Елбасымыз Н.Ə. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған үндеуінде «мемлекетке қажетті барлық басты ерекшеліктердің ішінде білімге зор мəн беріледі. Себебі білім беру ұлттық қауіпсіздіктің кепілі болып саналады» дейді.
Ал Қазақстан үкіметі қабылдаған «Білім туралы» Заңның «Білім жүйесі» аталатын екінші бөлімінде «білім беру жүйесінің басты міндеттері: Қазақстан Республикасына шын берілген, адал патриот азамат даярлау... олар мемлекеттік белгілердің мəні мен маңызын терең түсінген, халықтық дəстүрлерді қастерлейтін... халықтар достығының негізінде тəрбиеленген, халық, отан, отбасы алдындағы жеке бастың міндеттері мен құқықтарын сезінген... Қазақстанда тіршілік етуші қазақ халқы мен басқа да халықтардың тілін, тарихын, салт-дəстүрі мен əдет-ғұрыптарын қадір тұтып игеруге пейілді азамат болуы керек» делінген [1].
Сондықтан, қай қоғамда болсын, ұрпақ тəрбиесінің алатын орны ерекше, білім негізі мектепте қаланады. Олай болса, ұрпақ тəрбиесінің алдында мұғалімнің жауапкершілігі орасан зор. Себебі бүгінгі таңда халқымыздың арғы-бергі тарихы мен дəстүрін, тарихи асыл мұраларымызды қастерлеп, кешегіміз бен бүгінгі күніміздің нəрлі қайнарына айналдыру — өмір қажеттілігінен туындап отырған əрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Қазақстан ғасырлар тоғысуында тəуелсіз елге айналып, саяси, əлеуметтік жəне экономикалық жүйесі əлемдік өркениет үлгісінде қайта құрылуы білім беру саласында қазақ ұлттық мектебін жасау, оқушыларға ұлттық тəрбие беру, оған қазіргі мектеп мұғалімдері мен болашақ мұғалімдерді кəсіби даярлау мəселелерін шешу қажеттігін қойып отыр.
Бүгінгі ұрпақты ата-баба дəстүрімен тəрбиелеу, халықтың педагогикалық нəрлі қайнарымен сусындату, оқыту мен тəрбиелеу негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Ал жастарға халық педагогикасының қыры мен сырын, ғылыми негіздері мен тəлімдік мəнін ғылыми-педагогикалық тұрғыда игерудің теориясы мен əдіс-тəсілдерін меңгерту мəселесімен этнопедагогика ғылымы айналысады. Ғылымда жеке бір халықтың, тайпаның этностық ерекшеліктерін айқындайтын ғылыми салаларында «этнос» түбірі қолданылады (этнография, этнопсихология, этнопедагогика т.б.). «Этнос» гректің etnos — тайпа, халық деген сөзінен шыққан. Ғылымда «халық» терминінің орнына «этнос» термині орынды қолданыла бастады.
Этнопедагогика — белгілі бір халықтың, тайпаның өзіне тəн ерекшелігі бар дүниетанымдық, тəрбиелік, мəдени мұрасы. Этнопедагогика ғылымы екі саладан тұрады: халықтың ауыз əдебиеті мен салт-дəстүрлерінен құралған ауыз əдебиеті жəне ұлттық тəлім-тəрбиенің жазу мəдениетіндегі көрінісі.
Əдебиет — тəрбие құралы. Əуелі жеке дарындардың дуалы ауыздарынан шығып, кейін халық қалап, қастерлеп, жаттап, жадында қалдырып, ғасырлар бойы өңдеп, өркендетіп, қадірлеп қалыптастырып, асылым деп ақыл-санасына сіңірген ауыз əдебиетінің үкілі үлгілері — мəдени мұрамыздың ең құнды қазынасы. Ол — ұрпақ тəрбиесінің күн сəулесіндей əсерлі нұрымен от алатын ой тамызығы болып, жанды жалындататын, қиялды қияндататын, ақыл-сананың айшықты көріністерін бейнелейтін қасиетті, киелі мұра.
