Талантты жазушы Төлен Əбдікұлының қаламгерлік қасиеті туралы айтқанда, оның екінің бірі батылы бара бермейтін өткір əлеуметтік мəселелерді қозғайтындығын жəне нені жазса да, биік парасаттылықпен терең зерттеп, жеріне жеткізе жазатындығын жете сезіне білуіміз керек. Қиялы ұшқыр суреткердің өзіндік қолтаңбасы аз жазса да саз жазатындығымен, сөйлемдер қысқа əрі нұсқа болып келетіндігімен ерекшеленеді. Бұл жайында жазушы Дулат Исабеков: «Жалпы Төлен бұрқыратып жазған жігіт емес. Əлі күнге шейін сол ырғағын сақтап келеді», — деп өте орынды айтқан [1]. Ол қай мəселені қозғаса да, қай уақыттың шындығын жазса да, өмірлік, адами проблемаларды алға тартқандығымен көзге түседі.
Төлен Əбдікұлының шығармашылығы бүгінгі заман шындығын арқау еткен. Ішінде кеңес дəуірінің шындығын, əсіресе 1930-жылдар аумағында өткен тарихи, əлеуметтік-саяси оқиғаларды («Əке» повесі, «Өліра» романы) т.б. суреттейтін туындылар бар. Бір ерекшелігі, жазушы қай кезеңнің оқиғаларын арқау етпесін, алдымен адам тағдырын, оның тыныс-тіршілігін, өмірдегі күрес-тартысын, əлеуметтік ортадағы əрекетін, қоғамдағы алар орнын тереңнен аршып танытуға мақсат етеді.
Жазушы адам мен қоғам, адам мен əлеумет қатынасын əрдайым басты назарда ұстайды. Əрқилы тағдыр иелері өздерінің арман-мұңымен, қасірет-қайғысымен, қуаныш-ренішімен бой көрсетіп жатады. Осы қатардағы қарапайым жандардың қоңыр тіршілігінің өзінен заман шындығын, уақыт бедерін танып, таразылауға тырысады. Жалпы, жазушы күнделікті өмірдегі кейіпкерлерді көрсете отырып, заманымыздың ауқымды шиеленістерін, философиялық тұрғыдан саралаған.
Жазушы Т.Əбдікұлының қаламгерлік даралығына оның шығармаларында өмірдің əр құбылысын, оқиғасын бірқалыпты, аспандатпай беруі, қаһармандардың диалогы, монолог арқылы олардың жан əлемін жарқырата аша отырып, болмыс-бітіміне үңілуі, ұлттық болмысқа тəн алуан түрлі қасиет-сипаттарды əндете зерттеуі жатады дегіміз келеді. Қаламгер Т.Əбдікұлы барлық шығармаларында дерлік тарихи зердеге барлау жасап отырады, сол арқылы кешегіні бүгінгімен, бүгінгіні ертеңімен тығыз байланыста, бірлікте қарауға ұмтылады.
Т.Əбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, тақырып талдау, кейіпкер психологиясын ашу, сөз саптау, сюжет құрау, бір сөзбен айтқанда, «жазушылық стилі қандай?», өзге əріптестерінен озған не кемшін түскен тұстары бар ма?» деген мəселелерге тоқталмақпыз.
Əдебиеттану ғылымындағы стиль — аса кең мағынадағы ұғым. Сонау ХІХ ғасырдағы А.Потебня, А.Веселовскийлерден бастап, көтерілістен кейінгі, яғни, ХХ ғасырдың 1920–30- жылдарында жазылған П.Сакулин, А.Белецкий, В.Жирмунский, В.Гофман, М.Рыбникова еңбектері, сондай-ақ 1950 жылдардан бері дүниеге келген В.Виноградов, Д.Лихачев, М.Бахтин, А.Чичерин, В.Днепров, М.Храпченко, Г.Поспелов, А.Соколов, Р.Будагов, В.Ковалев, А.Тимофеевтердің зерттеулері бұл ойымызға дəлел бола алады. Орыс əдебиетінде ұзақ жылғы ізденістерді қорытындылап, тұжырымдаған іргелі еңбектер де жарыққа шыққаны хақ.
