Тəуелсіздік жылдары қазақ жазушылары əңгіме жанрында қалыптасқан дəстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік, тағы басқа ізденістерге барғаны белгілі. Сондай-ақ дəстүрлі ұлттық таным тəуелсіздік тұсындағы əңгімелерде батыс əдебиетінде қалыптасқан əр түрлі əдеби ағымдармен толықты. Қазіргі қазақ прозалық шығармаларында модернистік, постмодернистік ағымдар көрініс бере бастады. Қазақтың қазіргі прозалық туындылары адам мен қоғам, адам мен əлем арасындағы қарым-қатынасқа, адам болмысының мəнін, өмірдегі орнын бағамдауға байланысты экзистенциялық дүниетаным шеңбері кең, өмірдің мəнін философиялық тұрғыдан түсінетін кейіпкерлерді өмірге əкелді. Қазіргі қазақ прозасындағы сюжеттің бөлшектері белгілі бір жүйеге бағынбайды, сондықтан шығармадағы оқиғаның баяндалуында хронологиялық тəртіптің сақталмауы заңды құбылыс.
Қазақ əдебеитінің кейінгі жас толқынының сюжет құру ерекшеліктерін дəстүрлі прозаға қарағанда өзгеше екені мəлім. Бұл ерекшелік авторлық ұстанымына, уақыт пен кеңістік рөлімен түсіндіріледі. Ұлттық əдебиеттегі ашыла жазуға, көсіле жазуға заманы мүмкіндік бермеген модерндік əңгіме үлгісі заманауи прозашыларымыз тарапынан қазіргі дəуірде постмодерндік əңгіме үлгісіне айналды. Атап айтар болсақ, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Роза Мұқанова, тағы басқа жазушылардың əңгімелерін ұғыну үшін олардың постмодерндік бағытының тереңіне үңілуіміз керек. Классикалық əдебиеттегідей сюжет, композиция деп талдаудан алыстап барамыз. Постмодернисттер сюжетке оқыс оқиғалар, образдарды басқаша түрде ұсынып, оқиғаны күтпеген тұста аяқтап тастап, оқиғаның шешімін оқырманның үлесіне қалдырады. Тіпті, мысалы, «Дидар Амантайдың əңгiмесiнен сюжет iздемей-ақ қойған абзал. Себебi сiздiң iздеген сюжетiңiз бұл əңгiмеде жоқ» деген пікірде Таласбек Əсемқұлов [1]. Қазіргі қазақ прозасында біраз қаламгерлердің шығармаларында виртуалды əлемді суреттеу көптеп кездеседі.
Сөздік-көркем туындыларда барлық кейіпкерлер виртуалды болып табылады, олар нақтылы өмірде емес, автордың ішкі дүниесінде, содан кейін барып оқырман туындыны оқыған кезде оның ішкі дүниесінде өмір сүреді. Сондықтан автор нақтылы өмірдің виртуалды сыңарынан қалыптастырған кезде өзінің виртуалды адамдарына өздерін нақтылы өмірдегі адамдар сияқты қылықтар жасауына мүмкіндік береді: олар басқа адамдарды бейнелейді немесе өзін сипаттайды.
Осы орайда мақаламызға арқау болып отырған қазіргі таңда өзіндік ізденісімен орта буын өкілдерінің алдыңғы қатарында есімі аталатын жазушы Асқар Алтайдың шығармаларындағы сюжеттік ерекшеліктеріне сипаттама бере кеткіміз келеді.
