкілдерінің арасындағы қайтадан қуғындаудың басталуы уақыт өткен сайын бір республикадан екіншісіне бағыт түзеген көші-қон ағымдарының қалыптасуына əкелді.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келіп, көші-қон көптеген жағдайда қоғам барысындағы процестерге сəйкес келеді жəне өзінің негізгі белгілерімен оның мəн-мағынасын айқындайды. Ал бұл өз кезегінде ең алдымен кейбір ресми құжаттар мен ғылыми еңбектерге байланысты оның типологиясын анықтауға мүмкіндік береді.
Онда негізгі сипаты жағынан халықты əкімшілік-аймақтық шекараларын анықтап отыратын көші-қонның типологиясы айқын белгіленеді. Осыған байланысты бұрын елді əкімшілік жағынан бөлудің ертеректе қалыптасқан иерархиясына көпшілік жағдайда сəйкес келетін халықтың ауылдық кеңестер ішіндегі, ауданаралық жəне ауданішілік, мектепаралық жəне мемлекетішілік көші-қонына назар аударылатын. Ал мұндай типологияның көптеген əдістері қазір ескіріп қалғаны белгілі. Басқа еңбектерде бірі сыртқы, ал екіншісі ішкі көші-қон болып бөлінетін тек мемлекетаралық жəне мемлекетішілік көші-қон түрлері ғана қарастырылатын. Сыртқы көші-қон бір елдің азаматарының басқа аумақтарға қоныс аударуын көздейді. Мұндай қоныс аудару азаматтықты ауыстырумен қоса жүріп отырады. Ішкі көші-қон тек сондай құбылыстың бір бөлігі — халықтың тұрақты мекенжайын ауыстыруды білдіретін аумақаралық жəне ішкі қоныс аударуды білдіретін көші-қон болып табылады. Сыртқы жəне ішкі көші-қонның қазіргі ғылыми жорамалы біріншісінің де, екіншісінің де ерікті,еріксіз, қайтарылатын жəне қайтарылмайтын деп бөлінуіне əкеледі.
Келтірілген типологиялар мен зерттеу мазмұнының елеулі сипаттарын ескере отырып, бүгінгі күнгі қоғамдық құбылыстар жағдайында оны зерттеудің негізі болып табылатын көші-қонның мынадай түрлерін бөліп қарастырамыз:
- ішкі көші-қон белгілі мемлекеттік стратегиялық саясатқа байланысты болып тұрады (олардың санына байланысты болмайды), яғни, Елорданың Астанаға көшірілуі, Алматы, Ақмола, ШҚО жəне Қостанай, Қарағанды обылыстарына басқа бұрынғы Семей, Торғай, Жезқазған облыстарын біріктіруі, орталықтарын ауыстыруына байланысты. Сондай-ақ еліміздің экологиялық ауыр аймақтардан халықтың өздеріне қолайлы мекенге көшіп-қонуын жатқызуға болады;
- ұлтаралық көші-қон түрлі ұлт өкілдері мекендейтін аумақтардан тыс жерлерде жүзеге асады.
Мұндай жан-жақты типология бүгінгі күн шындығына сəйкес келіп, көші-қонның əр алуан қырларын талдай отырып зерттеуге мүмкіндік тудырады. Бұл нақты көзқарас ұлтаралық көші-қонға тəн — нақты бір адамдардың қоныс аударуы жəне оның дайындығы болып табылатын этникалық топтарды басқа аумақтарға көшіру жатқызылатын қосымша түрлерін бөліп қарастыруға мүмкіндік береді.
Қоныс аударған адамдар этноəлеуметтік жəне этносаяси қатынастардың субъектілері бола отырып, бірқатар жағдайларда өздерінің қоныс аудару ниеттерінің жүзеге асуына əр түрлі деңгейдегі билік органдары өкілдерімен де, қоныс аудару процесіне қатысты əлеуметтік топ өкілдерімен де қарым-қатынас жасау арқылы мүмкіндік алады. Қоныс аударған адамдарды жаңа аумақтарға орналастыру оларды қабылдайтын аймақтардың мүмкіндігі жəне қоныс аударушылардың өздерінің жаңа өмір сүру жағдайына бейімделу мүмкіндігі ескеріле отырып, жүргізіледі.
