Қазақ əдебиетінде проза жанрының қалыптасып, дамуындағы ұлттық поэтикалық дəстүрдің ролін ешкім жоққа шығара алмайды. Көркем сөз қолданысында өлең сөз жүйесіне бірнеше ғасырлар бойы басымдық беріп келген əдебиетіміз проза жанрының қалыптасуына алғышарттар жасады. Сондай-ақ əдебиеттегі жаңа форманың жетілуіне сыртқы əсер, басқа елдердегі реалистік проза дəстүрінің де орнын ескеруіміз қажет. Сырттан келетін əдеби ықпалдарды сөз еткенде ХІХ ғасырдың аяғынан бастап ұлттық сөз өнеріндегі шығыстық дəстүр анағұрлым бəсең тартып, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап əредік қана көзге шалынатын болды.
Қалай десек те, қазақ əдебиетіндегі проза, əсіресе оның эпикалық формалары еуропалық əдебиеттегі дəстүрлерге бағдар ұстанып, ондағы үлгілерді ұлттық көркемдік таным ерекшеліктеріне бағындыра, өз талғамына сай сіңіре алды. Сондықтан батыс елдердің əдебиеттерінде болған əдеби ортақтықтар, əр кезеңде жетекшілік еткен тенденциялар біздің əдебиетімізде сол қалпында қайталанбаса да, көріністері танылып отырады. Бұл елдер əдебиетіндегі əдеби бағыттар мен ағымдар, көркемдік əдістердің пайда болуына негіз болған жағдайдарға ұқсас көріністерді қазақ əдебиетінен де мол ұшыратамыз.
Қазақ əдебиетін зерттеушілер ұлттық проза жанрларының түп негіздерін халық ауыз əдебиетінің мұралары: лиро-эпикалық дастандардан, қиссалар мен аңыздардан, жыраулар шығармашылығының басты жанры — толғаулардан, шежірелерден т.б. іздейді. Мұндай əдістеме қазақ əдебиеттануында əбден орнығып, ол арқылы бірнеше ғылыми жетістіктерге қол жеткізе алдық. Халық мұраларының прозалық үлгілерін қарастырып, оның өзіндік көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін ашқан С. Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» (1984), қазақ романының жанрлық тамырларын зерттеуде ежелгі мифтер мен фольклордан бастап жазба əдебиетіне дейін көктей қарастыру жүйесін əкелген Ш.Елеукеновтің «От фольклора до романа-эпопеи» (1987) сияқты монографиялық еңбектері біршама көкейкесті мəселелерді шешіп, ең маңыздысы, бұл тараптағы болашақ ізденіс бағдарларын айқындап берді.
Б. Шалабаевтың «Қазақ прозасының тарихында» (1968) да ұлттық проза жанрларын фольклорлық мұралармен байланыстыруды кездестіреміз. Бірақ аталмыш еңбек прозалық жанрлар эволюциясының бастау көздерін халық шығармашылығы мен поэзияда екенін айтқанымен, жіті теориялық талдауларға бара бермеген. Прозаның халықтық үлгілері делінетін жанрларға үстірт сипаттама берумен шектеледі. Ал əдебиетіміздегі роман сынды жанрдың пайда болуын тек қана орыс əдебиетінің жемісі деп бағалауын қолдау қиын. Сондықтан да болар, ол еңбек өз кезінде біраз сынға ұшырады. Дей тұрғанымызбен, бұл еңбек тың ғылыми проблемаға жол салуымен, қазақ прозасының дəні фольклор мен ауыз əдебиетінде жатқандығын меңзеуімен, зерттеу материалы ретінде қыруар көркем шығармаларды қамтуы жағынан өз уақытының сұранысын біршама ақтай білді деп санаймыз. Ш. Елеукенов реалистік əдебиетте ауқымды артықшылыққа ие,финалдық жанр деп қарастырылып келе жатқан романның ғылыми типологиясын жасауға, түрлік ерекшеліктерін айғақтауға ден қойды. Ол жанр мəселесін шешуде нақты бір дəуірдегі əдеби үдерістің