Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Əлеуметтік-экономикалық саясаттың Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сай құқықтық реттеу мəселелері

Экономикадағы қайта құрулар көптеген жағдайларда мемлекеттің экономикалық саясатының ғылыми тұғырнамасына байланысты болып келеді. Қазіргі таңда ғылыми негізделген экономикалық саясаттың қажеттілігі мемлекет жəне əр түрлі нарық институттарының, заңшығарушы органдар мен атқарушы органдардың қызметтерінде маңызды орын алып отыр. Мемлекеттің əлеуметтік- экономикалық саясаты мемлекеттілік институтының пайда болуымен бірге əрекет етіп келеді. Қазіргі заманда əлеуметтік-экономикалық саясаттың мемлекеттің өміріндегі маңыздылығы қоғамның дамуының жаңа кезеңдеріне өтуіне байланысты жəне қоғамдық өмірдің күрделенуі жаңа міндеттерді тудыртып отырғандықтан, тұрақты түрде өсіп отыр. Мемлекеттің кешенді түрдегі саясаты əлеуметтік-экономикалық талдау арқылы əлеуметтік-экономикалық жəне саяси процестердегі белгісіздік пен экологиялық сілкіністер қаупінің алдын алуға көмектеседі. Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында «əлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні қол жеткізілгенмен шектелтіп қоймайды. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа талабына сəйкестігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің норма түзушілік жəне құқық қолдану практикасын одан əрі жетілдіру қажет» делінген [1]. Сонымен қатар осы тұжырымдама «ҚР Конституциясының мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық жəне басқа да шараларымен жүзеге асуы тиіс құқықтық идеялары мен принциптерін одан əрі іске асыру қажет. Біздің мемлекетіміздің Конституциясында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін (бұл — қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, барша халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің неғұрлым маңызды мəселелерін демократиялық əдістермен шешу) сақтау мен іске асыру елдің орнықты əлеуметтік-экономикалық жəне саяси-құқықтық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» делінген [1].

Мемлекеттің экономикаға əсер етуі қоғамдық дамудың объективті заңдылығы болып саналады. Мемлекет қандай саяси жүйеде дамып отырса да экономикада маңызды қызмет атқарады. Елдің экономикалық орталығы бола отырып, мемлекет экономикалық жүйенің объективті заңдылықтарына сəйкес қоғамның экономикалық дамуын анықтайды. Қоғамның экономикалық өмірінің бағыттарын анықтау кезінде мемлекет қоғамда екі түрлі рөл атқарады: жалпы қоғамға байланысты — қызметтік, ал халық шаруашылығына байланысты — ұйымдастырушылық, нормативті-реттеу қызметі [2; 141].

Мемлекеттің қызметтік рөлі мемлекет ретінде жалпы қоғамның мүддесіне бағынған оның ықтиярын орындаушы аппарат түрінде көрініс тапса, мемлекеттің ұйымдастырушылық рөлі: а) мемлекеттік меншікке негізделген өндірісті ұйымдастыру; б) жалпы қоғамдағы өндірістік қатынастарды ұйымдастыру; в) мемлекеттік əлеуметтік-экономикалық саясат арқылы жалпы өндірісті басқару. Ал əлеуметтік бағыттағы нарықты экономиканы қалыптастыру барысында экономиканы ұйымдастыру өзінің өзектілігін сақтап қалады.

Экономикалық қоғамға сипат беретін категорияларға «еркіндік» (свобода — объективті заңдылықтарға сүйене отырып, дамитын шаруашылыққа байланысты қолданылатын ұғым) жəне

«тəртіп» (адамдардың субъективті қызметіне байланысты қолданылатын ұғым). Күнделікті тұрмыста «еркіндік» ұғымымен адамның əрекетін білдірсе (шаруашылық адамдар арасындағы қатынасты білдіреді), ал тəртіп мемлекеттің əрекетін білдіреді. Адамның еркін қорғайтын жəне қоғамда тəртіпті қамтамасыз ететін (мемлекеттің институттарын ұйымдастыру арқылы) ғылыми тұжырымдамалар (концепциялар) нарықты экономиканың тиімді əрекет етуін қамтамасыз етеді.

Қоғамның мемлекет ретінде ұйымдасу кезінен бастап «еркіндік» пен «тəртіп» ұғымдарының арасында тұрақты қарама-қайшылықтар пайда бола бастады, яғни жеке тұлғаның еркіндіктегі мүддесі мен мемлекеттің тəртіпті орнатуға деген əрекеті арасында қарама-қайшылықтар туындады. Жеке индивидуум максималды түрде бос кеңістікке ие болғысы келсе, мемлекет жалпы қоғам мүддесіне сүйене отырып, оны шектеуге тырысады, сондықтан мемлекеттің тарихы ретінде шектелмеген экономикалық жəне саяси еркіндікті бекіткен «түнгі күзетші» мемлекет типінен жоспарлы экономикаға негізделген тоталитарлы мемлекетке қозғалысты білдіреді [2; 142]. Индивидуумның көзқарасына сай, еркіндік адамның жеке тұлға ретіндегі қадыр-қасиетін білдіреді. Ал адам өз əрекеті арқылы өз қажеттілігін жəне осы қажеттілікті қамтамасыз ету əдістерін айқындауға ерікті. Еркінділік адамның өз мүддесінің туындауына себеп болады. Бірақ та өз еркін жүзеге асыру барысында адам басқа тұлғалардың еркіндігіне шек келтіруі мүмкін (мысалы, бір адамның басқа адамды қанауы). Сондықтан еркіндік сонымен бірге басқа адамдардың құқықтарымен байланысты нормаларды сақтауды жəне қоғам өмірін ұйымдастыруға қатысуды білдіреді. Нормаларды бекіту мен қоғам өмірін ұйымдастырумен мемлекет айналысады, сондықтан мемлекет тəртіпті білдіреді. Еркіндік пен тəртіп арасындағы бір-бірімен сəйкес келуіндегі өзгерістер экономикалық сферада туындап отырады. Сондықтан қазіргі таңдағы құқық, экономикалық ғылымдарда тұрақты туындайтын өзекті мəселелердің бірі мемлекеттік тəртіп пен адамның еркі үйлесіп тұратын ерікті экономиканы құру саналады.

Еркіндік пен тəртіп бір-бірімен тығыз байланысты, бір-біріне қызмет көрсетеді жəне араларында қарама-қайшылық болмауы керек. Тəртіп тек қана ерікті жағдайында ғана болады. Экономикадағы тəртіпті қалыптастыру мүмкіндігі қатынасқа түсуші адамдардың осы тəртіпті өздерінің қалауларына сай келетінін танығанда ғана туындауы мүмкін.

Жалпы қандай да қоғамда экономикалық тəртіп келесі үш мəселені шешуі қажет:

  • экономиканы қалыптастырып, оның жұмыс істеу мүмкіндігін арттыру;
  • экономикалық қызметтің барлық түрлеріне мақсатты бағыттағы үйлестіру жұмыстарын жүргізу;
  • негізгі қоғамдық саяси мақсаттарға жету.

Аталмыш мəселелерді шешу өте қиын, өйткені оларды шешу барысында көптеген кедергілер туындап отырады. Ондай кедергілердің бірі мемлекет экономикасы көптеген субъектілерден қалыптасқан. Осындай күрделі организмде өндіріс пен тұтыну бір-бірінен келесі жағдайлармен бөлінген:

  • ұйымдастырушылық сипатта, тауар өндірушілер өздері өндірген товар мен қызметті тұтынбайды;
  • кеңістікте, өнім шығарылған жерінде тұтынылмайды;
  • уақытпен, бүгін өндірген өнімдер тек белгілі мерзімнен кейін ғана тұтынылады [2; 142].

