Тіршілік нысандарына деген жалпы қамқорлық адамдарға қарым-қатынаста жүрегімен елжіреу сияқты сезімдерді дамытады. Табиғатқа қамқорлық адамға деген қамқорлықтың биік мақсаттарына бағынады. Қатыгездік, жануарлар мен өсімдіктерге ақылсыз көзқарас (қырып-жойып), табиғатқа зиян келтіру — адамгершілікке жат. Олай болса, бұл этикалық нормалардан ауытқушылық.
Осы проблеманы жан-жақты оқып-үйрену оқушыларда биоэтикалық сана мен дүниетанымды қалыптастырудың педагогикалық қажеттілігі жəне педагогикалық теория мен практикада оның жасалмағандығы арасындағы қайшылық бар екендігін көрсетеді.
Сонымен, биоэтикалық білім берудің маңыздылығы жəне оны жүргізу үшін қажетті жағдайлар мен заңдылықтарын қарастыратын бағытталған зерттеулердің жоқтығы байқалады. Осы мəселені зерттеудегі негізгі нысан — қазіргі мектепте білім беру қызметін жетілдіру үдерісі. Зерттеу пəні — мектепте биоэтикалық білім беру жолдары мен əдістерін жүзеге асыру.
Зерттеудің мақсаты — биологиялық этикалық білім беруді педагогикалық тұрғыда қамтамасыз ету негіздерін анықтау жəне оны сыныпта жүзеге асыру жолдарын жасау.
Зерттеліп отырған проблеманың теориясы мен практикасын алдын ала қорытындылап жинақтау негізінде жəне қойылған мақсатқа сəйкес зерттеудің мынадай ғылыми болжамы құрылды. Ол мектепте биоэтикалық білім беру мынадай жағдайлар болса мүмкін болады:
- мектепте биоэтикалық білім беру жолдары теориялық тұрғыда негізделсе;
- биоэтикалық білім беру технологиялары анықталып жүзеге асырылса.
Осы айтылған зерттеудің пəні, мақсаты жəне болжамына сəйкес «биоэтика» ұғымының мəніне талдау жасау жəне биоэтикаға өз анықтамамызды беру мен биоэтикалық білім беру əдістемесін жасап тəжірибеде бақылау деп зерттеу міндеттерін анықтадық.
Біздің басшылыққа алған əдіснамалық негізіміз — экологиялық білім беру; білім берудің əлеуметтік себептері; адамның табиғаттағы рөлі мен орны турасындағы философиялық, педагогикалық, психологиялық зерттеулер болып табылады.
Осы зерттеудің жетекші идеясы болып оқушылардың адамгершілік, жоғары мəдениеттілік тəрбиесіне жетудің ғылыми-теориялық жəне дидактикалық негіздерін тұжырымдау арқылы биоэтика талаптарына сай тұлға тəрбиелеуге ықпал ету саналады.
Қойылған міндеттерді шешу жəне алғашқы жорамалдарымызды тексеру үшін мынадай зерттеу əдістері қолданылды:
- философиялық, педагогикалық жəне психологиялық əдебиеттерді теориялық талдау;
- педагогикалық тəжірибелерді тұжырымдау;
- диагностикалық (анкета алу, жазбаша жəне ауызша сұрау, пікірлесу);
- обсервациялық (тікелей жəне тұспалдап бақылау, өткен практиканы талдау);
- тəжірибелік-эксперименттік жұмыс;
- эмпирикалық деректерді статистикалық өңдеу əдісі. Зерттеудің теориялық жəне практикалық маңыздылығы:
- биоэтикалық білім беру жолдары теориялық негізделіп, практикада тəжірибеден өтті;
- мектепте биоэтикалық білім берудің технологиясы жасалды.
Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда биоэтикалық білім берудің рөлін зерттеу кезінде тіршіліктің тарихи дамуындағы мəдениет, ғылым жəне дүниетаным негіздеріне байланысты ғылыми əдебиеттер пайдаланылды. Қоғамның рухани мəдениетіндегі ғылымның орны қарастырылып, жаратылыстану-ғылымилық жəне гуманитарлық мəдениет мəселелері талданады. Онда жалпы мəдениет, ғылымның дамуы, ғылыми этика мен биоэтиканың қалыптасуының қоғамдық- əлеуметтік жағдайлары қарастырылады.
