Кіріспе
Шығыстық ғұлама Əбу Насыр əл-Фарабидің классикалық ғылымның барлық саласын дерлік қамтитын мұрасы жайлы өзі туған түркі əлемі немесе өмір сүрген ортасы араб елдерінде ғана емес, Батыс пен АҚШ, Канада, сондай-ақ Жапония, Қытай сияқты Қиыр Шығыс елдерінде жүздеген ғылыми-зерттеу еңбектер күні бүгінге дейін жазылып келеді. Бұл ерекшелік осы ойшыл ғалым туындыларының сарқылмас мазмұнын, яғни уақыт өткен сайын арта беретін өміршеңдігін, айқындаса керек.
Осылардың ішінде отырарлық ғұламаның жалпы жəне отандық ғылым тарихы үшін зор маңызға ие еңбектерінің бірі — оның филиология ғылымы, əдебиет теориясы, одан да нақты айтқанда, поэтикаға қатысты трактаттары. Əл-Фарабидің поэтикалық еңбектері, біріншіден, оның ғылыми мұрасының ажырамас бөлігі саналса, екіншіден, поэзия өнері араб халқының тек əдебиеті ғана емес, мəдениеті, оның бүкіл тарихынан маңызды орын алатын ежелгі шығармашылық. Осы себепті қазіргі заманғы араб зерттеушілері мысырлық ғалымның əдебиеттану саласындағы еңбектерін əлемдік қолжазба, кітапхана қорларынан іздеп тауып, ғылыми айналымға енгізуге көп еңбек сіңірді.
Ғұлама ғалым шығармашылығындағы тіл мəселесінің терең зерттелуі
Ұлы грек ғалымы Аристотельдің ізбасары бола тұра, əл-Фараби өз назарын тілдің философиялық жақтарына аудармауы еш мүмкін емес еді. Өйткені бұл мəселелер өте ерте кезден бастап бүкіл антикті толғандырған. Қойылған сұраққа тек қана əл-Фарабидің «Əріптер кітабы» трактатының көмегімен жауап беруге болады. Нақ осы трактатта қызықтыратыны, тілдің философиялық проблематикасы туралы материалды қамтитындығы. Демек, мұны талдау зерттеушілерге əл-Фараби шығармашылығындағы тіл мəселесін толығырақ əрі тереңірек қарастыруға мүмкіндік береді [1]:
- Ойшыл ғалымның тіл мəселесіндегі көзқарастары көп нəрсе жөнінде Аристотель көзқарастарымен үйлеседі. Бірақ тілді зерттеуді ол поэтика мен риторика шеңберімен шектеген Аристотельден өзгеше, яғни, ол тілді жеке зерттеу объектісі ретінде абсолютті қабылдамай, оны ғылыми ізденіс пен пəні ретінде белгілеп, оны оқып білуге сөзсіз қажетті, классификациялық тізіміне қосады.
- Тілдің пайда болуы мəселесі тілді зерттеудегі ең маңызды мəселелердің бірі болып табылады. Бұл мəселені əл-Фараби келісімді теорияны ұстанған Аристотель жолымен шешеді. Бұл теорияға сəйкес, қоғамдағы білімді адамдар ішінде жекелеген «атауларды белгілеушілер» (ономатеттер) болады. Олар өзара келісіп, заттарды белгілейтін сөздерді тұрмыста қолдануға енгізеді. Соңынан бұл сөздерді, атауларды барлық адамдар пайдаланады.
- Тілдің пайда болуын түсіндіргенде əл-Фараби тіл элементтері қалай қалыптасатынынан бастайды. Олардың эволюциясы мен толық жетілуі қарапайымнан күрделіге үдемелі түрде болады: əуелі адам ым меп ишара сияқты белгілерді пайдаланады, содан кейін ол əріп болатын, əріптен сөзге айналатын дыбыстарын пайдаланады.
- Əл-Фараби тілдер арасындағы ерекшеліктер туралы сұрақты қозғайды жəне оны қандай да бір географиялық ортада жинақы қоныстанған халықтардың əрқайсысының өзіндік ортақ дене бітімі мен өздеріне тəн əдеті бар екендігімен түсіндіреді.
- Əр түрлі тілдердің болу себебін ғұлама ғалым дыбыстар құрылуындағы өзгешеліктерден көреді. Өйткені бір халықтар дыбыстар артикуляциясындағы тілі мен еріндерінің қимылдары өзгеше, басқалар үшін — басқа. Біреу үшін дағдылы нəрсе, басқалар үшін мүлде тосын.
Ғалымның кейбір трактаттарында («Риторика», «Бақытқа апаратын жол» т.б.) тіл білімі мен əдебиет тану ғылымының бірқыдыру маңызды мəселелері қарастырылған [2].
Тіл туралы ғылымды əл-Фараби екі бөлімге — лексикология жəне грамматика бөлімдеріне — ажыратып қарастырады. «Мұның біріншісі (лексикология) қайсыбір халықтың тіліндегі сөздерді еске сақтау жəне оның əрқайсысының мағынасын білумен шұғылданады».
Тіл туралы ғылымның екінші бөлімін, яғни грамматиканы, əл-Фараби тілдегі сөздерді меңгеретін, бағындырып ұйыстыратын бөлім ретінде қарастырған.