негізгі ерекшеліктерін танытатын көркемдік құрылымдар типологиясының маңызына тоқталып өткен болатын. Қазақ романының өзіндік даму заңдылықтарына үңілген зерттеуші осы жанрдың шет елдік, көршілес елдердің ғалымдары негіздеген бірнеше концепцияларға талдаулар жасайды. Сондықтан да ол тұжырымдарды қайталаудың қажеттігі жоқ. Біз үшін маңыздысы — роман жанрының поэтикасындағы бүкіладамзаттық көркемдік даму заңдылықтары мен ұлттық топырақтағы эстетикалық факторлардың тоқайласу шектері. ХХ ғасыр басындағы адам санасы мен өмірдің күрделенген қайшылықтарына дендеу үшін қазақ əдебиетінің жанрлық репертуарында роман басымдыққа ие болғаны аян. Ш.Елеукенов «Неліктен роман? Неге өлең емес? Неге эпикалық поэма емес? Неге мысал емес?» деген сұрақ қоя отырып, «бүтін бір дəуірдің идеясын бойына сыйғыза алатын, ол дəуірдегі қаһармандық пен күнделікті өмір ағысын, комедиясы мен трагедиясын, саясаты мен философиясын, сол дəуір адамының жан дүниесінің қозғалысы, аңсары мен əрекетін бейнелеуде» романдық форманың үстемдігі қазақ əдебиетінің жаңа, жоғарғы сатысы деп табады [1; 98]. Жəне қазақ романының пайда болуына басқа əдебиеттерде де кезесетін мынадай нақты жағдайлар себеп болды дейді: «1) Өмірдің өзінде де түбегейлі өзгерістер қажет екенін сезіну пайда болды.
Ол қажеттіліктерді таныту үшін əдебиет өз дəуірінің тақырыптарына қарай ұмтылды. 3) Дəуір ұсынған тақырыптарды бейнелеу үшін дəуір мəселелерін тұтастай қамтитын, яғни саясатты да, философияны да, моральды да, психологияны да, қысқасы, адамның немен өмір сүретінін, немен тыныстайтынын түгел біріктіре алатын жаңа баяндау формалары керек еді. 4) Құндылықтарды қайта бағалауда өзінің айрықша мүмкіндігін дəлелдеген жаңа дəуірге лайықты эпос жанры, яғни роман, қажет болды» [1; 108, 109].
Ұлттық топырақта пайда болған əрбір жаңа жанрдың сол ұлт өнерінің даму логикасынан шығарып барып əлемдік көркемдік өріспен сабақтастыру — ең өнікті, əрі дұрыс жол. Ш. Елеукенов еңбегінде қазақ əдебиетіндегі жанрлық-стильдік құрылымдар өзгерісіндегі сыртқы əсерлер, басқа əдебиеттердің орны жоққа шығарылмайды. Əсіресе ғалымның ұлт əдебиетіндегі өмір құбылыстарын бейнелеу ұстанымдары мен дəстүрлі жанрлардың ауқымының кеңеюінде əдеби аударманың ролін өте орынды бағалайды. Расында да, əдебиетімізде сонет, элегия, мысал, романтикалық поэма, шағын эпистолярлық роман сияқты жанрлық формалардың көрініс беруі — қазақ суреткерлерінің ұлттық таным мен талғамды ескере отырып жасаған талантты аудармаларының нəтижесі. Абайдың төл шығармаларымен қатар, аудармалары романдық сюжет, романға тəн психологиялық жəне əлеуметтік талдау қалыптастырудағы орны орасан.
Орыс классикалық мұраларынан бұрын əжептəуір мөлшерде аударылған шығыс поэзиясының туындылары болғанымен, олардың жаңа ғасыр басындағы қазақ əдебиетінде жанрлық құрылымдар түзудегі ізі бірте-бірте көмескілене бергені де ғалымдар назарынан сырт қалған емес. Мұны ұлттық əдебиеттің еуропалануы деп тануға əсте болмайды. Қайта қазақ əдебиетінің өзіндік заңдылықтарына сəйкес жаңа мазмұндық-формалық ізденістерге бой ұрғаны деп қабылдаған жөн. Жаңа фазаға көтерілген көркемдік таным мен көркемдік ойлау осыны қажетсінді.
