Қоғамдық ғылымның кез келген мəселесін қарастыру барысында көптеген ұсақ-түйек сұрақтар мен əртүрлі жан-жақты көзқарастар арасынан қажеттісін іріктеп алу үшін негізгі тарихи байланысты білген абзал — «кез келген сұраққа белгілі құбылыстардың қалай жүзеге асқаны тұрғысынан жəне оның дамуы тұрғысынан қарап, құбылыстың неге айналғанын білуге болады» [1; 7].
Мемлекет мəселелерін зерттеушілер арасында мемлекеттің пайда болу процесіне қатысты бірлік тұрмақ, қауымдастық та жоқ. Мемлекеттің шығу тегіне қатысты жалпы түсініктермен қатар, кейде тіпті кереғар көзқарастар да кездеседі. Кейбіреулердің мемлекеттің пайда болуын терең жəне жан- жақты түсінуге қажетті фактілерді саналы түрде бұрмалайтындығы да рас. Осыған байланысты ХХ ғасырдың басында көрнекті мемлекет танушы Л.Гумплович былай деп жазады: «Егер мемлекет түсінігі саяси бағыттарды көрсетуге, саяси бағдарламаларды мазмұндауға сайылса, саяси құштарлықтардың орындалуына қызмет етсе, онда ол мемлекеттің шығуы таза тарихи акт ретінде бұрмаланғанын білдіреді. Мемлекеттің пайда болу мəселелерін «жоғары идея» деп аталатындардың пайдасына саналы түрде бұру жиі кездеседі» [1; 38].
Таза тарихи актіні идея негізінде құрып, танымал қажеттіліктерден немесе рационалистік жəне адамгершілік ниеттерінен шығарады. Ертеректе адамгершілік пен адамзаттық абыройды сақтап қалу үшін, мемлекеттің пайда болуының табиғи шынайы тəсілін көрсетпей жасырып қалып, оның орнына
«заңды жəне адами нысанды» ұсынған дұрыс деп саналған. Нəтижесінде мемлекеттің пайда болуының «шынайы, табиғи тəсілі» ғана жасырылып қоймай, осы үрдістің маңыздылығының өзін əр түрлі түсіну орын алған. Мемлекеттің пайда болуының табиғилығын сипаттайтын көзқарастардың бірі бойынша, мемлекеттің пайда болуы экономика мен қоғамның табиғи дамуымен байланысты. Екінші бір көзқарас — адамдардың жалпы мəдениетінің табиғи дамуымен, мемлекеттің қалыптасуы мен өмір сүруінің объективті қажеттілігін пайымдауға əкелетін олардың ақыл-ойымен байланысты түсіндіріледі.
Бұдан басқа, мемлекеттің пайда болу мəселелерін қарастыру барысында, мемлекеттердің пайда болу үрдістерінің өзі алуан түрлі екендігін ескерген дұрыс. Бір жағынан, мемлекеттердің жалпы аренада алғашқы шығу үрдісін ажырату керек. Бұл қоғам дамуына байланысты ыдыраған қауымдық билік пен əлеуметтік нормалардың орнына келген мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың, институттардың жəне мекемелердің қалыптасуымен байланысты. Екінші жағынан, жаңа мемлекеттік- құқықтық құбылыстардың, институттардың жəне мекемелердің пайда болуы мен даму үрдісінде бұрынғының негізінде қалыптасқан, бірақ белгілі бір себептерге байланысты қоғамдық-саяси аренадан кеткен бөліктерін де бөліп қарастырған орынды.
Мемлекеттің пайда болу процесінің екі жақтылық сипатының барын анықтаған, ресейлік құқықтанушы Г.Ф.Шершеневич мемлекеттің шығу тегін кем дегенде екі тұрғыдан қарастыру керектігін ескерткен. Қоғамда алғашқы мемлекеттердің қалай пайда болғандығын зерттеу мемлекеттің пайда болуын зерттеудің бірінші жағы. Екінші жағы, қазіргі кезде барлық азамзат мемлекеттік жағдайда өмір сүріп отырған кезеңде жаңа мемлекеттік құрылымдар қалай пайда болады деген сұрақтың төңірегінде қарастырылады [2].
Мемлекеттің пайда болу үрдісін зерттеуге осы тəріздес дифференциалды қатынас аталмыш процестің пайда болуы мен дамуының əр түрлі шарттарының болатындығымен, олардың қалыптасуы мен əрі қарай дамуының бір-бірінен ажыратылатын заңдылықтарының болатындығымен анықталынады. Егер мемлекет дамуының ерте кезеңдерінде басты роль объективті, табиғи факторларға берілсе, мемлекеттік-құқықтық материя дамуының кейінгі кезеңдерінде, дəуірі өткен мемлекеттер орнына жаңа мемлекеттердің ауысып келіп отырған заманында объективті факторлармен қатар, субъективті факторлар да маңызды роль атқара бастады. К.Маркс пен Ф.Энгельс адамды қоршаған ортаны танылатын жəне сонымен бірге қайта құрылу мүмкіндігі бар субъект пен объектінің бірлігі ретінде анықтаған. Объект ретінде əрекет пəні, нəтижесі танылса, субъект — қоғамдық тұлға, ұжым, қоғам. Адамзаттың барлық тарихы оларға жоғары деңгейге ұмтылған айналымдағы спираль ретінде көрінген. Ол субъект пен объектінің өндіріс, əлеуметтік- ұйымдастырылған еңбек, пəндік-əлеуметтік əрекет арқылы жасалатын ажырағысыз өзара əрекеттестігіне негізделеді [3]. Аталмыш факторлар қоғам өмірінің барлық институттары мен аймақтарын анықтайды. Осыған байланысты кейбір мемлекеттер мен құқықтық жүйелердің өзгелерінің орнына келуі барысын қарастырғанда эволюция тəріздес мемлекеттік-құқықтық материяның дамуының басым табиғи нысанын қарастырумен қатар, субъективтілік сипаты бар революция тəріздес нысанды да қарастырамыз.
«Мемлекеттің қандай түрлері бар?» деген сұраққа жауап беру барысында Қайта өрлеу заманының философы Н.Макиавелли мемлекеттер, «егер мемлекет басшысы ұзақ уақыт басқарса, мұрагерлікке негізделеді немесе жаңа» болады деген. Мемлекет тұтастай жаңа болуы немесе белгілі бір бөлігі мұрагерлік мемлекетке жаулап алудың салдарынан қосылғандықтан жаңа болуы мүмкін. Жаңа мемлекеттер қол астындағылар патшаға бағынуға көндіккен мемлекеттер жəне ықылым заманнан еркін өмір сүруге үйренгендер болып бөлінеді. Мемлекет «өзінің немесе өзгенің қаруымен, тағдыр сүйінішімен немесе қаһармандықпен» пайда болады [4].
