Белгілі ғалым, лингвист, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылым- дарының докторы, профессор Əсет Болғанбайұлы 1928 жылы 8 наурызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қуаныш ауылында кедей шаруаның отбасында өмірге келген. Əкесінен 1932 жылы жетім қалып өмірдің ауыр азабын көрді. Бала Əсет алдымен Қуаныш бастауыш мектебінде, соңынан аудан орталығындағы мектепте оқып, оның 7-сыныбын 1942 жылы бітіреді.
Соғысты көрмесе де, соғыс оның өмірінде өз таңбасын қалдырды. «Бəрі де майдан үшін» деген ұран бұғанасы қатпаған жас балаларды да қиын жұмысқа шығуға мəжбүрледі, сондықтан 1942 жылдан 1944 жылдың сəуір айына дейін Қуаныш колхозында мал бақты, егін салып жұмыс жасады. 1944 жылы Қарқаралы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге түсіп, оны 1947 жылы бітірген соң, қазіргі Əл-Фараби атындағы ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға келеді. Үздік оқыған Əскең өзінің еңбекқорлығымен, зерделілігімен, білімге құштарлығымен ғалымдардың назарына ілігеді. Сол себепті Əсет Болғанбайұлы 1952 жылдан Ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында əуелі аспирант ретінде қалдырылып, соңынан кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер, кейіннен бөлім меңгерушісіне дейін жоғарылап, 47 жыл тапжылмай жемісті еңбек етеді.
Алдыңғы толқын ағаларының ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, олардың жанкешті еңбегін үлгі тұта жүріп, Əсет Болғанбайұлы түркологияда түрен салынбаған тақырыпта ізденіс жұмыстарын бастайды. Оның ғылыми ізденістері қазақ тілінің синонимдеріне арналады, яғни зерттеу жұмысының алғашқысы «Қазіргі қазақ тіліндегі зат есім синонимдер» деген тақырыпта профессор Ғ.Мұсабаевтың жетекшілігімен қорғалды.
Ол 1972 жылы «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
«Қазіргі қазақ тіліндегі синонимдердің жиналғанынан жиналмағаны əлі көп», — дейтін Əскең ана тіліміздегі мол материалды барынша қамтып, қазақ синонимдеріне тəн ерекшеліктер мен заңдылықтарды ашып, олардың сөз варианттарымен байланысын зерттеп, оны теориялық- практикалық тұрғыдан салалы ғылым дəрежесіне көтерді. Бұл еңбегі қазақ, түркі тіл білімінде жоғары бағаланып, ғалымды түркологиядағы жетекші синонимист дəрежесіне көтерді, қалың жұртшылыққа танытты.
Ғалым қазақ тілінің лексикологиясына қатысты зерттеулерінде, біріншіден, лексикалық жүйедегі сөздің алатын орнына, сөз жəне оның мағынасына, даму жолдарына, лексикалық мағынаның түрлеріне кеңінен тоқталды.
Екіншіден, қазақ тілінің лексикасының шығу арналарын, нақтырақ айтсақ, сөздік қор мен сөздік құрамның арақатысын, толығу жолдарын, түрік тілдеріндегі ортақ сөздерді қарастырды.
Үшіншіден, қазақ тіліндегі синонимдер мəселесіне, синонимдік қатар, синонимдік ұя, доминант сөз, синонимдердің айырым белгілеріне, синонимдердің пайда болу жолдарына, синонимдердің сөз табына қатыстылығына, синонимдердің стильдік реңктеріне, қызметі мен қолданылу тəсілдеріне тоқталып, нақты мысалдармен дəлелдеді.
Төртіншіден, қазақ тілі лексикасының стильдік мəні мен қолданылу шеңберіне, оның ішінде жалпылама лексика, арнаулы сөздер, кəсіби сөздер, бейнелі сөздер, көнерген сөздер, неологизмдер, кітаби лексика, тұрмыстық сөздер, қарапайым сөздер, диалектизмдер, варваризмдер, экспрессивтік- эмоционалды лексика, сөздердің актив жəне пассив қолданылатын түрлерін қарастырды.
Бесіншіден, фразеологизмдер жəне оның өзіндік белгілеріне, түрлеріне, варианттылығына, сөз табына қатыстылығына, мағыналық топтарына, шығу арналарына тоқталып, оларды айқындады.
Алтыншыдан, жалпы лексикография жəне қазақ лексикографиясының алдағы міндеттеріне байланысты мəселелерді жан-жақты қарастырды.
Ə.Болғанбайұлы — қазақ лексикографиясына айтулы үлес қосқан ғалым. Оның бар уақытын сарп етіп, қызыға зерттеп жүрген еңбегі толығып, жинақталып, 1962, 1975, 1998 жылдары «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен жарық көрді. Алғашқы нұсқасында 4000 сөз болса, соңғы нұсқада 9000 сөз қамтылып, синонимдік қатарға ортақ сипаттама берілді. Ана тіліміздің сөз байлығының көрсеткіші ретінде бұл еңбектер ұрпақтан ұрпаққа жетер құнды да мол мұра деп бағалануы керек, себебі жаһандану үдерісіне байланысты тіліміздің қолданыс аясының тарылуы, түрлі техникалық-технологиялық жағдай-құбылыстармен байланысты лексикада кірме сөздердің молаюы, ұлтымызға тəн шаруашылық түрлерінің біртіндеп ығысуы, урбанизация үрдісінің күшеюі сияқты объективті жəне ата-бабаларымыздың сөзге тоқтаған мəрттігі мен сөз құдіретін түйсінуінің жойылуға жақындығы, сөз мəдениетінің, тілдік тұлғаның тілдік-мəдени құзіретінің төмендеуі секілді субъективті себептерге байланысты қазіргі оқырмандарға түсініксіз болып қалмауға тиіс сөздер сол сөздіктерге енгізілген синонимдердің басым бөлігі екеніне сенім мол.
