Инновациялық білім беруде адамның рухани, мəдени, интеллектуалдық дамуының сұраныстары, ойлауды қалыптастырудың алғышарттары орталық мəселе болып табылады. Сондықтан инновациялық білім беру мақсатын жүзеге асырудың салдары ретінде антропоцентризм бірінші орынға шығып, мақсатты іске асырудың шарасы ретінде де анықталады. Яғни білім беру мазмұны адамға оның сұраныстары мен қызығушылықтарын қанағаттандыратын дəрежеде құрылуы тиіс. Бұл инновациялық білім берудің өзіндік ерекшелігі болып табылады, ол сəйкесінше инновациялық мектептерде жүзеге асырылады.
Педагогика теориясында жəне практикасында жинақталған пікірлерді ой елегінен өткізу барысында қазіргі уақытта өмір сүріп, қызмет етіп отырған кез келген білім беру мекемесінің инновациялық болып табылмайтыны түсінікті болды. Əрине, қай білім беру мекемесі болмасын, өзінің жұмысы барысында белгілі бір дəрежеде инновацияны енгізеді, дегенмен инновациялық мекеме болу үшін құрылымдық, ұйымдық, мазмұндық тұрғыда инновациялар кешенді енгізілуді жəне оның тұлғалық бағытталуын қамтамасыз етуді қажет етеді. Ал мұндай сипаттамаға мектептердің салыстырмалы түрде жаңа типтері — гимназиялар мен лицейлер сəйкес келеді.
Бұл мектептердің атауларына этимологиялық талдау жасау олардың түбірінің ежелгі дүние тарихынан, атап айтсақ, ежелгі Грекиядан бастау алатынын көрсетті. «Гимназия» сөзінін түбірі — «гимнос» сөзі грекше «жалаңаштану» деген ұғым береді, ежелгі гректерде «гимнасия» — «гимнастика» — дене жаттығуларын жасайтын алаң, балаларға дене тəрбиесін беретін, оларды спорттың түрлері арқылы болашақ өмірге даярлайтын мектеп, кейініректе бұл жерлерде философиялық жəне басқа ғылымдарға байланысты əңгімелер өткізілген [1].
Гимназияның ежелгі Грекияда балаларды өмірге дайындайтын мектеп болғаны тарихтан мəлім, алғашында мұнда негізінен сол кездегі қоғам сұранысына байланысты жауынгер дайындау мақсатында дене шынықтыруға, жауынгерлік өнерге көп мəн берілсе, кейіннен жалпы ғылым негіздері де оқытылады.
Ежелгі Афинада гимнасияда жеткіншектер əскери қызметке алынып, азамат құқықтарын алғанға дейін дене, философиялық жəне саяси білімдерін жетілдірді. Гимнасиялардың əрқайсысының мифологиялық дəстүрлермен қалыптасқан өз атауы болды. Олардың ішіндегі ең атақтылары — Академия (Академ батырдың атындағы) жəне Ликей (Ликейлік Аполлонның құрметіне аталған) болды, кейіннен бұл атаулар ғылыми жəне білім беру мекемелері үшін жалпы атауларға айналады [2, 3]. Сонымен бірге Спартадағы Дромос, Афинадағы Киносарг гимнасиялары тарихтан белгілі. Жалпы Ежелгі Грекияда гимназиялар жалпы білім беретін мектеп ретінде біздің заманымызға дейінгі V ғасырдан бастау алады. Алғашында «гимназия» атауы дамыған орта ғасырларда, əсіресе ХІІ ғасырда университеттерге берілген екен, олар сонымен қоса academia жəне archigimnasium деп те аталған [4].
Еуропада гимназия атауы 1538 жылы Страсбургте ашылған орта мектепке беріліп, содан бері жалпы білім беретін мектеп типі ретінде қарастырылады. Еуропалық Қайта өрлеу жəне Реформация дəуірінде Германияда гимназия деп оқушыларды университетке түсуге даярлайтын, білім беру мазмұны гуманитарлық болған мектептер атала бастады [5]. XVI–XVII ғасырларда осы елдің көптеген қалаларында гимназиялар ашылады. Сол сияқты бұл елде лицейлер — толық емес немесе жоғары дəрежелі гимназиялар ашыла бастады.
