Заң əдебиеттерінде сайлау құқығы қағидалары жалпылаушы мағынада беріледі. Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасында «сайлау құқығы қағидалары» деп көрсетілгенімен [1], норманың диспозициясында сайлаудың қағидалары анықталған. Осыған орай «заң шығарушы қолданған термин мен əдебиеттерде қолданылған термин арасында қаншалықты ұқсастық бар жəне оларды біртұтас ұғым ретінде пайдалануға болады ма?» деген сұрақ туады.
Кеңестік мемлекеттанушы А.И.Ким «сайлау қағидалары міндетті мағынаға ие болатын сайлау құқығының қағидалары болып табылады. Ал осы қағидаларды бекітетін нормалар сайлау құқығының сəйкес институты болады» деп анықтаған [2].
А.Е.Постников оларға «сайлау құқығының қағидалары» деген атау берсе, Б.А.Страшунның пікірі бойынша, олар «сайлау жүйесінің қағидалары» деген атауға ие болғаны жөн. С.Д.Князев оларды «Ресей сайлау құқығының басты қағидалары» деп атайды да, сайлау құқығы қағидаларының түсінігін кеңірек ашуға тырысады. Сайлау құқығының қағидаларын ол түрлі сайлауларды өткізудегі ішкі, императивті теңгерушілік пен бұрмаланбауды қамтамасыз ететін сайлау құқықтары, кепілдіктер, іс жосығы мен технологияларды құқықтық реттеудің іргетасын анықтаушы жəне халық билігінің конституциялық негізі ретінде сайлаудың демократиялық табиғатын көрсететін негізгі қалаушы қайнар көзі деп түсіндіреді. Е.О.Кутафин бұл қағидаларды «Ресей Федерациясы азаматтарының сайлауға қатысуының қағидалары» деп анықтайды [3].
М.В.Баглай «сайлау құқығы мен сайлау жүйесі қағидаларының» арасында ешбір айырмашылық жүргізбей-ақ олардың жиынтығы міндетті талаптар мен шарттарды береді, ал оларды ұстанбау кез келген сайлауды заңсыз деп тануға негіз болады деп санайды [4]. «Сайлау құқығының қағидалары» сайлаудың демократиялылығын өз бетінше дербес түрде қамтамасыз ете алмайтындығын мойындау қажет. Бұған дəлелді біз конституциялық деңгейде жарияланған «сайлау құқығы қағидаларының» жалған сипаттылығымен ерекшеленген ондаған жылдар бойындағы кеңестік дəуірдің тарихынан тамашалап отырмыз. Сонымен қатар Кеңес Одағының тұсында сайлау құқығының қағидаларына «сайлау құқығы» демократиялық институт ретінде негізгі идеологиялық ауыртпашылық тиген болатын.
Біріншіден, бұл сайлау құқығы қағидаларының нормативті талаптарының сайлау құқығының материалдық мазмұнын құрайтын сайлауларды ұйымдастыру мен өткізу барысында қалыптасатын шынайы қоғамдық қатынастарда көрініс табуда.
Екіншіден, сайлау құқығы қағидаларының азаматтардың сайлау құқығы мен оларды жүзеге асыру үрдістерінің нормативтіктігіне сайлау құқығының субъективті құқықтық құрамдас бөлігі ретінде енді.
Үшіншіден, сайлау құқығының қағидалары объективті сайлау құқығының тиісті нормалары мен институттарында белгіленіп жатады.
Төртіншіден, «сайлау құқығының қағидалары» өкілді жəне өзге нысандардағы сайланбалы демократияның негізгі институттарын қалыптастырудағы саяси-құқықтық механизмдері, объективті жəне субъективті сайлау құқығын жүзеге асырудың технологиялық құрылымы мен нысандарының негіздік іргетасын құрайды.
Сайлау құқығының қағидалары — сайлау кезіндегі халықтың ерік білдіруінің шынайылығын көрсететін жəне оны жүзеге асыруға кепілдік беретін талаптар. Бұл қағидаларды бұзу, керісінше, сайлаудың заңсыздығына, сəйкесінше, сайланған өкілді органның заңсыздығына əкеледі.
Сайлау құқығының қағидаларын жүйелі талдаудың жоғарғы саяси-құқық нұсқаушысы жəне нормативтік негізі — Қазақстан Республикасының Конституциясы. Сайлау құқығы қағидаларының конституциялық бекітілуінің қазіргі нұсқасындағы ақаулықтарға қарамастан, бұл ой əділ екендігі сөзсіз.
Біріншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясы сайлау құқығы қағидаларының əрекет ету аясын, сəйкесінше, кеңейтіп жіберді. Енді олар өзінің тікелей немесе жаңаша конституциялық көрінісін тек мемлекеттің сайланбалы билік органдарын ұйымдастыру институттарының деңгейінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтарының конституциялық мəртебесінде жəне, ең бастысы, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылым институттарының ортасынан көрініс тапқан болатын [5].
Екіншіден, көпшілік таныған халықаралық құқықтың қағидалары мен нормалары Қазақстан Республикасының құқық жүйесіндегі құрамдас бөлік болып табылатындығы мойындалып, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы сайлау құқығы қағидаларының нормативті-құқықтық базасын едəуір кеңейткен болатын. Кез келген жүйе секілді, сайлау құқығы қағидаларының жүйесі өзінің алуан түрлілігімен, элементтерінің (жеке қағидаларының) ажыратымдылығымен, бір жағынан, жəне олардың əрекеттесуімен, ішкі біртұтастығымен, екінші жағынан, сипатталады. Бұл өз кезегінде оның элементтік жеке топтарының (жүйелерінің) ішкі жүйелік сұрыптаулық талдауын жүргізуге жол ашады. Аталмыш əдіс сайлау құқығы қағидаларын зерттеуде де қолданылуы мүмкін. Əдебиеттерде сайлау құқығы қағидаларының біртұтас жүйе ретіндегі сұрыптаулық талдауы жоқтың қасы. Нормативті құқық деңгейі мен ерекшелігіне байланысты сайлау құқығы қағидаларын əмбебап (дəстүрлі) жəне қазақстандық сайлау құқығының жаңа қағидалары деп топтастыру нұсқасын талқылау ретінде ұсыну мүмкіндігі туып отыр. Нормативті мазмұнының ерекшеліктеріне байланысты соңғыларын былайша бөліп қарастыруға болады: а) сайлау құқығының материалды қағидалары; ə) сайлау құқығының іс жүргізу қағидалары; б) аралас құқықтық қағидалары.
Дəстүрлі қағидалар тобына жалпыға бірдей, тең, төте, жасырын дауыс беру жатқызылады. Электоралдық қатынастар саласындағы құқықтық реттеу пəнінің маңызды бөлігін сайлау үрдісінің қағидаларын анықтау қамтиды. Сайлау құқығы өз кезегінде азаматтардың субъективті сайлау құқықтарының мазмұнын, осы құқықтарды жүзеге асырудың заңдық кепілдіктерін, шарттары мен тəртібін реттейтін институттардың жиынтығын құрайды. Сондықтан сайлау құқығының қағидалары азаматтардың сайлау үрдісіне қатысуының сайлаудың жалпыға бірдейлігі, теңдігі, төте жəне жасырын дауыс беру түріндегі субъективті шектерімен ғана шектеле алмайды.
Сайлау құқығының жаңа қағидаларына келетін болсақ, оларды атап көрсету жəне нақты мəнін ашу үшін конституциялық құқықтың материалдық жəне іс жүргізушілік нормаларына қатысты жалпы əдістемелік тұрғыдан жақындау қажет. Бұл мəселені зерттеген тұлғалардың бірі В.О.Лучин өзінің соңғы жұмыстарында да бұл түйінді сұраққа қайта оралып отырған [6]. Əрине, біздің əмбебап (дəстүрлі) деп анықтаған қағидаларымыздың нормативті мазмұнынан материалдықпен қатар іс жүргізушілік бастаулардың бар екенін байқау қиын емес.
Дегенмен, бірінші топқа енгізілген қағидалар өзінің саяси-тарихи, нормативті-құқықтық сипатында ерекше орынға ие екендігі анық. Сол себептен ұсынылып отырған əдісті басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының сайлау құқығы қағидаларының жүйесін келесі сипатта қарастыруға болады:
а) сайлау құқығының əмбебап (дəстүрлі) қағидалары. Оларға, жоғарыда көрсетілгендей, жалпыға бірдей, тең, төте, жасырын дауыс беру қағидалары жатқызылады;
ə) сайлау құқығының материалдық қағидалары:
- сайлаудың еріктілігі;
- ашықтық жəне жариялылық;
б) сайлау құқығының іс жүргізу қағидалары:
- сайлаудың ұдайылығы;
- сайлау үрдісі субъектілерінің арасында сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өкілеттіктерді бөлу;
- сайлау бəсекелестігі;
- азаматтардың сайлау құқықтарын сот арқылы қорғау;
в) аралас:
- сайлаудың түпнұсқалығы (сайлаушылардың ерік білдіруін бұрмалауға жол бермеу);
- мемлекет пен сайлаушылар алдындағы жауапкершілік.