Экономикалық тəртіпті орнатуда тағы кездесетін мəселелердің бірі ғылыми-техникалық даму жəне оның нəтижесін тиімді əрекет ету мақсатында экономикалық қызмет субъектілермен қолдануы. Осы жағдайда экономикалық билік субъектілері негізінен өздерінің тиімді əрекет етуін қамтамасыз ету барысында жеке тұлғаның бостандығын шектеу жағдайлары туындайды. Экономиканың объектілері мен субъектілерінің арасында тиімді байланыс пен тиімді қатынастың қалыптасуы қоғамда арнайы институттардың болуымен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Жоғарыда айтқандарға сүйене отырып, М.А.Сажина экономикалық тəртіп ретінде:

  • əрқашанда ұйымдар (институттар);
  • мүмкіндігінше максималды тиімділігімен сипатталатын экономикалық қызметті мақсатқа сай үйлестіру;
  • мемлекет пен жеке тұлға арасында, мемлекеттік мекемелермен жеке тұлғалар арасында экономикалық шешімдерді қабылдау құқықтарының бөлінуін қарастырады [3].

Экономикалық тəртіпті қалыптастыратын негізгі субъект ретінде мемлекет елдегі экономикалық, əлеуметтік, құқықтық процестерді біріктіретін мемлекеттің экономиканы реттеу деңгейін анықтайтын экономикалық саясатты қалыптастырады.

Мемлекеттің экономиканы реттеу қажеттілігі сонымен қатар оның сапалық сипаты мен даму бағытын анықтайтын көпшілік биліктің ерекше ұйымы ретінде жəне жалпы қоғам алдында туындайтын қызметіне байланысты пайда болады. Мемлекеттің қызметі деп М.И.Байтин

«мемлекеттің таптық, жалпы адамзаттық мəнін білдіретін, нақтылайтын жəне əлеуметтілік бағытын белгілейтін мемлекеттің ішкі жəне сыртқы қызметінің бағытын» атап өтті [4; 197].

Мемлекеттің негізгі қызметтеріне қоғам өмірінде маңызды орын алатын экономикалық жəне əлеуметтік қызметтер жатады. Бұл қызметтердің жүзеге асырылу шектері мен деңгейлері қоғамда қалыптасқан экономикалық жүйе немесе экономикалық тəртіпке бағынышты. Дүниежүзілік тəжірибеге сүйенетін болсақ, таза нарықты экономикалық жүйемен салыстырғанда əлеуметтік бағыттағы нарықты экономикалық жүйе қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге бейімді болып келеді. Мемлекеттің экономикалық қызметтеріне келесі қызметтерді жатқызуға болады:

  1. Экстремалды жағдайда рессурстарды жұмылдыру. Таза нарықты экономика экстремалды жағдайларда тиімді жұмыс істей алмайды. Оның көрінісі ретінде 1929–1933 АҚШ пен Еуропа елдерін қамтыған экономикалық дағдарысты айтуға болады, дағдарыстың салдарын мемлекеттің қатысуымен, жүйелі түрде тиімді өткізген əртүрлі бағыттардағы экономикалық саясат (ақша, эмиссия мен пайыздық ставкалар бойынша мақсатты жүргізген саясат, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру т.б.) пен мемлекеттің экономиканы реттеудің əр түрлі əдістерін қолдану арқылы жеңуге мүмкіндік болды [3; 7]. Мемлекеттің экономиканы орталықтанған жүйе арқылы реттеудің кейбір артықшылығын КСРО-ның Ұлы Отан соғысынан кейінгі экономиканы жоспарлы басқарудағы жеткен жетістіктерін айтуға болады. Сонымен қатар қазіргі уақыттағы дүниежүзілік қаржылық дағдарыс жағдайындағы дамыған жəне дамып жатқан елдердің үкіметтерінің ресурстарды жұмылдыру арқылы дағдарыстың əлеуметтік-экономикалық салаларға тигізіп жатқан əсерін жою бағытта əрекетін атап өтуге болады. Көптеген елдердің өкіметтерінің дағдарысқа қарсы шаралары тек қана қаржы секторына көмек түрінде ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің экономикадағы өзінің қызметін жүзеге асыруын білдіреді.
  2. Экономиканы ұзақ мерзімді өсуге бағыттандыру. Нарық болашақта дамуға қажетті деңгейде тұрақты түрде бағыттала бермейді. Əсіресе экономикалық өсудің ғылыми зерттеулер мен ірі көлемде инвестициялық қаржыландыруда талап ететін жəне соған байланысты түсетін табыс бойынша нақтылықтың жоқ болу факторлары жеке меншік кəсіпкерлерді ұзақ мерзімді даму бағдарламаларына көңіл бөлмеуіне себеп болады. Сол себептен экономиканы мемлекет ұлттық, мемлекеттік, аймақтық бағдарламалар арқылы түзетіп отырады. Мысал ретінде Белоруссияның «2011–2015 жылдарға арналған Беларусь Республикасының инновациялық даму туралы мемлекеттік бағдарламасы» [5], ҚР Индустриялық-инновациялық дамуының 2003–2015 жылдарға арналған стратегиясын [6] немесе ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны келтіруге болады [7].
  3. Өндірістің болашақтағы құрылымдық өзгерістерін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта мемлекеттің экономикалық қызметіне экономиканың құрылымдық қайта құру қызметі кіреді. Экономиканың құрылымдық қайта құруын қамтамасыз етудің мақсаты ретінде «адамға өмірлік қажетті, дүниежүзілік нарық сұранысына сай өнімдерді өндіру, стратегиялық маңызды, дүниежүзілік нарықта жоғары бəсекеге қабілетті жəне мемлекет үшін əлеуметтік маңызы бар өндірістерді қолдау, өндірушілерді, оның ішінде шағын кəсіпкерлікті қолдау т.б.» деп И.Н.Сенякин белгілеп өткен [8].
  1. Аймақтың əлеуметтік-экономикалық даму саясатын жүргізу.
  2. Нарықпен дұрыс шешілмеген əлеуметтік мəселелерді шешу.
  3. Дүниежүзілік экономикада ұлттық мүдделерді жүзеге асыру.

Экономиканың нарықты бағыт алуы экономикалық таңдаудың шексіз еркін білдіре отырып, экономикалық жəне əлеуметтік процестерден мемлекеттің шектетілуін білдіреді. Бірақ «Laissez faire, laissez passer» ерікті нарық пен ерікті бəсеке қағидаларына сүйенетін жəне де мемлекетке байланысты

«түнгі күзетші» тұғырнамасын ұстанатын классикалық либерализм концепцияларын қалыптастырушылардың өздері мемлекет экономикалық жүйенің тиімділігін жəне өмір сүруін қамтамасыз ететін қызметтерді атқаруы қажет деген. Осы бағытта мемлекет экономикалық салада да, азаматтық қоғамда да негізгі екі қызмет атқарады. Біріншісі, экономикалық жəне əлеуметтік қатынас субъектілерінің арасындағы мүдделер тепе-теңдігінің сақталуын экономикалық саясат (салықтық, бюджеттік, аймақтық т.б.) арқылы қамтамасыз ететін қызмет; екіншіден, қоғамның əрекет етуі мен дамуын қамтамасыз ететін, оның ішінде экономикалық жүйенің барлық элементтерінің тиімді əрекет етуіне негіз салатын жағдайларды қалыптастыруға байланысты туындайтын қызмет.

Саясат (гр. Politiko) басқару өнерін білдіреді. Саясатта оның шешімдері мен саяси қызметте шоғырланған түрде экономикалық мүдделер көрініс табады. Н.Нигматулин атап өткендей, экономикадан үзілген саясат пен саяси қызмет өзінің əлеуметтік мазмұнынан айырылып, базистік негізін жоғалтады [9]. Көп жағдайларда саясат стратегиямен теңестіріледі, яғни көпшіліктің игілігін көздейтін қоғамдық тəртіпті орнатуға бағытталған əрекет [10]. Саясаттың экономикалық тұрғыдағы анықтамасы экономикалық базистің қондырмасы немесе экономиканың шоғырландырылған көрінісі түрінде берілсе, саясаттың құқықтық тұрғыда берілетін түсінігі адам жəне азаматтардың табиғи құқықтарынан туындайтын жəне адамның өмір сүру, еркін, қауіпсіздігін қорғауға т.б. бағытталған əрекет деп анықталады [10]. Ал нормативтік əдістеме тұрғыдан саясатты үстемдік идеалдар, құндылықтар мен нормаларға негізделген қоғамдық игілікке жетуге бағытталған əрекет ретінде қарастырады. Жалпы түрде саясат мемлекеттік ұйымдастырылған қоғамнан немесе дүниежүзілік қауымдастықта билік пен меншікті бөлуге байланысты жаңа тəртіп орнатуға немесе қалыптасқан тəртіпті сақтап қалуға бағытталған əлеуметтік қызметті айтуға болады. Саясаттың бірнеше бағыттары болады, сондай бағыттарға экономикалық жəне əлеуметтік саясат жатады.

