Елімізде боп жатқан өзгерістер мен экономикалық жаңғырулар балалар мен жасөспірімдердің əлеуметтік тұрғыдан қалыптасуларына əсер етеді. Ол уақытта қоғамдық институттардың ықпал ету тиімділігі төмендеп, əлеуметтік ортаның теріс ықпалы арта түсетіні белгілі. Соның салдарынан жастардың арасында патриоттық рухтың, ұлттық сана-сезімнің төмендеуі, өз бойындағы рухани құндылықтарды дамытуға деген салғырттық белең алуда. Əрине, қазіргідей өтпелі кезеңде жастарды патриотизмге тəрбиелеу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар орасан зор. Алайда өскелең ұрпақты патриотизмге тəрбиелеу жұмыстарының рухани-адамгершілік негізі дұрыс құрылмаған болса, жүргізіліп жатқан реформалық өзгерістер өз жемісін бермейді.
Əлемде болып жатқан экономикалық дағдарыс жəне адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеп кетуі балалар мен жасөспірімдерді тəрбиелеу процесіне теріс əсерін тигізеді жəне сондай қысылтаяң уақытта патриотизмнің рөлі арта түспек. Себебі өз елінің, ұлтының тарихын, мəдениетін жəне саяси ұстанымын білмеген ұрпақ мемлекеттік деңгейдегі мəселелерді шешуге атсалысуы неғайбыл. Тағы айта кететін бір жайт, оған тек экономикалық жəне экологиялық ахуал, өмір сүру деңгейінің төмен болуы ғана емес, сонымен қатар аурудың алдын алуға, денсаулықты нығайтуга бағытталған емдік- профилактикалық, спорттық-сауықтыру жұмыстарының нашар ұйымдастырылуы да əсер етеді [1].
Сондықтан білім беру мекемелері мен спорттық бірлестіктер өз қызметтерін мақсатты əрі мазмұнды құрып, жастардың өмірге деген көзқарастарын, наным-сенімдерін қалыптастыруға ықпал етуі керек. Ол мекемелер өз қызметтерін дұрыс ұйымдастырса, бір жүйеге келтірсе, жастар қоғам өміріне белсене араласар еді, өз Отанының қорғаушы бола алар еді.
Əскери-патриоттық тəрбиенің негіздерін зерттеген еңбектер көптеп табылады. Олар өз еңбектерінде пəн арқылы отансүйгіштікті дамыту, оны қалыптастыратын құндылықтарды анықтау жəне ұлы тұлғалардың жасаған ерлік пен қажырлы қайраты арқылы оқушылардың бойында патриотизмді тəрбиелеу жолдарын қарастырды [2–4].
Аталған еңбектерде оқушыларды патриотизмге тəрбиелеудің түрлі формалары, жолдары жан- жақты зерттелген, дегенмен сол еңбектердің ішінде жоғары сынып оқушыларын əскери патриотизмге тəрбиелеуде спорт үйірмелерін қолданудың педагогикалық шарттарын қарастырған, оның үлгісін құрған еңбектерді кездестірмедік. Сондықтан мақаламызда спорт үйірмелері арқылы оқушы жастардың əскери патриоттық тəрбиелерінің деңгейін жоғарылатудың жолдарын іздестіру мəселелерін қарастырамыз. Аталған проблеманы шешу арқылы патриоттық тəрбиенің теориясы мен практикасын ғылыми тұрғыдан саралап, олардың өзара тиімді қызмет етуін қалыптастыруға болады деген пікірдеміз.
Зерттеу жұмысымыздың нəтижесіне қол жеткізу үшін, алдымызға мынадай мақсат қойдық — жоғары сынып оқушыларын спорт үйірмелері арқылы əскери-патриоттық тəрбиелеудің тиімді педагогикалық шарттарын анықтау.
Алға қойылған мақсатқа сəйкес, келесі міндеттер құрылды:
- Жоғары сынып оқушыларының патриоттық деңгейлерін анықтау жəне спорт үйірмелері арқылы əскери патриотизмге тəрбиелеудің үлгісін құру.
- Жоғары сынып оқушыларын спорт үйірмелері арқылы əскери патриотизмге тəрбиелеудің тиімділігін анықтау жəне оқу-тəрбие үдерісіне енгізу.