Бұл — халық педагогикасының үлкен бір саласы. Жалпы педагогика ғылымының негізі халық педагогикасында жатыр. Халық педагогикасының арқауы — ауыз əдебиеті мен халықтың салт- дəстүрлері. Ауыз əдебиеті мен халықтың салт-дəстүрлері — ұлттық тəрбиенің негізі. Міне, осы тұғырлы тұжырымды ірі ғалым-лингвист, əдебиет зерттеуші, түркітанушы, дарынды ақын А.Байтұрсынов жан-жақты зерттеп, олардың тəрбиелік мəнін ашып берді. Яғни қазақ этнопедагогикасының негізгі нұсқаларын зерлей зерттеп, олардың ғылыми-теориялық негіздерін жасады.
Сондай-ақ ұлағатты ұстаздық ісін қастерлей біліп, педагогика ғылымын терең зерттеген М.Жұмабаев педагогика ғылымын халық педагогикасымен ұштастыра отырып, ұлттық тəрбиенің ғылыми негіздерін жасады. Ол: «Əр тəрбиешінің қолданатын жолы — ұлт тəрбиесі. Əрбір ұлттың бала тəрбиесі туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тəрбиесін баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, əрбір тəрбиеші, сөз жоқ, ұлт тəрбиесімен таныс болуға тиісті», — дейді [2].
Сөйтіп, ол педагогика ғылымының негіздерін халық педагогикасымен жəне халық психологиясымен байланыстырып, баланы тəрбиелеудің, оған дүние танытудың жолдарын талдап көрсетіп берді.
Дана халқымыз өздерінің үлкен тарихында жас ұрпаққа тəрбие берудің бай тəжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана, əдет-ғұрып, дəстүр рəсімдерін туғызды. Бұлар — халық бұқарасының жөн-жобаларының, іс-əрекеттерінің қоғамдық ортада қалыптасқан нормалары мен ұстанымдарының көріністері. Халқымыз өмір сүрген ортаның əлеуметтік-экономикалық жағдайына, мəдениеті мен тарихына орайлас жас буынға тəлім-тəрбие берудің басқа жұртта қайталанбайтын талап-тілектерін дүниеге əкелді. Мəселен, жас ұрпақты тəрбиелеудің жалпыға ортақ моральдық-психологиялық нормасы белгіленді, оның мəні «сегіз қырлы, бір сырлы» деген нақыл сөзден жақсы байқалады.
Қазақ халқының ең құнды байлығы — салт-дəстүрде. Салт-дəстүрлердің пайда болуы мен қалыптасуының өз тарихы бар екендігі белгілі. Қазақ ұлтының жеке ұлт ретінде құрылғанға дейінгі ұзақ уақыт аралығында қазақ елінің басында небір қиын-қыстау кезеңдер, жеке алғанда ұлт ретінде жойылып кету қауіпін туғызған жағдайлар аз болмаған.
Ендеше, этнопедагогиканың мақсаты – халықтық салт-дəстүрді, өнерді дəріптейтін, ана тілі мен дінін қадірлейтін, отанын, елін, жерін сүйетін, жан-жақты жетілген саналы азамат тəрбиелеу.
Белгілі бір этнос адамдарының жан дүниесіндегі мінез-құлық, сана-сезім (этнопсихологиясы) мен əдет-ғұрып, салт-дəстүр (этнологиясы) ерекшелігі ұрпақтан ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Ұлттық сана-сезімнің өсуі мен өшуі, бір жағынан, ана тілдің тағдырын анықтаса, екінші жағынан, ана тілінің даму дəрежесі ұлттық сана-сезім деңгейінің өлшеуіші болып есептеледі.
Əдебиетші-ғалым Ж.Аймауытов «Тəрбиеге жетекші» деген еңбегінде: «Ана тілі — халық болып жаралғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мəңгі құламайтын бəйтерегі... Жүректің терең сырларын, жанның барлық толқындарын тұқымнан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы — сол халықтың тілі», — деген болатын [3].
