Қазақ халқының эпостық жырларының бір саласын тарихи жырлар құрайды. Ондағы сөз болатын өзекті мəселе — өмірде нақты болған əлеуметтік, саяси оқиғалар еді. Кеңес дəуірінде халық үшін қызмет қылған тарихи тұлғалар керісінше түсіндіріліп, лайықты бағасын ала алмағаны мəлім. Қазақ халқының тарихи тағдыры, қазақ хандығының дербестігі мен бүтіндігі, қазақ халқының азаттығы, ұлы мұрат жолындағы алаштың арманы дейтін мəселелер тарихта бір-бірінен бөлшектене түсіндіріліп келді.
Еліміз егемендік алған бетте тəуелсіздік жолындағы халықтың арман-тілегі, аңсары мен мүддесі тарихи жырлар қаһармандарына байланысты түсіндіріледі. Тарихи жырлардың бастау кезеңі «XVIII ғасырдағы оқиғалардан басталады» деген кеңес дəуіріндегі ғылыми тұжырымдамаға тойтарыс беріліп, тарихи эпостың қазақ хандық дəуірінен бастау алатындығы ғылыми концепцияға айналды. Сөйтіп, ғасырға жуық жұрттан жасырылып келеген тарихи жырлар туған халқымен қайта қауышып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеле бастады.
Мəселен, XVIII ғасырда үш жүздің басын қосып, қазақ халқын ел етіп біріктіруге ерен еңбегі сіңген Абылай хан жайында көлемді эпикалық жырлар шоғыры қалыптасқан еді. Олардың көбі күні кешеге дейін «саясаттың» салқынымен «жабулы қазан, жабулы» қалпында келді. Бүгінгі ұрпаққа Абылай жайында тарихи жырлардың он нұсқасы бар десең таң қалып, сенбестік танытуы да мүмкін. Дегенмен, көз жеткізіп көрсетейік. Əйгілі хан, алаштың айбыны болған Абылайға қатысты тарихи жырлардың бір үлкен шоғырын Мəшһүр Жүсіп Көпеев жазып қалдырған. Оның біріншісі — он бір буынды қара өлеңмен жазылған, арасында қара сөздер кездесетін «Абылай ханның ең алғашқы ауызға ілініп түскені» [1] дейтін жыр. Екінішісі — «Абылай аспаған Сарыбел аталғанның мəнісі» [2], үшінші — «Абылай ханның бір жорығы» [3], одан соңғысы «Абылай хан» [4] деп аталатын көлемді жыр нұсқасын атауға болады.
Халық арасынан Абылайға қатысты көлемді тарихи жырларды жинаушы ретінде, белгілі халық ақыны Төлеу Көбдіковтің баласы Төлеуов Қаскенді атауға болады. Ол айтулы Абайдың шəкірттерінің бірі — Көкбай Жанатаев жырлаған «Сабалақ» [5] дастанын хатқа түсірген. Абылайға қатысты жырды жинаушылар қатарына Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданынан Тоғыстайұлын, Баянауылдан Бəбенұлын атауға болады. Жинаушылар қолжазбасында «осы Абылай туралы əңгімені Ойрат облысында тұратын қазақ пен қалмақтардан сұрап жаздым» [6] деген сөздер кездеседі. Аталған нұсқаның мазмұны Көкбай Жанатаев нұсқасына ұқсайтын жерлері бар. Сөз орайында айта кету керек, «Көкбай жазған «Сабақ» дастанына ұқсас бірнеше дастандар бар. Ондай дастанды Тілеубай Кенесарұлы да шығарыпты [7]. Бұл нұсқаны 1940 жылы жазып алған Зияш Алдабергенұлы екендігі анықталды. 1949 жылы Павлодар экспедициясында жинақталған Б.Жақыпбаевтың «Абылай хан» деп аталатын жыр нұсқасы, ел аузынан жинақталған авторы белгісіз «Сабалақ-Əбілмансұр» — Абылай хан [8] жырлар мен Жаяу Мұса Байжанов жинаған жыр нұсқаларын айыра айтуға болады. Оқиға желісімен өзгешелеу көрінетін қобызшы Қорқыт есімімен Берлинде жарық көрген «Абылай» [9] атты дастандар да бар.
