Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін ересектерге, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге оқытудың қазіргі теориясы мен тəжірибесінде қоғамымыздың үдемелі даму болмысы мен сол даму қарқынынан туындап жатқан өзгерістер өз таңбасын қалдыруда. Ол өзгерістерді Қазақстандағы тілдерді дамытуға байланысты заңдардан, мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалардан, басқа да құқықтық-нормативтік құжаттардан, қазақ тілін оқытуға арналып шығарылып жатқан оқу жəне əдістемелік құралдардан көре аламыз.
Сонымен бірге осындай өзгерістердің болуының өзі — Қазақстанның көп ұлтты сипатына, көп мəдениеттілікті дамытуға арналған бағытына, өркениеттің жоғары деңгейлеріне ұмтылған бағдарлы жоспарларына тікелей байланысты екенін ұмытпау керек.
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаты «Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын» жүргізу деп белгіленген [1]. Осы маңызды құжатта мемлекеттік тілді дамытудың стратегиялары мен бағыттары көрсетіліп, Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қызмет ететіндігі айқын танытылған.
Мемлекеттік тілді оқытудың қазіргі кезеңдегі басты бағыттарының бірі — этносаралық мəдениетті қазақ тілін дамытудың негізгі тірегі етіп алудың ғылыми жəне тəжірибелік жолдарын анықтау болып табылатыны да жоғарыда аталған бағдарламадан туындайды.
Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі осы елдің түпкілікті иегері жəне атауын беріп отырған «қазақ» ұлтының ана тілі болып табылады. Сонда қазақ тілінің əлеуметтік-лингвистикалық қызметіне, ендігі ретте, тек қазақ этносының ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық этностардың құндылығы болатындай аксиологиялық жүйені құрау міндеті де енгізілетінін барлық азаматтар жəне тілді дамыту саласындағы мамандар мен ғалымдар тегіс түсініп, соған бағытталған қызмет атқаруы керек.
Мемлекеттік тілді дамытудың мазмұндық негізі — қазақ тіліндегі құқықтық-нормативтік құжаттардың қазақша болуы жəне Қазақстанның мəдени-тарихи шежіресі болашаққа қазақ тілінде баруына тірек болатын игілікті қызметтер атқару.
Қазақ тілінің «мемлекеттік тіл» мəртебесінде көпқырлы қызметті атқаруына тіліміздің фонетикалық, лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық бай қоры жетіп артылады. Бірақ осыншама қуатты тілдің қазіргі күнге дейін кең тыныста қолданылмауы мемлекеттік қызметке көп байланысты.
Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының «Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Айта алатын адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ айта алатын адам табылуы қиын», деген сөзін келтірудің өзі жеткілікті.
Бұл күнде мемлекеттік қызметшілердің өз қызметтерінде қазақ тілін мол байлығымен, қалыпты стильде, орыс тілімен тең дəрежеде қолдана алмауы үлкен сұрақтар туғызып отырғаны аян. Бұл, бір жағынан, үлкен əлеуметтік-лингвистикалық мəселе, екінші жағынан, қазақ тілінің этномəдени бай мұрасының жаңа заман қызметін атқара алмай жатыр ма деген сұрақ туғызатын этнопсихолингвистикалық мəселе болып табылады.
Қазақ тілінің бай əрі толыққанды жүйе ретінде өзінің ішкі (интралингвистикалық) мүмкіншіліктерінің сыртқы (экстралингвистикалық) мүмкіншіліктерімен қабысуына ұмтылатыны белгілі.
Қазақ тілінің ағылшын, орыс, қытай, жапон, француз, неміс тілдері сияқты əлемдік тілдер қатарына бірден еніп кетпесе де, Googl-дегі тілдердің қатарына қосылуы — тілімізді мемлекеттік тіл мəртебесіне сай дамытудың маңызды шарттарының орындалғанын дəлелдейді.
Ендігі басты да, бірегей міндет — қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мемлекеттілігімізді танытатын аса маңызды атрибутына шынайы айналуы қажетті барлық шараларды атқару.