Ендеше, ұлттық тəлім-тəрбиені (этнопедагогиканы) іске асыратын ұлттық тіл (этнолингвистика) екені, ал оның ұлттың ішкі жан дүниесімен, сана-сезіммен байланысты (этнопсихологиямен) жүргізілетіні көпке аян. Этнолингвистика тілді этносқа қатысы жағынан зерттесе, психолингвистика оны адам психологиясына, ал социолингвистика қоғам дамуына қатысы тұрғысынан қарастырады.
Этнолингвистика диалектология, фольклортану, этнология, мəдениеттану, мифология сияқты ғылымдармен де байланысты. Себебі бұлардың қай-қайсысы болсын, этнос табиғатын ашуға қызмет етеді жəне олардың зерттеу нысаны ортақ. Мысалы, диалектология этностың жергілікті сөйлеу ерекшелігін, этнология мен фольклортану (оны жалпы мəдениеттану саласына да жатқызуға болады) этностың əлденеше ғасырға созылған мəдени даму үрдісін, заттық жəне рухани мəдениетін, салт- дəстүрін зерттесе, мифология этностың дүниетанымын, сенім-нанымын, өзін қоршаған ортаға деген көзқарасын зерттейді. Олай болса, бұлардың бəрі де тікелей этносқа қатысты, бəрі де этностық ерекшеліктерді сипаттайды.
Қазақ тіл білімінде этнолингвистика саласының негізін салушы академик Ə.Т.Қайдар былай дейді: «Бұл — этнос пен оның тілі арасындағы табиғи тұтастықты саналы түрде сарапқа салып мойындау, «этнос жоқ жерде тіл болмайды, тілсіз этнос болмайды» деген қағиданы нақтылы зерттеуге негіз етіп алу деген сөз». Бұл қағида келешекте біздің зерттеулерімізде де басшылыққа алатын негізгі бағыт болып табылады. Ол «этнос болмысы», «тіл əлемі» сияқты термин-ұғымдарды ұсынады. Ғалым: «Біздің пайымдауымызша, «этнос болмысы» — этностың ұлттық бейнесі, тарихи тұлғасы жəне ол туралы реальды шындық. Басқаша айтқанда: «этнос болмысы» дегеніміз — этностың сонау балаң кезінен бүгінгі есейген шағына дейінгі кешірген өмір тіршілігінің айнасы, оның тілі арқылы қалыптасып, жадында сақталып, ұрпақтан нəсілге мирас болып ауысып келе жатқан бай рухани-мəдени қазынасы дейді [4].
Этнолингвистика — халықтың тілін, əдет-ғұрпын, салт-сана, дінін, мəдениетін рухани бірлікте қарастыратын жаңа қалыптасып келе жатқан ғылыми пəн.
Мəшһүр Жүсіп Көпеев: «Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында, əулиелік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата- бабаларымыздың бəрі жақсы болып, əулие болып өтті» [5].
Бұл этнолингвистика туралы айтылған пікір деп білеміз. Тілдің дінмен, əулиелікпен байланысты екендігін Мəшһүр Жүсіп Көпеев көрегендікпен жазып кетті. Бізше, əулиелік таза қазақтың рухына тəуелді. Ал, əулие болу үшін экзотеориялық білім болу керек.
Этнолингвистиканың негізгі зерттеу объектісі — этнографизмдер, дəлірек айтсақ, этнографиялық лексика. «Этнографизмдер дегеніміз — өткен тұрмысымызда болған, көбі əлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кəсіпке, шаруашылыққа, салт- дəстүрге, əдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тəртібіне, əдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық жəне тілдік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері».
Этнографиялық лексиканың құрамында өткен өмірді бейнелейтін көне сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Бірақ олардың көбі күнделікті қарым-қатынаста айтылса да, бəрі бірдей бүгінгі ұрпаққа түсінікті бола да бермеуі мүмкін. Олардың арасында қолданыс аясы тарылып, о бастағы мағынасының күңгірттеніп, не мүлдем ұмыт болғандары да аз емес. Бұлардың этнографиялық мазмұнын, дəстүрлік қолданысын зерттеу – этнолингвистиканың үлесіне тиген міндет.