Кейінгі жылдардың тəжірибесі көрсеткендей, қоныс аударушыларды орналастыру процесі өте күрделі жəне жаңа жерге келгендердің барлығының бірдей көңілінен шыға бермейді. Ол үшін былай жасау керек, мысалы, Қазақстан Республикасы, басқа шет елдердегі сияқты, өз аумағындағы қоныс аударушыларды орналастыруды бақылауға алуды көздеп, аймақтарда алғашқы қабылдау пункттерін ашып, шет елдерден көшіп келген адамдарды бірыңғай орналастыруға мүмкіндік тудыру қажет. Мұндай тəжірибе мемлекетке қоныс аударушыларға келешекте уақытша мекенжайды белгілеп беруде басымдыққа ие болуға жəне осыған байланысты оларға белгілі бір көмек түрлерін көрсетіп, бейімделу процесін реттеп отыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ТМД елдерінен қоныс аударушылар Қазақстан аумағында өздерінің келешек мекенжайларын өздері тауып алатын тəжірибелер де кездесіп тұрады. Мұндай жағдайда қоныс аударушылар кооперация негізінде қандай да бір өндіріс орындарын ұйымдастырып, өздеріне бірыңғай қоныстану жағдайын жасап алады.
Көші-қонды реттеуде мына жағдайларға мұқият болу керек, қоныс аударушылардың кейбір топтары өздерінің жақын туыстарына өз беттерімен көшіп келуі қоныстанудың алғашқы екі нұсқасына сəйкес келмейді де, тиісті мемлекеттік қызметтегі нақты əріптестер ретінде олардың тарапынан қатаң бақылауға алынбайды, ал тұрмыстық жағдайларының қалыптасуы билік органдарының шешімдеріне байланысты болмайды.
Қоныс аударушыларды орналастырудың мынадай да бір маңызды жағы бар — қоныс аударған этникалық топтарды бірыңғай орналастыруда олардың бұрынғы əлеуметтік байланыстары мен қатынастары ұзақ уақыт сақталып, олар жаңа əлеуметтік мəртебеге ие болып жəне басқа да əлеуметтік жағдайларға байланысты өзгеріске ұшырап отыруы да мүмкін. Көші-қон процесіндегі уақыт ағымында қоныс аударушылардың бір бөлігінің немесе ұйымдасқан түрде басқа аумаққа көшіп-қонулар кездесіп отырады. Тұрақты қоныстанып алған соң, этникалық топ өкілдері бұрынғы əлеуметтік байланыстарын жоғалтып, объективті түрде жаңа, бірақ өзге ұлт өкілдері мен басқа өмір сүру дағдысы қалыптасқан ортаға енуге мəжбүр болады.