Қазіргі тəуелсіз қазақ əдебиетінде Асқар Алтай — өз бағытын айқындап, стилін танытқан жазушы. Оның шығармаларынан кезінде З.Қабдолов жазушыдан талап ететін сегіз қасиетті толық көруге болады. Оның «Қара бура» повесі, «Қараштың қарасы» əңгімесі қазақ басынан өткерген небір тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Асқар Алтай шығармаларындағы бір ерекшелік — шығарма ішіне тағы бір шығармаға сюжет боларлық бір оқиғаны сыйғызып жіберуі. Мұндай тəсіл көбіне О.Бөкей шығармаларына тəн болатын. «Қара бурадағы» ботасын іздеген ақ түйе туралы аңыз, «Қараштың қарасындағы» Қараш батыр туралы əңгіме мен «Ереуілтөбе» жайындағы тарихи оқиғалар шығарма құрылысына нұқсан келтірмей, негізгі оқиғамен жымын білдірмей кірігіп кеткен. Асқар Алтай көбіне қазақ елінің өткенін безбендеп, елдігін танытатындай тақырыпта жазады. Оның «Көзжендет» əңгімесінің өзі жазушылық шеберлік туралы көп мəлімет береді. Біреуге істеген қастандығың, тіпті аңға жасаған қатыгездігің өз алдыңнан шығады деген философиялық түйін жасайды. Талай аң- жануарды көзсіз қалдырған «көзжендет» сауысқанның иесінің немересі көзсіз туады. Əңгіме соңы адамға ой салады.
Ал, бүгінгі көзқарақты оқырман Асқар Алтайдың əр шығармасын асыға күтеді. Солай болуы заңды да! Өйткені Асқар Алтай қазақтың шұрайлы тіліне жөргегінен жарыған жазушы. Алтайдың əйгілі Марқакөл өңірінде бес мыңнан жеті мыңға дейін алалы жылқы біткен Шонжырбай бай — Асқар Алтайдың арғы атасы. Одан — Жылқышы, Жылқышыдан — Алпысбай, Алпысбайдан — Құмар. Алпысбай атақты Шəкəрімнің ұлы Зиятпен дос болған, Шығыс Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сəліспен Семейде бірге оқыған. Арғы бетте генерал Мажунин дүңген көтерілісіне басшылық еткенде, оған қазақтар да қатысқан. Алпысбай ел басына күн туғанда əкесі Жылқышыдан қалған бес жүзден астам қыл-құйрықтан көтеріліске қатысқан қазақ жігіттеріне қосарлап ат та мінгізген.
Ал Құмар Мəскеу төңірегіндегі атақты Диверсиялық барлау мектебінің Шығыс барлау бөлімін (1936–1942) бітірген. Сонда жүріп кеңестік барлаушылық қатал тəжірибесінен өтіп, қытай, монғол, тибет, ұйғыр, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, еркін жазған. 1942 ж. генерал Дəлелхан Сүгірбаевтың кеңесшісі болып, Совет Одағынан Зайсан шекарасы арқылы Шығыс Түркістанға енгізілген. Ол тəуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрысып, Алтай аймақтық Сақшы бастығы қызметіне тағайындалады. 1951 ж. Оспан батыр ұсталғаннан кейін Құмарды қызметінен алып, Кеңес Одағының ұйғаруымен Пекин Заң университетіне білімін көтеруге жібереді. Ол сол кездегі қазақтар арасында жоғары білімді заңгер азаматтардың санаулыларының бірі еді.
Құмар Алпысбайұлы Мағжанның «Батыр Баянын», Жүсіпбектің «Ақбілегін» əңгімелеп отыратын. «Алтайда ел нары екен қалың найман, Қытайға қалың найман қанат жайған…» деп əкесінің əнге қоса ыңылдап айтқан сөздері Асқардың құлағында бала шағынан қалып қойған. Ол Шəкəрімнің көптеген өлеңдерін білетін, көп сөйлемейтін. Ал сөйлеп кетсе, сөздің майын тамызатын. Асқардың өз анасы Меңке де сөзге ұста адам еді.
Асқардың балалық шағы өте бай һəм құнарлы болды деуге толық негіз бар. Алты-жеті жасына дейін көп адамды көрген жоқ, қалың жылқы мен малды көрді. Құдды суретпен сызып қойғандай, қыл қаламның да құдіреті жетпейтін сұлу Алтайдай арда табиғаттың ортасында өсті. Өз көзімен көрген жабайы аң-құс, жан-жануарлар бала Асқарды рухани түлетті. Бала кезінен бөрі мен бөлтірік аулауға, бұғы мен аю атуға аңшы Қауқай, Буратай, Нұрғали қариялармен, əкесі Құмармен бірге барып жүрді. Сондықтан да оның шығармаларында аңшылық туралы оқиғалар жиі ұшырасады. Шынайылығымен, тылсымдығымен оқырманын тамсандырады.
