Оқу əдістері — тарихи категория. Білімдену процесінің табысты болуы көбіне қолданылатын оқу əдістеріне тəуелді. Ол — білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушының бірлікті іс-əрекеттік қимыл-тəсілдері. Оқу мақсаты жолындағы ұстаздың оқыту жұмысы мен шəкірттің оқып-үйрену əрекеттерінің өзара байланыстылығы осы оқу əдісінен көрінеді. Отандық жəне шетелдік əдістеменің жалпы теориялық негізін тарихи бейнелеу шетел тілін оқыту тəжірибесін терең түсіне отырып, студенттерді əдістеменің тарихын оқыту теориясы ретінде ғылыми көзқарастарын қалыптастыруға, оның даму заңдылықтарын ашуға, олардың екінші тілдік тұлға сапасын дамытуға бағытталған кəсіби іс-əрекеттегі теориялық жəне практикалық міндеттерді шығармашылықпен шешуге көмектеседі. Оқыту əдістерінің дамуының маңызды кезеңдерін қазіргі шет тілдік білім беру талаптарына сай сыни жəне шығармашылықпен сезіне білу студенттердің ғылыми-іздену жұмыстарын жүргізе білу дағдыларын, олардың қазіргі кезеңдегі шетел тілін оқытуда алған білімдерін шығармашылықпен пайдалана білу дағдыларын қалыптастыруға, өздігінен əдістемелік білім алу жəне кəсіби шыңдалуға қызығушылығын тудыруға септігін тигізері сөзсіз. Осы мақалада шетел тілін оқытудағы аудиолингвалды əдістің пайда болуы мен даму тарихына тоқтала кетуді көздедік [1].
Аудиолингвалды əдісінің негізін қалаушылары американдық лингвист-структуралист Ч.Фриз бен əдіскер Р.Ладо болды. Олар шетел тілін оқыту əдістемесі мəселелері жайында өздерінің бірқатар теориялық еңбектерін жəне оқулықтарын шығарған болатын. Олар сол сияқты ағылшын тілін шетел тілі ретінде оқытуға арналған оқулықтардың авторлары болып табылады. Ч.Фриз бен Р.Ладо үлкендерге шетел тілін оқыту мəселелерімен айналысқанына қарамастан, олардың тұжырымдамасы мектеп əдістемесіне де елеулі əсерін тигізді. Мысалға, Н.Брукс, М.Финокиаро жəне тағы басқалардың еңбектерінде Ч.Фриз бен Р.Ладо жазған бірқатар ережелерді келтіріп кеткен.
Оқытудың мақсаты: Оқытудың соңғы мақсаты ретінде Ч.Фриз бен Р.Ладо шетел тілін жан- жақты меңгеруді, яғни жазбаша жəне ауызша қарым-қатынас жасаудың барлық түрін білуді, алға тартады.
Тілді тарихтың, мəдениеттің, халық өмірінің бейнесі ретінде қарастыра отырып, Р.Ладо тілді оқу сол тілде сөйлейтін халықтың мəдениетімен тығыз байланысты болғандықтан, оларды бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайды дегенді айтады. Себебі біреуін-біреуінсіз түсіну мүмкін емес. Бұл жерде реалийлармен танысып қою ғана емес, қалыптасқан мəдени жүйелерді соншалықты түсіне білу ұғымы (EMUs — elementary meaning units in the culture) маңызды рөл атқарады. Басқа халықты (жəне оның тілін) сол халықтың пайымдау жүйесін сол тілде меңгермейінше, түсіну мүмкін емес. Сол халықтың мəдениетіне кірігу олардың пайымдау жүйесі ұғымын білу тек білім беру ғана емес (Ч.Фриз бен Р.Ладоның еңбектерінде оған көп көңіл аударылмайды), таза тəжірибелік мағынаға ие болады.
