«Франчайзинг» термині француздік «franchise» сөзінен туындай отырып, «жеңілдік, ерекшелік, қатысу құқығы» мағынасын білдіреді, бұл — өзін-өзі ақтаған, сыналған технологияларды игеру, əйгілі, атақты тауар маркасын қолдану, жаңа істі жүргізу бойынша оқудан өту жəне сол қызмет ету барысында қажетті кеңестер алу мүмкіншілігін меңгеру. Яғни, əйгілі кəсіпкерлердің біреуі (франчайзер) өздерінің тауарларын, қызметтерін өткізу нарықтарын кеңейту жəне басқа да нарықтарды жаулап алу арқылы жалпы табыстылық мөлшерін ұлғайту үшін «бизнес-жобаның» үлгісін (сауда маркасын, технологиясын, ноу-хауын жəне т.б. айрықша құқықтарын енгізе отырып) əзірлеп, оны пайдалану құқығын нарықта жылдам танымалдылық пен табыстылыққа қол жеткізуді көздеген, басқа бір кəсіпкерге (франчайзиға) белгілі бір төлемдік негізде ұсынуын (өткізуін) қарастырады.
Осы екі кəсіпкердің (кəсіпорынның, компанияның, шаруашылық субъектілердің) арасындағы қатынастық жағдайдың түпкі мақсаты екі жақтың да белгілі бір пайда алуын көздеуден туындап отыр. Сондықтанда франчайзингтік қатынастардың жиынтығы, негізгі мақсаттары пайда алу болып саналатын кəсіпкерлік қызметті сипаттайды. Осы сипат франчайзингтік қызмет арқылы өз кəсіптерін құрушы шаруашылық субъектілердің іс- əрекеттерімен байланысты болғандықтан, «франчайзингтік бизнес» ұғымы қалыптасады. Франчайзингтік бизнес кəсіпкерліктің бір саласы тұрғысында, өзіне франчайзингтік қатынастарға тиесілі барлық белгілерді, ерекшеліктерді енгізеді. Осы атағанымыздай, франчайзинг бизнесті ұйымдастыру мен дамытудың қазіргі заманғы үлгісі ретінде қалыптасқандықтан, алдымен, жалпы «кəсіпкерлік» ұғымы мен оған қатысты сипаттамаларды қарастырғанды орынды санаймыз [1].
Кəсіпкерлік феномені ерте кезден бері əлеуметтік-экономикалық ғылымның назарын аударуда. Жалпы өркениеттің дамуы мен азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуы, адамдардың жеке тұлғалық идеяларының пайда болуы мен оны іске асыру қажеттілігі, жеке меншіктік қызметпен шұғылданушылықтың өріс алуы, нарықтық экономика механизмдерінің кең таралуы кəсіпкерлік қызметтің пайда болуы мен бекуіне себеп болды.
Алғашқыда «кəсіпкерлік» тəуекелділік сөзімен берілсе, ал кəсіпкер тауарлар мен қызмет өндірісіне байланысты туындайтын сол тəуекелділікті жəне жауапкершілікті өз мойнына алатын тұлға ретінде сипатталды. Ричард Кантиллилон 1725 жылы кəсіпкерлікті тəуекелділікті қабылдаушы қызметпен байланыстырып, бірақта кəсіпкерлерді капитал салымын қамтамасыз ететін жəне меншіктік еңбек пен ресурстарды қолданушы тұрғысында жіктеп қарастырған. Кəсіпкерлік əр түрлі елдерде бірқатар тұлғалармен 800 жылдың көлемінде əрқалай түсіндіріле отырып, ғылыми əдебиеттерде оның мазмұны əр түрлі талқылануда.
Франчайзингтік бизнестің бүгінгі мəнін айқындайтын түп негіздің қалыптасуына шолу жасайтын болсақ, оның пайда болуы мен дамуы 500 жылдан астам уақытты қамтиды деген жорамал бар. Ағылшын тілінің Оксфордтық сөздігі «franchising» 1559 жылы корольдердің өз қол астындағы адамдарына, ақсүйектеріне ұсынған құқықтарының жиынтығы ретінде сипатталса, ал «franchises» олардың сауда жүргізу үшін орны тұрғысында түсіндірілген.
Осы түсінікті жете қарастыратын болсақ, бұл жағдайдағы барлық меншік иесі билік басында отырған патшаға тиесілі болғандықтан, оның ұсынған айрықша құқықтарынан белгілі бір кəсіпкерлік қызметтегі іс-əрекеттер туындай қойғаны екіталай болса да, франчайзингтің «айрықша құқықтарды ұсыну, жеңілдіктер беру, ерекшелікті таныту» белгілері қолданылған. Яғни, франчайзинг басқарудың бір формасы тұрғысында сипатқа ие болып, басқарушының тапсырысын бұлжытпай əрі жылдам орындағандарға, оның бекіткен ережелерін бұзбағандарға «жылы көзқарас» таныту мақсатында жеңілдікті ұсынушылықпен сипатталған.
