Құқық пен жеке тұлғаның əр түрлі арақатынастары құқықтық мəртебе түсінігі арқылы анағұрылым толығырақ сипаттала алады. Құқықтық мəртебеде жеке тұлғаның заңдық болмысының барлық негізгі жақтары көрініс береді. Бұл жеке тұлға мен қоғамның, азамат пен мемлекеттің, индивид пен ұжымның арақатынасын жəне өзге де қоғамдық байланыстарды сипаттайтын кешенді құбылыс, өйткені оған адамның мүдделері, қажетттіліктері, мемлекетпен арақатынасы, тұлғаның қоғамдық-саяси жəне еңбектік іс-əрекеттері, əлеуметтік сұраныстары мен олардың қанағаттандырылуы енеді. Құқықтық мəртебе — ол жеке тұлғаның заңнамалық жағынан бекітілген қоғамдағы орны. Жеке тұлғаның «құқықтық мəртебесі» мен «құқықтық жағдайы» түсініктерінің ұғымдары бірдей мағынаны береді, өйткені латын тіліндегі «мəртебе» сөзінің баламасы, яғни статус» сөзі, қандай да бір нəрсенің немесе əлдекімнің жай-күйін, жағдайын білдіреді. Индивидтің құқықтық жағдайының негізін оның өмір сүріп отырған қоғамы мен мемлекетінде танылған құқықтың негізгі қайнар көздері мен оларға бағынышты ережелерінде бекітілген құқықтары, бостандықтары мен міндеттері құрайды. Əрине, оған əр түрлі деңгейде ықпал ететін басқа да көптеген факторлар, өмір шынайылығы болатынын да ескереміз. Адамның құқықтық жағдайын ол өмір сүріп отырған уақыт пен елдегі қоғамдық болмыстың мəнін, қоғамдық басқару қағидаларын, əрекет етіп отырған саяси-заңдық жүйені түбегейлі қарастырмай ашу толық мүмкін болмайды. Оның себептік негіздері көп қырлы жəне өте күрделі.
Өткен адамзат тарихына көз жүгіртсек, азаматтардың құлиеленушілік, феодалдық, социалистік жəне буржуазиялық кезеңдерде құқықтық мəртебелері біртекті болмағандығын, тіптен бір уақыттағы мемлекеттерде олардың саяси режимінің тегіне байланысты əр түрлі болып, бір-бірінен ерекшеленгендігін байқаймыз.
Құқықтық жағдайдың құрылымына мына элементтер кіреді: құқықтар мен міндеттер, заңдық мүдделер, құқықсубъектілік, азаматтық, заңдық жауапкершілік, құқықтық қағидалар, осы құқықтық мəртебені орнататын құқықтық ережелер жəне жалпы тектегі құқықтық қатынастар. Құқықтық мəртебе категориясы заңдық ілімнің дамуына байланысты тек ХХ ғ. 70–80 жж. ғана кеңінен қарастырылып, құқыққабілеттілік түсінігінен бөлініп алынды, тек содан кейін ғана құқықтану ғылымының негізгі түсініктерінің бірі ретінде заңнамаға енгізілген болатын. Ал қазіргі уақытта ол мемлекет жəне құқық теориясының жəне салалық заң ғылымдарының жеке дербес маңызды ғылыми бағытын құрайды.
Біздің қарастыратын сұрағымыз осы ғылыми бағыттың аумағында, оның ішінде мұсылмандық құқық, ислам құқығы немесе шариғат деп əр түрлі айтылып жүрген құқықтық жүйедегі ережелер қарастыратын əйел тұлғасына қатысты болмақ.
Қазіргі жаһандану дəуірінде əлемде болып жатқан құбылыстар қоғамның құрылысын өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге ондағы индивидтердің атқаратын əлеуметтік-жетекшілік қызметтерінен де көрініс табуда. Осыған байланысты əлемнің барлық дерлік мемлекеттерінде əйел мен ер адамның тең құқылығы туралы сұрақ көпшіліктің қызу талқылайтын тақырыбына айналды. Тіптен, БҰҰ, Халықаралық еңбек ұйымы, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдар қазіргі кездегі əйелдердің құқықтық жағдайын адамзаттың жаһандық мəселелерінің біріне жатқызады. Ал əлеуметтік, саяси жəне экономикалық өмірінде түбегейлі өзгерістер бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен іске асырылып жатқан Қазақстанда бұл сұрақ ерекше маңыздылыққа ие болып отыр.
Біз қарастырып отырған сұрақтың өзектілігі қазіргі кездегі ислам дінінің, шариғаттың қоғамдағы орны мен атқаратын роліне байланысты жалпы əлемді қамтыған əр түрлі пікірталастармен, əйелдер құқықтың жағдайы мен мəртебесіне қатысты гендерлік саясаттың əлі күнге дейін тиімді шешімін таба алмай отырғандығымен анықталады. Мұндай əлемдік жағдай ықпалынан əрбір төрт адамның үшеуі өзін мұсылманмын деп санап, онымен тыныс-тіршілігін байланыстыратын еліміздің азаматтарының ойында «Исламдағы əйелдерге қатысты көзқарас қандай екен?» деген сұрақтың тууы заңды құбылыс. Бұл сұраққа мəселенің күрделілігіне байланысты бірден жауап беру оңай емес жəне объективті болу үшін əр түрлі уақыттағы əр түрлі өркениеттердегі əйелдердің құқықтық жағдайына салыстырмалы талдау жүргізе отырып, олардың əйел тұлғасына əсер ету салдарын бағалай білген жөн. Осы мақсатта төмендегі тарихи жағдайларға көз салып өтелік.
