Қарым-қатынас, немесе тілдік коммуникация, адамзат баласының ұжым болып, белгілі бір қоғамдық негізде өмір сүру кезеңінен бастап дамып келе жатыр. Адамдар күнделікті өмірде тек тіл арқылы, яғни сөздермен ғана, қарым-қатынас жасамайды, «сезім тілімен» де-тілдік емес амал- тəсілдерді де жиі қолданады. Қарым-қатынас үдерісінде сөйлеу ғана басты орынға ие болады, ал ым- ишара, қимыл, қозғалыс басқа, яғни коммуникативтік қызметі жоқ, деп ойлау қате болар еді. Бұл екеуі де — адамның ішкі дүниесін, ойлауды жарыққа шығарып, түсінікті етіп жеткізудің басты құралы. Адам баласы кез келген хабарды көру жəне есту мүшелері арқылы қабылдайды. Егер көру жағдайы есту жағдайынан күштірек болса, онда осы жерден адамның сөйлеу əрекетімен қоса, ым- ишараның да ақпаратты жеткізудегі басты құрал екеніне көз жеткізе аламыз.
Əңгімелесушінің қимылына, қозғалысына, ым-ишарасына қарап отырып, оның не жайында айтқысы келгендігін жəне не ойлағандығын оңай түсіне аламыз. Тілдік коммуникацияны жүзеге асыруда тек қана тілдік емес, тілсіз қатынастың да маңызы ерекше. «Тілсіз қатынас пен оның түрлері қоғамда да, өмірде де өзіндік орын алады. Бұлар адамдардың қарым-қатынасына қызмет ете келе, түсінісудің қарапайым жолы болып табылады» [1].
Осындай тілдік емес амал-тəсілдерді қарастыратын ілімді паралингвистика деп атаймыз. Паралингвистика дегеніміз: 1) хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен берілу) тəсілдерімен қоса сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілден тысқары) амалдармен берілуін зерттейтін тіл білімінің саласы; 2) сөйлеу кезінде қолданылатын вербалды емес тəсілдердің жиынтығы [2]. Паралингвистикалық амалдар — тіл жүйесіне жатпайды жəне тіл бірліктері де болып табылмайды, олар тек сөйлеу əрекетімен қоса жүріп отыратын, ақпаратты толық жеткізудің басты құралы.
Паралингвистикаға қатысты паратіл, кинесика, фейсбилдинг, фонация сынды терминдерді білген дұрыс.
Паратіл (грек. para — жанында, сыртында) — сөйлеумен қоса жүретін, бірақ вербалдық емес, дауыс қаттылығы, кідіріс (пауза), дауыс модуляциясы, ым-ишара, қимыл, сөйлесушілер арасындағы көру қатынасы жəне т.с.с. паралингвистика қарастыратын ұғым [3]. Мысалы:
Бархан жаңа ғана ұрттай берген, шай құйылған кесені асығыс қоя салды да, күпəйкесінің сыңар жеңін ғана киіп, есіктен ата жөнелді. Əйелінің: «И-и, бейшара-ай, өстіп жүріп өлесің-ау», — деп күрсінгенін, көзіне жас алғанын естіген де, көргенде жоқ. Упр баяғы орнында жатыр екен. Жүзі сынық. Барханның сəлемін ернінің ұшымен алды да, күреңіткен қалпы бір нүктеге қадала, көп ойланып барып:
– Да-а... — деді даусын соза. — Понимаешь, беда деген аяқ астынан. Бұлай боларын кім білген, үш ұйықтаса ойымызда бар ма тəйірі. Да-а... жиырма бес қой, тфу, безобразие, ішпей-жемей... (О.Бөкей. Құм мінезі). Бұл жердегі Барханның жылдам қимылы, əйелінің жан ашуы, Упрдың (Əліқұл) немқұрайлы амандасуы, дауысының созылыңқылығы сияқты əрекеттер ақпаратты толық беруге негіз болып тұр. Образдың ішкі жан дүниесі осы тілдік емес амалдар арқылы көрінеді.
Паратіл (Вердербер бойынша) — «вербалдық емес дауыс белгісі, сөйлеуді əрлейтін —тональділік, дауыс қарқындылығы, сөйлеу ырғағы, кідіріс (пауза) жəне дем алу (шығару) сияқты мəліметті, ақпаратты толықтырып тұратын ұғым болып саналады. Паратіл не айтылғанға емес, қалай айтылғанға байланысты болады. Мысалы:
Барханның көзіне қан толып, басы айналғандай болды, енді-енді құлап кетердей буынын зорға бекітті де:
- Онда... күнəсіз сəбиде əкеңнің құны қалып па еді! — деп айғай салды.