Жоғарыда көрсетілген сайлау құқығы қағидалары біртұтас жүйені құрайды, өйткені олар бірегей жəне өзара байланысты нормалардың арасынан өз жалғасын тапқан. Сайлау құқығының қағидалар жүйесі элементтерінің өзара байланысы əр түрлі, бірақ бірін-бірі өзара толықтыратын шарттар, талаптар өзінің жиынтығында сайлаудың түпнұсқалығын, демократиялылығын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасындағы мəслихаттардың депутаттарын сайлаудың қағидалары жалпыға танылған сайлау құқығының қағидаларымен барабар.
Жалпыға бірдей сайлау құқығы қағидасының мəні, ең алдымен, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабында ашылады. Осыған сəйкес жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы — Республиканың он сегіз жасқа толған азаматтарының тіліне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беру құқығы. Жалпыға бірдей сайлау құқығы белсенді жəне бəсең деп екіге бөлінеді.
Бəсең сайлау құқығы — Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының мəслихатының депутаты болып сайлану құқығы.
Конституциямен жəне сайлау заңнамасымен дауыс беру құқығын иеленетін тұлға сайлаушы болып табылады. Сайлаушылар ретінде Қазақстан Республикасында тек қана мемлекеттің азаматтары ғана танылады.
Сайлаушылар немесе аумақтық бірлік сайлаушыларының жиынтығы «сайлау корпусы» деп аталады, соңғы уақытта берілген терминнің синонимі ретінде «электорат» термині жиі қолданылады. Сайлау корпусы келесідей болып бөлінеді: заңдық сайлау корпусы — тізімге енгізілген (тіркелген) сайлаушылар жиынтығы; деректік сайлау корпусы — дауыс беретін сайлаушылардың жиынтығы; нақты сайлау корпусы — тіркелген жəне кейбір себептерге байланысты тіркелмеген барлық сайлаушылардың жиынтығы [7]. Сайлау үрдісі субъектілерінің бұл санатына төменде жан-жақты талдау жасалады.
Соңғы жылдары жалпыға бірдейлік қағидасының нормативтік даму векторы Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын жүзеге асырудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін заңдық кепілдіктердің жаңа механизмдерін ойлап табуға қарай бағытталған. Оның бір сипаты жоғарыда көрсетілген жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығының анықтамасының мазмұнында орын алған. Мұндай жағдай сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізіміне дауыс беру күні қарсаңында белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматтары енгізілетіндігін көздейтін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 25-бабындағы құқықтық талаптардың үрдістік шектерімен қамтамасыз етіледі.
Қалыптасқан тəртіпке сай, Қазақстан Республикасында сайлау құқықтарына тек республика азаматтары ғана ие. Əрине, жоғарғы билік органдары үшін мұндай шектеу қою орынды. Жоғарғы мемлекеттік билік органдарына сайлауда дауыс беру, ең алдымен, сайлаушының субъективті сайлау құқығын жүзеге асыру, аса маңызды қоғамдық мəселелер бойынша саяси ұстанымын білдіру болып табылады.
Бұдан басқа қазақстандық сайлау заңнамасы үшін жалпыға бірдейлік қағидасына қатысты белсенді жəне бəсең сайлау құқығын іске асыру кезіндегі сайлау ценздерінің болуы тəн. Ең негізгі қойылатын шек жас цензі болып табылады. Əдетте сайлау құқығын жүзеге асыру үшін сайлау күні тұлғаның белгілі бір жасқа толуы талап етіледі. Қазіргі таңда жас мөлшеріне қатысты ценздің төмендеуі байқалуда, ол өз кезегінде азаматтық кəмелеттік жасқа толу мөлшерінің төмендеуімен байланысты болады. Соның негізінде белсенді сайлау құқығы үшін — 18 жас, мəслихат депутаттарын сайлау кезінде бəсең сайлау құқығы үшін 20 жас анықталған.
Тұрғылықты жерде тұру, яғни отырықшылық цензі, белгілі бір адамға, сайлау құқығының берілген мемлекетте немесе берілген аумақта анықталған уақыт тұрғаннан кейін ғана тиісті болуын білдіреді. Бұл талап арқылы сайлаушы өзі болашақта дауыс беретін жердегі шешілмеген мəселелермен, қолайсыз жағдайлармен танысуға мүмкіндік алады.