Тілді, ең алдымен, ауызша қарым-қатынас жасау құралы ретінде қарастырған Э.Сепир мен Л.Блумфилдтің ізінше, Ч.Фриз бен Р.Ладо оқытудың соңғы мақсатына бағынышсыз білім берудің негізі ауызекі сөз екенін айтады. Жазу дыбыстауды тура бейнелей алмайды дей отырып, ол екпін, интонация, үзілісті көрсете алмайды. Ч.Фриз бен Р.Ладо бастапқы кезеңде оқуға үйретуге шешімді түрде қарсы шығады (оқу техникасын бұған жатқызбайды): «Ешқашанда тілді ондағы жазу жүйесімен араластыруға болмайды. Жазбаша тілге үйрету ауыз екі тілге үйрету (сөйлеу жəне түсіну) жүйесінен ерекше ажыратылады. Сөйлей білуге үйрену жəне ауыз екі тілді түсіну — тілді оқу деген сөз; біз оқуға жəне жазуға үйрете отырып, тіл оқушыға таныс жəне ол тек оның графикалық бейнесін меңгереді деп топшылаймыз» [2; 177]. Ч.Фриздің көзқарасы бойынша, оқушыда ауызша сөйлеу дағдысы қалыптаспағанша, яғни ауызша сөйлей алмағанша, ол мəтінді толығымен түсіне алмайды. Оның пікірінше, алдын ала сөйлеу дағдысын (oral approach) меңгеру, оқуды толық мəнді етіп қана қоймай оқуға үйретудің тиімді жолы болып табылады, себебі оқушылар жаңа құбылыстарды жəне оларды мəтіндерде танып-білуді қатар алып жүрумен салыстырғанда өздері меңгерген тілдік құбылыстарды анағұрлым оңай жəне тез тануды үйренеді. Бастапқы кезеңде ауызша түрде жұмыс жасаудың артықшылығын Ч.Фриз былайша түсіндіреді, оқытылып жатқан материалды бірнеше рет айтса, оны анық жəне тез арада есте сақтауға болады.
Ч.Фриз ауызекі сөздің репродуктивті жəне рецептивті түрлерін ажыратады; ол біріншісіне — сөйлеуді, ал екіншісіне — мəтінді тыңдап түсінуді жатқызады. Ол осы айырмашылықты айрықша атап көрсетеді. «Тілді меңгерудің негізгі екі деңгейін, соның ішінде туған ана тілін меңгеру деңгейі де: продуктивті жəне рецептивті ажырату маңызды болып табылады. Бұл екі деңгей бір-бірімен ешқашан сəйкес келмейді. Біз тани алатын жəне түсінетін сөздердің мөлшері біз ауызекі тілде тіпті жазуда қолданатын мөлшерінен артып кетеді. Шетел тілін қолдану барысында бұл айырмашылық айқын сезіле бастайды» [2; 178].
Ч.Фриздің пікірі бойынша, тілді меңгерудің алғашқы кезеңінде бұл онша біліне қоймайды; ол оқушының тілді меңгеру деңгейінің өсуіне байланысты білінеді жəне бұл кезеңде де оны ескерген жөн. Жəне қарым-қатынас жасаудың рецептивті жəне репродуктивті формаларын ажырату тілді оқып-білу мақсатын тура анықтау жəне тілдік материалды ғылыми тұрғыдан сұрыптау үшін қажет.
Қарым-қатынас жасаудың екі аспекті-репродуктивтік жəне рецептивтік-ажыратумен қатар Ч.Фриз репродуктивтік тəсілдің екі деңгейін атап өтеді. Бұлардың ішінен аса жоғарысы оқушының оқытылған материалды автоматты түрде айтуымен сипатталса, ал аса төмені айту əлі де дағдылану сипатына ие болмағандығымен сипатталады.
Бастапқы оқытудың міндеті тіл негізін машықтану деңгейінде өнімді оқыту болып табылуға тиіс. Бастапқы оқыту кезеңінен оқу алынып тасталатын болғандықтан, рецептивтік тұрғыдан оқыту міндеттері шетел тіліндегі сөзді қалыптасқан ырғақта құрылымдық материал негізінде, оқушы өзі айту шамасына қарағанда көлемі жағынан көптеу, түсіне білу біліктілігін дамытумен шектеледі.