Макиавеллидің саясат құралдарына қатысты көзқарасын анықтау барысында, күштеудің ол үшін абсолютті құндылық еместігін байқаймыз. Күштеуді қолдану мемлекетті реакционерлерге қарсы біріктіру жəне қайта құру мақсатын көздегенде ғана ақталады. Қатыгездік бір мəрте ғана, қол астындағылардың пайдасына қолданылса, оны ақтауға болады, ал егер ол жүйелі түрде қолданылатын болса, оған ақтау жоқ деп есептейді. Макиавеллидің диктатураны мемлекетті революциялық жолмен қайта құру құралы ретінде қарастырған қөзқарасы, кейінгі кезеңде өзінің шынайы бағытынан бөліп алынып, бостандықты шынайы жəне жалған жақтаушылармен сөгілді.
Монархтар мен диктаторлар оны адам құқықтарын аяққа таптаудың, халықтарды басып-жаншудың құралына айналдырып алды. Оның нақты жағдайларға қатысты ашылған саясат принциптері əмбебаптық сипат алып, макиавеллизм атын жамылған бағытпен танылды да, көшбасшысының негізгі ойын бұрмалап көрсетті.
Мемлекеттілікке келу тəсілдері, басқаша айтатын болсақ, мемлекеттің пайда болу нысандары саяси тұрғыдан ғана мемлекеттік-құқықтық теориядағы маңыздылығы танылып қоймайды, сонымен бірге оның тəжірибе тұрғысындағы прагматикалық маңызы да ерекше. Олар, біріншіден, билеуші элитамен немесе жеке тұлғамен (монарх, князь) жаңадан иелік еткен мемлекеттік билікті ұстап тұру үшін маңызды. Жаңа билеушіге, тіпті жаңа аумақтарды қосып алған мұрагер билеушіге де билікті ұстап қалу қиындық тудырады, оның себебі «барлық жаңа мемлекеттерде төңкеріліс жасауға негіз болатын табиғи себептер болып табылады». Адамдар жаңа билеуші бұрынғысына қарағанда жақсырақ болар деген сеніммен, бұрынғы билеушіге қарсы шығады да, кейіннен өзінің алданғанын біледі. Жаңа билеуші, бұрынғыға қарағанда, қатаңырақ болуға мəжбүр болады, жаңа аумақты игеру одан қол астындағыларға бұрынғыдан да ауырлау жүк салуды, əскерді ұстап тұруды қажет етеді. Нəтижесінде жаңа билеуші қудалаған адамдарының арасынан өзіне жау тауып алады, басып алуға көмектескен жақтастарының біразын жоғалтады. Оның себебі жақтастары күткен дəрежеде оларды елеп-ескере, марапаттай алмайды. Екінші жағынан, жақтастарына қатысты солардың арқасында билікке ие болғандықтан, қатаң шараларды да қолдана алмайды [4; 134].
Қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы қайда, жаңа иелік еткен билік пен мемлекетті қалай сақтап қалуға болады деген сұрақтардың жауабын жаңа мемлекеттің, тиісінше мемлекеттік биліктің қандай жағдайда пайда болғанына қарай шешуге болады. Егер жаңа мемлекет тұрғындары ешқандай құқықтар мен бостандықтарды білмеген қараңғы жерде қалыптасса, сондай-ақ бір елдің аумағында жəне бір тілдік кеңістікте пайда болса, Макиавеллидің көзқарасы бойынша, мемлекет басшысы мынандай шараларды қолданғаны жөн. Алдымен, бұрынғы билеушінің ұрпақтарын түп-тамырымен құрту қажет, себебі əдет-ғұрып ортақтығы мен ескі тəртіптің сақталуы барысында олардың тарапынан үлкен қауіп төнеді деп санаған. Содан кейін, жаңадан құрылған мемлекет, оның барлық жерінің біркелкілігін жəне үйлестігін қамтамасыз ету үшін бұрынғы заңдар мен салықтарды қалдыруға тырысуы қажет. Ол басып алынған жерлердің «жаулап алушының түпкі мемлекетімен бірігіп сіңісіп кетуіне» ықпал етеді деп санаған [4; 135].
Егер жаулап алынған жердің тілі де, салт-дəстүрі де өзгеше болатын болса, онда билеушінің қолданатын шаралары да өзгеше болады. Билеуші жаңа жерлер мен мемлекетті біріктіретін құрылымдар құруға, көрші əлсіз мемлекеттердің басшысы жəне қорғаушысы болуға тырысуы керек жəне ең бастысы елге күші өзінен басым болатын өзге билеушіні кіргізбеуге тиісті.
Екіншіден, жаңа мемлекеттер мен құқықтық жүйелердің пайда болу тəсілдері адамгершілік- саяси жəне əлеуметтік жағынан алғанда жаңа заңдарды қалыптастыру жəне оларды ерікті сақтауды қамтамасыз етудің негізі ретінде жоғары маңызға ие болады. Жаңа мемлекеттің қалай қалыптасатындығына байланысты құрылу барысында олар əрі қарай өмір сүруі мен қызмет етуінің əр түрлі əлеуметтік жəне саяси-адамгершілік негіздерін қалыптастырады. Яғни, олардың құқық шығармашылық жəне құқық қолдану əрекеті базасы да əр түрлі болады.
Үшіншіден, жаңа мемлекеттер мен олар құратын құқықтық жүйелердің пайда болуы тəсілдері мен нысандары өмір сүру деңгейін қолдау жəне əлеуметтік-саяси теңдікті күшейту тұрғысынан алғанда, оны əрі қарай нығайту жəне дамыту үшін үлкен маңызға ие болады. Дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінің қалыптасу жəне қызмет ету тəжірибесіне сүйенсек, бұқара халыққа сүйенген, оның қолдауына ие болған мемлекеттер, кең əлеуметтік қолдау көрмеген мемлекеттерге қарағанда даму мүмкіндіктері көп болады. Мемлекеттің пайда болуы барысында бұқара халықтың кең қолдауына ие болу билікті нығайту жəне кейінгі кезеңдерде мемлекеттің өмір сүруінің жоғары қарқыны үшін ғана емес, сондай-ақ туындайтын қиындықтарды табысты шешу үшін де маңызды. Бұл мемлекеттің пайда болу кезеңіне ғана қатысты емес, сонымен бірге оның дамыған кезеңіне де қатысты айтылады.
«Жетілген мемлекет өз ішінде саяси бостандықты, сонымен бірге саяси əділеттілікті жүзеге асыруға тырысады», — деп жазады танымал француз құқықтанушысы М.Ориу [5]. Соның барысында үйлесімсіз даму нəтижесінде əлеуметтік жəне саяси дағдарыс орын алуы мүмкін. Бұндай дағдарыстар қатарына 1688 жылғы Ағылшын революциясына, 1789 жылғы Француз революциясына əкеліп соқтырған жағдайларды жатқызуға болады. Ондай жағдайлар қазіргі мемлекеттік-құқықтық құрылымдарда да кездеседі. Əрине, бұлай дегенде реакциялық рух пен революциялық рухтың күресі туралы ғана айтылып тұрған жоқ, онда мүлік иелері мен өзге халықтың арасында күрес, ескі мемлекеттер мен саяси режимдердің жаңаларымен күресі де ескеріледі. Бұл шексіз, жалғаса беретін үрдіс болып табылады.
