Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстан Республикасындағы мəслихат депутаттарын сайлау барысындағы сайлау үрдісі кезеңдерінің ерекшеліктері

Қазақстан өзін демократиялық, құқықтық, зайырлы жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, мемлекеттік билікті дұрыс ұйымдастыру тетіктерін конституциялық құрылыс негіздеріне сəйкестендіріп қалыптастыруға ден қойды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстан–2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы мемлекеттілікті нығайту мен қазақстандық демократияның одан əрі дамуының бір жолы — басқарудың орталықсыздандыруды баса назарға ала отырып, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасына негіз салып берді. Оған сəйкес басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу шараларын қолға алу көзделген. Орталықсыздандыру идеясының мəні — шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру. Қоғам жəне азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мəселелерді өз бетімен жəне жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек. Орталықсыздандыру — ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің сапалық өзгерісі, мəселелерді жергілікті деңгейде шешу жүйесін өзгерту [1].

Бұл орайда орталықсыздандыру жоғарыдан төмен қарай басқару билігінің əлсіреуіне, орындаушылық тəртіп мен реттіліктің төмендеуіне апарып соқтырмауы тиіс. Оған жол беруге болмайды. Жергілікті жерлерде əкімдер, Үкімет мұны ерекше бақылауда ұстауы қажет.

Қазақстан Республикасында бүгінгі күнде билікті орталықсыздандыру үрдісін өзектілердің қатарына жатқызу, біздің ойымызша, заңды құбылыс. Нақ қазір Қазақстан Республикасы мемлекеттіліктің дамуында сапалы деңгейге көтерілді жəне қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларында түбегейлі өзгерістер болды. Қазақстанның бүгінгі күнгі даму кезеңінде барлық алғышарттар: саяси, əлеуметтік-мəдени, экономикалық, рухани жəне тағы басқа жасалған деп ауыз толтыра айтуға боларлық. Əлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың нəтижесінде Қазақстан Республикасы тек Орта Азия аумағында ғана емес, Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрамына кіретін біршама мемлекеттердің алдыңғы қатарына шыққандығы мəлім. Дегенмен орталықсыздандыру   үрдісі    қазақстандық    қоғамның    ұлттық    консолидациясының    жалпы стратегиясына қайшы келмеуі керек.

Жергілікті басқару жүйесіндегі ерекше орын жергілікті өкілді органдарға беріледі, себебі олар конституциялық органдар мен халық билігінің айрықша негіздерінің бірі, қоғамды басқару жүйесінің бөлінбес бөлшегі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жəне қоғамдық құрылысының демократиялық қайта өрлеулер жүйесінде ерекше орынға ие, тиiстi əкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiретін, халықпен сайланатын, жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, оны iске асыруға қажеттi шараларды белгiлейтін жалғыз ғана жергілікті сайланбалы өкiлдi органдар болып табылады.

Мемлекет пен қоғам қаншалықты қолайлы жағдайда өмір сүріп жатса да жергілікті билік пен оның басқару органдарының болуын қажет етеді. Қазақстандық мемлекеттегі қоғамдық дамудың қазіргі заманғы бағыты қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты тереңінен қайта қарауға негіз болады. Демократиялық-құқықтық мемлекетті құру тиімді түрде қызмет ететін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің болуына алғышарттарды қалыптастырады.

Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару халықтың өзіне тиесілі егеменді билігін жүзеге асырудың конституциялық нысандарының бірі ретінде қарастырыла отырып, сонымен қатар қоғамды басқарудың дербес əдісі рөлін атқарады. Сондай-ақ қазіргі демократиялық жəне нарықтық өзгерістер стратегиясы жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуын талап етеді. Егер демократиялық мемлекет жергілікті өзін-өзі басқарудың өмір сүруіне кепілдік бере алмаса, экономиканы жəне əлеуметтік үрдістерді бірқалыпты басқаруды қамтамасыз ете алмайды. Аталмыш үрдістер түрлі жəне өте күрделі болғандықтан, қоғамдық дамудың сұрақтарын тек орталықтан ғана шешудің мүмкін еместігін көрсетеді. Сондықтан мемлекетті басқаруды жеңілдету жəне билік жүйесін демократиялық сарында орталықсыздандыру үшін жергілікті мемлекеттік жəне өзін-өзі басқару органдары тиімді жұмыс атқаруы тиіс.

Қазіргі кезде мемлекеттік басқарудың тиімділігін одан əрі арттыру қажеттілігі жағдайында биліктің жергілікті деңгейіне тиісті аумақтық бөліністегі сұрақтарды шешу кезіндегі дербестікті беру аса үлкен мəселе болып отырғандығы хақ.

Мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру тұрғындарға максималды түрде жақындатылуы тиіс. Сол себептен мемлекеттік басқарудың демократиялық негіздерін одан əрі өрбіту жағдайында өзін-өзі басқарудың аясын кеңейтуге мейлінше көбірек назар аударамыз.