Осы сияқты ежелгі гректер мен римдіктерде бір-бірлеріне қару-жарақ пен киім-кешекті франчайзи желісі арқылы саудаласқан деген жорамал бар. Орта ғасырларда, мысалы, Англия королі өзінің ақсүйектеріне салық жинау құқығын ұсына отырып, олардың осы атқарған қызметтері үшін, жинақталған түсімнің бір бөлігін қалдырған. Сонымен қатар жəрмеңкелер өткізу, базарларды ұйымдастыру, паромдар, су көліктерімен адамдарды тасымалдау, аң аулау, жолдар салу немесе ағылшын сырасын өндіру құқықтарын сатып алу мүмкіндіктері болған. XIX-шы ғасырдың басында сол Ұлыбританияда «байланыстырылған үйлер» жүйесі енгізілген. Оның негізінде белгілі бір өнімдермен сауда жүргізу құқығын арнайы лицензиясы бар керуен сарайлар (қонақтар тоқтап, дем алатын жер) иелеріне ұсынылған. Осындай меншік иелерінің бірқатары керуен сарайларды лайықты деңгейде ұстап, лицензия төлемдерін төлеуге қаражаттарды иемдене алмаған. Сондықтан да сыра қайнатушылар керуен сарай иелеріне қарызға қаражат пен жалға өз мүліктерін ұсына отырып, есесіне оларға өз сыраларын жəне басқа да өнімдерін өткізуде франчайзингтік жүйені қолдана білген. Тағы да бір осы аталғанға ұқсас жоба, XV-ші ғасырда Испания патшаймы Христофор Колумбқа, оның ашқан жерлеріне үстемдік құрып, сауданың дамуынан белгілі бір пайданы алу құқығын ұсынған. Осы дəйектемелер, франчайзингтің басқарушылық формасынан, бизнесті ұйымдастыру мен дамытуда мүдделілікті арттыратын құрал тұрғысында жəне де XIX-шы ғасырдан бастап өндіруші кəсіпкерлердің өз өнімдерінің нарықта тұрақты түрде сатылуына септігін тигізетін іскерлік жүйе ретіндегі сипаттамасын анықтайды. Негіздемеміздің дəлелі ретінде, яғни франчайзингтің коммерциялық қызметпен сипатталынатын алғашқы мысалдарының бірі, XIX-шы ғасырдың орта шенінде Германияда байқалғандығын атап өтуге болады. Бұл кезеңде немістің сыра ашытушылары өздерінің ерекше өнімдерін таверна меншік иелерінің сатуына құқықты беру бойынша өзара шарт жасаған. Осы дəйектемеге байланысты «франчайзинг» терминінің қолданылып, франчайзингтік қатынастардың арнайы құжатпен рəсімделуінің бизнестік үрдісті танытқан мерзімі ретінде 1840 жыл саналған [2].
Əлемдік экономиканың дамуымен байланысты, франчайзинг тұжырымдамасы да өзгеріп отырғандығын Халықаралық франчайзинг ассоциациясының мəліметтерінен байқай аламыз. Осыған байланысты франчайзингтің экономикалық қатынас тұрғысындағы тұжырымдамасын келесідей топтастыруға болады:
1840–1880 жылдар. Бұл кезеңде франчайзинг құрылып, өріс ала бастаған өндіруші компаниялардың кəсіпкерлік қызметін жандандырушы құралы іспеттес болған. Іс тігетін машина өндірумен айналысатын «Зингер», сусындар өндірісімен айналысатын «Кока-Кола», автомобиль индустриясының негізін қалаушылар «Дженерал Моторс», «Форд» американдық компанияларының өз өнімдерін кең тарату мақсатында сауда маркалары мен технологияларын франчайзингтік негізде ұсына бастауын келтіреміз. Бұл компаниялардың франчайзингтік қызметінің негізі, тауарларын өндіру мен саудаласудың ерекше құқығын белгілі бір аумақтағы тəуелсіз дистрибьюторлар мен кəсіпорындарға төлемдік шартта ұсынуларымен сипатталған. Осы кезеңді франчайзингтік бизнестің алғашқы қағидалары мен түп негіздерінің қалыптасуының бастамасы тұрғысында қарастыруға болады. Өйткені аталған компаниялар бұрын шығындар мен тəуекелділіктің жоғарғы деңгейіндегі факторларымен сипатталатын жаңа территорияларды қиындықсыз меңгеруге мүмкіндік беретін, қазіргі заманғы франчайзингтік мəмілелердің түпнұсқасы саналатын, франчайзингтік өзара шарт арқылы кəсіпкерлік қызметті дамытуды қолға алған.