Францияда неміс гимназияларына лицейлер, ал Англияда грамматикалық мектептер сəйкес болды [2; 46]. Бірақ көптеген еуропалық елдердегі оқу мекемелерінің атаулары əр түрлі болғанымен, олардың мақсаты негізінен бір — түлектерді жоғары оқу орнында оқуға дайындау (айта кету керек, қазіргі уақыттағы гимназиялар да өз алдарына осы мақсатты негізгі етіп қояды).
Бізге «гимназия» сөзі Ресей империясы арқылы келді, ал Ресейге өз кезегінде поляк жəне неміс тілдері арқылы латын тілінен ХVІІ ғасырда келген болатын. 1667 жылы мəскеуліктер патша Алексей Михайловичке (І Петрдің əкесі) «гимназия» ашу туралы өтініш білдіреді. Онда «еңбекқор скудейлер (студенттер) «грамматикалық амалдарды, словен, грек, латын тілдерін, басқа да ғылыми даналықтарды» меңгеруі тиіс» болды. 1762 жылдан бастап «гимназия» сөзі сөздіктерден кездесе бастайды [1; 84].
Кеңестік кезеңдегі сөздіктерде «гимназияға» «революцияға дейінгі Ресейдегі жəне кейбір капиталистік елдердегі жалпы білім беретін оқу орны» деген анықтама берілді. ХІХ ғасырдың басынан бастап Ресей империясында гимназия деп оқушыларды университеттерде оқуға даярлайтын жалпы білім беретін оқу орындары аталды. 1804 жылдан бастап ерлер гимназиясы Ресейдегі жалпы орта білім беретін мектептің негізгі типі болды. 1870 жылдан бастап ашыла бастаған əйелдер гимназиясы 7 жылдық (8-ші сынып — арнайы, педагогикалық), 1871 жылдан бастап ерлер гимназиясы 8 жылдық болды.
Гимназиялар мазмұндық жағынан қалай ұйымдастырылды? Бірінші орында «классикалық гимназиялар» тұрды, оларда классикалық тілдер (класс — «үлгі» деген сөзден шыққан) оқытылды. Классикалық тілдерге грек, латын, ескі славян тілдері жатқызылды [1; 85]. Сонымен қатар орыс тілі мен жаратылыстану ғылымдарына да ерекше мəн берілді. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңында КСРО-да алғаш ашылған гимназияларда жоғарыда аталған тілдерді оқу жоспарына енгізу сөздің тура мағынасында «классикалық гимназия» үлгісін жаңғыртуға тырысушылық еді. Бірақ уақыт өте келе мұндай тікелей көшіру қазіргі қоғам сұраныстарына жауап бермейтіні көрінді.
«Реалды гимназияларда» бірінші кезекте математика-жаратылыстану ғылымдары: математика, физика, т.б. пəндерді оқытуға мəн берілді. Кейін бұл гимназиялар реалды училищелерге айналды, яғни оларда жоғарыда айтылған пəндерге қоса бір кəсіптің түрін беру қолға алынды.
Қазақстандағы алғашқы гимназиялар патшалық Ресейдің білім беру жүйесінің бөлігі ретінде ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ашыла бастап, оларда жергілікті ұлт өкілдерінің оқуына мүмкіндік берілді. Мəселен, Верный, Орал, Семей, Омбы қалаларындағы гимназиялар жанынан ашылған интернаты бар арнайы бөлімде 1916 жылы 76 қыз жəне 139 ұл мұсылман балалары, негізінен қазақтар оқығаны тарихи деректерден белгілі. Сонымен бірге Қазақстанда 1916 жылы 13 гимназия мен 4 реалды училищенің болғаны мəлім [6].