Ежелгі Вавилонда «өз үйінде қожайын бола отырып, ер адам балалары мен əйелін құлдыққа сату құқығына ие болады»... Ежелгі Үндістанның Артхашастарсына сəйкес, «күйеуі əйелін жүріс-тұрысқа үйретуге міндетті жəне арқасынан үш рет ұра алады: түтілген арқанмен, жіппен немесе қолмен». Əйел үшін ажырасу мүмкін емес: «сатып алумен де, ажырасу төлемімен де əйелі күйеуінен босатылмайды» [1; 53]. Үндістанда Ману заңы бойынша, əйел күндіз-түні қамқоршыларының қамқорында бағынышты тұлғаның жағдайында болуға тиісті. Мүлікке мұрагерлік тек ер адамдарға тиесілі, ал əйелде ондай құқық жоқ. Индустық Киелі кітаптарға сəйкес, «əйел бағынышты қалыптағы сана, сөз жəне тəн, ол осынысымен бұл дүние мен о дүниеде, солай өз үйінде өз күйеуімен үлкен құрметке ие болады». Афина əйелінің жағдайы ерекше назар салуға тұрарлық. Оның не саяси, не азаматтық құқықтары болған жоқ... Ежелгі Рим заңдарына сəйкес, «өзіне тəн жеңіл ойлылығына байланысты» əйелдер мүліктермен, ақшалармен мəміле жасай алмайтын, ал саяси өмірге тіптен қатыса алмайтын... Бірақ Афина əйеліне қарағанда Римдағы əйел жақсы жағдайда болды [1; 82]. Некелесу уақытында əйелдің келісімі есепке алынбады, жəне «ол өз əке-шешесінің еркіне бағынуға міндетті болды, жəне олардың өзіне бейтаныс болса да күйеуі мен əміршісін алды». Скандинавия халықтарының ішінде тұрмыстағы жəне некеленбеген əйел ылғи қамқорлықта болды. Кейінірек ХVІІ ғ. аяғында Христиандық кодексте «егер əйел оның қамқоршысының рұқсатынсыз берілсе, қамқоршысы мүлікке зиян тигізбей оның мүлкін өз қалауымен пайдалануға мүмкіндігі болды». Ал ағылшындық Қоғамдық заңға сəйкес, «... тұрмысқа шығу сəтіне дейінгі əйелдің барлық жылжымайтын мүлкі күйеуінің иелігіне көшті. Оның бірлескен ерлі-зайыптылық уақытында оның (əйелінің) жері үшін жалға беру ақысын жəне оның мүлкі мен иелігінен түскен барлық кіріс түрлерін алуға құқығы болды. Уақыт өте келе ағылшын соттары жылжымайтын мүлкін əйелдің рұқсатынсыз күйеуінің иемденуіне тыйым салатын құралдарды ойлап тапты, бірақ сонда да ол жылжымайтын мүлікті басқару жəне əйелінің мүлкін пайдаланудан түскен пайданы алуға құқығын сақтап қалды. Ал əйелдің жеке иелігіндегі меншігіне қатысты күйеудің билігі толық көлемінде сақталды. Ол оны өз қарастыруы бойынша пайдалануға құқылы болды.
Британияда тек ХІХ ғ. аяғында ғана əйелдердің құқықтық жағдайы жақсара бастады. 1882 жəне 1887 жылдары түзетулер енгізілген 1870 жылғы тұрмыстағы əйелдердің меншігі туралы заң алғашқы рет тұрмыстағы əйелдерге тұрмысқа шықпаған, ажырасқан жəне жесір əйелдермен бір деңгейде шарттар жасау құқығын берді [2].
Əрине, жоғарыда көрсетілген тізімді жалғастыра берсе, осы күндердегі əйел құқығының да көп жағдайда оның табиғатына сəйкес емес, формалды заңнамаға сəйкес жүзеге асып жатқандығының талай мысалын келтіруге болады. Енді əйелдің рухани, əлеуметтік, экономикалық жəне саяси- құқықтық жағдайы мен мəртебесіне қатысты Ислам не айтатынына назар салып көрелік.
Құранда Рұм 30-сүресінің 21-аятында айтылған: «Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғаны да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар» [3; 406]. Исламда некеге байланысты шарттар ер адам мен əйелге бірдей əділетті болып табылады. Бұл əйел қажеттіліктерінің ерлердікіндей назарға алынатындығын білдіреді. ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) жəне отбасы туралы кодекстің» 33-бабының 1-тармағына сəйкес: «Ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады». Осы Заңның 34–38- баптарына сəйкес, ерлі-зайыптылар бір-бірінің келісімінсіз ортақ мүліктерін жұмсай алмайды, əркімнің жеке меншігіне некеге дейінгі, мұрамен алынған немесе қайтарымсыз мəмілелер бойынша келген мүліктер жатады, бірақ олардың өзі егер екі жақтың еңбегі сіңгендей болса, сот арқылы ортақ меншікке өтуі мүмкін [4].