Шығыстың ұлы ғалымы тіл туралы ғылым жеті тараудан тұрады деп есептеген:
а) «жалаң сөздер туралы ғылымды» ғалым өзара бір-бірінен тек жəне түр жағынан ажыратылатын сөздер туралы білімнің жиынтығы деп түсінеді;
ə) «сөз тіркестері туралы ғылымды» Фараби халықтың мақалдары мен мəтелдері туралы, атақты шешендер, ақындар мен риторлар жасаған афоризмдер мен қанатты сөздер туралы білім деп есептейді;
б) фонетика мен морфологияны ол «жалаң сөздердің заңдары туралы ғылымның» бөлімдері ретінде қарастырады;
в) «сөз тіркестерінің заңдары туралы ғылымды» əл-Фараби екі бөлімнен тұрады деп есептейді. Бірінші бөлім есімдер мен етістіктерді құрап тіркестіруде «соңындағылардың» (яғни аффикстердің) ережелерін жасайды. Екінші бөлім бұлардың құралу жəне тіркесу шарттары туралы ережелері жөнінде білім береді;
г) орфографияны Фараби тіл білімінің дербес бөлімі ретінде қарайды. Оның пікірінше, орфография тіл дыбыстарын, ең алдымен, жолға жазылмайтын жəне жолға жазылатын дыбыстар деп ажыратады. Мұнан соң бұл ғылым жолға жазылатындар қайсылар жəне оның жазылу əдісі қандай екенін түсіндіреді;
д) орфоэпияны ғұлама «дұрыс оқу заңдары туралы ғылым» деп таниды;
е) тіл білімінің соңғы, жетінші тарауы ретінде ғалым өлең құрастыру ережелерін — поэтиканы атайды.
Əл-Фараби поэтиканы үш жағынан қарастырған [3; 319].
Біріншіден, ол тілтанумен дəл келуі ретінде түсіндіріледі. Жəне шынында да, қазіргі зерттеушілер көрсеткендей, поэзия тіл ретіндегі тіл мүмкіндіктерін максималды түрде толық тауысады.
Екіншіден, поэтика логикаға оны құрамдас бөлігі ретінде, риторика, софистика, диалектика жəне анодейктикамен қатар енеді.
Үшіншіден, эстетикалық жағынан поэтика теориялық музыканың негізі ретінде қарастырылады.
Əл-Фарабидің əдебиет мəселелеріне, соның ішінде поэтикаға арналған зерттеулері
Зерттеушілер əл-Фарабидің əдебиет мəселелеріне қатысты шығармаларынан «Риторика туралы кітап», «Жазу өнері туралы кітап», «Өлең өнері қағидалары туралы трактат», «Өлеңнің ұйқасы мен өлшемі туралы кітап», «Ұйқас пен ырғақ туралы кітап», т.б. еңбектерін атап көрсетеді [4; 66].
Энциклопедист-ғалымның жан-жақты мұрасының поэтикаға қатысты қырлары дегенде, оның бұл салаға арнаған бүгінгі ғылымға белгілі екі зерттеу еңбегінің бар екенін айту қажет. Оның біріншісі — «Поэзия өнері жайлы», ал екіншісі «Поэзия өнерінің қағидалары» трактаттары. Фарабидің бұл екі трактаты атауына қарағанда өзара ұқсас туындылар көрінгенмен, олардың мəтінімен жақын танысу екеуінің бір-бірінен бөлек нысанды, дербес мазмұнды еңбектер екенін айқындауға мүмкіндік береді.
Ғалымның «Поэзия өнерінің қағидалары» атты трактаты Аристотельдің «Поэзия өнері жайлы» еңбегін талдауға арналған туынды. Əл-Фараби бұл туындысында өзі «хакім» деп атаған Аристотельдің поэтика бойынша тұжырымдары мен ілімін түсіндіреді.
Поэтикалық шығармашылыққа қабілеттілік туралы айта келе, əл-Фараби ақындарды үш топқа бөледі. Біріншісі, теориялық тұрғыдан бұл өнер негіздері жайлы білімнен ада болғанымен, поэзияның немесе барлық жанрларына табиғи қабілеті барлар. Екінші топтағы ақындар, олар табиғи дарындарымен қатар, поэзия өнерінде де терең білгірлігімен сипатталады. Оларды «ойлаушылар» деп атауға тұрады. Үшіншісінде – шығармашылық төлтумалық пен өнер канондары туралы терең білім жоқ, алғашқы екі топтағы ақындарға еліктеушілер [3; 322].
Фарабидің ойынша, нағыз көркемдік өнерді, білімді табиғи таланты зор ақындар туғызады. Оның үстіне «ғажап поэзия» жасау үшін ақын еркіндігі болу керек. Ақын өзі игерген, əбден меңгерген жетік формада (жанрда) жазса да, жақсы туынды бере алады. Ал əр түрлі əсер ықпалдарға байланысты немесе өзі əбден игермеген жолмен жазса, білгір ақынның өзі де жақсы нəтижеге жете алмайды. Өлең шығаруда ақынның білімділігі мен табиғи талантына қоса тəжірибелілігі де қажет деп, жазушының өз өнеріне кемелденуін ерекше бағалайды [4; 76].
Əл-Фараби «Поэзия өнері жайлы» трактатында негізінен араб метрикасына сəйкес мəселелерге — бəйіттің соңғы дыбысы, ұйқас, бір бунақ немесе жолдағы қысқа дауыстылар саны, олардың өлең өлшеміне қатысты жəне т.б. тек араб поэзиясының өзіне ғана тəн сұрақтарын талдап, сонымен қатар поэзияның оған жақын өнер — риторикада қолданылу ерекшеліктеріне қатысты тұжырым жасайды. Əдебиет теориясының «еліктеу» теориясына жан-жақты, əрі терең талдау жүргізеді.
Бұл еңбекте əл-Фараби тұлғасы Аристотельдің еңбегін талдаушы немесе оған түсіндірме беруші ретінде емес, араб поэзиясының заңдылықтарын зерттеуші ретінде танылады. Яғни, бұл екі еңбектің атауы ұқсас болғанмен, бірі классикалық грек поэзиясы тұрғысындағы, екіншісі əлемдік əдебиеттің ең көркем саласының бірі — араб поэзиясына арналған туындылар [5].