Негізгі мақсаты ретінде мемлекеттік басқару негіздерін демократизациялау мен басқарудың тиімділігін арттыруды алға тартқан басқаруды орталықсыздандыру жергілікті басқару жүйесінің дұрыс өмір сүруі үшін оны қалыптастыру жағдайына баса назар аударуды қажет етеді. Сапалы жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру соңғы жылдардағы реформалардың қарқынында ерекше байқалды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыру мəселесі терең зерттеуді, жүйелік бағыттылықты жəне тəжірибеде оңтайлы қолдану үшін теоретикалық талдауды талап етеді.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі өкілді органдардың орнына ең жоғарғы деңгейде мəн беріледі. Мəслихаттар азаматтық қоғам институттарының бірі болып табылатын жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың толыққанды институты болып отыр. Шын мəнінде, мəслихаттарға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының барлық белгілері тəн: олар халықпен сайланады, жергілікті сипаттағы сұрақтарды шешеді, өзінің бюджеті бар жəне өзіне берілген құзыретке ие. Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық Хартиясы (1985) [2] паш еткен жергілікті өзін-өзі басқарудың негізін қалаушы қағидаларының қатарындағы жалпыға бірдей тікелей (жасырын) дауыс беру негізінде сайлау жолымен құрылуы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мəнін ашады. Аталмыш қағидаға мəслихаттардың жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы сайлануы тұспа-тұс. Жергілікті өкілді органдардың қызметінің тиімділігі ең алдымен оларды қаншалықты демократиялық əдістермен қалыптастырылатындығына байланысты. Мəслихаттар халық билігінің конституциялық институттарының бірі ретінде тек сайлау жолымен ғана қалыптастырылады. Тəуелсіздік алған сəттен бастап еліміздің сайлау заңнамасы, соның ішінде жергілікті мəслихаттардың депутаттарын сайлауға қатысты нормалар қоғамдағы саяси үрдістердің ағынында бірнеше рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады. Бұл сайлау заңнамасының құқықтық тұрғыдағы кемшілігімен емес, саяси конъюнктурамен түсіндіріледі. Сайлау заңнамасының жиі өзгертілуі — Қазақстанда сайлаудың демократиялық үлгісіне қол жеткізуге үнемі қадамдар жасалатындығының айғағы.

Сайлау конституциялық-құқықтық институт ретінде азаматтардың саяси құқықтарының арасындағы ең маңыздысы екендігі мəлім. Сайлау арқылы азаматтар мемлекеттік немесе қоғамдық мəселелермен тікелей немесе өкілдері арқылы айналыса алады, бұл демократияның жарқын көрінісі болып табылады. Сайлау мемлекеттік биліктің барлық деңгейіндегі тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін əдістердің бірегейі. Тек демократиялық, шынайы жəне объективті сайлау жолымен қалыптасқан мəслихаттар ғана халықтың еркін білдіруге ынталы болады.

Бұл мəселенің маңыздылығы оның Біріккен Ұлттар Ұйымының актілері мен өзге де халықаралық құжаттарда бекітілген негізгі адам құқықтары институтымен тығыз байланыстылығында. Бұл құжаттар қазіргі кездегі заң шығармашылық жүйелерін қалыптастырудың негізін құрайтындығы белгілі. Көптеген мемлекеттер оларды құқықтық қызметінің үлгілік стандарты ретінде мойындайтындығы хақ. Солар сияқты Қазақстан Республикасы да əрекет етуші заңнаманы қалыптастыруда Адам құқықтарының Жалпыға бірдей декларациясы (1948) [3], Азаматтық жəне саяси құқықтар жөніндегі Халықаралық пакт (1966) [4], Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық Хартиясы (1985) [2] сияқты халықаралық құқықтық құжаттарда бекітілген жергілікті билікті ұйымдастыру мен сайлау қағидаларын басшылыққа алады. Олардың негізіне биліктің халық алдындағы жауапкершілігі, сайлаудың əділеттілігі, шынайылығы жəне еріктілігі сияқты демократиялық дəстүрлер жатқызылған.

Демократиялық мемлекеттегі көпшілік билікті ұйымдастырудың маңызды конституциялық теорияларының бірі болып «халықтық егемендік» табылады. Яғни мемлекеттегі билік халықтан туындайды жəне халыққа тиесілі болады. Көпшілік билік барлық аумақтық дəрежеде тікелей халықпен, не сайланбалы органдармен немесе лауазымды тұлғалармен жүзеге асады. Яғни қоғамды жəне мемлекетті басқаруға байланысты маңызды шешімдер халықтың еркінен тыс қабылданбайды. Мəслихат депутаттары халық өкілдері болып табылады. Өкілдік — халық еркін білдіруге ресми түрде сенім арттыру. Депутаттардың қызметінің өкілдік сипаты, біріншіден, депутат сайланбалы органға тек сайлау арқылы ғана келетіндігінде, екіншіден, өкілдіктің өзі депутат үшін маңызды міндет болып табылатындығында, үшіншіден, халық өкілдігі жүйесі тікелей жəне кері байланыс бастауларына негізделе отырып, өмір сүретіндігінде жəне дамуында.