Аталған жүз тараулы шарттың əрқайсысын санамалап, таратып, олардың орындалуының əдістері мен əдістемелік тұтас жүйесін анықтап, жолға түсіру — ғылыми тұрғыдан зерттеліп, тəжірибелік тұрғыдан өмірдің сан саласына енгізілуін талап ететін, сол үшін қолдан келген күшті аянбай сарп ететін зор жұмыс. Бірақ сол зор жұмыс тегіс атқарылмаса, кезінде дүниені дүрілдетіп тұрғанымен, көптеген дамыту шарттары орындалмаған себепті жойылып, тарихтың шаңына батып кеткен тілдердің қатарына түсу қаупі бар екендігін де санамызға айқын етіп жазып алуымыз керек. Қазақ тілінің жер астында қанша жатса да, табылғанда сол қасиетін жоймайтын алтындай қасиеті туралы тек мақтанып қана айтпауымыз керек, сол қасиетін қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологиямен тікелей байланыстырудың тиімді жолдарын табудан үміт ете отырып, айтуымыз керек. Ол — қазақ тілінің кумулятивтік қызметінің əлі де болса жүрегі дүрсілдеп атқарып отырған қызметі.
Құдайберген Жұбанов қазақ тілін зерттеуде геологияның палеонтологиялық əдісін ұстанатын болсақ, жазба тілден емес, ауызекі сөйлеу тілінен əлі де болса көрініс беретін сонау мыңжылдықтардан бері келе жатқан мəдениеттің, тарихтың, психологияның, философияның көрінісін тануға, табуға болатынын айтып кеткен болатын [2; 30].
Осындай бір кереметтерді қазақ тарихында əлі де болса ашылмай келе жатқан парақтардың «ұйықтап жатқандығын» дəлелдейтін деректер арқылы көрсетуге болады. «...Мифология мен лигвистикаға сүйене отырып шешу» жолдарын қолдану керек [3; 5].
Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін үйренудегі, оқып-білудегі қызметі тек құжаттарды қазақша толтыру емес. Осындай өте тар аяға кіргізіп жіберген қандай əдіс екенін түсіну қиын. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік заңды орындаушы, қорғаушы, сақтаушы ретінде қазақ тілінің тек кабинетте ғана емес, қазақ тілінің өмірдің барлық саласындағы — қоғамға, табиғатқа, адамның жеке өміріне байланысты қызметін дамытуы міндетті екенін санасына айқын түйіп алуы тиіс.
Қазақтың жеріне Құдіретті күш иесінің рақымы молынан түскен деп айта аламыз. Қазақ жері адамзат өркениетінің тал бесігі болғанынан, дүниенің жарық сəулесін діни таным тұрғысынан əлемге тарата алған орталық нүктесі болғанынан хабар, мəлімет беретін көптеген деректер бар. Олар — мүлгіп жатқан қорғандар, олар — əлі ашылмай жатқан, шөп басып кеткен қыраттар мен тау-тас аңғарларындағы ата-бабалардың жүріп өткен іздері. Олар — қазіргі қазақтар сөйлеп жүрген сөйлеу тіліндегі ежелгі тілдік құрылымдар.
Мысалы, Ақтөбе өңіріндегі Жем өзенінің атауы зороастризмнің гимні болып табылатын«Авестадағы» барлық төрт түлік малды өсіруші Йим болуы мүмкін (түркі тілдеріндегі й-ж дыбыстарының алмасуы), Мартук деген жер атауының зороастризмнің парсыларда сақталып қалған Мардук деген құдайға құлшылық ету орны болуы мүмкін. Егер сол араны жақсы археологиялық зерттесе, түрлі құлшылық ету қазандары мен орындары табылуы мүмкін. Азбар Тас атауының орыс тіліне аударылған «Авестадағы» азъ — қасиетті, варъ — врата, место, орын [4; 45]. Яғни Наурыз күні аспанға жететіндей алаулатып от жағатын қасиетті орын екені, Бəйментау жерінің атауы зороастризмдегі санскрит тіліндегі Ведалардағы Виман (лиман) — Биман –Бəй+ман — (қасиетті адам) деген сөздің мағынасы — «аспаннан түскен адамдар мен олардың ұшатын құралдары жəне атқылайтын қарулары» болғанын білдіретін сөздер болуы мүмкін.
