Этносаралық қатынастарды нығайту мəселелеріне тоқталып, Елбасы Н.Ə.Назарбаев: «...Ұлт мəселесін шешуде əмбебап тəсілдердің жоқ екенін көрсетті», — деп атап өтеді [1; 112]. Этносаралық қатынастарды нығайту үнемі ізденуді, оны шешудің жаңа, тиімді амалдары мен тəсілдерін анықтауды қажет етеді.
Қазіргі кезеңдегі этносаралық қатынастарды нығайту мəселесінің өзектілігі мына факторлармен анықталады:
- қоғамның қарқынды дамуы, ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатері;
- этноаймақтық жағдайлар, этносаяси ахуал;
- этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің ұдайы жетілдірудің қажеттілігі;
- этносаралық қатынастарды тиімді қалыптастыруға ықпал ететін институттардағы өзгерістері.
Этносаралық қатынастарды нығайтудың тетіктерін зерделеу, оларды тиімді пайдаланудың тəсілдерін анықтау өскелең ұрпақты ел бірлігі мақсаттарында тəрбиелеудің өте өзекті бағыты деу мүмкін. Осы тұрғыдан этносаралық қатынастарды нығайтудың білімдік тетіктерінің рөлі ерекше.
Бүгінгі таңда отандық тəжірибеде этносаралық қатынастарды нығайтудың мынадай тетіктері қалыптасқан:
- заңнамалық, құқықтық-нормативтік;
- қоғамдық-саяси;
- мəдениеттанымдық;
- экономикалық-қаржылық;
- əлеуметтік-психологиялық;
- білімдік /тəрбиелік.
Этносаралық қатынастарды нығайтудың əлеуметтік-психологиялық тетіктеріне:
- этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық пікір, көңіл-күй;
- еңбек ұжымдары (көпэтносты құрамды);
- этникалық қауымдастықтардың прогрессивті өкілдері, бірлестіктері;
- интернационал отбасылар жатады.
Отандық білім беру жүйесіндегі оқушы-жастардың этносаралық қатынастардың мəдениетін нығайту тəжірибесін талдау негізінде келесі білімдік тетіктер анықталды:
- білім беру мазмұны жəне үрдісі;
- педагогтардың ұлтаралық қатынастар саласындағы құзыреттіліктері;
- педагогикалық қауымдастықтың ұлтаралық қатынастарды нығайтудағы белсенділігі;
- педагогикалық менеджмент;
- оқушы-жастардың əлеуметтік тəжірибесі;
- ата-аналардың, ересектердің үлгілі мінезі мен тəрбиелік ықпалы.
Жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде жəне жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларында этносаралық қатынастарды нығайту мəселелері қаншама көрініс тапқандығын зерттеу педагогикалық теория мен білім беру тəжірибесінің өзекті мəселелерінің бірі болып қалуда. Мысалы, мектеп оқулықтарын даярлауда олардың ұлтаралық қатынастар мəселелеріне кері əсер етпеу талабы қойылады. Біздің пайымдауымызша, оқулықтарда, əсіресе гуманитарлық пəндердің бағдарламалары мен оқулықтары мазмұнында этносаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыру міндеттерін арнайы көздейтін тақырыптар болуы өте маңызды. Мектеп оқушылары Қазақстан тарихын Қазақстан халықтары бірлігі мен ынтымақтастығы тарихи ретінде оқып үйренсе, аса пайдалы болар еді.
Білім беру үрдісінде этносаралық қатынастардың мəдениетті тəрбиелеудің тəсілдеріне:
- мемлекеттік тілді оқыту құралы ретінде пайдалану аумағын кеңейту;
- тілдерді меңгертудің тиімді тəсілдері;
- мəдениеттерді меңгертуде білім алушының белсенділігін арттыратын əдістер;
- білім алушыларды мəдениетаралық үнқатысуға кірістірудің педагогикалық технологияларын кірістіру мүмкін.