Зерттеу негізінен мектептердегі биология пəнінен оқу-тəрбие үдерісіндегі биоэтика мəселелерін оқу үйрену тұрғысында болды. Онда мектепте биология пəндерін оқыту мен тəрбиелеуде аталған мəселеге байланысты сабақтар мен тəрбиелік шараларда атқарылатын жұмыстар аясы берілді. Биоэтика мəселелерін биология сабақтарында беру тəжірибесі бойынша атқарылған жұмыстар мен эксперимент нəтижелері берілді.
Қорытындыда мектеп биология пəні бойынша осы тақырыпқа сəйкес жалпы орындалған жұмыстардан алынған нəтиже негізінде тұжырым жасалып, ұсыныстар беріледі.
Биологияның адамның қоғамдық өмірінің əр түрлі саласына бойлай кіруі қоғам тарапынан оның ғылыми жетістіктерін қолдануды бақылаудың жаңа формасын да талап етті. Қоғамда адамның мінез- құлқы мен тəртібін реттеп отырудың əр түрлі құралдары бар. Оның ішінде мемлекет пен мешіттің орны ерекше.
Көпшілік жағдайда өнегеліліктің, адамгершіліктің, имандылықтың, жалпы қабылданған ережелерінің əсері күштірек болады. Өнегеліліктің ережелерін реттеуде аса тиімділіктің құпиясы — салт-дəстүр мен əдет-ғұрыптың жəне əдеттің күшінде, олардың жан-жақты, барлығын қамтитын сипатында. Адамгершілік ережелері көбінесе сыртқы қандай да бір күштің қадағалауын қажет етпейді, өйткені олар əрбір адамның жан дүниесінде қаланған бір ішкі бақылауға сүйенеді. Осыдан басқа, адамгершіліктің бір ерекшелігі, оның ережелері аса өзгермелі (ауытқымалы), өсіңкі, жаңа пайда болған əлеуметтік проблемаларға тез жауап қайырады. Осы тұрғысында олар құқықтық ережелерден анағұрлым озық.
Қазіргі таңдағы биология пəні келешектегі ғалым-биологтарды тəрбиелелейтін оларға болашақ қызметтерінде ғылыми этиканы сақтау арқылы барлық тіршілік иелерін қорғауға атсалысу керек екенін ұғындыратын пəн, олай болса осымен байланысты мектеп қабырғасында биоэтика мəселесі оқушыларға сезіндірілуі қажет. Сондықтан кəсіби этиканың тағы бір жаңа саласы — биологиялық этика қазіргі тіршілікті сақтап қалу принципі тұрғысынан жаңа мазмұнда негізделуі қажет. Оның пайда болуы адамгершіліктің, экологиялық мəдениеттің тəрбиеленуімен, эволюциялық дамудың қайтымсыздығы негізінде экологиялық адамгершілік идеясын əрі дамытуда болуы тиіс.
Мемлекетіміздің қоғамдық өмірі саласында жүріп жатқан демократиялық өзгерістерге байланысты, белгілі əлеуметтік жағдайларды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыруды көздеген білім беру жүйесіне қойылған талаптар арта түсуде. Адамзаттың болашағы көптеген жағдайлармен анықталады, бірақ олардың ішінде негіз болатыны — адамдар биосфераның даму заңдарын білуі, биосфераның деградацияға ұшырауының қисынды себептерін, адамдарға не рұқсат етілген жəне адам одан əрі асып кетпеуі тиіс шек қайда екендігін білуі қажет. Қазақстанның қазіргі нарықтық экономикалы, демократиялық қоғамға өтуі жəне өркениетті елдер қатарына қосылу бағытындағы даму кезеңінде құндылықтар мен əлеуметтік жағдайлармен астасқан мəселелердің алмасуымен байланысты ерекше проблемалар өзекті болып отыр.