Қазақ əдебиеттануында жан-жақты қарастырыла бастаған бұл мəселені идеологиялық талап- шарттардан тыс, еліміз тəуелсіздік алған жылдары зерттеген А. Исмақова еңбегі толымды болып шығуы заңды. Өйткені бұрынғы зерттеулерде ашық талдауға болмаған қазақ романының қарлығашы — «Бақытсыз Жамал» мен Шəкəрімнің өзгеше қырын танытқан «Əділ-Мəриясынсыз», М. Жұмабаевтың классикалық əңгіме жанрының бүкіл шарттары сақталған, прозаның күрделі формаларының қалыптасып кетуіне алабөтен серпін берген «Шолпанның күнасынсыз», Ж. Аймауытовтың əңгімелері, повесі, ұлттық прозаның жаңа эстетикалық сапасы — «Қартқожасы» мен «Ақбілегінсіз» біздегі проза жанрларының даму тенденциясын толық айқындап шығу мүмкін емес еді. Сонымен қатар аталған еңбекте ауыз əдебиеті жанрларының роман құрылымын түзуге қандай компоненттер бере алғандығы, əр жанрдың қандай мазмұндық-түрлік үлес қосқандығы туралы нақты мақсатты көзделген.
Тағы бір айта кетерлігі — қазақ кəсіби прозасы мен романының қалыптасуына орыстың реалистік прозасы, ол арқылы келген батыстық əдебиеттің жоққа шығаруға болмайтын ықпалының қаншалықты деңгейде болғандығына көңіл аударылуы. Зерттеушінің бағамдауынша, «орыстың реалистік романы қазақ ауыз əдебиетінің эпикалық мұраларына дем берушілік роль ғана атқарды. Егер əдебиеттерде жанр дəстүрінің «тектік» жəне «түрлік» негіздерін жинақтау үдерісі жүріп жатпағанда роман бұлай тез орнығып қаламас еді» [2].
Бұл салада осыншалық ауқымды істер атқарылғанына қарамастан, ұлттық проза жанрларының қалыптасуында басқа да қосымша факторлардың бар екендігі мəселені əрі қарай індете түсуге жетелейді.
Адамзат архаикалық-ұжымдық, фольклорлық-поэтикалық ойлаудан авторлық ойға, жеке сана көріністеріне дейінгі динамикалық даму жолында бірнеше сатылардан өтуі арқылы көркемдік танымның ең күрделі формаларына қол жеткізе алды. Əлемдік əдебиеттің тарихи даму жолында өзіндік орын алатын қазақ əдебиеті де рухани өркендеудің адам баласы жүріп өткен белестерін бағындыра отырып, көркемдік дамудың биік сатысына көтерілді. Барша əдебиеттерге тəн ортақ заңдылықтар сырын игере алу мен өзіндік ұлттық ерекшелігін нығайту арқылы көркемдік-идеялық жаңа сапа танытудың жарқын мысалы — ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті. ХХ ғасырда қазақ əдебиетінің эстетикалық құрылымы мен жанрлық жүйелеріне шешуші өзгерістер келді. Əсіресе қуатты қарқын таныта бастаған проза батыл түрде жаңа тəжірибелер жасай берді. Бұл ұлттық прозадағы көркемдік əдістердің күрделенуінен, жаңа əдеби ағымдардың орын тебуінен де айқындалады.
Жер бетіндегі барша халықтардың даму жолы біркелкі еместігі аян. Алғашқы қауымдық құрылыстан неғұрлым күрделі қоғамдық өмір формаларына əр халық түрлі жолдармен, түрлі уақыттарда өтіп отырды. Біреуінде классикалық антика, келесісінде феодалдық дəуір ұзақ уақытқа созылса, біреулері капиталистік формацияға ертерек енді т.б. Тарихи дамудың осы ерекшелігіне сəйкес, ғалымдар арасында талайдан бері пікірталастар тудырып келе жатқан, ұлттық əдебиеттану көп маңыз бере бермеген мынадай мəселелер бой көтереді: ұлттығы мен мемлекеттігі, жазба əдебиетінің пайда болуы əр түрлі хронологиялық кезеңдерде жүзеге асқан халықтардың барлығы антикалықтан модернизмге дейінгі көркемдік даму сатыларынан өтуі міндет пе жəне мүмкін бе? Көптеген зерттеушілер осындай күрделі сауалдарға жауапты «əдебиеттің жедел дамуы» тұрғысынан қарастыруды ұсынады.