- Отағасы десе, немене даланың аңын да қызғандыңыз ба? Керек десеңіз облыстық табиғат қорғау қоғамының мүшесімін...
- Ой, сенің... соқырлар қоғамының, похорон бюроның мүшесі шығарсың, бəлкім, сенен ол да шығады. Тұрған жеріңде атып тастайын ба осы, əбден жүйкелетіп біттің. — Ұмтыла берді. Ал дегенде жасқанып қалған Сейтқұл ілезде күшіне қайта мінді.
- Дауыс көтермеңіз, отағасы. Заң кімнің жағында екенін ойлаңыз.
- Менің өз заңым бар. Оған ешкім қол сұға алмайды. — Бархан шəнтиіп тұрған Сейтқұлдың жағасынан ала түсті де, омырауындағы наградаларды бытырлатып, жұлып-жұлып алды.
- Əкеңнің аузын ұрайын. «Өз асыраған күшігім өз басыма қарғыды» деген осы. Быртиып алып ішің толған сасық қулық пен сұмдық. Қайтер екен, жас қой, ақыл кірер ме екен десе, қайтеді, əкемнің шоты шапқан сайын дамып... Міне, мына медаль да, мына орден де бəрі-бəрі менікі. Мына маған тиесілі сый-құрмет! Сен ұрлап алдың, саған тартып əперді анау Упр ағаң. Енді мен сенен тартып аламын оны. Бар, баратын жеріңе! — қарсыласып қолына жармаса берген Сейтқұлды шықшыттан бір періп құлатты да «Москвичтің» доңғалағын бір теуіп жүре берді (О.Бөкей. Құм мінезі). Бұл жерде оқиғаның қалай өрбігендігі емес, паратіл үшін негізгі нысан — кейіпкерлердің қимыл-қозғалысы, сөйлеу əрекеті, дауыс қызметі.
Паратілдің аз қолданылатын түрі үнсіздік, немесе үнсіз қалу, болып табылады. Үнсіздік арқылы адамар бір-біріне деген сенімсіздікті, жауласуды, қаталдықты, сонымен қатар құрмет пен жақсылық, ұялу сияқты қатысымық əрекетті де біледі. Мысалы:
- Ұрқияш, бері келші, — деп, ... Не көрсек те, енді жазу біреу, көрдік, көндік. Солай емес пе, қалқам!Басымды ажалға тіктім!Қолымнан беріп, қоншымнан басып тіршілік етер енді менде хал жоқ... Қалған өмірім сенімен ғана өтпек. Ұрқия да көзі мөлдіреп, Ақанға қарап оның сөзін құптағандай жымиып күлді (С.Жүнісов. Ақан сері). Бұл жерде Ұрқияның үнсіз жымиып күлу əрекетінен «иə» деген келісімді аңғаруға болады.
Кинесика (грек. kinesis — қозғалыс) — дененің қозғалысы, адамдар арасында сөйлесу кезінде қолданылатын (сөйлеу аппаратының қозғалысынан бөлек) амал-тəсіл. Мысалы:
Ал намаз уақыты болып қалыпты. Ендігі əділ билік Сұрекеңде, — деп орнынан тұра берген Нұртаза інілеріне «бері жүріңдер» деген белгі беріп, үшеуі жұрттан бұрын тысқа шығып кетті (С.Жүнісов. Ақан сері). Бұл жерде «бері жүріңдер» деген белгі — «қол бұлғау, бас изеу» қимылы арқылы беріліп тұр.
Фейсбилдинг (ағылш. face — түр, бет-əлпет, building — құру, жасау) — екі адам арасындағы сөйлесуде қолданылатын бет-əлпет қимылының техникасы мен əдісістемесін меңгертеді. Мұны қуаныш, ашу, таң қалу, қорқыныш, жеккөру жəне т.б. психикалық жай-күйлерден көруге болады. Мұнда басты назар адамдар көздеріне, бет-қимылына аударылады. Көздеріне, бет-қимылына қарап отырып, қарым-қатынасты əрі қарай өрбітуге болатыны, болмайтыны белгілі болады. Фейсбилдингпен əртістер, педагогтар, əкімдер, тележүргізушілер жəне т.б. айналысады. Бұл арнайы паралингвистикада зерттелінеді.
