Ұрпақ тəрбиесі адамзат баласының ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан асыл мұраты болып табылады. Елбасымыз Н.Назарбаев халқымыздың алдында ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мəдениетті жеке тұлғаны тəрбиелеу міндеті тұрғандығын нақтылап көрсетіп берді. Президентіміз мемлекетіміздің болашақта дамуына арналған «Қазақстан–2050» Стратегиясында «Білім жəне кəсіби машық — заманауи білім беру жүйесінің кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары» атты төртінші бағытында оқыту əдістемелерін жаңғырту жəне өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің жаңа жүйелерін белсене дамыту керектігі жайлы, ал «Қазақстан–2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында
«біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың əлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз — белсенді, білімді жəне денсаулығы мықты азаматтар» деп, Қазақстанның əлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтарының бірін де атап көрсетті [1].
Осы міндеттердің орындалуы өмірге деген көзқарасы, білім-білік дағдысының алғашқы негізін беретін бастауыш мектептен басталатындығы белгілі. Бастауыш мектептің жас ұрпақты оқыту мен тəрбиелеуде атқаратын ролі орасан зор.
Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Мектепте оқытуды ұйымдастыратын бірден бір нұсқа сабақ болса, сабақтың нəтижелі болуына ықпал ететін нұсқа — сол сабақты өткізудің əр түрлі əдіс-тəсілдерін, яғни жаңашыл мазмұндағы сабақтар, өткізу болып табылады. Əсіресе бастауыш сыныптардағы оқыту-тəрбиелеу барысында оқу материалдарын пəнаралық интеграция негізінде игерудің тұлға қалыптастырудағы сұранысының ауқымы кеңейі түсуде.
Жас ұрпақ тəрбиесі мен білімі оған берілетін білімнің жан-жақты болуымен, əр түрлі ғылымдар негізінде интеграцияланған білім негіздерімен қаруландырумен анықталады. Сондықтан интеграциялық оқытуды жүзеге асыру, оның ғылыми деңгейін арттыру, тұтастай алғанда оқушылардың танымдық əрекетіне тəн дағдыларды қалыптастыру, тіл мəдениетін дамыту, солардың негізінде білім сапасын арттыру міндеті күн тəртібіне қойылған өзекті мəселелердің бірі екендігіне дау жоқ.
Білім беру сапасы — қоғамның тұтынуы дамуымен жəне сұранысына талап сай келіп жəне тұлғаның кəсібилігін, адамгершілігін, қоғамдық өмірге бейімдеу қабілетін қалыптастырып, қоғамдағы білім үрдісінің күйін жəне нəтижесін анықтайтын əлеуметтік категория.
Білім сапасы білім мекемелеріндегі оқыту іс-əрекеттерінің аспектілері: білімнің мазмұны, оқыту əдістемесі, əдісі, материалдық-техникалық базасы, мамандардың құрамы т.б. оқушыны дамытуға қатысы бар көрсеткіштердің жиынтығы арқылы анықталады.
Бастауыш мектепте берілетін білім мазмұнын жаңарту, оқытудың жаңа əдістемелік жүйесін жасау, ең алдымен, əрбір оқушының жан-жақты дамуына, ойлау қабілетінің үздіксіз жетіліп, жаңа деңгейлерге көтерілуіне қызмет етуі тиіс. Сондықтан да жаңа талаптарға сəйкес, оқу пəндерінің мазмұнын, оқу-танымдық мүмкіндіктерін толығырақ пайдаланудың дидактикалық амалы жақын пəндерді бір-біріне кіріктіре отырып, ізгілендіру болып табылады.
«Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық жəне жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға жəне кəсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», — деп Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында көрсетілуі осы мəселенің өзекті екендігін білдіреді [2].
Білім беру жүйесінің өзгеруі негізінде білім мазмұны жаңарады. Жеке тұлғаны дамытудың жəне оның жалпы адами құндылықтары жинақталған мəдениетін қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі білім мазмұны болып табылады жəне білім мазмұнының жаңаруы білім берудің нормативтік құжаттары — пəндер бойынша білім стандарттары, базистік, типтік жоспарлар, пəндер бойынша дайындалған оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу-əдістемелік кешендердің мазмұнында — көрініс табады.
Білім сапасын арттыру мақсатында еліміздің білім беру жүйесі мен мектептері қазіргі жағдайда жаңа адамды тұлға қылып қалыптастыру бағытында жұмыс істеуі тиіс.