Стиль — жазушының шеберлігін, талантын дəлелдейтін үлкен көрсеткіштің бірі. Сонымен бірге стильдің оқырманмен байланысты жағы да бар. Өзіндік стилі жоқ ақын мен жазушы шынайы шығарма бере алмайды, өзінің оқырманын да жаулай алмайды.
Жалпы, көркем əдебиеттегі стиль мəні, сипаты, ерекшеліктері жайлы зерттеулердің түп- төркініне үңілсек, олардың бастау алған уақыты сонау көне дəуірге, ерте грек мəдениетіне барып тірелетінің байқау қиын емес. Ерте замандардан бастап, бүгінге дейін зерттеу объектісіне арқау болып келе жатқан «стиль» ұғымы өзінің күрделілігін ғана емес, сонымен бірге оны зерттеуші- ғалымдардың да əр дəуірде, əр заманда əр қырынан алып зерттеп, үнемі өсу үстінде, даму, кемелдену үстінде болып келе жатқандығын да көрсетсе керек. Өмірдің бірқалыпта тұрмайтындығы сияқты зерттеу еңбектері де үнемі жаңғырып, жаңарып, жаңа ой, тың тұжырымдар жасауға бейім тұратыны белгілі.
Бұл арада төселген шеберлік пен жазушылық стильдік ерекшелігіне М.Əуезов талғамымен баға берген жөн. М.Əуезов стиль хақында: «Əдебиеттегі ұлттық түр мəселенің бір іргелі үлкен мəні — стиль. Теңеу тілі, əр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел келіп жазу стилін қалыптайды.
Əдебиеттің ұлттық ерекшеліктер жайын атағанда, тіл бұл стильдің өзі емес, құралы, қоры ғана. Екінші бір стиль — сөздік, ақындық теңеу кесте мағынасынан басқа екінші мағынаны жəне тудырады. Ол — ұлттық мінез бейне жасаудың стилі», — деген екен [2].
Қазақ əдебиеттану ғылымындағы көрнекті ғалым З.Қабдолов: «Нағыз пейзаж — поэзия! Характер! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауының, сезіну түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті — пейзаж жоқ!
Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал, стиль — адам» [3] десе, профессор Р.Нұрғалиевтің пікірінше, «...əдеби ұғымдағы стиль — ең алдымен — эстетикалық категория...Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені көркемдік процесте механикалық сипат жоқ» [4].
Егер стиль дегеніміздің өзі кез келген қаламгердің ешкімге ұқсамас даралық қасиеті десек, Т.Əбдікұлына тəн стильдік сипаттар қандай?
Ең алдымен, жазушы жақсылық пен жамандықты негізгі объект етіп ала отырып, адами, рухани құндылықтарды жоғары қойып, дəріптейді. Суреткерге тəн негізгі қасиет — шығармаларына психологиялық, лирикалық сарындармен қатар, философиялық ой дарыту басым. Яғни, оның қаламынан туған шығармалар философиялық астарларға бай. Сондай-ақ асқынған драматизм, трагедиялық тағдыр, жаратылысы қызық характерлер ұтымды көрініп отырады.
Мысалы, Т.Əбдікұлының ең алғашқы шығармаларының бірі «Оң қол» əңгімесін алайық. Адамның екіұдай күй кешуін, оның ішкі өңірінде мүлгіп жатқан əлдеқандай беймəлім күштердің бас көтеруін суреттеген қаламгерлеріміздің бірі — Төлен Əбдіков. Адам жанының осындай екіұдай күйін ол «Оң қол» əңгімесінде — «ішкі тұлғаның екіге жарылуы» деп атапты. Оқырман қауымды əңгіме тігісін түгендеп отыруы үшін оның мазмұнымен қысқаша таныстырсақ: ...Март айының аяқ кезінде бізге жасы он жетілер шамасындағы бір қыз түсті. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін-өзі бірнеше рет қылғындырып, өлтірмек болғанын айтты. Маңындағылары аман алып қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды. Ол Маған қастандық жасаған — мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр, — деп өзінің оң қолын көрсетті. Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды... Яғни, бір дененің ішінде екі түрлі жан иесінің кезектесіп, не қатар өмір сүруі.