Фонация (грек. phone — дауыс, дыбыс) — сөйлеу дыбысының құрылуының физикалық үдерісі, естумен түсінілетін, дыбыс мүшелерінің белсенді үндестігі, дауыс құрылымын жабдықтаушы (артикуляциялық аспект) жəне дыбыстың акустикалық үндестігі. Дыбыстың жасалуы жəне қабылдануы кері байланыс əсерімен ерекшеленіледі: белгілі бір қарым-қатынас жағдайында дыбыс жасалуы кезінде баяншының белсенділігі үлкен рөл атқарады, ал дыбысты қабылдау кезінде ақпарат тыңдаушының есту (көру) мүмкіндіктері арқылы өздігімен толықтырылады (саралау, сараптау арқылы).
Паралингвистика ғылыми тұрғыдан ХХ ғасырдың 60-жылдарында дами бастады. Бұл тіл білімінің тілді тек құрылымдық-жүйелік жақтан қарап қоймай, басқа да қырларын зерттеу қажеттігінен туындады. «Паралингвистика» ұғымын американдық лингвист А.Хилл 1940-жылдардың аяғында енгізді, алайда Н.В.Юшманова 1930-жылдардың өзінде-ақ бұл ұғым жайында айтып өткен болатын. Бұған ғалымның «Экстранормальная фонетика» еңбегі дəлел бола алады.
Экстранормалық фонетика (лат. extra — жоғары, сырттай) — фонетиканың бөлімі, қарым- қатынасты жүзеге асыратын қалыпты емес сөйлеу жағдайындағы дыбыстың ерекше жасалуын зерттейді. Бұған одағайларда кездесетін ерекше дыбыс үндестігі (аһһ), жануарларға бұйрық беру (кіш, шу), жануарларды шақыратын дыбыстар (кə-кə, əукім-əукім) немесе балалардың жүйесіз сөйлеуі, былдыры, сонымен қатар жылдам əрі мағынасыз сөйлеу де жатады.
Экстранормалық фонетиканың элементтері көркем шығарма тілінде де экспрессивті- көркемдеуіш құрал ретінде қолданылуы мүмкін, мысалы, құстардың əн айтуын сипаттау кезінде т.с.с. Қазіргі кезде паралингвистика — қолданбалы ғылым. Оны Оксфорд қаласында шешендік шеберлік курсы үшін оқытады, сонымен қатар əр түрлі психологиялық тренингтер кезінде де қолданады.
Паралингвистикалық тəсілдердің 3 түрі бар:
- фонациялық — ырғақ, тембр, дауыс қаттылығы, кідіріс орнына жұмсалатын дыбыстар (мысалы, е-е, м-м), сөйлеу мəнері, жергілікті, əлеуметтік немесе идиолектілі дыбыстардың жасалуының ерекшеліктері;
- кинетикалық — дене қимылы, сөйлеушінің бет-əлпетінің қозғалысы;
- графикалық — жазу (почерк) ерекшелігі, əріптер мен тыныс белгілері қолтаңбасының түрлері, əріп таңбасын айырбастайтын қосымша символдық белгілер (&, §) жəне т.б. [2].
Тілдік амалдарға қарағанда, тілдік емес амалдар күтпеген жағдайлардан орын алуы мүмкін жəне қарым-қатынас үдерісінде нақты қандай түрде қатынасатындығын алдын ала білу қиын. Алайда екеуі де ақпаратты жеткізудің (хабарды білдірудің) басты құралы болып табылады. Паралингвистикалық амалдарды біз қолданғанда алдын ала жоспарламаймыз, олар күтпеген жағдайлардан орын алуы мүмкін. Мəселен, сіз кездесуді жоспарлап, оның ойдағыдай өтетініне сенімділік танытып қойсаңыз, шындығында, бұл сіз ойлағандай болмауы мүмкін. Осы жағдайдан түрлі паралингвистикалық амалдарды көруге болады.
Біз дауысымызды қарым-қатынас жағдайында өзгерткен жағдайда хабарламамызды толықтырып, сөйлеу мəнерімізге əсер береміз, сөздердің екімағыналылығын (екіұшты) ерекшелейміз.
Осыған қатысты дауыс сипаттамасының мынандай түрлері болады.
- Дауыс жоғарлығы (высота голоса) — бұл оның үні. Дауыс жоғарлығы оның қаттылығымен бірге өзгереді. Адамдар ашу үстінде дауыстарын көтереді, ал сабырлы тұрған кезінде, керісінше, ақырын сөйлейді.