Ғылыми əдебиеттерде «əлеуметтік-экономикалық саясат» терминінің орнына көп жағдайларда «экономикалық саясат» термині қолданылады. Ал кейбір авторлар «əлеуметтік саясат» ұғымын «экономикалық саясат» ұғымынан бөлек қарастырып, бөлек қолданады. Жалпы осы екі категориядағы ұғымдарды біріктіріп қарастыру мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын айқын жəне тиімді əрекет ететіндей бекітуге мүмкіндік береді. «Экономикалық саясат», «Əлеуметтік саясат» терминдерінің бөлек ұғымдары мемлекеттің алдында тұрған мəселені тар түрде қарастыруды ғана білдірсе, көптеген авторлар экономикалық саясаттың мақсатына əлеуметтік бағыттағы міндеттерді (толық жұмысбастылық, əлеуметтік қорғалу, табысты азаматтар арасында əділ үлестіру) де жүктейді.

Ғылыми тұрғыда экономикалық саясатқа əр түрлі тұрғыдан анықтамалар берілген. Кейбір авторлар экономикалық саясатқа халықтың түбегейлі материалдық мүдделерінің жиынтығы ретінде анықтама берсе, кейбіреулері экономикалық саясатты мемлекеттің экономикалық дамудағы қызметімен байланыстырады, А.Мальцев екі бағыттағы көзқарастарды біріктіріп, экономикалық саясат ретінде мемлекеттің үстем əлеуметтік тап өкілдері мен əлеуметтік топтардың экономикалық мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған іс-əрекеттер жиынтығы ретінде анықтама береді [11; 13]. Сонымен қатар қазіргі заман экономика саласының ғалымдары экономикалық саясаттың анықтамасын келесі түрде береді: «Экономикалық саясат — үстем əлеуметтік топтың мүддесіне негізделген мемлекеттің жүзеге асыратын іс-шаралары мен мемлекеттің жалпы саясатының құрамдас бөлігі» [11; 14]. Аталмыш анықтамаларға сүйене отырып, келесідей қорытынды шығаруға болады: Мемлекеттің экономикалық саясаты — қоғам мүшелерінің түбегейлі материалдық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің нарықты экономиканың объективті заңдылығына сүйенген экономиканы дамытудың бағыттарын, міндеттерін, нысандары мен мазмұнын анықтайтын қызметін айтуға болады. Сонымен, қазіргі замандағы мемлекеттік экономикалық саясаты нарықпен қамтамасыз ете алмайтын жаңа экономикалық сұраныстардың пайда болуымен байланысты деп айтуға болады.

ХХ ғасырдың басында экономикалық саясат «экономикалық таңдау еркінің» қағидасына сүйене отырып, экономикалық қатынастарды реттеуде мемлекеттің ролін «түнгі күзетші» принципіне, немесе экономикаға мемлекеттің араласпау принципіне, негіздеді. Бірақ өркениетті елдер экономикалық саясатты жүргізуде қоғамның əлеуметтік жағдайының экономикалық саясаттын нəтижесіне ықпалын тигізетініне көңіл аудара бастады. Əлеуметтік сипаттағы мемлекеттің қалыптасуы əлеуметтік сипат беретін институттарды қалыптастыратын мемлекеттің бағдарламасы немесе əлеуметтік саясатты қалыптастыру арқылы ғана мүмкін болғандықтан, ТМД кеңістігінде əлеуметтік мемлекеттілікті қалыптастыруға бағыт алған мемлекеттерде қоғамның əлеуметтік дамуын қамтамасыз етудің жаңа тұғырнамаларын қалыптастыру мəселелері туындай бастады. Əлеуметтік саясатты «əлеуметтілік» принципіне сəйкес қоғамның тарихи, саяси, мəдени даму ерекшеліктерін ескере отырып қалыптастырылуы оның тиімді енгізілуін қамтамасыз етеді. Ғалымдардың көзқарастарында əлеуметтік саясат ұғымына бір қалыпты көзқарастар қалыптаспаған, олардың ішінде ресей ғалымдары əлеуметтік саясаттың мазмұнын ашатын келесі анықтама береді: «Əлеуметтік саясат мемлекет — қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорлардың əлеуметтік сала арқылы жүзеге асырылатын тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметтері» [12]. Сонымен бірге кейбір авторлар əлеуметтік саясат ретінде мемлекет тарапынан тұрғындардың сұраныстарын елдің өмір сүру деңгейіне сəйкес қамтамасыз етуге, табыстары мен тұтыну арасындағы айырмашылықты түзетуге жəне тұрғындарға Конституция мен басқа да нормативтік актілерде бекітілген əлеуметтік қызмет пен кепілдіктердің жүзеге асырылуына бағытталған қызметті атаса, басқа авторлар «əлеуметтік саясат əлеуметтік топтар арасындағы, қоғам мен оның мүшелері арасындағы қоғамның əлеуметтік құрылымының өзгеруіне, халықтың игілікті тұрмысының жақсаруымен, олардың материалдық жəне рухани сұраныстарының қанағаттануы мен өмір сүру деңгейінің өсуіне байланысты туындайтын қатынастарға қатысты жалпы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі». Осы саясаттың маңыздылығы экономикалық қатынастар мен процестерде туындайтын əлеуметтік теңсіздікті жою арқылы айқындалады. Сондықтан мемлекеттердің негізгі міндеті — əлеуметтік саясат пен экономикалық саясатты үйлестіру арқылы олардың қоғамның əлеуметтік- экономикалық дамуына тиімді ықпал етуін қамтамасыз ету. Мемлекеттің əлеуметтік саясатының тиімділігі, қамту ауқымы мен қаржылық негіздері мемлекеттің экономикалық даму деңгейі мен экономиканың нақты секторының тиімді əрекет етуіне байланысты болып келеді.

Əлеуметтік-экономикалық саясатты кең жəне тар мағынада қарастырған дұрыс. Бірінші жағдайда қоғам мүшелерінің өмірінің барлық аумақтарын қамтитын, оның ішінде оларды тауарлармен, тұрғын үй мен əлеуметтік инфрақұрылымдағы қызметпен, жұмыс орындар, ақшалай табыстар, қолайлы экологиялық жағдайлармен қамтамасыз етуді айтуға болады. Екінші жағдайда əлеуметтік-экономикалық саясаттың мазмұны тек əлеуметтік қамсыздандырылмаған, өздерінің жағдайларына байланысты қоғамдық қатынастарда белсенді роль атқара алмайтын əлеуметтік топ өкілдерін қолдайтын əлеуметтік шаралар мен шешімдерді білдіреді [12]. Жалпы алғанда экономикалық, саясаттану жəне құқықтық зерттеулерге сүйене отырып, əлеуметтік-экономикалық саясаттың келесі анықтамасын ұсынуға болады, яғни «Қазақстан Республикасының əлеуметтік- экономикалық саясаты ретінде заң түрінде рəсімделген, мемлекеттік билік органдарының мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясаттарының бағыттарымен сəйкес келетін, саяси, экономикалық жəне əлеуметтік даму міндеттерін шешуге бағытталған құқықтық, қаржылық-экономикалық шараларын».

