Елбасымыз Н.Ə.Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2030» стратегиясында негізгі бағыттардың бірі ретінде халықтың ұлттық моделі мен салт-дəстүрлерін есепке ала отырып, білімі мен білігі жағынан өркениетті елдердегі замандастарымен қатар тұра алатын, бойында ұлттық, отаншылдық рухы мықты қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тəрбиелеу қажеттігі баса айтылған [1].
Мектеп жасына дейінгі балалардың Мемлекеттік міндетті білім беру стандартының жобасында «мектепке дейінгі білім беру Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесінің құрылымдық бөлімі ретінде маңызды роль атқарады, себебі оның шегінде баланың табиғилық сапалары мен ерекшеліктері анықталып, олардың даму жағдайлары қамтамасыз етіледі...» деп көрсетілген [2].
Тəуелсіздік алған еліміздің келешек ұрпақты ұлттық, халықтық жəне этностық-мəдени тұрғыда тəрбиелеуі — бүгінгі күннің өзекті мəселесі. Бұл мəселенің шешімін табу үшін үздіксіз білім беру жүйесі айтарлықтай дəрежеде қайта қаралып, оны жетілдіру жолдары іздестірілуде. Мұндағы алға қойылып отырған негізгі талаптар — Қазақстан білім беру жүйесінің бүкілəлемдік білім беру кеңістігіне толық енуінің алғашқы ұлттық даму стратегиясын жасап, моделін құру.
Бұл талаптардың жүзеге асырылу бағытындағы жұмысты үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы — мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тəн қасиеттер бойына сіңген шəкірт тəрбиелеуден бастағанның маңызы өте зор.
Жаһандану дəуірінде этностық-мəдени сəйкестілік (идентичность) мəселесі үлкен маңызға ие болуда. Адамзат қоғамы екі бағытта дами алады деп болжайды: мəдениеттің бір-бірімен араласуы немесе мəдениеттің бір-біріне қайшы келуі. Бірақ екі көзқарас та тарихи дағдарысқа алып келуі ықтимал. Бұдан шығудың үшінші жолы бар, ол мəдениеттердің диалогы, мұндай жағдайда бірде-бір мəдениет өз ерекшелігін жоғалтпай, əлемдік қоғамға шығуына мүмкіндік алады. Міне, сондықтан да мəдениеттердің диалогына шығу проблемасы этностық-мəдени сəйкестіліктің қалыптасуы арқылы шешіліп, этникалық қауымдастықтардың мəдени түрде өзара əрекеттесуіне əкеледі.
Қазақстан Республикасындағы этникалық-мəдени білім беру тұжырымдамасында (1996) атап көрсетілгендей, халықтың этностық-мəдени сəйкестілігі өз тарихында, мəдениетінде болған оқиғаларды білу, қалыптасқан рухани құндылықтарға адалдық, ұлт қаһармандарын қастерлеу нəтижесінде құралады. Ол ұлттық азат жəне ерікті жасампаздық шығармашылығы процесінде қалыптасады. Этностық-мəдени сəйкестілік жағдайына халықтың өзі тудырған əлеуметтік-мəдени жүйе арқылы қол жетеді. Бұл жүйеге отбасы, мектепке дейінгі балалар мекемелері, оқу орындары, ұлттық, мəдени орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары, көркем жəне ғылыми əдебиет, ғылыми- зерттеу жəне əкімшілік мекемелері, тағы басқалары жатады [3].
Бұл жағдайларда этностық-мəдени сəйкестілікті қалыптастыру мəселесін педагогикалық тұрғыда зерттеу маңыздылығы артады. Қоғамның қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдардың оқу- тəрбие процесінде балаларды жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде тəрбиелеуді жүзеге асырып, этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастыруға мүмкіндік беріп, халықтың рухани мəдениетін зерде мен ой елегінен өткізіп, оны қазіргі заман құндылықтарымен байланыстыра білуге машықтандырады. Қоғамдағы бүкіл жер шарын қамтитын өзгеріс кезеніңде этностық-мəдени сəйкестілікті қалыптастыру, оның мəніне көз жүгірту өмірдегі маңызды мəселенің бірі болып отыр. Этностық- мəдени сəйкестілік — тұлғаның əлеуметтік сəйкестілігінің негізгі бөлігі, белгілі этникалық қауымға өзінің тиістілігін мойындайтын категория.