Оқу мазмұны. Жоғарыда айтылып кеткендей, оқытудың бастапқы курсының міндеті тілдің негізін меңгеру болып табылады. Бұл қандай мағынаны білдіреді?
Қазіргі американдық дескриптивтік (суреттеу) лингвистикасының өкілдері жəне көп мəселе бойынша Э. Сепир мен Л.Блумфилдтің көзқарастарын бөлісетін Ч.Фриз бен Р.Ладоның лингвистикалық тұжырымдамасына тиянақты түрде талдау жасамай-ақ, тілді оқып-білу үшін ұсынылатын материалды беруде маңызды рөл атқаратын ережелердің кейбіреуін ғана атап өтейік. Тіл, олардың түсінігінше, ауызша қарым-қатынас жасауда қолданылатын белгілер жүйесі болып саналатындығы аталып өтті. Сондықтан да, ең алдымен, дыбыстарды ғана емес, сол сияқты интонация, ритм, паузаға бөлу, екпін қою т.б. қамтитын дыбыс жүйесін меңгермей тілді меңгеру мүмкін емес. Оқу курсы тілдің дыбысқа қатысты жақтарының бəрін қамтуға тиісті.
Фонетиканы оқыту осы тұжырымдамаға сəйкес шетел тілі жəне ана тілінің дыбыстар жүйесін мұқият суреттеуге жəне салыстыруға негізделуге тиіс, себебі жаңа тілдің дыбыстар жүйесін меңгеруде туындайтын қиындықтар, ең алдымен, оқушының ана тіліндегі дыбыстар жүйесінің ерекшеліктерімен анықталады. Тілдің дыбыстық жүйесін суреттеу дескриптивтік лингвистика тұрғысынан жүргізілуге тиіс, себебі тек сол ғана ауызша қарым-қатынас жасау құралы ретінде қолданылатын бүгінгі күні тілге тəн барлық сипатын көрсетеді.
Ч.Фриз бен Р.Ладоның «English pronunciation» кітабында испан тілінде сөйлейтіндер үшін ағылшын тілінде айту қиыншылықтарын анықтауға əрекет жасалды. Ч.Фриз бен Р.Ладо сөйлем ауызша қарым-қатынас жасаудың единицасы екендігін мойындайды. Сондықтан да олар тілді оқу мен ондағы сөздік қорын оқып-білуді тепе-тең қоюға қарсы шығады. Оқыту объектісі болып сөз емес, сөйлем есептелуі қажет. Ч.Фриз бен Р.Ладо əр тілде сөйлем құру үшін шектеулі құрылымдар саны, модельдер болатындығын мойындайды. Сондықтан да оларды суреттеуге жəне топтастыруға болады. Қай тілде болмасын қарым-қатынас жасау үшін ең бірінші осы құрылымдарды меңгеру қажет, осы тілдегі заңдылықтарға сəйкес дұрыс жəне тез сөйлем құрастыра білу керек. Оқыту барысында құрылымдарды меңгеру дыбыс жүйесімен қатар негізгі қиындықты тудырады, себебі əр тілде сөздерден сөйлем құрудың түрлі жолдары бар жəне олардағы сөздер əр түрлі дистрибуцияға ие болады.
«Сөздердің арасындағы айырмашылық, олардың бір-біріне қаншалықты ұқсамайтындықтарына қарамастан, екі тілдің арасындағы басты айырмашылық болып табылмайды. Ең басты ерекшелік, олардың құрылымында болып табылады, себебі əр тілдің өзінің сөйлемдер моделі, өзінің интонация, екпін жəне өзінің дауысты жəне дауыссыз дыбыстар жүйесі болады. Бұл бастапқы кезеңде тілді оқып білудің объектісі болып табылуы қажет: «Жаңа шетел тілін меңгеруде туындайтын негізгі қиындық... бұл, біріншіден, тілдің дыбыс жүйесін меңгеру — үздіксіз айтылған сөз ағымын түсіне білу, жеке- дара дыбыстарға тəн сипатын ажырату, оларды мүмкіндігінше түпнұсқасына жақындастыра айту. Екіншіден, бұл тілдің құрылымын құрайтын тілдік материалмен жабдықтау тəсілдерін меңгеру» [2; 180].