Оң қолдың қапелімде бас салып, Алманы (қыздың аты осылай) тұншықтырып, өлтіремін деп тырысатын сəтін автор реалистік тұрғыда суреттейді». ...Мен палатаға кіргенде Алма кереуетте жатыр екен. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болады. Сестра екеуміз оң қолға қатар жармастық. Қолын қайырып кереуеттің астына апарғанда, түрі көкпеңбек болып кеткен Алма көзін ашты. Тұла бойы қалшылдап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады... Жазушы Төлен Əбдікұлының шығармаларының бірден-бір ерекшелігі, жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға жəне де психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишараттарға, іс-əрекеттегі, дауыс ырғағындағы, порттегі физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға) да көңіл бөлген.
«Оң қол» əңгімесінде кейіпкер — Алманың түсі арқылы автор адам санасында үздіксіз жүріп жатқан процесті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен кестелей білген. Парктегі гүлді жұлдырып, дəрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тəкаппар, адал да, ерке Алма ұйқыға ене бастаса-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздық əрекеті тұқым қуалаған қауіпті сырқат; оны медицинада дененің екі жарылуы дейді, ал əдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тəсілді жазушы тігісін жатқыза пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі сондай, əңгімені оқып отырып, көз алдында өтіп жатқан кинолента куəгеріндей кейіпкерімен бірге қуанасың, бірге қайғырасың, бірге қорқасың. Жазушының кез келген туындысының кейіпкерлері сөз саптасынан бастап дүниетанымына дейін ерекшеленіп тұруымен оқшауланады.
Əңгімедегі оң қол — адам жанының иіріміндегі қайшылықтың көрінісі. Егер «Қаралы сұлуда», іштегі əзəзіл сезім ағысы бірте-бірте даму үстінде суреттелсе, бұл əңгімедегі оң қол — бірден беріле салған нақты шындық — ақиқат. Оң қол — Алманың, яғни, он жеті жасар сұлу да аққу жанды нəзік, қияли қыздың ерекше тағдыр иесі екендігінің көрінісі. Алма трагедиясы сонымен қатар адам жанының беймəлім сырларының ашылған тұсы. «Рас үлкен бақытсыздық... адамның өз денесінің өзіне жау болғаны... Əрине, үлкен бақытсыздық... Бірақ адамның өзіне-өзі жаулығы соншалық сирек оқиға ма? Сот залына барып айыпталған адамдардың қателіктерін тізіп көріңіз, бəріне де өздері кінəлі. Кісі өлтіруден бастап, ұрлық істеу, ақша жеу, арақ ішіп төбелесу, маскүнем болу, əйел зорлау, кісі балағаттау, содан кейін түрмеге түсіп, өмірін қор қылу өзіне-өзі жаулық емей, немене? Наполе- онды құртқан Россия емес, ең алдымен, Наполеонның өзі емес пе? Адам бойындағы əзəзілдің жаңағы оң қолдан несі кем?..». «Оң қолдағы» Алма өз бойындағы əзəзілдің (оң қолдың) темір құрсауына шы- дай алмай жантəсілім береді. Өйткені оң қол — Алманың ықпалынан шығып, өз алдына тіршілік ет- кен (тұншықтыру) нақты күшке айналады. Жоқ! — деп баж ете қалды Алма. — Жоқ, жоқ. Менікі емес... Жоқ, жоқ!
Бір жағынан, Алма бейнесі — сол кезеңнің, замананың, яғни, сұлулық, ізгілік, үйлесімділік секілді қасиет-құбылыстарды өзіне қажетсіз деп танып, денесінен сығып тастаған қоғамның, өркениеттің өзін-өзі тұншықтыруы. Өркениеттің тірелген тығырығы. Ақжүрек қаламгердің сол қоғамға, заманаға берген бағасы, шығарған үкімі.