Қорыта келе айтарымыз, əл-Фараби пікірлері өте терең. Оның поэзия туралы зерттеу еңбектері күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Сондықтан да ғұлама данышпанның əдебиет теориясына қатысты туындыларының мазмұны болашақта оның туған жерінде, өз елімізде дербес зерттеудің тақырыбына айналғаны дұрыс.
Даңқты ұстаздың «Ғылымның пайда болуы туралы» трактатында поэзияның түрлерін жіктеп беруі
Əл-Фарабидің «Ғылымдар жүйесі» («Ғылымның пайда болуы туралы») кітабында көптеген ғылымдарға жекелеп тоқталып, оның философиялық негіздеріне түсініктер беріледі. Аталған еңбектің ғылымдардың барлық саласы үшін де ерекше маңызы бар. Соның ішінде «Тіл туралы ғылым», «Логика», т.б. тараулары біз үшін ескерерлік. Онда тілтану, грамматика мəселелері, логиканың сан алуан сипаттары таңғажайып талданған. Бұл ғылымдардың маңызы, тараулары толық ескертіледі. Соған қоса, дана философтың поэтика, поэзия туралы ой түйіндері де ашық танылады. Поэзияның көркем ой желісі, адам санасының қиялдау мүмкіншілігінің нəтижесі болатынын көрсетеді [4; 66–67].
Ғұлама ғалым өзінің осы трактатында поэзияның түрлерін жіктеп берген. Ол поэзияны мазмұнына қарай мынадай жанрларға бөлген [6; 78–80] (сызбаны қара):
Трагедия — бұл арнаулы мөлшері бар поэзиялық жанр. Трагедияда басқаларға үлгі етуге болатын жақсы іс-қимылдар мен мақтан етерлік істер еске алынады. Əдетте, музыканттар жеке дара билеп-төстеушінің алдында трагедияны ойнайды жəне билеуші өлгеннен кейін трагедияға қайтыс болған билеушіні еске алатын кейбір қосымша əуендерді қосады.
Дифирамб — көлемі трагедиядан екі есе үлкен поэзия жанры. Дифирамбта ешбір билеушіні немесе тұлғаны жеке мақтамайды, бүкіл адамзат баласына тəн жақсы істер, жалпы мақталатын ізгіліктер мен қайырымды жандар ғана бейнеленеді.
Ямб — арнаулы мөлшердегі поэзиялық жанр, онда мақал-мəтелдер сияқты жалпы жұртшылыққа белгілі жақсы немесе жаман істер туралы нақыл сөздер орын алады. Бұл жанр араздасулар мен соғыстар кезінде, ашу мен ыза кернегенде пайдаланылады.
Драма — ямбқа ұқсас жанр, өзгешелігі мұнда белгілі адамдарға арналған мəтелдер мен нақыл сөздер еске алынады.
Айнос — өзінің жоғары шеберлігіне байланысты немесе олардың тамашалығы жəне таңданыс туғызуы арқасында қанағат сезімін туғызатын пайымдаулары бар поэзиялық жанр.
Диаграмма — егер де адамдар тəртіпке бағынбаса жəне түзелмесе заң шығарушылар адамдардың көңілдері күтетін қорқынышты суреттерді бейнелеуге қолданатын поэзиялық жанр.
Эпос пен риториканы Əбу Насыр бұл жанрлар стилінің салтанаттылығымен жəне тақырыптарының ұқсастығымен ерекшеленетіндігінен жəне қоғамдық-тарихи оқиғаларды көрсететіндігінен бір айдардың астына қойды. Эпоста бұрын болған оқиғалар, ал риторикада жақында өткен оқиғалар суреттелді.
Сатира (лат. Satira) — өзі суреттеп отырған оқиғаны, құбылысты немесе кейіпкерді өткір сынға алып, əжуаға айналдыратын көркемдік бейнелеу тəсілі. Сатираның мысал, эпиграмма, памфлет, фельетон, пародия, шарж, карикатура, анекдот сияқты жанрлары бар.
Поэма — бұл артықшылық пен жамандық, дұрыстық пен қателік суреттелетін өлең түріндегі жанр.
Акустика — бұл оқушыларды музыка өнеріне үйреткенде пайдаланылатын поэзияның бір бөлімі.
Амфигенезис — бұл жаратылыстану ғылымдарын суреттеген жаратылыстанушы-ғалымдар жасаған жанр. Поэзия жанрларының ішіндегі поэзия өнерінен ең алшақ жатқан осы жанр.
«Риторика» трактаты, Əбу Насырдың риторикасы — шешендік өнер туралы ғылым ғана емес, сонымен қатар жалпы көркем сөз туралы ілім болғандықтан, барлық жағынан сендіру өнері болып табылады.
Шығыс пен Батыс ақындарының, кемеңгерлерінің əл-Фараби талантының терең болғанын таңдана еске алуы
Əл-Фараби өз заманында талантты да білімді ақын болған. Тамаша өлеңдер жазып, нағыз поэзияның үлгісін көрсетіп отырған. Халық аузында сақталған бірауыз өлеңінде ол өзінің өмір жолын былайша баяндаған [4; 63]:
Кешір мені, туған жер,
Сені артқа тастадым.
Кешір мені, туған ел,
Жолды алыс бастадым.
Кешірер мені, ұлыс-ұрпағым
Бақ, байлық, даңқ таппадым.
Кешірер мені, ар-ұжданым
Білім болды баққаным.