Дамушы мемлекет үшін білімді, адамгершілік қасиеті жоғары, тапқыр жəне өз еліне, жері мен табиғатына жауапкершілікті сезінетін адам өсіп жетілуі керек. Осы міндет тұлғаның өмірлік жаңа ұстанымын қалыптастыратын білім беру жүйесіне жүктеледі. Сол талаптардың бірі — оқушының адамгершілік тəрбиесін жетілдіру.
Адамгершіліктің қалыптасуына адам, табиғат, қоғам білімдері тірек болады. Адам, табиғат, қоғам — біртұтас дүние. Адам, табиғат, қоғам арасындағы байланысты жəне олардың үнемі бірлікте дамитынын оқушылар бастауыш сыныптан бастап оқып түсінгені дұрыс. Адамгершілік сапаның қалыптасуына əрбір адамның дүниетанымы да əсер етеді. Дүниетанымдық тəрбиенің бастамасы бастауыш сыныпта «Дүниетану» пəнін оқығаннан дамытылып қоршаған дүниеден ұғым беретін материалдар, яғни дүниетану материалдарын оқытудан басталады. Дүниетанудан соң «Табиғаттану» пəндері арқылы меңгертіледі. Осы пəндерді оқу негізінде əлемді тану, қабылдау, табиғатты түсіну жəне еліміздің ғылымы мен мəдениетінен, этикасы мен эстетикасынан, кұқық пен өнерінен, адамдар арасындағы қарым-қатынас формаларынан мағлұмат алады.
Пəнді оқып меңгеру барысында оқушылар дүниенің үш құрамдас бөлігі: табиғат, адам, қоғам саласынан білім алады. Биология, химия пəндері мазмұнының бастамасынан, атап айтсақ, қоршаған дүние заттарынан, табиғат пен экологиядан түсінік алады, тарихи деректерге негізделіп берілген халықтың салт-дəстүрі, тұрмыс-қарекеті, кен-байлығы, мəдени-əдеби, көркем-қолөнер шығармашылығы арасындағы байланысты, сабақтастықты көре білуге үйренеді. Пəннен алған ұғымдарын басқа пəндермен кіріктіре оқу арқылы дүниенің тұтастығы жайында жүйелі білім негізін зерделейді.
Биоэтика философиялық білімнің ең маңызды өсу нүктесін береді. Биоэтика — этиканың адамның түрлі тіршілік формаларына деген қатынасы аясын қарастыратын бір бөлімі. «Этика» деген сөздің өзі адамның қоршаған орта алдындағы жауапкершілігі болып анықталады. Сонымен, биоэтика адамның басқа тіршілік иелеріне қатынасы жөніндегі мінез-қылығына байланысты білімнің бөлімі деп жəне адамның мінез-қылығының адамгершілік қырларына қатысты философиялық ұғым болып түсініледі [1].
«Биоэтика» деген ұғым соңғы бірнеше онжылдықта шыққан, бірақ осы уақыт ішінде биоэтика қарқындап кетті. Бірқатар мемлекеттерде қазірдің өзінде биоэтика орталықтары бар, мысалы, Еуропалық Одақта биоэтика жөніндегі комитет жұмыс істейді. Осындай атаумен Ресей ғылым академиясында да комитет ашылған [2].
Биоэтика түрлі ғылымдардың түйісінуіндегі зерттеушілік сипаттағы бағыт ретінде ХХ ғасырдың 60–70-жылдарында қалыптасқан.
«Биоэтика» деген терминді алғаш рет американдық дəрігер В.Р.Поттер ұсынған. Ол өзінің «Биоэтика: болашақтың көпірі» деген (1971) кітабында экологиялық этиканың ерекше вариантын белгілеу үшін қолданған. Онда ол адамның жануарлар мен өсімдіктерге қатысты қарым-қатынасы проблемасын көрсету мақсатында пайдаланған [3]. Осы тұрғыдан алатын болсақ, қазіргі таңда да биоэтика мен адамның мінез-қылығы адамзат баласының моральдық жəне адамгершілік болмысымен, тəрбиесімен байланысты.
