Еңбек ғылыми-теориялық жəне ғылыми-танымдық тұрғыдан жазылған. Жұмыстың ең басты құндылығы — бүгінгі таңдағы тілтаным ғылымының жаңа талаптарының бірі антропоцентристік бағытта зерттеу дегенге сай келеді, яғни сезім жəне оны білдіру адамға ғана тəн, сондықтан зерттеуші осы сезімді адам тіл арқылы қалай білдіреді деген үлкен проблеманың бір пұшпағын таңдап алған. Оны фактілермен нақтылау үшін ұлы жазушы М.Əуезовтің драмалық шығармаларының тілін (дəлірек айтсақ, сөз қолданысын) талдаған. Мұның да орынды уəжі бар: адам өзінің əр алуан сезімін бір-бірімен жүзбе-жүз сөйлескенде немесе шаршы топ алдында сөйлегенде айқынырақ, жиірек көрсетеді, демек, эмоциялы, экспрессивті элементтер осы тұстан табылады. Ал мұндай мүмкіндік драма жанрында болатыны мəлім.
М.Əуезов — қазақ əдебиетінің драма жанрын бастап берген, үлгісін көрсетіп берген қаламгер. Жұмыстың ғылыми-теориялық ізденіс екендігін біз мына тұстардан танимыз. Ғалым Х.М.Нұрмұханов зерттеу нысаны болып тұрған сезім көрсеткіші — эмоция туралы бұрын айтылып келген түсініктерді баяндай келіп, бұл ұғымды сөз еткен кейбір орыс ғалымдарына, «Үлкен Совет энциклопедиясында» берілген анықтамаларға сыни пікір айтады (11, 13-б.). Эмоцияны білдіретін жеке сөздерді ғана емес, сөз тіркестерін ашып көрсетеді. Сірə, біздің байқауымызша, қазақ тілінде эмоциялық қасиет (қызмет) тек жалаң сөздерде ғана емес, сөз тіркестерінде, əсіресе кəнігі (ұлттық) бейнелі фразеологизмдерде де көп болатын сияқты.
Демек, автор эмоциялық лексика жайындағы таным-түсініктерді баяндап қана қоймайды, өз түсінігін білдіреді, өзіне дейінгі зерттеушілердің айтқандарына сын көзімен қарайды. Мысалы, эмоциялық лексика орнықтылық пен тиянақтылыққа ие емес деген орыс ғалымдары А.М.Фенкель, Н.М.Баженовтардың пікірлерін қостамайды (18, 19-б.).
Теориялық тірек ретінде эмоция мен экспрессияны тануда да лингвистикалық сөздік иелері Ахманова мен Марузомен де келіспейтінін дəлелдейді (24-б.).
Ал жұмысты ғылыми-танымдық деп бағалауымызға Х.М.Нұрмұхановтың экспрессивтілікті дамытуда қолданылатын эмоциялық сөздердің қазақ тіліндегі, дəлірек айтсақ, М.Əуезов драмалары тіліндегі көрінісін өте жақсы жəне кеңінен талдаған. Бұл осы жұмыстың арқауы, арқауы ғана емес, тұтас бітімі. Соған орай едəуір көлемді бұл жұмыстың екінші, үшінші тарауларында тура мағынасында эмоционалдық пен экспрессивтік мəн (мағына) бар сөздер мен ауыспалы мағынада эмоциялық пен экспрессивтілікті көрсететін (беретін) құралдарды жеке-жеке талдайды. Ол құралдар: метафора, эвфемизм, кейіптеу, метонимия, синекдоха, символ мен аллегория, ирония, сарказм, юмор, сатира, гипербола, литота, эпитет, теңеу болып келетін жеке тұлғалар мен сөз тіркестерін бөліп-бөліп үшінші тараудың тараушалары етіп талдайды. Мұндағы талдаулар мен оларға алынған иллюстративтік материалдар өте дұрыс дəлелді, сəйкесті. Осы талдаулар барысында зерттеуші еңбегінің көзге түскен жəне бір сəттерін атап айтуға болады.