Шетелдерден келген қазақтарды жеке тұлға ретінде, əр алуан этникалық топ өкілдері тұратын жаңа аумақтарға орналастырудың олардың əлеуметтік қатынастарға (оның ішінде ұлттық құрамы мен саяси көзқарасы бойынша) кіре отырып, оларды қоршаған нақты адамдар жайлы өздерінің де, басқалардың да пікірлерін туғызатынын ескеру аса маңызы болар еді. Одан басқа, қоныс аударушы немесе қоныс аударушылар олардың мінез-құлықтарына елеулі түрде ықпал етуі мүмкін бұрынғы мекенжайын тастап шығуға əсер ететін факторлардың үнемі жетегінде болады. Жаппай сипат алатын ұлтаралық көші-қонды реттеп отыру қиынға соғады, сол себепті бүгінгі күні қоныс аударушыларды орналастыру, əлбетте, ірі қалаларда немесе соларға тиісті аудандарда, климаттық жағдайы тəуір аймақтарда, экономикалық базасы барынша тұрақты елді мекендерде жүргізіледі. Сонымен қатар, жоғарыда айтылып өткендей, қоныс аударушылардың əлеуметтік байланыстары үзілмей, олардың ұлттық, мəдени белгілері сақталып қалады да, өмір сүру дағдыларынан да, тіпті жаңа жағдайда еңбек ету үрдістерінен де көрініп отырады. Алайда бұл уақыт ағымында қоныс аударушылардың ұлттық жəне саяси белгілерінің, əсіресе өзге этникалық ортада өзгерістерге ұшырамайды деген сөз емес. Егер қоныс аударушылар, қандай да бір ұлт өкілдері оларды орналастыру нəтижесінде, өзара əлеуметтік байланыстарын жоғалтса, онда олардың жеке белгілерінің өзгеруіне байланысты процестер жаңа бір байланыстар нəтижесінде, бірақ басқа ұлт өкілдерімен байланыс жасауда жеделдеуі мүмкін.
Көші-қонның ұйымдасқан жəне ұйымдаспаған деп аталатын екі ерекше түрін бөліп көрсету орынды.
Көші-қонның қарастырылған түрлері мен типтерін назарда ұстай отырып, ТМД мен Балтық мемлекеттерінің əлеуметтік жəне саяси жүйелерінің өзгеруін, ұлтаралық қайшылықтардың өршіген жағдайында көші-қон саясатын қалыптастыру үшін маңызы бар түрлерін анықтаймыз.
Мұндай жағдайда өздерінің ұлттық ерекшеліктерін, өмір сүру дағдыларын толық сақтап қалу мүмкін емес. Міне, сондықтан да жеке тұлға үшін əлеуметтік бейімделу жолы көп қиындық келтіреді.
Жоғарыда айтылғандар тек түрлі ұлт өкілдерінің өзге этникалық ортадағы əлеуметтік, саяси, географиялық, климаттық, экономикалық факторлары ескеріле отырып, қайтарылмайтын аумақтық қоныс аударушыларда орын алады деп тұжырым жасауға болады.
Ұйымдасқан көші-қон мемлекеттердің жүргізіп отырған саясаттарына байланысты халықтың бір жерден екіншісіне қоныс аударуына елеулі түрде ықпал етеді. Кез келген мемлекет көші-қон процестерінің адамдардың жаппай бастапқы шыққан жерлеріне қарамастан, жалпы ұлттық мүдделерге қайшы келмеуін қарастыруға тиісті. Осыған сəйкес мемлекеттік бағдарламалар əзірленіп (мысалы, Қазақстан Республикасының 2009–2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы [7], Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007–2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы) жəне т.б. да тиісті заңдар қабылдануда, басқа елдермен келісім-шарттар жасалып, бұл процесті жүргізуге арналған қызмет түрлері құрылуда, көші-қон үлестері енгізіліп, материалдық жəне басқа да ресурстар бөлінуде [8].
Бұлардан басқа да ұйымдасқан көші-қон мемлекетаралық өзара келісім-шарттарға сəйкес, арнайы органдар бақылауымен азаматтардың мақсатты қоныс аударуын жүзеге асырады. Мұндай бірлескен жұмыспен басқа аймақтарға өз бетінше қоныс аудармақ болғандарға кездесетін қиындықтарды болдырмауға болады. Осы айтылғандарға нарық жағдайындағы кəсіпорындарға, оның ішінде жеке кəсіпорындарға да ұйымдасқан көші-қонға тəн, басқа елдерден мамандар жалдап алу құқығын да беретінін қосып айтқан жөн. Еңбекке жарамды жастағы бұрынғы Одақтың көптеген тұрғындары берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, еңбек келісім-шарттарын жасасып, Қазақстан Республикасының халық шаруашылығы, өндіріс, құрылыс объектілерінде жұмыс істейді. Осылайша қоныс аударушылар жұмысшы күшінің қатарын толықтыра отырып, əлбетте, бұрынғы мекен- жайларында қалған жақын туыстарының көшіп келуін қамтамасыз ету үшін нақты бір аймақтарда тұрақтап қалу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл жерде жарияланған демократиялық қағидалар барлық жерде бірдей өмір нормаларына айнала алмайтындықтан, біз мұндай оқиғаларға тоталитарлық менталитет тұрғысынан баға беруші болып қана қала береміз.