Əдебиеттің жедел дамуының ерекшелігі мұнда ұлт пен халық адамзат мыңжылдықтар бойы жинап-терген, бойына сіңірген немесе ғасырлар бойғы ізденіс пен көркемдік кемелдікке ұмтылысы нəтижесінде жасаған мəдени-рухани айналымға кіріп, бірден араласып кетеді. Осы жерде ұлттық əдебиет өзінің жүріп өткен жолы мен өз тарихында жасалған рухани құндылықтарға қайтадан қайырылып, оларға баға беруге, əлдебір тұтастық ретіндегі адам баласының қол жеткізген қазіргі əлемнің жағдайымен өзінің сəйкесетін, сəйкеспейтін тұстарын салыстыра бажайлауға мүмкіндік алады. Дамудың жаңа сапалық кезеңіне бірден көтерілгенде ұлттық сана ерекше өзгеріске түседі. Оның алдынан əлемнің барша халықтары жинаған қазыналар ашылады. Тек қана руханият саласында ғана емес, ғылым мен техника саласындағы жаңалықтар, материалдық құндылықтар, моральдық- этикалық нормалар, сан түрлі қоғамдық-саяси модельдер т.б. тарихымен бетпе-бет келді.
Қандай да бір ұлттың əдебиеті дүниені көркемдік таным арқылы қабылдау тарихының ұзақ жолында басқа елдердің үздік тəжірибелерін бойына сіңіру арқылы ол халықтар жүріп өткен мəдени- рухани сатылардың ерекшеліктерін қажетінше қабылдайды. Мұнда аударма-шығармалардың атқаратын ролі де орасан. Олай дейтін себебіміз, ХIХ ғасырдағы аудармалармен бірге бізге əлем классиктерінің ағартушылық-гуманистік, демократияшыл көзқарастарымен қоса, адамзаттың антикалық, ортағасырлық, реннесанстық, жаңа дəуірлік таным-бағыттары келді. Бұл тұрғыда Шығыс, Батыс, орыс мəдениеті жəне философиясымен байланысы анағұрлым кең түрде көрінетін Шəкəрім Құдайбердіұлының шығармашылық өмірбаяны айрықша ілгерішіл құбылыс болды. Шəкəрім Батыс пен Шығыстың дүниетаным негіздерін терең меңгере отырып, ұлттық ерекшеліктерге сай шығыстық, батыстық көркемдік таным формаларын поэтикалық интерпретациялау арқылы қазақ əдебиетіне орнықтыруға күш салды. Ол Гомерді оқуы арқылы ежелгі грек, римдік жəдігерлермен, Байронды зерттеу арқылы романтизм дəуірінің эстетикасын, Абай ықпалымен Гетені тану арқылы жаңа дəуірдің көркемдік ұстанымдарын, А. Пушкин, Л. Толстой сынды əлемге мəшһүр болып үлгерген замандастарының гуманистік идеяларын жаңа сапада қалыптаса бастаған жазба əдебиетінің көркемдік қабаттарына сіңіруге тырысты. Қысқасын айтқанда, Шəкəрімнің көркемдік əлемі — аса қуатты ұлттық негіз бен батыстық, шығыстық мəдениеттердің тоғысындағы күрделі поэтикалық құрылым. Суреткердің көркемдік-философиялық таным қырларын немістің классикалық философиясы, Батыстағы ортағасырлық жəне Қайта өрлеу əдебиеті, ағартушылары мен романтиктері еңбектері негізінде ақын болып қалыптасқан Гете поэзиясымен үндестіктерді саралай бастауымыз да соның айғағы [3].