Оның бірі — əрбір тақырыпқа қажет материалдың (мысалдың) молдығы мен сəттілігі. Бұнда монография авторының ерен еңбегіне тəнтіміз. Өйткені зерттеуге алынған тақырыптарға қажет иллюстративтік материалды (мысалдарды) іздестіру мен оларды дұрыс танып жіктеп алу — қиынның қиыны. Ол үшін іздеуші қазақ тілінің сөздік қазынасын жақсы білетін, əр сөздің сол жердегі қолданыс уəжін дəл танитын, дəл тану үшін əр тараушадағы эмоциялық-экспрессивті құралдардың сыр-сипаты мен қызмет өресін жақсы түсінетін лексиколог-маман болуы керек. Біз пікір талқысына салып отырған осы еңбектің тақырыбы күні бүгінге дейін қазақ тілтанымында арнайы сөз болмай, яғни не диссертациялық жұмыстардың, не арнайы монографияның нысаны болмай келуінің бір себебі осында жатыр. Зерттеу объектісінің материалын жинау — əрі кең білікті керек етеді, əрі қыруар «қара жұмысты» атқаруды қажет етеді, яғни керек материалды, мысалы, бұл жұмыста М.Əуезовтің драмалық шығармаларының бəрін түгел бастан-аяқ оқып, сүзіп шығу, салыстыру үшін, не кейбір тұжырымдарын дəлелдеу үшін өзге авторларды да, өзге шығармаларды да жалықпай оқып, керек нысанды тауып алу сияқты төзімділікті, ұқыптылықты, көп уақытты қажет ететін «шаруаға» — аталған тақырыпқа барғанын автордың — сүйсінер, үлгі етер қасиеті дер едім.
Сөз болған объектілердің ішінде əсіресе омонимдердің (Қонай қонжияды... Жігер колхозы жігерлімісіңдер, Іңкəр, іңкəрің сол екен-ау), алогизм мен оксюморондардың (қой қасқырмен бірге өрген күн... бір өлмедім, екі өлдім... тірідей өлгенім т.б.), неологизмдердің, жалған этимологиялық сөздердің (бадырақ – батырақ, көктабан – котлован, мадақият – мəдениет) талдаулары өте жақсы берілген. Бұларға мысал тауып алудың өзі зерттеушіден үлкен білгірлікті, сөз сырына деген аңғарымпаздықты керек ететіндігін жəне олардың өте сирек ұшырасатындықтарын айтсақ, бұл жұмыстың құндылығы арта түседі.
Эмоциялық, экспрессивтік бірліктердің осы сипатқа ие болып келгендерін топ-топқа жіктеп, бір жұмыста көрсету зерттеудің құндылығын, қажеттігін танытумен қатар, үлгісін де береді. Осы категорияларды əр түрлі мақсатта (жағдайда) сөз еткісі келген оқытушыларға, лексиколог жəне стилист мамандарға осы еңбекте талданған иллюстративтік материалдың өзі таптырмас қазына! Олардың бір жұмыста шоғырлануы оның құндылығын арттыра түседі. Бұл материалдардың ішіндегі метафора мен эпитеттерді кеңірек талдаған, тіпті эмоциялық-экспрессивтік мəн алып қолданылатын 25 сөздің тізімін берген. Бұл да – осы тақырыпты əр тұстарда сөз еткісі келгендерге таптырмас дайын дүние.
Жұмыстың келесі құндылығы — оның бағдарламалық сипатында. Əр мəселенің тұсында өзгелерге айтылған сын пікірлер, əсіресе «алдымыздағы шамшырақтай» болып келе жатқан орыс тілтанымының ғалымдарының тұжырым-танымдарына, жоғарыда көрсеткеніміздей, сын көзімен қарап, өзі білдірген таным-топшылаулары келесі зерттеушілерді бұл тұстарға тереңірек баруға итермелейді.