Ұйымдаспаған көші-қон мемлекеттік институттар қатысуымен іске асып отырса да, азаматтардың барынша еркін жүріп-тұруын білдіреді. Бір жағынан, бұның жақсылығы болғанымен, екінші жағынан — кемшілігі де бар. Жақсылығы — адамдар бір жерден екінші жерге қоныс ауыстыра отырып, келешектегі тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнын жеке шешу құқығына ие болады; өздерінің тілектерінің жергілікті тұрғындармен жəне билік органдарымен арада қалыптасқан этникалық жəне саяси қатынастарға сəйкес келмеген жағдайда не істеу керектігін шешуге ерікті болады. Мұндай жағдайда олардың əрқайсысы (егер мүмкіндік болса) жаңа орынға көшіп-қонып, сол жерде ғана өздерінің проблемаларын шешуге əрекет етуіне құқылы.
Көші-қонның мұндай нысанының елеулі кемшілігі–адамдардаң уақытылы əлеуметтік қорғалмауы жəне олардың азаматтық құқықтарының əр кезде толық көлемде қамтамасыз етілмеуі. Одан басқа, ұйымдаспаған көші-қонға қатысушылар негізінде өздеріне немесе өздерінің жақын туыстарына сүйенуі керек. Ал ең басты қиындық, біздің ойымызша, көші-қон процесіне қатысушылардың барған жерлерінде этникалық жəне саяси қысымға ұшырауына байланысты өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыруға жеткілікті уақыттарының болмауынан туындайды. Бұл, мысалы, оларға өз мүліктерін сатуға немесе келешекте тұратын аймағына жіберуге мүмкіндік бермейді. Тіпті, ондай кезде адамдар өзінің өмірін, өзіне жақын адамдардың өмірін сақтау үшін қашып құтылуға мəжбүр болып, қандай да бір мүліктерін жинауға да уақыттары болмай жатады. Əйтсе де ұлтаралық проблемалардың əлеуметтік-саяси сипатын ескере келіп, бүгінгі күннің көші-қон ағымдарында ұйымдаспаған көші-қон түрі басымырақ деп қорытынды жасауға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Петров В.Н. Миграции населения и этнические мигранты в современной России: Монография. // Под ред. В.И.Добренькова. — Краснодар: Изд-во Кубанск. гос. ун-та, 2004. — С. 85–87.
- Виноградова Е.В. Международный опыт миграционной политики: ретроспектива и новейшие тенденции // Междуна- родная организация по миграции. — 2006. — № 4. — С. 4–5.
- Садовская Е.Ю. Миграционные процессы и миграционная политика в СНГ. — М.: Прогресс, — С. 12–15.
- Избанов М. Қазақстандағы көші-қон мəртебесі // «Қазақстан көші-қоны бүгін жəне ертең» семинар материалы. —Астана, 2000. — 49 б.
- Ысқақ Ə. Көш-керуен кері бұрылып кетпесе екен // Көш-керуен. — 1992. — 70 б.
- Закон РК «О миграции населения в РК» от 22 июля 2011. — Алматы: Юрист, 2003. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://online.prg.kz.
- Қазақстан Республикасының 2009–2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы // Егемен Қазақстан. — 2008. — № 375–379 (25–348). — 6 желт.
- 2007–2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы. — 2007. — № 1110. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: zakon.kz.