Өзіне дейінгі қазақ халқының бай фольклорын, шығыс классиктерінің ең үздік мұраларын, Абай тағылымын жүйелі түрде меңгерген Шəкəрім дін мен ғылымға деген қөзқарастарында Батыс ойшылдарының еңбектеріне («Үш анық» трактатында батыс ғалымдарының ондаған есімдері келтіріледі), тіптен мистикалық ілімдерге дейін сүйеніп отырады. Тегінде, ол өмірінің соңғы жылдарын елден аулақтағы саят қорада өткізуі шығармашылықпен айналысудағы жан тыныштығын ғана іздеп бармаған деген ой келеді. Мысалы, ағылшын романтизмі дəстүрінде пайда болған
«Озерная школа» («Көл мектебі») деп аталатын əдеби мектептің үздік өкілдері — Водсфорд, Колридж, Саутилер де ғұмырларын қоғамдық ортадан алыс, табиғат аясында өткізгені мəлім. Ақынның бұл əрекетіне өзі аса ілтипатпен ден қойған Еуропа романтиктерінің əсері болуы мүмкін деген болжам айтпақпыз. Мұндай болжамға негізді біз Еуропадағы романтизмнің ірі өкілдерінің идеялық ұстанымдары мен олар қалыптастырған дəстүрлерден тапқандаймыз. Өйткені Батыс романтиктері күнделікті сұрықсыз өмірге өздерінің қиялындағы идеал өмірді қарсы қойды. Бірте- бірте қоршаған ақиқат өмірдің өзінің идеалындағы өмірге айналмайтынын түсінді. «Сонымен бірге, — дейді К.Ахметов, — романтизмге еркіндікті қорғау, жеке адамды бағалау мен дəріптеу, əр адам бойындағы бірегей қасиеттерге ерекше зейін қоюшылық пен дара адамды дəріптеу тəн. Жеке адамды мадақтау буржуазиялық қоғамдағы адамдардың даралық бітімін жоғалта бастаған тарихтың аяусыз қадамына деген қарсылықты, өзін-өзі қорғауға ұмтылушылықты танытады» [4]. Шəкəрім жеке тұлғаның бойындағы ерекше қасиеттерді даралауда, оның қоғамдық дамудағы бөлекше орнын əйгілеуі Абай мен Толстойға арнап жазған шығармаларында айқындалды. Романтиктердің алыстағы елдердің тұрмыс-тіршілігі, салт-санасына деген құштарлығы да, күнделікті күйкі тірліктен асқақ рух пен адамның ішкі ғажайып мүмкіндіктерін биік бағалайтын ерекшеліктері де қазақ ойшылының дүниетанымынан белгілі дəрежеде орын алды.
Ойшыл суреткер шет елдің озық рухани мұраларын мақсатты түрде зерттеп-игеруі, олардағы соны тəжірибелерді ұлттың көркем ой дамуына сəйкестендіре пайдалануға деген ұмтылысы бірнеше аудармалар жасауға мұрындық болып, ХIХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы əдебиеттің жедел дамуына тың серпіндер берді. Шығыстың «Лəйлі-Мəжнүн», Қожа Хафиздің жырларымен қатар, Л.Толстойдың «Ассирия патшасы Асархадон», «Үш сауал» т.б. əңгімелерін, А. Пушкиннің «Дубровскийі» мен «Боранын», американ жазушысы Гарриэт Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын аудару арқылы ұлттық əдебиеттің рухани байланыс көкжиегін кеңітті. Суреткердің аудармаларын əдеби-эстетикалық құбылыс ретінде ашып көрсетуге қатысты біршама зерттеулер жазылғандықтан, олардағы тұжырым-пікірлердің ғылыми маңызына тоқталмаймыз. Біздің айтпағымыз, Шəкəрімнің өзге елдердің прозалық шығармаларын аударуға ден қоюы қазақ сөз өнерінің басқа сатысына аяқ басуына, көркемдік таным аясының кеңеюіне аса маңызды бетбұрыс болғандығы. Прозалық шығармаларды аударудың тəжірибесі толық қалыптаспаған кезеңде Ы. Алтынсарин мен Ш. Құдайбердіұлының мұндай қадамдарға баруы, біріншіден, ұлттың тарихи дамуы барысында қалыптасқан жағдайлар мен күрделі құбылыстарды бейнелеуде лайықты пішін іздеуінен. Екіншіден, ұлттық əдебиет өзінің ішкі заңдылықтары негізінде прозаға дейінгі жанрлық түрленудің қажетті сатыларынан өтіп, проза жанрын игеруге дайын жаңа деңгейіне көтерілді. Сондықтан да Шəкəрім аудармаларының тым-тым еркіндігін де əрқилы түсіндіріп келеміз. Б. Əбдіғазиұлы: «Шəкəрімнің аудармашылық өнері өзгеге ұқсай бермейтін, классикалық тəржіма аясынан асып кетіп жататынын», — айтса [5], Ө. Күмісбаев: «... Ш. Құдайбердиев жазған
«Дубровский əңгімесі» Пушкин повесінің аудармасы емес, оның қайта қазақша өлеңмен жырланған формасы, қазақ ортасына лайықталған нұсқасы. Пушкин прозасының өлеңмен берілген түрі, повестің дастанға айналуы», — деген ойын алға тартады [6].
