Көптілділік — заман талабы. Бір халықтың мəдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, əлем суретін əр алуан əрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мəдениеттің барлық ерекшеліктерін жəне құндылықтарын сезінуге болады. Қазақ: «Ауруын жасырған өледі», — деп бекер айтпаған. Басқа шетелдік мемлекеттердің алдында абырой-атақ жинап, жақсы ат алуға ұмтылып: «Біз — көпұлттымыз», — деп əр бұрыштан ұрандағаннан гөрі, ел халқының бəрінің басын біріктіріп, жалпы мүддеге жұмылдыратындай ортақ құндылықтарға арқа сүйеу қажет сынды. Ондай құндылықтар қатарына төмендегі жəдігерлерді жатқызуға болар еді [1, 2]. Солардың біріншісі — тілдік фактор. Бұған əлемдік тəжірибеден сандаған мысалдарды келтіруге болады. Мəселен, көпұлттылық жəне көпдінділік жөнінен Қазақстанмен өте ұқсас Үндістанда хинди тілі ұлттық тіл саналады. Оның сыртында бұл елде тағы да 17 негізгі тіл бар. Мысалы, Бенгал штатында негізгі тіл бенгал тілі болса, Пенджаб штатында — пенджаб тілі. Осылайша, ел аумағындағы 29 штатта 17 тіл мемлекеттік тіл мен 844 диалектикалық тіл адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ретінде қызмет атқарады. Соған қарамастан, Үндістанда жалғыз-ақ ұлт бар, ол — үндістер, қалғандары этникалық диаспора өкілдері [3] деген тұжырым қалыптасқан əрі мұны ел халқының бəрі заңды түрде мойындайды. Біз болсақ, «көпұлттымыз, көпдіндіміз, көптілдіміз» деуді мақтанға айналдырған сыңайлымыз. Жалпы, Үндістан біртұтас ел болғанымен, ондағы əр штаттың өз əліпбиі бар, сөздеріндегі айырмашылық та көп. Хиндиде сөйлеген адамды бенгалша сөйлейтін адамның түсінбеуі мүмкін. Сол себепті, бұрындары отаршылық кезінде үстемдік етіп, көп ұлттар мен ұлыстар үшін ортақ тіл қызметін атқарған ағылшын тілі үндістердің барлығын біріктіретін ортақ тіл болып отыр [3]. Ағылшын тілі бизнес тілі болғандықтан, үндістер бұл тілден бас тартпайды, керісінше, оны кеңінен қолдануға мүдделі. Дегенмен, ол тіл елдің негізгі мемлекеттік тілі саналатын хинди тілінің (оны ел халқының тек 45 пайызы ғана пайдаланады екен) орнын əсте алмастыра алмайды. Бұл ұстаным бізге үлгі боларлық қисын демеске амал жоқ. Сондай-ақ кəрі құрлық саналатын Еуропада да көп ұлт өкілдері өмір сүреді. Атап айтсақ, Түркияда 140-тан, Францияда 180-нен астам ұлт өкілдері өмір сүреді екен. Жалпы, Еуропа елдерінің қай-қайсысын алсаңыз да, олардағы жағдай дəл осындай. Бірақ олардың біздің елден бір ерекшелігі, ондағылардың əрқайсысы көрпені өзіне қарай тартпай, қай елдің суын ішіп, отын оттаса, өздерін сол елдің байырғы тұрғындары саналатын ұлттың атауымен атап, сол елдің мемлекеттік тілінде сөйлеуді əдетке айналдырған.
