Қоғамдық-тарихи тəжірибені меңгеру жəне əлеуметтік ортаның əсерімен адам тұлға ретінде дамып, қалыптасады. Өз іс-əрекетінің нəтижесінде адам қоршаған шындыққа белсенді əсер ете отырып, оны шығармашылық тұрғысынан қайта жасап, өзін де өзгертеді.
1980 жылы баланың əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру жəне дамыту мəселесі бойынша шет елде мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңі көптеген зерттеушілердің назарын аударды (Ш.А.Амонашвили, С.П.Баранов, Е.А.Ануфриев, Р.Г.Казакова, В.И.Логинова, В.С.Мухина жəне тағы басқалар). Мектепке дейінгі кезеңнен бастап əлеуметтік белсенділікті қалыптастыру бойынша қажырлы еңбектеніп, мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізілуі керек. Осы кезеңнен бастап болашақ тұлға ретінде өзіне, адамдарға, қоршаған ортаға көзқарасы қалыптаса бастайды. Əлеуметтік ережелер мен қағидаларды меңгере отырып бала дамиды. Əрине, əлеуметтену процесі баланың қоршаған ортамен белсенді өзара əрекеті нəтижесінде жүзеге асады. Субъектінің əлеуметтік белсенділігінсіз оның танымы да, шығармашылығы да, іс-əрекеті де дамымайды. Сондықтан балалық шақтан бастап белсенділік əлеуметтік маңызды сипатқа ие болуы керек.
Е.А.Ануфриев тұтастай алғанда белсенділік компонентіне баса назар аудара отырып, адам өмірін жоғары мəнге толтыратын, жағымды қоғамдық құндылықтарға бағытталған, қоғамдық дамуға жетелейтін белсенділікті ғана əлеуметтік деп түсіндіреді [1].
Кейбір зерттеулерде белсенділіктің əрекеттік жəне мақсаттылық компоненттерінің бірлігі атап көрсетіледі. Мысалы, А.П.Петров əлеуметтік белсенділікті «қоғамды қайта жасауға бағытталған қарқынды дамитын əрекет» ретінде қарастырады [2]. А.К.Рычковтың пікірі бойынша, «əлеуметтік белсенді тұлға — бұл өзіндік қажеттіліктері мен мемлекеттің сұранысына сай, қабілетті, алдына қойған мақсатына қол жеткізе білетін, жан-жақты дамыған тұлға» [3]. Философия, əлеуметтану ғылымдары əлеуметтік белсенділікті қоғамнан адамға қарай принципі негізінде қарастырады, адами факторларды белсендіруге арналған қоғамдық талаптарды зерттейді. Ал педагогика, психология ғылымдары тұлғаның белсенділігін адамнан қоғамға қарай принципі негізінде қарастырады, адамның əлеуметтік ортамен өзара əрекеті тұрғысынан тұлға ретінде қалыптасу заңдылықтарын зерттейді.
Əлеуметтік белсенділік тұлғаны қалыптастырушы факторлардың бірі ретінде жəне қоғам үшін адамды басты құндылық ретінде сипаттайды. Əлеуметтік белсенділік арқылы адамның өмірлік ұстанымы пайда болады, қоғам дамуына өзінің үлесін қосуға атсалысады, тұлға ретінде өз əрекетін жүзеге асырады. Əлеуметтік белсенділіктің мəні — тұлғаның жаңа қоғамдық міндеттерді атқаруымен байланысты мінез-құлық тəсілдері мен əрекеттер жиынтығының қалыптасуы, өзіндік «Мен» компонентімен тікелей байланысты мақсатының əлеуметтік маңызын сезінуі. Нəтижесінде тұлға өзіне нақты міндеттер жүктеп, жауапкершілік субъектісі болып табылады.
Əлеуметтік белсенділік өз бетінше пайда болмайды, өзіндік қызығушылық пен əлеуметтік бағдардың негізінде жүзеге асады. Жауапкершілік, саналылық, дербестік əлеуметтік белсенділікті сипаттайтын сапалар болып табылады.
Тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру тəрбие мақсатының маңызды сапаларының бірі ретінде сипатталады, яғни нақ осы əлеуметтік белсенділік қоғамда адамның күнкөріс амалы болып, оның болашаққа деген талпынысын, тұлға ретінде шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, тұлға мен қоғамды біріктіреді.
Сонымен қатар тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру педагогика жəне психология ғылымында ең күрделі жəне өте аз зерттелген мəселенің бірі болып табылатынын атап өткен дұрыс. Баланы оқыту мен тəрбиелеуде белсенділік принципі талап етілгенмен, тəжірибеде толық жүзеге асырылмай келді. Адамнан белсенділік талап етілді, бірақ бұған қажет жағдай жасалған жоқ. Талаптың өзі орындаушылық аясында шектелді, ал тұлғаның ұсынысына қоғам қызығушылық танытқан жоқ.
Қазіргі таңда мəселе оңтайлы шешімге бетбұрыс жасады. Бұған қоғамды демократияландыру, адамның рухани өмірінің ізгіленуі, ашықтық жəне жариялылық себеп болды. Жаңашыл- педагогтардың алдыңғы қатарлы тəжірибелері, психологиялық-педагогикалық зерттеулері негізінде жасалған жалпы орта білім беру мен мектепке дейінгі тəрбие концепцияларының нұсқаларында аталған мəселе айқын көрініс тапты. Қоғамдық талаптардың өзгеруі мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердегі білім беру мен тəрбие мақсаттарының да өзгеруіне əкелді. Əлеуметтік индивидтің белсенділігін көрсететін білім мен іскерлікті қалыптастыру мəселесі ғана емес, сонымен қатар əлеуметтік белсенділіктің əр түрлі формаларында қалыптасып, дамитын адамның жеке тұлғасы басты орынға шықты.
Нақты тəжірибе жəне арнайы жүргізілген психологиялық-педагогикалық зерттеулер көрсеткендей, əлеуметтік белсенділіктің негізін қалыптастыруда мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жасы сəтті кезең болып табылады. Мұнда бастамашылдық пен атқарушылдықты дамыту үшін əлеуметтік қызбалық пен əлеуметтік енжарлықтың көрінуін жеңуде сəтті бастамалар жасалады. Əрине, балалардың белсенділігі үлкендердің белсенділігінен мазмұндық сипаттамасы жəне көріну деңгейі бойынша ерекшеленеді. Мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңінде əлеуметтік белсенділік көбінесе мөлшерлік деңгейде көрінеді жəне тұлғалық деңгейге өту үшін нақты талаптар қойылады. Сонымен қатар мөлшерлік деңгейді өтпеген адамнан болашақта жоғары деңгейлі белсенділікті күту қиын.
Тəжірибе жинақтамай, білім мен іскелікті меңгермей өмірде, əлеуметтік жағдайларда, өзара қарым-қатынаста шешім табу қиын болғандықтан, ең алдымен орындаушылық жоғары қарқынмен дамиды. Соңынан тұлғалық құрылым ретінде қалыптасатын бастамашылдық пайда бола бастайды. Ойында, еңбекте, нəтижелі əрекет түрлерінде, қарым-қатынаста, оқуда балалар мейлінше сапалы бастамалар көтере бастайды. Бала əрекетті ұйымдастырумен жəне орындаумен байланысты ұсыныстар айтуға қабілеттілігі артады. Бұл ұсыныстар əрекеттің нақты мақсаттарына қол жеткізуге бағдарланған. Сонымен қатар біршама дербес айырмашылықтар бақыланған. Сапалы бастамалар мен атқарушылық қабілеттері көрінген балалар аз емес, бұл олардың қарапайым əлеуметтік ұстанымдарының қалыптасқандықтарына дəлел болады. Бірақ əлеуметтік белсенді емес деңгейде қалған балалар да бар. Көптеген ұлдар мен қыздардың сапалы бастамалар көтеруге жəне сапалы орындауға қабілетті болып, тұлғалық таңдауды жүзеге асыруда психологиялық-педагогикалық тұрғыдан жағдай жасау педагогтың міндеті болып табылады [4].