Этностық-мəдени сəйкестілік бойынша зерттеулер негізінен мектеп оқушыларына жəне студенттерге арналған, ал мектепке дейінгілердің этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастыру мəселесі бойынша педагогикалық зерттеулер дамып келеді.
Көптеген зерттеулердің əдіснамалық бағдарына профессор Ж.Ж.Наурызбайдың Қазақстан Республикасында этномəдени білім беру тұжырымдамасы алынды.
Мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тəрбие процесін талдау балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымның жұмысының мазмұнында ұлттық- мəдени элементтердің өз мүмкіндігіне сай қолданылмайтынын көрсетті.
Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың белгілі бір халыққа тиістілігі екенін саналы түрде меңгеру оның ерекшеліктерін айқындау, педагогикалық ерекшеліктерін зерттеуден тұрады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктерінің бірі табиғилық принциппен айқындалады.
Тəрбиенің табиғилық принципін алғашқы рет XVII ғасырда Я.А.Коменский көрсетті. Тəрбиенің бұл принципінің жүзеге асырылуын қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен көруге болады. Олар өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде есептеген. Мұның барлығы өз ізін жыныстық-жас ерекшелік саралауда да қалдырды.
Ата-бабаларымыздың «Балаңды бес жасқа дейін хандай ұста, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай көр» деген дана сөзінен баланың мектепке дейінгі кезеңінде сана- сезімінің тұрақсыздығы, танымдық ерекшеліктерінің ырықсыздығы, ересектердің мінез-құлықтарына еліктеушілігі көрінеді. Сондықтан этностық-мəдени сəйкестілікті мектепке дейінгі кезеңде қалыптастырудың ерекшелігін бұл принцип аша түседі.
Тəрбиенің табиғилық принципі кез келген тəрбие əрекеті мен педагогикалық процестің жетекшісі болып, нақты даму деңгейімен ерекшеленеді. Бұл принциптің мəні мынада: тəрбие мен білім беру табиғи жəне əлеуметтік-мəдени процестердің өзара байланысы туралы ғылыми түсінігінің негізінде танылады. Биологиялық организмнің витальды ерекшеліктерін есепке алу жəне жыныстық- жас ерекшелік саралауынан тұрады.
Тұлғаның «Мен-тұжырымдама» бөлігінде этностық-мəдени сəйкестілік адам психологиясының түбірлі өзгерісіне байланысты. Одан жас ерекшелік дамуының əр түрлі кезеңіндегі сапалы мəнін табуға болады.
Этностық-мəдени сəйкестілік өзінің қалыптасу процесінде баланың психикалық даму кезеңдеріне сай бірнеше кезеңдерден өтеді. Баланың белгілі бір ұлттық топқа жататыны жөніндегі алғашқы тұжырымдамалардың бірін Пиаже ұсынды. Ол этникалық сипаттамалардың дамуының алғашқы кезеңін мектепке дейінгі жас кезеңіне арнады, бірақ бала алғашқы өз этносы туралы үзік, жүйелі емес білімді игереді дейді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың ерекшелігін айқындайтын екінші əдіснамалық қағида — мəденилік принципі.
Балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастыруда мəденилік принципінің мəні бала тəрбиеленіп отырған ортаның, ұлттың, қоғамның, мемлекеттің, аймақтың мəдениетін баланың қолдана алуы.