Қаламгердің бірқатар əңгімелері оқырманды мынау əлеуметтік ортадан алыстатып көркемдік əлемге жетелейді.
Асқар шығармаларының кейіпкерлерінің де өзіндік əлемдері бар. Мысалы, «Лайбаран» атты əңгімесінде кезінде өзінің алдағы мақсаты бар Əкөн есімді жігіт Семейдегі медицина институтына оқуға түседі. Алайда ырың-жырың жүріс, ырду-дырду думан жас, лапылдап жанып тұрған жігітті қызыл «Талас» шарабы мен мөлдіреген түссіз «Водкаға» құмартады. Аяғы, бір курстың өзін аяқтамай жатып əскерге кетіп тынады. Əскерден келген соң оқуын жалғастырмайды. Бұл баяғы жүрісіне қайта басады. Сөйтіп жүріп Нұрайнаны жүкті етеді. Ащы суға жаны құмар болған соң отбасының шырқы бұзылып, сұлуы көп, жылуы жоқ Алматы асып, есіл-дерті екі стақан араққа ауған өзі секілділерге қосылып, тапқан таянғанын «түссіз суға» жұмсайтын БОМЖ-дың өзі болып шығады. Өзімен бірге өскен, сыныптасы Сейсен қаладағы базарда үсті-басы кір-қожалақ, сақал-мұрты өсіп кеткен Əкөнді қапыда көріп қалып, жабыса кетіп, айдаладағы аядай аудан Аягөзге алып келіп, Иван-кочегарға табыстайды. Ваня-кочегар мұны қазандықтағы ыстық суға шомылдырып, бу бұлауынан кейін 200 грамм «ақаңды» жұтқызып жіберіп, майға қуырылып піскен семіз, бірақ тарамыстау етті қарбыта соқтырып, жылы оратып, жеке блмеге жатқызып тастаған. Бір-екі мəрте ғана шарап көтерген, санасы сауығып қалған Əкөнді ертесі күні түнде кочегар ит аулауға өзімен бірге сыртқа алып шықты. Міне, осы күннен бастап дəу орыс пен Əкөннің арасында кикілжің туа бастады. Бұл Ваня-кочегардың итті Акон бауыздасын деуі еді. Əкөн болса, бірден «жоқ» деп бас тартқан. Келген күні қара кесек етті байқамай жеген Əкөн осы күннен бастап ет жеуді қойған болатын. Ет жеуді доғарған Əкөн-əпендіге ашуы келіп жүрген Ваня-кочегар: «Эфенди, мен сені ерте ме, кеш пе өлтіремін! Сен бəрібір адам болмайсың, лайбараннан артық саған қандай мал керек, малғұн!..» — деп жиі айтып жүрді. Əкөннің сөніп қалған намысын кочегардың «Иттен туып, іннен шыққан» деген соңғы сөзі жанып өткен еді. Басқасы басқа, соңғы сөзі жанына батып кетті. Осы сөз жанын жегідей жеді. Иван-кочегар мен Болат- бұзау ит аулауға кеткенде мұның ойынан əлгі сөз шықпай қойды. Олар қанжығалары майланып оралғанда үнсіз ғана есікті іліп, Болатқа көксұр иттің аяғын байлауға көмектесіп жүрді. Жүз грамм арақты сіміріп жатып, Əкөнді көзқиығымен баққан Иван Болатқа ит бауыздауды тоқтатып, пышақты Аконға бердірді. Əкөн: «Мен соймаймын. Пышақты да ұстамаймын. Керек болса, Иван-кочегар, өзің сой, өзің же! — деп ысылдады. Бұған шыдамаған Ваня-кочегар БОМЖ-ды ауызынан кеп отырғызды.
«Жаныңның барында «барыныңды» бауызда! Болмаса балтамен басын шап!» — деп бұйырды[2; 115].
«Əкөннің санасын тұман тұтып, көзін қан басты. Қан аралас түкірігін тағы да түкіріп, пеш аузына жақын жатқан қайраулы балтаны барып алды. Қайырылып ит қасына келді. Тістенген қалпы аузына толған қасқа тістің қанын енді түкіріп тастамай, жұтып жіберді.