Қазақстан Республикасы тəуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, дамуы қоғамның алдында саяси, əлеуметтік жəне экономикалық дамудың өзекті мəселелерін тудырды. Оның ішінде мемлекет алдында пайда болған күрделі мəселелердің бірі — нарықты экономиканың даму жағдайында Қазақстан Республикасының əлеуметтік мемлекеттің сипатына сай келу. Осы мақсатқа жету үшін мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық саясатының құқықтық негіздерін қалыптастыру алғышарт болып саналады. Барлық жаңа конституциялар, соның ішінде Орталық жəне Шығыс Еуропа елдерінің жəне бұрынғы Одақ кеңістігінде қалыптасқан (Еуропа мен Азияның жаңа мемлекеттері) мемлекеттері қоғамның экономикалық ұйымдастырылуының негіздерін конституциялық реттеу аумағын кеңейткен. Оның ішінде бұл ерекшелік Еуропа мен Азияның жаңа мемлекеттерінің ХХ ғасырдың 90- жылдарында қабылдаған негізгі заңдардың ұқсас белгілері немесе қасиеттері болып келеді.

Еуропа мен Азияның мемлекеттерінің барлығында бұрынғы шаруашылықты жүргізу нысанына бас тартатындары жəне нарықты экономика қағидалары жарияланған. Мысалы, Македония Конституциясының 55-бабы нарық пен кəсіпкерліктің еріктілігін, шаруашылық қызметке қатысушы барлық жақтардың құқықтық жағдайларының теңдігін, монополиялық жағдай мен монополиялық əрекетке қарсы күрес жүргізу қажеттілігін бекіткен [13]. Бұл мемлекеттің ерекшелігі ретінде меншіктің қорғалуы мен нарық пен кəсіпкерлік қызметтегі еріктілікті конституциялық құрылыстың негіздерін қалаушы құндылық ретінде бекіткен (8-б.) [13].

Кеңестік Одақ ыдырағаннан кейін пайда болған мемлекеттердің барлығында дерлік əлеуметтік- экономикалық саясатты тиімді жүргізу мақсатында экономиканы мемлекеттік реттеу қағидасы бекітілген. Конституция нормаларының осы түрде бекітілуі əлеуметтік мақсаттарға жету қажеттілігімен негізделеді. Ал өткен ғасырдың 90-жылдары құрылған кейбір жаңа Еуропа елдерінің конституциясы аймақтық экономикалық саясат қағидасын жариялаған. Македония Конституциясының 57-бабында «Республика... экономикалық дамуға ықпал етіп, аймақтық жəне жергілікті деңгейлерде бірқалыпты дамуды қамтамасыз ету мен экономикалық артта қалған аймақтардың дамуына белсенді ықпал етуді көздейді» [13]. Осыған ұқсас норма Болгария Конституциясының 20-бабында: «Мемлекет елдің бөлек аймақтарының тең түрде дамуына жағдай жасап, аймақтық органдарға қызметтерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету мақсатында қаржылық, несиелік, инвестициялық саясат арқылы көмек көрсетеді»,— делінген [14]. Ал ТМД елдерінің ішінде Тəжікстан Республикасының Конституциясында (1-б.) адамның қадір-қасиетіне сай өмір сүру жағдайын қалыптастыратын əлеуметтік саясатты жүзеге асыратынын бекіткен [15]. ҚР Конституциясына сай əлеуметтік-экономикалық саясаттың негіздері конституциялық құрылыс негіздерін бекітетін жəне мемлекеттік органдардың құзыретін белгілейтін нормаларда бекітілген.

Қандайда болсын мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық даму деңгейі əлеуметтік қатынастардың дамуын білдіреді. Ол үшін əр түрлі факторлар мен нақты əрекеттер үлкен əсерлерін тигізіп отырады. Бір жағынан, əлеуметтік қатынастардың дамуына жеке тұлғалар, адамдар бірлестіктері немесе жалпы халық төменнен əсер етсе, екінші жағынан — қоғамның саяси жүйесінің субъектілердің мақсатқа сай, жоспарлы түрде қызметі жоғарыдан маңызды əсерін тигізеді. Саяси жүйе элементтерінің осы əрекеттері қоғамда жүргізілетін əлеуметтік-экономикалық саясатты білдіреді.

Əлеуметтік-экономикалық даму саясаты мемлекеттің жүргізетін саясатының бір бағыты болғандықтан, оны біз саяси, экономикалық, рухани бағыттағы жүргізетін қызметінен бөлек қарастыра алмаймыз. Өйткені əлеуметтік саладағы денсаулық сақтау, əлеуметтік қамсыздандыру, білім сияқты салаларды қалыптасқан нарықты экономикалық жүйесіз жəне демократияның институттарынсыз дамыту мүмкін емес. Осы мақсатта қандайда мемлекет болсын əлеуметтік- экономикалық даму негіздерін қалыптастыратын, халық сұранысын қамтамасыз ететін азаматтық қоғам қалыптастыруға құқықтық негіз жасауы керек. Əлеуметтік-экономикалық дамудың негізі — экономикалық қызметтің мемлекеттік реттелуі. Құқықтық мемлекеттегі экономикалық қызметтің реттелуі тоталитарлық жүйеден ерекшеленеді. Құқықтық мемлекет экономикалық жүйені Конституция денгейінде бекітуден бас тартқанмен оның негіздерін қалайтын нормаларды Конституцияда бекітеді.

Экономиканы мемлекеттік реттеуде экономикалық əдістер қолданылады. Экономикалық əдістер ретінде ұлттық құрылым деңгейінде нарықтық байланыстар мен нарықтық кеңістігінің ұлғаюына се- беп болатын мемлекет тарапынан əсер етуді айтуға болады. Бұл жалпы сұраныс, ұсыныс, капиталдың жинақталу деңгейі, экономиканың құрылымдануы (структуризация) мен əлеуметтік жағдай, экономикалық өсу факторларды білдіреді.

Осы мақсатта мемлекеттің экономиканы реттеуінде экономикалық саясаттың əр түрлі бағыттары қолданылады. Оларға:

  • қаржылық саясат: қаржылық саясат ұлттық-экономикалық жəне əлеуметтік мақсаттарға жетуде бюджеттік-салықтық жəне фискалдық тетіктерді қолдануды көздейді жəне мемлекеттік ақша қорларын қалыптастыру, бөлу жəне мақсатқа сай пайдалану мен бақылауды ұйымдастыру;
  • ақша-несие саясаты: ақша айналымы мен несие саласында қолданылады. Ақша-несие саясаты Орталық Банктің нарықты экономиканың элементтеріне жанама түрде, оның ішінде тиімді ақша жүйесін реттеу арқылы əсер ету арқылы жүзеге асырылады;
  • институционалдық саясат: экономиканы ұйымдастыру бағытында жүргізіледі, яғни жаңа немесе ескі экономикалық, қаржылық, əлеуметтік институттарды құру немесе жою, олардың қызметі мен байланыстарын өзгертуге байланысты мемлекет тарапынан жүргізілетін саясат;
  • құрылымдылық саясат;
  • əлеуметтік саясат: əлеуметтік қызмет көрсету саласында, əр түрлі топ өкілдерінің табыстарын бір-біріне сəйкестендіру жəне əлеуметтік маңызы бар қызмет түрлерін ынталандыру бағытындағы саясат;
  • инвестициялық саясат;
  • сыртқы экономикалық саясат;
  • баға қалыптастыру саясаты;
  • аймақтық саясат.

Жоғарыда аталып өткен мемлекеттің экономикалық саясаттың бағыттары мемлекеттің тарихи даму кезеңдеріне байланысты өзгеріп, жойылып отырады жəне экономикалық саясатты нақтылап отырады.