Шығарманың кезінде үлкен жаңалық ретінде қабылданғаны белгілі. Ендеше, шығарма құнын асырған қасиеттер қандай десек, ол, ең алдымен, тақырып тосындығы болса, соған орай жазушы идеясының шығарма сюжетімен табиғи бірлік табуы дер едік. Əрине, бұл тек «Оң қол» əңгімесіне ғана қатысты ерекшелік емес. Т.Əбдікұлы шығармаларының барлығына дерлік тəн қасиет. Тіпті, Төлен Əбдікұлы шығармаларының өзін ана тақырып, болмаса мына бір шындық, болмаса шетел тақырыбы деп бөле-жарудың де қажеті жоқ. Өйткені қайсы бір туындысын алмайық, өмірдің ең өзекті, аса зəру, аса ділгір мəселелерін көтергені анық. Олар тек жанрлық тұрғыдан жəне шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымына ғана бөлек. Ал, автордың философиялық ой түйіні, алдыға қойған ұлы гуманизм — барлық шығармаларының алтын арқауы.
1960–1980-жылдардағы əдеби процесте қаламгерлердің көркемдік ізденістері көбінесе кейіпкердің жан дүниесіндегі тылсым сырлардың сырын ашуға ұмтылыстардан көрінгені белгілі. Ендеше, сол ізденістер жазушы шығармаларында да өз жемісін көрсетті. Суреткер сомдаған кейіпкерлердің қай-қайсысы болмасын өзіндік мінез, сөз, ой қайшылықтарымен ерекшеленеді. Сонысымен де олар оқыған адамның есінен кетпестей жатталып қалады. Мысалы, жазушының
«Парасат майданы» повесі адам санасында жүріп жатқан тартыстардың желісіне құрылған. Қоғамдағы сан түрлі тартыстардың сана ағымында үздіксіз тайталасқа түсіп, ой ағымындағы майданды еске түсіреді. Зұлымдық пен ізгіліктің үнемі қарама-қайшылықпен арпаласуы, адам жанын азаптап, сананы сергелдеңге салуының көрінісі. Əдебиетке адамның екі ұдай халдегі сезімі, ішкі менмен тартысы əсіресе ұлы М.Əуезовтің психологиялық əңгімелерінде кеңінен суреттелетін. М.Əуезов алып келген əдеби дəстүр қазіргі кезең əдебиетінде өз жалғасын табуда. Осы тұрғыдан келгенде Т.Əбдікұлының шығармаларын көптеген жазушылармен салыстыруға болады. Мəселен, жазушы О.Бөкейдің «Мұзтау» повесіндегі Ақтанның екіге жарылып, диалог түрінде тартысқа түсуі адам табиғатының ішкі тартысына құрылған. Ал Т.Əбдікұлының «Парасат майданы» повесінде бір адамның екіге жарылып, екіұдай тартысқа түсуін өзіндік жазушылық жолмен — хат түрінде жүзеге асырған. Тартыстың хат түрінде жүзеге асуы, ойдың толық əрі терең, көркем жеткізілуі — жазушы шеберлігінің өзіндік бір қыры. Хат дегеннен шығады, сол хаттарда француз жазушысы Шарль Бодлердің ойларынан мысалдар келтіреді.
Бодлер поэзиясының ең əйгілісі — «Зұлымдық гүлі». Кейіпкер — ішкі дүниесінің үндестігінен айрылған, көңілсіз, жалғыз адам. «Зұлымдық гүлі» — сұрақтар мен толғаныстар кітабы.
Жазушының «Парасат майданы» повесінің басты кейіпкері де — жалғыз, ішкі дүниесінің қарама-қайшылығы мол, ой арпалысына, ой азабына түскен жан.
Ғалым Г.Пəрілиева «Тағы бір тоқталар жай — Т.Əбдіковтің тілі. Оның қай туындысын алмаңыз, артық-ауыз əңгімеге, жалған сезім, жылтырауық теңеуге кездеспейсіз. Немесе ділмарсыған кейіпкер не автор жоқ. Мүмкіндігінше аз сөзге көп мағына сыйдыруға жəне əр сөзінің əйтеуір бір рол атқаруына аса жауапкершілікпен қарайтындығы — қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік əдіс- тəсілі» [5; 78] десе, қазақ романдарының стилі мен типологиясын зерттеген ғалым М.Хамзин:«Асылы, Т.Əбдіковтың барлық ірілі-ұсақты шығармаларында байқалатын жайт — автордың стильдік бедеріндегі салмақтылық, орнықтылық. Көп ретте өзге шығармаларындағы сияқты авторлық баяндау мен кейіпкер монологы жарасымды үйлесім тауып жатады» [6; 16], — деген пікір ұсынады.