Адамгершілік — ол адамның қадірлілік жағын жəне құқын сыйлау, тұлғаның сөзсіз құндылығын сыйлау, сонымен қатар адамдардың игілігі жөнінде қам жеу сияқты саналы көзқарастар жиынтығы, тұлға ретінде əр адамның мəнінің тереңдігін көрсетеді. «Адамгершілік» ұғымы адамға деген құндылық қатынастың жинақталған барлық түрін береді. Сонымен қатар қазіргі кезде адамгершілік жөніндегі дəстүрлі ұғым табиғи құрамдаспен кеңейтілуде. Сондықтан «адамгершілік» сөзі тек «адам адам» қарым-қатынасында ғана емес, «адам — табиғат» қарым-қатынасында да қолданылады.
Өсіп келе жатқан жас жеткіншектерде адамгершілік көзқарастар дамытуда өзінің ішкі дүниесін сезіну, сонымен қатар адам құндылығындағы оның əлеуметтік жəне биологиялық табиғатының бірлігін сезіну маңызды болып табылады. Бұл тұлғаның мəдениетіне жəне руханилылығына тікелей қатысты. Материалистік тұрғыдан қарағанда руханилық — ерекше, адамдардың материалдық жəне қоғамдық -тарихи практикасының жоғарғы жетістігі.
Кез келген баланың тəрбиесінің негізгі қайнар көзі адамгершіліктен басталады. Неғұрлым адамгершілігі жоғары, дүниеге көзқарасы терең адам өз елінің қамы, болашағы үшін қызмет етеді. Ал экологиялық тəрбиенің адамгершілік болмыспен, əсемдік (эстетикалық) жəне этикалық тəрбиемен байланысты болуы жас жеткіншектің дүниені қалай танитыны, оны қалай қабылдауынан көрінеді [4]. Сол себепті біз барлық тəрбиенің негізі, бастауы болып саналатын баланың өмірге көзқарасының негізін беретін дүниетанымдық тəрбиенің негізінде экологиялық тəрбиені де маңызды деп есептейміз.
Осы проблема саласында жарық көрген арнайы ғылыми еңбектер жəне оқу-əдістемелік құралдар да баршылық.
Биология пəндерінде оқушыларға адамгершілік тəрбие, соның негізінде экологиялық тəрбиені дұрыс жолға қоюдың этикалық қырларын да зерттеу өзекті мəселе болып табылады.
ЮНЕСКО-ның 1991 жəне 1993 жылдары Жак Делор бастаған ХХI ғасырдағы білім жөніндегі Халықаралық комиссиясының қорытындысында «Білім берудің этикалық жəне мəдениет аспектілерін қайта қарап, əркімге əлемді хаостық қозғалысымен де бір тұтастықта қабылдап, түсінуге мүмкіндік жасау керек. Ол үшін білімге, толғануға, тəжірибеге жəне өзара сынға негізделген ішкі күшін салып, өзін-өзі түсінуден бастау керек» деген [5]. Осы айтылған комиссия тұжырымдамаларының негізі адамзаттың қазіргі тіршілікті сақтап қалуы проблемасынан туындаған. Өйткені рухани жəне материалды дүние арасындағы «мəңгілік қарама-қайшылық» бар. Өмір сүруді үйрену деген ауқымды мəселе бəрімізден ХХI ғасырда дербестік, жеке бастың жауапкершілігін бағалауға қабілеттілікті талап етеді.
Жақсылық жасау сезімін жəне əсемдік (эстетика) пен этика сезімдерін тəрбиелеу тығыз байланыста. Табиғат нысандарымен қарым-қатынас адамда өнегелілік, құлықтылық жəне көркемдік сезімін дамытады. Өнегелілік үлгісі адамдардың бір-біріне адамгершілік қатынасымен анықталады. Табиғатқа адамшылық қатынас жанашушылық сезімін, оған қамқорлық, көмек қолын созу ықыласын дамытады.