Қазан төңкерісі жеңіске жеткеннен кейін, 1918 жылғы 30 қыркүйекте қабылданған «Положение об единой трудовой школе» деп аталатын құжат іс жүзінде жалпы орта білімнің бір типтілігін қалыптастырды.
70 жылдан астам үзілістен кейін гимназиялар қайта құрылып, жұмыс жасай бастады. Құқықтық- нормативтік, мазмұндық жағынан арнайы мəртебе алған КСРО-дағы алғашқы гимназиялар 1989 жылғы 1 қыркүйекте Мəскеу қаласында ашылды, бұлар бұрынғы № 13 (директоры — А.С.Бубман), № 67 (директоры — Е.С.Топаллер) жəне № 388 (директоры — А.Г.Каспржак) мектептер еді [7]. Кейін мектептің бұл типі бұрынғы Одақтың барлық түпкіріне тарады.
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдырағаннан кейін тəуелсіз елдердің білім беру жүйесінде жаңа заңдардың қабылдануымен мектептің жаңа типтері білім беру жүйесіне нығыз еніп, күнделікті құбылысқа айналды. Мысалы, 1992, 1999, 2007 жылдары қабылданған Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңдарында олар ерекше аталып өтеді.
Бүгінгі күні елімізде гимназиялардың саны бірқатар өсті. 2011–2012 оқу жылының басында елімізде барлығы 149 гимназия мен 64 лицей тіркелді, ал олардың ішінде қазақ тілінде жұмыс жасайтын гимназия — 36, лицей — 11. Бұл барлық күндіз оқитын мектептердің 2,4 пайызын құрайды. Ал Қарағанды облысында жалпы гимназия саны — 16, гимназия сыныптары бар мектептер — 12, лицей — 9.
Гимназиялардың мазмұндық-құрылымдық ұйымдастырылуы əр текті. Дегенмен, барлық гимназияға ортақ нəрсе — олардағы үздіксіз жүретін инновациялық процестер болып табылады.
Жалпы қазіргі кезде «гимназия» ұғымының педагогика теориясы мен практикасында қолданылып жүрген анықтамалары əр түрлі. Солардың кейбіреуін салыстырып көрелік (1-кесте):
Көріп отырғанымыздай, «гимназия» ұғымына анықтама беруде ғалымдар, біріншіден, оқушыларды даярлауда ерекше талаптарға, екіншіден, сол оқушылардың өздерінің даму деңгейінің жоғарылығына сүйенеді. Анықтамаларда кездесетін бағыттылық белгісі қазіргі гимназиялар үшін елеулі емес; себебі гимназиялардың жұмыс барысын талдау олардың бағыттарының көпполярлы екендігін көрсетті.
Бүгінгі таңда гимназиялық білім беру ерекше орын алады, себебі гимназия өз статусына сəйкес оқушыларды жоғары оқу орнында оқуға даярлауды бір міндеті ретінде көрсетеді. Гимназиялар болашақ интеллигенцияны, ой еңбегі адамдарын даярлайды. Сондықтан гимназиялардың, лицейлердің оқушылары үшін тұлғаның интеллектуалдық, шығармашылық жəне адамгершілік дамуы білім берудің əдіснамалық негізінің мəні [14].
Кеңес Одағындағы гимназиялық білім беруді қалыптастырудың алғашқы қарлығаштарының бірі А.Г.Каспржактың айтуынша, гимназия атауының өзі көп нəрсеге міндеттейді. Алғашқы екі жылдық (1989–1990, 1990–1991 оқу жылдары) жұмыс жаңа оқу мекемесінің абстрактілі схемасын меңгеру жəне қайта қарау уақыты болды [7; 27]. Оның пікірінше, қазіргі гимназияның тұжырымдамасына енгізілетін қосымшалар төмендегідей болуы тиіс:
- Прогимназиядан(V–VII сыныптар) жəне гимназияның өзінен (VIII–XI сыныптар) тұратын кіші оқу орнын құру. Бір мектеп шеңберінде гимназиялық жəне гимназиялық емес сыныптарды біріктірудің мүмкін еместігі.