Ол ерте ме, кеш пе барлық мемлекеттер мен саяси режимдерге əсер етеді. Рим империясының құлап, орнына дербес мемлекеттердің келуі, Британ империясының, КСРО-ның ыдырауы жəне олардың негізінде тəуелсіз мемлекеттердің құрылуы тəріздес тарих пен қазіргінің мысалдары біздің ойымызды дəлелдейді. Бұрынғы үлкен державалар мен қарапайым мемлекеттер қоғамдағы жəне қоршаған ортадағы үрдістер ықпалымен мəндік өзгерістерге ұшырап, уақыт өте келе дүниежүзілік аренадан кетуге мəжбүр болады.
Қазіргі кезеңде өмір сүріп отырған мемлекеттердің жəне құқықтық жүйелердің мəні мен ерекшеліктерін терең жəне жан-жақты түсіну үшін жəне олардың болашақтағы дамуының тарихи бағыттарын анықтауға тырысу үшін, осы мемлекеттердің жəне мемлекеттік құрылымдардың қалай пайда болғанын жəне олардың қандай жолдармен дамығанын жəне қазір қандай күйге жеткенін оқып-зерттеу керек. Қандай да болмасын қоғамдық құбылысты, соның ішінде мемлекетті де, пайда болуы мен дамуы тұрғысынан қарастыратын болсақ, одан өткеннің қалдығын, қазіргінің негізін жəне болашақтың бастауын көруге болады.
Сонымен, мемлекеттің пайда болу мен дамуының мəселелерін зерттеуге назар аудара отырып, оның тарихына көз жүгіртеміз де, мемлекет дамуының болашақтағы негізгі бағыттарын түсіну үшін алғышарттар қалыптастырамыз.
Қазіргінің өткенмен жəне болашақпен өзара байланысы мен өзара əрекеттестігі мəселелерін қоғам эволюциясын мысалға ала отырып қарастырған Н.М.Коркунов былай деген: «Қоғам мен мемлекет үшін қазіргімен қатар өткеннің де маңызы ерекше. Əрбір ұрпақ болашақтағы қоғам өмірінің дамуына белгілі бір дəрежеде ықпал етеді жəне əрбір ұрпақ əкелер мен аталарынан өткеннен бай мұраны иемденеді» [6; 204].
Қоғам өмірі көп дəрежеде өткенмен анықталынады, егер бұрынғы тарихи оқиғаларға бай болатын болса, бұл байланыс тіпті де жоғары деп санайды. Қазіргі кезеңде əлсіз қоғам тарихы бай болатын болса, өмір сүре беруге мүмкіндік алады. Мысал ретінде Рим империясын атауға болады, оның өткенінің байлығы соншалық саяси қуаттылығын құртқан варварлардың өзі рим өркениетінің ұлылығы алдында бас иген.
Дегенмен бұрынғы тарихи өмірмен қатар, қазіргі игі жағдаймен қатар қоғам өмірін анықтайтын үшінші элемент — болашақ тұрады. Адамзат сана мен жадының болуына байланысты өткеннен болашаққа сапар шегеді, өткеннің тəжірибесін болашаққа ала барады.
Қоғам үш сəтпен: «өмірдің қазіргі жағдайымен, өткенмен жəне тəжірибе негізінде құрылатын идеалдармен» анықталынады [6; 204]. Айтылған жайт қоғамға ғана емес, мемлекет өміріне, мемлекетке де қатысты. Оның кез келген типінің қазіргі кезеңдегі пайда болуы мен қалыптасуының өткеннен бастау алатын материалдық, əлеуметтік, саяси жəне өзге негіздегі тамырлары болады. Осы үрдіспен бірге оның өмір сүруінің, нығаюы мен болашақта дамуының материалдық жəне өзге алға шарттары жасалынады. Мемлекеттік-құқықтық материядағы қозғалыстың бастаушысы мемлекеттің пайда болуы болып табылады.
Мемлекеттің қалыптасуы əлемнің əр түрлі елдерінде əр қилы жолдармен жүзеге асқан күрделі құбылыс. Қазіргі кезеңде мемлекеттің пайда болуының шығыстық жəне батыстық жолдары ажыратылып қарастырылады. Бірақ бұл атаулардың шартты екендігін атап өткен жөн. Жіктеудің пайда болу себебі шаруашылық жүргізу тəсілдерінің өзгешеліктеріне байланысты.
Шығыстық мемлекеттердің (Мысыр, Вавилон, Қытай, Үндістан жəне т.б.) пайда болуындағы ерекшеліктерге тоқталатын болсақ, ол «азиаттық өндіріс тəсіліне» негізделген. Бұл мемлекеттердегі басқару нысаны — шығыстық деспотия түрінде болған. Ол елдегі барлық жер, су, мүлік жəне адамдардың өздері де құқықтық мəртебелерінің өзгешеліктеріне қарамастан, мемлекет басшысының толық тəуелділігінде болғандығын білдіреді. Шығыстық мемлекеттердің тағы бір ерекшелігі — саяси үстемдік қоғамдық қызметті атқаруға, қоғамдық лауазымға негізделетіндігі.
Мемлекеттің қалыптасуына өмір сүру ортасының географиялық ерекшеліктері де əсер етеді. Қатаң климаттық жағдайда өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін бір тайпаның мүмкіндігі аумағынан асып кететін көлемді қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру қажеттігі туындайды. Осындай күрделі жүйелерді салу, құрастыру жəне оны бірлесе пайдалану, сенімді қорғау қажеттігі дербес көпшілік билігінің табиғи негізін қалады. Қауым көлемінде биліктің негізгі міндеті қоғамдық артық өнімнің басты бөлігі шоғырланған ерекше резервтік қорларды басқару болып табылады. Бұл қауым ішінен қоғамдық қазынашы, бақылаушы, əкімшілік қызметін атқаратын лауазымды адамдардың арнаулы тобының шығуына сеп болады. Өз жағдайларынан пайда көрген, лауазымдарға ие болған əкімшілік осы мəртебенің өзіне бекітіліп берілуіне мүдделі болады, оны мұрагерлікке берілетін лауазымға айналдыруға тырысады. Сөйтіп, əкімшілік жеңілдіктерге ие болған «тұйық əлеуметтік құрылымға» ауысады.
Азиаттық тип бойынша мемлекет қалыптастырудың ерекше алғы шарттарының бірі — басқарушы топтардың қалыптасқан басқару аппаратын, экономиканы, саясатты жəне əскери қызметті бақылауды өз қажеттігіне тиімді қолданғандық болады десек жаңылмаймыз. Экономикалық қажеттілікпен қатаң негізделген əкімшілік-мемлекеттік құрылымның пайда болуы жеке меншіктен (басым түрде жерге меншіктен) бұрын қалыптасады. Шығыстық елдерде мемлекет таптық үстемдік құралы ғана емес, тап қалыптастырудың қайнар көзі қызметін атқарды. Шығыста өндіріс құралдарын емес, оларды басқаруды иемденді.