Əрине, мұндай деректерді қазіргі ақпараттық қолжетімділік пен көп тілдерді білудің арқасында молынан келтіре аламыз. Бірақ мақсатымыз ол емес. Мақсатымыз − қазақ тілінде сақталған этномəдени құндылықтарды, яғни ата-бабамыздан қалған материалдық, рухани жəне əлеуметтік құндылықтарды, тану жəне қолдану, оны болашаққа жеткізу үшін, əсіресе мемлекеттік қызметшілердің терең біліктілігі мен жанашырлығы керек екендігін айту болып отыр. Қазіргі қазақ тілінің терең тамыры сонау Көк Түркі заманынан басталатын арналы жол екенін де тану керек [5; 9].
Қазақ тілін Сəлеметсіз бе! деп бастап үйрету керек. Бірақ сол айналада үйіріліп тоқтап қалмай, қазақ тілін ұлттық рухани əлем ретінде оқытуға көшу керек. Бұл жерде лингвоелтанымдық бағыт та, қазақы коммуникативтік ережелер де, барлық салт пен дəстүріміз де, əдетіміз бен ғұрпымыз да — бəрі Тілді қазық етіп, соның айналасында сақталғанын жəне осы бағытта əрі қарай кеңейте дамыту керек екенін баса айтқымыз келеді. Сонда қазақ тілі мен қазақы коммуникативтік мінез-құлықтың бірінен екіншісі туындап жататын табиғи тұтастықты қалыптастыра аламыз.
Коммуникативтік мінез-құлық белгілі бір тілде сөйлейтін халықтың, ұлттың нормалары мен əдет-ғұрыптарының жиынтығы ретінде анықталады. Қазақша үйретуде тек орыс тілінен не басқа тілден алынған сөздердің сыртқы дыбыстық қабығын ғана қазақ дыбыстарымен ауыстырып, ал ішкі семантикалық-мағыналық мазмұны мен оны айту нормасы сол тілдердікіндей болып қалатын болса, бұл қазақ тілінің болашағына жіберілген кесел екенін түсінуіміз керек. Коммуникативтік мінез-құлық арқылы тұтас ұлттың ерекшелігі танылады. Ал сондықтан қазақ тілінен үйретілетін əрбір жаңа сөз не ұғым қазақы коммуникативтік мінез-құлық қалыптастыратындай болуы керек.
Қазақша коммуникативтік мінез-құлық қалыптастырмағандықтан қазақша тілдік орта да қалыптаспай жатыр. Мұны түсіну керек. Сондықтан барлық сабақтарда қазақы коммуникативтік мінез-құлық тіл үйретумен бітісе үйретіліп, кейс-стади жаттығуларының тұтас кешенімен берілуі тиіс.
Қазақша коммуникативтік мінез-құлықтан əлеуметтік мінез-құлық қалыптасады. Егер қазақша сəлемдесуден бастап, табиғатқа, қоғамға, жеке адамға арналған қарым-қатынасына дейінгі аралықта ұлттық коммуникативтік мінез бен құлық қалыптастырылса, онда бұл біртіндеп қазақстандық əлеуметтік символизмге айналады. Ал олай етілмеген жағдайда тек қазақша дыбыстар айтылып, ал рухани дүниеде сол жат елдің мінез-құлығы жасалатын болса, онда тіл мен рухтың бірікпеуі салдарынан екеуінің бірі не екеуі де жоғалады.
Мысалы, қазақтарға сый не кəде алып келгенде, сол жерде бірден ашып қарау ұят болып саналады. Яғни алған бойда ашып қарамау керек деген ұғым/сөз қалыптасқан. Ал қазір ашып қарау керек деген бұйрық мəнге айналып бара жатқан əдет енгізілуде. Бұл басқа елдің əдеті біртіндеп жаймен ғана ұлттық рухты ысырып бара жатқанының көрінісі.
Қазақтардың коммуникативтік мінез-құлықтары туралы қарастырайық.
- Жүзі жылы, жымиып, күлімсіреп амандасады. Түсі игіден түңілме. Түксимеу керек.
- Амандық сұрасу ұзақ болады. Амандық-саулық сұрасып тұрып, екі адам бір-бірінің көңіл- күйін домбыраны шертіп отырып тапқандай тауып алады. Сондықтан е-е-е дей түсіп, солай де дей отырып, қайта-қайта үйін, мал-жанын, көршілерін, ауылын сұрастыра келіп, екеуіне де ортақ тақырыпқа — Елдің тұтас жайына алып келеді. Осы жерден бастап манадан бері сұрақ пен жауап түріндегі диалог енді тең диалогке айналады. Ортақ тақырып туралы əрқайсысы өзінің ойын айта бастайды. Сөйтіп, біртіндеп терең əңгімеге аз уақыттың ішінде кірісіп кете алады. Бұл — қазақтардың «тіл қағысудан тіл табысуға дейін» тез бара алатын қасиеті болып табылады.