Лексиколог əрі лексикограф ретінде жетекші маман болып қалыптасқан Ə.Болғанбайұлы «Абай тілі сөздігін» жасауға əрі автор, əрі редакция алқасының мүшесі болып қатысты. 1962 жылы «Семей правдасы» газетінде шыққан мақаласында: «Сөздік адам баласы өмір сүрген кездегі тілдің нормасын хатқа түсіріп, қалыпқа келтіретін, сөйлеу мəдениетін арттыруға үлкен жəрдем ететін аса маңызды құрал. Сонымен бірге сөздік белгілі бір тілдің лексикасының тарихы мен теориясын зерттеу үшін сұрыпталып жиналған бағалы ғылыми материалдар болып табылады» деп көрсеткен ғалым: «Абай ана тіліндегі барлық лексика-фразеологиялық бай құралдарын, мақал-мəтелдерін мейлінше кең əрі шебер пайдалана отырып, жетпеген материалдарын араб, парсы, орыс тілдерінен алып, оларды да кəдесіне жарата білді. Ұлы ақын тілдегі алуан тропалық тəсілдерді, аллегория мен шендестіруді, сарказм мен иронияны, эпитет пен теңеуді əр түрлі ойнақтылықпен құбылтып қолданып отырды. Абайдың ұшқыр қаламынан шыққан, қазірде мақал-мəтелдік сипат алып кеткен толып жатқан қанатты сөздері мен сөз тіркестері бар. Ұлы ақынның бұл сөздері күнделікті өмірде жиі қолдану салдарынан афоризмге айналып кетті. Демек, Абай — халық тілінің құнары мен шырынын шебер пайдаланушы ғана емес, өзі де неше қилы жаңа сөздер тудырып отырған новатор-жазушы» — деп, Абай шығармалары тілінде қолданылған сөздердің жинақталуын ғылыми тұрғыда негіздейді.
Əсет Болғанбайұлы тұңғыш «Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін» алдымен 2 том етіп 1956– 1961 жылдары, одан кейін 10 том етіп 1974–1986 жылдары, соңынан 1 томдық ретінде 1986–1998 жылдары шығаруға қатысқан белді де беделді авторлардың бірі болды. Бұл саладағы тынымсыз еңбегі айрықша бағаланып, ол 1988 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Əсет Болғанбайұлы 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», қысқаша 5 томдық «Қазақ ССР энциклопедиясы», 1 томдық «Қазақ тілі энциклопедиясы», тағы басқа басылымдардағы сөздік ұяларының авторы ретінде қыруар еңбек жасады.
Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен 2013 жылдың желтоқсан айында профессор Əсет Болғанбаевтың 85 жылдығына арналған «Тілтанудағы ірі тұлға» атты республикалық ғылыми- практикалық конференция өтті.
Пленарлық отырысқа ұсынылған баяндамалар ғалымның қазақ тіл біліміне қосқан үлесін айқындап, жан-жақты танытуға арналды: М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының профессоры педагогика ғылымдарының докторы Н.Ж.Құрман «Тіл маржандары əлемін зерделеген ғалым» баяндамасымен ашып, ҚарМУ профессоры А.С.Əділова «Қазақ тілінің қызғыш құсы» баяндамасында Ə.Болғанбаевтың өмір жолымен, ғылыми еңбектерімен таныстырса, доцент Ш.А.Тоқсанбаева «Собиратель казахского слова» тақырыбындағы баяндамасында ғалым Ə.Болғанбаевтың ғылыми еңбек жолы туралы айта келіп, зерттеуші туралы пікірлерге, түркітану саласындағы елеулі еңбектеріне тоқталса, қазақ тіл білімі кафедрасының доценті филология ғылымдарының кандидаты А.З.Қазанбаева «Ə.Болғанбаев жəне қазақ тілінің лексикологиясы» баяндамасында ғалымның артында қалған баға жетпес құнды еңбектері, ғылыми тұжырымдары, пікірлері туралы айтты.
Б.Бейсенов атындағы Заң академиясы тілдер кафедрасының бастығы филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ш.Жалмаханов «М.Қашқаридың «Түркі тілдері сөздігінің» жасалу қағидалары» атты баяндамасында Ə.Болғанбаевтың «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» мен «Қазақ тілінің синонимдер сөздігіне» сіңірген еңбектерін айта келіп, түркі тілдерінің ішінде ең алғаш жарыққа шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» маңызына тоқталды, М.Қашқари сөздігінің жасалу принциптері, сөздіктің энциклопедиялық, филологиялық, этимологиялық сипаттағы сөздік екендігіне қатысты ғылыми тұжырымдар жасады.
Қазақ əдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.С.Рахимов «Сөйлемнің сағы сынбасын» атты баяндамасында ғалымның еңбектеріндегі өзекті мəселелерге, қазақ тілінің бүгінгі жай-күйіне, соңғы уақыттарда жарық көрген кей шығармалардағы стильдік қателер мен олқылықтарға тоқталды.
Конференция жұмысына «Тілдерді синхронды-диахронды зерттеу мəселелері», «Қазақ əдебиетін зерттеу мəселелері», «Тіл мен əдебиетті оқытудағы дəстүр жəне инновациялар» атты секция мəжілістері бойынша еліміздің жоғары оқу орындарынан, жалпы білім беретін орта мектептерінен, Назарбаев зияткерлік мектебінен өкілдер қатысып, қазақ тіл білімі, қазақ көркем əдеби үдерісі, лингводидактика мəселелері жөнінде өзекті ой-пікірлерімен бөлісті.