Биоэтиканың қалыптасуының ең алғашқы маңызды алғы шарты экологиялық қозғалыс идеологиясы болып табылады. Ғылыми-техникалық прогресс адам мен адамзат үшін орасан зор игілік əкелгенімен қатар, оның өзінің тіршілігі мен мекен ортасына қауіп төндіруде. Экологиялық ойлаудың биомедицинаға əсері əсіресе əдетте қолданатын дəрі-дəрмектердің адам организміне көптеген жағдайда қолайсыз етеуінен өрши түскен. Содан биомедициналық ғылымның мақсаты тек қана терапевтік тиімді дəрі-дəрмектер немесе медициналық жаңа технологияларды жасап шығару ғана емес, олардың қосымша жағымсыз əсерлерін де болдырмау болып табылды. Осы мақсатқа жетуге уақыт пен қаражат шығыны артып кетпесе, кем түспейді.
Нəтижесінде жаңа терапевтік белсенді препараттарды синтездеу мен оны клиникалық қолдану арасындағы уақыт ұлғайды. Егер 60-жылдардың басында ол бірнеше апта болса, 80-жылдары он жылға созылды. Дəрілік препараттардың қауіпсіздік жағы, яғни олардың кері əсерін болдырмау шаралары, медицина ғылымдарының тез қарқын алып дамыған саласына айнала бастады.
Биоэтиканың негізгі міндеті — биомедициналық ғылым мен практиканың тоқтаусыз тудырып жатқан «туындыларына» қатысты күрделі моральдық проблемалар бойынша əр түрлі ұстанымдардың туындауына ықпал ету. Мысалы:
- адамды клондауға бола ма;
- генетикалық əдіс-тəсілдермен адамдардың (жоғары дене жəне интеллектуалдық сапалы) жаңа «породаларын» жасауға жол беруге бола ма;
- қайтыс болған адамның туысының рұқсатын сұрау қажет пе, егер оның дене мүшесін басқа адамға ауыстырып салғанда.
Рухани мəдениеттің феномені ретінде ғылымның негізгі нормалары жалпы ғылыми əрекеттің адамгершілік қырларын зерттейтін сала — ғылыми этикада беріледі.
Ғылымның негізгі этикалық нормалары:
- риясыз ізденіс жəне шындықты қорғау;
- ғылымды жаңа нəтижелермен байытуға ұмтылу;
- ұсынылып отырған ғылыми қағидаларды адал ниетпен негіздеу;
- мəселелерді талқылауда, сын айтуда шын көңілмен, ашық кірісу;
- ғылыми шығармашылық еркіндігі;
- ғалымның қоғам алдында əлеуметтік жауапкершілігі.
ХХ ғасырдағы ғылымның үнемі тоқырауға ұшырауы жəне басқа себептерден ғалымдар эволюциялық этика идеясына жиі ден қояды. Алғаш рет оны ағылшын ғалымы Г.Спенсер тұжырымдаған. Ол адамгершілікті эволюциялық үдерістің даму формасы ретінде қарастырып, онда ол адам қоғамы дамуымен арақатыстағы барлық тірі табиғаттың сатысына қатысты қарастырды. Эволюциялық этиканың идеясы бойынша жақсылық (мейірбандылық) «жоғарырақ дамыған» деп анықталып, ал жауыздық (мейірімсіздік, рақымсыздық) «аз дамығандық» болып табылады (Дж.Хаксли).
Эволюциялық этика тұрғысынан алғанда адамгершілік парыз деп əлемдік жалпы эволюцияны жалғастыру миссиясын адамның өз мойнына алуы жəне космоспен үндескен бірлікте болатын жаңа қоғам құруды айтамыз. Осы идея қазір халықаралық конгрестер мен конференцияларда шындап талқылануда, əсіресе ол əлеуметтік биология мен генетика ғылымдарында кең өріс алуда.