- Эфенди, — деді тұздай көзін қадаған Иван-кочегар, — балта өткір, бір-ақ сілте! Қорықпа!
- Неге қорқам?
- Е-е-е, бəсе! Аюға да жан керек... ха-ха-ха!..
- Қорықсаң сен қорық... — Бұл сөзің аузынан қалай шығып кеткенін Əкөн-əпендінің өзі де сезбей қалды.» [2, 118].
Ашуға булыққан Əкөн ешкім күтпеген, шапшаң қимыл жасап, өткір балтамен итке жақын отырған Иван-кочегарды қақ маңдайдан шауып жіберді. Сөйтті де байлаулы жатқан көксұр итті босатты.
Асқардың бұл əңгімесінің кейіпкері Əкөн екі əлемнің арасында дүбара күйде жүреді. Жас шағындағы намысшыл, таза қалпынан жүре пайда болған араққа деген тəуелділіктен айырылып, санасы уланып «БОМЖ»-дық əлемге бой ұрады. Бұл кейіпкеріміздің жүре қалыптастырып алған өзіндік əлемі. Ал, аздап тиымнан соң санасы серги бастаған Əкөннің, көңіл түкпіріндегі сезімдері оянып, қайта қалпына келе бастағандай еді. Баз баяғы табиғи əлемінің көкжиегі көрінгендей.
Сонымен, қорыта келгенде, Асқар Алтай əңгімелеріндегі виртуалдық əңгімелер желісі өзіндік соны өрнектері, жаңа ой түйіндерімен ерекшеленеді.
Жалғыздық сарынын қазіргі қазақ прозасында өмір мен өлім концепциясы тұрғысынан қарастыруға болады.
Соңғы жылдары қазақ қаламгерлері өлім туралы көп жазып жүр. Өлім болмаса, өмірдегі тірінің қадірін білмейтіндігіміз рас. Адам қимайтын арсыз жалғанда бір-ақ опасыз дүние бар. Ол — тіршілік.
«Мені де, өлім, əлдиле», — дейді Мағжан. Мені де, мені де... Адам өлімді есіне алған кезде ғана Аллаға жақындай түседі. Қаламгердің кейіпкерінің Құдайды іздеуі бекерден бекер емес. Дүниеде Құдайдан асқан философия жоқ. Кейіпкердің мына уы мен шуы, қуанышы мен қайғысы мидай сапырылысқан тіршіліктен безіп, жалғыздыққа қарай қашуы — Құдайдың шұғылалы сəулесінің жылуын іздеуге ұмтылысы.
Автордың айтпағы Құдай — адам жүрегінің сəулесі. Ол — өлгенше пендесімен бірге болатын жалғыздығы, қуанышы мен қайғысы. Автордың кейіпкерінің жалғыздығы — Құдай. Жалпы адамзат басына түскен қайғыңа, жаныңды ауыртқан жаманатқа қара емен болып қатып қалған күнде ғана сен бұл өмірдің қасіретін жеңесің деп ой түйдіреді. Ал, əзірше, автор кейіпкерінің ұлы идея үшін азап шегіп, қайғының отына күюі – қаламгердің сюжет ойыны тəрізді.
«Ақыл мен ғылым адамзат тарихында тек екінші сатыдағы қызметті атқарып келеді» деп күйінген еді Достоевский.
Суреткер кейіпкерінің күйінбеуін, бəрібір тастай қатып қалған өмірдің жүрегін жібіте алмайтындығын бағамдатады. «Ұлылық дегеніміз — өзіңді-өзің тергеу» (Ибсен).
«Өмірдің талаптарымен келісе алмаған адам азапқа түседі» (Бодлер) айтқаны еске түседі. Жалпы, Бодлер айтпай-ақ, Ұлылық дегеніміз — азап шегу. Абай «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», Мағжан «сұм өмір абақты ғой саналыға» деген ғақлияны ұлылықтың тонналық қасіретін бек сезгендіктен айтқан.