Əлеуметтік белсенділік психикалық дамудың көптеген көрсеткіштерімен тығыз байланыста дамиды. Зерттеулер көрсеткендей, əлеуметтік белсенді емес балалармен салыстырғанда айқын бастамасы жəне атқарушылығы бар балалардың функционалдық мүмкіндіктері, көрнекі-бейнелік жəне логикалық ойлауы, қиялы, қызығушылығы, құрдастарымен қарым-қатынас жасай алу іскерлігі біршама жоғары деңгейде дамыған. Мұндай балаларды құрдастарына əсер ете алу қабілеті бөліп көрсетеді. Əлеуметтік белсенді балалар барлық деңгейдегі құрдастарымен өте жақсы қарым-қатынас жасайды, сапалы бастамалар көтеріп, басқаның бастамасын қолдай біледі, оның орындалуына əсер етеді. Əлеуметтік белсенді емес балалар біріккен əрекетті қиындықпен үйлестіруі мүмкін. Əлеуметтік қызбалық танытатын балаларда бастамалар сапасыз сипатқа ие болып, орындалуында қиындықтар тудырады. Əлеуметтік енжарлық танытатын балаларда белсенділіктің бастамашылдық та, атқарушылық та компоненттері əлсіз көрініс табады.
Мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңінде əлеуметтік белсенділікті қалыптастыру мəселесін қарастыра келе, балалардың қоғамдық міндеттерді шешуін қадағалай отырып, олардың тұлғалық дамуын жүзеге асыру керек деп есептейміз. Əлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптасыру бұл мектепке дейінгі ұйымда, мектепте, отбасында тəрбие мен оқыту жүйесін үйлестіре отырып, қайта жасау болып табылады. Бұл тəрбиешілер мен мұғалімдерді арнайы оқытып, ата-аналарға кеңестер беруді талап етеді.
Əлеуметтік белсенділікті қалыптастырудың бірнеше бағыттарын ұсынуға болады.
Ең алдымен бала тұлғасының əлеуметтік белсенділігінің негізін қалыптастыруда сəйкес психологиялық жағдай жасау керек. Оның ішінде ең маңыздылары төмендегідей:
- қоғамдық міндеттерді шешуде балалардың əлеуметтік тұрғыдан атсалысуы үшін алғы шарттардың болуы;
- мектепке дейінгілердің жəне кіші мектеп оқушыларының іс-əрекеттері мен мінез-құлық түрткілерін арттыру тəсілі ретінде эмоционалдық қобалжуларын белсендіру;
- тұлғаның өзін-өзі тануының ішкі механизмі ретінде өзіндік сананы дамыту.
Тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыруда педагогикалық талаптармен қамтамасыз ету керек, бастамашылдық пен атқарушылдыққа негіз болатын нақты əдістер мен тəсілдерді өңдеу қажет. Мұнда көп нəрсе педагог тұлғасына, балалармен ізгілікті, дұрыс қарым-қатынас жасай алу қабілетіне, белсенділіктің көрінуінің дербес ерекшеліктеріне зерттеу жасап, оның дамуын талдауға байланысты. Əрбір педагогтың балада əлеуметтік белсенділікті қалыптастырудың тиімді педагогикалық шарттары туралы түсінігі болып жəне оны мектепке дейінгі ұйым мен мектепте жүзеге асыра алуы қажет. Мұндай талаптарға мыналар жатады:
- оқыту мен тəрбиелеуде мəселелік принципін енгізу;
- мектепке дейінгі ұйым жаттығулары мен мектеп сабақтарында ойынды қолдану;
- оқу сабақтарының əлеуметтік мазмұнының болуы;
- балалардың топтық өзара əрекетін дамыту.