Мəслихат депутаттарының халық өкілдері ретіндегі рөліне келесі белгілер арқылы анықталады:

  • депутат сайлаушылардан алған мандатты қорғайды, ол өзіне жəне өзінің сайлау алдындағы бағдарламаларына дауыс берген сайлаушылардың атынан өкілдік етеді;
  • депутат өз округіндегі жалпы əлеуметтік, экономикалық жəне саяси мүдделерді қорғай отырып, оған қарсы дауыс берген немесе бейтарап қалған сайлаушылардың да атынан өкілдік етеді;
  • депутат тек заң нормалары мен жеке ұстанымын ғана басшылыққа алады;
  • депутат тиісті аумақтық қауымдастықтағы түрлі əлеуметтік топтардың мүдделерін жалпылай білдіреді;
  • депутат, ең бастысы, ұлт жəне халық егемендігін білдіруші болып табылады, яғни барлық деңгейде ол толығымен ұлттың, елдің, жекелеген əлеуметтік топтардың мүддесін қорғайды.

Депутаттың көпшілік құқығы оның сайлаушыларының сенімі нəтижесінде жергілікті халықтың билік органындағы өкілі болуымен түсіндіріледі.

Əрекет етуші заңнамаға сəйкес Қазақстан Республикасындағы мəслихаттардың қызметі екіұдай сипатта, бүгінгі күні мəслихаттар жергілікті өкілді орган ретінде анықталуымен қатар, оларға жергілікті өзін-өзі басқару бастаулары тəн. Сол себептен заңнамалық тұрғыда төменгі деңгейдегі мəслихаттарды өзін-өзі басқару органы ретінде анықтау арқылы, олардың құқықтық табиғатының ара-жігін ашу қажет.

Депутаттың халық өкілдері ретіндегі əлеуметтік-құқықтық мəртебесін нығайту мақсатында депутат болып сайлану үшін тиісті əкімшілік аумақтық бөліністе тұрақты түрде тұру шартын заңда бекіту; депутаттарға мəслихат сессиясында, мəслихат органдарының жұмысына қатысқан уақыттарда жергілікті бюджет есебінен толық көлемде еңбек ақы төлеу жүйесін анықтау; мəслихат депутаттарының сұрау салу рəсімін нақты белгілеу; мəслихат депутаттарымен жеке нормативтік- құқықтық акт түрінде немесе регламенттеріне енгізу арқылы депутаттық этика нормаларын сақтау міндеттілігін жүктеу; кеңестік дəуірде қолданылған депутаттарды кері шақыртып алу институтын енгізген абзал.

Депутаттық мандат тұрғындардың жергілікті маңызы бар сұрақтарды шешу бойынша өкілеттіктерін беру үрдісі арқылы қалыптастырылатындығын ескере кеткен абзал. Билікті жүзеге асыру бойынша өкілеттіктер тек заңдылық негіздері сақтала отырып беріледі. Депутат уəкілетті тұлға емес, халық өкілі болып табылады. Депутат тұрғындардың еркін білдіруі тиіс.

Сайлауды өткізудің міндеттілігі қағидасы биліктің əрқашан сайлау сияқты тікелей демократияның конституциялық нысанымен өзгертіліп отыратындығын кепілдендіреді.

Мəслихат депутаттарының азаматтардың мүдделерін білдіріп қана қоймай, маңызды, жауапты шешімдер қабылдауы үшін оларға ерекше мəртебе берілген. Қазақстан Республикасының Конституциясының 86-бабында: «1. Жергiлiктi өкiлдi органдар — мəслихаттар тиiстi əкiмшiлiк- аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi жəне жалпымемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, оны iске асыруға қажеттi шараларды белгiлейдi, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.

Мəслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге халық сайлайды», — деп бекітілген [5]. Авторлар сайлау құқықтық қатынастарының субъектілерінің қатарын осыншама кеңейтуге қарсы, əрине, халық көпшілік биліктің қайнар көзі ретінде мемлекеттік-билікті қатынастардың субъектісі. Дегенмен, «халық» ұғымы конституциялық құқық ғылымында мемлекеттің барлық тұрғындарын қамтиды. Ал халық сайлау механизмі арқылы өзіне тиесілі билікті сайланған субъектілерге береді. Халық сайлау үрдісінің субъектісі бола алмайды, өйткені сайлауға елдің барлық тұрғындары емес, азаматтығы бар жəне құқық субъективтілікке ие тұлғалар ғана қатыса алады. Бұдан басқа, сайлауға сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған, халықтың бір бөлігін құрайтын азаматтар да қатыспайды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 3-бабының 3- тармағына сəйкес «Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті болып табылатындықтан», сайлау күні сайлаушылардың барлығы бірдей сайлау учаскелеріне келмейді [6]. Сонымен қатар дауыс беру қорытындыларын санау жүйесі бекітілген аталмыш Конституциялық заңның мазмұны көрсеткендей, еркін жəне баламалы сайлау кезінде ешбір кандидат электораттың жүз пайыз дауысын иемденуі мүмкін емес. Анықталған факторлардың барлығын ескере отырып, авторлар мəслихат депутаттары халықпен емес, сайлаушылармен сайланады деп тұжырым жасайды. Сол себептен аталмыш баптағы «халық» терминін өзгертіп, оның орнына «тұрғындар» сөзін қолданған дұрыс деп санаймыз.