Қазақстан Республикасының мəслихат депутаты үшін отырықшылық цензі белгіленбеген, алайда депутаттың өзі сайланған аумақтағы қызметі кезінде тұруы керектігі мəлім. «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару жəне өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 20-бабының 3-тармағының 7-тармақшасы отырықшылық цензінің депутат болып сайланғаннан кейін мəслихат депутатына тиiстi əкiмшiлiк- аумақтық бөлiнiсте тұруға мiндеттiлігін жүктейді. Егер мəслихат депутаты өзі сайланған тиiстi əкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстен тысқары жерге тұрақты тұруға кетсе, оның өкілеттілігі мерзiмiнен бұрын тоқтатылады [8].
Мүліктік ценз конституциялық құрылымның қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде бекітіле бастаған. Оған сəйкес сайлаушыға анықталған мөлшерде мүлік тиесілі болуы қажет немесе ол бекітілген көлемде салық төлеп отыруы қажет болған. Яғни өзінде қажетті мөлшердегі мүлкі жоқ адамдарда мемлекетті басқаруға қатысуға да құқығы болмаған.
Қазақстан Республикасында мəслихат депутаттығына кандидат тiркелгенге дейiн жəне оның Конституция мен сайлау заңнамасындағы талаптарға сəйкестiгi тексерiлгеннен кейiн жергілікті атқарушы органдардың шотына депозит ретiнде ең төменгi жалақының бес еселенген мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi. Егер кандидат сайлау қорытындылары бойынша мəслихат депутаты болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде бес процентін алса немесе кандидат қайтыс болса, енгізілген жарна оған қайтарылып беріледі. Қалған жағдайлардың бəрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды жəне республикалық бюджет кірісіне алынады [8].
Елімізде мəслихаттар депутаттығына кандидаттарға білімділік цензі, яғни сайлауға белгілі бір білімнің бекітілген деңгейінің болуы, жəне тілдік ценз, мəселен, Республика Президенттігіне кандидатқа қойылатын мемлекеттік тілді еркін меңгеру талабы қойылмаған. Бұл, əрине, мəслихаттар депутаттығына кандидат ретінде тіркелуге ерік білдірген тұлғаларға қолайлылық туғызады.
Сайлауға ерікті қатысу түрде қатысу қағидасы белсенді сайлау құқығымен тығыз байланыста. Сайлау құқығының қағидалары өздерінің нормативті қуаты мен дамуын осыған дейін айтылғандай сайлау заңнамасының нақты баптарынан ғана емес, сонымен қатар өзге де құқықтық институттардан, атап айтсақ, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылым институттарынан да алады. Мұнда ерекше рөлге «халық билігі» қағидасы ие.
Сайлаудың еріктілік сипаты қағидасын сайлау қағидаларының қатарына жатқызуға болады. Республикамыздағы сайлаудың еріктілігіне «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның 3- бабындағы Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылатындығы жəне азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мəжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқтығы жайлы норма кепілдік береді. Сайлауға ерікті қатысу қағидасы сайлаушының сайлау үрдісіне қатысуды, қаншалықты мөлшерде қатысуды не қатыспауды өзі шешетіндігін көздейді. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мəжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ [8].
Сайлаудың еріктілігі қағидасымен «абсентеизм» ұғымы, яғни сайлаушылардың дауыс беруге жаппай қатыспауы (латын тілінен аударғанда «қатыспау» деген мағынаны білдіреді), ұштасады. Оның деңгейіне əр түрлі себептер, көбінесе саяси жəне экономикалық жағдайлар əсер етеді. Мұндай əрекет немесе əрекетсіздік саяси жəне саяси емес сипатта болуы мүмкін. Егер сайлаушы сайлауға түрлі жағдайларға байланысты қатыспаса (денсаулық жағдайы, жол жүріп кету, сайлау учаскесінің қашықтығы жəне тағы басқалар) не немқұрайдылық танытса, қызығушылығы болмаса, абсентеизм саяси емес сипатта болады. Ал егер сайлаушы өтіп жатқан сайлау үрдістерін əділетсіз деп санау, кандидаттардың ойынан шықпауы немесе сайлауға өзінің мемлекет істеріне араласу мүмкіндігі ретіндегі демократиялық институт екендігіне сенімсіздік білдіруі сияқты себептерге байланысты сайлауға қатыспау арқылы өзінің қарсылығын білдіру — саяси сипаттағы абсентеизм [9].
Тəуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылып, 2007 жылғы 4 шiлдеде күшiне енген Конвенцияның 4-бабының мазмұны төте сайлау құқығы қағидасын сақтау негізін азаматтардың сайлауда тiкелей тиiсiнше кандидатты жақтап, не болмаса кандидатқа қарсы, не барлық кандидаттарға қарсы дауыс беретiнiн бiлдiретіндігін қамтамасыз етілуімен анықтайды [10].