Исламда күйеудің өз əйеліне жасаған той сыйлығы (маһр), əйелдің қай кезде де тапқан мүлкі тек оның жеке меншігі болып табылады. Мұнда күйеуі мен əйелінің мүліктерінің ортақтығы міндет емес жəне тек күйеуі отбасының экономикалық тұрмысына жауапты. Кейбір факиһтардың айтуынша, əйелдің қарапайым үй жұмыстарын атқармауға, бірақ отбасына пайда келтіру, үнемдеу үшін орындауға құқығы бар. Күйеуі мен əйелі де неке бұзудан сақтанулары керек. Шариғат неке одағының абсолютті мызғымастығын талап етпегенмен, кездейсоқ, уақытша некелерді танымайды. Ұлттық заңда «отбасы басшысы» деген ұғым жоқ жəне əйелінің құқығы ерімен қай кезде болмасын тең деп танылса, Исламда ер кісі — отбасының басшысы. Бұл ер кісінің асырау міндетімен, əйелдің əлсіздігімен түсіндіріледі. Ислам əйелі мен күйеуінің жүріс-тұрыс ережелерін де бекітеді. Бұл туралы Сахих Муслимде жеткен хадисте қоштасу қажылығында Мұхаммед Пайғамбар мына сөздерді айтты:
«Əйелдер жөнінде Аллаһтан қорқыңдар. Өйткені сіздер оны Аллаһтың аманаты етіп алдыңыздар. Сондай-ақ олармен қосылуды Аллаһтың сөзімен халал етіп алдыңыздар. Сіздердің олардағы хақтарыңыз: олар сіздер жақтырмайтын ешбір кісіге төсектеріңізді бастырмайды. Егер олар мұны істеп қойса, онда оларды ауыртпайтындай етіп ұрыңыздар. Ал олардың сіздердегі хақтары: оларды əділетпен асырау, киіндіру». Егер күйеуі əйелін сүймесе, құрметтемесе, əйел ажырасуды талап етуге құқығы бар. Ал күйеуі əйелі тарапынан сенімділікке, балалы болуға, əйелімен бірге болуға құқылы. Əйел үйінде басқа ерлерді қабылдап, күйеуінің рұқсатынсыз сыйлықтар ала алмайды. Мұнысымен ол сезіктен, қызғаныш туғызудан, ұрыс-керістен сақтанады. Некелесу кезінде əйел күйеуіне қайда тұрғысы келетіндігі туралы талап қойса, күйеу бұл талапты сақтауы тиіс. Мекен жағдайлары əйелдің тəуелсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Əйел өз күйеуінің шамасына қарай оның қамқоршылығын сезінуге құқылы. Күйеуімен жасалған сыйлық ажырасқаннан кейін де əйелдің жеке меншік құқығында сақталады. Ал көптеген зайырлы мемлекеттердің заңнамасы бойынша, оның ішінде қазақстандық заң ережелеріне сəйкес, күйеуі ажырасқанда құнды əйел əшекейлерін бөліске салуға құқығы бар, тіптен өзі сыйласа да.
Əйел шариғатқа сəйкес білім алуға, еңбек бостандығына құқығы бар. Бұл ҚР Конституциясының 30-бабының жəне Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 7-б. ережелеріне сəйкес келеді:
«Орта білім алу міндетті. Азаматтың жоғары білім алуға құқығы бар» [5], «Əркімнің де еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандығын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар. Ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нəсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, əлеуметтік жəне лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды» [6]. Исламда əйелдің басты міндеті — некеде бақытқа қол жеткізу, күйеуі, балаларының жағдайын ойлап, күйеуінің мүлкіне жауаптылықпен қарау, өзіне сенілген затты ұтымды жұмсауы, отбасы құпия-сырын сақтауы қажет. Ол күйеуінің рұқсатынсыз тек кем-кетіктерге жəне қажетсінген адамдарға тамақ жағынан өздері зиянға ұшырамайтындай шектерде көмек көрсетуге құқылы. Əйел адам өзінің дене бітімін өзгелерге көрсетпеуі керек. Бұдан əйелдің жан дүниесінің тазалығына назар аударылатындығын көреміз. Мұндай ережелерді ҚР Конституциясындағы 17–18-б. атқарылуының кепілдігі деуге болады: «Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды... Əркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң жəне отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» [5]. Ислам құқықтық идеологиясына көз салып қарасақ, ол əйел мен ерлердің тең құқылығын, ұлттық заңдағыдай формалды анықталған теңдіктен емес, олардың ерекшеліктерін ескере отырып, табиғи гармониядан тапқысы келгендей. Əрине, мұндағы басты фундамент — Аллаһқа сенім. Əрқайсысы өзінің табиғи ерекшеліктеріне сай, өз орнын, тағайындалуын, қызметін біледі. Ислам əйелдің еріне бойұсынуына соншалық мəн берген, егер əйел нəпіл ораза тұтпақшы болса, ерінен рұқсат алуы керек. Тек көрші үйлерге, базарға бару үшін ғана емес, тіпті мешітке бару үшін де ерінен рұқсат сұрауы керек. Бір хадисте бұл жөнінде былай делінген: «Ерінен рұқсат алмастан көшеге шыққан əйелге үйге қайтқанша періштелер лағынет айтып тұрады», — делінген [7]. Бұл Конституциямыздың 21-бабының «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген əрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп- тұруға жəне тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Əркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар» [5] деген ережесіне қайшы. Бірақ шариғат əйелге күйеуі асырамаса немесе аса мəжбүр жағдайларда жұмыс істеуге құқық береді. Ер кісі əйел құқығын жөн-жосықсыз шектей алмайды. Бұған Құран Кəрімнің Ниса 4-сүресінің 19-аяты: «Əй, мүміндер! Сендер үшін əйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Жəне бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нəрселеріңде Аллаһтың көптеген хайыр жасап қойған болуы мүмкін» [3; 80] жəне Талақ 65-сүресінің 6-аяты: «Оларға зорлау үшін (қиындық туғызу) үшін түрткі салмаңдар» [3; 559], сосын Мұхаммед Пайғамбардың Термизиден жеткен: «Ей үмметім, сіздердің ең жақсыларыңыз, жанұясына жақсы болғандарыңыз. Мен де жанұяма жақсымын» [8], — деген сөздері дəлел.