1880–1950 жылдар. Американың жəне алдыңғы қатарлы елдердің (Германия, Ұлыбритания жəне т.б.) кейбір қалаларының көше тасымалдаушыларына монополиялық франшизаны, сонымен қатар кəріз құбырлар жүйесін пайдалануға жəне де су, газ, соңыра электр қуаты жүйелерін қолдануға франшиза ұсыныла бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тауарлар мен қызметтерге қажеттілік арта бастап, қонақ үй, мейманханалық-туристік секторлар мен қоғамдық тамақтандыру индустриясының тез дамуы үшін франчайзинг өте қолайлы, əрі табысты бизнес үлгісі болып саналды. 1950–1990 жылдар. Бұл кезең франчайзингтік қатынастар арқылы бизнес үрдісінің жылдам екпінділікпен дамуын айқындайды. Осы мерзімде сүт коктейлі өндірісі үшін аппараттар сатушысы Рэй Крок, ағайынды Макдональдтармен басқарылатын «Сан-Бернардино» жылдам қызмет көрсетуші паркинг-дəмханасының бизнес франшизасына құқықты сатып алып, қазіргі уақытта əлемге танымал тамақ индустриясының ірі желісін құрғандығын айта кеткен жөн.
1990–2005 жылдар. Америка жəне экономикасы дамыған əлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде франчайзингтік компаниялардың үлесі жалпы нарықтың сауда көлемінің жартысына жуық мөлшерін қамтыды. 2003 жылдың басына əлемнің алдыңғы қатарлы 40-қа жуық елінде 1,6 млн франчайзиларды иемденген 16490 франчайзерлер 23 млн адамдарды жұмыспен қамти отырып, жылдық айналымы 1,5 млрд долл. құрайтын франчайзингтік бизнестің қызмет атқаруын қамтамасыз еткен.
Франчайзингтік бизнестің даму эволюциясына көз жүгіртсек, алғашқында (1840 ж.) франчайзинг сол кезеңде өз кəсіпкерлік қызметін жандандыруды көздеген компаниялардың бизнес құралы іспеттес болса, бертін келе (1880 ж.) тек қана жеке меншік компаниялар емес мемлекеттік, аймақтық, жергілікті əкімшіліктік мекемелер мен қызмет көрсету саласындағы кəсіпорындардың іс-əрекеттерінде қолданыла бастаған, ал өткен ғасырдың орта шенінен бастап саналы түрде бизнестерін дамытуды көздеген қазіргі заманғы кəсіпорындардың қалыптасуындағы үлгілік сипатты танытса, ал 90-шы жылдардан бастап, франчайзингтік бизнес əлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің экономикасында сала тұрғысында дамушылыққа қол жеткізіп, кəсіпкерлікті жандандырудың жаңа үлгісі ретінде толықтай көрініс тапқан.
Жоғарыдағы эволюциялық өзгерістер франчайзингтік бизнестің қалыптасып, дамуы франчайзингтік қатынастар арқылы қатысушы жақтардың мүдделіктерін енгізетін қызметтердің үрдісімен тығыз байланыстылығын айқындайды. Осы франчайзингтік қатынас, фирмалық атауды жəне саудалық белгіні иемденуші-кəсіпорын «франчайзердің», өзінің фирмалық белгілерін қолдануға құқықты «сатқан» кəсіпкерлер мен кəсіпорындар (құқықты қолданушы) «франчайзи» арасындағы қарым-қатынастан туындай отырып, сол берілетін құқықтар кешенін «франшиза» ретінде қарастырған орынды. Осы қарым-қатынас белгілі бір реттілікпен, ережелерді қарастыратын франчайзингтік өзара шарт бойынша бекітілуі міндетті. Осыған байланысты, француз тілді елдердің бірқатарында «франчайзинг» терминімен қатар, «contrats de franchise, contrats de franchissage» терминінің қолданылып, түпкі мағынасы «франчайзинг өзара шартын» білдіруі өте маңызды. Франчайзинг франчайзингтік желі арқылы, франчайзингтік жүйе негізінде, франчайзингтік қатынастарды орнату нəтижесінде бизнесті ұйымдастыру мен дамытудың жаңа үлгісі тұрғысындағы сипатқа толықтай ие болды.
Франчайзингтен объективті түрде үшінші мүдделі жақ — қатардағы тұтынушы, тапсырыс беруші клиент те ұтады. Оларға бір-бірінен айырмашылығы жоқ арнайы фирмалық сауда мен сервис орындарында емес, жеке-даралық шартта бірнеше франшизалық мекемелерде тауарлар мен қызметтер ұсынылады. Франчайзинг франшизалық желілерді «сырттан», «бөтендерден» келетін бəсекеден қорғасада, франчайзиға қызмет көрсету мен сауданың жағымды шарттарын туғыза отырып, басқа да франшизалық территориялардан өздеріне тұтынушыларды тартуға шектеу қоймайды.