Көпшілік билікті жүзеге асыру механизмінің бірi жəне бірегейі — сайлау. Халық егеменділігі қағидасына сəйкес халықпен биліктің жүзеге асыруының бір-бірінен ерік білдіру əдісімен ерекшеленетін екі нысаны — өкілді жəне тікелей демократия өмір сүреді. Халық өкілдігі — өкілді демократия, халыққа тиісті билікті демократиялық əдістер арқылы сайланатын жергілікті мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыру нысаны. Өкілді демократия құрамындағы органдардың барлығы өз құзыретін халықтан немесе халық сайлаған органдардан алатын көпшілік билік ұйымы, белгілі бір территория шегінде тұратын халықтың мемлекетті басқару үшін, яғни халық атынан шешім қабылдау үшін өз өкілдерін ұсыну бостандығы болып табылады. Сондықтан өкілді демократия жүйесінде сайланбалы алқалы органдар атқарады. Олар жергілікті аумақтық территориялық бірліктерде мəслихаттар болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы сайлау — халық билігінің жүзеге асырылуының тікелей нысаны жəне мемлекеттегі саяси үрдістердің маңызды жақтарының көрінісі. Сайлау — халықтың мемлекет басшысын, өкілді органды немесе өзге де лауазымды тұлғаны сайлау кезінде тікелей ерік білдіру жолымен, сонымен бірге өз функцияларын Конституция мен заңдарға сəйкес дауыс беру кезінде білдірілген халық мүдделеріне сай атқаруға шақыртылған мемлекеттік органдағы өкілдері арқылы мемлекет билігінің жүзеге асырылуы.

Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасында «сайлау құқығы қағидалары» деп көрсетілгенімен, норманың диспозициясында сайлаудың қағидалары анықталған. Осыған орай,«сайлау құқығының қағидалары», «сайлау жүйесінің қағидалары» «сайлау құқығының басты қағидалары» деп аталса, «азаматтардың сайлауға қатысуының қағидалары» «сайлау құқығының негізгі қағидалары» сияқты терминдердің көптігі олардың нормативтік мазмұнының түсінігіне жаңылыстық енгізіп, бұл сұрақты ғылыми зерттеуге қиыншылық туғызып қана қоймай, аталмыш саладағы құқық қолдану тəжірибесіне елеулі əсерін тигізіп келді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының сайлау құқығының қағидалары сайлау құқығы институттарының басты мазмұны мен оларды іске асыру үрдістерін, сайлаудың тəуелсіз жəне демократиялық шектерінде Қазақстан Республикасының азаматтарының мемлекеттік билік органдары мен өзін-өзі басқару органдарына сайлау жəне оларға сайлану құқығын анықтайтын көп деңгейлі жəне бір тəртіпке келтірілген негізгі бастаулардың жиынтығын жүйесін береді деген байламға келуге болады. Сайлау құқығының қағидалары — сайлау кезіндегі халықтың ерік білдіруінің шынайылығын көрсететін жəне оны жүзеге асыруға кепілдік беретін талаптар. Жалпыға бірдей сайлау құқығы қағидасын толыққанды жүзеге асыру үшін мəслихаттарды сайлауға қатысуға Қазақстан Республикасының территориясында кемінде үш жыл тұрып жатқан, Республика азаматтығын алуға ықтиярын білдірген, азаматтығы жоқ тұлғаларға мүмкіндік беру арқылы сайлаушылардың қатарын кеңейткен дұрыс.

Тең сайлау құқығы қағидасы тек белсенді сайлау құқығына ғана емес, бəсең сайлау құқығына да тиесілі, ол сайлануға үміткер кандидаттардың құқықтық жағдайының өзгелермен бірдей болатындығымен, оларға берілетін кепілдіктер жүйесінің бірдейлігімен сипатталады.

Заң шығарушы сайлаушылардың дауыс беруге қатысу белсенділігін қанша жерден арттыруға тырысқанымен, сайлаушылардың кворумы мəселесі, біздің ойымызша, дұрыс бекітілмеген.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 9-бабында мəслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде, басқа кандидаттарға қарағанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн алған кандидат сайланған болып саналатындығы, яғни мəслихат депутаттарын сайлау кезінде салыстырмалы көпшілік сайлау жүйесінің қолданылатындығы бекітілген. Ал сайлаушылардың дауыс беруге қатысуының төменгі шегі анықталмаған. Тек Сенат депутаттарын сайлау кезінде ғана таңдаушылардың елу пайыздан астамы қатысса, заңды деп есептелетіндігі анықталған. Тиісті пайыздық меженің анықталмауы тəжірибесі сайлау үрдісінің субъектілерін сайлаушыларды сайлауға белсенді түрде қатысуын ынталандыруын төмендетеді (билік органдарының сайлау кампаниясына деген салқынқандылық танытуына, сайлауды дайындау мен өткізуге деген жауапкершілігін төмендетуге ықпалын тигізеді); екіншіден, мəслихаттар заңды орган болғанымен, өкілдік сипатын біршама жоғалтады.

Субъективті сайлау құқығының тəжірибесі көрсеткендей, біріншіден, қазақстандық электораттың саяси ұстанымдарының тұрақсыздығы, екіншіден, елімізде толығымен жəне жекелеген аймақтардағы сайлаушылардың белсенділігінің төмен деңгейі байқалады.

Сол себептен мəслихат депутаттарының сайлауының өкілдік сипаты шын мəнінде ашылуы үшін салыстырмалы көпшілік емес, басым көпшілік сайлау жүйесін енгізу керек.