Тең сайлау құқығы қағидасы əрбір сайлаушыда сайлаудың нəтижесіне əсер етудің тең мүмкіндігінің болуын білдіреді. Оған сəйкес Конституциямен кепілдік берілетін маңызды негіз — азаматтардың теңдігі қағидасынан бастау алады.
Сайлау құқығының теңдігі, ең бірінші кезекте, əрбір сайлаушының дауыс санының кез келген басқа сайлаушыдағы дауыс санымен тең болуын аңғартады. Батыс əдебиеттерінде бұл термин «бір адам — бір дауыс» ретінде анықталады [11].
Тең сайлау құқығы қағидасы əрбір азамат бір дауысқа немесе басқа азаматтармен бірдей дауыс сандарына ие болатындығына жəне өзінің дауыс беру құқығын басқа азаматтармен тең тұрғыда жүзеге асыра алатындығына негізделген, сондай-ақ оның дауысы басқа да сайлаушылардың дауыстарымен бірдей салмаққа ие болады, бұл орайда сайлаушы дауысының салмағына мемлекетте қолданылатын сайлау жүйесі əсерін тигізбеуі тиіс; бір жəне көп мандатты сайлау округтерінде дауыс беруді өткізгенде бұл округтар дауыс беру нəтижелерін сайлаушылардың еркі мүмкіндігінше дəлме- дəл жəне толық көрінетіндей болып тең негізде құрылуы тиіс дегенді білдіреді. Əрбір азамат сайлауға өз кандидатурасын ұсыну кезінде теңдей мүмкіндіктерге ие. Яғни, сайлау қорытындысына тигізетін əсері тең болуы қажет. Тең сайлау құқығы қағидасын бұзу мен ондай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік түрлері бекітіледі.
Төте сайлау құқығы қағидасы азаматтарға өз мандатын ешбір делдалсыз, өздеріне танымал жəне сенім білдіре алатын тұлғаға беруіне мүмкіндік туғызады. Кез келген жаңашылдыққа ұмтылатын, соның ішінде төте демократиялық сайлауға сергектікпен қарайтын Қазақстан үшін мұндай нормативтік қағида ерекше көкейтесті болып келеді. Атап айтқанда, демократиялық рəсімдер мен сайлау құқығын жүзеге асыруға деген сенімділікке ие болу мақсатында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы болатындығы ескерілген. Ондай адамның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Көмегін пайдалануға болатын сенетін адамдардың ретінде сайлау комиссиясының мүшесi, жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы, кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi — журналист, тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы бола алмайды.
Жасырын дауыс беру қағидасы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 8-бабына сəйкес мəслихат депутаттарын сайлауда дауыстың жасырын берілетіндігімен əрі сайлаушылардың еркін білдіруіне қандай да болсын бақылау жасау мүмкіндігіне жол берілмейтіндігімен маңызды.
Аталмыш баптағы норманың мəні сайлаушылардың ерік білдіруіне ешбір жағдайдың ықпал жасамауын, яғни олардың ерік білдіруін ешбір өзге тұлға біле алмауы үшін жағдай жасалатындығын сипаттайды. Оның үстіне сайлаушының қай кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс бергендігі туралы ақпаратты талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. Бұл ереженің бұзылуы заңда көзделген жауапкершілікке алып келеді.
Азаматтардың дауыс беру құпиясына құқықтары ешқандай түрде жəне негіздермен шектелмейді. Сайлау жасырын дауыс беру рəсімін пайдалану арқылы өткізіледі. Сайлау органдары Конституция мен сайлау заңнамасында бекітілген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, сайлаушының жасырын дауыс беру орнында бюллетеньді толтыруына қандай да бір бақылауды немесе байқауды жүзеге асыру, сайлаушының ерік білдіру құпиясын бұзатындай қандайда болсын іс- əрекет жасау мүмкіндігін болдырмайды. Қазақстан Республикасында дауыс берудің құпиялылығын сақтау үшін жасырын дауыс беру кабиналар арналған. Халықаралық тəжірибені қарастыратын болсақ, кейбір шет мемлекеттерінде сайлау конверті нысаны да қолданылады. Дауыс берудің мұндай технологиясын біздің мемлекетке де енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Себебі бұл сайлаушыларға олардың дауысының шын мəнінде жасырын болуының кепілдігін арттырып, ҚР мəслихат депутаттарын сайлау құқықтық институтының дамуын одан əрі жалғастырады.