Франчайзингтің дамуынан, жалпы алғанда, қоғам да ұтады. Франчайзинг азғантай ғана қаржылық құралдарды иемдене отырып, өзінің жеке меншіктік бизнесін құруды армандайтын бірқатар адамдардың, қызметтік тəжірибесі мол əріптестермен біріге отырып, сол арман- мұраттарының орындалуына тамаша мүмкіндік береді. Нарықтық қатынастардағы елдердің əлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі заманғы үрдісі франчайзингтік жүйенің əлеуетті қатысушылар санын ұлғайтуда. Олардың қатарында ғылыми-техникалық прогрестің нəтижесінде экономика саласында жұмыссыз қалғандар немесе қызметінен кеткен, босатылған əскери қызметкерлер, зейнеткерлер, үй шаруашылығындағылар, мамандықтары бойынша жұмысқа тұра алмаған оқу орындарының түлектері, иммигранттар жəне де т.б. атап өтуге болады. Олар франчайзингтік жүйеде бейімділікті танытып, қазіргі заманғы мемлекеттің əлеуметтік тірегі — қоғамның орта табын күшейте отырып, меншіктік мүліктері бар шағын кəсіпкер санын толықтыруда. Франчайзи жергілікті нарықтың конъюнктурасы мен ерекшеліктерін нақтырақ білуі, маңызды түрде жағымды фактор болып саналады. Бірдей уақытта оған тауарды өткізуден түскен табыстың белгілі бір пайызы аударылып отырады. Жеке меншіктік сауда жəне өндірістік орындарды ұйымдастыруға қарағанда, аса көп емес салымдар қажет етіледі. Бұдан басқа мағынасы айқындалмаған түрде бірқатар артықшылықтар бар: франчайзи «бөтен» сауда белгісімен жұмыс істей отырып, оның құнының өсімін қамтамасыз ету арқылы, белгілі бір пайдалылықты игереді [3].
Ағылшын тілінің оксфордтік сөздігінде (1933ж.) былай деп көрсетілген: franchising дегеніміз — 1559 жылы патша тəжімен сыйға тартылған епископтардың барлық құқықтары мен міндеттері, ал franchisеs — жəрмеңкелер, базарлар жəне сауда-саттық үшін бөлініп берілген өзге де жерлер. Орта ғасырларда Британияда патша барондарға əр түрлі қызметтерге, мысалы, əскерге жауынгерлер жіберіп тұру міндетіне айырбас ретінде белгілі территорияларда салықтар жинау құқығын беретін болған. Еркін адамдарға өз тауарларын қала аумағындағы базарлар мен жəрмеңкелерде сатуға рұқсат (франшиза) берілді. Қазіргі күннің өзінде Ұлыбританияда жəрмеңкелер өткізуге, базарлар ашуға, көпір салуға құқықтар беретін ежелгі франшизалар сақталған [4].
Тағы да бір мысал ретінде XII ғ. лондондік Ситиде гильдия жүйесінің құрылуын келтіруге болады. Көбісі мысал ретінде пабтар (сыра барлары) жүйесін келтіреді, алайда бұл жеңілдетілген кəсіпкерлік жүйесінің көптеген элементтері жоқ сатып алу туралы эксклюзивтік шартқа көбірек ұқсайды.
Егер нақты құқықтық терминдерді қолдансақ, «франшиза» сөзі патша атынан құқықтарды беруді, ал кейбір мемлекеттерде, мысалы, АҚШ пен Австралияда, сот органдарының тұжырымдамаларына сəйкес «франшиза» сөзі мемлекеттік билікпен құқықтардың берілуін білдіреді.
Франчайзингтің қазіргі кездегі тəсілдері XIX ғасырда АҚШ-та азаматтық соғыстан кейін тігін машиналарын шығаратын «Зингер» компаниясы (Singer Sewing machine companу) дилерлік торабын құрғаннан кейін өз бастауын алды. 1800-ші жылдардың ортасында Америкада Зингер өзінің компаниясына ең бəсекелестік бағалар бойынша сауда жасауға мүмкіндік беретін сериялы өндірісті өрістетті. Алайда бір орында тігін машиналарына орталықтандырылған қызмет көрсетуді жəне бұзылған бөліктерін ауыстыруды ұйымдастыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шықты. Қаржылық жағынан тəуелсіз фирмаларға белгілі территорияда тігін машиналарын сатуға жəне оларға қызмет көрсетуге айрықша құқықтар беретін франчайзингтік жүйе құрылды. Бұл алғашқы франшизалар өзінің мəні бойынша талап етілген жағдайларда машиналарға қызмет көрсету жөніндегі франчайзидің (дилердің) қосымша міндеттері көзделген əрекет етуші дистрибьюторлық келісімдер болып табылған.