Шариғат əйел мен ердің бірінің міндетін екіншісі атқаруын денсаулыққа, қадір-қасиетке, балаға, қоғамға кері əсері ететіндіктен құптамайды. Шариғат əйел мен ердің өзгешеліктерін куə болуда да көрсеткен. Құранда Бақара 2-сүресінің 282-аятында айтылған: «Егер екі еркек болмаса, өздерің ұнатқан айғақтардан бір еркек, екі əйел болады» [3; 48]. Бұл əйелді кемсіту немесе қорлау болып табылмайды. Əйел кісі табиғаты бойынша қылмыс, сатып алу-сату, қарыз беру секілді істерге аз мəн береді. Сондықтан əйел мəн бермей немесе балалар тəрбиесі, үй жұмыстары секілді істермен шұғылданып, ұмытып қалуы мүмкін. Оның тағы да бала емізу, хайыз, нифас сияқты мерзімдері бар. Сондықтан оның қасында тағы бір əйел болса, оның есіне салады. Бұл шындықтың бас көтеруін, зұлымдықтың кетуін жақындатады [9]. Сол үшін Аллаһ аяттың жалғасында: «Егер екеуінің бірі жаңылса, екіншісі оның есіне салады» [3; 48], — деді.
Əйелдің құрметтелуі мен мəртебесі оның əдемілігімен, əлеуметтік өмірде ер кісімен бірдей қатысуымен емес, оның ар-ожданымен жəне өзінің сексуалдығын жасыруға ұмтылып, өзін тек күйеуі үшін сақтаумен сипатталады. Мұсылман елдерінде əйел үшін чадра, чаршаф, хиджаб, парда, паранжа, чачван сияқты киімдер бар. Қазақ даласында да сəукеле, жаулық, шəлі, кимешек жəне т.б. болған. Бұл киімдер əйел мен еркектердің арақатынасындағы екеуіне де қатысты шектеу болып табылады. Ислам əйел киіміне мынадай талаптар қояды: бет пен қолдан басқа дененің барлық жері, дене мүсіні көрінбейтін болуы керек; киімнің түсі мен ұсқыны ел назарын аудармайтындай болғаны жөн, киімнен хош иісті заттардың иісі шықпау керек.
Қазіргі таңда əйелдің мұсылмандық киімі туралы сөз қозғалса, оны өткен тарихтағы ұлттық киімдермен салыстыратын пікір білдіру əдеті қалыптасқан. Мұнда ескеретін жайт, қатып қалған қағидаларға, догмаларға толы Ислам өзі таралған аймақтарға ғасырлар бойы қалыптасқан ғұрыптарға, қоғамдық қарым-қатынастарға бейімделген жоқ, керісінше, олар дінге сəйкес өз жүріс- тұрыстарын, киім киiу үлгілерін өзгертті. Нəтижесінде киінудің ұлттық ерекшеліктерін ескерген əрі шариғатқа сай жергілікті жаңа нысандары пайда болды.
Ислам Қазақстан даласында емін-еркін тарай бастаған кезде 16–50 жас аралығындағы қазақ қауымының мұсылмандар киіміне қандай көзқараста екендігін анықтау мақсатында 2005 жылы Павлодар қаласы тұрғындарына сұрау салынды. Оның қорытындысы: 61 %: «Мұндай киімді бала кезімізден кимеп едік, қазіргі кезде киюді жөн деп санамаймыз», — десе, 35%: «Мұсылман елі болғандықтан, шариғат талабынша киюіміз керек», — деді. Қалған 4%: «Бұл сұраққа əлі ойланған жоқпыз», — деген жауап қайтарды. Бұл пікірлерді бүкіл еліміз бойынша дей алмаймыз. Павлодар орысы көп, қазағы аз өңір екенін де, яғни мұнда дініміз де, ұлттық салт-дəстүр де көп қажау көріп, енді ғана жандана бастағанын ескерген жөн [10].
Мұсылмандардың мұндай киіну əдісінің С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина университетінің емдік гигиена кафедрасының меңгерушісі медицина ғылымының докторы, профессор Қарлығаш Тоғызбаеваның айтуы бойынша, өзіндік емдік қасиеті бар, Құранда ашық айтылғандай, кəмелеттік жасқа толғаннан кейін нəзік жыныс өкілдері шариғат талабына сай хиджаб киюі тиіс. Яғни шашы, мойны, білегі, аяғы, күллі денесі жабық болу керек. Ашық-шашық киінген əйелдер көркімен ер азаматтарды еліктіріп құмарлықтарын қоздырып қана қоймай, ол өзіне қатер де төндіреді екен. Əйелдің хиджабы мен тəрбиелігі ер кісілердің оған сексуалдық объект емес, тұлға ретінде қарауына жол береді [11]. Бұл медицинада дəлелденген факт [12].
Тіптен христиандық Библияның 1-Коринфияндарға 11:6 бөлігінде: «Ибо если жена не хочет покрываться, то пусть и стрижется; а если жене стыдно быть остриженной или обритой, пусть покрывается» [13], — делінген. Мұның нəтижелерін қоғамдық масштабта алып қарасақ, Араб елдері мен Батыс Еуропадағы əйелдерге деген көзқарастан көре аламыз. Əйелдердің тəндерін сатуы, тұрмысқа кеш шығуы, демографиялық өсудің төмендігі, өмір ұзақтығының аздығы, ажырасу деңгейінің жоғарлылығы, тастанды балалардың көптігі Еуропа үшін қалыпты жағдай. Мұның барлығы — табиғаты нəзік əйелдің үстіне қоғамның бар ауыртпалықтарын салудың салдары.