Тіптен мына көршілеріміз Өзбекстанда да, Ресейде де, Түркіменстанда да осылай. Мұны олар өздерінің ұлттық беделін түсіретін абыройсыз іс-əрекет деп емес, қайта өздері өмір сүріп отырған ел- ге құрмет деп санайды. Екінші фактор — дін. Бұл, негізінен, күллі араб елдеріне тəн (мысалы, Сауд Арабиясында). Оларда мемлекеттік саясат ислам құндылықтарына сай құрылған. Мəселен, араб елдеріндегі билік тарапынан таратылатын ақпараттардың 90 пайыздан астамы осы дін тақырыбына арналады. Үшінші фактор — ұлттық фактор. Тек жергілікті ұлт өкілдерінен ғана тұратын елдерде (Армения мен Жапония сияқты) мемлекеттік саясат ұлттық мəдениет пен құндылықтарды басшылыққа ала отырып құрылады. Төртінші фактор — ұлттық патриотизм, азаматтық мақтаныш. Оның жарқын көрінісін АҚШ пен Израиль азаматтарының бойларынан байқауға болады. Олар қырым-қытайдан жиналып келіп жат жұрттың жерін басып алып, қазір сол жердің иесі саналатындықтарына қарамастан, қай жерде болса да кеуделерін қағып, «біз ұлы мемлекетпіз», «біз əлемдегі ең демократиялы елміз», «біздің ел — ең əділетті ел», «біз — өз еліміздің патриотымыз», деп, үйлерінің маңдайшасына өз елдерінің жалаушаларын іліп қоюды əдетке айналдырған. Олар үшін бұл — үлкен мақтаныш.
Қазақстан халқының басын осы факторлардың қайсысы біріктіріп отыр деген сауалға келсек, ауызға құм құйылып, амалсыз сөзден тосыларымыз анық. Неге, енді соның бəрін тəптіштеп жатпай- ақ, тек біреуіне ғана тоқталып көрелікші. Қазақстан халқын топтастыратын ең маңызды фактордың бірі мемлекеттік тіл десек, оның бүгінгі таңдағы хал-ахуалының сын көтермесі даусыз [4]. Бұл — қай жағынан алып қарасаңыз да, ел мүддесіне қайшы келетін жағдаят. ҚР «Тіл туралы» Заңының 4-бабында көрсетілген: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының əрбір азаматының парызы», — деп, қазақстандықтардың қазақ тілін білуін міндеттейтін осы тармақ күні кеше ғана көпшілік талқылауынан өтіп бекітілген «Ұлт бірлігі» доктринасында да көрініс тапқан. Бірақ, өкінішке қарай, заңмен бекітілген құжат пен істің арасы қабыспай жатыр, ең өкініштісі де осы.
Қазақстан қоғамының əлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тəрбиелеудің негізгі факторларының бірі — мектепте көптілді жəне билингвалды білім беруді жолға қою болып табылады. Көптілді білім — көп мəдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мəдениетін, толеранттілігін жəне планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады [5].
Н.Ə.Назарбаев өзінің жылдағы дəстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мəдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мəн береді. Биылғы жылғы «Əлеуметтік- экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында: «Көп ұлттылық пен көптілділік құндылықтардың бірі жəне біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады», — деп атап көрсетті. Сонымен қатар бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою — бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі. Əлемдік білім беру іс-тəжірибесінде көптілді жəне билингвалды білім беру жаңалық емес, атап айтқанда, АҚШ пен көптеген Еуропа елдерінде, əсіресе соңғы жылдарда бұл бағытта жетістікке қол жеткен. Бірақ қазақстандық білім беру жүйесінде көптілді жəне билингвалды білім берудің халықаралық іс- тəжірибесінде қолданыс тапқан модельдерін енгізу — жаңа педагогикалық проблема, өйткені ол жаңа жағдайларда шығармашылық тұрғыдан іске асырылуы тиіс. Енді аз-кем көптілді жəне билингвалды білім беру ұғымдарының мағынасы туралы тоқталып өтсек.
Ғылыми əдебиеттерде осы ұғымдарға көптеген анықтамалар берілген [6]. Олардың ішінде біздің тəжірибемізге ең сəйкес келетін нұсқалары төмендегідей болады: 1) көптілді білім беру — бұл мектепте оқу пəндерін екі немесе одан да көптілде аудармасыз оқыту; 2) билингвалды білім беру — оқу жəне оқудан тыс жұмыстардың негізгі бағыттарын екі тілде іске асыру, педагогикалық үрдісте екі тілді оқыту құралы ретінде пайдалану. Бұл өзекті мəселелерді жүзеге асыру үшін басты мақсатымызды анықтап алдық. Ол — Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлылықтары қалыптасқан, көп мəдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған тұлғаны тəрбиелеу. Көптілді жəне билингвалды білім беруде оқу-тəрбие үрдісінен күтілетін нəтижелер мыналардан тұрады:
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде қалыптасқан білімдерін ана тілі, мемлекеттік тіл, орыс тілінде еркін білдіретін мектеп бітірушісі;
- бітірушінің көптілді коммуникативтік жəне ақпараттық құзыреттілігі;
- көп мəдениетті, рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мəдениетінің жоғары деңгейі;
- ұлттық жəне жалпықазақстандық, құндылықтарды қастерлейтін, тілдерді меңгеруге тұрақты қызығу танытатын, отансүйгіштік жəне азаматтық сана-сезімдері дамыған тұлға;
- бітірушілер еңбек нарығында, өмірлік қызметте тілдік кедергілерге ұшырамайды.