Шетел тіліне оқытуда грамматиканы оқып-білу қажет пе деген мəселені талдай отырып, Ч.Фриз осындай мəселе көтерудің өзінің дұрыс емес екендігін айтады, себебі грамматикасыз ешбір тілдің өміршең болуы мүмкін емес. Бұл жерде грамматика дегеніміз не жəне оны қалай оқыту жайында ғана сөз болуы керек. Ч.Фриз грамматиканы тек ережелер мен парадигмалар жиынтығы деп есептеген жағдайда оны оқу үрдісіне қосуға қарсы екендігін жазады. Ал егер де грамматика ауызша қарым- қатынас жасауда қолданылатын қазіргі тілдің құрылымын суреттейтін болса, онда грамматикасыз тіл үйрену мүмкін емес, себебі тілде сөйлеп үйрену үшін, ең алдымен, тілдегі негізгі құрылымдарды меңгеру керек. Тілдегі құрылымдарды оқушыларға туғызатын қиындықтарына қарай бірізділікпен сұрыптап, орналастыру қажет. Бұл қиындықтар ана тілі мен оқытылатын шетел тілдерінің құрылымдарын салыстырмалы талдау негізінде ғана анықталуы мүмкін. Бұл жұмыс түрі оқу материалдарын құрастырмас бұрын жүргізілуге тиісті. Ч.Фриз бен Р.Ладоның пікірінше, ана тілі жəне шетел тілдерінің құрылымдарын салыстыру тек оқулық құрастырушылар мен мұғалімдерге ғана қажет (оқу материалын енгізудің бірізділігін анықтау үшін), ал оқу үрдісінде оқытылатын тілді ана тілімен салыстыру ұсынылмайды жəне салыстыруға болмайды. Материалды іріктеу кезінде оқушы репродуктивті түрде меңгеруге тиісті құрылымдарды жəне сөзді түсінуге ғана қажетті құрылымдарды ажырату қажет. Репродуктивті түрде меңгеру үшін синонимдік құрылымдарды алып тастау керек, өйткені сөйлеп тұрған адам əр түрлі жағдайларда бір ғана құрылымды пайдаланған кезде, оны түсіне аламыз. Мысалы, келер шақты көрсету үшін be going to құрылымы жеткілікті; барлық қатыстық есімдіктердің ішінен — that-ті таңдау қажет жəне who, which, whom т.б. алып тастау қажет. Тілді репродуктивті түрде меңгеру үшін аз тарағанына қарамастан, əдеттегі құрылымдарды қолданудың артықшылығы бар. Have етістігін репродуктивті түрде меңгеру үшін Do you have a pencil? He doesn’t have a pencil, Have you a pencil? жарамайды, модельдерін беру қажет, себебі осы жағдайда оны ерекшелік ретінде қарастыруға болмайды (сұрау жəне жоққа шығару формалары барлық етістіктерге тəн модельдер бойынша жасалынған) [3].
Оқытудың бастапқы кезеңі үшін құрылымдардың саны ең аз шамада болуы тиіс, өйткені, Ч.Фриздің пікірі бойынша, «өзара бір-бірін алмастыратын құрылымдарды репродуктивті (қайталау) деңгейінде меңгеру, тілді практикалық тұрғыдан қолдануды тежейтін керексіз қосымша жұмыс болып табылады».
Тілді репродуктивті түрде меңгеру үшін құрылымдарды іріктеудің негізгі белгісі болып көбірек қолданушылығы (usefulness) жəне əдеттегі (regularity), бір жағынан, ана тілі құрылымына жақын тұруы табылады. Рецептивтік материалды сұрыптау кезінде құрылымдардың жиі қолданылушылығы негізгі белгі болып табылады [4].