Шығыстық мемлекеттердің экономикасы мемлекеттік жəне қоғамдық меншік үлгілеріне негізделеді. Өндірістің негізгі құралы — жер, қауым мүшелерінің қолында. Қауым мүшелері — басы бос, ерікті адамдар. Онда жеке меншік те болған, бірақ оның экономикаға тигізетін ықпалы шамалы. Себебі, қоғамдық өндіріске шешуші үлес «еркін» қауым мүшелерінің еңбегімен енгізілген. Əрі жеке меншіктің сипаты да шартты болған. Жоғарғы билікке ие монархтың қаһарына ұшыраған лауазым иесі өзінің жылы орнынан ғана емес, сондай-ақ мал-мүлкінен, кейде тіпті өмірінен де айырылған.
Мемлекеттің пайда болуының шығыстық жолы рулық-тайпалық қоғамның мемлекетке бірте- бірте өтуін көрсетеді. Бұндағы мемлекеттің пайда болуының негізгі себептері:
- суармалы егістіктің пайда болуына байланысты кең көлемді ирригациялық жұмыстарды жүргізу қажеттілігі;
- осы мақсатта адамдар мен үлкен аумақтарды біріктіру қажеттілігі;
- бұқара халықты біркелкі, орталықтандырылған басқарудың қажеттілігімен анықталады [7].
Мемлекеттік аппарат рулық-тайпалық бірлестікті басқару аппаратынан келіп шығады. Қоғамнан бастау алғанымен де мемлекеттік аппарат өз мүдделері бойынша оған қарсы тұрады, қоғамнан бөлектене бастайды, қауымдастарының еңбегінің үстінен күн көретін үстем тапқа айналады.
Шығыстық мемлекеттерде билік беделі жоғары болды. Оның себебі шаруашылық жүргізудегі жетістік болсын, мемлекетаралық қатынастағы табыс болсын, барлығы да биліктің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен, жалпы əлеуметтік мүддеге əрекет ететіндігімен түсіндіріліп, оның алдында сөзсіз бас июге мойынсұндыратын еді. Шығыстағы саяси-құқықтық ой- ларда билік туралы патерналистік көзқарас кең таралды. Монарх билігі əдет-ғұрыппен, салт- дəстүрмен ғана шектелді. Дегенмен де, бұнда мемлекеттің негізгі мақсаты — ортақ жақсылық, ал патша оның алдында ешқандай талап қоя алмайтын, оның қол астындағылардың атасы деген түсінік барлығының санасына жеткізілуге тиісті болды. Билік иесін тəңірдің жердегі өкілі, көк пен жердің делдалы деп құрметтеп, оның билігін қасиеттендіруге ниеттенетін-ді. Бұл өкіметтің адамдар алдында емес, құдай алдында жауаптылығын көрсетті.
Мемлекет қоғамда тəңірлік жəне жердегі тəртіп өкілі қызметін атқарды, қоғамға оның ішкі бірлігі мен сыртқы тұйықтылығын көрсету құралы болды. Ол қоғамда өсіп-жетіліп алып, оны өзінің құрылып жатқан мемлекеттік үлгілеріне тартуға тырысады. Нəтижесінде жоғарысында шексіз мо- нарх, орта тұсында оның билігін жүзеге асыруға көмектесетін лауазым иелері, негізінде рулық сипат- тарынан бірте-бірте айырыла бастаған қауым мүшелері болатын ерекше құрылым құрылады. Бұндай мемлекеттер кейінірек «шығыстық», немесе «азиаттық» деген атауға ие болды, бірақ расында бұндай мемлекеттік жүйенің Африка, Америка континенттеріне де тарағаны мəлім.
Əрбір елде саяси идеялардың дамуы өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады, сондықтан да олардың барлығын бір жобаға салып қою мүмкін емес. Батыстағы мемлекеттердің пайда болу жолы өзіне тəн ерекшеліктерге толы болды. Еуропа аумағында мемлекет құрушы негізгі фактор — қоғамның таптарға бөлінуі болды. Ол өз кезегінде жерге, өндіріс құралдарына (малдар, құлдар) жеке меншіктің белсенді түрде қалыптасуына негізделді.
Афин мемлекеті — мемлекеттің пайда болуының ең таза жəне таптық, классикалық нысаны. Ол ең алдымен тап қайшылықтарынан бастау алады. Бірте-бірте қалыптаса бастаған жеке меншік мүлік иелерінің экономикалық үстемдігін бекітудің түп қазығы ролін атқарды. Бұл көпшілік (жария) билік институттарын иемденуге жəне оларды өз мүддесін қорғау үшін пайдалануға жол ашады. Мемлекет қоғам дамуының нəтижесінде ешқандай қақтығыссыз өз жолымен пайда болады.
Римде мемлекеттің пайда болуы рим руларынан тыс өмір сүрген (кірме), басы бос, бірақ саяси құқықтары жоқ плебейлер мен ру зиялыларының — патрицийлердің арасындағы текетірестік нəтижесінде өмірге келген. Римдегі рулық қоғамның ыдырауы Афин мемлекетіндегідей қарқынмен өткен, экономикалық үстем топ билікті иемдене отырып, өзіне қажетті органдар қалыптастыру үстінде еді. Бірақ бұл процеске тұрғындардың үшінші тобы — плебейлер белсенді араласа жөнелді. Экономикалық қуатты плебейлер тобының саяси билікке қол жеткізу мақсатындағы күресі Римдегі рулық-тайпалық құрылымды ыдыратуды көтермеледі, мемлекеттілік қалыптастырудың қозғаушы күші ролін атқарды.
Герман мемлекетінің пайда болу жолы да өзгеше. Греция мен Римдегі табиғи жағдайлар патри- архалды құрылымды жоюға ықпал етсе, осы табиғи жағдайлар Германияда белгілі бір кезеңге дейін өндіргіш күштердің рулық қоғам жағдайында да дамуына мүмкіндік берді. Құл иеленудің аталмыш мемлекеттердегі сипаты Франк мемлекеттері үшін экономикалық жағынан тиімсіз болды. Сондықтан да, кедейленген ру мүшелері құлдыққа емес, байларға бағыныштылыққа ауысты. Бұл шаруашылық жүргізудің ұжымдық нысанының ұзақ мерзімге сақталып қалуына ықпал етті. Əскери қажеттілік, жартылай көшпенді жер өңдеу қоғамдық-шаруашылық ұйымның ұжымдық нысанын сақтап қалуға əсерін тигізді. Бұндағы мүліктік теңсіздік жəне əлеуметтік жіктелу протофеодалдық қоғамның қалыптасуына əкелді. Екінші жағынан, франктердің Рим империясының қомақты аумағын варварлық жаулап алуы рулық қоғамның оларға үстемдік ете алмайтындығын көрсетті. Мемлекет қалыптастырудың объективті алғышарттары қалыптасты [8].