Аталған мақсат-міндеттерді шешу үшін Қарағанды қаласындағы № 54 жəне 76 орта мектептерінде 2014–2015 оқу жылы педагогикалық эксперимент жүргізілді. Педагогикалық эксперимент кезінде № 54 жəне 76 орта мектептерінде ұйымдастырылған спорт үйірмелеріне қатысатын оқушылар президенттік сынақ бойынша қорытынды нормативтер тапсырды, сонымен қатар олармен тəрбиелік мəні бар, патриоттық тəрбие беретін мазмұндағы кештер, түрлі кездесулер ұйымдастырылды, сауалнамалар жүргізілді. Сынақ тапсырған оқушылар саны 44. Оның 21 эксперимент тобына, 23 бақылау тобына жатқызылды.
Жастармен əскери-патриотық тəрбие жұмыстарын жүргізу əлеуметтік тұрғыдан алғанда маңызды да, өзекті мəселелердің бірі болып қала бермек. Қазіргі уақытта жастардың арасында өз əскери борышын өтеуге деген жауапкершілік жəне əскери өмірде кезігетін қиындықтарды жеңу қабілеттерін қалыптастыруға қажет əскери патриотизмнің өзектілігі арта түсуде. Əрине, баспасөз құралдары, теледидар мен радиодан түрлі бағдарламалар арқылы əскери қызметтің тиімділігі, сарбаздың өз Отаны алдындағы борышын насихаттайтын бағдарламалар баршылық.
Дене тəрбиесі жəне спорт денсаулық сақтаудың кепілі, бос уақытты өткізудің тиімді жолы, салауатты өмір салтын насихаттаудың құралы, адамның физиологиялық жетілуінің басты шарты болумен қатар, Қазақстан Республикасының болашақ қорғаушысын қалыптастыру секілді міндеттерді де шешеді. Сол арқылы болашақ Отан қорғаушысының тұлғасы қалыптасады, спорттық жетістіктерге жетеді, жігері шыңдалады, өз елінің туын биікке көтереді.
Үйретудің факультативтік түрі (спорт үйірмелері) міндетті болып табылмайды. Алайда оқушылар үшін білім беру мекемелерінде спортпен шұғылданудың маңызды екендігі белгілі. Бұл салаға балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері (БЖСМ), спорттық бағытта білім беретін мектеп-интернаттардың бағдарламалары бойынша жаттығу, сондай-ақ түрлі спорт үйірмелері жəне емдік дене шынықтыру топтарындағы шұғылдану үдерістері жатады.
Жоғарыда айтылған пікірді ескере отырып, спорт үйірмелері арқылы жоғары сынып оқушыларын патриотизмге тəрбиелеу үдерісін оңтайландыру мақсатында оны қалыптастыруға ықпал ететін жолдардың үлгісін құрдық. Спорт үйірмелерін осындай үлгімен құру арқылы оқушылардың патриоттық сезімдерін жоғарылатуға, жалпы əскери қызметке деген қызығушылығы арттыруға болады деп болжаймыз (сур. қара).
Біздің көзқарасымыз бойынша, жалпы білім беру мекемелерінде ұйымдастырылатын спорт үйірмелерін тиімділеу арқылы дені мен жаны сау, жан-жақты дамыған болашақ Отан қорғаушының негізін қалыптастыруға болады.
Спорт үйірмелері арқылы оқушыларды əскери патриотизмге тəрбиелеу үшін оқу-тəрбие үдерісін дұрыс жоспарлап жəне ұйымдастыру мақсатында Қарағанды қаласының № 54 жəне 76 орта мектептерінде жоғары сынып оқушыларымен сауалнама жүргізілді. Сауалнама олардың отансүйгіштікке тəрбиелеудің құралдары мен əдістеріне деген көзқарастарын айқындау үшін, сонымен қатар мектептегі оқу-тəрбие процесінде қолданылатын əдіс-тəсілдер мен құралдардың мазмұны, тəрбие жұмыстарын жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды анықтау үшін жүргізілді.
Сұхбат түріндегі сұраққа оқушылар еркін түрде жауап қайтарды жəне сұрақ мəтіні мынадай: отансүйгіштікке тəрбиелеу дегеніміз не жəне ол ұғымды қалай түсінесіз? Оқушылардың 17 %-ы патриоттық тəрбие арқылы оқушыларды тəрбиелеу деп есептейді. Олардың ондай ұстаным-пікірлері оқу-тəрбие процесі барлық уақытта отансүйгіштікті тəрбиелеуді, яғни адамның өзі өмір сүріп жатқан еліне деген сүйіспеншілікті тəрбиелеуді, қарастыру керек деген пікірлерінен туындауы мүмкін. Оқушылардың 16%-ы отансүйгіштікті əскерде қызмет етумен жəне Отанды қорғаумен байланыстырады. Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 7%-ы отансүйгіштік еңбек ету мен Отанның игілігіне қызмет етуін, өз елінің адамдарына қамқорлық жасаудан тұрады деген пікірді ұстанады. Оқушылардың 14%-ы берілген ашық сұраққа жауап бере алмады. Бұл жағдай ол оқушылардың отансүйгіштік ұғымының мəнін жете түсінбегендігін дəлелдейді, сонымен қатар əскери-патриотизмге тəрбиелеу жұмыстарын жалпы білім беретін мектептердің оқу-тəрбие процесінде дұрыстап қолға алу керек деген көзқарастың дəлелі бола алады.