Нарықты экономика жағдайында мемлекеттер экономиканы жоспарлауды 4–5 жылға негіздейді. Осындай жоспарлар Францияның департаменттерімен, Жапония, Қытай, Онтүстік Кореяның өкіметтерімен жүзеге асырылады. Бұл жоспарлар əмірлік-əкімшілік экономика жоспарларынан үлестіру сипатының жоқтығымен ерекшеленіп, индикативті сипаттағы, яғни мақсатты, ұсыныс сипатында болады. Еуропа, Азия жəне ТМД елдерінің экономиканы мемлекеттік реттеудің тəжірибесіне талдау жасай отырып, өкіметтің тұрақтандыру саясатын жүргізуде мүмкіндігіне сəйкес нақты əдістер мен құралдарды қолдана алатынын байқауға болады. Көптеген мемлекеттер монетарлық, фискалдық саясат пен экономиканың дамуының негізгі бағыты ретінде əлеуметтік саясат немесе реттеу əдістерін қолдануын байқауға болады. Сонымен өкіметтің əлеуметтік- экономикалық саясаты ретінде шаруашылық субъектілердің əрекет етуін реттейтін нормалар мен ережелерді айтуға болады. Қазақстан мен басқа да ТМД кеңістігіндегі кеңестік дəуірдің жоспарлы экономикалық саясатына деген келеңсіз көзқарас əлеуметтік-экономикалық жоспарлаудың осы уақыттағы мемлекеттік тиімді саясат жүргізудегі қызметін төмендетіп жіберді. Бірақ, экономиканы мемлекеттік реттеудегі дүниежүзілік тəжірибе дəлелдегендей, нарықты экономикамен қатар экономиканы мемлекеттік реттеу тетіктері, оның ішінде əлеуметтік-экономикалық процестерді орталықтандырылған түрде жобалау, жоспарлау жəне бағдарламалар да əрекет етіп, экономикалық жүйе мен əлеуметтік салалардың дамуына ықпал етеді. Əлеуметтік-экономикалық процестерді тек нарық тетіктері арқылы реттеу қиыншылықтарды тудыртып отырады жəне «экономиканы реттеудегі қазіргі заман тəжірибесі жоспарлау өркениетті экономиканың негізгі белгісі екенін дəлелдеді» [16].

Жоспарлау, бағдарламалар мен жобалау тек қана экономикалық қызметті ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған əлеуметтік мəселелерді шешуді де білдіреді. Экономиканы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету тетігі — жоспарлау арқылы экономиканың құрылымы мен шаруашылық субъектілерін оңтайландыруды қамтамасыз етуге тырысады. Осы себепке байланысты осындай реттеу тетіктердің мазмұны, əдістері жəне қоғамдағы қызметі мемлекеттердің негізгі заңдарында, ағымдағы заңдар мен басқа нормативтік актілерде анықталады. Көптеген мемлекеттердің конституцияларында жоспарлаудың негіздері айқын бекітілмесе де жоспарлаудың алғашқы бастаулары көптеген конституцияларда көрініс тапқан. Жоспарлаудың теоретигі Рассель Акофф жоспарлауды қоғамдағы өзгерістерді жобалау, бағалау жəне жүзеге асыру деп қарастыра отырып, экономикалық жүйенің қоғамдағы өзгерістерге бейімдеу ғана емес, сонымен қатар оған саналы түрде əсер ету арқылы даму тұрғысынан орнынан қозғалту деп есептейді. Немесе жоспарлаудың нақты қызметі болып болашақты қалыптастыру болып келеді деп атап көрсетеді [17].

Жалпы алғанда мемлекетті жоспарлауға байланысты қызметі нарықты экономика жағдайында көптеген мемлекеттердің, негізінен Еуропа елдерінің конституцияларында көрініс тауып, конституциялық құқықтың маңызды институты ретінде қарастырылады. Жоспарлаудың конституциялық-құқықтық институт ретінде қарастырылуы үшін конституциялық деңгейде бекітілуі алғышарт болып келеді жəне жоспарлаудың негізгі мақсаты анықталуы керек. Испания Конституциясының 131-бабында мемлекет заң қабылдау арқылы аудандар мен салалардың біркелкі жəне үйлесімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында, табыстар мен байлықтың өсуін ынталандыру жəне əділ үлестіруді қамтамасыз ету үшін, көпшіліктің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жалпы экономикалық қызметті жоспарлайды деп көрсеткен [18]. Аталмыш баптың екінші тармақшасы мемлекеттік жоспарлаудың технологиясына да сипаттаманы жалпы түрде бекіткен. Осы нормаға сай Үкімет аймақтардың, кəсіподақтар, кəсіпкерлік жəне басқада экономикалық ұйымдардың ұсыныстарына негізделе отырып, жоспарлардың жобасын дайындайды. Осы қызметті жүзеге асыру үшін арнайы Кеңес құрылып, заң арқылы құрамы мен қызметі анықталады. Германияның Негізгі Заңында (VIII а. Федерация мен жерлердің жалпы міндеттері 1969 жылдың 12 мамырдағы заңмен енгізілген) Федерация мен жерлердің маңызды міндеттерін жоспарлаудың тетіктері нақтырақ анықталған [19]. Португалия Республикасының Конституциясына сай (80 «е»-б.) қоғамның экономи- касының ұйымдастырылуының негізгі принциптерінің біріне «əлеуметтік-экономикалық дамудың демократиялық жоспарлау» принципін жатқызуға болады. Осы принципке мемлекеттің негізгі міндеттері ретінде Португалия Конституциясының (81 «і») «əлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ететін демократиялық жоспарлаудың құқықтық жəне техникалық құрылымдарын құру» міндетін бекіткен [20]. Ал Конституцияның 2 «Планы» деген бөлімінде жоспарлаудың жəне оның орындалуының құқықтық тетіктері бекітілген. Аталмыш Конституцияның 90-бабында экономикалық жəне əлеуметтік даму жоспарлары экономикалық өсуді ынталандыруға, облыстар мен секторлардың үйлесімді жəне біртұтас дамуына, облыстар мен тұлғалар арасында ұлттық өнімді əділ бөлуге, экономикалық саясатты əлеуметтік, білім, мəдениет, ауылды дамыту саясатымен үйлестіруге, экономикалық тепе-теңдікті сақтап, қоршаған орта мен Португал халқының сапалы өмірін қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлттық жоспарлар Португалия Республикасында негізгі таңдаулы бағыттарды анықтайтын заңдар арқылы дайындалады жəне осы заңдарда аймақтық жəне салалық даму бағдарламаларын қосу мүмкіндіктері де бекітіледі. Португалия Конституциясының 91-бабының 2-тармақшасына сай ұлттық жоспардың таңдаулы бағыттары туралы заң жоба арнайы даму бағыттарының негіздемесі берілген баяндама арқылы таныстырады. Жоспардың орындалуы Үкіметпен орталықсыздандырылмаған түрде салалық жəне облыстар бойынша жүзеге асырылады [20]. Ұлттық жоспарды дайындауға жəне негізгі бағыттарын анықтауда экономикалық жəне əлеуметтік саясатты қалыптастыратын келісімділік жəне кеңес органы ретінде құрылған Португалия Республикасының Экономикалық жəне əлеуметтік Кеңесі қатысады. Португалия Республикасының Конституциясы сияқты Француз Республикасының Конституциясының 34-бабында «бағдарламалық заңдар мемлекеттің экономикалық жəне əлеуметтік қызметінің мақсатын анықтайды» деп бекіткен жəне 69–71-баптарда экономикалық жəне əлеуметтік Кеңестің əрекет етуі қарастырылған. Кеңестің қызметі арнайы заңмен реттеліп, Үкіметке əлеуметтік-экономикалық мəселелер бойынша тұрақты түрде кеңес беріп отырады. Кеңестің қорытындысын алу үшін жоспарлар, бағдарламалар немесе басқада осы сипаттағы заң жобалар сараптамаға ұсынынылып отырылады [18].