Ислам еңбегі қоғам мен отбасының пайдасына жүрсе, əйелдердің еңбекке құқығын қадірлейді. Исламда əйел еңбегіне қатысты абсолютті шектеу жоқ, бірақ шариғат əйелдің ар-намысының, денсаулығының жəне қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз ететін шарттарды қояды: əйел мүмкіндігінше ер адамнан жеке жұмыс істеуі керек; жұмыс істегісі келген əйел өзінің күйеуі, əкесі немесе қамқоршысы тарапынан келісім, рұқсат алуы тиіс; жұмыс оның физикалық, рухани жағдайына кері əсерін тигізбеуі керек; өз күшін əйел қолынан жақсы келетін жəне ақылға сыйымды, тиімді жерлерге жұмсағаны жөн. Мысалы: тəрбиелеу, білім беру аумағы, негізінен қыздарға; денсаулық сақтау аумағы, əсіресе гинекология; əйел киімдерін тігу, сату жəне психология, дизайн аумақтарында кеңесшілік. Көбісін жұмыс алмай, өзіне, балаларға жəне күйеуіне қарайтын уақыты болуы керек. Жəне оның тапқаны оның өзіне ғана тиесілі, ер адамдар сияқты отбасын асырау міндеті емес, құқығы десе де болады. Осыған байланысты Құран Кəрімде Ниса 4-сүре 32-аятта: «Аллаһтың біріңе-біріңді артық еткен нəрсесін көксемеңдер. Еркектердің еңбектерінің үлесі өзіне жəне əйелдердің еңбектерінің тиесісі өзіне тəн. Аллаһтан оның кеңшілігін сұраңдар. Шəксіз Аллаһ əр нəрсені толық білуші» [3; 83], — десе, ал Ниса 4-сүренің 34-аятында: «Еркектер əйелдерді билеуші. Өйткені Аллаһ бірін бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар малдарынан пайдаландырады. (Əйелдерге маһр, нəфақа береді)» [3; 84], — дейді.
Исламда бала алдында ана мəртебесі ер кісіге қарағанда жоғары. Хадистерде анасын сыйлағанның жəннатқа кіретіндігі, əуелі жақсылықтың көбісін анасына, кейін əкесіне жасайтындығы, анаға бала борышы өмірі өтелмейтіндігі жəне т.б. жайттар туралы нұсқамалар бар. Бұл Неке (ерлі- зайыптылық) жəне отбасы туралы кодекстің 62-бабында көрсетілген баланың өз ойын білдіру құқығына [4] қайшы деген сөз емес. Бала шариғатта тыйым салынған нəрселерге апаратын əке-шеше бұйрықтарын орындамауы тиіс жəне өз ойын білдіре алады. Баланың ұстанымы немқұрайдылықпен де, талқылаусыз бағынумен де сипатталмауы керек.
Мұрагерлікте біздің заң əйел мен ерді тең қойса, Исламда əйел үлесі екі есе кем. Бұл əйел құқығын шектеу емес, қорғау. Ер кісінің екі есе артық алауының себебі: ер кісі əйел адамды асырауға міндетті əрі оған маһр береді жəне аза тұтып отырған əйелге материалдық жағынан көмектеседі. Əйелге бұл міндеттелмеген, сондықтан да əйелдің ер кісіден аз алуы оның құқығын бұзу болып есептелмейді. Əйел адам өз бала-шағасын, күйеуін асырау міндетті болмағандықтан, алған үлесі тек өзіне ғана тиесілі, артық жұмсаусыз қалады. Ал ер адам алған үлесінен қаншама адамды асырауға немесе басқа қажеттеріне жұмсайды. Сонда, қараңыз, кім ұтты деп ойлайсыз?
Мұсылман елдерінде əйелдердің құқықтық мəртебесіне байланысты пікірталастар өрши түспесе, басылар емес. Бір жақтағылар олардың жағдайы кемсітілген десе, екіншілері, керісінше, барынша қорғалған, тіптен əйелдерге ер адамнан көбірек құқықтар берілген деп қарастырады. Мұнда мұсылман əйелдердің құқықтық жағдайын əлемдегі барлық əйелдердің құқықтық жағдайы мəселесінің ажырамас құрамдас бөлігі ретінде қарастырған дұрыс деп ойлаймыз. Осы заманда БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар шегінде əйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын халықаралық-құқықтық актілердің кешені бар. Оларға 1948 жылғы Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларациясы, 1966 жылғы Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, 1979 жылғы Əйелдерге қатысты дискриминацияның барлық нысандарын жою туралы конвенция жəне т.б. жатады.
Ислам құқығындағы əйелдің құқықтық жағдайы сұрақтарына жауап табудың қиындығы көптеген заңдық, əлеуметтік, діни жəне мəдени мəселелелермен тығыз байланысты болуында. Заңдық мəселесіне келер болсақ, мұнда халықаралық құқық пен мұсылмандық құқықтың өзара сəйкестендірілуі мəселесі бой көтереді.