Туа бітті сүйегіне сіңген ақындық өнерін жастайынан ана сүтімен бойына дарытқан əл–Фараби кейін ғылым жолына түскен кезінде де өзінің философиялық ойларын өлең, рубаи, афоризм жолдарымен түйіп тастап отырған тəрізді [6; 32]:
Жайнаған бейне бір гүл əлем сыры, Құбылған мөлдір нəзік гауһар нұры, Даналар талай нысан таққанымен, Тапқан жоқ тектер тегін əлі бірі... .
Əлем сырын, тектер тегін ашуға талпынған ғалымның диалектикалық ойлары осындай. Кейде ол ой түйіндерін шешен афоризмге де құратыны байқалады [4; 69]:
Тірілеміз шешусіз көп түйінге,
Асылтас тек қалса өңделмей сүйінбе.
Айтса да əркім ойға берік түйгенін.
Ең басты сыр қалар жұмбақ күйінде.
Ұла ғұламаның ел аузында сақталған сағынышқа толы жыр-шумақтары оның ақындық шығармашылығының бір көрінісі деуге болады. Онда ол [7]:
Кеткенім жоқ, елім, сенен атақ, бақыт, тақ іздеп.
Шықтым, жұртым, шалғай ғылым атты шам іздеп.
Ақтадым мен ақ сүтіңді келгенінше шамамның,
Ассамдағы сексен жастан сəбиіңмін, балаңмын.
Жүзім сынық, көңілсіз күйге түстім мен бүгін, Саған деген серпе алмаймын ынтызарлық түндігін. Айналайын, атам Қыпшақ, туған жерім сағындым, Өз атыңа, құрметіңе қайда жүрсем табындым, —деп тебіренеді.
Бұл жолдар əрі ғалым, əрі шайыр бабаның жасы ұлғайған шағындағы туған еліне деген сағыныш сазы болса керек.
Сонымен, біз Фарабидің ақын-шайыр болғанына қазір күмəнданбаймыз. Оған куə — соңғы уақытта көпшілікке мəлім болған ақынның бірнеше шумақ өлеңдері.
Əл-Фарабидің замандастары жəне одан кейінірек өмір сүрген Шығыс пен Батыстың ақындары, əдебиетшілері мен тарихшылары ғұламаның ақындығы жөнінде көптеген мəліметтер жазып қалдырған:
- Араб поэзиясының ІХ–Х ғасырлардағы жұлдыздарын еске алғанда олар Фарабиді ең күштілерінің бірі деп бағалаған. Ақындық өнерді, таланттарды жоғары бағалап, оларға қамқорлық көрсетіп отыратын кейбір білімді, ойлы, адамгершіл адамдар халифтер мен қала əміршілерінен де шығып отырған. Солардың бірі (араб деректері бойынша) Сирияның Халаб қаласын билеген Сайф ад- Даула. Фараби осы адамның қарамағында жұмыс жасаған. Бұл əкім білімдар əл-Фарабиді өзіне жақын тұтып, басы ауырса дəрігері, көңілін сергітер күйшісі, домбырашысы, сыбызғышысы, қобызшысы, табан асты өлең шығарып айтар ақылшы шайыры ретінде ұстаған. Сонымен бірге ол Фарабидің көп тілдерді білетін полиглоттық, музыканттық, ойшылдық, шешендік қабілеттерін бағалай да білген [4; 71–72].
- Кейбір тұстас шайырлар араб-парсы ақындарын алтын түйеге балап, сол түйенің басы Əбу Насыр əл-Фараби еді деп шебер бейнелепті. Мəселен, Фарабимен бірге Сайф ад-Даула сарайында болған атақты ақын Əбу Фирастың мынандай сөзі бар: «Поэзия — алтын түйе болса, оның басы — Əбу Насыр Мұхаммедке, өркеші — Əбу Нувасқа, иығы — Омар ибн Əбу Рабиаға, кеудесі — Əбу Таммаға тиеді, қалғаны — ішек-қарын, оны екеуміз бөлісіп отырамыз» [8; 176], — депті сарай жаршысына.
- Араб ғалымы Мұстафа Əбдел Раззақ əл-Фарабидің араб, парсы тіліндегі жазылған жырларынан мынандай үзінді келтірген [9; 9]:
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Əкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі.
- ХІІІ ғасырдың белгілі араб тарихшысы — Ибн Халликан. Ол өзінің атақты еңбегінде мұсылман елдерінің барлық атақты ғалымдарының өмірбаяны мен еңбектеріне шолу жасаған. Кітабының аты: «Уфиат аль-аиан фи ал-Заман» («Ғалымдар өмірінен ескерткіш»). Бұл кітапта жүздеген ғалымдар жайлы жазылған. Соның арасында əл-Фарабиге үлкен орын берген. Ибн Халликан əл-Фараби туралы: «Ол дəптерге өте аз жазып, өз ойларын көбінесе жеке парақтарға түсіре беретін болған. Оның көптеген шығармаларының жоғалып кеткені осы бір жайтпен байланысты еді. Оның өз үйі болмаған, ол ешқашан да өз қамын ойламаған, өте қарапайым жан еді. Сайф ад-Дəула оған қазынадан күн сайын төрт дирхам беріп тұруды бұйырған, өйткені əл-Фараби осы мөлшерді қанағат еткен», — деп жазған [9; 7].
Ибн Халликан əл-Фарабидің өлеңдері бар екенін, яғни ақындығы болғанын айтқан. Ол Фараби бəйіттерінің бірнеше шумағын жазып қалдырған [10; 204, 205]:
Адамдар əлде құмға түскен із бе екен?
Біз соншалықты дəрменсіз болғанымыз ба?