Ерікті сайлау мен сайлау үрдісінің қағидаларының талаптарының бірі — сайлаудың баламалығы болып табылады. Баламалық қағидасы демократиялық бəсекелес сайлау үрдісінің ұйымдастырылуы мен өткізілуінің алғышарты болып табылады. Баламалық қағидасы сайлау кампаниясын жүргізу мен оның нəтижелерін заңдық тұрғыда мойындаудың бастапқы жəне соңғы шарты болып табылады. Ол сайлаушыға бірнеше кандидаттың арасынан өз еркін білдіре отырып біреуін таңдап алуды білдіреді,егер кандидаттардың саны біреуден кем болатын болса, сайлаушы мұндай таңдау мүмкіндігінен айырылады, ал сайлау формалды түрде дауыс беруге айналып кетеді.
Сайлау заңнамасында баламалық қағидасын ашып қарастыратын құқықтық сипаттама болмағанымен, мəслихаттар депутаттарын қайта сайлау жəне тағы басқа жекелеген заңдық шарттары анықталған.
Сайлаудың баламалық қағидасы бəсекелестікті туғызады, ал ол артықшылықтар мен мол пайдаға жету барысындағы күрес, бақталастық туындатыны анық. Заң шығарушы бəсекелестікті бекіте отырып, сайлау үрдісі кезінде тараптардың тең құқықтары жəне сайысушылығын кепілдендіріледі. Қазіргі қазақстандық сайлау заңнамасы сайлау еркіндігін кепілдендіретін əр түрлі құқықтық, ұйымдастырушылық, ақпараттық жəне өзге де құралдарды қарастырады. Мəселен, бұл қағиданың заңдық формуласы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 103-бабында берілген, яғни егер кандидаттарды тiркеу мерзiмi аяқталған күнi тиiстi сайлау округi бойынша мəслихат депутаттығына екіден кем кандидат тiркелген жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы тиiсті округтiк сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттар ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.
Сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы, сондай-ақ кез келген, соның ішінде сайлау рəсімдерін жүзеге асыруға байланысты ақпаратты заңды жолмен іздеу, қабылдау, беру, өңдеу жəне таратуға қатысты бостандықтарды кепілдендіретін жалпы демократиялық қайнар көздердің көрінісі ретінде конституциялық маңызы бар. Белгілі қазақстандық құқықтанушы-ғалым С.К.Амандықованың пайымдауынша, сайлаудың жариялылығы қағидасы сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің ашықтығы мен жариялылығын, сайлаудың барша үрдісінің бұқаралық ақпарат құралдарының жан-жақты көрсетуімен қамтамасыз етеді [12]. Мұның айқын дəлелі — «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-бабында көзделген сайлау комиссиялары қызметінің алқалық, жариялылық жəне ашықтық негізінде жүзеге асырылуы. Бұл қағиданың нормативтік мазмұны көрсетілген баптың 6 жəне 7-тармағында одан əрі толығырақ ашылады. Атап айтсақ, бұл тармақтарда сайлау комиссиялары жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде орналастырылуға жəне өзгедей жолмен жариялауға жататын, өз шешімдерімен барлық адамдардың еркін танысуы үшін жағдай жасайтындығы, сайлау комиссиясының отырыстарына кандидаттар, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар қызметтік куəлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алатындығы анықталған.
Сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүргізу барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттеу тəжірибесі сайлау құқығы қағидасының нормативті мазмұнының уақыт кеңістігіндегі өзгеруін, орнынан жылжуын білдіреді. Ал сайлау құқығының көптеген нормалары заңдық нысандағы саяси нормалар болып табылғандықтан, сайлау құқығы қағидаларының нормативті мазмұны, бір жағынан, биліктік-саяси бақталастық нысандарына, екінші жағынан, қоғамның құқықтық санасындағы олардың көрінісі мен бағасына жаңаша түрде тəуелді болып келеді.
Сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы қағидасының бұзылуын дұрыс бағалау жəне, ең маңыздысы, олардың алдын алу барысында, тəжірибе көрсеткендей, көптеген қиындықтармен кездеседі. Ашықтық жəне жариялылық қағидасы өзінің тиістік нормативтік дамуын əзірге заңнамадан таба алмаған көрінеді.
Сайлау үрдісінің барлық кезеңдерінде оның қатысушыларының əрекеттеріндегі ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету заң шығарушылар мен құқықты жүзеге асырушылардың бірінші кезектегі міндеті болып саналады. Жол берілуі мүмкін қателіктер мен кемшіліктерді жоятын, сайлауды бұрмалау əрекеттерін шектейтін аталмыш қағиданың сайлау құқығы үшін маңызы орасан зор.
Сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы сайлаушылардың сенімін нығайтып, олардың белсенді қатысушылығын қамтамасыз етеді жəне жалпы сайлау жүйесінің нығаюына жағымды əсер етеді.