- Міндетті түрде оқу жоспарларында гимназиялық білім берудің культурологиялық ядросын айқындау.
- Шет тілін интенсивті оқыту, онымен бір мезгілде екінші шет тілін меңгерту.
- Гимназияда кураторлар институтын қайта жаңғырту (сынып айымдары).
- Мектептің барлық педагогтарының авторлық бағдарламалармен жұмыс істеуі. Бұл бағдарламалар əдістемелік бірлестіктер анықтайтын жалпы принциптерге негізделуі керек.
Осылайша гимназия — эксперименталдық алаңға, ал əдістемелік бірлестік əдістемелік лабораторияға айналады.
Өзінің осындай ұсыныстарына түсінік беру үшін А.Г.Каспржак олардың кейбіріне нақты тоқталады. Мəселен, прогимназияның мақсаты — болашақ гимназистер ядросын даярлау, толыққанды мектеп ұжымын құру. Прогимназиядағы білім беру белгілі бір дəрежеде отбасы тəрбиесі кемістіктерін өтеуге, баланы гуманитарлық жағынан дамытуға бағытталады. Гимназияда білім беру бейінділігімен ерекшеленеді, онда бейіндік пəнде жоғары оқу орны деңгейінде оқытылады. Гимназияның оқу жоспарының басты ерекшелігі — оны білімнің жалпымəдени ядросы негізінде құрудан көрінеді [7; 29]. Тəжірибе мектептің жоғары сатысында философия, логика, риторика, т.б. пəндерді оқыту мүмкіндігі мен қажеттігін көрсетіп берді.
Жалпы, гимназияның білім беру саласындағы өзіндік мақсаттары мен міндеттері бірінші кезекте анықталуы тиіс. Олар:
- кəсіби білім бағдарламасын игеруге жəне кəсіп түрін саналы таңдауға дайын, қоғам өміріне бейім, жоғары мəдениеті, зерделі тұлғаны қалыптастыру;
- негізгі білім бағдарламаларын сапалы меңгеруді қамтамасыз ету;
- оқушылардың оқу іс-əрекеті барысындағы дарындылығын, қабілеттілігін анықтау;
- оқушыларды білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты деңгейін арттыра отырып, бейіндік пəндер бойынша оқыту;
- оқушыларға ерте кəсіби бағдар беру;
- оқушыларды оқытудың нновациялық əдіс-тəсілдері мен технологиясы арқылы олардың өзіндік танымдық іс-əрекеті дағдылары мен шығармашылық қабілеттіліктерін қалыптастыру;
- білім беру процесінде отандық жəне шетелдік педагогикалық озық тəжірибелерді кеңінен пайдалану, кəсіптік құзырлылық пен шығармашылық іс-əрекетке ынталандыру;
- оқушыларға жоғары оқу орнында оқуын жалғастыруға бағдар беру [14; 87, 88].
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі гимназиялардың құрылымы үш сатыдан тұрады (2-кесте):
Бұл жерде бір ескере кететін жайт, гимназия екінші немесе үшінші сатыдан бастап дербес білім беру мекемесі болып қызмет атқара алады. Гимназияның жұмыс бағытына да шектеу қойылмайды: ол гуманитарлық, педагогикалық, жаратылыстану-математикалық, эстетикалық, т.б. бағыттарда, сондай-ақ көп бейінді бағытта жұмыс істеуі мүмкін.