Ұқсас жүйені 1898 жылдан бастап «Дженерал Моторс» (General motors) компаниясы қолдана бастады. Бұл жүйе бойынша дилерлердің өзге өндірушілердің машиналарын сатуға құқығы болмады жəне олар қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету жəне франшиза сатушы фирманың имиджін қолдау үшін іске өздерінің капиталын салуға міндетті болды. Бұл жүйе қазіргі күннің өзінде автокөліктерді сатудың негізгі əдісі болып табылады.
«Дженерал Моторстың» үлгісі бойынша «Рексол» (Rexall) өзінің дəріханаларын ашуға франшизаларды тиімді сатып отырды.
Франчайзинг қазіргі күнге дейін «Кока-кола» (Соса-Cola), «Пепси» (Pepci), «Ceвен-аn» (7- UP) компанияларымен шыныдағы алкогольсіз сусындар жасау өндірісінде тиімді қолданылып келеді. Франшизаның арқасында бұл компаниялар қойылтылған шырынды бір орталықтан өндіруге жəне оны жергіліктік бөлшектеп сатуды басқаратын франчайзилердің меншігіндегі зауыттарға тарату мүмкіндігін алды. Франчайзилердің фирмалық шыныларды сатып алу жəне фирмалық тауар белгісін пайдалану құқықтары болған [5].
XX ғ. басында автокөліктер мен алкогольсіз сусындар франчайзингтік іс-əрекеттің катализаторына айналды деп айтуға болады.
1920-шы жылдары АҚШ-та бизнесті ұйымдастыру нысаны ретіндегі франчайзинг идеясы «көтерме саудагер — жеке сатушы» қатынастар жағына ойысты. Көтерме саудагер (франчайзер) жеке саудамен айналысатын кішігірім ұйымдарға көптеген жеңілдіктерден қосымша пайда табу, сауда фирмасының маркасын пайдалану жəне оған қоса өз тəуелсіздігін сақтап қалу мүмкіндігін берді. Ұлыбританияда франчайзингтің бұл типін «Спар» (Spar) жəне ВГ(VG Grocery stores) бакалеялық дүкендер қолданды.
1930-шы жылдары, экономикадағы дағдарыстан кейін, АҚШ-та мұнай өндіруші кəсіпорындар өз жанар-жағармай станцияларын басқаруды франчайзингтік жүйеге көшірді. Бензоколонкаларды франчайзилерге жалға бере отырып, олар рента алып отырды жəне компанияның имиджін өсірді, ал франчайзилер бағаларды жергілікті жағдайларға сəйкес белгілеу құқығын алды. Нəтижесінде машина отынын сату деңгейі едəуір өсіп, кіріс деңгейі ұлғая түсті.
1940-шы жылдары белгілі американдық кəсіпкер Говард Джонсон франчайзингті жол бойы мейрамханаларын ұйымдастыруда қолданды.
Франчайзингтік жүйенің қалыптасуының жəне дамуының ең көрнекті жəне сенімді мысалдарының бірі болып қазіргі кезде жедел қызмет көрсету саласының даусыз лидері ретінде қарастырылуы мүмкін «МакДональдс» (MCDonald¢s) фирмасының қызметі табылады. 1940-шы жылдардың аяғында кішігірім жол бойы кафесінің иелері ағайынды Ричард жəне Морис МакДональдтар клиенттерге қызмет көрсетуді жақсартудың жəне, сəйкесінше, кірісті ұлғайтудың тиімді əдісін тапты: олар мəзірдегі тағамдар санын үшке дейін азайтып, технологияны конвеерлік жүйенің негізінде стандарттады жəне тағамдарды дайындауды ұйымдастырудың рецептурасын бір ізге салды. Мұндай ұйымдастыру тиімділікті арттырып, шығындарды азайтты. Осындай кəсіпорындар жедел қызмет көрсету саласында көптеп ашыла бастады.
АҚШ-та франчайзингтің қарқынды дамуына 1946 жылы қабылданған тауар белгілері туралы заң мүмкіндік туғызды. Кəсіпкерлер қосымша табысты өзге кəсіпорындарға өздерінің тауар белгілерін заңның жан-жақты бақылауымен жəне қорғауымен пайдалануға беру өз бизнестерінің шектерін қосымша үлкен шығындарсыз кеңейту мүмкіндіктерінің болуының арқасында тапты.
Кəсіпкерліктің бұл нысанының тұрақты түрде дамуы 1950-ші жылдардың аяғы мен 1960-шы жылдарда байқалды: қазіргі франчайзерлердің онының тоғызы бизнеске 1954 жылдан кейін келді. Аталған кезеңде франчайзингтік жүйе бөлшектеп сатудың жаңа салаларына таралып, жедел қызмет көрсету кəсіпорындарының дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз етті.