«Сайлаудың субъектілері», «сайлау қатынастарының субъектілері», «сайлау құқығының субъектілері», «сайлау үрдісінің субъектілері», «сайлауға қатысушылар» терминдерінің ара-жігін ашу қажет. Егер сайлау үрдісін оның маңызды жағы сайлаулар болып табылатын қызмет ретінде қарастыратын болсақ, «сайлау үрдісі» терминінің өзі «сайлаулар» терминінің мазмұнын қамтып алады. Жалпы алғанда, сайлаулардың біртұтастығы мен кезеңділігін қамтамасыз ететін заңмен бекітілген кезеңдердің жиынтығы болады, ал кезеңдердің өзі сайлау рəсімдері мен сайлау əрекеттерінен тұрады деп анықтап қоюымызға болады. Кең мағынада сайлауды конституциялық- құқықтық институт ретінде де, халық билігі институты ретінде де, мемлекеттік құрылымның конституциялық негізі ретінде де, тікелей демократия институты ретінде де қарастыра аламыз. Дегенмен де сайлауды азаматтардың мəслихат депутаттығына кандидатты жақтап немесе қарсы ерік білдіруі, яғни сайлау үрдісінің кезеңі ретінде де анықтауға болады.

Сайлау субъектісі дегеніміз — өзінің сайлау құқығын жүзеге асырушы, оның тікелей қатысушысы. Сайлау субъектісінің негізгі белгісі сайлаушылардың сайлау құқығын, ал кандидаттардың онымен қоса сайлану құқығын жүзеге асыру, пайдалану екендігін ескеруіміз қажет. Сайлау субъектілерінің қатарына ұжымдық қатысушыларды да — қоғамдық бірлестіктерді, саяси партияларды, сайлау бірлестіктері мен сайлау блоктарын да енгізе аламыз.

Сайлау үрдісінің кезеңдердің жиынтығынан тұратын саяси үрдістің бірі түрі екендігіне байланысты субъектілерінің аясы бұдан гөрі кеңірек. Сайлау үрдісінің нақты кезеңдеріне байланысты, біздің ойымызша, келесідей түрлерін жіктеуге болады:

  • cайлауды тағайындау субъектілері — Қазақстан Республикасында мəслихат депутаттарының кезектi сайлауын тағайындау өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясына жүктелген;
  • сайлауды дайындау мен өткізу субъектілері — сайлау комиссиялары, республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлiмшелерi, дауысқа түсетін кандидаттар, олардың сенім білдірілген адамдары, мемлекеттік билік органдары, мемлекеттік, жергілікті, жеке ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары;
  • сайлау субъектілері — тікелей таңдау жасайтын сайлаушылар;
  • сайлау қорытындыларын жүзеге асыратын жəне лауазымды өкілеттіліктерін дұрыс орындамағаны үшін жауаптылық субъектілері — олар сайлау комиссиялары, мемлекеттік органдар, соттар болуы мүмкін.

Сайлау үрдісін кең жəне тар мағынада қолдана аламыз. Кең мағынада «сайлау үрдісі» термині сайлауды тағайындау туралы құзыретті органның немесе лауазымды тұлғаның шешімін ресми жариялаған күннен басталып, сайлауды ұйымдастыратын сайлау комиссиясының шешімдерін ресми жариялаған күніне дейін жалғасатын «сайлау кампаниясы» терминімен ұштасады. Тар мағынада

«сайлау үрдісі» формалды құбылыс ретінде дауыс беру мен сайлау нəтижелерінің біртұтастығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін заңмен бекітілген сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезеңдерінің жиынтығын құрайды, ал сайлау кезеңдерінің өздері тиісті сайлау рəсімдері мен сайлау əрекеттерінің жиынтығынан тұрады.

Осылайша, «сайлау үрдісі» ұғымы «сайлау кампаниясы» терминімен шектеліп қана қоймайды, себебі сайлау кампанияларының мерзімдік шектерінен тыс сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдерінің жиынтық элементтерін де қамтиды. Демократиялық сайлау үрдісі — елдегі сайси режимнің бір бөлігі іспеттес, сондықтан азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын əлеуметтік-саяси қамтамасыз ету инфрқұрылымын қалыптастыратын демократия институттардың дамуының жалпы жағдайларымен тығыз байланыста. Бұдан басқа, нақты сайлау кампаниясы басталғанға дейін маңызды шаралар атқарылуы тиіс, солардың арқасында сайлау үрдісі дауыс беруді ұйымдастырудың заңдық технологиясы болып қана қоймай, биліктің саяси тұрақтылығы мен жалғаспалылығын, заңдылығы мен демократиялық сипатын қамтамасыз ететін институт рөлін де атқарады.

Қазіргі кезде əрекет етуші сайлаушылардың тізімін жасау кезеңі сайлаушыларды учаскелік есепке алу деңгейінен жоғары ұйымдастырушылық, техникалық мемлекеттік деңгейге дейін көтерілуі тиіс. Тек сонда ғана елдің əрбір азаматы қандай да бір техникалық ақаулықтардың салдарынан өздерінің сайлауға деген конституциялық құқығын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылмайды.