Гимназияларға білім беру саласын басқару ұйымдары тарапынан бірқатар талаптар қойылады: жоғары білікті мамандармен, қажетті оқу-əдістемелік құралдармен қамтамасыз етілгенде жəне əлеуметтік сұраныстың қажетіне орай Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігі мен аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органының келісімімен сараптаушы кеңес жасаған қорытынды негізінде тиісті білім органдарының ұсынысы бойынша жергілікті атқару органдарының шешімімен ашылады [15]. Гимназиялар өз жұмысын ұйымдастыруда Қазақстан Республикасы Конституциясын,
«Білім туралы» Заңын, «Қазақстан Республикасы гимназияларының қызметін ұйымдастыру тəртібі туралы ережелер», «Білім беру қызметін лицензиялау ережесі», «Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау туралы ереже», т.б. нормативтік құжаттарды басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасы гимназияларының ұйымдық ерекшеліктерінің бірі — оларға оқушылардың қалауы бойынша қосымша курстар мен факультатив сабақтар (əр сыныпқа 4 сағат) жəне үйірмелер мен клубтар, ғылыми қоғамдар мен студиялар, т.б. ұйымдастыру үшін əр сыныпқа 0,25 жүктеме мөлшерінде, сондай-ақ элективті курстар мен келісім-шарт негізінде жоғары дəрежелі арнайы дəрістерге ақы төлеуге жылына 1500 сағат есебінен қаржы бөлінді.
Педагогика теориясы мен практикасында инновациялық мектеп ретінде гимназияны құру мен дамытудың алуан түрлі тұжырымдамалары бар. Оның ішінде педагогикалық бағыттағы оқу орны ретінде А.Г.Каспржактың даму тұжырымдамасы (Мəскеу қаласы, № 388 гимназия), гимназия дамуының прогностикалық тұжырымдамасы (Мəскеу қаласы, № 1512 гимназия, авторлары — Б.С.Гершунский, Е.С.Полат, В.В.Кулашкина, т.б.), гендерлік саралау негізінде құрылған гимназия тұжырымдамасы (Қазақ əйелдер гимназиясы, Екібастұз қаласы, авторы — Л.С.Сырымбетова), тəрбие жүйесі ретіндегі гимназияның тұжырымдамасы (№ 9 гимназия, Қарағанды қаласы, авторы — Н.Хван) жəне педагогикалық инновацияларды басқару негізінде жасалған ұлттық гимназияның тұжырымдамасы (№ 92 қазақ гимназиясы, авторы — Ш.Қ.Əмір) ерекше назар аударуға тұрарлық.
Инновациялық оқу орындары өз тұжырымдамаларын басшылыққа ала отырып, нақты даму бағдарламаларын жасайды. Мəселен, жоғарыда аталған № 1512 гимназияның даму бағдарламасында 8 негізгі модульдер қарастырылады:
- 1-модуль. Педагогикалық ұжым жұмысының нəтижелілігін талдау;
- 2-модуль. Білім берудегі басым бағыттар, мақсаттар мен міндеттер;
- 3-модуль. Федералдық жəне аймақтық стандарттарға сай келетін оқу пəндерін таңдау;
- 4-модуль. Гимназиялық білім беру мазмұнын сипаттайтын оқу пəндері мен бағдарламаларының тізбесі;
- 5-модуль. Оқушылардың бастапқы кəсіби даярлығын, олардың қызығушылықтары бойынша дамуын қамтамасыз ететін қосымша білім беру бағдарламаларының жиынтығы;
- 6-модуль. Бағдарламалардың вариативті бөлігін оқу-əдістемелік қамтамасыз ету;
- 7-модуль. Оқу-тəрбие процесін ұйымдастыру;
- 8-модуль. Мониторинг арқылы бағдарламаның іске асырылуын басқару [14; 17].
Көріп отырғанымыздай, гимназияның даму бағдарламасында оқу орны жұмысының барлық салалары қамтыла отырып, негізгі көңіл гимназиялық білім беру мазмұнын жетілдіруге бөлінген. Оның ішінде оқу жоспарының вариативті бөлігіне ерекше мəн беріледі. Бұл түсінікті жайт, себебі жоғарыда атап кеткендей, гимназияның ең басты ерекшеліктерінің бірі — оның қосымша білім беру бағдарламаларын тиімді іске асыруы.