Атап айтқанда, оқушылардың этносаралық қатынастар мəдениетін нығайтуда педагогтардың ұлтаралық қатынастар саласындағы құзыреттіліктері деңгейі ерекше орын алады. Педагог мамандардың этносаралық қатынастар саласындағы кəсіби-тұлғалық құзыреттіліктері құрамына кіретіндер:
- ұлтаралық қатынастар саласындағы біліктілік;
- оқушыларды мемлекеттік тілді, Қазақстан этностары мəдениетін меңгеруге қызығушылықтары мен ұмтылыстарын күшейтуге қабілеттілік;
- ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудың тиімді əдістерін пайдалану икемділігі.
Педагогикалық қауымдастықтың ұлтаралық қатынастарды нығайтудағы белсенділігі этносаралық қатынастарды нығайтудың тиімді əлемуметтік-психологиялық жəне білімдік тетіктерінің қатарына кіреді. Бұл механизмді этносаралық қатынастарды нығайту мақсаттарында пайдалану үшін:
- Қоғамдық педагогтарды (ағартушыларды) ұлтаралық қатынастарды нығайту саласына кеңінен тарту;
- педагогикалық баспасөздің ұлтаралық қатынастарды нығайтудағы рөлін күшейту керек, деп ойлаймыз.
Педагогикалық менеджмент — этносаралық қатынастарды нығайтудың, оқушы жастардың ұлтаралық қатынастар мəдениеті мен толеранттілік сапаларын тəрбиелеудің, мұғалімдердің осы бағыттағы педагогикалық іс-əрекеттегі шеберлігін дамытудың маңызды тетігі болып табылады.
Этносаралық қатынастарды нығайту бағытындағы педагогикалық менеджмент мектеп əкімшілігінің ұлтаралық қатынастардың мəдениетін тəрбиелеудегі жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыстарын, мектепішілік іс-шаралар, əр түрлі тілдерде оқытатын мектептер аралық байланыстарды жоспарлау жəне ұйымдастыруды болжайды.
Оқушы-жастардың əлеуметтік тəжірибесі – этносаралық қатынастарды нығайтудың тиімді əлеуметтік психологиялық жəне білімдік тетігі. Аталмыш тетік: дүниетанымды қалыптастыруды; адамгершілікке тəрбиелеуді күшейтуді; өзге этностар өкілдерімен шынайы қарым-қатынас тəжірибесін қалыптастыруды; интернет желісінің кері əсерлеріне «иммунитетті» қалыптастыруды; ұлттық мəдениеттерді меңгеру бойынша қызықты, əсерлі іс-əрекет түрлеріне кірістіруді (ойындар, ұжымдық шығармашылық жұмыстарды) болжайды.
Сондай-ақ ата-аналар, ересектердің үлгілі мінезі мен тəрбиелік ықпалында біз этносаралық қатынастар мəдениетін нығайтудың мəнді əлеуметтік-психологиялық тетігі ретінде ажыратып көрсетеміз. Бұл тетік ата-аналардың ұлтаралық қатынастарды нығайту саласындағы көзқарасын, жауапкершілігін, тəрбиелеуші икемділіктерін дамытуды, түрлі этностар өкілдерінің отбасылық достасуын көздейді.
Этносаралық қатынастарды нығайтудың білімдік тетіктерін пайдалануда:
- тар мектепішілік тəсілдермен шектелмеу;
- этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық көңіл-күйлерді сергек сезіну;
- жас ұрпақтың көпэтносты қоғамға бейімделуі мəселелеріне көбірек зейін бөлуі, ондағы қиындықтарды жеңуде қамқорлықпен қолдау көрсету;
- ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудың функционалдық бағытталғандығына қол жеткізу талап етіледі.
Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептер мен басқа да оқу орындарында оқушылардың этносаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыру бағытында іс-шаралар жиі өткізілгенімен, олардың қоғамдық ұйымдар, мысалы, аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдарымен өзара əрекеттестігі эпизодтық сипатта екендігі айқын байқалады. Тек тар педагогикалық тəсілдермен оқушылардың көпэтносты жəне көпконфессиялы қоғамға əлеуметтік бейімделуі мүмкін еместігін тəжірибе дəлелдейді. Əсіресе моноэтностық ортада қалыптасатын оқушылар тұлғасының көпэтносты ортаға əлеуметтік бейімделуіндегі қиындықтар айқын көзге көрінеді. Мемлекеттік тілді, ұлтаралық қатынастар тілін жете білмеу, өзге этностар өкілдерімен тиімді мəдениетаралық диалог құру дағдыларының жетіспеуі моноэтностық ортада өскен аз санды ұлт өкілдерінде жиі байқалады.
Этносаралық қатынастар саласындағы қоғамдық көңіл-күйлерді зерттеу Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық бөлімшелері ғылыми-сараптамалық топтары, əлеуметтік зерттеулер орталықтары, жоғары оқу орындарының қоғамдық пəндер саласындағы өкілдері, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедралары профессор-оқытушылары тарапынан жүргізіледі. Мұнда этносаралық қатынастарды зерттеудің заманауи əдіснамалары мен əдістемелерін пайдалану ерекше маңызға ие. Əрбір зерттеу нəтижелерінен тəжірибелік маңызды қорытындылар шығару, уəкілетті органдарға арналған ұсыныстар жасау талап етіледі.
Əйгілі педагог-ғалым, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академігі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Ахметқызы Қалыбекованың жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми- сараптамалық тобы этносаралық қатынастарды нығайту саласындағы жаңа ғылыми білімдерді өңдеу, сонымен қатар оны кең жұртшылыққа насихаттау, оқушы-жастардың бойына сіңіру бабында елеуілі жұмыстар жүргізуде. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы Оңтүстік Қазақстан облысы Тіл басқармасы мен бірлестікте тіл қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың факторы бағытында аналитикалық материалдар даярлады.
Ғылыми-сараптамалық топ Оңтүстік Қазақстан облысындағы этносаралық қатынастар мəселелері бойынша социологиялық зерттеулер жүргізеді, оның нəтижелері бойынша облыстың мемлекеттік жəне мемлекеттік емес құрылымдарына қажетті ұсыныстар береді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұқаралық ақпарат құралдары бейнелеген этносаралық қатынастар мəселелері материалдарына жүйелі мониторинг (контент талдау) жүргізеді.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан аймағының этноконфессионалдық картасы жасалынуда. Ғылыми-сараптамалық топ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кітапхана үшін мəліметтердің ақпараттық-аналитикалық базасын жасауға атсалысуда (ғылыми-сараптамалық топ мүшелері өздерінің кітаптарымен кітапханаға алғашқы үлесін қосты).
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы жəне М.О.Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жалпы педагогика жəне этнопедагогикасы» кафедрасы ұжымы, жалпы білім беретін мектептер, Оңтүстік Қазақстан облысының этномəдени орталықтары қатысуымен республикалық «Ұлтаралық қарым-қатынастар мəдениетін қалыптастырудың тəжірибесі, мəселелері жəне болашағы» атты республикалық ғылыми-тəжірибелік конференцияны ұйымдастырды. Конференцияда қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал ететін, оқушы-жастар тəрбиесімен байланысты бірқатар мəселелер талқыланып, солардың ішінде:
- мемлекеттік тілді дамыту мəселелері;
- ұлттық мектепте үштілді оқыту жүйесі;
- ұлтаралық қарым-қатынастар мəдениетін қалыптастырудағы этномəдени орталықтар, оқу орындары жəне басқа да əлеуметтік институттардың тəжірибелері мəселелері бойынша 80-нен астам баяндамалар талқыланды.