Мəслихаттар депутаттарын сайлау барысында сайлау комиссияларын құру кезінде бүгінгі күнгі əрекет етіп отырған тəртіпті учаскелік сайлау комиссияларын құруды округтік сайлау комиссиясына жүктеу арқылы өзгерту қажет, бұл сайлау комиссияларының қызметін неғұрлым тəуелсіз етер еді.

Қазақстан Республикасындағы мəслихат депутаттарын сайлау — Республика Президентін немесе Парламент депутаттарын сайлаудан бір мысқал да кем емес маңызды құбылыс. Ол ең алдымен мəслихат депутаттарының халыққа тым жақын, етене аралас болатындығымен ерекшеленеді. Сондықтан мəслихат депутаттарын сайлау заңнамасы мен тəжірибесі демократиялық өлшемдерге неғұрлым сəйкес болса, халық атынан өкілдік ететін мəслихат депутаттарының қызметі соғұрлым жетіле түсер еді.

Сайлау үрдісі мен сайлау құқығы мемлекет пен азаматтық қоғамның толыққанды өмір сүруінің саяси саласымен өте тығыз байланысты. Егер сайлау құқығы материалдық мағынада мемлекеттік- қоғамдық қызметтің сайланбалы өкілдерге жалпыға бірдей, тең, төте сайлау жəне жасырын дауыс беру мен сайлаушылардың сайлауға ерікті түрде қатысуы арқылы биліктік өкілеттіктерді иелену мен беруге қатысты қырларын реттесе, сайлау үрдісі іс жүргізушілік мағынада азаматтардың субъективті құқықтарын жүзеге асырудың ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны ретінде сайлау субъектілерінің сайланбалы органдарды қалыптастыруды жүзеге асыруға тікелей араласуының технологиясын білдіреді. Бірлесе отырып, олар қазіргі кездегі электоралдық демократияның негізгі институттарын қалыптастырудың саяси-құқықтық механизмін түзеді [7; 255].

Сайлау үрдісіндегі маңызды функционалды құраушысы сайлаудың ең басты субъектісі — сайлаушылардың сайлау институттарына, сайлауды дайындау мен өткізуді ұйымдастыратын сайлау комиссияларына сенім білдіруі болып табылады. Азаматтық қоғамның, мемлекеттің саяси атмосферасы мен азаматтардың құқықтық мəдениетінің бөлінбес бөлігі бола отырып, азаматтық сенім қазіргі сайлау үрдісінің көпшілік биліктің өкілді жəне сайланбалы институтының өндірілуінің саяси жəне электоралды механизмін ретіндегі мəнін анықтайды.

«Сайлау үрдісі» терминіне қатысты ғалымдардың пікірлері сан қырлы. Мəселен, Э.Б.Мұхамеджанов сайлау үрдісін мазмұны қандай сайлау: ел Президентін немесе Парламент депутаттарын, жергілікті өкілді органды немесе жергілікті өзін-өзі басқару органын сайлау өткізілетіндігіне байланысты шаралар жиынтығы деп есептесе [8], сайлауды ұйымдастыру мен өткізу азаматтардың сайлау жəне сайлану құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған сайлау үрдісі субъектілерінің заңнамамен бекітілген əрекеттерінің жүйесі рөлін атқарады.

Б.А.Страшун «сайлау үрдісі» ретінде заңмен жəне өзге де əлеуметтік нормалармен реттелген индивидтердің, органдардың, ұйымдардың жəне топтардың мемлекеттік жəне өзін-өзі басқару органдарын сайлауды дайындау мен өткізуге қатысты қызметін сипаттайды [9]. Соңғы пікірмен бірқатар ғалымдар тобы келіседі [7; 362].

Ғылыми, құқық қолданушылық жəне халықаралық-құқықтық электоралдық сөздікте «сайлауды ұйымдастыру, дайындау жəне өткізу» сияқты терминдермен қатар заңнамалық тұрғыда «сайлау үрдісі» деген жаңа терминнің қолдану аясын кеңейту қажеттігі алдыңғы қатарда тұр. Себебі сайлау үрдісі кезекті жəне еркін сайлауды ұйымдастырудың конституциялық қағидаларын жүзеге асырудың, Конституциямен жəне «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңмен бекітілген шектерде сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдері кешенін кезең-кезеңімен атқару арқылы адам жəне азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын, олардың сақталуы мен орындалуының кепілдіктерін қамтамасыз етудің технологиялық инфрақұрылымы мен нысанын білдіреді.

«Сайлау үрдісі» түсінігі өзінің мазмұны мен көлемі бойынша ауқымы кең, оған ақпараттық- технологиялық жəне ақпараттық-қаржылық қырлармен қатар сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдерін жүзеге асырудың қазіргі кездегі əлеуметтік-саяси негіздерін сипаттайтын бірқатар жаңа белгілер де тəн. Заңмен рəсімделген тəртіп ретінде сайлау үрдісі сайлауды ұйымдастыру мен өткізу сайлау кампаниясының шегінде жүзеге асырылады, ал сайлау кампаниясы Қазақстан Республикасының азаматтарының еркін сайлауға деген конституциялық құқықтарын, мемлекеттік билік органдарына жалпыға бірдей тең, төте сайлау құқығы мен жасырын дауыс беру арқылы сайлау жəне сайлану құқықтарына жүзеге асыруды жəне қорғауды қамтамасыз ететін сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдерін жүзеге асыратын негізгі уақытша фактор болып табылады.