Сонымен қатар қазіргі таңда жоо-да сапалы білім алудың бірден бір көзі əрі оқу белсенділігін арттыру үшін студенттерге көптеген жолдар қарастырылған. Көптілді білім беру жəне сыртқы академиялық ұтқырлық аясында шетелдік жоо-да оқу үшін студенттер мен магистранттарды халықаралық IELTS тестіне дайындау мақсатында тұрақты түрде курстар ұйымдастыру [6]. Білім алушылардың шет тілін меңгеру деңгейін анықтау жəне сол бойынша одан əрі оқыту. Магистрлік жəне докторлық диссертацияларды шет тілінде жазу жəне қорғау. Қазақ, орыс, шет тілі бойынша деңгейін анықтау үшін бағдарламаларды алу жəне пайдалану. Университет сайтының контентін қазақ жəне ағылшын тілдерінде кеңейту. Көптілді білім берудің материалдық-техникалық базасын дамыту. Көптілді білім беруде оқу-əдістемелік қамтамасыз ету. Шет тілінде курстар мен бейіндік пəндер жүргізетін ПОҚ-на материалды ынталандыру жасау жүйесін құру. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тəрбие мен білім беру — бүгінгі күннің талабы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөль атқаратыны əркімге де түсінікті. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы. Көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық жəне мəдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Қазақстан Республикасының шетелдермен халықаралық байланыстары күннен күнге арта түсуде. Сол байланыстарды дамыту үшін шет тілін білетін мамандар қажет-ақ [7]. Президентіміз Н.Ə.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауындағы білім беру жүйесінде үш тілдің — мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілін жəне əлемдік экономикаға үйлесімді кірігу тілі ретінде ағылшын тілін меңгерген, бəсекеге қабілетті маман даярлау міндетін атап көрсеткенін білеміз. Бұл дегеніміз оқу орындарына жаңа міндеттер, жаңа талап, жаңа мақсаттар қойып отыр дегенді түсіндіреді. Негізгі мақсаты — өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді жəне көпмəдениетті құзыреттіліктерді игерген полимəдениетті жеке тұлға қалыптастыру. Тек қана жоғары оқу орындарында ғана емес, сонымен бірге мектептерде де көптілді білім беру үшін тілді терең меңгерген мұғалімдер дайындау жұмысы да дұрыс шешілуі тиіс. Бір жағынан, мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту бізде шешімін таппай жатқан мəселе [7]. Ол ұлттық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтудағы рөлін арттыру — ең басты мəселелердің бірі. Орыс тілінің лингвистикалық белсенділігін сақтау жəне ағылшын тілін жаhандану экономикасындағы ғылыми ақпарат алудағы желісін кеңейту негізгі тақырыбына айналды. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару — біздің казіргі кездегі міндетіміз.
Қазіргі уақытта жаңа білім саласына қойылатын талап, жас маманның кəсіби білімділігін, біліктілігі мен дағдысын қойып отыр. Мектептегі білім беру міндеттерінің негізгілерінің бірі — оқушыны шынайы əлем жағдайындағы өмірге дайындау. Қазіргі кезде оқушыларға ағылшын тілін оқытудың əр түрлі деңгейлеріне сəйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық жəне компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктері жасалған [7]. Шетел тілін оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар, аудио-, видеокешені оқушылардың ауызша жəне жазбаша аударудағы білім жетілдіру, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады. Сондай-ақ оқыту процесінде мультимедиабағдарламасының көмегімен, ғаламтордан алынған əлемдік жағдайлар, педагогикалық технологиялардың түрлі əдіс-тəсілдері, коммуникативтік бағыттағы оқыту элементтері кең қолданылады. Тілге байланысты оқу процесінде жүйелі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп отырады, атап айтсақ, ашық сабақтар, пікір-сайыстар, семинар, конференциялар, практикалық сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, өзара сабаққа қатынасып талдау, оқушылардың зерттеу жұмысымен айналысулары, сонымен қатар студенттердің жеке ізденіс жұмыстарына басшылық ету.