Ендеше, ең əуелі, суреткерге тəн негізгі қасиет кейіпкер психологиясын ашудағы сəтті ізденістері еді. Ол сомдаған кейіпкерлер шынайылығымен, ұлттық характерлерге тəн мінез- құлықтарымен, даралануымен де, сондай-ақ 1960–1980 жылдары көбіне үстем болған социализм əдісінің əдебиет таптық, партиялық болуы керек деген қатаң қағидаларын бұзғандығымен де құнды.
Қандай халықтың, қандай ұлттың болмасын, рухани, мəдени, төлтума игіліктерін сол халық немесе сол ұлттың өзгеге бодан кіріптар болып тұрғанда талдап, зерделеу бар да, өз еркі өзіне тиіп, өз тізгініне өзі ие болғанда саралап, зерттеу бар. Халықтың, ұлттың рухани игіліктерін жасаушы тұлға — ақын-жазушы өзі ғұмыр кешіп отырған қоғамынан, сол қоғамның талап-тілегінен тыс тұра алмайды. Оған ұсынып, талап еткен міндеттерге сөзсіз мойынсыну, сол тілектерді құлшына, еш сөзге келмей білдіру, шыңғырған шындықты тұспалдап, ишаралап жеткізу бар. Əрине, міндеттің де міндеті болатыны белгілі. Тəуелсіздікті, сол тəуелсіздіктің маңызды да қаталған талап-тілектер бар, сонымен бірге сананы улап, рухты жаныштауға, мəңгүрттендіруге шақыратын талап-міндеттер болғаны ешкімге де жасырын емес шығар. Қаламгер Т.Əбдікұлы өз шығармаларының шынайылығымен, тазалығымен, өміршеңдігімен ерекшелетіні хақ.
Төлен Əбдіковтың прозалық шығармаларының жанрлық сипаты əр алуан болып келеді. Жазушының «Қайырсыз жұма», «Қонақтар», «Бас саүйек», «Оң қол», «Жат перзент», «Бір күндік ашу», «Көктерек», «Сəби туралы сыр», «Қарасын», «Қойшығұл», «Таласбай» жəне тағы да басқа əңгімелері, «Парасат майданы», «Əке», «Оралу», «Ақиқат», «Қыз Бəтіш пен Ерсейіт», «Тозақ оттары жымыңдайды» аударма-повестері, «Өліара» романы бар.
Əдебиет атаулы қай кезде де ашық та, сыншыл көзқараспен қарап, адамгершілікті, ізгілікті дəріптеп келеді. Осынау өмірдегі тек қана ізгі қасиеттер мен жақсылық, зұлымдық пен жамандықтың күресін ғана емес, сол əлемде, үлкен кеңістікте өмір сүретін жəне адам баласының санасы жетуі мүмкін емес нəрселер де болатындығы туралы ой толғап, ешкім ешқашан жауап бере алмайтын
«Неге?» деген бір сұрақтың төңірегінде қалам тартқан бұл прозаның көтерген жүгі қашанда ауыр. Себебі адам баласы қашанда өмірден бақыт іздеп жүреді. Бірақ, ақиық ақын М.Мақатаев айтпақшы, сол бақытты іздеуді бастаған күннен бастап, немесе бақыт дегеннің болатынын білген күннен бастап адам бақытсыздыққа ұрынады. Сол сияқты ақылды, саналы адамдар санасыз, ақымақтарға аяп қарауын қоймайды, бірақ сол ақымақтан өзінің əлдеқайда бақытсыз екенін білмейді. Осындай сенгің келмесе де, шындық жағдайларды суреттеу қандай суреткерге де болса ауыр.