Кейінгі кезде қазақ этнолингвистикасы да жан-жақты дамып келеді. Е.Жанпейісов, Б.Қалиев, Ж.Манкеева, С.Сəтенова, Р.Шойбеков, А.Жылқыбаева сынды ғалымдарымыздың осы саланы дамытуға қосқан үлестері айтарлықтай.
Осыған байланысты этнолингвистика «этнос», «этнос болмысы», «этнос тілі», не «тіл əлемі», деген ұғым-түсініктерге ерекше мəн береді. Өйткені бұлар жай термин ғана емес, бір таяқтың екі басы сияқты, бір-біріне етене қатысты, бірінсіз бірінің күні жоқ бір тұтас құбылыстың көрінісі іспетті. Бұл «этнолингвистика» терминінің атынан да, құрамынан да (гр. Ethnos — «халық» жəне лат. lingua — «тіл» ≥ фр. inguistigue — «тілтану») айқын көрініп тұр.
«Этнолингвистика» терминіне тіл мамандарының беріп жүрген ең жұпыны, бірақ дəл анықтамасы (дəл түсіну үшін түпнұсқа бойынша келтірейік) мынадай.
«Этнолингвистика» — это раздел макролингвистики, изучающий отношения между языком и народом и взаимодействия лингвистических и этнических факторов в функционировании и развитии языка».
...Этнос туралы осыншама мол деректер мен мағлұматтарды тек тіл ғана өз бойына сыйғызып, сары майдай сақтап, шашпай-төкпей ұрпағына жалғастыра алады.
Халықтың тұрмысына қажетті заттар, бұйымдар, əдет-ғұрпына қатысты мəнері, салт-санаға байланысты қиялы жинақталып келіп, тұтас халықтың өмірінен сыр ақтарады.
«Этнолингвистика» сөздің шығуын емес, сол сөздің аталуына себеп болған заттың ара қатынасын зерттейді. Мысалы, қамшы — зат əбзелінің бірі, осы қамшы атауымен оның қолданыс аясын қарастыратын ғылым — этнолингвистика. Айталық, қамшының түрі, оның өрілуі немесе қамшының аты, тұрмыста қолданысы, қамшының сөз саптағандағы атқаратын қызметі, айта берсе қамшының ауыз əдебиетіндегі жырлану дəстүрі, жырмен қабыса байланысуы — бұның бəрін сан- салаға бөліп зерттейтін де осы аталған ғылым болмақшы.
Этнолингвистика барлық курстарда оқытылуы керек, өйткені қазақ тілін жүргізген мұғалім алдымен салт-сана, əдет-ғұрыпқа байланысты сөздер шоғырын өзі қандай жағдайда қолданатынын білу қажет. Студенттер, оқушылар күні бұрын қазақтың байырғы сөздерін қолданысына қарай біліп отырса, онда тек тілді ғана емес, əдет-ғұрыпты да біліп шығады.
Мағжан Тілеужанов «Ауыз əдебиеті этнографиямен қабысып жатыр, бірігіп, жымдасып кеткен, ол екеуін жігін айыру қиын емес. Барлық жыр-өлеңдер мен аңыздардың сөзбен бейнеленгендерін біз ауыз əдебиеті дейміз, ал зат арқылы берілетін ұғымдарды этнография дейміз. Мысалы, тұрмыс-салт жырларын алайық. Келін үйге енгенде əйелдер отқа май құяды. Бұл ырымның заттық көрінісі фольклор болады. Күнкөріс малмен байланысты халық болғасын, төрт түлікке сай өлең-жырлар орасан көп. Ал, олардың этнографиялық көрінісі — малды басқа ұрмау, аяқпен теуіп қорламау, сүтті аяқ асты төкпеу сияқты əдеттер ауыз əдебиетінен көрініс табады, ауыз екі сөздерінде кездеседі», — дейді. (Ел əдебиеті. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 65-б). Ауыз əдебиеті мен этнографияның ара-жігін, байланысын зерттеуге этнолингвистика көмекке келеді.