Мемлекет — қоғамның көп салалы, көп жүйелі құбылыстарына сəйкес дамып, өмірге келген ұйым. Мемлекеттің пайда болуына себеп болған қоғамда орын алған объективті факторлар ретінде биологиялық, психологиялық, экономикалық, əлеуметтік, діни, ұлттық құбылыстар аталады.
Қазіргі таңда саяси ғылымда мемлекет, оның табиғаты мен қоғамдық өмірдегі ролі туралы сұрақтардан даулы сұрақ жоқ шығар. Бұл ең кемінде екі жағдаймен түсіндіріледі. Біріншіден, ешқандай ұйым жүзеге асырылатын қызметінің көп жақтығымен мемлекетпен бəсекелесе алмайды. Өйткені мемлекетті оның қызметінің мазмұнын негізге алып, əлеуметтік айқындауға болмайды. Екіншіден, қазір Қазақстанда бұрынғы көзқарастардың дағдарысы байқалуда, яғни, көптеген онжылдықтар бойы біздің қоғамтану ғылымында үстемдік еткен «марксистік-лениндік тоталитарлық қоғамның моноидеологиясынан» кейін, қоғам мемлекеттің бұрынғы теоретикалық түсінігін қабылдамай тастады, ал бірақ оның орнына тереңірек негізделген жаңа түсіндіру келген жоқ.
Мемлекет түсінігін анықтаумен байланысты қиындықтар адамзат тарихында өз таптық мəні бойынша əр түрлі, əркелкі экономикалық қатынастарға сүйенетін жəне əр алуан нысандарда пайда болатын мемлекеттер бар екендігімен байланысты қалыптасады. Гегель «анықтауға жататын зат мəні бай болған сайын ол қарастыру үшін əр түрлі қырларды ұсынады, ал олардың негізінде шығарылатын анықтамалар одан да көп болады,— деп айтқан. В.И.Ленин: «Бұл əсіресе өмір, мемлекет секілді көп қырлы түсініктерге қатысты болады»,— деп көрсеткен. К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин мемлекеттің жалпы түсінігін белгілі бір мемлекеттерді салыстырып, беттестіру арқылы емес, құбылыстың мəнін, оның органикалық байланысын, қоғамның экономикалық жəне таптық құрылысын зерттеу жолымен ашады.
Қандай да болмасын таптық қоғамдық-экономикалық формация жағдайында мемлекет ең алдымен негізгі өндіріс құралдарына меншік иелерінің саяси ұйымы ретінде қалыптасады.
«Мемлекет — барлық қоғамның ресми өкілі»,— деп жазады Ф.Энгельс. Бірақ ол өз дəуіріндегі барлық қоғамды біріктіретін таптық мемлекетті: ежелде ол құл иеленушілердің мемлекеті болды, орта ғасырларда феодал-ақсүйектерінің, кейінгі кезде буржуазияның, біздің кезде мемлекет азаматтарының ұйымы ретінде көреді. Тек əлеуметтік мемлекет кезінде ғана мемлекет таптық жəне ұлттық мүдделерді ескере отырып, «ресми» ғана емес, шын мəнінде бүкіл қоғамның өкілі ретінде танылып, өз қызметінің қатарына жалпы əлеуметтік мəселелерді шешуді қояды.
Мемлекеттің əр түрлі қырларын жан-жақты белгілеуді Л.С.Мамут қарастырған. Ол мемлекеттің үш «модусын» ажыратады:
- Мемлекет — бұл жария-құқықтық одаққа ұйымдастырылған, белгілі бір кеңістікті алып отырған тұрғындардың одағы.
- Таптық қоғамның жеке тұлғаларын жария-құқықтық одаққа біріктіретін құрылыс, белгілі бір саяси қатынастар, байланыстар, тəуелділіктер тəртібі.
- Жария-билікті жүзеге асыру органы, «үкімет машинасы, басқару аппараты» [9].
Көбінесе мемлекеттің пайда болуы туралы ой жүгірткенде, Ф.Энгельстің «Семьяның, жеке меншіктің жəне мемлекеттің пайда болуы» атты жұмысынан алған білімдерге негізделеді. Бірақ бұл жұмыстың бұрмаланғандығын А.П.Бутенко өз мақаласында айқын дəлелдеген [10].
И.Сталин 1920–1950-жылдар бойы жəне бүкіл насихат жүргізу аппаратымен марксизмнің мемлекеттің пайда болуы мен мəніне байланысты көзқарастарын бұрмалаған. Егер қарастырып жатқан мəселенің сталиндік бұрмалауының мəні туралы айтатын болсақ, ол жеке меншік барлық жерде жəне барлық уақытта қоғамды құрылымдық бөлшектеудің алғашқы себебі болғандығына, қоғамды таптарға бөліп қанау мен антагонизмнің негізі болып, саясат пен мемлекеттің пайда болуына əкелді деген пайымдауды тудырды.
Ең алдымен қуғынға К.Маркстің өндірістің азиаттық тəсілі туралы ілімі ұшырады, өйткені бұл өндіріс тəсілі мемлекеттің болуымен, бірақ сонымен бір мезгілде өндіріс құралдарына жеке меншіктің болмауымен байланысты. Сталинге сүйенсек, мемлекет жеке меншік жəне онымен байланысты таптық қуғын негізінде пайда болды. Онан əрі Ф.Энгельстің таптардың «екі жолмен» пайда болғандығы туралы ережесі естен шығарылды. Бірінші жол өндіріс құралдары жеке меншікте емес, еңбектің қоғамдық бөлінумен, «қоғам өміріне қажетті жалпы қызметтерді» орындаумен байланысты түсіндірілген еді. И.Сталин Ф.Энгельстің өмірдегі өндіру жəне ұдайы өндіру, өндірістің екі түрін енгізетіндігі туралы ойын сынға салды, ол өмір сүру құралдарын өндіру жəне тұқымын жалғастыру, яғни адамның өзін өндіру, сөйтіп топтардың пайда болуы еңбектен, өмір сүру құралдарын өндіруден ғана емес, жанұяда адамның өзінің өндірісіне де байланысты деген.
Сонымен қатар К.Маркстің тарихи тұжырымдамасы тексерілді, К.Маркс бойынша, бір формациядан екінші формацияға өтудің өз нысаны бар: алғашқы қауымдық құрылыстан құлдыққа, феодализмге немесе азиаттық өндіріс тəсіліне өту мүмкін болды. Бұның орнына Сталин «бес мүшелікті» енгізді, оның ойы бойынша, бес формация: алғашқы қауымдық құрылыс, құлдық, феодализм, капитализм жəне коммунизм сөзсіз барлық халықтар өтетін қоғамдық-экономикалық құрылыстарды көрсетеді.