- Дауыс қаттылығы (громкость голоса). Адамдардың сөздерді қатты немесе жай айтуына байланысты болады. Кей адамдар қатты сөйлейді, ал екінші біреулері, керісінше, жай сөйлейді. Сонымен қатар дауыс қаттылығы жағдаятқа жəне əңгімелесу баянына қарай өзгереді.
- Ырғақ (темп) — бұл адамның сөйлеуінің жылдамдығы. Адамдар көп жағдайда, əсіресе олар бақытты болғанда, шошынғанда, қобалжығанда, толқығанда жиі жылдам сөйлейді, керісінше, белгілі бір мəселенің шешімін баяндағанда немесе басқа бір тақырыпқа ауытқығанда жайырақ сөйлейді.
- Дауыс тембрі (тембр голоса) — ол оның айтылуы. Əр адам дауысы өзіндік тембрге ие. Дауыстар салдырлаған, сыңғырлаған жəне қарлыққан болуы мүмкін. Бұдан бөлек, дауыс тембрі көңіл-күйге байланысты да өзгереді. Кейде біздің вокалдық мəнеріміз (вокальные привычки), адамдардың бізді дұрыс түсінбеуіне əкеліп соқтырады. Мысалы, адам ашу үстіндегі тембрге ие болып, басқаларын жалған нəрселермен сендіруі мүмкін, алайда шындығында олай емес. Бұл жағдай тек жекелеген адамдардың өз мүддесі үшін жасалған əрекеті болып саналады.
Қарым-қатынас жағдайында вокалдық кедергілерге ерекше көңіл бөлген жөн (вокализаторлар, кідірісті толықтырғыштар). Көп жағдайда адамдар вокалдық кедергілерді жиі қолданады. Вокалдық кедергілер — сөйлеу мəнерін бұзатын артық дыбыстар немесе сөздер. Бұл кедергілер артық саналып, өзіңе назар аудартып, тыңдаушыларға айтылған хабарламаның мəнін түсінуге кедергі жасайды. Күнделікті өмірде біздің сөйлеу мəнерімізде көптеп кездесетін мынадай кедергілер бар: е-е-е, м-м-м, жаңағы жəне түсінесіз бе?, деген секілді т.б. Бұл кедергілер айтушының (баяншының) сөз болып отырған мəселесін толыққанды түсінбегендігінен, білмегендігінен т.с.с. жағдайларынан туындайды. Вокалдық кедергілер осындай жағдайлардың «орнын басатын сөйлем» ретінде, сөйлем арасында паузаны толықтыру негізінде, үнсіздікті жою үшін қолданылады, яғни өзімізге қажетті деген
«сөзімізді» іздеу үшін немесе ойымызды аяқтамаған жағдайда, əрі қарай толықтыру мақсатында қолданамыз. Алайда бұл жағдайлардан кейін тыңдаушы тарап біздің сөзімізді бөлуі мүмкін (кей адамдар басқалардың сөздерін бөлуі мүмкін, кідіріс көп болса). Дегенмен біз бұндай дыбыстарды, яки сөздерді, жиі қолдана берсек, не айтқымыз келгенді білмей немесе өзімізге деген тыңдаушы тараптан сенімсіздікті тудырып аламыз. Бұл əдет кейіннен қолданушыға кері əсерін тигізуі əбден мүмкін.
Паралингистикалық амалдар мынадай қызмет атқарады:
- қосымша ақпарат беру (жағдайға байланысты бас изеп қолдау\қолдамау, фонациондық сипаттамалар арқылы баға беру т.б.);
- вербалды элементтің орнына қолданылады (мысалы, басын шайқау немесе таңдайын қағу арқылы жағымсыз ым-ишараны білдіру);
- ортақ мағынаны білдіру мақсатында вербалды əдістермен қатар қолданылады (мысалы,«Маған анау кітапты əперіп жіберіңізші» деген сөйлемді сілтеу ишарасы арқылы қол сілтеп көрсетуге болады. Көзге көрініп тұрған болса, бұл жерде кітаптың авторын немесе атауын айтып жатудың қажеті жоқ [4].
Паралингвистикалық амалдар хабарлаушы (немесе жазушы) жайында ақпарат беруі мүмкін, яғни оның əлеуметтік, жыныстық, жастық белгілерін, мінез ерекшеліктерін, сонымен қатар этнолингвистикалық құрамын анықтайды.