АҚШ-та танымал жəне кең таралған франчайзинг нысандарының қарқынды дамуына сəйкес жол шаруашылығын, автожөндеу жəне бензин құю жүйелерін құруды, демалу, тұрмыс жəне қызмет көрсету өндірісін ұйымдастыруды талап еткен халықтың жаппай автомобилизациялануы, жоғары сапалы штатаралық автомагистральдер торабының салынуы, тұрақты қарқынды миграциялық жəне туристік ағымдардың пайда болуы түрткі болды. 1950-ші жылдары «Кентукки фрайд чикенс», кейінірек «Пицца-хат» сияқты қуатты франчайзерлермен біріктірілген əлемге əйгілі қоғамдық тамақтандыру «империялары» пайда болды. Қонақ үй бизнесінде «Хилтон», «Шератон», «Холидей- инн» сияқты франчайзинг «алыптары» кең танымал болды [6].
1960-шы жылдардың екінші жартысында АҚШ-та шағын бизнестің ел экономикасындағы ролі жəне маңызы туралы сұрақ ең алғаш рет үкіметтік деңгейде көтеріліп, 1969 ж. шағын бизнес істері жөніндегі Басқарма (Small Business Administration) құрылды. Осы кезден франчайзинг үлкен өндірісте жəне тауарлар мен қызметтерді өткізу жүйесінде шағын бизнесті пайдалану əдісі ретінде қарастырыла бастады. Франчайзингті зерттеу жəне насихаттау бойынша арнайы шаралар қабылданды. 1970 ж. Калифорнияда франшизалық инвестициялау туралы заң қабылданғаннан кейін Үкімет пен Конгресте ұзақ талқылау жүргізілді. Нəтижесінде бизнес сферасындағы заңдылықты толықтыратын құжаттар қабылданды. Осылайша АҚШ-та франчайзингтің дамуына қажетті заңдық орта қалыптастырылды.
Франчайзингтік қатынастардың дамуындағы нағыз қарқынды кезең 1970-ші жылдары АҚШ-тың антитрастік заңдылығы оның жолында тұрған негізгі кедергілерді жойғаннан соң басталды. 1970 ж. франчайзинг негізінде жұмыс істейтін кəсіпорындардың сатылым көлемі 100 млрд долл. құрады, бұл АҚШ-тағы бөлшектеп сатудың жалпы сомасының 25%-нан артық. 1975 ж. франчайзингтің көлемі екі есе ұлғайды, 1984 ж. АҚШ-тың барлық дүкендеріндегі сауда көлемінің үштен бірі (500 млрд долл.) франчайзингтік фирмалар арқылы жүзеге асырылды. 1988 ж. АҚШ-та экономиканың 45 саласында 416878 «бірлік» — франчайзилерді біріктіретін 3 000 франчайзер-компаниялары əрекет етті.
«Бірліктерге» бензин құю станциялары, автомектептер, əр түрлі техниканы прокатқа алу пунктері, əмбебап жəне мамандандырылған дүкендер, жөндеу-құрылыс кəсіпорындары, кəсіпкерлерге арнайы сервистік, маркетингтік жəне консалтингтік агенттіктер, емдеу-сауықтыру орталықтары, сəн жəне косметикалық салондар, дəріханалар, жұмыс күшін қайта даярлау орталықтары, іздестіру бюролары, үйде қызмет көрсету жөніндегі агенттіктер, мектепке дейінгі тəрбиелеу топтары жəне орталықтары, саяхат агенттіктері, кір жуатын үйлер, риэлтерлік агенттіктер, компьютерлік қызмет көрсету, тұрмыстық, электр жəне электрондық аппаратураны жөндеу жөніндегі пунктер, жартылай көтерме сауда дүкендері жəне т.б. жатады. Олардың барлығы франчайзингтік қауымдастықтың орталығы ролін атқаратын өз саласының флагмандарының бірінің фирмалық атауын немесе коммерциялық белгісін пайдаланады.
1990-шы жылдары АҚШ-та бөлшек сауданың жəне қызметтердің айналымының 40 % франчайзингтік жүйе бойынша жұмыс істейтін фирмалардың үлесіне тиесілі болды. Көптеген белгілі мамандардың болжамдарына сəйкес, франчайзинг XXI ғасырда шағын бизнесті дамытудың басым күші болады. Белгілі болжаушы, «Мегатрендтер» атты кітаптың авторы Дж. Несбит франчайзингті XX ғ. пайда болған тауарлар мен қызметтерді нарықтарға таратудың «жалғыз ең тиімді концепциясы» деп атады [7].