Мемлекеттің пайда болуынан бері оның мəнін ашуға, табиғатын көрсетуге көптеген талпыныстар жасалған. Мемлекет — бұл ең алдымен тарихи қалыптасқан, қоғамды басқаратын саналы ұйымдастырылған əлеуметтік күш. Бұл шын мəнісінде алғашқы саналы қоғаммен жасалған жəне жоспарлы қызмет етуші жеке тұлғалардың, əлеуметтік топтардың жəне жалпы қоғамның өміріне үлкен əсер етуші ұйым. Осы бастапқы қызметтен, қоғамды басқарудан мемлекеттің басқа да белгілері туындайды.
Қоғамды басқару — мемлекеттің басшылық ету қызметтері таралуы мүмкін белгілі адамдар тобына басшылық ету. Бұл адамдар тобы — əр түрлі елдерде тұратын бір ұлтты азаматтар емес, мемлекет билігі таралатын аумақты алып отыратын азаматтар. Мемлекеттің ең басты белгісі қандас туыстық емес, ұлттық емес, белгілі бір аумақтағы адамдардың жалпы басшылыққа бағыныштылығы болып табылады.
Қандай да болмасын қоғамда, азаматтардың мүдделерінің сəйкес келмеуінен ғана емес, қоғамға жат элементтерінің болуынан ешқашан барлығынын əрекет етуші заңдармен жəне жүзеге асырылып жатқан мақсаттармен толық келісімдігі болмайды. Сондықтан мемлекет өз мақсаттарына жету үшін күш қолдану керек, ал бұл қаруланған адамдар тобы мен құралдарсыз мүмкін емес. Мемлекет мүліксіз көпшілік, аз топтың меншігін иемденіп алмас үшін күш қолдануға мəжбүр. М.Вебер айтқандай: «Қазіргі мемлекетке əлеуметтік анықтама тек онымен басқа да саяси одақтар секілді ерекше қолданылатын құралдарымен — физикалық күш көрсетуге байланысты беруге болады. Əрине, күштеу əдеттегі немесе жалғыз мемлекеттің құралы болмаса да, ерекше құралы болып табылады» [11].
«Мемлекет табылған, жасалған немесе ойлап шығарылған құрал емес. Мемлекет адаммен өмір сүреді: адам мемлекетті негіздеп, қалыптастырып жəне оған басшылық етеді жəне бір мезгілде онда өмір сүріп, соның арқасында оны өз тағдыры секілді ұғынады», — деп Х.Кун жазған. Мемлекет тарихи таптар пайда болғанға дейін туындап, қалыптасады, ол барлық қоғамның саналы түрде жəне еріксіз маңызды мəселелерін шешуге сұраныстың нəтижесінде күштеу құралдарының көмегімен белгілі бір қоғамдық қызметтерді жүзеге асырады, өйтпейінше, қоғамның алға басуы мүмкін емес.
Басқаша айтқанда, əр түрлі тарихи сатыларда мемлекеттің қалыптасқан жағдайды сақтаушы ретінде көрінуіне əр түрлі себептер əсер етеді. Бұлардың біріншісі қандас туыстық некеге күштеп тыйым салу жəне тайпааралық ру жалғастыру үшін əйелдермен алмасу, ирригациялық құрылыстарды жер өңдеу үшін салу ретінде көрініс тапқан. Кейін мемлекеттің өмір сүру мағынасы бірінші кезекте жеке меншікті сақтаумен жəне пайда болған топтарға «қоғамды пайдасыз күресте жайпап жеуге жол бермеу үшін», осы күні өркениеттік тəртіпті, құқықты сақтау қажеттілігімен байланыстырылған.
Ежелде пайда болған мемлекет өзінің ештеңемен салыстырылмас тарихи жолын өткендігі айқын. Оның өмір сүру ірге тасында жатқан себептер күрт өзгерді. Бір мемлекеттік қызметтер жойылып басқалары пайда болды, бір дəуірлерде күштеумен көтермеленген нормалар келесілерде дəстүрлі нормалар мен əдеттерге айналды. Мемлекеттің қарауына жаңа өрістер түсті, бір қоғамдық күштер басқалардың орнына келді. Əсіресе мемлекеттің пайда болу саясатының саяси қатынастардың пайда болуындағы маңызы зор. Саясаттың ерекше адамзат қызметінің аясы ретіндегі өзегі мемлекеттің саяси билікті басып алып пайдалануы болып табылады.
Мемлекеттің көптеген ғасырлар бойы сапалы өзгеріп жəне жетілдірілуі кезінде мыңдаған ұрпақтар ауысып, тұтас қоғамдық-экономикалық формациялар өз басты қоғамдық-саяси күштерімен келіп кетті. Патшалар мен корольдар, императорлар мен фараондар, диктаторлар мен демократтар, цезарьлар мен консулдар, даналар мен алаяқтар, əрқайсысы өздерінше өмір сүріп жатқан саяси жүйеге жəне орныққан саяси тəртібіне байланысты болса да мемлекеттік билікті тартып алып, сақтап қалып нығайтуға табандылықпен ұмтылған.
Мемлекет өз тарихында күресуші протогонистердің, мемлекеттік билікті басып алушылардың жеңіл олжасы болған жоқ, кейде өз мүдделерін жүзеге асыру үшін қоғаммен құрылған мемлекеттің өзі мемлекеттік аппарат түрінде қоғам үстемдік құрып, өзіне бағындыра алған.
Мемлекетті басқа ұйымдардан ерекшелейтін бірқатар белгілеріне тоқтала кетсек:
- Мемлекет өз аумақтық шекарасы шегінде азаматтылық белгісі бойынша біріктірілетін барлық қоғам мен тұрғындардың жалғыз ресми өкілі ретінде əрекет етеді.
- Мемлекеттік егеменділік — мемлекеттің өз аумағында басшылық етуі жəне халықаралық қатынастарда тəуелсіздігі. Мемлекет — егеменді биліктің жалғыз иегері.
- Мемлекет заңды күші жəне құқық нормалары бар заңдар мен заңға бағынышты актілер шығарады. Қоғамдық ұйымдар өздерінің ішкі бөлімшелеріне жəне мүшелеріне міндетті шешімдер қабылдауы мүмкін, ал мемлекеттің нормативтік актілері барлық мемлекеттік жəне қоғамдық бірлестіктерге, жеке ұйымдарға, лауазымды тұлғалар мен азаматтарға міндетті. Құқық шығармашылық — мемлекеттің ерекше құқығы.
- Мемлекет қоғаммен, жан-жақты əлеуметтік аяларды жəне процестерді басқарудың күрделі механизмі, өз қызметтерін орындау үшін тиісті мемлекеттік органдар мен қажетті материалдық құралдардың жүйесін білдіреді. Мемлекет механизмін қалыптастыратын органдардың ерекшелігі — олардың өкілеттіліктерінің биліктік сипатында, органдарының қалыптасуы мен қызмет етуінің міндетті түрде заңды бекітілуі, осыған негізделген құқықтық актілер шығаруы, оларды бұзылудан сақтау қабілеттіліктерімен байланысты. Арнайы құрылған мемлекет механизмінің қызмет етуі, таптық қоғамда қалыптасқан еңбектің бөлінуін ескере отырып, негізгі қызметі басқарудан тұратын ерекше тұлғалар қабатының — мемлекеттік қызметкерлердің болуын анықтайды.