Жоғарыда аталған сауалнама нəтижелері сарапталған соң, эксперимент тобының оқушыларымен өзіміздің құрған жоспарымыз бойынша əскери патриотизмге тəрбилеу іс-шараларын жүргіздік. Осы мақсатта № 54 орта мектебінің 10 жəне 11 сынып оқушылары арасында түрлі спорттық іс-шаралар өткізілді, Ұлы Отан жəне Ауған соғысының ардагерлерімен жəне тылда еңбек еткен жұмыскерлермен, əскери комиссариат өкілдерімен, атақты спортшылармен кездесулер, семинарлар ұйымдастырылды. Нəтижесінде патриоттық тəрбие бойынша іс-шаралар ұйымдастыратын мемлекеттік органдар жəне қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Аталған іс- шараларға өнер мектебі, балалар шығармашылығының орталығы жəне спорт мектептері қатыстырылды. Аталған мекемелер жастардың əскери-патриоттық сезімдерін тəрбиелеуге жəне патриоттық сана-сезімдерін қалыптастыруға қажет барлық жағдайды жасады жəне олардың əскери патриотизмді қалыптастыруда атқаратын рөлі ерекше.
Сабақтан тыс уақытта өткізілген экскурсия-жорықтар балалардың іздемпаздығын дамытып, туған жерінің сұлулығымен жəне байлығымен танысуға мүмкіндік берді [5].
Жастарды спорт арқылы əскери патриотизмге тəрбиелеудің барлық мүмкіндіктері бар. Дұрыс жəне ұтымды ұйымдастырылған дене дайындығы арқылы жастарды болашақта таңдайтын мамандығына жəне əскери қызметке жылдам бейімдеуге болады. Қазіргі таңда қандай мамандық болмасын, дене тəрбиесі жəне спортпен тығыз байланысқан. Жүру, жүгіру, шаңғы тебу, граната лақтыру, жүзу, ату жəне өрмелеу, көлік жүргізе білу мен атқа міне білудің қолданбалы маңызы бар екені сөзсіз. Алайда мектеп бағдарламасында аталған спорт түрлеріне аз көңіл бөлінген.
Зерттеу жұмысымыз əскери-қолданбалы бағыттағы дене тəрбиесі жəне спортпен жүйелі түрде шұғылдану жоғары сынып оқушыларының дене дайындығын жоғарылатуға, дене қасиеттерін дамытуға, əскер қатарында қызмет етуге ықпал ететіндігін көрсетті. Жүргізген кешенді жұмысымыздың нəтижелерін математикалық өңдеу барысында эксперимент жəне бақылау топтарының оқушыларының дене дайындық көрсеткіштерінде біршама айырмашылықтар бар екендігі анықталды. Оқу жылының басында жəне оқу жылының соңына қарай алынған қорытынды нормативтер екі топта түрлі болып шықты.
Эксперимент тобында дене дайындығын анықтау бойынша жүргізілген қорытынды сынақ нəтижелері мынадай: 100 м жүгіруде 0,7 с, бір орыннан ұзындыққа секіруде 22,4 см, жүгіріп келіп ұзындыққа секіруде 43,1 см, кермеде тартылу 2,1 есеге, граната лақтыруда 5,2 м, 3000 м жүгіруде 1 мин 20 с, 3×10 м алға-артқа жүгіруде 0,8 с жақсарды (1-кесте).