Жалғыздық сарынын прозадағы Құдай мен Адам тұрғысынан қарастыруға да болады.
«Жалғыздығыңа қарай қаш», дейді Ницше. Жазушының кейіпкерін жалғыздық қана құтқарып қалады. Жалғыздыққа Жаратушы ғана қарсы тұра алмайды. Алла тағала пендесін алып кеткенмен, біреудің жүрегінде жалғыздығы қалады. Ең құрығанда...Біреудің.
Жалғыздық сарыны туралы Г.Пірəлиева «Жалғыздық қашанда жеке адамның басындағы қайғы- қасіретке, ішкі ойға, емін-еркін егілуге де, ішкі құпия тіршілікке ерік беруге, өз сезімін қадағалауға да, қадағаламауға да құқысы бар мезет. Əрі бұл адамның (кейіпкердің) ішкі табиғатынан, болмыс- бітімінен сыр берер, оның харекетін ашуға да өзіндік үлес қоса алатын көркемдік қасиет. Өйткені адам жалғыз қалғанда ғана ішкі ой еркіндігіне бой алдырады. Жалғыздық — адамға өз ойымен болуға, еске алу, елестету, қайғыру, сүйсіну, белгілі бір шешім қабылдау, тағы басқа толып жатқан философиялық, психологиялық категориялар мен процестерді, сан алуан түрлі сезімдік құбылыстарды бастан кешетін кезең [3].
Жалғыздық сарының Асқар Алтай шығармаларындағы көрінісі қандай болмақ. Осы мəселе төңірегінде ой өрбітеміз.
Асқар Алтайдың осы уақытқа дейін белгілі сыншыларымыздың назарына іліккен туындыларының бірі — «Кентавр» əңгімесі. Əңгіменің желісі бас адам тəрізді дене тұрқы жылқы іспеттес сəбидің дүниеге келу. Ата-анасының бір перзентке зар болып жүріп тапқан ұлдарын ел көзінен таса жерде өмірге əкеліп, өсіреді. Алайда күн санап өскен жылқы-жігіттің жалғыз екенін түсінуін автор былай жеткізеді.
Түзде тағы өскен құлын-бала құнан-жігіт шықты. Тұрқы зорайып, қуаты толысты. Бұла көркі көз тартып, бұғанасы бекіді. Тарлан Тарбағатайдың тағы аюын да алды, бұла бөрісінің белін де үзді. Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды... өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін түсінді. Жат екенін сезінді. Əкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан: «Тірі пендеге жолама! Көздеріне түспе!» деген сөзді берік ұстанды [2; 182].
Ал Асқардың «Альпинист» шығармасындағы тау шыңына шығуды өзінің рухы, жан рахаты көретін Тайшынның қалаға сыймай əрдайым тауға қарай аңсары ауып тұрады. Қаладағы бейберкетсіз тіршіліктен жалығады. Автор кейіпкердің ішкі жай-күйін терең түйсінеді. Оның қаумалаған адамдардың ішінде əрдайым жалғыз сезінуін жеткізеді.
«Екеу елеусіз ғана иек қағысады. Иек астынан ащы тер тамшылайды. Бірін-бірі көздерімен ұғысады. «Нағыз адамдық асыл қасиет тау басында ғана оянады...» деген ой келді Тайшынға. Таудағы достық — бəрінен биік. Таудай биік, таудай қатал, таудай төзімді. Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді. Төменде «достық» дегеннің өзі «қастық» дегенмен қатар жүреді. Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар. Тауда орын жоқ. Тау — тарпаң.