- Мемлекет саяси жүйеде заңдылық пен құқықтық тəртіпті қорғауға арналған құқық қорғау органдарына ие жалғыз ұйым.
- Тек мемлекет қана қорғанысты, егеменділікті, аумақтық біртұтастық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қарулы күштер мен қауіпсіздік органдарына ие.
- Мемлекеттің жоғарыда қарастырылған белгілерге қатысты жəне олардың кейбіреулерін жалпылайтын маңызды белгілерінің бірі — бұл қоғамдық қатынастарда еркін экономикалық жəне рухани нормаларын білдіретін мемлекеттің құқықпен тығыз органикалық байланысы. Тарихтан мемлекет құқықсыз, ал құқық мемлекетсіз өмір сүре алған мысал табу қиын [12].
Е.Баяновтің пікірінше, мемлекеттің басқа бір ерекше белгісі, өзінің өмір сүруі үшін халықтан салық жинауға мəжбүр болуы. Салық — бұл мемлекеттің өмір сүріп, тіршілік етуінің экономикалық негізі; салықсыз ол күн көре алмайды, өйткені қаржының жетіспеуінен немесе болмауынан оның бүкіл тіршілігі қиындайды. Салықты мемлекеттің барлық азаматтары, соларға қоса шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да төлейді; халықтың шамалы бөлігі ғана салық төлеуден босатылады. Мемлекет салықтан түскен қаржыны басқару жəне мəжбүрлеу аппаратының орасан зор армиясын ұстауға, мемлекеттің жүргізетін ішкі саяси жəне сыртқы саяси шараларын қаржыландыруға, медициналық, білім беру, ғылым, мəдениет салаларын қолдауға, экономиканың маңызды салаларын қолдануға, ынталандыруға, қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тəртіпті жəне қылмыс пен құқықбұзушылықпен күресті қамтамасыз етуге пайдаланады [13].
Егемендіктің екі құрамдас бөлігі бар: үстемдік жəне тəуелсіздік. Мемлекеттік биліктің үстемдігі деп өз аумағындағы ең жоғарғы билікті айтады. Аумағындағы жұмыс істеп тұрған барлық ұйымдар, бірлестіктер, құрылымдар мен тұлғалар мемлекеттің басымдық ролін мойындайды, өздерін оның мəртебесі мен маңызынан төмен қояды. Олар мемлекеттік биліктің бұйрығын орындауға, мемлекеттің белгілеген тəртібін сақтауға міндетті. Мемлекетке тиесілі аумақта бірде бір ұйым, бірлестік немесе құрылым мемлекетке қарсы келе алмайды.
Егемендіктің екінші бір құрамдас бөлігі болып саналатын тəуелсіздік мемлекеттің өз билігін дербес жүргізуінен, өзінің стратегиялық бағыты мен тактикалық жолын өзі таңдауынан, өз ісіне ешкімді араластырмай, ішкі жəне сыртқы саясатын өзі қалыптастыруынан, басқаның үстемдігіне жол бермеуінен көрінеді. Тəуелсіздік ұғымының ішкі аспектісі мемлекетті өз аумағында жұмыс істейтін бірде-бір ұйымның, бірлестіктің жəне құрылымның мемлекеттік биліктің дербестігіне қол сұға алмайтындығына ерекше көңіл аударуға міндеттейді. Ал, тəуелсіздіктің сыртқы аспектісі, егемен мемлекет басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дербес қарым-қатынасты сақтайды дегенді білдіреді.
Қазіргі жағдайда Қазақстан мемлекеті үшін демократия мен бостандықты, тұрақтылық пен азаматтық қоғамды, елдегі халықтардың келісімдігі мен одақтастығын жалғастыру, елдің қауіпсіздігін нығайту маңызды.
Мемлекет мəні — оның мазмұнын, мақсатын, қызмет етуін, яғни билік жəне оның тиесілік мəселелерін, анықтайтын басты ерекшелік. Мемлекет мəнін қарастыру барысында оның екі жағына назар аудару қажет. Біріншіден, əрбір мемлекет саяси билікті ұйымдастырушы болып табылады. Бұл мемлекет мəнінің формалды жағын көрсетеді. Екіншіден, бұл ұйым кімнің мүддесіне қызмет ететіндігін анықтау қажет, бұл оның мəндік жағын білдіреді.
Мемлекет жоғарыда қарастырылғандай, экономиканың дамуы белгілі бір деңгейге жеткенде, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық өнімді теңдей бөлісу жүйесінің объективті тиімсіздігі анықталғанда жəне қоғамды əрі қарай жетілдіру үшін басқарумен айналысатын адамдардың белгілі бір тобын ажырату қажеттігі қалыптасқанда пайда болғандығы белгілі. Бұл топ «шығыстық» қоғамда саяси аймақты басқаруға машықтанса, Еуропада саяси жəне экономикалық аймақтарды басқарумен айналысқан. Бұл қоғамның əлеуметтік жіктелуіне əкеліп соқты, бұрындарда қоғамның барлық мүшелеріне тəн болған билік саяси сипатқа ауысып, басым түрде үстем тұрған топтың, таптың мүддесін жүзеге асыра бастады. Алайда əлеуметтік теңсіздіктің пайда болуы объективті түрде прогрессивті сипатқа ие болды: əлі де болса төмен еңбек өнімділігі жағдайында адамдардың бір тобының күнделікті ауыр күйбең тірліктен босауына мүмкіндік жасалынды. Бұл əлеуметтік басқарудың жақсаруына ғана əкеліп қойған жоқ, сонымен қатар ғылым мен өнердің дамуына, қоғамның экономикалық жəне əскери қуаттылығының артуына негіз болды. Мемлекеттің пайда болуы көпшілік билігі сипатының өзгеруіне, оның саяси билікке ауысуына негіз болды. Саяси билік, алғашқы қауымдық қоғамдағы əлеуметтік билікке қарағанда, қоғамның үстем тобының мүддесін іске асырады. Сондықтан да, таптық қөзқарас саяси биліктің сипатын талдау барысында, оның мəнін анықтауда ерекше орынға ие болады [14].