Қазақстанның болашағы көптілді білім берумен қатар 12 жылдық білім беру саласында осы мақсатты жүзеге асыру мəселесі болып саналады [8]. Сондай-ақ 12 жылдық білім беру үлгісіне ауысу мұғалімнен инновациялық, шығармашылық тұрғыдан ойлауды талап етеді. Кəсіби педагогикалық шеберлікті, шынайылықты талап ететін қазіргі заманда ұстаздың əрбір ісін, жоспарын мұқият зерделеуін қажетсінеді, яғни, жаңаша білім беруде оқытушыларға қойылатын талаптар [8]. Сондықтан көптілді білім берудің мақсаты:
- əлем бірлестігінің жағдайында бəсекеге түсе алатын көптілді тұлғаны дамыту;
- əр оқушының жеке қабілеттерін көптілді дамытуды қамтамасыздандыратын жағдай жасау;
- əр түрлі деңгейдегі мəселелерді шешуге бағытталған оқушылардың жобалары.
Осыдан күтілетін нəтиже — ол көптілді меңгерген, өзін-өзі əлеуметтік жəне кəсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге қабілетті тұлға. Бүгінде елімізде ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мəн берілуде. Алайда бізде қазақ жəне орыс тілдерін игеру сияқты ағылшын тілін үйрену, сондай-ақ осы тілде сабақ беруде көптеген кемшіліктер бар. Оның салдарын барлығымыз сезініп отырмыз. Көптілді білім беру жүйесі аясында білім саласындағы оқу-əдістемелік құралдар қайта қарастырылады. Себебі осы саладағы ағылшын тілін оқыту жұмысы əлемдік талапқа сай емес. Осыған байланысты келешекте осы мəселені шешу үшін нақты іс-шаралар өткізілу керек. Сондықтан жоғары білім беруді жаңартудың негізгі құжаттарында ең негізгі мақсат білікті маман даярлау деп көрсетілген болатын. Ол жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-əрекетке қабілетті болуы, кəсіби деңгейінің өсуіне ынталы болуы, əлеуметтік жəне кəсіби бейімділігі жоғары, үш тілді: мемлекеттік тілді — қазақ тілін, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін, дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірігу тілі ретінде ағылшын тілін еркін меңгерген тұлға болуы тиіс. Бұл міндетті шешудің маңыздылығы Қазақстанның жаhандану жағдайында ұлттық білім жүйесінің бəсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылысымен анықталады. Оның жүзеге асырылуына [8] Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Тілдердің үш тұғырлылығы» мəдени жобасы септігін тигізді деп айтар едік. Қазақстандықтардың үш тілді еркін меңгеруі туралы идеяны тəжірибе жүзінде іске асыру бүгінде отандық мектептен маманның шығармашылық өзін-өзі жетілдіру саласын дамытуға, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қызмет етуін қамтамасыз етуге, оның ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайту факторы ретіндегі рөлін арттыруға, орыс тілінің лингвистикалық белсенділігін сақтауға жəне ағылшын тілін ғылыми ақпарат пен жаhандану экономикасына сəтті кірігу тілі ретінде енгізуге бағытталған көптілді білім беруді енгізуді талап етеді. Бұл мəселенің бүгінде мемлекеттік деңгейде талқыланып, білім реформалары аясында қарастырылып отырғандығы қуантады.
Қазіргі таңда оқушыларға компьютермен, интернетпен, интербелсенді тақтамен сабақ өткізу толығымен жолға қойылып отыр. Көптеген мұғалімдер осы уақытқа дейін техникалық құралдармен сабақ өтіп, оның қаншалықты тиімді екенін дəлелдеді.