Тайшынға бұл таңсық ой емес. Құз қиясында қырандай қанаттасып қатар жүрген, бар қиындықты қара нардай бірге бөліскен альпинистер етекке түскенде бұзаубас кесірткедей құбылып сала береді. Қар құлайтын, мұз жылайтын жалама беткейлерде адамдық жанашыр сезімдеріне сызат түспестей, сына қағылмастай боп көрінгенімен, қалаға кіре бере бұлғақсыз бауырмалдығы қорғасындай суынады. Адам атаулы бір-біріне суық қана жымиып, ішін бермейтін қаланың қалың қатпарлы тіршілігімен беттескен сəтте бəрі де əдіре қалып, тау төсіндегі сəбидей пəк сезімдері лезде ластанып қоя береді. Шың басындағы кешегі қара тастай берік достық, альпинистік адал сезім сынған хрустальдай шыл-шыпыры шығып, əрқайсысы бөтен біреулерге айнала жөнеледі. Тайшын осыны түсінбейді... ойға түсе көңілі күңгірт күздей құлазиды, жапанда қалғандай жалғызсырайды. Ал бозбала Сұңғат оны қайдан білсін?! Ол — əзірге əсершіл.» [2; 202, 203].
Бір сəт алаңдадың ба əңгіменің мəнісін басқаша түсініп қалуға ұрынасыз. Асқар Алтай əңгімелерінің құдіреті де осындама деген ойға қаласыз...
Қазіргі қазақ прозасы болып толған, өзінің ұстаздық-тəлімгерлік орнын əлем əдебиетінен алған жəне бұрынғыдай ұлттық поэзияның тасасында қалып қоюдан мүлдем арылған. Өзгеден үйренуді доғарып, өзге үйретуді бағыт етіп ұстанған милет мақтанышы. Əңгіме жанры əдеби сын мен əдебиет назариятын өзінің жаңашылдығымен қуантып жүр. Заманалық қазақ əңгімесі оқырманына мəтін лəззатын сыйлап жүр десек, артық айтқанымыз емес.
Бір кездегі ұлт əдебиетіндегі ашыла жазуға, көсіле жазуға заманы мүмкіндік бермеген модерндік əңгіме үлгісі, 40–50 жастағы сақа прозашыларымыз тарапынан қазіргі дəуірде постмодерндік əңгіме үлгісіне айналды. Иə, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы, тағы басқалар өкілдері болып саналатын прозашылар шоғырының əңгімелерін ұғыну үшін олардың постмодерндік бағытының тереңіне үңілуіміз керек-ақ. Бұрынғыдай мынау сюжет, анау композиция деп белгілі процесті қаздың баласындай бірізділікпен қайыра айтып салып, жарыса жазудан тізгін тартып, аян нəрсені қайтара жайып салудан бойды аулақ ұстайтын кез келді.
Біз бұл мəселелерді теориялық жақтан шешіп алмай, қазіргі қазақ прозасындағы Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы т.б. əдебиет алыптарының шығармашылығының есігінен қарай алмаймыз.
Ең бастысы, беллетристика мен классикалық əдебиеттің сюжеттерін түзілетін мотивтерге белгілі бір фабулалық кестелеулердің өзектенуін топтастыруда сюжет табиғатын біршама айқындай түсуге септігі бар тақырыптық қағидатқа арқа сүйеген жөн. Жəне əрбір фабулалық кестелеуге Асқар Алтайдың «Казино» əңгімесі бойынша мысал келтіре дəлелдеуді хош көрдік.
«Казино» əңгімесі — заманалық қазақ əдебиетінің дамуы процесіндегі ерекше құбылыс.
«Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бəрі рұқсат... ештеңе жат емес екен. Ал мұндай мұндар дүниеде өртті жүрек, дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырмақ» деген автор уəждауы «бай-шонжарлардың мырзаларының» қоғамдағы алатын орнын айқындайды.
Оқиғалық мəртебеге ие емес көптеген сюжеттік бөліктер (портрет, суреттеу, деталдандыру, диалог т.б.) Асқар Алтай əңгімелерінде оқиғаны өрістетуге дайындық ретінде, фабуланы тежей отырып, «əңгімелеу ағынын» тудыруға дайындық жасайды. Біздің байқауымызша, Асқар Алтай көбіне сюжеттік амал-тəсілдерді: психологиялық мінездеулер мен уəждаулар, суреттемелерді кең ауқымды қолдана отырып, өзіндік стильдік ерекшелігімен басқа қаламгерлерімізден өзгешелене түсіп отырады. Сюжеттік амал-тəсілдерді кең ауқымды постмодерндік қолдану қазіргі қазақ əңгімесінің өзіндік дəстүріне айналды. Əңгіме сюжеті моноцентрлік сипатқа ие (фабулалық оқиғалардың барлығы бас кейіпкер Жошының Сапалақпен кездесуіне жəне оған дейінгі оқиғаларға құрылған).