Аталмыш конференция аясында қарастырылған негізгі мəселелердің бірі — қазіргі қоғамда этносаралық қатынастарды нығайтуда білім беру ұйымдары мен қоғамдық ұйымдардың өзара əрекеттесуі мəселесі. Осы тұрғыда оқушы-жастарда «Мəңгілік Ел» құндылықтарын, əсіресе толеранттылықты қалыптастыруда жалпы білім беретін мектептерге қоғамдық ұйымдардың берері мол екендігіне назар аударылды. Мысалы, этномəдени орталықтардың аймақтағы этносаяси, этноəлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, этникалық топтардың өзара қатынастарын, мəдениетаралық ұнқауды нығайту, Қазақстан этностарының тілі, мəдениеті, салт-дəстүрлерін сақтау жəне дамытудағы тəжірибелері мол. Сондықтан жалпы білім беретін мектептің барлық буындары оқушыларымен ұлтаралық қарым-қатынас мəдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың функционалдық бағыттылығын, шынайы тиімділігін қамтамасыз етудегі этномəдени бірлестіктер мен мектептің ынтымақтастығы маңызды роль атқарады. Мектептердегі тəрбие жұмыстарын жоспарлауда этномəдени бірлестіктер, аймақтық қоғамдық келісім қорымен бірге кейбір жұмыстардың жоспарлануы да жақсы нəтижелер береді.
Оңтүстік өңірде мемлекеттік тілде оқытатын мектептермен қатар, өзбек тілінде жəне тəжік тілінде білім беретін жалпы орта білім беру ұйымдары қызмет жасайды. Тек өзбек тілінде 80 мыңдан астам оқушылар 140-тан астам бір тілді, аралас мектептерде білім алады. Бұл мектептер оқушыларының қазақ тілін меңгеру деңгейі, мемлекеттік тілі, қазақтың салт-дəстүрлерін игеруге деген ұмтылыстары жоғары екендігін ерекше атап өту керек. Тіпті, ҰБТ нəтижелері бойынша, өзбек тілінде оқытатын мектептер бітірушілерінің қазақ тілінен білімдері көрсеткіштері қазақ тілінде оқытатын мектептердегі құрдастарынан аз еместігін атап өту керек. Дер кезінде, тіл меңгерумен қатар, əр түрлі ұлт өкілдерінің мəдениетаралық ұнқатысуларын ұйымдастырудың да маңызы жоғары екенін айту қажет. Біздің көпэтносты елде ешбір этнос балалары басқа этностар, бірінші кезекте қазақ ұлттық мəдениетіне кірігуінсіз дамуы мүмкін емес. Мəдени бөлектеніп (оқшауланып) қалу көпэтносты елде еш бір этносты дамытпайды.
Кеңес дəуіріндегі аға ұрпақ қазақ жерінде қазақ тілін меңгермей мектепті оқыды, бітірді. Бұл қателікті этностардың қазіргі ұрпағы қайталамайды. Қазақстанның болашағы, Елбасы айтқандай, қазақ тілінде екендігін, біздің қазақи болмысымыз, болашағымызды ескеретін болсақ, онда бір ғана тіл меңгерту емес, балаларымыздың түрлі этнос өкілдерімен тиімді мəдениетаралық диалогта болуына мүмкіндік жасауымыз керек.
Этносаралық қатынастарды нығайтудағы əлеуметтік-психологиялық жəне білімдік тетіктер қатарына ауыл жерлердегі ақсақалдар кеңестері, ата-аналар қауымдастығы рөлін ерекше атап өту керек. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысының көптеген ауыл аймақтарында ақсақалдар кеңестері, сондай-ақ ата-аналар кеңестері жұмыс істеп отыр. Аталар сөзі, бабалар өсиеті оқушы- жастар үшін əрқашанда өте эмоционалды əсерлі тəрбие құралы болып келген. Соғыс, соғыстан кейін қиындықтарды көрген, егемен ел болуды армандаған, тың игерген, зауыттар құрған, ұрпақ тəрбиелеген, біздің Тəуелсіз Еліміз қалыптасқан заманда өмір сүру бақытына ие болған аталарымыз бізге ұлтаралық келісім, бірлік пен татулықтың үлгісін өздерінің өмірлік жолы, үгіт-насихаттарымен бере алады. Зейнетке шыққан, бірақ тəжірибесі, жастарға берер рухани байлығы мол аталарымыз мен əжелеріміз аз емес. Олардың арасында басшы қызметкерлер, педагогтар, қоғам қайраткерлері көптеп кездеседі. Аталар мен əжелер мектебі оқушы-жастарды қазіргі жаһандану үрдістерінің, ақпараттық ағымдардың келеңсіз тəрбиелік əсерлеріне халқымыздың ғасырлар бойы жаңалықтарға, саяси қатыгездіктерге, сырттай жəне іштей ықпалдарға шыдам беріп, сақталып келген педагогикалық мəдениеті арқылы тəрбиелеуге оңтайлы мүмкіндігі деп қарауымыз керек.