Ашықтық жəне жариялылық қағидасы көпшілік биліктің сайлау институттарын ұйымдастырудың əмбебап қағидаларының қатарына жатқызылады. Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы аталмыш қағиданың сайлау үрдісінің барлық кезеңдерінде сайлау комиссияларының қызметінде жүзеге асырылуын, сонымен қатар сайлау үрдісінің барлық қатысушылары үшін сайлау кампанияларының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететін нормалардың жиынтығын бекіткен. Мəселен, жариялылық сайлау үрдісіне байқаушылар институтын енгізу, сайлау комиссияларына сайлауды ақпараттық хабарландыру міндеттілігі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дауыс беру қорытындылары мен сайлау нəтижелері туралы ақпараттар беру институттарының заңнамалық бекітілуі.
Объективті шынайы сайлау қағидасы еркін сайлау шарты ретінде баламалық қағидасымен тығыз байланысты. Шынайы сайлау барысында шынайы саяси плюрализм, идеологиялық сан алуандылық жəне көп партиялық, сайлаушылардың кандидаттар жайлы ақпаратты еш кедергісіз алуы, кандидаттардың тең дəрежеде бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділігі орын алады. Осының негізінде шынайы сайлау сайлаушыларға құқық пен заңға сүйенген түрде кандидаттарды таңдауына мүмкіндіктер беріледі. Сонымен қатар шынайы сайлау кезінде кандидаттар мен сайлаудың өзге де қатысушылары ақылға қонымды мерзімдер мен тəртіптерде толыққанды сайлау алдындағы кампанияға қол жеткізеді.
Келесі бір ерекше қағидалардың бірі — сайлау үрдісінің міндеттілігі мен кезеңділігі қағидасы. Аталмыш қағида демократиялық құқықтық мемлекетте сайлау мемлекеттік билік органдарын қалыптастырудың бірден-бір жəне бірегей кепілдендірілген заңдық əдісі болатын саяси-құқықтық талаптан туындайды. Сайлау үрдісінің міндеттілігі мен кезеңділігі дегеніміз — құзыретті органдар көпшілік биліктің сайланбалы институттарының қызметінің уақытын бекітуі, сайлау үрдісі арқылы жүйелі түрде олардың қызметін жаңартып отыруға тиіс.
Мəслихаттардың сайлауының міндеттілігі мен кезеңділігінің жалпы құқықтық тəртібі Қазақстан Республикасының Конституциясының 86-бабында мəслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге халық сайлайтындығы жайлы нормамен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар мəслихаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатылу тəртібі анықталды, яғни Республика Президенті мəслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады, сондай-ақ мəслихат өзiн-өзi тарату туралы шешiм қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 101-бабы мəслихаттар депутаттарының кезектi сайлауымен қатар, кезектен тыс сайлауын тағайындау тəртіптерін бекітеді [8].
Сайлау үрдісінің міндеттілігі мен кезеңділігі қағидасының мəні мемлекеттік билік органдарының, соның ішінде жергілікті мəслихаттардың өкілеттіктерінің шекті мерзімдер сияқты құқықтық шектеулермен шектелетіндігімен байланысты. Заңдық жəне деректік түрде бұл дегеніміз — сайлау міндетті түрде қандай да бір уақыт аралығында өткізіледі деген сөз. Біздің жағдайымызда ол — бес жыл мерзім. Мəслихаттардың өкілеттік мерзімін нормативтік реттеу, бір жағынан, олардың қызмет етуінің тұрақтылығын қамтамасыз ету болса, екінші жағынан, дауыс беру қорытындылары мен сайлау нəтижелері бойынша депутаттардың ауыспалылығын қамтамасыз ету. Сайлау өткізудің ұдайылығы — мəслихаттардың қызметінің демократиялылығы мен заңдылығының шарттарының бірі.
Қазақстандық заң шығарушы Қазақстан Республикасы азаматтарының мəслихаттар депутаттарын сайлау жəне сайлану, өзінің саяси еркін білдіру, сондай-ақ қалыптасып жатқан əлеуметтік-экономикалық жəне саяси ахуалды ескере отырып, мемлекеттік билікті бейбіт жəне өркениетті түрде тапсыру жəне тағы да басқа маңызды конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуінде шешуші рөл атқаратын сайлау комиссиясының тəуелсіздігін қамсыздандырудың мағынасы зор екендігін анықтайды. Сондықтан «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 10-бабына сəйкес Қазақстан Республикасында сайлауды əзірлеу мен өткізуді ұйымдастыратын мемлекеттік сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады [8].