Түрік Республикасының Конституциясы (1982 жылдың 18 қазаны) мемлекетке елдің əлеуметтік, экономикалық жəне мəдени дамуын жоспарлауды міндеттейді. Ал Конституцияның 4-бөлімінің 2- тарауы жоспарлауды реттеуге бағытталған. Осы нормаларға сай жоспарлау бүкіл елде өндіріс пен ауылшаруашылығының үйлесімді жəне тең түрде дамуын, ұлттық ресурстарды жан-жақты талдау жасау мен бағалау арқылы тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі қажет [21]. Конституцияның 166- бабы жалпы түрде экономикалық жоспардың мақсаты мен мазмұнының бағытын келесі түрде «ұлттық өркендеу мен өндіріс, сыртқы сауда мəмлелерінде бағалар мен баланстардағы тұрақтылық, инвестицияларды қолдау жəне қолдану; инвестициялауды жүзеге асыру барысында қоғамдық мүдделер мен сұраныстар ескерілуі қажет жəне ресурстарды қолданудың мақсатын» анықтап бекіткен [21]. Италия Республикасы Конституциясының 41-бабында мемлекеттік бағдарламалаудың маңызды ережелері бекітілген. Сондай-ақ «көпшілік жəне жеке экономикалық қызметті əлеуметтік бағыт беру мақсатында заң мемлекеттік шаралар бағдарламасы мен бақылауды анықтайды» деп республиканың əлеуметтік-экономикалық бағдарламалануының негізі мен мемлекеттің əлеуметтік бағытта дамитынын анықтаған [18]. Көптеген мемлекеттердің, оның ішінде Батыс Еуропа конституцияларына жасалған талдау экономиканы мемлекеттік реттеу механизмдері мен мемлекеттік бағдарламалаудың негіздерінің конституциялық тұрғыда бекітілуі қалыптасқан тəжірибе екенін жəне мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық саясатын жүргізудің негізгі тетігі екенін дəлелдейді. Осы саладағы жүргізілген ғылыми зерттеулер қазіргі замандағы экономика мен əлеуметтік қатынастар саласы мемлекеттің тікелей əсер ету саласы болып жəне оған көптеген мемлекеттердің тарихи тəжірибесі дəлел болып отыр. Қоғамдық өмірдің аталмыш салаларында мемлекеттік реттеу тетіктерінің болмауы əлеуметтік, экономикалық, саяси тəртіпке нұқсан келтіруі жəне қоғам мен мемлекеттегі тұрақтылыққа қатер төндіруі мүмкін.

ҚР əлеуметтік-экономикалық саясатының конституциялық-құқықтық негіздерін екі құрамдас бөліктер қалыптастырады, оларға: адамның еркін дамып, қадір-қасиетіне сай өмір сүруге жағдай жасау негіздері; əлеуметтік қызмет жүйесін дамыту арқылы əлеуметтік тұрғыда əлсіз қорғалған қолдау көрсету негіздерін жатқызуға болады. ҚР Конституциясына сай əлеуметтік-экономикалық саясаттың негіздері конституциялық құрылыс негіздерін бекітетін жəне мемлекеттік органдардың құзыретін белгілейтін нормаларда бекітілген (1, 6, 44, 53 жəне т.б. баптар) [22]. Нарықты экономика қалыптастыру жағдайында Конституцияда экономикаға байланысты нормалардың бекітілуі қоғам мүддесін қорғау мақсатында туындап, мемлекеттің экономикалық қатынастарға араласуы арқылы əлеуметтік даму саясатын экономика арқылы жүргізуге мүмкіндік алады.

Нарықты экономика қалыптастыру жағдайында Конституцияда экономикаға байланысты нормалардың бекітілуі қоғам мүддесін қорғау мақсатында туындап, мемлекеттің экономикалық қатынастарға араласуы арқылы əлеуметтік даму саясатын экономика арқылы жүргізуге мүмкіндік алады. Əлеуметтік-экономикалық саясаттың маңызды элементі ретінде оның субъектілері саналады. Мемлекеттегі демократиялық институттардың дамуы халықтың əрекетсіз субъекті ретінен белсенді субъектіге айналуына себеп болды. Сайлау, өкілетті органдар арқылы халық əлеуметтік- экономикалық даму үрдістерін реттеуші субъектілеріне айналды. Бірақ қоғамдағы əлеуметтік- экономикалық даму саясатын жүргізетін жəне жүзеге асыратын ең негізгі құрал болып мемлекет саналады. Өйткені оның басқаруында материалдық жəне қаржылық қорлардың негізгі бөліктері шоғырланады жəне өз қызметін жүзеге асырғанда құқыққа сүйенеді. Ал əлеуметтік-экономикалық даму мемлекеттік жоспарлау мен басқарудың негізгі объектісіне жатады. Əлеуметтік-экономикалық даму саясаты белгілі бір мақсатқа ие, ал ол мақсатқа жету үшін жəне оның қалыптасуы мен жүзеге асырылуын мемлекеттік-құқықтық механизмдер қамтамасыз етеді. Əрине, əлеуметтік-экономикалық саясаттың мақсаты қоғамның нақты тарихи даму кезеңіне жəне тұрғындардың əлеуметтік-саяси белсенділігіне байланысты.

Əлеуметтік-экономикалық даму саясаты мемлекеттің жүргізетін саясаты бір бағытты болғандықтан, оны біз саяси, экономикалық, рухани бағыттағы жүргізетін қызметінен бөлек қарастыра алмаймыз. Өйткені əлеуметтік саладағы денсаулық сақтау, əлеуметтік қамсыздандыру, білім сияқты салаларды қалыптасқан нарықты экономикалық жүйесіз жəне демократияның институттарынсыз дамыту мүмкін емес. Осы мақсатта қандайда мемлекет болсын əлеуметтік- экономикалық даму негіздерін қалыптастыратын, халық сұранысын қамтамасыз ететін азаматтық қоғам қалыптастыруға құқықтық негіз жасауы керек. Құқықтық мемлекеттегі экономикалық қызметтің реттелуі тоталитарлық жүйеден ерекшеленеді. Құқықтық мемлекет экономикалық жүйені Конституция денгейінде бекітуден бас тартқанменен, оның негіздерін қалайтын нормаларды Конституцияда бекітеді. Экономиканы мемлекеттік реттеудің ең дамыған нысаны ретінде бағдарламалар дайындау, жобалау жəне жоспарлау саналады. Мемлекеттің аталмыш нысандарды қолдануының себебі шаруашылық байланыстардың күрделенуі мен қысқа, орта жəне ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуде кешенді əдістерді қолданумен байланысты. Нарықты экономика жағдайында мемлекеттер экономиканы жоспарлауды 4–5 жылға негіздейді. Осындай жоспарлар Францияның департаменттерімен, Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореяның өкіметтерімен жүзеге асырылады. Бұл жоспарлар əмірлі-əкімшілік экономика жоспарларынан үлестіру сипатының жоқтығымен ерекшеленіп, индикативті сипаттағы, яғни мақсатты, ұсыныс сипатында болады. Еуропа, Азия жəне ТМД елдерінің экономиканы мемлекеттік реттеудің тəжірибесіне талдау жасай отырып, өкіметтің тұрақтандыру саясатың жүргізуде мүмкіндігіне сəйкес нақты əдістер мен құралдарды қолдана алатынын байқауға болады. Көптеген мемлекеттер монетарлық, фискалдық саясат пен экономиканың дамуының негізгі бағыты ретінде əлеуметтік саясат немесе реттеу əдістерін қолдануын байқауға болады. Əлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруда ҚР Конституциясы экономикалық еркіндік идеалы мен мемлекеттің тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған мүдделеріне сай келетін жəне де əлеуметтік мемлекеттіліктің жалпыға бірдей игілік идеалы мен əлеуметтік- экономикалық құқықтар мен принциптердің құрамын қамтыған. Бірақ та конституциялық ережелерді жүзеге асыру əлі де толық қамтамасыз етілмейді. Мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін саясатының жүзеге асырылуы көптеген кедергілерге ұшырайды жəне осындай жағдай көптеген ТМД елдерінде де кездесетін жағдай. Мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық дамуға əсер етуінің маңызды құралы ретінде оның құқықтық реттелуін қамтамасыз ету саналады. Осы бағытта конституциялық жəне əкімшілік құқық заңнамасы орталық буында тұр. Қазақстан Республикасында əмбебап бағдарлама жасаудың құқықтық негізі болып Қазақстан Республикасының Конституицясы, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті жəне оның депутаттарының мəртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңдарды жəне 2009 жылы қабылданған ҚР Президентінің «ҚР мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Жарлығын айтуға болады. Əсіресе ҚР Президентінің Жарлығы толық болмаса да əлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған алғы қадам болып саналады.