Н.Б.Крылова бойынша, мəденилік принцип — метапринцип, тəрбие мен білім беру, бір жағынан, мəдениеттің ерекшеліктері мен талаптары бірқалыпты болса, екінші жағынан, əлеуметтік қайта құруға қабілетті, яғни тек қана оның нормалары мен құндылықтарын тасымалдаушы ғана емес, жаңа мəдени формаларды ұйымдастырушы. Тəрбие мен білім берудің қабілеттілігі — мəдениеттің мəнін, қарқынын, мазмұны мен компоненттерін көрсетіп, мəдени өзін-өзі анықтауға жəне сəйкестілендіруге (идентификациялауға) шарттар тудыру. Бұл принцип бойынша тəрбие мен білім беру жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде пайда болып, оларға қайшылыққа келмейтін этноұлттық мəдени құндылықтар мен нормалар жəне аймақтық дəстүрлерге сəйкес құрылады.
Этностық-мəдени сəйкестіліктің дамуы — бұл мəдени салада маңызды роль атқаратын психологиялық əлеуметтік үрдіс. Адам өзінің сəйкестілігін мойындайтын көптеген ерекшеліктерді əлеуметтік жағдайдың дамуын талдамайынша, түсінуі қиын.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың маңызды факторы — тіл. Балалардың өзара əрекетінің нəтижесінде этникалық топ өзінің этникалық тілін сақтай алады, кез келген жағдайда этникалық тілді сақтау этностық-мəдени сəйкестілікке əсер етеді.
Бабаларымыздың қара сөзінің құдіретін жас ұрпаққа үйрету арқылы олардың сөз қорын байытып, ана тілінің мəртебесін көтеру қажет деп ойлаймыз.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың үшінші ерекшелігі ұлттық сана-сезім мен этностық-мəдени сəйкестіліктің арақатынасына байланысты айқындалады. Балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастыруда бұл ерекшеліктің мəні этностық-мəдени сəйкестілік компоненттері арқылы анықталады, олар: когнитивті, аффективті, мінез-құлықтық.
Когнитивті компонентке жас ерекшелігіне этникалық өзіндік идентификация, ана тілін үйренуге талпыныс, өз халқының жəне басқа да этностардың тарихын, мəдениетін жəне ұлттық ерекшеліктерін білу жатады.
Аффективті компонентке жеке тұлғаның сезімінде көрінетін сипаттамалар кіреді.
Мінез-құлықтық компонентке мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың əрекетіндегі білім, эмоция, сезімдердің көрінуі, мінез-құлық ережелерін сақтауы жатады.
Ұлттық сананың қалыптасуындағы мəдениет, өнер рольдерін ашуда, оның маңызын көрсетуде де Л.С.Выготскийдің триадасы «сана — мəдениет — жүріс-тұрыс» туралы пікірін тысқары қалдыра алмаймыз. Себебі, əр ұлт өзінің ұлт болып қалыптасуында өзінің рухани мəдениеті: əдебиеті, өнері, ғылымы арқылы мінез-құлық, болмыс, сана-сезім ерекшеліктерін анық көрсетеді. Сөйтіп, өзінің өмір сүру ұзақтығы, мəдениетінің ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ұлт бастамасы «баланың» өз мəдениетіне ену мүмкіндігімен анықталады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың төртінші ерекшелігі этноəлеуметтік-рольдік принципіне негізделеді.
Этностық мəдениеттің қайта пайда болуы жағдайында біз баланың назарын жас кезінен этноəлеуметтік рольдерге аударуымыз керек. Бала басқа адам алдындағы өз міндетін, жауапкершілігін бірте-бірте игере отырып, өзінің этноəлеуметтік ролінің мəнін түсіне бастайды. Этноəлеуметтік рольді тани отырып, бала бір жас кезеңнен екінші жас кезеңге өту барысында əр түрлі этноəлеуметтік рольдерді игереді. Бұл рольдердің этникалық тəрбие берудегі маңызы өте зор. Оларды əлеуметтену үдерісімен бірлікте жүзеге асыру керек. Адам əлеуметтену барысында белгілі рольдер атқарып, сол рольдер арқылы əлеуметтік ортада белгілі орын алады [4].