Халықаралық құқық келісімдік жəне зайырлы сипатта болса, мұсылмандық құқық өз негізінде құлшылық нормаларына, догмаларға негізделген. Сондықтан да шариғат ережелерін оның табиғатына қарсы өзгерту мүмкін емес.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей исламдық декларациясы адам құқықтарының мынадай түрлерін жариялайды: өмір сүруге, бостандыққа, теңдікке, кемсітушілікке жол бермеуге, əділдікке, жеке өмірге, ар-намыс бостандығына, ой жəне сөз еркіндігіне, баспана құқықтарына жəне т.б. Бірақ бұл актілердің маңыздылығы мұсылмандық құқықтың негізгі қайнар көздері болып табылатын Құран мен сүннет сияқты дəрежеге қайтсе де жете алмайды. Тіптен оларды білуді немесе орындауды əрбір мұсылман өзінің қасиетті парызы деп білмейді. Осы сияқты адам құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық нормаларды орындамау үшін жауапкершілік түрлері де қарастырылмаған. Мұның себебі исламдық деп танылған елдердегі мұсылмандар мемлекеттің зайырлы заңдарынан гөрі, діни мағынадағы исламдық ережелерді орындауды жоғары қоюында.
Құранның аяттарында əйел мен ер адамның дəрежелері бірдей емес екендігі, бірақ олардың бір- біріне қатысты құқықтары ұқсас екендігі көрсетілген: «Ерлердің əйелдердегі хақылары сияқты, əйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» [3; 36].
Еуропада ұрандатып кеңінен тарап кеткен жыныстық теңдік бір қарағанда дұрыс көрінгенімен, ол ер мен əйелдің ерекшеліктерін ескермегендіктен, қаншама қиынықтарға ұшырап, қаншама рет бағытын өзгертті. Тіптен бірнеше тармақтарға бөлініп кетті жəне əйел мен ер адамды бар жағынан теңестіреміз деп, қиыншылықтарды шешуге ұмтылған идеяның өзі үлкен қиыншылыққа айналған сияқты. Əйел құқықтарының теңдігі үшін күрескен феминистер XVIII ғ. пайда бола бастады. Бұл қозғалыс екі кезеңнен тұрады: 1) XIX ғасырдың ортасынан бастап 1960 жж. дейін, яғни суфражизм деп аталған, əйелдердің тең құқылы сайлау құқығы үшін басталған күрес. XX ғасырдың 20 жж. сайлау құқығы Финляндия, Норвегия, АҚШ, Канада, Польша, Дания, Бельгия, Германия жəне т.б. мемлекеттерде əйелдерге беріле бастады. Мұндай құқықтарға қол жеткізу əйелдер қозғалысын біраз уақытқа тыныштандырды. 2) 1960 жж. соңы — 1970 жж. басында феминизм «өзгешеліктердегі теңдік» деген ұранмен қайтадан АҚШ-та бас көтерді. Ол үш түрлі феминистік саяси ағымға жіктелді: либералды (Мэри Эстелл, Мэри Уоллстонкрафт, Гарриет Тэйлор Милль, Кэтрин Маколей, Олимпия де Гуж), радикалды (К.МакКиннон, С.Браунмиллер) жəне социалистік феминизм (А.Дэвис).
Либералды феминизм патриархалды отбасын өзгертпестен, жыныстық ерекшеліктеріне байланысты еңбектің бөлінуін болдырмауға бағытталған. Радикалды феминизм отбасын əйелді сексуалды құлдыққа жəне мəжбүрлі ана болуға итермелейтін зұлымдық ретінде көреді. Социалистік феминизм таптық жəне расалық жіктелумен қоса жыныстық жағынан кемсіту де жойылуы керек деп есептеп, жыныстардың əлеуметтік өзгешеліктері болмауын, толық сексуалдық еркіндікті жəне ана болудан бас тартуды насихаттайды. Бұдан басқа да ағымдар жетерлік: анархофеминизм, постмодернистік феминизм, психоаналитикалық феминизм, антирасистік феминизм, лесбийлік сепаратизм жəне т.б. [14].
Жалпы айтқанда, феминистік теорияның ұстанған ортақ қағидасы, теориясы мен көзқарастары жоқ. Бұл көзқарастар XX ғасырға дейін, тіптен əлі күнге дейін ер адамдардың езгісінде болып келген батыстық əйелдердің əйелдің қоғамдағы жағдайы туралы жаңаша көзқарастарын сипаттайды. Ал мұсылман əйел үшін мұндай көзқарастар оның наным-сеніміне, исламдық құндылықтарына сəйкес келмейді.
Қазіргі кезде көптеген мұсылман мемлекеттері отбасы құқығы аумағында шариғаттың модификацияланған ережелерін қолданады. Бұған əр түрлі жағдайлар: отаршылдық, құқық рецепциясы жəне т.б. факторлар ықпал етті. Бұл елдерде шариғат ережелерінің əрекеттегі заңдарға əсерінің деңгейлерін əр түрлі топқа саралауға болады.
Алғашқы топтағы мұсылмандық құқықтық жүйедегі мемлекеттерге Сауд Арабиясы мен Иранды жатқызуға болады. Оларда мұсылман құқығының ережелері кеңінен қолданылады, ал əрекеттегі заңдар мен билік нұсқасы шариғат нормаларына сəйкес келмесе, олардың күші жоқ деп есептеледі. Мысалы, Сауд Арабиясында ер адамдарға төрт əйелге дейін алуға рұқсат беріп, олар үшін заңдық жауапкершілікті мойнына іледі.
Келесі топтағы мұсылман елдеріне Ливия, Судан жəне Пəкістанды жатқызуға болады. Бұл елдердің құқықтық жүйесінде алғашқылардікі сияқты ислам нормалары кеңінен қолданбаса да, елеулі орынды алады. Əсіресе жеке мəртебеге қатысты қатынастарды шариғат нормалары реттейді.