Шын мəнінде ғылыми этиканы сақтау «жақсы-жаман» принципі бойынша аяушылық сезіммен бағалау емес, ол Homo sapiensті ғылыми негізделген идеялардың əсерінен, өзінің ақылының параметрі бойынша Homo moralis (адамгершілікті адам) болып шығуына жеткізуі керек. Сонымен қоса қазіргі тоқырау жағдайында тірі қалу болашағы ғылымның этикалық нормалармен сəйкес Homo humanus (адамгершілікті адам) болуға міндеттейді. Осы сияқты ой-пікірлер эволюциялық гуманизм (эволюциялық адамгершілік) тұғырнамасында дамытылып отыр. Осының негізін салушылардың бірі
- жоғарыда аталған ағылшын ғалымы, зоолог жəне философ Дж.Хаксли. Оның теориясының негізінде басты төрт ой-пікір жатыр:
- адам өзінің болашағына, онымен қоса планетаның дамуына жауапкершілікті екенін өзінің сана-сезімімен түсінуі керек жəне осы жауапкершілікті ол Құдайға да, тағдырға да, ешкімге де жүктей алмайды, тек өзіне ғана;
- адам Жерде мекен ететін тіршіліктің тек бір түрі, бір бірлігін ғана көрсетеді, сондықтан адамзат ұлт тұрғысынан, діни ұстанымы немесе əр түрлі идеологиядағы мемлекет блоктары жөнінен бір-бірімен бəсекелесетін, немесе бір-біріне дұшпандық қалыпта болатын «жалған түрлердің» жиынтығына айналмауы тиіс екенін мойындау;
- материалдық тоқшылық идеясының орнына адам үмітін жүзеге асыру идеясын көздеу (біздің «бай» қоғам кемістіктер мен тауқымет, бұзықтар толы қоғамға айналуда);
- жекелеген адам топтары үшін материалдық құндылықтар, ақша, өндіріс өнімдерін жəне материалдық игілік санын өсірудің орнына өмір, тіршілік «сапасын» жəне барлық қоршаған орта «сапасын» көтеруге ұмтылу.
Біздің пікірімізше, биоэтикалық жүйе осы идеяларды толғау, амалдау негізінен құрылуы тиіс жəне құрыла алады. Осы ой-пікірлердің көмегімен біз бытыраңқылықты жеңе аламыз, бір тұтастыққа бірігіп жəне адамзат өмірін мықты тұғырға тұрғыза аламыз. Дегенмен бұл мəдениеттің барлық рухани құрам бөліктеріне негізделген жаңа ойлау жүйесін қалыптастыруды ұйғарады. Ғылым көбінесе тек өзі ғана емес, сол өзі жұмыс істейтін жəне дамитын институттар жүйесі кінəлі болатын «күнəлары» үшін айыпталады. Ғылымның сыншылары мына жағдайда дұрыс сынайды: ғылымның дамуы теріс əлеуметтік салдарға əкеліп соқтыруы мүмкін, аса көкейкесті болып бара жатқан оның ашқан жаңалығын пайдалану мүмкіндігімен байланысты ғалымның əлеуметтік жауапкершілігі мəселесі. Бұл ғылыми барлық адамзаттың əлеуметтік сала бойынша зерттелетін еңбектің этикалық ережесі болып саналады.
Биологиялық этика — ол қайырымдылық пен қатыгездіктің, ар-ұят пен парыздың, намыс пен абыройдың биологиядағы эксперименталдық жəне теориялық жұмыстардың аясына жəне де оның нəтижелерінің практикада қолданылуы барысында жалпы адамзаттың тіршілік иелеріне деген адамгершілігінің қарым-қатынасының жиынтығы.
Биоэтиканың этикалық білімнің ерекше саласына бөлінуі биологияның даму барысында жəне оның практикалық қолданылысында арнайы этикалық түйсінуді қажет ететін бірқатар өткір проблемалардың туындауымен байланысты болды. Олардың ішінде кезек күттірмейтін болып Жердегі тіршіліктің барлық формаларының жойылып кету қауіпі, бұған тек қана саясаткерлер емес, ғалымдар, оның ішінде химиктер, физиктер жəне биологтар жауапкершілікті болып табылады. Биология ғылымының жетістіктерімен байланысты бірқатар, айталық, жекелеген проблемалар туындады. Мысалы, өлім халіндегі адамның өмірін қолдау тиімділігі, оның «өлімге деген құқығын» пайдалану мүмкіндігін беру, жануарлар мен адамға ғылыми эксперимент жасау, тіпті генетиканы жануарлар мен адамды клондауға (көшірме) пайдаланудың мақсатқа сəйкестілігі. Бұл мəселеге байланысты 1997 жылы ұлыбританиялық доктор И.Вильмут басқа да ғалым-биологтармен бірге жасанды жолмен Долли атты қозы алып жұртшылықты дүр сілкіндіргендері бар. Осы кезде «Генетикалық революция» кітабының авторы, ғалым П.Диксон «əрине, бұл технология адамға да қолданылуы мүмкін» деген сұмдықты да айтқаны белгілі [6].