Нарықты экономикалық жағдайда жоспарлау мен болжау бойынша отандық тəжірибені қолдану мүмкіндігі шектеулі. Жоспарлау кеңестік дəуірдің негізгі құралы болғанымен нарықты экономикалық жүйенің дамуы мен əмірлі жүйенің экономикасын жоспарлауда айтарлықтай ерекшеліктер бар. Сол себептен тиімді жоспарлау мен болжауды жүзеге асыру үшін еліміз нарықты экономика жағдайында бұрыннан дамып келе жатқан мемлекеттердің тəжірибесін қолдану қажет. Əлемдік тəжірибеде жоспарлау мен жобалаудың екі моделін бөліп көрсетеді. Бірінші моделі — англосаксондық деп аталса, екінші модель үнді моделі ретінде танылған. Англосаксондық модель мемлекеттің дамуын қамтамасыз ететін негіз ретінде бюджеттік жоспарлауды таныса, ал қалған жоспарлар мен болжамдар бюджеттік жоспарлауға көмекші құрал ретінде қарастырылады. Бұл модельді қолданушы мемлекеттерге АҚШ, Ұлыбритания, Канада жатады. Ал екінші модель жоспарлау мен жобалау органдарының қатаң түрде ұйымдастырылған жəне бекітілген жүйесінің болуын талап етіп, олардың қызметінің басымдылық бағыты болып мемлекеттің даму жоспарларын (болжамдарын) дайындау саналады. Осы модельді қолдаушы мемлекеттерге Үндістан, Жапония, Онтүстік Корея, Қытай, Латын Америка мемлекеттері кіреді [23; 99]. Əлемдік экономикада басыңқы ұстанымға АҚШ ие болып отыр. Қазіргі уақытта жоспарлау АҚШ Үкіметінің негізгі қызмет болып жарияланған. Тəжірибелік қолдану жағынан АҚШ тəжірибесі қызығырақ болып табылады, мұнда соңғы елу жыл ағымында нəтижеге бағдарланған бюджет (НББ) тұжырымдамасының əр түрлі модификациялары қолданылды жəне олар бұл саланың айтарлықтай басшылары болып есептеледі. НББ-ді енгізу реформасының əр кезеңінде, Гувер комиссиясының өткен жүзжылдықтың 40-жылдар соңындағы АҚШ Үкіметінің жұмысын қайта ұйымдастыру аумағындағы жаңалықтарынан бастап, АҚШ-тың «Мемлекеттік мекемелер қызметтерінің нəтижелерін бағалау туралы» (1993) жəне «Теңестірілген бюджет туралы» (1997) Заңдары сияқты кейінгі ұсынымдарына дейін, мемлекеттік қаржыларды шығындауды нəтижелермен байланыстыратын ерекше тəртіптер бекітілген [23; 99]. АҚШ-тың 1993 жылы қабылданған Government Performance Results Act» (GPRA) — «Мемлекеттік мекемелер қызметтерінің нəтижелерін бағалау туралы» Заңы бюджеттік шығыстардың мемлекеттік саясатының негізгі мақсаттары мен осы мақсаттарға жету жолдарын анықтады. Осы арқылы бұл құжатта бағдарламалық- мақсаттық жүйе, НББ жүйесі заңды түрде бекітілген деп көрсетуге болады. GPRA мақсаты — шешім қабылдағанда жəне есептерді құрағанда басты назарды бөлінген субсидиялар немесе жүргізілген тексерулер саны сияқты министрліктер мен ведомстволардың көлемді көрсеткіштерін өсіруге емес, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін жоғарылату, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың қажеттіліктерін толық қанағаттандыру сияқты қызметтерінің нəтижелеріне назар аудару керек.

Ал Канадада федерация деңгейінде жоспарлау мен жобалауға байланысты қатынастарды реттейтін арнайы заң жоқ. Бірақ та жоспарлаудың негізі болатын бюджет заңнамасы егжей-тегжейге дейін жоспарлау мен жобалаудың тəртібін бекіткен. Барлық жоспарлау мен жобалау бюджет процесінде көрініс тауып отырады жəне жоспарлау мен жобалауды бюджеттің кіріс жəне шығыс бөлімдерін оңтайлауға бағыттаған [23; 101]. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда Жапонияда жалпы мемлекеттік жоспарлау мен жобалау нарықты экономиканы үкіметтік реттеу құралы ретінде қолдануымен ерекшеленеді. Даму болжамдары жоспар-бағдарламалар түрінде бекітіліп, процестердің дамуының əр түрлі бағыттарын ұсынады. Барлық болжамдар статистикалық мəліметтерге сүйене отырып, терең ғылыми талдаулар негізінде қалыптастырылады. Басқа мемлекеттердің жоспарлау мен болжау қызметімен салыстырғанда қоғамда болып жатқан өзгерістерге бейімділігі жəне олардың жариялық негізде жүргізілуі. Егер жоспарларды ресми түрде жариялағаннан жоспарларға байланысты наразылық туындаса, экономикалық жоспарлау басқармасы қайтадан ғылыми тұрғыдан талдау жасап, қажет деп тапса, өзгерістер енгізуді қарастырған. Жапонияда жоспарлаудың осындай күрделі тəртібі арнайы заң түрінде бекітілгенмен, негізінен жоспарлау мен жобалауға байланысты қатынастардың барлығы көп көлемдегі заңға бағынышты актілер мен арнайы ережелер арқылы реттеледі [24].

Қытай Халықтық Республикасында атқарушы жəне заң шығарушы органдардың жоспарлау мен жобалаудағы қызметі Қытай Конституциясы арқылы реттеледі. Қытай Республикасында дəстүрлі түрде бес жылға арналған əлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары дайындалады жəне бағдарламалар заңның күшіне ие болады. Қабылданып бекітілген бағдарламалар негізінде заңға бағынышты актілер қабылданып, бағдарламаларды жүзеге асыру шаралары бекітіледі. Қазіргі

уақытта Қытайдың жоспарлау мен болжау жүйесі үш бағытта жүзеге асырылады: бағдарламалық жоспарлау, негізгі объектілер бойынша жоспарлау, аймақтық жəне салалық жоспарлау. Қытайдағы жоспарлау мен болжау жүйесінің дұрыс таңдалғанына экономикасының тиімді дамып жатқаны дəлел болады.

ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстан халқының əл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деген Қазақстан халқына Жолдауында басымдықтар қатарына «нəтижелілік қағидасына негізделген мемлекеттік басқару жүйесін дамыту жөніндегі» шараларды жедел іске асыруды бөліп көрсетті. Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің алдына «жоспарлау жүйесін жаңарту мен жетілдіру, бюджет қаражатын пайдалану мен мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жеделдету» міндеті қойылды [25]. ҚР Президентінің тапсырысына сай «ҚР мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 ж. Жарлығы қабылданды [26]. Əлеуметтік-экономикалық жоспарлау мен жобалауды құқықтық реттеуде Рессей тəжірибесі біздің мемлекетімізбен салыстырғанда алда келе жатыр деп айтуға болады. РФ əлеуметтік- экономикалық жоспарлауды реттейтін нормативтік акт 1995 жылы «Ресей Федерациясының мемлекеттік болжау мен əлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары туралы» Заң түрінде қабылданған болатын [27]. Осы заңға сай аймақтық заңдар да қабылданып, əлеуметтік-экономикалық жоспарлауды бюджеттік саясатпен тығыз байланыстырды, бірақ федерация субъектілерінің заңдары федералдық заңның нормаларын көп жағдайда қайталап отырады. Мемлекеттің жоспарлау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ресейде 2009 жылы РФ Стратегиялық жоспарлаудың негізі туралы Президенттің Жарлығы қабылданды [28].

Қазақстанда ҚР Президентінің Жарлығына сай əлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ететін негізгі құжаттар анықталған:

  • Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы;
  • Қазақстан Республикасының 10 жылға арналған стратегиялық даму жоспары;
  • 5 жылға арналған мемлекеттiк бағдарламалар;
  • Қазақстан Республикасы Президентiнiң жолдауы;
  • аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары;
  • əлеуметтiк-экономикалық дамудың 5 жылға арналған жəне бюджеттiк параметрлердiң 3 жылға арналған болжамы;
  • мемлекеттiк органдардың 3 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
  • 3 жылға арналған республикалық (жергiлiктi) бюджет;
  • 1 жылға арналған меморандумдар;
  • мемлекеттiк органдардың 1 жылға арналған операциялық жоспарлары [26].