Бір рет самал соқса-ақ бəріміз,
Мына өмірден ұшты-күйлі жоғалып кетеміз бе?
Адамға бір сəттік қысқа ғұмыр берілген,
Сол қас қағымдай сəттің өзін көп көріп,
Адамдар бірін-бірі жегідей жейді,
Бірін-бірі азапқа салып қинайды.
Түкке тұрғысыз атақ-даңққа таласып,
Қашанға дейін бір-бірімізді азаптай береміз?
Одан гөрі көк-тəңірісіне жалбарынып,
Өліп кеткеніміз жақсы емес пе?!
Бұл шумақтардан аңғаратынымыз: ақыл-парасат пен оқу-ағарту ісінің жалынды күрескері болған əл-Фараби зорлық-зомбылық атаулыға барынша қарсы шыққан. Осы идеяны өз жырларына арқау еткен.
- Əл-Фарабидің бірер шумақтары Ибн Саид əл-Кифти деген ХІІІ ғасырда жасаған араб тарихшысының «Ғұламалар мен ойшылдар жайлы хабарлар» (Ибн Саидтың бұл кітабы 1908 ж. Каирде басылған) атты кітабынан да кезігеді. Сондағы шумақтарды сөзбе сөз аударғанда, мынадай жол боп шығады [4; 74, 75]:
Бауырым менің, күйкіліктен аулақ қаш,
Шындығы бар жерді мекен ет.
Бұл өмір бізге мəңгілік пана емес,
Тағдыр жазмышынан тыс қалар адам жоқ жерде.
Бұл (адам) көр-жерге бола күндейді,
Тіпті қып-қысқа өмір сүрсе де.
Біз ұрық тамшысынан өзге кімбіз,
Басынан бақилық сəтсіздік кетпеген.
Аспан əлемі алған жаратылған құбылыстың бірі,
Жер ортасы үшін əбігерге түсетін несі?
Бұл шумақтар араб тілінде əдемі поэзия үлгісінен саналады. Ал, сөзбе сөз аудармасы, əрине, əлсіз. Бұл арада өлеңнің көркемдігінен гөрі фактілік жағы бізге маңыздырақ.
- Данышпан ғалымның еңбектерін қызыға зерттеумен айналысқан Ибн-Аби-Усайба өзінің 1882 ж. Мысырда жарияланған кітабында Фарабиді ұлы ақын деп атайды жəне оның өлеңдерінен қысқаша үзінділер келтіреді. Белгілі ғалым Байхаки кітаптарында да Фарабидің поэзияға үлес қосқаны сөз болған. Мұсылмандар дəуірінің ең мықты ақын-ғұламалары — əл-Фараби мен Ибн-Сина екеуі ғана еді деген пікір қалдырған. Кейбір зерттеушілер əл-Фарабидің бірнеше халықтардың тілін өзінің ана тіліндей жетік білгендігі жəне сол тілдерде өлең де жазғандығын айтады. Мысалы, Риакули Хадоят өзінің «Мажму-Ал-Фусахо» деген 1878 ж. Тегеранда шыққан кітабында Фарабидің парсы тілінде шығарған өлеңдерінен мысалдар келтіріп отырған. Аталған парсыша үзінділерін өзбек ғалымдары өз тіліне аударып, 1959 ж. Ташкентте шыққан «Өзбекстанның философиялық пікірлер тарихының материалдары» деген жинағында жариялаған [4; 67, 68].
- Белгілі түрколог Е.Э. Бертельс өзінің «Тəжік-парсы поэзиясы тарихы» (М., 1960) кітабының бірінші томында Фараби еңбектерін арнайы сөз қылған. Ол Фарабидің жан-жақты оқымысты болғанын айта келіп, оның ақындық талантына да баға береді. Туған елін сағынып шығарған өлеңінен үзінді келтіреді [6; 31]:
С двумя стеклянными сосудами коротая я жизнь,
На них построил я все дела свои,
Один сосуд наполнен чернилами,
Другой — наполнен вином.
С помощью одного составляю я свои мудрости.
С помощью другого разгоняю тоску сердца.
- Мысырдың əдебиетші-ғалымы Махмуд Аббас əл-Аккад зерттеулерінде, атап айтсақ,
«Əл-Фарабиани» (Каир, 1944) кітабында, Фарабидің ақындығы туралы мəліметтер беріп, Фараби шығармаларының бірнеше шумақтарын келтірген [4; 72].
Ол өлеңдерінде кемеңгер ақын ақыл-ой еңбегі үстінде кешкен қиындық, азаптарын, күйзеліске толы күнкөріс тіршіліктерін, даналық жолындағы талпыныстарын, қайсарлық, табандылық арқасында қолы жеткен табыстарын жырлап, терең толғанады. Ақын бабамыз тағдыр тəлкегіне түскен өз ғұмырын сол тұстағы қоғам тіршілігімен ұштастыра суреттейді.
Біздің ойымызша, жоғарыда айтылған пікірлердің түйіні: əл-Фарабидің ғылымдар саласында ғажайып жаңалықтар ашуының негізгі бір себебі өмірге ақын көзімен, қиялдай қарай алғандығында сияқты.
Қазақ елінде Шығыс ойшылының ақындығы жайлы жүргізілген зерттеулер
Қазақ жерінде тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, Ислам дүниесінің ең ірі, атағы əлемге жайылған ғұлама ғалымы əл-Фараби туралы айтылған деректер аз емес.
Мəселен, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Қазыбек бек Тауасарұлы Бағдад, Шамға барған сапарында əл-Фараби еңбектерін көргенін жазған. Мұстафа Шоқай «Түркістан» атты мақаласында əл-Фарабиді еуропалық ғылыми ойдың дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде бағалаған [8; 177].