Біз қазіргі кезде қазақ тілі, əдебиеті бөлімдерінде этнолингвистикадан арнаулы курс өткізіп келеміз, екі жылдың ішінде тəжірибе жинақталып, арнайы бағдарлама жасалып, кафедрада талқыланды. № 4 кəсіптік лицейде жоғары сынып оқушылары үшін этнолингвистиканың негіздерінен арнайы курс жүргізуге мүмкіндік туды.
Сайып келгенде, біз зерттеуімізде студенттердің этнолингвистикалық білімін арттыруда оны қарым-қатынас негізінде қарастырдық. Оның мəні оқушылардың лингвистикалық теориялық білімдері мен біліктерін, сөйлеу əрекетінде этнолингвистикалық дағдыны қарастыру бағытында зерттеуді мақсат еттік. Осы бағытта этнолингвистикалық білім беру шарттары үш бағытта қарастырылды:
- Сөздің мағынасы арқылы «этнолингвистикалық» ұғымын молайту шарты.
- Этнолингвистикалық білім негізінде сөйлем құрау, ойды жеткізу шеберлігін арттыру шарты.
- Этнолингвистикалық мəтіндердің мазмұнын игерту мен сол мазмұнда мəтін құрау шығармашылығын дамыту шарты бойынша.
Олай болса, этнолингвистика — этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімінің) жаңа да дербес бір саласы.
Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нəтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр.
Сонымен, қазақ этнолингвистикасының қалыптасу, даму үрдісінен кейбір өзіндік ерекшеліктер де байқалады. Ол жалпы этнолингвистикалық идея аясында туындап, қазақ этносын оның тілі арқылы танып-білу мақсатымен бұдан 15–20 жыл бұрын (1985 ж.) басталған ізденіс барысында іргетасы қаланып, өзінің бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындай түскен, зерттеу объектілерін саралап, тəсіл-əдістерін күн санап ширата түскен ғылым саласына жатады. Алайда бұл айтқанымыздан қазақ этнолингвистикасы өзінің шарықтау шегіне жетті деген ұғым тумаса керек. Бірақ ол — ғалымдар тарапынан қолдау тауып жатса, өзінің даму барысында əлі де шыңдала түсері кəміл өміршең ғылым.
«Этнопедагогика» мен «халық педагогикасы» деген ұғымдар бір ме? Болмаса олардың өзіндік ерекшеліктері, ғылыми анықтамасы бар ма? Бар болса, ол қандай? Этнопедагогиканың зерттеу объектісі не? Енді осы мəселелерге арнайы тоқталайық.
Этнопедагогиканың зерттеу объектісі — халық педагогикасы.
Зерттеуші-педагог Г.С. Виноградов халық педагогикасын халықтың педагогикалық мəдениетінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, оны «жүйе» дегеннен гөрі, «білім мен дағдылар жиынтығы» деген пікірді құптаған [6].
Халық педагогикасымен ұзақ жылдар бойы айналысып, келелі үлес қосқан көрнекті ғалым Г.Н.Волков педагогикалық əдебиеттерге тұңғыш рет «этнопедагогика» деген ұғымды енгізген.
«Этнопедагогика — халықтың жас ұрпақты тəрбиелеу тəжірибесі туралы, олардың педагогикалық көзқарастары туралы ғылым. Этникалық педагогика тарихи жағдайда қалыптасқан ұлттық мінездегі ерекшеліктерді зерттейді... Халық педагогикасы — халықтық ауыз əдебиетінде, салт-дəстүрлерінде, ырымдарында, балалар ойындары мен ойыншықтарында мəңгі қалған педагогикалық мағлұматтар мен тəрбиелеу тəжірибесінің жиынтығы. Халық педагогикасы — халыққа қажет қасиеттерді қалыптастыру үшін пайдаланылатын педагогикалық мақсаттың, міндеттердің, əдіс-құралдардың, тəсілдердің жиынтығы мен өзара байланысы» дей келе, «...бұл білім мен мағлұматтар, əдетте, ауызша таралады. Оның зерттеу тақырыбы — тəрбие, ал тəрбие объектісі — адам, тұлға», — дейді Г.Н. Волков [7].