Аталған талаптар аясында əрбір баланың дербес ерекшелігін есепке ала отырып, бастамашылдық пен атқарушылықты дамытуға бағытталған жəне іс-əрекеттің əр түрлі түрінде əлеуметтік белсенділіктің қалыптасуына негіз болатын арнайы əдістер қолданылады:
- балаларды танымдық сұрақтарының пайда болуына;
- бастамашылдықтың дербес көрінуіне;
- іс-əрекетті жүзеге асыру барысында ұсынылған бастамаға;
- ұжымдық бастамаға жəне біріккен əрекетті ұйымдастыру бойынша бастамаға ынталандыру.
Тұлғаның əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша педагогтарға көмек көрсетілуі керек. Осы мақсатта мектепке дейінгі ұйымда жəне мектепте арнайы психологиялық қызмет жұмыс жасауы керек, оның негізгі міндеті баланың психикалық дамуын зерттеу, баланың əлеуметтік белсенділігін қалыптастыру саласында түсінігін кеңейту үшін педагогтар мен ата-аналармен жұмыс жəне т.б. болып табылады. Психологиялық қызмет ата- аналармен жұмысқа басты назар аударуы қажет. Кейбір отбасыларда тəрбиеге, оның ішінде баланың белсенділігін қалыптастыруға жете көңіл бөліне бермейді. Мектеп, мектепке дейінгі ұйым, отбасы əрекеттерінің бірлестігі бала тұлғасын дамытудың басты қағидасы болып табылады. Психологиялық қызмет өкілдері тəрбиешілерге, мұғалімдерге жəне ата-аналарға ортақ педагогикалық бағдар жүйесін жасап, оларға балалардың дербес ерекшеліктерін зерттеуге, өзара түсінік табуға көмектесуі керек.
Мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңінде тұлғаның əлеуметтік белсенділігінің негізін қалыптастыру жəне дамыту заңдылықтарын зерттеу басты мəселе болып табылады. Əлеуметтік белсенділікті қалыптастырудың психологиялық заңдылықтарын бөліп көрсету үшін адам тұлғасының қалыптасу тұңғиығына тереңдеу керек. Мұнда мектепке дейінгі жəне кіші мектеп жас кезеңі басты орын алады. Қабылдау əрекетінен адамгершілік құндылықтың күрделі түрлеріне дейін, қарапайым ойлаудан шығармашылық қабілеттің көрінуіне дейін, алғашқы күлімсіреу мен жандану процесінен қарым-қатынастың қатпарларын түсінуге дейін, құрдастарымен жəне үлкендермен қарым-қатынас жасау іскерлігі осының барлығы балалық кезеңде алғаш рет көрінеді. Əлеуметтік белсенділік өзінен- өзі қалыптаспайды, ол баланың əлеуметтенуінің нəтижесі болып табылады.
Қорытындылай келе, əлеуметтік белсенділіктің негіздерін қалыптастыру бала тұлғасының жалпы дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан, балалардың өздері атқаратын қоғамдық міндеттерге қатысты қарапайым əлеуметтік ұсыныстарды өңдеп, олардың үйлесімді дамуы үшін бастамашылдық пен орындаушылық деңгейін жоғарлатуға мүмкідік беретін əдістерді ұсынған тиімді болып табылады.
Əдебиеттер тізімі
- Ануфриев Е.А. Социальный статус и активность личности (Личность как объект и субъект общественных отношений).— М.: Изд-во МГУ, 1990. — C. 221.
- Петров А.П. Социальная активность: сущность, содержание, критерии // Формирование социально активной личности: сущность, проблемы. — Ч. I. — М.: ВЛАДОС, 1995. — С. 14.
- Рычков А.К. Некоторые методологические вопросы исследования процесса формирования социально активной личности. — М.: Педагогика, 2001. — C.
- Битинас Б.П., Бочарова В.Г. и др. Социальное воспитание учащихся (основные теоретические положения). —М.: Просвещение, 1990. — 215 с.