Əрине, Шəкəрім Л. Толстойдан кейбір қысқа əңгімелерді болмаса, А. Пушкиннің «Дубровский»,«Боран» сынды күрделі прозалық үлгілерін қара сөзбен аударған жоқ. Бұл шығармалардың кең насихатталуына қазақ ортасында прозаның əлі қарқынды үрдіс алмағандығы жалпыға түсінікті болса керек. Екінші жағынан алып қарағанда, өзінің прозалық төл шығармаларын жазу алдындағы күрделі дайындық кезеңі болғанына дау жоқ. Өйткені оның аудармалары жарық көрген уақытынан əлдеқайда бұрын жазылды. Шəкəрімнің қара сөзбен жазылған тарихи-философиялық трактаттары мен мақалаларынан басқа «Бəйшешек бақшасы» атты қысқа əңгімелер топтамасы, «Шын бақтың айнасы»,«Мен жетпіс екі жасқа келгенше» т.б. əңгімелері, «Əділ–Мəрия» романы дəстүрлі Шығыс пен əдеби алмасулар нығайып келе жатқан Еуропа эстетикасының ұлтттық топырақта, ұлттық танымға сай синтезделуінен туған өзгеше сипаттағы дүниелер.
Сонымен, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған қазақ əдебиетінің жедел даму фазасына шығуында аударманың тарихи ролі орасан. Абай, Ы. Алтынсарин, Ш. Құдайбердіұлы, А. Байтұрсынов, Б. Өтетілеуов, М. Сералин жасаған аудармалар əлемдік көркемдік таным үрдісінің ұлттық əдебиет өтіп үлгермеген сатыларын жедел түрде меңгеруге, қоғамдық сананың жаңа формаларын тудыруға аса үлкен ықпал жасады. Соның нəтижесінде бірнеше жылдардың ішінде өзіндік жанрлық-эстетикалық талаптарға толық жауап бере алатын қазақтың ұлттық прозасы дүниеге келді.
Бұл тұста қазақ əдебиетіндегі жедел даму құбылысының фольклорлық негіздеріне тоқталып өтпеске болмайды. Ұлттық əдебиет адамзаттың тарихи-мəдени керуенімен қай жерде тоғысады, қай кезеңде кенже қалады, дамудың қай сатыларын жедел өткереді? деген сауалдарға жауап іздеу барысында халықтың поэтикалық-фольклорлық ойлау мəдениеті, ұзақ уақытқа созылған фольклорлық дəуірдің берері көп. Қазақ халқының жазба əдебиеті қалыптасқанға дейінгі кезеңінде қоғамның рухани өмірі, болмысты образдап игеру ерекшеліктері фольклорлық-поэтикалық формада көрініс тапты. Мұнда бір-бірінен ажыратылмаған күйінде халықтың философиялық, құқықтық ождандық, діни жəне эстетикалық т.б. көзқарастары тұтасып жүрді. Əдебиеттанушы үшін бұл күрделі үдерістер ішінен, яғни синкреттік шығармашылықтан нақты бір өнер саласы ретінде немесе қоғамдық сананың өзгеше формасы түрінде қабылданатын көркем əдебиетке өту қалай жүзеге асатынын бағамдау басты мақсат болып табылады. Өйткені əдебиеттің жедел дамуы құбылысында фольклор негізгі міндеттердің бірін атқарады. Г.Гачевше негіздесек, «əдебиеттің өтуге тиісті даму сатыларының қызметін фольклор атқарып, мəдениеттегі бос кеңістікті фольклор толтырады» [7]. Кезінде Ш. Уəлихановтың қазақ эпостарының образдары Еуропаның жазба əдебиетінен ешбір кем соқпайтынын айтуы да фольклордың əлемдік көркем ой дамуының жаңашылдықтарын бойына сіңіргіштік қасиетінің тағы бір куəсі болса керек [8].