Үшінші топтағы елдерге Мысыр, Ливан, Ауғанстан, Сомали, Ирак, Сирия жəне Мавританияның құқықтық жүйелерін жатқызуға болады. Бұл елдердің негізгі заңдары ислам діні мен мұсылмандық құқықтың ерекше орынды алатындығын атап көрсетеді. Олардың көбісінің конституциялық құқықтарында мемлекет басшысы тек мұсылман бола алатындығын жəне құқықтың негізгі бастаушы қайнар көзі ислам құқығы екендігін бекіткен.
Тунис, Түркия жəне Йемен сияқты елдер төртінші топтағы елдерге жатады. Олардың неке жəне отбасы заңдылықтарында шариғат негіздерінен бас тартып, зайырлы елдерге тəн ережелерді таңдаған институттар енген. Мысалы, 1974 жылғы Йеменнің отбасы кодексі отбасы құқықтарында əйел мен ер адамдарды теңестірген. Түркия мен Тунисте заң көп əйел алушылыққа тыйым салып, əйелдердің жеке құқықтық жағдайына шариғатта жоқ құқықтарды енгізген.
Соңғы топтағы елдерге тарихи-этникалық себептерге байланысты мұсылман елдері саналатын мемлекеттерді жатқызуға болады. Мұндағы мемлекеттер таза зайырлы болғанымен, қоғамдық деңгейде тұрғындардың елеулі бөлігі дəстүрлі-тұрмыстық жəне мінəжəттық негізде шариғат ережелерін ұстануға тырысады. Оған посткеңестік аумақтағы Өзбекстан, Тəжікстан, Қазақстан жəне т.б. жатқызуға болады. Мысалы, біздің заңнамада бірнекелік қағидасы бекітілсе де, қоғамда көп əйел алушылық фактілері аз болса да, кездеседі. Олар заң тарапынан рұқсат етілмесе де, жауапкершілік бекітетіндей қатаң тыйым да салынбаған. Қазақстан эгалитарлы отбасын, яғни отбасында ерлі- зайыптылай тең дəрежеде болатын отбасын [15] қалыптастыруға ұмтылып отырған мемлекеттер қатарына жатады. Осы жөнінде «Қазақстан Республикасында 2006–2016 жылдарға арналған Гендерлiк теңдiк стратегиясын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1677 Жарлығы қабылданған болатын. Онда мынадай жайттар баяндалады: «Əлем елдерiнiң көпшiлiгi қол қойған Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен əйелдердiң теңдiгiн көтермелеу, əйелдердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiн кеңейту үшiншi мыңжылдықтағы адамзат дамуының негiзгi мақсаттары ретiнде айқындалған. Қазiргi кезде бүкiл дүние жүзiнде тарихи қалыптасқан ерлердiң əйелдерден басым болу жағдайы өзгерiстерге ұшырауда. Өнеркəсiбi дамыған жəне əлеуметтiк бағдар алған елдерде əйелдер өз құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң ерлермен тең болуына iс жүзiнде қол жеткiздi. 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Əйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық нысандарын жою туралы конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның
«Əйелдердiң саяси құқықтары туралы» жəне «Тұрмыс құрған əйелдiң азаматтығы туралы» конвенциялары да бекiтiлдi. Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен Экономикалық, əлеуметтiк жəне мəдени құқықтар туралы пактiге жəне басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды. Үкiметтiң 2003 жылғы 27 қарашадағы № 1190 Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлiк саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол елiмiздегi гендерлiк саясаттың негiзгi бағыттарын — ерлер мен əйелдердiң билiк құрылымдарына теңгерiмдi қатысуына қол жеткiзудi, əйелдердiң экономикалық тəуелсiздiгi, өз бизнесiн дамытуы мен мансап жолында iлгерiлеуi үшiн тең мүмкiндiктердi қамтамасыз етудi, отбасындағы құқықтар мен мiндеттердiң тең жүзеге асырылуы үшiн жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады. 2004 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткiзiлген Қазақстан əйелдерiнiң IV Форумында ел Президентi Үкiмет пен Отбасы жəне əйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияға аталған тұжырымдаманың негiзiнде Қазақстан Республикасында Гендерлiк теңдiк стратегиясын əзiрлеп, онда экономикалық, əлеуметтiк жəне саяси салаларды қоса алғанда, қызметтiң негiзгi бағыттарын анық белгiлеу, əйелдерге тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету үшiн шаралар жүйесiн мерзiмдерi бойынша əзiрлеу керек екенiн тапсырды. Қазақстан Республикасында Гендерлiк теңдiк стратегиясын iске асыру əйелдер мен ерлердiң өздерiнiң өмiр сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсiтусiз iске асыруы үшiн жағдай жасауға ықпал ететiн болады» [16].