Білім беру мекемелері басшылары Аталар мен əжелер мектептерінің жандануына қажетті ұйымдастырушылық жағдайлар жасауы қажет деп білеміз. Педагогика тарихынан мəлім көне дəуірлердегі қариялардың балаларға өзіндік өмірлік тəжірибесін беруі үлгілері қазіргі білімдік, тəрбиелік міндеттер мен жетістіктер аясында жаңа көрініс табады. Аталар мен əжелер тəжірибесі мектепте тəрбие жұмысын ұйымдастырудың жаңашыл формалары шеңберінде ұйымдастырылады.
Мұнда оқушы-жастарды тəрбиелеудің жаңашыл құралдары қалыптасады. Осы кезекте Шымкент қаласындағы № 107 Юсуф Сареми атындағы мектеп-лицейінің Ата-аналар университеті жұмысын ерекше атап өтуге болады. Мыңнан астам ата-аналар əр тоқсан сайын бір рет қатысатын, сынып ата- аналарымен семинар-тренинг формасында өткізілетін Ата-аналар университеті сабақтарын тəжірибелі сынып жетекшілері ғана емес, өмірлік тəжірибелері мол оқушылардың аталары, əжелері де жиі өткізеді.
Оқушы-жастар тəрбиеленетін ортаны «этнопедагогтандыру» (этнопедагогизация) да оқушы- жастар тəрбиесіне оң əсерін тигізеді. Бала үйінен шығып мектепке келгенше ауладағы адамдар, заттар, жазулар, əлеуметтік жəне табиғи ортаның бала санасына қаншама күшті əсерін тігізетіндігін педагог-мамандар жақсы біледі, бірақ тəжірибеде іске асырмайды. Дегенмен мектеп микроауданының бала тəрбиесіне əсерінің педагогикалық мақсатқа сай болуы бір ғана мектеп басшылығы, педагогтардың қолынан келмейді. Мектеп микроауданының педагогикалық тұрғыдан қалай екендігі балалардың адамгершілік, экологиялық, құқықтық, эстетикалық санасы қалыптасуына айтарлықтай əсерін тигізеді. Этносаралық қатынастар мəдениеті де одан тыс емес. Сондықтан педагогикалық қауымдастық осы мəселеге де арнайы зейін бөлуі қажет.
Жас ұрпақтың көпэтносты қоғамға бейімделуі мəселелеріне көбірек көңіл аударуы, ондағы қиындықтарды жеңуде педагогикалық қауымдастықтың рөлі ерекше болуы тиіс. Оқушы жəне студент жастардың қазақ тілін, орыс тілін меңгеруі, академиялық топтарды ұйымшыл тəрбиелеуші ұжымдар ретінде қалыптастыру, əрбір оқушы мен студентті мейлінше қоғамдық пайдалы жұмыстарға тарту, түрлі этнос өкілдерінің жоспарлы əрі тиімді мəдени ұнқатысуға бағыттау — əрбір педагогикалық ұжымның тəрбиелік қызметінің міндетті құрамдастарына айналуы керек.