Кез келген оқу орны тəрізді гимназия — бұл нəтижесі осы жүйені құрайтын төмендегі компоненттердің негізділігінен тəуелді педагогикалық жүйе:
- білім беру-тəрбиелеу іс-əрекетінің мақсаттары;
- оқушыларды оқыту, тəрбиелеу жəне дамыту мазмұны;
- педагогтың оқыту (тəрбиелеу, дамыту) іс-əрекетінің əдістері;
- білім беру мақсаттарына жету үшін қолданылатын құралдар;
- оқушыларды танымдық, тəрбиелік жəне дамытушылық іс-əрекеттерге тартудың ұйымдық формалары [15; 18].
Жоғарыда аталған педагогикалық жүйенің барлық компоненттері өзара байланысты жəне педагогика ғылымында белгілі болып отырғандай құрылған жүйенің жұмысының тиімділігі оның компоненттерінің үйлесімді қабысуынан тікелей тəуелді.
Айтылған мəселелерді тұжырымдай келе, мынадай қорытынды жасауға болады: гимназияның жетекші бағдары — адам, тұлға, білім. Гимназия іс-əрекеті — гимназия түлектерінің өзгермелі əлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделуге жəне жалпыадамзаттық пен ұлттық мəдениет жүйесіне кірігуіне мүмкіндік беретін əмбебап білім алуы; интеллектуалдық қабілеті жоғарыдағы балаларға арналған бағдарламаларды іске асырудың халықаралық талаптарға сəйкестігі: күрделендірілген оқу материалыны мазмұны, бағдарламаларды диверсификациялау, ойлау процесінің жоғары деңгейі, оқушыларда рефлексивті дағдылардың дамуы; интеллектісі, зерттеу еңбегінің дағдылары дамыған, мəдениет деңгейі жоғары, саналы таңдауға жəне əр түрлі кəсіби білім беру бағдарламаларын игеруге дайын тұлға тəрбиелеуге жағдай жасау.
Гимназияның спецификасын анықтай отырып, «гимназиялық білім беру» ұғымына мазмұны теориялық ойлау деңгейімен, нормативтік деңгейімен, іске асыру деңгейімен жəне тұлғалық деңгейімен сипатталатын кешенді білім беру деген анықтама беріледі. Осыған сəйкес гимназиялық білім берудің спецификасы барлық оқу пəндерін меңгеру барысында шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін кеңейту болып табылады.
Гимназиялық білім берудің философиялық-тарихи негізі тəрбиенің мақсатына сай жан-жақты, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру, адамды жетілдіру идеясы болып табылады. Л.М.Перминованың пікірінше, гимназиялық білім беру өзіндік сипаттарға ие [4; 66]. Оның сипаттарын 3-кестеден көруге болады.
Гимназиялық білім беру мазмұны гуманитарлығымен (адаммен, оның тарихи өткенімен, іс- əрекет тəжірибесімен байланысты білім), сыртқы рухани ашықтығымен (ақпараттарға, жаңа тенденцияларға, технологияларға), динамикалылығымен (диалогқа түсу қабілеті, технологиялылығы, мазмұнның құндылық-мағыналы əлеуеті), оқушының өз білімін жəне өзін ақпаратты кеңістікте сезіне алуымен сипатталады.
Н.А.Шарай «гимназиялық білім беру» ұғымы шеңберінде «гимназиялық білім» түсінігін анықтайды, оның пікірінше, бұл — оның əдіснамалық, технологиялық, құндылықтық жəне синергетикалық тəрізді инварианттық аспектілерінің тұтастығынан туындайтын əмбебап білім [13].