Қолжазбамен танысқанымызда жəне бір көңіл аударып, мына бір жаңалық екен деп сүйсінген тұсымыз – тақырып аттарының өзі оқырман сезіміне тиетін əсерлі, əдемі етіп берілгені, яғни олар екі құрамды: алғашқысы – қарапайым, мейлінше түсінікті атау болады да оның жалғасы немесе деп берілген ғылыми термин болып келеді: сөз бен сезім сыпайылығы, немесе эвфемизмдер қолданысы; Қиысқан қайшылық, немесе алогизм мен оксюморон; Сөз бен сезім уыты, немесе иронияның қызметі; Тіл тас жарады, немесе сарказмның эмоционал-экспрессивтілігі т.т. Қарапайым (ғылыми термин емес) сөздермен берілген тақырып атауының өзінде кейбіреуі экспрессивті (көркем) сипатта көрінетін сияқты: сөз өрнекті – сезім көрнекті, немесе метафораның қызметі; Түймедейі түйедей, немесе əсірелеу (гипербола); Түйедейі түймедей, немесе литота; өзі ұқсамағанды сөз ұқсатады, немесе теңеудің бейнесі мен əсері.
Сірə, ғылым тілі – қасаң (көріктілігі шамалы) тіл болады деп санаймыз да, сезімге ерекше əсер ететін айшықты қолданыстарға бой алдырмаймыз ғой. Ал ғылыми еңбектердің мəтіндерінің де əр тұстарын ретін келтіріп «жарқылдатып» қойсақ, яғни оқырманға əсер ететін көрікті (көркем), ойнақы сөздермен өріп отырсақ, артық болмауы мүмкін. Ол үшін тілді «ойнататын» сəтті дəл таба білу керек. Мысалы, біздің авторымыз бұл тұсты тақырыпша атауларынан тапқан сияқты.
Қорыта келгенде проф. Хайролла Нұрмұхановтың біз қолжазбасына пікір білдіріп отырған «Сөз бен сезім» атты ғылыми монографиясын теориялық-танымдық тұрғысынан өте құнды (жоғары сапалы), тілтаным саласының жаңа бағыттарына үн қосатын, яғни, антроцентристік ұстанымды ізденіс деп танимыз. Бұл жұмыс бүгінгі қазақ тілтанымының (тіл білімінің) заман сұранысына сай келетін зерттеулерге барып отырғанын көрсететін еңбек екенін де баса айтамыз. Жұмыс авторы — бұрын да «Сөз жəне шеберлік» (Алматы: Ғылым, 1987) сияқты аса құнды еңбегі мен ондаған ғылыми мақала жариялаған белгілі ғалым, қазақ лексикологиясының бірі емес, бірегей маманы. Ғалымның тек осы қолжазбасын ғана емес, өзге де жазып, жинақтап тұтас дүние етіп жариялауға аса құлықсыз болып келген, бірақ оларды түбінде бір жинақтап, іріктеп, тұтастырып, жеке басылымдар етіп ұсынармын деген еңбектерін жариялау қажеттігі даусыз, бұл жұмысты шəкірттері мен өзге де əріптестері қолға алса дейміз.
Рецензиялап отырған жұмыстың қолжазбасы жақсы терілген. Ескерілер тұстары: қолжазба компьютердегі терілім стандартын сақтамапты: бір беттегі əр жолдың таңба саны да, əр беттің жол саны да артық. Бұл қолжазбаның 135 беті дұрыс терілгенде ең кемі 180–190 бет болады. Екінші ескертеріміз — қолжазбаның əр жерінде əріп қателері (орфографиялық) бар, түзетілуі қажет.
Сөйтіп, пікір жазылып отырған «Сөз жəне сезім» атты еңбектің қолжазбасын, азын-аулақ орфографиялық қателерін түзетіп, осы қалпында баспаға ұсынуға əбден болады.