Осыған ұқсас жəне басқа да биоэтикалық проблемаларды шешудің барысында биоэтиканың негізгі принциптері анықталады, олар:
- өмір мен этиканың бірлігі жəне олардың терең сəйкестігі мен өзара байланыстылығы. Егер өмір реттіліктің, ұйымдасқандықтың табиғат əлеміндегі жоғары көрінісі болса, онда этика — қоғамдағы хаосқа қарсы тұратын күштердің жоғарғы көрінісі;
- тіршілікті, өмірді барлық этикалық құндылықтар ішіндегі ең жоғарғы санаттағысы деп тану,«өмірді аялау», «қастерлеу»;
- «адам-биосфера» жүйесін үндестіру принципі қазіргі таңдағы ең көкейкесті міндет етіліп, адам мен табиғат арасында тиімді өзара қатынас тудыруды жолға қою жəне ол үшін ғалымдар мен практиктерден əлеуметтік тұрмыстың биологиялық негіздерін барынша толық есепке алуын талап ететін жүйе құру.
Гераклиттің «Көп білгендік ақылға үйретпейді…» деген ойы афоризмге айналған. Бұл данышпандық пікір келелі проблеманы қозғап отыр. Өйткені тек оқып білім алу ақылды болудың тəсілі емес. Ең қауіптісі, білімділер көп-ақ, солардың арасында тəрбиелілері шамалы «кез келген оқушыны адамгершілікке барынша тəрбиелемесе, қоғамымыз моральдық, адамгершілік, парасат жағынан толығынан дағдарысқа ұшырауы мүмкін» [7]. Осы мəселелер жөнінде ғұлама ғалым əл- Фараби еңбектерінде айтылады. Ұлы Абайдың «Қара сөздерінде» де ғылым игеру, тəрбие (ақыл) төңірегінде өрбиді.
Мектеп оқушыларының қайырымдылық, аяушылық сезімдерін дамыту, əлсіз, əл-ахуалы төмен адамдарға көмек, қорған болуға даяр тұрарлық сезімдерін қалыптастыру мұсылман қауымына тəн имандылық пен тəрбиеге келіп ұштасады.
Оқыту ғылымды білімге айналдырса, тəрбиелеу дегеніміз — өте қысқа мерзімде жеке адамға беріліп меңгерілуі тиісті мыңдаған жылдар бойы адамзат жасаған, тиянақтаған мəдени деңгейдегі жаңа мағына жəне құндылық тудыру. Мұғалімдер күнделікті қарым-қатынас арқылы оқушыларға «жеке тұлға» деген сөздің мағынасы терең екендігін, ол тек əдемі сөз, дабыра сендіру емес, іс жүзінде өзіне жауапкершілік алу, қиындыққа мойымайтын жоғары қабілет екенін көрсетуі керек. Оның өлшемі — адамның қылығы.
Əдебиеттер тізімі
- Лавриненко В.Н., Ратников В.П. Концепции современного естествознания. — М.: ЮНИТИ, 1997. — 272 с.
- Карпенков С.Х. Концепции современного естествознания. — М.: Феникс, 2004. — 182 с.
- Небель Б. Наука об окружающем мире. Как устроен мир. — М.: Мир, 2005. — 67 с.
- Қалиев С., Майғаранова Ш., Нысамбаева Г., Бейсенбаева А.А. Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалык негіздері. — Алматы: Білім, 2001. — 224-б.
- Шнекендорф З.К. Воспитание учащихся в духе культуры мира, взаимопонимания прав человека // Педагогика. —— № 2. — С. 43–50.
- Юдин Б.Г. Биоэтика: принципы, правила, проблемы. — М.: Эдиториал УРСС, 1988. — С. 55–57.
- Нысанбаев Ə., Əбжанова Т. Адамға қарай бет бұрсақ. — Алматы: Қазақ ун-ті, 1992. — 160 с.