Іріктелініп алынған құрылымдар оқу құралдарының материалын құрайды, онда олар үлгі сөйлем (basic sentences, key examples) ретінде беріледі, тілді практика жүзінде меңгеру үшін құрылымды абстракты тұрғысынан белгілеу жарамсыз. Сөйлем үлгі ретінде беріледі, демек, бұл нақты сөйлем түрінде берілген модель, яғни оның лексикалық мағынасы толық.
Сонымен, дыбыс жүйесі жəне құрылымдар оқудың бастапқы кезеңіне арналған оқу материалының негізін құрайды. Бірақ дыбыстар да, құрылымдар да «өздігінен» жатталынбайтындықтан, нақты сөздікті білу керек. Сөздік қосымша нəрсе ретінде қарастырылады, оның мəні — оқытылып жатқан дыбыстар мен модельдерді көрсету. Сондықтан да ол оқудың бастапқы кезеңінде шектеулі болуы қажет.
Тілдің дыбыстау жүйесін жəне оның құрылымын меңгерген соң, оқушы өзінің сөздік қорын айрықша мəнді сөздер арқылы кеңейтуіне болады, өйткені ол барлық керекті күнделікті сөздері меңгереді [5].
Оқытудың бастапқы кезеңінде сөздік тек қана көрнекілік рөл атқаратындықтан, оны сұрыптау іріктелген құрылымдарды толтыру қабілетіне байланысты анықталады. Ч.Фриз осы көзқарас тұрғысынан бүкіл сөздікті төрт топқа бөледі:
- сөйлемде грамматикалық қызмет атқаратын сөздер (function words): шылаулар, үстеулер, кейбір different from түріндегі сөздер тобы, жалғаулықар, сұраулы шылаулар (which, who, whose), артикльдер, дəрежені білдіретін сөздер (more, most) жəне т.б.;
- алмастыратын сөздер (substitute words), яғни белгілі сөздер тобын, тіпті сөйлемдерді алмастыра алатын сөздер; жіктеу, белгісіздік (anyone) жəне болымсыздық (non, nobody) есімдіктері, мөлшерді білдіретін each, both есімдіктері, етістіктер (do, think, say, tell, seem т.б.), so шылауы;
- жағымды жəне жағымсыз дистрибуция тұрғысындағы сөздер, мысалы, some, any, too, either, already, yet, still, any more жəне т.б.);
- айрықша мəнді сөздер (content words), олар үшке бөлінеді: а) заттарды білдіретін сөздер; ə) іс-əрекетті білдіретін сөздер; б) сапаны білдіретін сөздер.
Сөздердің əр тобының өз дистрибуциясы (өзіндік ерекшеліктері) бар жəне олар сəйкес құрылымға байланысты оқытылуы қажет.
Бірінші үш топ бірінші болып оқытылуы тиіс, олар оқытудың бастапқы кезеңіндегі сөздіктің негізгі бөлігін құрайды; оны меңгеруді машықтану дəрежесіне дейін жеткізу керек. Төртінші бөлімдегі сөздер ілгері басу кезеңдеріндегі оқу пəнін құрайды жəне оларды оқушылардың қызғушылығына қарай түрлендіруге болады. Ч.Фриз сөздерді таңдаған кезде, олардың мағынасына назар аударуды ұсынады. Бүкіл оқу мерзімінде оқушылар игеруге тиісті сөздер саны, Р.Ладоның есебі бойынша, сөйлеу үшін шамамен 1000 сөз (бұл жағдайда М.Уэстің сөздігін негіз етіп алуға болады), шетел тілінде айтылған сөзді естіп түсіну жəне жазу үшін 3000–4000 сөз, ал оқу үшін 7000 шамасында болу керек. Дегенмен де ол нақты сөздер тізімін немесе оларды іріктеу принциптерін жасаған жоқ.