Гимназиялық білімнің аспектілерінің түсініктемесі төмендегі 4-кестеде берілген:
Қорыта келе, бүгінгі гимназиялардың жағдайы көптеген қарама-қайшылықтармен сипатталатынын атап көрсетуге болады:
- дəстүрлі постиндустриалды (ақпараттық) қоғам құндылықтары арасындағы;
- процесс пен нəтиже ретіндегі құндылықтар мен білім берудің мақсаттары арасындағы(құндылықтар үздіксіз, бөлінбейді, тұтас, мақсаттар — дискретті, түпкілікті);
- жалпы жəне жалқы ретінде мектептік жəне гимназиялық білім беру мақсаттары арасындағы;
- мектеп дамуы парадигмасы (өмірге дайындау) жəне гимназия дамуы парадигмасы(университетке дайындау) арасындағы;
- гимназия мен гимназиялық білім беруді басқарудың жүйелі тəжірибесі (бұрынғы) мен жаңа мəдени-тарихи жағдайларда дамып отырған гимназиялар мен гимназиялық білім беру туралы шашыраңқы пікірлер арасындағы қайшылықтар.
Осы қайшылықтардың жойылуы барысында біз гимназия жəне гимназиялық білім беру туралы жүйелі түсініктер қалыптастыруға жəне оны классикалық түрде жүзеге асыруға мүмкіндік аламыз.
Сонымен, инновациялық мектеп типі ретінде гимназияның негізгі мақсаты — терең ойластырылған гимназиялық білім беру арқылы адамның тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз ету, оның өмірлік позициясын қалыптастыру, үнемі өзгеріп отыратын қоғамдық құбылыстар жағдайына бейімдеу болып табылады.
Əдебиеттер тізімі
- Брагина А.А. Школа, гимназия, лицей // Русская словесность. — 1998. — № 2. — С. 84,
- Перминов А.В. К вопросу о содержании понятий «гимназия» и «лицей» // Современная школа и ее влияние на развитие психолого-педагогической науки: Сб. науч. тр. — Усть-Каменогорск: ВКГУ, 1995. — С. 45–48.
- Перминов А.В. Гимназии и лицеи в истории образовательных систем: Автореф. дис. ... канд. пед. наук. — Алматы, 1997. — 27 с.
- Перминова Л.М. Социокультурный смысл гимназического и лицейского образования // Инновации в образовании. — 2006. — № 5. — С. 63–72.
- Савельев А. Инновационное образование и научные школы // Вестн. высшей школы. — 2000. — № 5. — С. 15–18.
- Макатова Ж.А. Становление и развитие начального образования в республике // Образование в Казахстане: история и перспективы: Материалы респ. науч.-практ. конф. Ч. 1. — Алматы, 1999. — С. 16–21.
- Каспржак А.Г. Педагогическая гимназия: Книга для учителя. — М.: Просвещение, 1992. — С.
- Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Педагогика жəне психология / Жалпы ред. басқ. А.Қ.Құсайынов. — Алматы: Мектеп, 2007. — 63-б.
- Таубаева Ш.Т., Лактионова С.Н. Педагогическая инноватика как теория и практика нововведений в системе образования: научный фонд и перспективы развития. Кн. 1. — Алматы: Ғылым, 2001. — С. 63,
- Педагогика: педагогические теории, системы, технологии: Учеб. пособие для студентов средн. пед. учеб. зав. / Под ред. С.А.Смирнова. — М.: Академия, 1999. — 544 с.
- Катаев Е. Общеобразовательные школы нового типа: реальность и перспективы // Қазастан жоғары мектебі. —— № 2. — С. 87–92.
- Коджаспирова Г.М., Коджаспиров А.Ю. Педагогический словарь. — М.: Изд. центр «Академия», 2001. — С.
- Шарай Н.А. Теоретические основы управления развитием гимназического образования: Автореф. дис. ... д-ра пед. наук. — М., 2001. — 45 с.
- Современная гимназия. Взгляд теоретика и практика / Под ред. Е.С.Полат. — М.: ВЛАДОС, 2000. — С.
- ҚР гимназияларының қызметін ұйымдастыру тəртібі туралы ережелер // Қазақстан Республикасындағы білім туралы заңнама: Заң актілерінің жин. — Алматы: Юристъ, 2004. — 87–90-б.