Бұл туралы белгілі қаламгер Ə.Кекілбаев Т.Əбдіков шығармашылығына баға берген «Адамстанға саяхат» деген мақаласында: «Өмірге сонау ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардағы қалпынан көп өзгере қоймаған қазақы қырынан келіп, əдебиетке көркем ойдың ғарыштық биіктерін игере бастаған XX ғасырдың бел ортасында араласқан Төлен Əбдіков өзі білетін ұлттық болмысымызға өзі игерген жаңа дүние түйсіктік көзімен үңілуге тырысты. Сөйтіп, біз өмір сүріп жатқан ортаға атымен ұқсамайтын, атымен басқаша, атымен жаңа дүние деген таптық ұғымды жоққа шығара бастады.
«Өліара» мен «Əкеде» бұрын қызыл-жасылды қып, жалтылдата бейнелейтін Қазан төңкерісінің кезеңі беймаза қысқа тап болған бей-берекет қыр тұрмысының үйреншікті жадау иін, салпы етек, жыртық көкірек жадағай қалпында бейнеленді. Тығырыққа тығылып, дымы құрыған бидəрмен ахуалдағы қауым да «перілерсіз», «періштелерсіз», «пайғамбарларсыз», өмірде қандай болса, дəл сондай қалпында қарастырылды. Оқтын-оқтын өзі қолдан жасаған зілзаладан өзі оңбай таяқ жеп, ойсырап жататын пенделер тауқыметінің қандай да болмасын асыра дəріптеу мен асыра табалауға лайықты еместігі жан-жақты ашылып, мұқият байыпталды»... [6; 33], — деп жазды.
Шындығында да адам атаулы өзіне-өзі көр қазып жатқандай, өзін-өзі жерлеуге асығып, қоғаммен арпалысып жүргендей етіп көрсететін шығармалар осы жылдарда көбірек жазылды.
Интеллектуалдық ізденіс деген де өте күрделі ұғым. Ол суреткерлік пен ойшылдықты, философиялық ой толғаудағы шынайылық пен нанымдылықты, өмірге деген көзқарас пен дүниетанымдағы диалектикалық тереңдікті жəне олардың табиғи бірлігін талап етеді. Жəне бұндай шығармалар оқырманға да ауыр. Алайда əдебиеттің қызметі тек көңіл көтеріп, ермек ету ғана болмаса керек. Ол адам жанын зерттеуге эстетикалық лəззат беріп қана қоймай, сол лəззатты ала білуге үйретуге де міндетті.
Өмірдің мəні тек қана айналаңдағы өзің сияқты өзгелерден жоғары тұруда емес, солармен түсіністікте тұрып, қанағат сақтап, қолыңда бардың қадірін бағалап өмір сүру керектігін, ең бастысы, адами қасиеттерді жоғалтып алмау екендігін баса айтқан шығармалардың өміршең болары хақ. Себебі жамандық пен жақсылық күресі мəңгілік. Олардың бірде бірі, бірде екіншісі басым түсіп, тайталасып отыруы — міндетті дамуға əкеліп тірейді.
Əдебиет дамыған сайын алғашқы кездегі ағартушылық міндеттің шеңберінен шығып, басқа мақсатты көздеп өзіне-өзі, өз жан дүниесінің түкпіріне үңілуге қарай бағытталып келеді. Т.Əбдіков шығармаларының сипаты əр алуан болып келеді. Бүгін де қазақ прозасында көшбасшы бунақ арасында шоқтықтық биігін иеленген жазушы. Алдыңғы буын ағаларымыз, тұлғаластарының шығармашылық ізденістерінен үйрене, дамыта жүре, қалыптаса келе, қаламгерлік шеберлігін шындауда өзгеге дара соқпақ салды. Кешегі дəстүрді өзінше жаңалығымен жаңғыртты деп айтуымызға болады. Жазушы шығармашылығында жаңалық тек тақырыптық, идеялық, көркем өлең сөзді қолдану аясында емес, жаңа ой, жаңа мазмұн туғызумен, соған орай жаңа тұрпатты қаһармандар мен кейіпкерлер жасауымен де ерекшеленді.