Нəтижеге бағдарланған басқару əдістері мен рəсімдерін енгізу, атап айтқанда, жоспарлау мен бюджеттік процеске деген көзқарастың өзгергенін білдіреді. Стратегиялық жоспарлау қағидасына өту мемлекеттік органдарда елді дамытудың стратегиялық мақсаттары мен міндеттемелеріне жетуге, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады. Бюджеттік жүйе реформасының бір бағыты болып табылатын нəтижеге бағдарланған бюджеттендіруді (НББ) енгізу «шығындарды басқарудан» «нəтижелерді басқаруға» өтуді білдіреді. Нəтижелер бойынша басқару жөніндегі технологияларды, атап айтқанда, стратегиялық жоспарлау мен НББ бойынша енгізу ұзақ уақытты талап етеді. Дамыған елдерде бұл процесс ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылады жəне қазіргі уақытта нəтижелілік қағидасына негізделген тетіктің əбден жетілдірілуі жалғасуда. Сонымен, АҚШ-та бұл бағыттағы алғашқы қадамдар осыдан жарты ғасыр бұрын жасалған. ҚР НББ енгізудің негізгі қадамдары ретінде 3 жылдық бюджет болып табылатын мемлекеттік жоспарлаудың жаңа моделі енгізілуде. Осыған байланысты 2007 жылдың 26 желтоқсанында «Нəтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама» бекітіліп, осы тұжырымдаманың бағыттарын ескеріп, қалыптастырылған жаңа Бюджет кодексі 2009 жылы қолданысқа енгізілді. Бұл тұжырымдама Қазақстандағы нəтижелерге бағдарланған бюджеттеуді енгізудің негізгі принциптері мен бағыттарын қарастырады. Нəтижелерге бағдарланған бюджеттеу жағдайында мемлекеттік органдардың бюджеттік міндеттерді орындауда жауапкершілігі күшейеді, мемлекеттік бюджеттік қаржыларды бөлуде қабылданған шешімдердің негізделуі жоғарылайды, олардың қабылдаған бюджеттік шешімдерінің анықтығы жоғарылайды [29].

Əлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа моделі тұжырымдамаға сай өзінің құрамына келесі элементтерді енгізу қажет:

  • стратегиялық бағдарламалық құжаттар — Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы, Ел басшысының Қазақстан халқына жыл сайынға Жолдауы, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттар;
  • макроэкономикалық болжамдар мен фискалды саясаттың негізгі параметрлері;
  • мемлекеттік органдардың дамуының стратегиялық жоспары;
  • Премьер-министр немесе облыс (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) əкімдері мен мемлекеттік органдардың арасындағы бекітілетін меморандум;
  • республикалық (жергілікті) бюджет;
  • мемлекеттік органның мақсатты бағдарламалары;
  • мемлекеттік органның операциялық жоспары;
  • мемлекеттік органдардың есебі [29].

Мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізуді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттегі əрекет етіп жатқан стратегиялар, тұжырымдамаларды, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды жаңа жүйеге сəйкестендіруге бағытталған жұмыстар жүргізу міндеттерін бекітіп отыр. Қазақстанның НББ жүйесіне тиімді көшуде айтарлықтай созылмалы уақыт қажет. Бұл жөнінде осы төңіректегі əлемдік тəжірибе де куəландырады. Жоғарыда берілгендей, АҚШ-та реформалар бюджеттік салада жарты ғасырдан аса жалғасып келеді. Тағы айта кету қажет, əр түрлі елдерде НББ-ға ену жөнінде біргелкі тəсіл жоқ. Реформалар пакетінің мазмұны мен осы реформалардың іске асыру уақытын таңдау əрбір ел үшін бірегей.

Мақалада көтерген мəселелерге байланысты қорытындылар жасайтын болсақ, онда əлеуметтік- экономикалық саясат ретінде мемлекет, мемлекеттік билік жəне басқару органдары мен азаматтық қоғамның саяси-қоғамдық құрылымдарының нарықты бағыт алған экономика жүйесінің институттарының дамуын, қоғам мүшелерінің өмір сүру деңгейінің көтеруіне бағытталған шешімдер жəне жоспарлар мен болжаулар арқылы жүзеге асыратын кешенді шаралар жүйесін атауға болады. Ал əлеуметтік-экономикалық саясатқа əсер етуші жағдайлар ретінде қоғамдық-саяси жəне экономикалық факторлар саналады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы // gov.kz
  2. Тамбовцев В.Л. Право и экономическая теория: Учеб. пособие. — М.: Инфра-М, 2005. — 224 с.
  3. Сажина М.А. Научные основы экономической политики государства: Учеб. пособие. — М.: Норма, — С. 4.
  4. Байтин М.И. Понятие и классификация функций государства // В кн. Общая теория государства и права. Академический курс. — Т. 1. / Под ред. М.Н.Марченко. — М.: Зерцало, 1998. — С.
  5. Государственная программа инновационного развития Республики Беларусь на 2011–2015 гг. / Утв. Постановлением Совента Министров Республики Беларусь 26.05.2011 № 669 // by
  6. Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003–2015 жылдарға арналған стратегиясы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы N 1096 Жарлығы // government.kz
  7. Қазақстан Республикасын Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010–2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген // gov.kz
  8. Сенякин И.Н. Основные внутренние функции // В кн. Общая теория государства и права. Академический курс. — Т. 1. /Под ред. М.Н.Марченко. — М.: Зерцало, 1998. — С. 197.
  1. Нигматулин Н. О взаимодействии экономики и политики // www.ispr.ru
  2. Доватур А.И. «Политика» Аристотеля // grachevnarod.ru
  3. Мальцев А. Экономические основы экономической политики КПСС / См.: Кулыбеков М.М. Конституционные основы экономической политики СССР. — Караганда, 2005. — 215 с.
  4. Государственное регулирование экономики: Учеб. пособие / Под общ. ред. Г.Н.Власова, А.М.Желтова. — Нижний Новгород, 1998. — 245 с. // vasilievaa.narod.ru
  5. Конституция Македонии // iatp.by/constitution/vost_europe/macedon
  6. Конституция Республики Болгарии // obolgarii.narod.ru
  7. Конституция Республики Таджикистан // www.asia-realty.ru
  8. Ботвинник М.М. Планирование — первый признак цивилизованной экономики // Экономист. — — N 5. — С. 20.
  9. Кутафин О.Е. Плановая деятельность советского государства: государственно-правовой аспект. — М., — С. 16.
  10. Конституционное право государств Европы: Учеб. пособие для студентов юрид. вузов и фак. / Отв. ред. Д.А.Ковачев.— М.: Волтерс Клувер, 2005 // lawlist.narod.ru
  1. Конституции зарубежных государств: Соединенные Штаты Америки, Великобритания, Франция, Германия, Италия, Испания, Греция, Япония, Канада // www.booksite.ru
  2. Конституция Португальской Республики / Справочник: Конституции стран мира. Конституции и основные законы стран мира) // uznal.org
  3. Конституция Турции (Турецкой Республики) от 7 ноября 1982 года // allturkey.narod.ru
  4. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз (2011 берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)// www.akorda.kz
  1. Зарубежный опыт государственного прогнозирования, стратегического планирования и программирования: Моногра- фия / Под ред. С.Ю.Глазьева, Ю.В.Яковца; Государственный ун-т управления, Национальный ин-т развития, Регио- нальная научная организация исследователей прогнозистов «Прогнозы и циклы». — М., — 321 с.
  2. Мартынов А.С. Анализ зарубежного опыта в области государственного планирования и прогнозирования// Вестник Российской академии государственной службы при Президенте Российской Федерации. — — № 4. / oad.rags.ru
  3. Қазақстан халқының əл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. 2008 жылдың 6 ақпанындағы ҚР Президентінің Жолдауы// akorda.kz
  4. ҚР Президенті «ҚР мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 ж. Жарлығы // minplan.kz
  5. Федеральный закон о государственном прогнозировании и программах социально-экономического развития Россий- ской Федерации от 23 июля 1995 г. // www.government.nnov.ru
  6. Указ Президента РФ «Об основах стратегического планирования в РФ» от 12 мая 2009 г. // www.government.nnov.ru
  7. Нəтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама 2007 жылдың 26желтоқсанында № 1297 Үкімет Қаулысы // www.minplan.kz

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.