Паратілдік көріністер біздің қоғамымызда түрлі жағдайлардан көрінеді. Мəселен, адамдардың сəлемдесуінің өзінен бірнеше ерекшеліктерді де байқауға болады. Бүгінде ер адамдармен қатар əйел адамдардың да қол беріп сəлемдесуі дағдыға айналған. Əйел адамдардың ер адамдармен қатар деңгейде қол беріп амандасуы олардың қоғамдағы лауазымды дəрежесіне байланысты екендігін білдіреді. Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде Шымкенттен əйел адамдардың қол беріп амандасуын жиі байқадым.
Басқа ұлттарда, мысалы, шешендер, тəжіктерде қазіргі таңға дейін қарама-қарсы жыныс өкілдерінің қол беріп амандасуына тыйым салынған. Еуропалық біраз мемлекеттерде қол беріп сəлемдесу қолданылмайды, олар вербалдық компоненттегі сəлемдесуді қолданғанды жөн санайды. Қол берусіз амандасу түрі бізде жақын таныс емес адамдар немесе мүлдем таныс емес ер адамдарға амандасқан кезде, сонымен қатар еңбек ұжымына қолайлы кезде, отбасында жəне т.б. жағдайларда орын алады. Бұл дегеніміз барлық келтірілген жағдайларда сөйлеусіз амандасу болмайды деген емес. Алыстағы адамдар басын изеп амандасады, салт аттыларда да сəлемдесу ерекшеленеді, олар ат ер- тұрманынан сəл көтерілу арқылы, бір-біріне қарап, оң жұдырығын кеуде тұсына қойып амандасады.
Паралингвистикалық амалдар арқылы көптеген көңіл-күйді білдіруге болады. Мысалы, сағыныштан көптен күткен адамды құшақтауға оқталсаңыз, дене артқа жылжып, қолдар жан-жаққа ашылады, көздеріңіз жайнайды, езуіңізге күлкі үйріліп, көзіңізге жас та келуі мүмкін; асықпай, жылы тембрмен «Қымбаттым!» немесе «Жаным!» т.с.с. жылы сөздерді айтасыз. Ал, керісінше болған жағдайда қолдар жылдам, тез жиналып, дауысыңыз қатқыл шығады, сөйлем жағымсыздықпен айтылады: «Қымбаттым!». Жағымсыз көңіл-күйде дауыссыз дыбыстар екі еселенді. Мағынасын ұғып көріңіз: «Мен сені дəл осылай істейді деп ойламап едім!».
Қарым-қатынас үдерісінде паратілдік амалдар біздің айтайын деген ойымызды алдын ала білдіріп, сөйлеу əрекетіне дайындайды. Мысалы, ең алдымен көз, қолдар, дене қимылдайды, содан кейін барып, сөйлем пайда болады. Өмірдің қозғалыс заңына сəйкес, қимылымыз бізді сөйлеуге алдын ала дайындайды. Алдымен сұхбаттасушыға қарай басымыз бұрылады, содан кейін ғана сіз оған сұрақ немесе өтінішіңізді білдіре аласыз. Мысалы:
- Қияс сөйлемеген Ұржанды аузына алды ғой, көке, — деп Əнапия қаймыға тұрып сөз қосып еді, Нұртаза арс етті:
- Сен немді түсіндің. Ей, сорлы неме, қатыннан да сөзден де жұрдай мақрұм қаларсың-ау! —деп зекіген Нұртаза, енді Сүлейменге бұрылды.
- Мақан ежелгі құйтырқы қу түлкі емес пе... Енді, сөзді тым ушықтырмай алас-күлес бітіріп, Қорамсадан кек алудың тəсілін ойлау керек» (С.Жүнісов. Ақан сері).
Алайда мимика, пантомимикасыз айтатын сөйлемдік жағдаяттар бар (мысалы, белгілі бір қажетті жұмыстан бас алмай диалог құруымызға болады). Бұл кезде де іске паратіл — интонация қосылады. Себебі паратіл екі түрге бөлінеді: кинесика жəне фонация.
Ым-ишара, іс-қимыл, дауыс арқылы адамның сезімдік дүниесіне тереңінен үңіліп, білуімізге болады. Мысалы:
- Балым, масқара-а, таң атып қалыпты. Не қара басып білмегенбіз, — деп күбірледі. Балхадиша күлімсіреп, жай ғана қарады да, лəм демеді. Жеңгесі тықырши бастады.
Балхадишамен сөйлесіп отырып, анда-санда көз қиығын тастаған Ақан мұны сезіп қалды.