Қазіргі заманауи сайлау құқығының жаңалығы тек материалдық, рəсімдік, іс жүргізушілік нормалар мен заңдық институттардың болуында ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтарының белсенді жəне бəсең сайлау құқықтарын демократиялық сайлау өткізу саласындағы жалпымен бірдей мойындалған қағидаларға жəне халықаралық құқық нормаларына сəйкес жүзеге асыру мен қорғау əдісі ретіндегі сайлау үрдісінің саяси-құқықтық табиғатын түсінуде болып тұр. Бұл мағынада сайлау үрдісі тек əкімшілік технологиялық рəсім ғана емес, сонымен қатар көпшілік бəсекелес саяси үрдіс. Оның аясында сайлаушы азаматтардың саяси- құқық субъектілігі айқындалады жəне солардың ерік білдіруінің арқасында өкілді сайлау институттарының қызметі заңдастырылады.

Заман талабына сай «сайлау үрдісі» ұғымы қосымша элементтердің жиынтығымен байытылған: олар, біріншіден, белсенді заң шығармашылық қызметі, соның ішінде сайлаудың құқықтық базасын заңдық тұрғыдан бекіту, сайлауды міндетті жəне кезекті тағайындау мен өткізу, сайлау құқығының кепілдіктері бойынша нормаларды анықтау қызметі; екіншіден, сот органдарының азаматтардың конституциялық сайлау құқықтарын қамтамасыз етуі мен қорғау шаралары; үшіншіден, сайлаушылар мен сайлауды ұйымдастырушылардың құқықтық мəдениетін көтеру, сайлау комиссиялары мен сайлау үрдісінің өзге де қатысушыларының қызметінің кəсіби деңгейін көтеру бойынша шараларды дайындау мен жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жүйесін қалыптастыру; төртіншіден, сайлау үрдісін саяси баламалалық, жарыспалылық, сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдерін мөлдір жəне ашық түрде атқару негізінде ұйымдастыру болып табылады.

Сайлау үрдісін ұйымдастырудың конституциялық қағидалары сайлауды тиісті сайлау жүйесінің аясында сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің басқарушы жəне бағыттаушы бастаулары ретінде азаматтардың конституциялық сайлау құқығының теңдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік өкілді билік органдарына сайлану жəне сайлау құқығын жүзеге асыруға, жергілікті сайланбалы билік органдарының өкілдік сипатын қамтамасыз етуге, сайлаудың заңға сəйкес өткізілуіне, сайлауды Конституция мен заңдарда анықталған мерзім мен тəртіпте тағайындау мен өткізуге бағытталған.

Сайлау үрдісі бір мезгілде саяси-құқықтық жəне сайлау құқығының категориясы ретінде құқық қолданушы электоралдық, соның ішінде соттық қызметтің құрамдас бөлшегі екендігі рас. Оның іс жүзінде нақты қолданылуы уақытша шектермен — басталу жəне аяқталуымен, бір кезеңнен екінші кезеңге ауысуымен анықталады. Сайлау үрдісін кең жəне тар мағынада қолдана аламыз.

Кең мағынада «сайлау үрдісі» термині сайлауды тағайындау туралы құзыретті органның немесе лауазымды тұлғаның шешімін ресми жариялаған күннен басталып, сайлауды ұйымдастыратын сайлау комиссиясының шешімдерін ресми жариялаған күніне дейін жалғасатын «сайлау кампаниясы» терминімен ұштасады. Тар мағынада «сайлау үрдісі» формалды құбылыс ретінде дауыс беру мен сайлау нəтижелерінің біртұтастығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін заңмен бекітілген сайлауды ұйымдастыру мен өткізу кезеңдерінің жиынтығын құрайды, ал сайлау кезеңдерінің өздері тиісті сайлау рəсімдері мен сайлау əрекеттерінің жиынтығынан тұрады.

Осылайша, «сайлау үрдісі» ұғымы «сайлау кампаниясы» терминімен шектеліп қана қоймайды, себебі сайлау кампанияларының мерзімдік шектерінен тыс сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдерінің жиынтық элементтерін де қамтиды. Демократиялық сайлау үрдісі — елдегі саяси режимнің бір бөлігі іспеттес, сондықтан азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын əлеуметтік-саяси қамтамасыз ету инфрақұрылымын қалыптастыратын демократия институттардың дамуының жалпы жағдайларымен тығыз байланыста. Бұдан басқа, нақты сайлау кампаниясы басталғанға дейін маңызды шаралар атқарылуы тиіс, солардың арқасында сайлау үрдісі дауыс беруді ұйымдастырудың заңдық технологиясы болып қана қоймай, биліктің саяси тұрақтылығы мен жалғаспалылығын, заңдылығы мен демократиялық сипатын қамтамасыз ететін институт рөлін де атқарады.

Қазақстан Республикасында сайлау үрдісі — сайлау заңнамасымен бекітілген нақты сайлау рəсімдері мен сайлау əрекеттерінен тұратын кезеңдердің жиынтығы. Сайлау үрдісінің кезеңдері дегеніміз — сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі сатылары, олардың шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарының жəне сайлаудың өзге де қатысушыларының сайлауға қатысты құқықтарының, сайланбалы билік органдарын, соның ішінде жергілікті мəслихаттар депутаттарын сайлау кезіндегі сайлау үрдісінің біртұтастығының, аяқталғандығының жəне заңдылығының жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін заңмен бекітілген сайлау əрекеттері мен сайлау рəсімдері атқарылады.