Бала — отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі болғандықтан да, тəрбиенің негізі осы кішкентай нəресте кезден басталуы керек. Ұлттық тəрбие бесіктен басталады. Отбасындағы ата мен əженің, əке мен шешенің, апа-қарындас, аға-інінің бір-бірімен күнделікті өмірдегі қарым-қатынасы, мінез-құлқы — ұлттық тəрбиенің бастау бұлағы. Этностық тəрбие — жеке тұлғаның этноəлеуметтік рольдер жүйесін игеруін мақсатты түрде реттеу.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың бесінші ерекшелігі мемлекеттік интеграция жəне этностық-мəдени сəйкестілік (қазақстандық патриотизм) идеясына тəуелді.
Қазіргі қоғам дамуында жəне білім беру жүйесінде екі тенденция байқалады: саралау жəне кірігу. Этностық қатынастар саласында оларды бірлікте қарастыру этномəдени білім беру қажеттілігін тудырды. Педагогикалық үдерісте бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру этностық сəйкестілікті мемлекеттік кірігумен бірлікте қалыптастыру мақсатына əкелді [5].
Мемлекеттік сəйкестілік (кірігу) — этномəдени білім берудің фундаменталды жəне стратегиялық мақсаты. Егер этностық сəйкестілікке жеке жəне топтық түрде қысқа уақыт мерзімінде жетуге болса, мемлекеттік кірігуге жету — мемлекетте тұратын барлық этностардың күштерін талап ететін ұзақ процесс (ҚР этномəдени білім тұжырымдамасы).
Президент Н.Ə.Назарбаев өзінің «Қазақстан–2030» жолдауында: «...оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тəрбиелеу аса қажет... бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», — деген болатын. Елбасының бұл сөздері педагогтар үшін негізгі бағыт, бағдарлама болып табылады [1].
Этностық-мəдени сəйкестілікті қалыптастырудың алтыншы ерекшелігі тұқымқуалаушылық, орта жəне тəрбиенің əсерінен туындайды. Бұқар жырау «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, адамның ата-тегінен» деген. Қазақ сонау ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, тұқым қуалайтын барлық жақсы қасиеттердің жиынтығын «тек» деген ұғымға сыйғызып, ондай адамдарды «текті» деп бір ауыз сөзбен сипаттаған. Ұлттық ерекшеліктерін қатаң ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіне осы тектілік негіз болғаны хақ. Тəрбиедегі негізгі түп — тектілік, оның тамырын, өмір тұрғысын дұрыс қалыптастыру — ата-ананың негізгі міндеті. Ол міндетті дұрыс атқару үшін олардың өздері баласына өнеге болуы тиіс.
Қазақтар «Балаңды өз тəрбиеңмен тəрбиелеме, өз ұлтыңның тəрбиесімен тəрбиеле» дегендей, халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тəрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тəн қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дəстүр қалдыр» деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты ойластырған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастырудың жетінші ерекшелігі əлеуметтену жəне этностық тəрбие түсініктерінің арақатынасынан шығады.
Америка социологтары Т.Парсонс, Р.Мертон жеке тұлғаның белгілі ортаға бейімделіп, əлеуметтік ортада толық сабақтасып кету үдерісін əлеуметтену деп атайды. Адамның белгілі ортада əлеуметтенуі оның сол ортаға бейімделу деңгейімен анықталады.
Гуманистік психологияның өкілдері Г.Олпорт, А.Маслоу, К.Роджерс «жеке тұлғаның əлеуметтенуі дегеніміз оның өзіндік өзектелуінен, яғни «Мен-тұжырымдамасының процесінен, қандай ортада болмасын белгілі мағынаға ие болуынан көрінеді» дейді. Жеке тұлға əлеуметтену барысында өзін-өзі тəрбиелеуге, істеген ісіне жауап беруге, яғни өзіндік сана-сезімінің қалыптасуына, өзі ықпал ете алады. Адамның əлеуметтенуі — өмір бойы үздіксіз болып отыратын процесс. Əлеуметтену процесінің мазмұны жалпықоғамдық, ұжымдық, халықтық жəне ұлттық мазмұнға ие болады. Тəрбие жəне оқыту жеке тұлғаның əлеуметтену негізі бола алады.