Заманымыздың заңғар жазушысы шығармашылығының ерекшелігі де — жеке адамның идеялық жəне адамгершілік тұрғыда қалыптасу процестері мен характердің философиялық мəнін ашудағы қоғамның орнын айқындауға ұмтылатын тосын табыстары. Жазушы əуел бастан бүкіл шығармашылығын парасаттылықты пайымдап, гуманизмді мадақтауға арнады. Сондықтан да біз жазушыны үлкен эстет, интеллектуалды қаламгерлердің қатарында танимыз.
Осы жолда көптеген жазушылар «сана ағымы» əдісін пайдаланды. Ал таза ой жүйесін бірыңғай логикалық ашық пайымдаулар желісін арқау еткен шығармалар да кездесіп отырады. Олардың көпшілігі күнделік ретінде берілетін. Көптеген сыншылар мен əдебиеттанушы-ғалымдар дəстүрлі көркем туынды бірыңғай ашық ұғымды ой-сана коллизиясын арқау етуден тұрмайды деп есептейді. Алайда осы «Парасат майданы» повесі туралы сөз болғанда Жомарт Əбдіхалық: «...көркемөнер, əдебиет жүйесінде «типтік жəне типологиялық образдар» (А.В.Гулыга) арқылы белгілі бір идеяларды ширықтыра жеткізуге болатындығын ескерсек, соңғысы төл əдебиетімізде аса бедер танытқандай қалыптасып үлгермегендігін ашық мойындауға тура келеді. Кейіпкер характерін басым түрде ой желесі арқылы түзілдіру — бұл əлем əдебиеті үшін де, өзімізге етене таныс қазақ əдебиеті үшін де өте сирек кездесетін жəне стильдік терең мəні бар айрықша эстетикалық құбылыс» [5; 84], — деп жазды.
Т.Əбдіков өзінің ең алғашқы шығармалар жинағын «Көкжиек» деп атаған болатын. Бұл кітаптың атында үлкен мəн бар еді. Кезінде бұл туралы атақты сыншы Сағат Əшімбаев та: «Төлен Əбдіков тұңғыш жинағын «Көкжиек» деп атапты. Жинақта мұндай əңгіме жоқ. Алайда аты мазмұнына қарай қойылған. Адам сапарға шығарда бір жерге жетуді мақсат етеді. Бұл ойын жүзеге асыратыны да күмəнсіз. Ал, соқтықпалы, соқпақсыз өнер жолында бірден көздеген нысанаңа жету мүмкін емес. Ұлы таланттардың өзі де жасағандарына іштей қымсынып өтпегеніне кім кепіл. Өнер жолы — ол да көкжиекке тура тартылған өмір жолы. Көкжиекке жету мүмкін бе? Еш уақытта да! Тек көңілдегі шамалауың бойынша келген жеріңді қанағат тұтуың мүмкін шығар. Төленнің бұл кітабын өнер көкжиегіне шеккен сапарының басы деп білеміз [5; 21], — деп бағалаған болатын. Шындығында да, жазушы өзінің баяғыда бастаған үлкен бір идеясын («Ақиқат», «Оң қол») осы көкжиекке жаңағы «эстетикалық құбылысты» пайдалана отырып, алып шықты. Ертеректе жазылған «Ақиқат» пен «Оң қол» шығармаларындағы үлкен идеяның жоғарғы философиялық деңгейіне (кондициясына) жеткен жері бұл — «Парасат майданы» повесі. Осы повесть адам тағдырын жан дүниенің екіге жарылу құбылысы арқылы бейнелей отырып, мəдениетті іздеп жүріп, өркениетке адасып кеткен адамзат тағдырын көрсетіп берді. «Адамның бұдан былай өз құрбаны өзі, өз жендеті өзі» (Ə.Кекілбаев) болатындығын меңзеді: «...адамзаттың іштей іріп-шіріп, адамгершіліктен азғындап, тіршілік əлеміне қажеті жоқ немесе қатер құбылыс ретінде рухани апаттан мерт болу» алдында тұрғандығын айтып дабыл қақты. Повестің кейіпкері — жан дүниесі екіге жарылған адам. Осы адам өзін-өзі өлтіреді. Оны осыған мəжбүр еткен не жағдай? Жазушы бүл сұраққа кейіпкердің жан əлеміне, санасының түпкі қатпарларына бойлай отырып, жауап береді. Автордың шығарманы кейіпкер күнделігі ретінде ұсынуы — шығармаға шырай үстеп тұрары даусыз. А.Чеховтың «Бухгалтер көмекшісінің күнделігі» деген əңгімесі естеріңізде болар. Күнделікті оқып отырып ешқандай портреттер, суреттеулерсіз-ақ кейіпкеріңізді бес саусақтай танып аласыз.