Қ.Жарықбаев «халықтық педагогика — халықты оқыту жəне тəрбиелеу туралы білімдерінің қосындысы» десе, С.Қалиев «халықтық педагогика — ұлттар мен ұлыстардың əлденеше ғасырға созылған ұрпақ тəрбиелеудегі ұлттық əдет-ғұрыптары мен дəстүрлерінің мəдени ойлау жүйесінің эстетикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы» [8] деп түйген. Ал орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский: «Тəрбиенің негізін халықтың жақсы-жаман дəстүрінен іздестіру керек... ол тілі мен əдет-ғұрпы арқылы көрініс табады» деп есептеді [9]. Міне, осы пікірлердің мазмұны жағынан бір- бірінен алшақ кетпегені байқалады.
Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тəрбиелеудегі тəжірибелері бізге сол рухани мəдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық əдет-ғұрып, салт-дəстүрлер, əдеби, музыкалық, кəсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тəрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тəлім-тəрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата, əл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Асан Қайғы, тағы басқа қазақ ақын- жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тəлімдік сөздерінен көреміз.
Тəрбие мен оқыту жұмысы — халықпен бірге туып, бірге өскен, бірге дамыған тарихи көне үрдіс. Сондықтан ол сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, оның озық үлгілерін келер ұрпаққа мирас етіп отырған. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің пікірімізше, халықтың ұлттық тəрбиесінде, əсіресе жеке адамды қалыптастыруда қолданылатын оқыту мен тəрбиелеудің жолдарын, жөндерін, мақсаттарын, міндеттерін соларға қатысты педагогикалық үлгілері мен үйлесімдер жиынтығын этнопедагогика деуге болар еді. Бұл жерде халық педагогикасы этнопедагогиканың зерттеу нысаны болып отыр. Олай болса, халық педагогикасы көпшілік қолданған тəжірибелер мен білімдер жиынтығы болып шығады.
Демек, мектеп оқушыларына білім беру барысында қазақ этнопедагогикасы мен этнолингвистикасы материалдарын пайдалану олардың ұлттық рухын қалыптастыруға мол үлесін қоспақ. «Баланы жастан» демекші, мектеп оқушыларының санасына халқымыздың тəрбие негіздерін дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан зор ұлтжанды қазақ азаматы шығатынына кəміл сенуге болады.
Сонымен, этнопедагогикалық жəне этнолигвистикалық білім берудің маңызы мынада болып отыр:
- жастарға білім берумен қатар оларды халықтық дəстүр негізінде адамгершілікке баулимыз;
- ұлттық тəлім-тəрбиенің түптамырын, мəнін оның ұлттық тілі арқылы түсіндіреміз.
Қазақ этнопедагогикасы материалдарын оқу-тəрбие үрдісінде пайдалануға мұғалімдерді əдістемелік даярлауға күнделікті өмірдің үдемелі сұранысы мұғалімдерді əдістемелік даярлау міндетті түрде қажеттігін айқындайды.
Қорыта келгенде, ұлттық тəрбие мен ұлттық тіл қоғамдық құбылыс ретінде қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Екі құбылыс та тарихи үрдіс пен қоғамның өмір сүруін қамтамасыз ететін мəңгілік категориялар болып табылады. Ұлттық тəрбие мен ұлттық тіл өскелең ұрпақты өмірге дайындауды жүзеге асыруды көздейді.
Əдебиеттер тізімі
- Назарбаев Н.Ə. Қазақстан — 2030. — Алматы: Білім, 1997. — 66-б.
- Жұмабаев М. Педагогика. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 160-б.
- Аймауытов Ж. Педагогическое руководство. — Оренбург: Госиздат, 1924. — 145-б.
- Психология. — Алматы: Рауан, 1995. — 256-б.
- Қайдар Ə. Қазақ тілінің өзекті мəселелері. — Алматы: Ана тілі, 1998. — 305-б.
- Виноградов Г.С. Народная педагогика. — Иркутск, 1926.
- Волков Г.Н. Этнопедагогика. — М.: Просвещение, 1974. — 198 с.
- Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тəлім-тəрбиесі. — Алматы: Санат, 1995. — 352-б.
- Ушинский К.Д. Дидактика. — М.: Педагогика, 1983. — 156 с.