Ислам əйелдің мемлекеттегі жоғары лауазымды мансапты иеленуіне шек қоймайды. Əйел өзінің мінезі, білімі, қабілеті мен мамандығына сай қызмет орнын иеленуге құқылы. Факиһтердің əйелдің жоғары лауазымды қызмет орындарын иеленулеріне болмайды дегенде сүйенері Мұхаммед пайғамбардың: «Əйел кісіні өзіне басшы етіп алған қауым жетістікке жетпейді» деген хадисіне келсек, бұл ерекше бір жағдайға қатысты айтылған (хадисті имам əл-Бухари «Əл-Муғази уəл-Фитан» кітабында риуаят еткен). Аллаһтың елшісі бұл хадисті парсылықтар өздеріне патша етіп, Хосройдың қызын сайлап алғандығы жайында хабарды естіген кезде айтқан болатын. Осы хадиске сүйенген факиһтер əйелге ерлерге басшылық етуге, яғни президент немесе патша етіліп сайлануына, болмайды деген тұжырымға келген. Алайда біз Құран Кəрімнің «Нəмл» сүресінде Сəба (Йемен) мемлекетіндегі Шахылқызы Билқис есімді патша əйелді марапаттап, оның мемлекеттік мəселелерді даналықпен шешкенін, жоғары бағалағанын ұмытпағанымыз жөн [3; 378–380]. Мұның мəнінің ерекше маңыздылығы сонда — Құран Кəрімнің мемлекеттік жоғары лауазымды қызметті атқарудағы əйелдің қабілеттілігі мен ақылдылығын жоғары бағалайтындығын көрсетуінде.
Түрлі дəуірдегі көптеген Ислам ғұламалары əйелдің қоғамдык қызметі туралы тамаша көзқараста болды. Имам Ибн Хамз: «Əйел адам билік басында тұруына болады», — деген. Белгілі мазһабтың негізін салушы имам Əбу Ханифа да осындай көзқарасты ұстанған. Ал имам Ибн Жəрир ат-Табари: «Ер кісілер шешетін барлық мəселелерді əйелдің де шешуіне болады», — дейді. Сондай-ақ екінші əділ халиф хазіреті Омар ибн əл-Хаттаб Əш-Шифа бинт Абдуллаһ əл-Махзумийаны Мəдина базарындағы таразыларды бақылаушы қазы етіп тағайындағаны жайында мағлұмат та бар. Ал бұл тəжірибе мен қатандықты талап ететін діни азаматтық қызмет.
Ислам лайық болған жағдайда əйелге мемлекеттік жоғары лауазымды қызмет орындарын иеленуіне тыйым салмайды. Алайда əйелдің қоғамдық қызметі мен үйден тыс жұмысы оның отбасы, бала-шаға жəне күйеуі алдындағы міндетіне кері əсерін тигізбеуі тиіс. Өйткені патриархалдық отбасы — қоғамның өзегі мен түйіні. Патриархалдық отбасы бұзылған жағдайда қоғам да бұзылады. Сондықтан да жалпы қоғамның пайдасы үшін əйелдің үйінен тыс жұмысы оның отбасы алдындағы жауапкершілігі мен міндетін атқаруында үйлесімділік болуы қажет.
Мұсылмандық құқықтық жүйедегі əйелдің құқықтық жағдайы мəселесі батыстық құқық туралы ілім мен исламдық құқық арасындағы терең қайшылықтардың бар екендігін көрсететін айқын мысалдардың бірі ғана. Мұндай қиындық екі тараптың дүниетанымдық ерекшеліктеріне байланысты орын алып отыр. Осы қайшылықтарды шешу қазіргі уақыттың ең көкейтесті əлеуметтік, фəлсəфалық жəне заңдық мəселесі болып табылады.
Əдебиеттер тізімі
- Черниловский З.М. Всеобщая история государства и права. — М.: Юристъ, 1996. — 576 с.
- http://woman.upelsinka.com/modern/islamhtm
- Құран Кəрiм. Қазақша мағына жəне түсінігі / Ауд. Халифа Алтай. — Мəдина, 1991. — 662 б.
- О браке (супружестве) и семье: Кодекс Республики Казахстан от 26 декабря 2011 № 518-IV (с измен. и доп. от 29.01.2013) // Казахстанская правда. — 2012. — № 6,
- Конституция Республики Казахстан. Конституция принята на Республиканском референдуме 30 августа 1995 года (с измен. и доп. по состоянию на 02.02.2011 г.) // Ведомости Парламента Республики Казахстан. — 1996. — № 4.
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы № 251 Кодексі// Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы. — 2007. — 65-қ. — № 9.
- Мансур А., Халмурадұлы А.М., Дадаұлы А. Мұсылман əйелдердің ері алдындағы міндеттері. — Алматы: Шапағат- Нұр, 2002. — 14, 15-б.
- Дадаұлы А. Мұсылманның əйелі алдындағы міндеттері. — Алматы: Шапағат-Нұр, — 48-б.
- Мухаммад Жамил Зайну. Ислам жəне əйелдер мəселесі // Шапағат-Нұр. — 2002. — № 8. — 10-б.
- Асылханова Г.Ж., Асылханов М.Е. Ислам жəне əйелдің Қазақстан қоғамындағы рөлі // С.Торайғыров атындағы Павлодар мемл-к ун-нің ғыл. журн. Гуманит. сер. — 2010. — № 3. — 22-б.
- Тоғызбаева Қ. Ғибадаттың денсаулыққа пайдасы // Мұсылман журналы. — — № 1. — 25-б.
- http://www.nld.by/information/Muzhchini_vosprinimayut_seksualnuyu_zhenschinu_kak_predmet
- http://allbible.info/bible/sinodal/1co/11/#9
- Энциклопедия «BRUMA.RU». http://bruma.ru/enc/istoriya/FEMINIZM.html
- Райзберг Б.А., Лозовский Л.Ш., Стародубцева Е.Б. Современный экономический словарь. — 2-е изд., испр. — М.: ИНФРА-М, 1999. — 479 с.
- Об утверждении Стратегии гендерного равенства в Республике Казахстан на 2006–2016 годы // Указ Президента Республики Казахстан от 29 ноября 2005 года № 1677 // Казахстанская правда. — — № 333, 334.