Адамзат мəдениетінің антикалық дəуіріндегі мифтік таным мен мифологиялық дүниетанымына орай туған көркем дүниелерге ұқсас құбылыстар ежелгі қазақ мифтерінен аңғарылады. Алайда ерте уақыттағы қазақ мифтері ежелгі Греция, Рим, Египет, Үндістан, Қытайдағыдай тұтас жүйеге түсіп, көркемделген мифологияға айнала алған жоқ. «Оның басты себебі — Қазақстанда ертеде мекендеп, қазақты құраған ру-тайпалардың құл иеленуші мемлекет құрмай, рулық қауымнан бірден феодалдық қоғамға иек артуы. Жүйелі иерархиясы, тұрақталған орталығы бар көп жасаған құл иеленуші империяларда көне миф көркем мифологияға айналып, эстетикалық қызмет атқарған. Ал, рулықтан бірден феодализмге көшкен елдерде көпқұдайлы емес, бірқұдайлы дін орнап, көне миф жүйелену емес, қуғынға ұшырап, ыдырап кеткен, циклға түспеген, демек көркем дүниеге бірден айналмай, хикаяға, ертегіге ойысқан, жаңа жанр қалыптастырған. Феодалдық, бірқұдайлық қоғамда көркемдік- эстетикалық функцияны миф емес, фольклордың басқа жанрлары атқарған», — деп жазады С. Қасқабасов [9]. Біздің эпостық жырларымыздағы мифология элементтерінің грек мифологиясынан айырмашылығын ескермеуге болмайды. Ол заманда гректер түгелдей мифологиялық ойлаудың сатысында болды да, біздегі мифология элементтері аталық қоғамдық сананың жемісі — көбіне адам түрінде, антропология тұрғысында болып келді. Сонда да қазақ халқын құраған ру-тайпалардың табиғаттағы дүниенің барлығын бір деңгейден қараған мифологиялық дүниетанымы адамзат мəдениеті тарихының синкретті сатысымен үндестіктерге алып келді.
Қазақ прозасының қалыптасуын, оның аз уақыт ішінде əлемдік деңгейге көтеріліп үлгергенін де жедел дамудың нəтижесі деп танимыз. Іргелі елдердің рухани-мəдени тəжірибелерін сығымдалған түрде ұлттық өнерге сіңіру олардағы ірі-ірі əдеби бағыттардың, ағымдардың, əдістердің, стильдердің келуіне себеп болды. «Басқа əдебиеттер үшін өлеңдік поэзиядан қазіргі романға дейінгі қашықтық аса алшақ болса, Абайдың жолынан «Абай жолына» дейін қазақ əдебиеті бар жоғы жарты-ақ ғасырда жетті», — деп жазады Н.И.Конрад [10]. Сондықтан əдеби құбылыстарды тексергенде оларды дəстүр аясында жетілген ұлттық факт тұрғысынан жəне əлемдік көркемдік дамуға қатысы тұрғысынан да салмақтап отыру маңызды.
Əдебиеттер тізімі
- Елеукенов Ш. От фольклора до роман-эпопеи (Идейно-эстетическое и жанровое своеобразие казахского романа). –Алма-Ата: Жазушы, 1987. — 352 с.
- Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль (начало ХХ века и современность). —Алматы: Ғылым, 1998. — С. 18.
- Сейсекенова А.Б. Шəкəрім жəне Гете: поэзиядағы көркемдік таным үндестігі: филол. ғыл. канд. ... автореф. — Семей, 2004. — 34 б.
- Ахметов К. Əдебиеттану əліппесі. — Алматы: ҚАЗақпарат, 2000. — 148, 149-б.
- Əбдіғазиұлы Б. Шəкəрім шығармашылығының дəстүрлік жəне көркемдік негіздері. — Алматы: Кенже-Пресс, — 174-б.
- Күмісбаев Ө. Терең тамырлар. — Алматы: Ғылым, 1994. — 234-б.
- Гачев Г.Д. Неминуемое. Ускоренное развитие литературы. — М.: Худож. лит, 1989. — С. 401,
- Уəлиханов Ш. Таңдамалы шығармалар. — Алматы: Жазушы,1985. — 162–168-б.
- Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. — Алматы: Ғылым,1984. — 93-б.
- Конрад Н.И. О некоторых вопросах истории мировой литературы // Запад и Восток. — М.: Наука, — С. 293.