Қазақстандағы білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі — шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін дара тұлғаға терең білім беру. Осыған орай білім сапасы жөнінде əр түрлі пікірлер айтылып, «сапа» ұғымы екі мағынада қарастырылуда. Біріншісі — стандартқа сəйкестігі, екіншісі — оқушының сұранысын қанағаттандыру [3].
Білім сапасы дегеніміз — мектепте білім алып отырған шəкірттің немесе мектеп бітірушінің білім алу арқылы əзірлігінің сапасы мен білім беру қызметінің сапасын қамтитын түсінік. Білім сапасы білім мекемелеріндегі оқыту іс-əрекеттерінің аспектілері: білімнің мазмұны, оқыту əдістемесі, əдісі, материалдық-техникалық базасы, мамандардың құрамы т.б. оқушыны дамытуға қатысы бар көрсеткіштердің жиынтығы арқылы анықталып, білім сапасы білім беретін мекемелерде олардың барлық іс-əрекетінің бағыттарында қарастырылады, олардың жиынтығының нəтижесінде жүзеге асады жəне білім беру мекемесінің оқудағы əрекетінің аспектісін бейнелейтін білім сапасы көрсеткіштерінің жиынтығы:
- білімнің мазмұнымен;
- оқытудың түрлері жəне əдістерімен;
- мектептің материалды-техникалық базасымен;
- мамандардың біліктілігімен, тəжірибесімен анықталады.
Оқушының сапалы білімі оның танымдық жəне шығармашылық қабілеттеріне, сол арқылы белсенділігі мен дербестігіне тікелей тəуелді. Бұл — оқытудың жоғары деңгейдегі əдістерін пайдаланылып, сабақты неғұрлым жоғары дəрежеде өткізген сайын, оқушылар білімінің де сапасы жоғары болады.
Білім сапасын құраушы қасиет белгілері төмендегіше:
- толықтық — зерттеліп отырған объекті жөніндегі білімдердің бағдарламалық санымен;
- жүйелілік — білім жиынтығының белгілі бір құрамын олардың ретіне жəне бірізділігіне қарай ұғынумен;
- жүйелену — оқушының ғылыми теориялардың құрамындағы орнын ұғынуымен;
- жеделдік — бірыңғай жағдайларда білімді пайдалану білігімен;
- икемділік — өзгертілген жағдайларда білімдерді пайдаланудың вариативтік тəсілдерін өз бетімен тану білігімен;
- талдап қорытушылық (жалпыланғандық) — жалпыланған түріндегі нақты білімді көрсете білу білігі ретінде жəне жинақтылығымен, ашықтығымен, саналы ұғынылуымен — білімдердің арасындағы байланысты жəне қатынасты түсінумен, оларды ашу жолдарын, сондай-ақ дəлелдеу білігімен;
- беріктілігі — білімдерді есте ұстау тұрақтылығы жəне оларды қолдану тəсілі басқа білімдер негізінде қажеттісін шығаруға дайындығымен сипатталады.
Білім беру сапасы — білім беру үдерісінің күйі мен нəтижелілігін, оның тұлғаның азаматтық, тұрмыстық жəне кəсіби концепцияларын дамытуда жəне қалыптастыруда қоғамның қажеттіліктеріне сай болуын анықтайтын əлеуметтік категория; білім беру сапасының көрсеткіштері мынадай:
- білім беру мазмұны;
- оқыту əдістері мен формалары;
- материалды-техникалық база;
- білім алушылардың құзыретінің дамуын қамтамасыз ететін кадрлық құрам.
Сапалы білім беру дегеніміз — ғылымға негізделген жүйелі бағдарлама бойынша теориялық, практикалық іске, еңбекке баулу дүниетанымын кеңейту. Баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіру болып табылады.
Оқушының білім сапасын арттыру өз пəнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық-гуманистік бағыттылығы жоғары, педагогикалық ақиқат пен ондағы өзінің іс-қимылын жүйелілікпен арттыруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын меңгерген жəне білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды таба, таңдай, сараптай алатын, отандық жəне шетелдік тəжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін мұғалімге байланысты.
Оқушылардың білім сапасын нақты көрсететін жекелеген пəндердің сапа көрсеткіші мен үлгерімі екендігі бəрімізге аян. Ал, оқыту сапасы — оқыту мақсаты мен міндеттері негізінде қойылған белгілі бір талаптарды оқушылардың орындау қабілеттілігі.