Асқар Алтай шығармашылығындағы əңгімелеуші мотивті дəстүрлі алаш фольклорлық жəне əдеби элементтерінің түр өзгерушілігіне ұшырап хикаяттануы деп санаймыз. Қазақ қоғамында жасалынған қылмыс «Казино» əңгімесінің басты мотиві болып табылады. Өйткені дей-дей түркі, орта түркі жəне қазақ халық прозасында мотив табиғаттың бабаларымызды бетпе-бет келтірген түйткілді мəселелеріне жауабын өздерінше баяндап шығатын бірмүшелі бейнелікпен эстетикалық кестелеуі болып табылады. Əрі біздің қаламгерлеріміздің туындыларында ұшырасатын батыстық жəне шығыстық мотивтер əдебиет түгіл фольклордың өзінде бірін-бірі айырып алғысыз баламатамдыққа (контаминацияға) ұшыраған, сондықтан ұлттық прозаиктеріміз «сөз» сияқты одан ары бөлшектеуге келмейтін тұрақты мотивтерді өз əңгімелері мəтіндерінде кеңінен қолданып келеді.
Асқар Алтайдың əңгімелерінің көптеген сюжеттері белгілі бір фабулалық кестелеу арқылы ХХ ғасырдың соңғы жəне ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдықтарындағы қазақ қоғамында орын алған қоғамдық процестерді айшықтайды. Тақырыпнамалар, біріншіден, адам мен қоғам, адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды көтерумен; екіншіден, қаһармандардың отбасылық жəне махаббаттық жағдаяттықтарымен байланысты осы бір «мəңгілік» тақырыпты əлеуметтік жəне жеке бастық мəселелік (проблематика) аясында белгілі бір кезеңге тəн стильдік жəне жанрлық модалдылық реңкімен берумен; үшіншіден, ұлт қаламгері санасындағы кейіпкер келбетінің түр өзгешелігіне ұшырап, экзистенциалды сипатта сомдалуы бұрынғы қалыптасқан канондарға сыймауымен байланысты болып келеді.
Қорыта айтқанда, жаңашыл ойлау мен дүниені жаңаша тануға негізделген қағидаттармен түзіліп, əлеми адамды соны үлгімен өрнектеуге құрылған романдық замана сөзінде əрі дағдарысты, əрі алмағайып жаһандану жан алқымынан алған алаш рухы бойына тұнған жаңа көркем жүйенің бітім- болмысы қалыптасып отыр. Қазіргі қазақ романының əні де, жыры да көз үйренген, көңілде хатталған, жадыда жатталған кеңес дəуіріндегі романдардан тұрпаты мүлдем бөлек болатындығы содан да болар деген ойдамыз.
XXI ғасырда ұлттық дəстүрлі романды трансформациялап, бұрынғы жанрлық канондар позициясы тұрғысынан бағалау мүмкін емес, мүлдем жаңа көп деңгейлі, көп өлшемді жаңа романдық ойлау формасын қазіргі прозашыларымыздың өмірге əкелуі ұлттық мəдениет кеңістігіндегі мақтанышымызға айналып отыр. Жас толқын олардан (Таласбек Əсемқұлов, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Дидар Амантай, Нұржан Қуантайұлы жəне т.б.) үйреніп, өздерінің тəй- тəй басқан əдеби тырнақалды қадамдарына өнеге етуге бұрынғы проза алыптарын емес, ендігі жерде біздің заманымыздың маэстроларына айналған осындай қаламгерлерді қош көрулері арқылы өз шығармашылықтарын шыңдап жатыр.
Əдебиеттер тізімі
- Алматы ақшамы. — 2012. — 26 шілде.
- Алтай А. Казино. — Алматы: Атамұра, 2008. — 368 б.
- Пірəлиева Г. Ізденіс өрнектері. М.Əуезов əңгімелеріндегі жалғыздық проблемасы. — Алматы: Атамұра, — 10-б.