Осы тұрғыдан Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының оқушы-жастардың этносаралық мəдениетін қалыптастырудағы кең ауқымды жұмыстарын мысал ретінде келтіру болады. Шымкент қаласы мен аудан мектептерінде аталмыш қоғамдық ұйым тарапынан өткізілген бірқатар іс-шаралар ұлтаралық келісім мəдениетін нығайтуға жұртшылықтың елеулі əсерінің үлгісі бола алады. Мысалы, Шымкент қаласындағы Р.В.Пак жетекшілік ететін № 45 мектеп-гимназияда «Біздің мемлекеттің көпэтностығы — біздің байлығымыз, біздің мақтанышымыз» тақырыбындағы өткен көшпелі семинарда оқу үрдісі орыс тілінде жүргізілетін, оқушылар құрамы көптеген этностардың балаларынан тұратын бұл мектептің оқушы-жастардың этносаралық мəдениетін қалыптастырудағы озық педагогикалық іс-тəжірибесі кеңінен қарастырылды. Панорамалық сабақтар мен тəрбиелік іс- шаралардың үзінділері көрсетілді. Оңтүстік Қазақстан облысы этностары салт-дəстүрлері тұрғысынан оқушы-жастарда ұлтаралық келісім мəдениетін қалыптастырудың жаңашыл формалары мен əдістері туралы жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының баяндамалары тыңдалды. Семинарда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Шалатай Мырзахметов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі жəне Парламент депутаты Людмила Хочиевалар жастарда этносаралық қарым-қатынас мəдениетін қалыптастырудың өзекті мəселелері туралы педагогтар, оқушылар жəне ата-аналармен ой бөлісті.
«Оңтүстік Қазақстан облысы жалпы білім беретін мектептерінде ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыру» тақырыбындағы дөңгелек үстел бірқатар əлеуметтік-психологиялық жəне педагогикалық мəселелерді талқылап, қажетті қорытындылар мен ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді. Дөңгелек үстел қатысушылары мына сұрақтар аясында пікір алысты:
- оқушылардың ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыру бойынша оқу-тəрбие жұмыстарының жүйесі;
- қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудағы рөлі.
Осы бағыттағы жұмыс тəжірибелерімен Шымкент қаласындағы № 45 жəне 8 мектеп-гимназия директорлары, Сайрам ауданындағы өзбек тілінде оқытатын Ю.Сареми атындағы № 1 мектеп- гимназия директорлары бөлісті. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудағы рөлін арттыру туралы облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетасының редакторы Н.О.Казорина, Оңтүстік Қазақстан облысы этномəдени орталықтарының торағалары сөз сөйледі. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар, этномəдени орталықтар, БАҚ, жалпы білім беретін мектептердің қоғамдық келісімді, оқушы-жастардың ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудағы нақтылы іс- əрекеті туралы ұсыныстар жасалынды.
Қазақстан этностары тілдеріндегі басылымдардың этносаралық қатынастарды нығайтудағы қызметі ерекше. Оңтүстік Қазақстан облысы əкімшілігінің «Жанубий Қозоғистон» газеті жергілікті этностық қауымдастықтар арасында Елбасы саясаты, мемлекеттік дамудың өзекті бағыттары, сондай- ақ жастарды қазақстандық патриотизм, этносаралық келісім рухында тəрбиелеу бағытындағы мақалаларды көптеп жариялайды. Этностық тілді, мəдениет мен салт-дəстүрлерді насихаттау жалпықазақстандық «Мəңгілік Ел» құндылықтарын кеңінен насихаттаумен ұштасады. Газет редакциясы ұжымы этнос өкілдері ықшам (компактный) тұратын тұрғын үй алабтары, ауылдық жерлер тұрғындарымен ұлтаралық келісім, бірлікті нығайтуға арналған баспасөз конференциялары, кездесулерді өткізеді. Оқушы-жастар арасында Қазақстан этностары тілдеріндегі журналистиканы дамыту, оны қоғамдық келісім мақсаттарына сай бағыттауда да редакция өкілдерінің белсенділігін атап өту керек.