Келесі қағида — сайлаудың түпнұсқалығы. Бұл қағида азаматтардың ерік білдіруін бұрмалауға жол берілмейтіндігін нормативті қамтамасыз етеді. Нағыз сайлауда сайлаушыларға шынайы таңдау жасауға мүмкіндік беріледі. Түпнұсқалы сайлауларды өткізу халықаралық құқық нормаларының жүзеге асырылуына ықпал жасайды. Еркін жəне əділ сайлаулардың белгілері туралы Декларацияда биліктің толыққандылығы нағыз сайлауларда көрініс тапқан халықтың ерік білдіруінен ғана келіп туындауы мүмкін деп айтылған.
Негізгі қызметі — адам құқықтарын қорғау, сайлауларға байқаушы рөлінде қарау арқылы демократиялық институттарды жандандыруға арналған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы 1990 жылдың 29 маусымында қабылдаған Адам өлшемдері бойынша конференцияның Копенгаген Кеңесі құжатының тармағы «қатысушы-мемлекеттердің халық еркі өкімет билігінің негізі болуы үшін сайланған кандидаттардың өз лауазымына кірісе отырып, сайлаушылардың алдындағы жауаптылығын мойындауын қамтамасыз етуі керектігін» бекітеді [13].
Біздің мемлекетіміздің заңнамасында кеңестік дəуірдегі ерекше институт — қайта шақыртып алу қарастырылмаған. Депутаттарды қайта шақыртып алу құқығы — халық билігінің шынайы көрінісі жəне сайлаушылардың мемлекеттік билік органдарының қызметіне бақылау жасау құралдарының бірі. Оның бекітілмеуі, əлбетте, сайланған мəслихат депутаттарының халық алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ дегенді білдірмейді. Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару жəне өзiн-өзi басқару туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 21-бабы мəслихат депутаттарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі міндеттері жүктелген [14]. Оларды орындамау, тиісінше, жауапкершілік іс-шараларына алып келуі əбден мүмкін. Мəселен, депутаттың өз округi сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, өзiнiң депутаттық қызметiнiң барысы туралы жылына кемiнде бiр рет хабарлап отыруға, сайлаушылардың өзiне келiп түскен өтiнiштерiн қарауға, азаматтарды жеке қабылдауды ұдайы жүргiзуге қатысты міндеттемелерін жүйелі түрде орындамаса, өкілеттілігі мерзімінен тыс тоқтатылуы мүмкін.
Əдебиеттер тізімі
- Мухамеджанов Э.Б. Избирательное право Республики Казахстан: теоретико-правовые вопросы. — Алматы: Жеті жарғы, 2001. — 175 с.
- Ким А.И. Советское избирательное право. Вопросы теории избирательного законодательства и практика его примене- ния. — М.: Юрид. лит-ра, 1985. — 46 с.
- Избирательное право и избирательный процесс в Российской Федерации: Учебник для вузов / Отв ред. А.В.Иванченко.— М., 1999. — 856 с.
- Баглай М.В. Конституционное право Российской Федерации: Учебник для юрид. вузов и фак-тов. — М.: НОРМА,— С. 346–348.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы: ЮРИСТ, — 40 б.
- Юсов С.В. Принципы избирательного права и их реализация в условиях формирования новой Российской государственности. — М., 2008. [Электрон. дан.] — Режим доступа һttp: // diss. rsl. ru/.
- Боброва Н.А. Конституционный строй и конституционализм в России // Закон и право. — М.: Юнити-Дана, 2003. — 214 c.
- Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы [Қазақстан Республикасының 28.09.1995 № 2464 Конституциялық заңы]// Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жаршысы. — 1995. — № 17, 18. — 114-қ.
- Бабай А.Н. Проблемы формирования правовой государственности в современной России // Сб.: Права человека и проблемы формирования правового государства в условиях реформирования российского общества. Материалы межрегион. науч.-практ. конф.). — Хабаровск: Дальневосточный ин-т законодательства и права, — С. 22–24.
- Тəуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттердегi демократиялық сайлаудың, сайлау құқықтары мен бостандықтарының стандарттары туралы [04. 07 Конвенция] // Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетенi. — 2007. — № 3, 4. — 23-қ.
- Мишин А.А. Конституционное (государственное) право зарубежных стран. — М.: Юстицинформ, — 346 с.
- Амандықова С.К. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы: Оқу құралы. — Астана: Фолиант, — 54-б.
- Руководство ОБСЕ / БДИПЧ по наблюдению за выборами. — Варшава: Второе издание, — 38 с.
- Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару жəне өзiн-өзi басқару туралы [Қазақстан Республикасының 01.2001 № 148 Заңы] // Қазақстан Республикасы Парламентiнiң жаршысы. — 2001. — № 3.