Компьютермен сабақ өткізу арқылы оның қолданылуын үйрене отырып, телесабақтарды тың, жаңа деңгейде өткізуге, оқытушы мен оқушының қарым-қатынасының педагогикалық жəне əдіснамалық тұрғыдан сараланып алынған алуан түрлі қызмет түрлерінің қолданылуы жүзеге асады [9]. Компьютерді қолдану барысында өздерін қызықтыратын əр түрлі мəселелерді шешуге болады. Компьютермен бала жазады, оқиды, түрлі тестер орындайды. Техникалық құралдарды пайдаланудың ең тиімді жағы уақытты ұтасың, дəл, тиянақты оқу материалдарын алдын ала дайындап, оқушыға беріп отырсаң, өзінен-өзі жасауға тырысады, қызығады, жасамай, үлгермей отырған оқушы болмайды, себебі оның алдында бəрі дайын тұр.
Сонымен қатар мұғалім қазіргі мектептегі ақпараттық құралдарды жетік меңгеру, Power Point, Active Studio бағдарламаларымен жұмыс істеп қана қоймай, үнемі интернет жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді өзінің кəсіби шеберлігіне қолдана білу, білім кеңістігін кеңейту, ашу бағытындағы өзгерістер мен əлемдік білім беру кеңістігіне кіруге талпыну керек. Соңғы кезде, уақыт көрсетіп отырғандай, мұғаліммен салыстырғанда оқушыда көп ақпарат болатыны кейінгі көрсетілген тəжірибелер дəлелдеп отыр. Сондықтан əрбір мұғалім өз қызметіне ақпараттық технологияны пайдалана білуі кажет. Бұл мəселе білім беруді ақпаратттындырудың қажетті шартына айналып отыр. Қазіргі кезде адамның кəсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық жəне танымдылық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қойып отыр. Алайда ұмытпаған жөн: полимəдениетті тұлға қалыптастыру ұлттық мəдениетке орталықтандырылған аппарат бойынша жүргізілген дұрыс 9]. Яғни, лингвистикалық білім беруде ана тілі — шетел тілі формуласы тұрғысынан саралануы тиіс. Əлемдік тенденцияның өзі соны көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасының «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өзі мемлекеттік тіл — қазақ тілінің функционалдылығын арттыру үшін, өзге тілдерді осы мемлекеттік тілдің айналасына, аясына топтастыруды мақсат тұтқан. Өзге тілдерді қолдай отырып, мемлекеттік тілдің де дамуына серпін берілген.
Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тəжірибесін жинақтап, əлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік əріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны əлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тəрбие берілуі қажет.
«Тілі бірдің — тілегі бір», «Тіл тағдыры — ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі — тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Ендеше, жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып-білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мəңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу басты міндетіміз.
Əдебиеттер тiзімі
- Рахманов И.В. Очерки по истории методики преподавания новых западно-европейских иностранных языков. — М.: Педагогика, 1980. — 315 с.
- Основные направления в методике преподавания ИЯ в XIX–XX вв. / Под ред. И.В. Рахманова. — М.: Педагогика, 1972. — 320 с.
- 2015 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының білім беру тұжырымдамасы // Қазақстан мұғалімі. — — 15 қаңт. — 40–48-б.
- Ломакина И.С. Изучение иностранных языков в ЕС в контексте политики мультилингвизма // Иностранные языки в школе. — 2008. — № 3. — С. 101–108.
- «Қазакстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына» түсіндірме. Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрлігі // Қазақстан мектебі. — 2004. — 16–18-б.
- ҚР «Білім туралы» Заңы // Егемен Қазақстан. — 2004. — 16 қазан. — 3–7-б.
- ҚР шетел тілінен білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Қазақстан мектебі. — 2005. — 34–41-б.
- Rakhmanov I.V. Outline on stories of a technique of teaching modern West European foreign languages. — M.: Pedagogics, 1980. — 315 р.
- Warschauer Mark, Shetzer Heidi, Meloni Christine. Internet for English Teaching. United States Department of State Office of English Language Programs. — Washington: DC 20547, 2002. — 177