Қазақ халқының ұлттық тəрбиесі — өмір бойы жалғасатын біртұтас үздіксіз үрдіс, оның даму барысында адамның этнос субъектісі ретінде этностық құндылықтарды, этноəлеуметтік рольдерді жəне өз халқының салт-дəстүрлерінде шоғырланған этностық нормаларды меңгеруі, этностық өзіндік санасын оятып, өз ұлтына, тіліне, тарихына, мəдениетіне деген мақтаныш сезімін жəне басқа ұлт өкілдеріне сыйластық, түсіністік сезімін қалыптастыру болып табылады.
Нəресте ана тілімен нəрленген шаңырақта дүниеге келіп, ата-ана айтқан бесік жырларын құлағына сіңіріп өссе, ондай балалардың тілін əрі қарай дамыту қиындық тудырмайды.
Ата бауырында, халықтық тəрбие бесігінде тəрбиеленбеген бала ана тілімен сусындамаған соң, рухани жақтан дəрменсіз болады. Сəби кезеңнен балаға үлкендердің тікелей ықпалын да дəл, тура жеткізген автор Мағжан Жұмабаев. «Бала сөзін дұрыс сөйлеген үлкен кісінің сөзіне қарап дұрыстайды ғой… 3–4 жылда бала жан-жақты сөйлейтін болады.
Міне, тілдің болашағы бүгінгі сəби тілінен басталатынын ойласақ, оның психологиясы — бүкіл жан сарайын, тəрбиесін халықтық педагогика талаптарына сай сəйкестендіре жүзеге асыруда тілден асқан күшті құрал жоқ. Бала ана тілінің байлығын, тереңдігін үйретушісінен айқын сезуі керек.
Міне, ана тілімізге берілген мұндай əділ баға бүгінгі күндері өз мəніне ие болуда. Ана құрсағынан қазақ болып дүниеге келген қазақтың ұл-қызын қандай тілдік ортада өсіп-тəрбиеленуіне қарамастан, ана тілі, М.Жұмабаев сөзімен айтқанда, «өз бауырына» тартуы тиіс. Бұған табиғи жолмен келу қиын болса, қисынын тауып, тиімді əдіс-тəсілдермен жеткізу — бүгінгі тəрбиеші-педагогтардың басты міндеті.
Мектеп жасына дейінгі ұйымдар мен отбасындағы баланы тəрбиелеуде тығыз байланыс болуы қажет. Белгілі педагог К.Д.Ушинский былай деген: «Біз балалардың барлық өмірі балабақша мен мектепке ғана тиісті десек, жаңылысқанымыз. Баланың табиғи дамуына уақыт, табиғат жəне отбасы өмірі көбірек ықпал жасайды».
Демек, тəрбиешінің бірден-бір жəрдемшісі де, сүйеніші де ата-ана. Мектеп жасына дейінгі балаларда этностық-мəдени сəйкестілікті қалыптастыруда тəрбиешілер мен ата-аналар бірігіп педагогикалық-психологиялық жағынан жəрдемдесу керек.
Балалардың бес жасқа дейінгі іс-əрекеті ойын болса, алты жасқа келгенде дайындық сыныбына барып, ойын іс-əрекеті оқуға ауысады. Сондықтан осы кезде балаларға психологиялық даярлық қажет. Бала жаңа ортаға келіп қарым-қатынасқа түсуі үшін де оған тəрбиешілердің көп көмегі қажет.
Мектеп дейінгі баланың эмоционалдық тəрбиесіне де көңіл аудару қажет. Өйткені балалардың осы қасиеті оларда сезімталдық, қайырымдылық, бауырмалдық, сезгіштік жəне т.б. қасиеттерін тəрбиелеу процесінде маңызды роль атқарады. Ал бұл қасиеттерді қалыптастырмайынша, балаға мектептегі оқушылар ұжымына ену ауыр тиеді.
Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу жəне тəрбие дегеніміз — бірімен-бірі байланысқан, бірін-бірі сабақтастырып толықтырып отыратын қос əрекет. Баланың өміріндегі іс-əрекетін нығайту— мектепке дейінгі тəрбие жұмысының басты қажеттілігі. Себебі тəрбие жұмысын мақсатына байланысты жеке тұлғаның этностық-мəдени сəйкестілігіне қарай жүргізгенде жүзеге аспақ. Қазіргі оқу-тəрбие жұмысын жан-жақты дамыту мақсатындағы басты міндеттердің бірі міне, осы.
Баланың жеке басының қалыптасуындағы мектепке дейінгі кезең мектепке дейінгі ұйымдардағы тəрбие беру кезеңін қамтиды. Осы кезеңнің өзінде-ақ ата-аналардың, педагогтардың, тəрбиешілердің, психологтардың бірлескен күш-жігері арқылы баланың əлі айқындала қоймаған əлеуметтік сапаларын қалыптастыру мен дамытудағы тəрбиелік мүмкіндікті жұмылдыру үшін оның жеке басының, рухани жəне дене бітімінің даму ерекшеліктерін, этностық-мəдени сəйкестілігін ескеру қажет.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының алдында «білімді адам», «мəдениетті адамды» тəрбиелеуді көздейтін жаңа педагогикалық көзқарасқа көшу міндеті тұр. Ол үшін қазақ халқының, елімізде тұратын басқа да ұлттар мен ұлыстардың өзіндік сана-сезімін, жан-дүниесін, тілін, мəдениетін, салт-дəстүрін қайта өрлеуге бағыт ұстаған, этностық-мəдени мүдделерді іске асыра алатын білім жүйесін жүзеге асыру қажет.
Мектеп жасына дейінгілердің сана-сезімінде Қазақстан — біздің ортақ Отанымыз деген ұғым қалыптасуы қажет. Қандай ұлттың өкілі болғанына қарамастан, айталық, қазақ, өзбек, орыс жəне тағы басқа этностық-мəдени сəйкестілікті қалыптастыру — əр азаматтың борышы.
Көптеген елдерде асқақ қойылатын отаншылдық рухы мемлекетті нығайтуға, қоғамға, өз мемлекетіне деген мақтаныш сезімі, өз азаматының мүддесін кез келген уақытта, оның қайда жүргеніне қарамастан, қорғай алатын қабілетіне деген сенімі сəби кезден бастап өзіндік сана-сезімнің қалыптасуына жəрдемдеседі. Мектепке дейінгі ұйымдар мен отбасынан бастап болашақ ұрпақты отаншылдық рухта тəрбиелеуіміз керек.
Мектепке жасына дейінгілердің этностық-мəдени сəйкестілігін қалыптастыруымыз үшін —тəрбиелеу мен оқытудың жаңа жүйесін қалыптастыруымыз қажет.
Қай заманда болса да адамзат ұрпағына ұлттық тəрбиенің аса құнды ықпалы мен əсерін өмірдегі басқа еш нəрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Өйткені əр халықтың тəлім-тəрбиелік мұрасы ұлттық мəдениеттің маңызды белгісі болып табылады. Осы арқылы ол ұлттың ұлттық тəрбиесінің ерекшеліктерін білеміз.
Əрбір ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тəрбиелеу. Жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт-дəстүрдің тəлім-тəрбиелік, білім-танымдық ролі орасан зор.
Əдебиеттер тізімі
- «Қазақстан–2030» стратегиясы. — Алматы, 1997. — 68-б.
- Мектеп жасына дейінгі балалардың мемлекеттік міндетті білім стандартының жобасы. — Астана, 2006. — 84-б.
- Қазақстан Республикасының этностық-мəдени білім беру тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан. — — № 4 — 2,3-б.
- Кожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика. — Алматы: Фолиант, 1998. — 317 с.
- Наурызбай Ж.Ж. Научно-педагогические основы этнокультурного образования школьников: Автореф. дис. ... д-ра пед. наук. — Алматы, 1997. — 45 с.