Бүгінде франчайзинг АҚШ-тың жалпы ұлттық өніміндегі ұлттық байлықтың 13 %-ын береді.
Жұмыс беруші ретінде франчайзинг 7 млн астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
Бизнесті ұйымдастыру жəне жүргізу əдісі ретінде франчайзинг XX ғ. соңғы он жылдықтарында экономикалық даму деңгейі əр түрлі елдерде кеңіннен таралды. Қазіргі кезде көптеген елдердің экономикасы əр түрлі франчайзингтік жүйелерге кіретін фирмалардың тұрақты жұмыс істеуіне едəуір дəрежеде тəуелді.
АҚШ өзінің трансұлттық корпорациялары арқылы франчайзингтің ең ірі экспортеріне айналды.
«Кока-кола», «Пепси», «Фанта», «Макдональдс», «Пицца-хат», «Хилтон», «Шератон» жəне т.б. көптеген американдық корпорациялар-франчайзерлер шетелде жергілікті кəсіпкерлер- франчайзилерді таңдап алып, оларды алдыңғы қатарлы технологиялармен қамтамасыз етеді, бизнесті жүргізудің қазіргі кездегі тəсілдерін үйретеді, бұл жергілікті ұлттық кəсіпкерліктің қалыптасуына ықпал етеді. Кейіннен жергілікті ірі ұлттық компаниялар франчайзерлерге айналып, өз кезегінде мемлекеттік шекаралардан аса бастайды [8].
Түсінікті себептермен франчайзинг Канадада кең таралды: 1986 ж. бұл елде 60 000 «бірлік»- франчайзилерді біріктірген 1440 компания-франчайзерлер (240-американдық) əрекет етті. Бірқатар өзге мемлекеттер бойынша бұл көрсеткіштер: Жапонияда (1988 ж.) — 619 франчайзер жəне 102 397 «бірлік»; Ұлыбританияда (1990 ж.) — 379 жəне 18 620, Францияда (1991 ж.) — 600 жəне 33000, Испанияда (1991 ж.) — 200 жəне 20 000. Австралия үкіметі жүргізген зерттеулердің нəтижелері бойынша, 1989 ж. бұл елдегі франчайзерлердің саны бір миллион халыққа шаққанда 13,9 (АҚШ-та сəйкес көрсеткіш — 8,4), бір миллион халыққа шаққандағы франчайзилердің саны 671 (АҚШ-та — 1456).
Франчайзингтік жүйенің дамуы экономиканың масштабтарымен тығыз байланысты. XX ғ. алғашқы онжылдықтарында АҚШ-тың масштабтары бойынша үлкен нарығы мен географиясы максималды түрде жергілікті кəсіпкерлердің белсенділігін, интеллектуалдық жəне материалдық ресурстарын орталықсыздандырылған бақылау схемаларымен үйлестіре пайдалануға мүмкіндік беретін басқару жүйесін еyгізуді талап етті. Нарығы ұлттық территорияларға бөлшектелген Еуропада франчайзингтік қатынастардың қарқынды дамуы 1980-ші жылдары біртұтас экономикалық кеңістіктің қалыптастырылу кезеңінен басталды. Қазіргі кезде Еуропада франчайзингтің қалыптасуына жəне дамуына Еуропалық қауымдастық мүмкіндік жасап отыр. Алайда, АҚШ-пен салыстырғанда, Еуропада қазірдің өзінде тілдік кедергілер, ұлттық мəдениеттердің (əсіресе тауарлар мен қызметтерді тұтынумен байланысты ұлттық дəстүрлер мен дағдылардың), бизнесті ұйымдастырудың нысандары мен əдістерінің ерекшелігі мəселелері бар. Еуропалық одақ елдерінде бизнесті жүргізу ережелерін реттейтін зандарды бірегейлендіру жөніндегі айтарлықтай іс-шараларға қарамастан, қазіргі кездің өзінде заңдылықтарында франчайзингтің жылдам таралуына кедергі келтіретін ерекшеліктер сақталып келеді [9].
Басқару жөніндегі халықаралық сарапшылардың болжамдары бойынша, келесі онжылдықтар шағын бизнесті ұйымдастырудың жəне басқарудың бұл əдісінің екпінді даму кезеңі болады. Халықаралық франчайзинг ассоциациясының (Internаtional Franchising Association) сарапшылары франшизалық жүйелердің жылдам дамуына жəне ғаламдануына алғышарттар жасайтын келесі факторларды атап көрсетеді:
- Дəстүрлі бағыттардағы (жылдам тамақтандыру, минимаркеттер, қонақ үйлер, автокөліктерді жалға беру) франшизалық жүйелердегі сатылым көлемдерінің өсу қарқынының түзелуі. Бұл салалардың əрқайсысында ғаламдық масштабта белгілі сауда маркаларына ие санаулы компаниялар басымдыққа ие болады.