Кейіпкердің ішкі күйзелістері, сезімдері — барлығы кейіпкердің өз аузынан баяндалғандықтан да, еш күмəн тудырмайды. Адамның «мені» — психикалық тұтастық. Бірақ тұтастық болуы үшін барлық психикалық процестерді бірлестіретін, оларды өзінің түрлі формалары ететін бір ұйытқы қажет. Бұл ұйытқы — əр адамның өзіне тəн мəнділігі. Ал мəнділік — адамның таңдаған немесе қалаған үнемі ұмтылатын нəрсесі. Ол мəнділік адамның іс-əрекеттері ғана емес, оның əрбір психикалық көріністерінде байқалуы мүмкін. Осы мəннің жеке адам психикасындағы нақты түрі — пиғыл. Пиғыл емес мақсаттар, мұқтаждықтар адамда көп болуы мүмкін, ол жеке іс-əрекеттерге байланысты, ал жеке адамның психикасын бүтін ететін пиғыл қалыпты жағдайда біреу-ақ болуы тиіс. Бірақ адамдардың өздері жасайтын қоғамдық қатынастар, тəртіптердің ішкі қайшылықтарына жəне жеке адамдардың дамуындағы ерекше қайшылықтарына байланысты көп адамдардың болмысы екі айырылады. Адамдардың өздерінен аулақтанған, қарсы тұрған, тіпті өздерін бағындыратын, яғни жат болған күштері де оның жан дүниесінен орын тауып, жат ұмтылыстар туғызады. Сонымен бірге адамда өз еркіндігіне, дербестігіне негізделген бастапқы пиғылдары да жоғалмайды. Осылайша осынау екі пиғыл қарама-қайшылықта болып, манағы айтқан психикалық тұтастық «менді» бұзады. Адамның өзімен-өзі қайшылығы туады, өз жан дүниесі бір-біріне жат əлемдерге бөлініп, өзінен де, қоршаған ортадан да безініп, жаттану құбылысына душар болады.
Бүгінде қазақ прозасында көшбасшы буынының арасында шоқтықты биігін иеленген жазушы Т.Əбдікұлы алдыңғы буын ағаларының, тұрғыластарының шығармашылық ізденістерінен үйрене, дамыта жүре, қалыптаса келе, қаламгерлік шеберлігін шыңдауда өзгеге дара соқпақ салды. Кешегі дəстүрді өзінше жаңалығымен жаңартты. Жазушы шығармашылығында жаңалық тек тақырыптық- идеялық, көркем өлең сөзді қолдану аясында емес, жаңа ой, жаңа мазмұн туғызуымен, соған орай жаңа тұрпатты қаһармандар мен кейіпкерлер жасауымен де ерекше.
Əдебиеттер тізімі
- Исабеков Д. Адами парасат, əлеуметтік тереңдік // Заман Қазақстан. — 2002. — № 36. (391). — 6 қырк. —14-б.
- Əуезов М. Шығармалар. — 12-т. — Алматы: Жазушы, 1958. — 230-б.
- Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: Санат, 2002. — 92-б.
- Нұрғалиев Р. Телағыс. — Алматы: Жазушы, 1986. — 204, 205-б.
- Пірəлиева Г. Ізденіс өрнектері. Əдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. — Алматы: Жалын, 2001. — 492 б.
- Хамзин М. 1960–80-жылдардағы қазақ романының стилі мен типологиясы: Филол. ғыл. д-ры... дис. автореф. —Алматы, 1997. — 48 б.