Пəндерді интеграциялау негізінде бастауыш сынып оқушыларының білім сапасын арттырудың төмендегідей жолдарын атап өтуге болады:
- оқушылардың жеке ерекшелік деңгейлері (қызығушылықтары, мотивтері, қабілеттері, бейімділіктері, психологиялық ерекшеліктері т.б.);
- оқу үдерісіндегі оқу-əдістемелік құралдардың қамтамасыз етілу жағдайы (мұғалімдерге жəне оқушыларға арналған оқу-əдістемелік құралдардың жəне оқу құралдарының сапасы);
- оқытудағы дəстүрлер мен жаңалықтар (мазмұн, көлем, технологиялар мен оқыту əдістері). Оқып үйренуге дайындық деңгейі:
- оқушылардың білімін бағалау жүйесі;
- коммуникациялық қарым-қатынас деңгейі;
- мұғалімнің кəсіби шеберлік деңгейі;
- сыртқы ықпалдар (отбасы, үлкендер, достар, сыныптастар т.б.);
- физиологиялық жəне санитарлы-гигиеналық факторлармен анықталады. Бастауыш сынып пəндерін интеграциялау негізінде білім сапасын арттыруда:
- бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-əрекетіне барынша жағдай жасалады;
- оқушыларды дүние, табиғат, қоршаған орта жəне адам, олардың өзара байланысы жөнінде алғашқы біртұтас көзқарастар қалыптастыру жүзеге асырылады;
- бастауыш сынып оқушыларының санасында оқу-танымдық белсенділік орнап, ой-өрісі байытылады;
- білімнің мазмұнын оқу-танымдық, мотивтік компоненттер арқылы жетілдіруге көмектеседі 4].
Бастауыш мектепте жаңа бағдарламаға интеграцияланған курстары енгізіліп, мектеп тəжірибесінде жүзеге асырылуда. Сонымен, мектеп тəжірибесі, бастауыш мектепте сабақтарды интеграциялауды мұғалімдердің жиі қолдануы əр түрлі ғылыми білімдерді жинақтау есебінен оқу- тəрбие үдерісінің тиімділігін арттыратындығын көрсетіп отыр.
Пəндерді интеграциясы негізінде білім сапасын арттыру деп оқу пəндері бойынша оқыту/оқу үдерісінде оқушының өз құзыретін құраушы білімдік саланың төмен деңгейінен жоғары деңгейіне дайындығын (үдеріс жəне нəтиже ретінде қарастырылатын) жетілдірудегі белсенділігін түсінеміз. Ұйымдастырылған оқыту үдерісі бойынша оқу пəндерін интеграциялау негізінде оқушылардың білім сапасының артқандығын анықтау оқу нəтижелері арқылы көрсетілуі керек. Ал өз кезегінде оқу нəтижелері оқушылардың іс-əрекеттерімен орындалады.
Қорыта келгенде, интеграциялық оқытуды жүзеге асыру оқушылардың танымдық қызығуы мен білім сапасын арттыру бір сабаққа бірнеше оқу пəндері мақсатының бірігуіне мүмкіндік береді. Интеграциялық оқытуды жүзеге асыру əр пəндік мазмұнды қосып біріктіріп жіберу немесе бірнеше пəнді бір пəнмен алмастыру емес, керісінше, пəндік құрылымды жоққа шығармай, оған қондырғы ретінде қызмет ету болып табылады. Бастауыш білім кеңістігінде барлық пəндер өзінің негізгі мазмұнын жəне қалыптасқан оқу үдерісінің ұйымдастыру формасын сақтайды, сөйтіп, интеграциялық оқыту пəн мазмұнының айқын анықталуына мүмкіндік бере отырып, бастауыш сыныптардағы білім сапасын арттыруға көмектеседі.
Əдебиеттер тізімі
- Назарбаев Н.Ə. ҚР Президентінің «Қазақстан–2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. — — [ЭР]. Қол жетімділік тəртібі: www.astana.gov.kz/kk/modules/material/2132
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. — 2007. — 27 шілде. — 5,6-б.
- Халимова Н.М. Проблемы управления качеством профессионального образования: моногр. — Абакан: Хакасия, 2006. — 130 с.
- Пірəлиев С.Ж., Куралбаева А.А. Бастауыш сынып пəндерін интеграциялау негізінде білім сапасын арттыру // ҚазҰУ хабаршысы. Педагогика ғыл. сер. — 2013. — № 2(38).