Сайлау үрдісінің кезеңдері сайлаудағы дауыс беруді əзірлеу мен өткізудің бөлек сатыларын білдіреді, əрбір сатыда сайлауға басшылық жасайтын органдар мен өзге де сайлау үрдісінің қатысушылары белгілі бір міндетті атқарады [10]. Сайлау үрдісін заңмен жəне басқа да əлеуметтік нормалармен реттелген мемлекеттік жəне өзін-өзі басқару органдарына сайлау өткізуді əзірлеу жəне өткізу бойынша жеке тұлғалардың, органдардың, ұйымдардың, топтардың қызметі ретінде анықтаймыз. Бұл қызмет нормативті түрде белгілі бір тізбекке келтірілген элементтерден — сатылардан тұрады.

Сайлаудың кезеңдерін де ғалымдар түрлі сатыларға жіктейді. Десек те, сайлау үрдісінің кезеңдері жалпы алғанда бірдей, тек сатыларының орналасу тəртібі өзгеше болуы мүмкін. Сайлау үрдісінің түрлері мен сатылары сайлау туралы заңнамамен орнатылып, нəтижесінде, қоғамдық дамудың тиісті кезендегі сайлау саясатының сипатына тəуелді болады. Оқу жəне ғылыми əдебиеттерде сайлау үрдісі кезеңдерінің түрлері мен көлеміне байланысты біртұтас пікір қалыптаспаған. Кейбір мемлекеттерде бұл саты Конституцияда немесе сайлау заңдарында нақты көрсетілген мерзімдерде өтеді. Мəселен, Америка Құрама Штаттарында мемлекеттік жəне өзін-өзі басқару органдарына федералды жəне штаттардағы сайлау жұп санды жылдың қарашасының бірінші сейсенбісінде өткізіледі [11].

Сонымен, Қазақстан Республикасының мəслихаттардың депутаттарын сайлаудың негізгі кезеңдерін төмендегідей кезекте қоюға болады:

  • сайлауды тағайындау кезеңі;
  • сайлау органдарын құру;
  • сайлау округтерін, сайлау учаскелерін құру кезеңі;
  • сайлаушылардың тізімін жасау;
  • мəслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну жəне тіркеу;
  • сайлау алдындағы үгіт;
  • дауыс беру;
  • дауыс беру қорытындыларын анықтау жəне жариялау.

Бұдан басқа мəслихат депутаттарын сайлау үрдісінің қосымша сатыларын атауға болады, оларға қайта сайлау сатысы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын өткізуді жатқыза аламыз.

Сайлау үрдісінің сатыларының функционалды бағыты сайлау əрекеттері мен рəсімдерінің уақыт бойынша бірізділігі мен мазмұны бойынша кезеңділігін қамтамасыз ету, ол депутаттарды сайлаудың заңдылығын кепілдендіреді. Сайлау үрдісінің бірқатар элементтері қызмет етуші, қосымша технологиялық сипатта. Мəселен, сайлау уақтылы жəне тиісті көлемдегі қаржыландырусыз; сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-əрекеттерге шағым беру жəне сайлау заңнамасының, азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны үшін жауаптылықтың тиімді механизмінсіз мүмкін емес.

 

References

  1. Message of the President of the Republic of Kazakhstan Nursultan Nazarbayev to the people of Kazakhstan «Strategy«Kazakhstan–2050»: new political policy of the taken place state». — Astana, 14, December, 2012 // http://www.akorda.kz
  2. The European charter about local government. — Series of the European contracts № 122. — Strasbourg, Council of Europe, Department of editions and documents. — 15, October,
  3. The universal declaration of human rights of 1948 / the Electron. it is given. — Access mode:һttp://www.un.org/russian/documen/declarat/delhr.htm
  4. The international Covenant on Civil and Political rights of 19, December, 1966 / the it is given. — Access mode:һttp: // www.hand-help.ru/documents/Pakt2.html
  5. Constitution of the Republic of Kazakhstan. — Almaty: Yurist, 2011. — 40
  6. The constitutional law of the Republic of Kazakhstan «About elections in RK» of 28.09.95 № 2464 // Sheets of Parliament of the Republic of Kazakhstan. — 1995. — № 17, 18. — 114
  7. Electoral right and electoral process in the Russian Federation. The textbook for higher education institutions. Edition of A.V.Ivanchenko. — Moscow: NORM publ. house, 1999. — 856
  8. Mukhamedzhanov E.B. Electoral right of the Republic of Kazakhstan: the theorist-legal questions. — Almaty: Zheti zhargy, 2001. — P.
  9. Constitutional (state) law of foreign countries: textbook: In 4 vol. — Vol. 1, 2 / Executive editor B.A.Strashun. — Moscow: BEK, 1995. — P.
  10. Maklakov V. Electoral right and electoral system of the present. — Moscow: Yurist, 1987. — 304 p.
  11. Abildinov Electoral right and electoral systems in other countries // Themis. — 1999. — № 6.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.