Жиырмасыншы ғасырдың 70-ші жылдарында отандық баспаларда Фараби поэзиясының кейбір үлгілері жарық көре бастады. Мысалы, Аян Нысаналиннің аудармасы бойынша, 1971 ж. ғұлама бабаның төрт жолды, он шақты өлең шумақтары жарық көрді. Бұл өлеңдерді ол 1944 ж. Бейрутта шыққан Аббастың кітабынан алып аударғанын атап көрсеткен (Нысаналин А. Фараби — поэзия падишасы // Қазақ əдебиеті 1971, 7 мамыр).
Əл-Фарабидің осы жарияланған өлеңдеріне көз жіберсек, ең алдымен, ақынның шалқар шабыты мен кемел ой-өрісі бірден сезіледі. Бойын кернеген, жүрегін сыздатқан жан сырлары нəзік сезімді лирика арқылы құйылады. Гүл бағында жалғыз сайрап, жапа шеккен сандуғаш үніндей естіліп, оқушысының тұла бойын билеп алады. Автор өмірге, білімге құмартып, жеке бас махаббатын ұмыта жаздағанына өкініп аласұрады. Кешіксе де, кезі келіп тұтанған құмарлық отын баса алмай, оны сөндірер, отқа су болып себілер шəрбəт шарабын аңсайды.
Қазақстанда атақты ғалымды тұңғыш зерттеген А. Ж. Машанов (əл-Машани). Ол əл-Фараби еңбектерін түпнұсқасында оқу үшін 60 жасқа таяған шағында араб тілін меңгеріп, ғұлама ғалым еңбектерін тереңінен зерделеуге мүмкіндік алады [11]. Ақжан Машани қазақ тіліне аударған Фарабидің үш рубайы мынадай:
Жайнаған бейне бір гүл əлем сыры,
Құбылған мөлдір нəзік гауһар нұры,
Даналар талай нысан таққанымен
Тапқан жоқ тектер тегін əлі бірі.
Ей, қарындас! Қашыңдар жалған жолдан,
Ақиқатты шығарма əсте қолдан,
Бұл дүние мекенің сыйға берген,
Жер нүктеге телміріп болма алаң.
Біз бір мейман бұл жайда аз-ақ күндік,
Болымсызға таласып күн өткіздік,
Анталасып аптықпа тар қапасқа,
Адамға əлем мекен ол мəңгілік...
Философ-ғалым Ə. Дербісəлиев «Қазақ даласының жұлдыздары» атты еңбегінде əл-Фарабидің мына бір шумағы оның өз өлеңдерін сопылық поэзияның ықпалымен жазғандығын аңғартады дейді [12]:
Бəйітім менің кəдеңе сенің жараса,
Нұр сəуле одан тапқаның.
Ұға алмасаң, ғақлия,
қараңғыда мəңгілік
Көзіңді жұмып жатқаның
Қысыр сөз бізге не керек
əбден мезі кетсе де.
Нəсіп болған дəмімді
əлі де татып келемін...
Филология ғылымдарының докторы, профессор А.М. Қыраубаеваның пайымдауынша, əл-Фараби өлеңдерінен бірде Шығыс даналығын, бірде күйінішті аңғарасың [8; 176, 177]:
Қашықтасың туган жер — қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген.
Шаршадым мен,
Қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Əкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп түңіледі.
Қайтейін мен көкжиек көңілімді.
Келер күнге үмітпен жол ашамын.
Қос шөлмекпен өткіздім өмірімді,
Соны медет етеді болашағым.
Бір шөлмекте көк сия толып тұрса,
Екіншіде — шарап бар, жайы мəлім,
Даналықты сиямен молықтырсам,
Шарабымен шерімнен айығамын.
Бұл өлеңдегі ақынның аңсары — туған жерге деген сағыныш, өмірдің өтпелілігіне өкініш. Фараби туған жеріне бір оралып, келіп-кетіпті. Бұхара өкілі Нұх Самани шақыртып, жалпы ғалымдардың негізі жөнінде кітап жазып беруін өтінген. Əл-Фараби сонда «Екінші оқулық» («Тағлым — əс-Сəни») атты еңбек жазыпты [13; 54].
Белгілі ғалым, ЮНЕСКО-ның Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлығының жəне Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты, профессор Немат Келімбетовтің пікірінше, əл-Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы — өмірдің мəн-мағынасы жайлы толғау, оқу жəне білімді мадақтау, адамгершілікке шақыру [10; 206–208].
Əл-Фараби белгілі бір өлеңінде бұл ғұмырдың мəңгі еместігін еске салады. Ол жастық жүректің жалынын осы өмірдің игілікті істерін атқаруға жұмсау керектігін аңғартады:
Бауырым, қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ.
Жататын дəйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мəңгілік.
Бейопа мына заманда,
Бақұл боп кетер адамда.
Жұрт кілең күнін көп қызық,
Жіберер зая өткізіп.
Қағаздың түсіп бетіне,
Сызықтай бейне тартылған.
Тап болып, жігер сарқылған,
Кездейсоқ өмір өтіне,
Қайыспай тұрса нар тұлғаң.
Сонда да беріп кетеміз,
Жүректің отын молында.
Арманды аңсап өтеміз,
Біз ұлы мұрат жолында.
Əрине, əл-Фараби сияқты шалқар шабыт иесі, терең ойлы, абзал азамат ақынның көркем шығармашылығын толық ұғу үшін жоғарыда келтірілген өлең жолдары тапшы-ақ. Сөйтсе де, сол шумақтардың өзінен-ақ оның сол замандағы ақындардан əлдеқайда озық шыншыл поэзия өкілі, жарқын өмірдің шынайы уағыздаушысы болғанын тану қиын емес. Əсіресе төмендегі өлең жолдары ұлы ғұламаның ақындық тұғырының биік болғандығын толық дəлелдейді [10; 207]:
Тамылжып бал тыныштық айналамнан,
Тылсым түнге құшағын жайған далам.