- Əңгіме тереңдей бастаған кезде екі тарап та психологиялық сақтық амалын ұстанады. Ол — Қай елденсіз? деген сұрақ қою. (Бұл қазір əркімнің руын айтып, бірақ тарихын білмейтін адамдар үшін өте қиын мəселе.) Өйткені осындай сұрақ қою арқылы əңгімелесушілердің тақырыбы жаңа деңгейге көтеріледі. Яғни тарих пен танымға байланысты мəселелер туралы сөз болатын деңгейге көтеріледі. Тіпті сұрастыра келе қарын бөле болып шығып жататыны да осы тұста болады.
- Қазақтардың коммуникативтік мінез-құлықтарында бет-аузын көп қимылдату, қарқылдап күлу, ашық боламын деп аржайы болып кету əбестікке жатады.
- Қазақтар өзінің жеке басының мəселесін, міндетті түрде табиғатпен, қоғам өмірімен, шаруашылықпен тікелей байланыстыра отырып баяндайды. Мен дегенге байланысты мəселелерді бірден жəне даралап айтпайды. Елдің ортасында болайық, Ерекше болғаннан сақтасын! деп тілейді.
- Сұхбаттасқанда тең дəрежеде болуын екі тарап та көздейді. Жəне сол тепе-теңдікті сақтап отырады. Артық əзіл, орынсыз күлкі болмайды. Болған жағдайда кешірім сұрайды немесе тарқасып кетеді.
- Сөйлесіп отырған адамға тікелей бажырайып қарамайды. Сөзін тыңдай отырып, көз қиығын тастай отырып, мол ақпарат ала алады.
- Ер адамдар қол алысуды жөн санайды.
- Қазақтардың коммуникативтік мінез-құлықтарында тілдік қарым-қатынас орнату үшін амандасуға байланысты фраза жəне оның айтылу өрнегі үлкен орын алады.
- Қазақы коммуникативтік мінез-құлықтың тағы бір ерекшелігі — басталған əңгіме қызықты болса, сұхбаттасын біреуі үйіне қонақ қып ертіп əкеледі.
- Қазақы коммуникативтік мінез-құлықтың əрбір сəтінде үлкендерге, əйелдерге, кішілерге құрмет сезімі көзге ұрып тұрады.
Түптеп келгенде айтарымыз, Қазақстандағы əрбір басқан қадамының астында, күнделікті сөйлеп жүрген сөздің астарында тарих сөйлеп жатыр. Ал мемлекеттік қызметші өзінің қызметін күнделікті қағаздарды толтырып қою деп тар аяда түсінсе, мемлекеттің өткені мен қазіргісін жəне қазіргісі мен болашағын жалғастыратын Алтын көпір — ҚАЗАҚ ТІЛІ жəне оны дамытудың кең тынысты жолын танымаса, қазақ тілін мемлекеттік деңгейде сақтаудың, дамытудың механизмдері, тетіктері туралы айту өте қиын.
Қазақ тілін тездетіп, мұражайларға апарып қоюды ойластырып «қарау көздердің» ойлағанын болдырмау үшін, қазақ тілінің əрбір əрпінің, əр дыбысының болашаққа жаңғырықпен емес, қазақстандықтардың тірі, жанды сөйлеуімен бара алатын ету баршамыздың басты парызымыз болып саналады.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: otuken.kz. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1100000110
- Авеста. Избранные гимны. Из Видевдата // Пер. с авест. И. Стеблин-Каменского. — М.: Дружба народов, — 208 с.
- Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. — 4-кіт. — Алматы: Дайк-Пресс, 2004. — 504 б.
- Куанганов Ш.Т. «Арий-гун» сквозь века и пространство: свидетельства, топонимы: в 2 т. — Алматы: Білім, 1999. — 208 с.
- Құрман Н.Ж., Рахматуллаева А. Құдайберген Жұбанов жəне қазақ психолингвистикасы. — Астана, 2014. — 110 б.