Ч.Фриз бен Р.Ладоның оқулықтарында тілдегі сұрыпталған модельдер үлгі-сөйлемдер түрінде беріледі. Біз олардың оқулықтарында үлгі-сөйлемдерді қолдануды көрсету үшін берілген 3–6 жолдан тұратын диалогтардан басқа «мəтіндерді» кездестіре алмаймыз, сол себепті қандай да бір оқу материалдарының тақырыбы туралы айту қиын. Диалогтар сияқты үлгі-сөйлемдер де күнделікті өмірге байланысты жағдаяттарды қамтып көрсетеді [6].
Тілді үйрену оқытылатын тіл өкілдерінің өмірі жəне мəдениетімен таныспайынша мүмкін емес болғандықтан, Ч.Фриз шетел тілі курсының негізіне жатқызуға болатын тақырыптарды белгілейді. Əр жастағы балалар тобы үшін ол əр түрлі тақырыптар ұсынады, мысалы: «Əр түрлі ойындардың орны мен өткізілетін уақыты», «Оқытылатын тіл елінде қандай ойындар кең тараған жəне оларды қалай ойнайды», «Оқытылатын тіл елінде əр жастағы балалар білетін əңгімелер», «Балалардың ата- аналарына, жолдастарына, ұстазына, үлкендерге, таныс жəне таныс емес адамдарға қарым-қатынас жасау формасы» жəне т.б. Жасөспірімдер үшін келесі тақырыптар ұсынылады: «Оқытылатын тіл ана тілі болып есептелетін жастар оқитын əңгімелер мен романдар», «Қандай кейіпкерлер жағымды, қандайы жағымсыз болып саналады», «Қандай өлеңдер жəне олар қандай жағдайда айтылады»,
«Демалыс-спорттың жəне ойындардың қандай түрлері танымал»; спортқа деген көзқарас; «Қандай спорт түрлері қыз балаларға, олардың қайсысы ұл балаларға арналған» жəне т.б.
Ересектерге арналған тақырып: «Сабақ түрлері», «Жұмысқа орналасу үшін дайындық»,
«Болашақта қызмет бабында өсу», «Оқытылатын тіл еліндегі əлеуметтік айырмашылықтар мен қоғамдық топтар», «Əр түрлі таптар арасындағы өзара қатынас», «Өмірдегі əр түрлі жағдайларға байланысты қолданылатын тілдегі үлгілер».
Тіл — адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Тілмен сөйлесу адамзат баласы үшін тысқары бір дүние емес, ол ішкі құбылыс. Сөйлеу тек адамға ғана тəн. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Тілді үйрету əдісі үнемі заман талабына, уақыт ағымына қарай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады. Қазіргі уақытта шетел тілін оқытуда тиімділігі жоғары түрлі оқыту технологиялары қолданылады [7].
«Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағына білдіре келіп, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді. Осыдан барып «коммуникабельдік», «түсінушілік» деген сөздер мен ұғымдар пайда бола бастады. Коммуникация қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді. Қорыта айтқанда, осы көзқарас белгілі бір дəрежеде Ч.Фриз жəне Р.Ладоның аудиолингвалдық əдісінен көрініс табады.
Əдебиеттер тізімі
- Рахманов И.В. Очерк по истории методики преподавания новых западно-европейских иностранных языков. — М.: Педагогика, 1980. — 315 с.
- Основные направления в методике преподавания ИЯ в XIX–XX вв. / Под ред. И.В.Рахманова. — М.: Педагогика, 1972. — 320 с.
- Ратнер Ф.Л. Из истории преподавания иностранных языков в учебных заведениях России. Казанский государствен- ный университет // Иностранные языки в школе. — 2004. — № 4. — С. 17–20.
- Комков И.Ф. Методика преподавания иностранных языков. — Минск: Выш. шк., 1979. — С. 37–58.
- Шатилов С.Ф. Методика обучения немецкому языку в средней школе. — М.: Высш. шк., 1986. — С. 176–213.
- Гальскова Н.Д. Современная методика обучения иностранным языкам. — М.: АРКТИ, 2000. — 165 с.
- Колкер Я.М. и др. Практическая методика обучения иностранному языку. — М.: Академия, 2001. — 264 с.