Мен жатырмын ұйқысыз жапа-жалғыз,
Жанымды ой жарығы аймалаған.
Аққан жұлдыз құласа кейде егер,
Сенің нұрлы бейнең боп кеудеме енер.
Əлдеқайда ғайыптан ынтызар ғып,
Өміріме бір ғажап сəуле берер.
Үнің жетер жаңғырып жырақтан ең,
Сезініп мен деміңді гүл атқанмен.
Оның өзі бір-ақ сəт...содан кейін,
Мұңды əуенді жалғаймын бірақ та мен...
Тіршілікте құрыштай бол төзімді,
Сан мəртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма,
Тіпті кейде болса əзəзіл азғырған.
Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда адал дос теңіңнің ішінен.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Алайда тек қалма оған алданып.
Өкінішке қарай, данышпан ақынның поэзиялық мұрасы біздің дəуірімізге дейін толық сақталмаған. Əйтсе де саусақпен санарлықтай аз ғана жыр жолдарының өзінен оның зор шабытты, кең тынысты, терең ойлы, нəзік сезімді, дарынды ақын болғанын аңғару қиын емес.
Түйін
Өткен ғасырдың 70-жылдары басында бүкіл прогресшіл адамзат Əбу Насыр əл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толу мерекесін қызу қарсы алды. 1973 ж. Фараби шығармашылығына орай Алматыда өткізілген мəжілісте ұлы ұстаздың еңбектері екі құрлық ғалымдарының жоғары бағасына ие болды. Фарабидің философиялық трактаттары қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрді. Осы тұста Қазақстан жұртшылығы Фараби еңбектерінің тағы бір томымен танысты. Оның «Əлеуметтік- этикалық трактаттары» бөлек кітап болып орыс, кейін қазақ тілінде басылып шықты. Аталмыш кітапқа əл-Фарабидің «Бақыт жолы», «Адамзаттық саяхат», «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері», «Бақытқа жету туралы» трактаттары енді.
1975 ж. қыркүйектің алғашқы жартысында Мəскеу жəне Алматыда Əл-Фарабидің мерейтойлық мерекесі жоғары дəрежеде өтті. Шет елдерден, Араб, Иран елдерінен келген өкілдер ұлы ғалым туралы орасан бағалы пікірлер айтты. Олардың əрқайсысы өз елдерінде Фараби еңбектерін ерекше қадірлейтіндіктерін ескертті. Ғалым қалдырған мұраның барлық прогресшіл жұртшылық игілігіне айналғанын атап көрсетті [4; 79].
Кейінгі жылдарда Орта Азия мең Қазақстанның Орта ғасырда жасаған ұлы адамдары туралы зерттеулер көбейе бастады. Қазақстан ғалымдары да бұл салада айтарлықтай бет бұрыстар жасады. Қазақстан ғылым академиясында əл-Фараби мұраларын зерттеушілер тобы ғалым мұрасын жариялау, зерттеу ісіне қызу атсалысты. Ə. Марғұлан, А. Көбесов, Р. Бердібаев, тағы басқа ғалымдардың Фараби туралы зерттеулері баспа бетін көрді.
Ең алдымен, ұлы ғұламаны Отанына қайтарған көрнекті ғалым Ақжан əл-Машаниге үлкен рақмет айтуымыз керек. Ол əл-Фарабидің зиратына елімізден тұңғыш барған адам, сонымен бірге «Əл-Фараби жəне Абай» атты құнды кітап [13; 192] жазған. Бұл еңбегін фарабитанушы-ғалым Ақжан əл-Машани (Машанов) осы екі ірі ғалым қалдырған рухани мұра қай тұрғыдан үндес екенін көрсетуге жəне олар не себепті үндес келетінін анықтауға арнаған.
Əл-Фарабиді Қазақстанға шынымен қайтарған ғалымдардың бірі — А.Қасымжанов. Ол кісінің жетекшілігімен Философия жəне құқық институты жанынан 1975 ж. əл-Фараби мұрасының зерттеу орталығы құрылды. Сол жылы А. Қасымжановтың Б. Ғафуровпен бірлесіп жазған «Əл-Фараби — мəдениет тарихында» деген монографиясы Мəскеуде жарық көрді. Бұл еңбек қоғамда үлкен серпіліс тудырды [14].
Белгілі жазушы Əнуар Əлімжановтың Ағын Қасымжановтың ғылыми редакциялауымен «Ұстаздың оралуы» атты романы да əл-Фарабиге деген қызығушылықты арттыра түсті.
«Великий Мухаммед из Отрара» атты қызықты мақаласында Ə. Əлімжанов ұлы ғұлама туралы былайша толғанады: «Он, как никто другой, сочетал в себе дар поэта и естествоиспытателя, математика, медика, философа и музыканта, он первым распределил науку по категориям и дал основы современной музыкальной теории. А главное — все ученые Востока, начиная с Авиценны, называли его своим Учителем...
...Он был одним из первых философов-материалистов, и потому мы пишем о нем трактаты, изучаем его труды, — объясняли мне студенты Делийского и Калькуттского университетов. Один из студентов подарил мне свой реферат, названный «Ислам и материалистическая философия Мухаммеда аль-Фараби».