- Ұлттық экономикаларда жəне тұтастай дүниежүзілік экономикада қызмет көрсету секторының жылдам өсуінің жалғасуы. Халықаралық франчайзинг ассоциациясының арнайы зерттеуіне сəйкес қызмет корсету сферасында мамандандырылу жалғасады. Тұрған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, дизайнерлік жобаларды жүзеге асыру, тұрғын үйлермен қамтамасыз ету саласындағы қызметтер, тəрбиелеу жəне білім беру саласындағы қызметтер бизнес-қызметтердің кейбір түрлерімен қатар франчайзинг қолданылатын бірінші кезектегі салаларға айналады.
- Кішігірім фирмалар бір бірімен бірігіп, бірақ ақыр аяғында бизнес алпауыттарының құрамына қосылатын бірігу жəне қосылу процестерінің белсенділігі. Корпоративті Америка франшизалық жүйелерге инвестициялау объектісі ретінде жоғары қызығушылық танытуда.
- Тəуелсіз шағын кəсіпкерлердің франшизалық жүйелерге қосылу тенденциясының күшеюі. Бұл процесс екі бағытта жүруде: франшизалық жүйелер тəуелсіз операторларды тарту арқылы өздерінің ықпал ету сферасын кеңейткісі келсе, екінші жағынан, тəуелсіз шағын кəсіпкерлер белгілі сауда маркасына ие фирмаларға қосылу арқылы өздерінің бəсекелестік қабілеттілігін арттыру жолдарын іздестіруде.
- Ғаламдану. Франчайзингтік компаниялар, басым түрде американдық, XX ғ. соңында əлемдік нарықтарға белсенді шыға бастады. Мысалы, соңғы онжылдықта «Макдональдс» халықаралық экспансия есебінен ғана өзінің операторларының санын екі есе ұлғайтып, американдық нарықта 12–13 мың кəсіпорын əрекет етеді. Берілген көрсеткіш бойынша бұл фирманы АҚШ жəне Канада нарығында оның тұрақты бəсекелесі — «Сабвей» қуып жетті. Бір мезгілде, алайда айтарлықтай кіші масштабтарда, АҚШ-та шетел сауда маркаларына негізделген франшизалық жүйелер пайда бола бастады. Мысалы, қытай тағамдарының немесе славяндық бəліштер негізіндегі жылдам тамақтандыру жүйелері.
- Кемелденген басқару тұжырымдамалары мен жүйелерінің қалыптасуы. Қазіргі кездегі франчайзинг көшбасшыларының көпшілігі 1975 ж. кейінгі кезеңде қалыптасты. Бұл компаниялардың өсіп, кемелденуіне қарай өзге жүйелерден ерекшеленетін корпоративті мəдениет қалыптасып, басқару нысандары мен əдістері белгіленуде.
Франчайзинг дамыған елдерде қоғамның əр түрлі қызметтерге қажеттілігін қамтамасыз ету құралы ретінде ғасырлар бойы пайдаланылып келсе де, біздің экономикамыз үшін ол жаңа құбылыс болып табылады. Орталықтандырылған экономика жағдайында тауарлар мен қызметтер өндірушілер арасында бəсекелестік болмағандықтан, тауар белгісін ұсыну қолданылмаған.
Қазіргі кезде де Қазақстанда франчайзингтік қатынастар кең таралған жоқ, бірақ өз қызметін франчайзингтік жүйе негізінде жүзеге асыратын бірқатар фирмалар бар. Оларға «Фуд Мастер»,«Сəт», «Кока-кола боттлерс», «Филипп Моррис», тағы басқалар жатады.
References
- Sabden S., Toksanova A.N. Small entrepreneurships management theoretical and practice issues. — Astana: Elorda, 2009.— Р. 308.
- Zemlyakov D.N., Makashev M.O. Integration forms of business: Textbook. — Moscow: Unity-Dana, 2010. — 142 p.
- Lebedev T. Russian’s Franchising: Myfs and realities: Textbook. — St.Petersburg: Vektor, 2006. — 160 p.
- Financial and Organizational consulting — Franchizing as develop of — Moscow: Academkniga, 2009. — 11 p.
- Sosna A., Vasilyeva E.N. Franchizing Commercial Consessing. — Moscow: TKC. Akademkniga, 2005. — 375 p.
- Private interpreneuship: basic define, theory and practice: — Moscow, 1994. — 143 p.
- Stenword D., Smith B. Franchizing in small business / Translating from English of Pavlova N.N. — Moscow: Unitu, 1996. — 200
- Philip Zaidman. Franchizing. — Washington: Rudnik company, 1998. — 80 p.
- Yanovskaya U.M. New method doing business – franchising // Work at abroad. — Moscow: Norma press, 1997. — № 3. — 35–42