Ал бақылау тобында аталған көрсеткіштер көп өзгере қойған жоқ. Мысалы, 100 м жүгіру 0,3 с, бір орыннан ұзындыққа секіру 8,2 см, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру 26 см, белтемірде тартылу 1,1 ретке, граната лақтыру 5,2 м, 3000 м қашықтыққа жүгіру 1 мин 36 с жəне 30×10 алға-артқа жүгіру 0,3 с ғана өзгерді. Аталған өзгерістерді оқушылардың ағзаларында болатын физиологиялық даму ерекшеліктерімен де байланыстыруға болады. Əрине, оған дəстүрлі дене шынықтыру сабағының көлемі де ықпал еткендігін теріске шығара алмаймыз, дегенмен қорытынды нормативтер тапсыру арқылы алған көрсеткіштер эксперимент тобымен салыстырғанда біршама төмен болып шықты. Эксперимент жəне бақылау топтарындағы оқушыларының дене дайындықтарының барлық көрсеткіштері статистикалық тұрғыдан (Р < 0,05-тен 0,001-ге дейін) дəлелді болып шықты.
Эксперимент кезінде дене дайындықтары орташа, орташадан жоғары жəне жоғары деңгейлі оқушылар саны əлдеқайда артты. Эксперимент басталған кезде 16 оқушының дайындық деңгейлері орташадан төмен деңгейде болса, эксперимент соңына қарай ондай оқушылар мүлдем болған жоқ. Эксперимент соңына қарай 9 сынып оқушылары арасында дайындық деңгейі жоғары жəне орташадан жоғары деңгей 16 оқушыда, орташа деңгей 24 оқушыда анықталды (2-кесте).
Əскерде қызмет етуге қажет дене қасиеттері мен адамгершілік-жігер сапаларын қалыптастыру мен жоғарылатуға сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылған спорт үйірмелері ықпал етті. Спорт үйірмелері əскерге шақыруға дейінгі жас аралығындағы оқушылардың əскери-қолданбалы дене дайындықтары мен денелік, адамгершілік-жігер сапаларын жоғарылату мақсатында мынадай қимыл- қозғалыс түрлері қолданылды: өрмелеу, асып түсу түрлері; түрлі кедергілерден жүріп жəне жүгіріп өту; асылу, таяну, көтерілу, айналу, түрлі эстафеталар, əскери-патриоттық ойын түрлері жəне өзге де бұқара спорттық іс-шаралар.
Жоғарыда аталып өткен дене шынықтыру сабақтары мен сабақтан тыс уақытта қолданылатын дене тəрбиесінің əдіс-құралдары денелік, адамгершілік-жігер сапаларын тəрбиелеуге жəне жылдам жүгіру, секіру, жүзу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті. Аталған əскери-қолданбалы дағдылардың оқушыларды əскер қатарында қызмет етуге даярлайтындығы сөзсіз.
Дене тəрбиесі жəне спорт құралдарын белсенді түрде қолдана отырып, орта сынып жасындағы оқушыларды патриотизмге тəрбиелеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің нəтижесінде əскерге шақыруға дейінгі жас аралығындағы оқушыларда əскерде қызмет етуге деген оң көзқарас қалыптасты. Эксперимент басталған кезде жалпы білім беретін мектептің оқушыларының 80 % əскер қатарында қызмет еткілері келмесе, 70 % əскерде қызмет етудің керегі жоқтығы туралы пікір білдірген болса, эксперимент соңына қарай олардың əскер қатарында қызмет етуге деген көзқарастары оң бағытта өзгерді.
Сонымен, жалпы білім беру мекемелері түлектерінің ішінде жоғары оқу орындарына түсіп, дене тəрбиесі жəне спортпен белсенді шұғылданатындар көптеп табылады. Ол мектеп түлектерінің бойында патриоттық тəрбие негіздерін қалыптастыруға спорт үйірмелерінің тек оң бағытта əсер ететіндігін дəлелдейді.
Əдебиеттер тізімі
- Саламатты Қазақстан 2011–2015: Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. —[ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: zan.kz/kaz/docs/U1000001113
- Утегенов Е. Педагогические условия воспитания будущего защитника Отечества в учебно-воспитательном процессе общеобразовательной школы: дис. ... канд. пед. наук: 13.00.01. — Туркестан: МКТУ, 2006. — 130 с.
- Дүйсенбаев А.Қ. Қазақ батырларының қаһармандық бейнесі арқылы оқушыларды отансүйгіштікке тəрбиелеудің педагогикалық шарттары: пед. ғыл. канд. … дис. … автореф. — Атырау, 2006. — 25 б.
- Нурмукашева С. Развитие военно-патриотической воспитания старшеклассников в школах Казахстана (1960–1985):дис. … канд. пед. наук. — Алматы, 1992. — 144 с.
- Байманов К.Г. Музейно-следопытская работа как средство военно-патриотического воспитания учащихся и подро- стков (на материале общеобразовательных школ Таджикской ССР): автореф. ... канд. пед. наук: 13.00.01. — Душанбе: ДПИ, 1985. — 21 с.