Как о гениальном ученом древности говорит о нем в статьях и лекциях крупнейший литератор и историк Алжира Башир Хадж Али. Труды Мухаммеда аль-Фараби и книги о нем до сих пор остаются объектом пристального внимания ученых Каира и Стамбула, Дамаска и Багдада, Тегерана, Самарканда, Душанбе, Герата и Алма-Аты. В библиотеках Лондона, Парижа и Берлина вот уже много веков хранят как бесценное сокровище его трактаты, переведенные на языки народов Европы» [15].
1993 ж. А. Қасымжанов пен Ə. Дербісəлінің ұйытқы болумен бұрынғы С.М. Киров атындағы университетке əл-Фараби есімі берілді жəне сонда əл-Фараби атындағы орталық ашылды.
Əл-Фараби еңбектерін жинастыру, зерттеу үшін біраз жұмыс жасаған ҚР Ұлттық ғылым академиясының Философия жəне саясаттану институтының директоры философия ғылымдарының докторы Ə. Нысанбаев. Оның ойынша: «Антика дəуіріндегі ғұлама ойшылдар Платон мен Аристотель — бүкілəлемдік мəдениеттің ең жоғарғы шыңы. Əл-Фараби осы антикалық мұраны игеріп, оны араб-мұсылман мəдениетінің гүлденуіне жұмсап, үлкен екі жаңалық ашты. Біріншіден, əл-Фараби антикалық заман мен исламды өзара жақындастыра синтез жасап, жаңа бір мəдениеттің өркендеуіне жол ашты. Екіншіден, əл-Фараби грек ойшылдарының асыл мұрасын жаңғыртты. Сөйтіп, Шығыста үлкен қозғалыс, жаңа бағыттар басталды. Араб-мұсылман мəдениеті негізінде антикалық дəуірдегі шешілмеген мəселелерді шешіп, оны ілгері дамытты» [16].
Философия жəне саясаттану институты əл-Фараби мұрасының 10 томдығын жəне «Қазақ ғылымының озық үлгілері» деген сериямен «Əл-Фараби ғылымы» атты кітапты жарыққа шығарды. Бұған қоса, осы Институт 2003 жылдан бастап «Əл-Фараби» атты рухани-танымдық журнал шығарып келеді. Журналдың редакциялық кеңесінің құрамында көптеген шетел ғалымдары бар. Журнал арқылы əл-Фараби мұрасы жан-жақты насихатталып, оқырмандардың рухани сұраныстары өтеліп келеді.
Əл-Фарабидің ықпалы еуропалық ренессанс дəуірінің басталуына алып келді. ЮНЕСКО-ның штаб-пəтерінде 2010 жылдын 18 қарашасында — Бүкілəлемдік философия күні аясында «Əл-Фараби жəне еуропалық ренессанс дəуірі» деген тақырыппен дөңгелек үстел өтті.
Иə, ұлы ғұлама ойшылдың есімі мəңгі жасай бермек. Оның ұрпақтары Фараби шығармаларының сырын жан-жақты аша түсіп, жылдар өткен сайын данышпан бабаның кемеңгер тұлғасы жарқырай түспек. Фараби шығармашылығы — қазақ мəдениетінің қорына қосылған сүбелі үлестің бірі.
Əдебиеттер тізімі
- Тəжікова К. Əбу Насыр əл-Фарабидің «Əріптер кітабы» трактаты // Фарабитану. Жиырма томдық. — 16-т. —Астана: Аударма, 2006. — 227–229-б.
- Аханов К. Ұлағат ойлар // Жұлдыз. — 1975. — № 9. — 23–30-б.
- Қасымжанов А. Поэтика, музыка жəне психология // Фарабитану. Жиырма томдық. — 16-т. — Астана: Аударма, 2006. — 440 б.
- Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928 б.
- Қалиева Ш. Əл-Фараби мұрасының поэтикаға қатысты қырлары // Ақиқат. — 2010. — № 11. — 67–71-б.
- Төреқұлов Н. Ғұлама поэтикасы // Жұлдыз. — 1975. — № 9. — 30–32-б.
- Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз əңгімелер / Құраст.: Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. —Алматы: Жазушы, 1989. — 277-б.
- Қыраубаева А. Ежелгі əдебиет: 5 томдық шығармалар жин. — 2-т. / Томды баспаға əзірл.: Г. Асқарова, Н. Мəтбек. —Алматы: Өнер, 2008. — 216 б.
- Қойлыш Ж. Бала Мұхаммедтен ғұлама ғалым «Екінші ұстаз» Əбу Насыр əл-Фарабиге дейін // Əбу Насыр əл-Фараби(870–950). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2011. — № 17 (29). — 5–9-б.
- Келімбетов Н. Түркі халықтарының ежелгі əдеби жəдігерліктері. — Алматы: Раритет, 2011. — 432 б.
- Ақжан Жақсыбекұлы Машанов (1906–1997) // Əбу Насыр əл-Фараби (870–950). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы.— 2011. — № 17 (29). — 37-б.
- Дербісəлиев Ə. Қазақ даласының жұлдыздары (тарихи-философиялық зерттеу). — Алматы: Рауан, 1995. — 32-б.
- Машанов А. Əл-Фараби жəне Абай. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 192 б.
- Алтай Ж. Əсіресе жаратылыстану ғылымдарына қатты ықпалды болды // Əбу Насыр əл-Фараби (870–950). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2011. — № 17 (29). — 14–16-б.
- Алимжанов А. Избранные произведения: В 2 т. — Т. Повести, рассказы, очерки. — Алма-Ата: Жалын, 1979. —С. 318, 319.
- Нысанбаев Ə. Əл-Фараби мұрасы — түркі халықтарын біріктіретін рухани негіз // Əбу Насыр əл-Фараби (870–950).— Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2011. — № 17 (29). — 10–12-б.