Оқушы-жастарда этносаралық қарым-қатынастар мəдениетін қалыптастыру мен дамытуда болашақ педагог-мамандардың этномəдени құзыреттіліктерін қалыптастырудың рөлі де жоғары. Жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді этномəдениет жəне оның негізінде тəрбиелеу бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Этнопедагогика», «Тəрбие жұмысының теориясы мен əдістемесі» пəндері, педагогикалық іс-тəжірибе барысында студенттер оқушыларды этникалық мəдениет, этносаралық қарым-қатынас пен толеранттылық рухында тəрбиелеу бағытындағы білімдер, іскерліктер мен дағдыларды игереді. Бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдардың да атсалысуы жақсы нəтижелер береді. Осы тұрғыдан ОҚМУ-нің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы студенттермен өткізген «Болашақ маманның этносаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудың жолдары» тақырыбындағы дəріс білім алушыларда үлкен əсерлер қалдырды. Дəріс сұхбат түрінде өтті. Студенттер білікті мамандар, сарапшылардың осы мəселе төңірегіндегі пікірлерін тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауаптар алды. Əлемдегі этносаяси ахуал, елдегі этноəлеуметтік үрдістер, білім саласында қызмет бабында кездесетін этномəдени қатынастармен байланысты мəселелер, олардың шешімдері туралы жанды пікір алысу кең форматта өтті. Сұхбат соңында педагог-мамандардың этносаралық қатынастар саласындағы біліктілігі олардың оқушы- жастарды тəрбиелеуде қоғамдық ұйымдармен өзара тиімді əрекеттесуінің маңызды шарты деген қорытынды жасалынды. Студенттер өз халқымен қатар, көрші этностардың тілі, мəдениеті, салт- дəстүрлері, психологиясы туралы түсініктердің болуы, əр түрлі этностар балаларының қарым- қатынастарын педагогикалық мақсаттарға дұрыс бағыттау тəсілдерін меңгеруге ерекше мəн беру керектігін ұғынды.
Ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастырудың функционалдық бағытталғандығы бір ғана қоғамдық бірлік мен төзімділік туралы түсініктерді қалыптастырумен шектелмеуді талап етеді. Этносаралық қатынастар саласындағы білімдер жүйелі түрде тəжірибеде қолданылуына қол жеткізілуі, сондықтан оқушыларды тиімді мəдениетаралық ұнқатысуға нақыты іс-əрекеттер көмегімен тарту аса маңызды.
Этносаралық қатынастарды нығайтудың əлеуметтік-психологиялық жəне білімдік тетіктері пайдалану жүйелілік, кешенділік, өзара ынтымақтастық, сабақтастық принциптеріне негізделуі қажет.
Қорыта келе, жаңа Қазақстанда этносаралық қатынастарды нығайтудың əлеуметтік- психологиялық жəне білімдік тетіктерін зерделеу, оның негізінде аталмыш механизмдердің тиімді жұмысын қамтамасыз ету бүгінгі таңда өзекті мəселелердің бірі болып табылады. Білім беру ұйымдары, əсіресе жалпы білім беретін мектеп, колледж, жоғары оқу орындары оқушы жастарда ұлтаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыруда орталық орын алғанымен, кең педагогикалық жұртшылықтың қатысуымен іске асатын этносаралық қатынастарды нығайтудың əлеуметтік- психологиялық жəне білімдік тетіктерінің қызметінсіз елеулі нəтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, білім беру ұйымдарының педагогтық ұжымдары, ата- аналар қоғамдық бірлікті, этносаралық қатынастар мен төзімділіктің жоғары дəрежедегі мəдениетін қалыптастырудың белсенді субъектілеріне айналады. Қазіргі оқушы-жастардың этносаралық қатынастар мəдениетін қалыптастыру оқушы-жастар тəрбиесінен мүдделі болған барша тараптардың біріккен əрекетін, ынтымақтастығын, жаңашыл идеялар, тəсілдерді пайдалануын қажет етеді.
Əдебиеттер тізімі
1 Нұрсултан Назарбаев. Бейбітшілік мен қоғамдық келісім идеясы / Е.Л.Тоғжанов, Ə.Ə.Əбдəкімов т.б. — Астана: Ақарман-Медиа, 2010. — 254 б.