Дегенмен де, мемлекеттік биліктің сипаты барлық уақытта бірдей болмайтындығы да белгілі. Құл иеленуші жəне феодалдық қоғамдардағы əлеуметтік теңсіздік жəне мемлекеттік биліктің таптық (əулеттік) тиесілігі дау туғызбаса, буржуазиялық мемлекеттердегі билік сипатын анықтау біраз қиындық туғызатындығы анық. Ерте буржуазиялық қоғамда əр түрлі декларациялар мен конституцияларда барлық адамдардың заң алдындағы теңдігі, тең құқықтарға ие екендігі формалды түрде бекітілсе де, заңдар адамдардың сайлау құқығын мүліктік, білімділік жəне өзге де ценздермен (өлшемдер) шектеп отырғандығы, яғни биліктің экономикалық үстем тап — буржуазияға тиесілігін қамтамасыз етіп отырғандығы, белгілі. Ал, шығыстық мемлекеттерде билік бюрократиялық шенеуліктік аппараттың қолында болғандығы аян. Бұнда да билік қоғамның барлық мүшелерінің мүддесін емес, билік басындағы тиісті əлеуметтік топтың мүддесін көздейді. Көп жағдайларда əлеуметтік топтар таптарға айналады. Ол екі түрлі фактормен анықталады: 1.Қоғамдық өнімді бөлісу жүйесінде өзіндік орынға ие болады, оның маңызды бөлігін өзіне иемдене алады. 2.Өндіріс құралдарына ерекше қатынасымен сипатталады, шындығында оның шынайы қожасына айналады, сол арқылы өндірушілердің өзін формалды түрде олардың басы бос, меншік иесі деп танылған күннің өзінде «ұжымдық құлдықта» ұстайды.
Сонымен, таптық қөзқарастың мемлекеттің маңызды ерекшеліктерін, ондағы əлеуметтік қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретіндігіне көз жеткіздік. Дегенмен де, мемлекеттік биліктің таптық сипатын тағайындау мемлекет мəнін толық анықтауды білдірмейді. Сондықтан да əрбір мемлекеттің атқаратын жалпы əлеуметтік мəселелеріне де назар аудару қажет. Қоғам əрқашанда біртұтас екендігін естен шығармауымыз керек. Сол себепті əрбір мемлекет қоғам бірлесуінің құралы,жақындасуының тəсілі де болып табылады. Мемлекеттің жалпы əлеуметтік ролі оның мəндік ерекшелігі бола отырып, мемлекет мəнінің екінші жағын сипаттайды. Мемлекетте үстем таптың еркі мен жалпы қоғам мүддесі ұштасып жатады. Мемлекет мəнінің көрсетілген жақтарының арақатынасы əр түрлі тарихи кезеңдерде əр түрлі дəрежеде болады. Олардың біреуінің басым түсуі екіншісінің əлсіреуіне əкеліп соғады. Мемлекет əрекетінің жалпы əлеуметтік жағының маңызы қоғам құл иеленушіліктен феодалдыққа, феодализмнен капитализмге ауысқан сайын, одан əлеуметтік мемлекетке қадам басқанда бірте-бірте ұлғая түседі. Қазіргі кезеңдегі батыстық қоғамда мемлекет мəнінің жалпы əлеуметтік сипаты басым түрде орын алып отырғандығын атап өтуге болады. Əр түрлі əлеуметтік бағдармалардың кең түрде таралуы, еңбек жағдайын мемлекеттік реттеу, кəсіпқойлыққа салынатын салықтардың жоғарғы деңгейі мемлекеттің əлеуметтік сипатын анықтай түседі, оның қоғам мүшелеріне бет бұрғандығын дəлелдейді. Бұл қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз етеді де, есесіне мемлекеттің таптық сипатының ролі төмендейді [15].
Мемлекет теориясында аталған екі негізгі: таптық жəне жалпы əлеуметтік қөзқараспен қатар, мемлекет мəнін анықтаудың діни, ұлттық жəне нəсілдік көзқарастары да танылған. Басқаша айтқанда, мемлекет мəні көпжақты.
Мемлекет қоғамдық дамудың жемісі, сондықтан да қоғамдағы өзгерістер мемлекеттегі өзгерістердің қарқынына, нысандары мен əдістеріне тікелей əсерін тигізеді.
Қазіргі кезең мемлекет, экономика жəне қоғам арасындағы міндет бөлісудің жаңа сипатына бағдар ұстанады. «Белсендендіруші мемлекет» ұғымы пайда болуда, бұндай мемлекет қоғамдық жəне азаматтық белсендікке кең жол ашады. Басты ұраны əкімшілік құру емес, қоғамдық белсенділікті арттыру болып табылады. Қоғам мемлекет тəрізді немесе одан жақсы деңгейде атқара алатын қызметті өзі орындауға тиісті деп санайды. Онда мемлекеттің сипаты да өзгереді.
Біріншіден, мемлекет — кепіл, яғни өндірісті қамтамасыз ететін жəне қоғамға қажетті қызметтің белгілі бір түрін көрсететін институт ретінде əрекет етеді.
Екіншіден, мемлекет қоғамдық белсенділік үрдісі үшін қажетті шекараны қалыптастыратын жəне қоғамда туындаған мəселелерді дербес шешуге бағыттайтын институт.
Үшіншіден, мемлекет бекітілген ережелер негізінде қоғамдық, соның ішінде экономикалық əрекет үрдісіне бақылауды жүзеге асырушы институт.
Төртіншіден, мемлекет қоғамға қажетті жұмыстарды атқарушы жəне қызмет көрсетуші ретінде көрінеді. Бұл тұрғыда мемлекеттің өзге өндірушілерге қарағанда аз шығынмен əрекет етуі басты орынға қойылады.
Əдебиеттер тізімі
- Гумплович Л. Общее учение о государстве. — СПб.: Славянский диалог,
- Шершеневич Г.Ф. Общая теория права: Учеб. пособие (по изданию 1910–1912 гг.) — Т. 1. — Вып. 1. — М.: Наука, 1995. — С. 212,213.
- Маркс К., Энгельс Ф. Таңдамалы шығармалар жинағы. — 21-т. — Алматы: Ғылым, — 317-б.
- Макиавелли Н. Таңдамалы шығармалар. — Алматы: Ғылым, 1982. — 306 б.
- Ориу М. Основы публичного права. — М.: Полиграф, 1929.
- Коркунов Н.М. Лекции по общей теории права. — СПб.: Славянский диалог, — 256 с.
- Байжанова К.Т. Мемлекет жəне құқық теориясы. — Қарағанды: Болашақ-Баспа, — 20-б.
- Манов Г.Н. Признаки государства: новое прочтение. Политические проблемы теории государства. — М.: ИГП РАН, 1993.
- Мамут Л.С. Государство в ценностном измерении. — М.: Изд-во «Инфра-М», — С. 28.
- Бутенко А.П. Государство: его вчерашние и сегодняшние трактовки // Государство и право. — — № 7. — С. 17.
- Вебер М. Избранные произведения. — М.: Наука, 1998. — С.
- Кудрявцев В.М., Керимов Д.А. Право и государство (опыт философско-правового анализа). — М.: Изд-во «Инфра-М», 1993.
- Баянов Е. Мемлекет жəне құқық негіздері. — Алматы: Заң əдебиеті, 2001. — 9-б.
- Бачило И.Л. Факторы, влияющие на государственность // Государство и право. — 1993. — № 7. — С.
- Атаманчук Г.В. Новое государство: поиски, иллюзии, возможности. — М.: Славянский диалог, — 116-б.