- Балым, айналайын, біраз отырдық қой, ендігəрі үйден шығармай қояды, кетейікші, — деп сары келіншек жалынып, қыңқылдай берді. Бағанадан бері үйіндегі күйеуін де ұмытып, есі шыққан əйелдің ендігі түрі адам аяғандай. Тағы да біраз қыңқылдап, онысымен ештеңе өнбеген соң, қорқытуға көшті. Ал сен кетпесең мен кетемін, жауабын өзің берерсің.
- Бара бер, мен кейін... Қасқыр жемес, — деп Балхадиша зілмен жеңге бетін қайырып тастады.
- Құдай-ай, енді қайтейін, таяқ жейтін болдым-ау, — деп кемсеңдеген əйелдің көзі есік жақтағы тура өзі секілді бір келіншекке түскенде мүлдем зəресі ұшып кетті. Ана əйел де ернін жымқыра тістеп, бір жұдырығымен екінші жұдырығын түйміштейді. Онысы «тұра-тұр бəлем, үйіңе барған соң байыңнан сыбағаңды аларсың» дегені болар. Ол да Балхадишаның екінші үлкен жеңгесі еді» (С.Жүнісов. Ақан сері).
Кез келген қимылдың ажырамас екі түрлі жағы болады — психикалық жəне физикалық. Бұл екі түрлілік іс-қимыл құрылымы, бір жағынан, қимыл «заттай-техникалық» шешімге бағытталса (мысалы, үстел үстінен кітапты алу), ал, екінші жағынан, қимыл осы іске, затқа, қоршаған ортаға екінші бір адамның қатысын білдіреді (жолдасыңды оятып алмай үстел үстінен кітапты алу). Демек, тұрмыстағы қолданыста кітапты алу еркіндікті білдірсе, ал байқап алу сезімді анықтайды. Міне, осы қимылдың мағыналық құрылымы, позициондық тон, қарым-қатынасты білдіреді.
Қорыта келгенде, қарым-қатынас үдерісіндегі паралингвисткалық амалдардың екі түрлі ерекшелігі бар. Бір жағынан, олар сөйлемдерді үнемдеуге көмектеседі. Біз, мысалы, сатушыға қарап «анау кітапты (кез келген затты) көрсетіп жіберіңізші», — дей саламыз. Бұл жерде оны толық сипаттаудың қажеті жоқ жəне артық сөз қолданбаймыз. Екінші жағынан, олар сөзбен айтылмағанды, мəтінастын жасырып, сөйлем көп мағыналылығын, оның стилистикалық бейнеленуін, сезім, қатынас жəне т.б. толықтырады. Мəселен, «Білесіз бе?!» деген сөйлем мағынасын интонация, ым-ишара, қозғалыссыз түсіну қиынға соғады.
Паратілдік амалдар арқылы адамдардың қарым-қатынасын, бір нəрсені ұнату-ұнатпауын, жақсы көру, жеккөру т.б. сынды қасиеттерін білуге болады. Мəселен, дəрісханада студенттерге оқытушы дəріс оқыған жағдайда оқытушы үнемі студенттердің тақырыпты қалай тыңдап отырғандығына назар аударып отыруы тиіс. Мұндай жағдайлар көбіне тақырып қызықтырмаған жағдайдан туындауы мүмкін. Соған сай ол аудиторияны көз қиығымен, бар жан-тəнімен ұға бақылап отырғаны дұрыс. Мұндай əрекет оқытушының педагогикалық шеберлігін аңғартады. Бұл оқытушының дикциясын өзгерту арқылы (дауыс көтеру немесе созу), көзін алайту немесе партаны тықылдату т.б. əрекеттерінен көрінеді.
Қорыта айтқанда, коммуникациядағы паратілдік амалдар баяншы не қабылдаушы арқылы беріліп тұрған ақпаратты толық мəнінде түсінуге мүмкіндік береді, қарым-қатынасқа түсушілер сөздерінің экспрессивті-эмоционалдық реңкін арттырады.
Əдебиеттер тізімі
- Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. — 43-б.
- Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. — Алматы: Жазушы, 2012. — 213-б.
- Ахманова О.С. Параязык: Словарь лингвистических терминов. — Изд. 4-е, стереотип. — М.: КомКнига, –576 с.
- Николаева Т.М. Паралингвистика: Лингв. энцикл. слов. / Под ред. В.Н.Ярцевой. — М.: Совет. энцикл.1990.