Айтуышылары белгілі жəне белгісіз Абылайға қатысты аталған тарихи жырлардың негізгі арқауы Абылайдың ерлігін, батырлығы мен ел басқару ісіндегі көрегендігін көрсетуге бағытталғаны анық. Бір айта кететін мəселе, Абылайға қатысты жырдың алғашқы нұсқасын Көкбай Жаңатаев шығарған деген пікір белең алды. Бірдеңе естісе, жарияланған дүниені көрген бетте тон пішіп, тігісін жатқызып жіберетін пысықтарға асықпауды тілер едік. Бір басы ашық жағдай, Абайдың өзі кезінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын өңдеп жазғаны белгілі. Өз балалары Мағауйя, Ақылбайларға жəне бауыры Шəкəрім ақынға өткен тарихқа үңіле қарауды, көнені жаңаша жаңғырту керектігін барынша үйретіп келгені анық. Олай болса, Абайдың белгілі хан жайлы ел арасындағы өлең, аңыз, жыр үлгілерін естіп, оны жаңаша жырлап шығуды өз шəкірті Көкбайға тапсыруы мүмкін. Жоғарыда айтылған жыр нұсқаларын Көкбай шығарған жырмен салыстырып көргенде, кейбір оқиғалар, кейіпкерлер, жер-су атаулары бір-бірімен сəйкес келмейтіні де бар екенін білдік. Негізінен жырдағы ұқсастықтар мына жайларға байланысты «ортақ белгілер» болып көрінеді. 1. Абылайдың жетім қалып, Сабалақ атануы. 2. Сабалақтың қалмаққа қарсы соғысқа аттануы. 3. Жекпе-жектегі ерлігі.
- Сабалақтың Абылай атанып, парасатты хан болуы. 5. Ханның қапылыста қолға түсуі. 6. Хан қазасы.
Абылайдың алғаш ерен ерліктің үрдісін көрсететін жері қалмақтың Шарыш атты батырымен жекпе-жекке шығып, оны өлтіріп, жауға «Абылайлап» ат қоятын тұсы. Мұндағы қалмақ батыры Шарыштың сипаты 1985 жылы Қытайда басылып шыққан Оразанбай Егеубайұлы құрастырған «Абылай» жырында былайша көрсетіледі:
Зор дене, түсі суық, шойын қара,
Байқасаң жүз кісілік бардай шара.
Білектей белге ораған айдары бар,
Ұқсайды дулығалы мұнарға.
Өзіне дейін бірнеше батырды мерт қылған Шарышқа қарсылас атанған Сабалақ та қаймықпас қайсарлықтың бейнесінде суреттеледі. Шығыс дəстүрі бойынша шайқаста адалдық сақталып, алғашқы кезек үлкен болғандықтан, Шарышқа беріледі. Осы сəт жырда былайша беріледі:
Қатты қол, қарағай сап өткір найза,
Жарқ етті ақ сауытқа қадалғанда.
Өзіне-өз сенбей қалды тұрып,
Найзасы дəл ұшынын майырылғанда.
Бір кезде:
Сабалақ «Абылай» деп ұран салды,
Найзаны майырылған жұлып алды.
Құлаштай Сарыбестіге қамшы басып,
Ағындап шауып келіп кезек алды.
Ұмтылды Сарыбестімен шоқтай болып,
Атылған сары мойнақ оқтай болып.
Желкеден сары қылыш жарқ еткенде,
Шарыштың басы түсті доптай болып [10], —
делінеді. Абылайға қатысты тарихи жырлардағы неғұрлым тұрақталған мотивтер — «Абылайдың Шарышпен жекпе-жегі», «Абылайдың тұтқында болуы», «Абылайдың хандығы», «Абылай ханның жеңістері» деуге болады. Абылайдың Шарышпен жекпе-жегі дастан, жырлардың бəрінде орын алып, осыдан бастап Сабалақтың Абылай атануы ерекшеленеді. Сабалақтың қалмақ батырымен осы айқасын сөз етушілердің пікірі бір жерден шықпайды. Аса ден қойып, қызығы зерделеп жүрген Шот- Аман Ыдырысұлы Уəлиханның «Абылай» атты көлемді мақаласында «Сабалақ осы тұста, он сегіз жасында, шамасы 1729 жылы, қалмақпен болған қанды майданда алғаш көзге түседі» [11], — деп дəлелдей көрсетеді. Бұл пікірді Қазақ ССР энциклопедиясы [12] жəне Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев жазған «Из истории Казахстана XVIII века» атты кітапта қостайды [13]. Ал академик М.Қозыбаевтың «Ел — ебелек емес, ер — кебенек емес» деген көлемді мақаласында: «1733 жылы Уса-Серен бастаған Жоңғар қолы Қара Ертіспен келіп, Зайсан түсіп, Аягөзге кетіп, Қарқаралы, Баянауыл тауларынан асып, Кəрітауға (Ерейментауға) жетеді. Қабанбай мен Бөгенбай бастаған Орта жүз қолы Өлеңті өзені мен Кəрітау аралығындағы жалпақ аңғарда жаумен шайқас салады. Шығыс дəстүрі бойынша ол жекпе-жектен басталады. Қалмақтың қандыбалақ жекпе-жек шайқастарының жүлдегері, қан майданда қазақтың талай батырларын мерт қылған Галдан-Сереннің үлкен баласы Сары-Манжан (қазақтар оны Сарша, Шаршы атап кеткен) шығарады дей келе, Сабалақ айқас алаңында жеңіске жетіп, Абылайлап жауды қуды» [14], — деген пікір айтады. Бұл кезде Сабалақтың жасы 22-де дегенді нақтылай түскен. Бір анығы тарихи ғалым Абылайды 1711 жылы туған деген дерек негізінде айтып отыр. Бүгінгі таңда жазушы М.Мағауин Абылайды 1713 жылы туылған деп дəлелдеді. Осыған байланысты көнеден кеткен сөз өнерінен мына бір деректерді назарға ұстау керек секілді. Егер сол кездегі нақты деректің бірі ретінде, əйгілі Үмбетей жыраудың Абылайға Бөгенбай қазасын естірту толғауында:
Жиырмаға жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда
Шарыштың басын қаққанда... [15], —
дегенді жоққа шығарудың реті келмейтін секілді. Осы пікірдің дəлелін Тоғастайұлы жинаған вариантты Абылайдың 20 жасымен сəйкес жырлайды. Ал Сабалақтың он бес жасында Шарыштай дəудің басын қағуы халықтың өзі сүйген, айрықша құрметтеген ұлына деген сүйіспеншілік деп түсінген жөн. Бұдан əрі Абылайдың тұтқынға түсуі, одан босап шығуы туралы тарихи деректер баршылық. Дəл осы мəселеде жырдан қалыс қалмай, жылдарына қатысты деректер берілген. Бұған бүгінде құлақ асып жатқандар аз, рушылдық тұрғысынан баға берушілер көп. Белгілі бір дəуірге тұтастанған тарихи жырлардың көркем де келісті үлгілерін XVIII ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты туған эпикалық шығармалар дəйектейді. Тұтастай бір ғасырдың оқиғаларын табиғатына сіңірген тарихи жырлар кезінде жіктеліп, бөлшектеу арқылы түсіндірілгені мəлім. Тарихи жырлардың кезінде баспа жүзін көрмеуі, ұзақ уақыт мұрағат мүлкіне айналуы негізінен жырдағы Абылай хан бейнесіне байланысты екендігі даусыз. Халықтың өзі жасаған, өткеннен бүгінге жеткен дүниесінен таңдаулы тұлғаны сылып тастау қиын. Кеңестік идеология оның төте жолын тұмшалау жөн деп түсінген деу керек. Абылайдың бір басында сан-қырлы қабілет те, ел ісін дұрыс жолға қоюда қайшылық та бар. Эпикалық жыр оны жасырмайды, бірақ соның бəрінде де Абылай ақыл-парасатпен түсіністікке келіп, елдің арасын ашудан гөрі, біріктіруші ретінде көрінеді. Тарихи жырларда сұрапыл майданның қақ ортасында Абылай жүреді. Өзінің кемеңгерлігінен бұрын кемшілігін танып, соны дер кезеңінде қалпына келтіреді. Мұндай істер ел басқарған хандар тарапынан сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан да шығар, Кеңес дəуірінің идеологиясының шылауымен Абылайдың бойынан көп мін тапса да, белгілі ғалым Н.С.Смирнова: «Талай дүлдүл ақындар мен жыршылар тарихтағы небір елеулі оқиғалар мен оларға қатысушыларға ерекше назар аударып отырған. Қазақ халқының XVIII ғасырдағы жыр-дастандарында Абылай атының жиі кездесетіні де дəл осыған байланысты. Эпоста ол қазақ халқының жоңғарларға, Қытайға жəне Орта Азия жеріндегі халықтарға қарсы күресінің көптеген оқиғаларына қатысушы ретінде көрсетіледі. Сөйтіп, ол қоғамдық өмірдің бел ортасында бейнеленеді» [16], — деп ақиқаттың көлеңкелі жақтарына назар аударады. Біздің тарихи жырлар тұтастанған жүйе деуіміздің бір табан тірерлік жерін осыдан көреміз. Орыстың батырлық эпос жөніндегі еңбегінде В.Я.Пропп: «Народная поэзия не фактографическая хроника, дело здесь в общегосударственных и народных устремлениях и интересах, а не в изображении отдельных, частных событий. При всей исторической конкретности, при изумительной исторической точности эпоса мы все же тщательно будем искать в ней изображения отдельных исторических событий или исторических лиц» [17], — дейді. Зерттеуші орыс эпосында көп батырлардың бір княздің маңына бірігуін негіздеп, бұл көрсеткіш тұтастанудың ерекше белгісі ретінде көрсетеді. Қазақ батырлық жырларында бір ханға шексіз берілген қаһармандарды табу қиын. Мұны Ш.Ыбыраевтың да нақтылай көрсеткені мəлім.
Аталған жағдайда XVIII ғасырдағы тарихи жырлармен салыстырып қарасақ, онда басқа құбылысқа тап боламыз. Батырлар туралы жеке-жеке тарихи жырлардың ортақ кейіпкері — Абылай хан. Ол тұрғанда батырлардың хан сайлауы ешбір ұғымға сыйыспайды. Батырлардың мойындайтыны да, бас қосатын жері де Абылай төңірегі [18]. Абылай төңірегіне батырлардың топталуы турасында бұдан бұрын да пікірлер айтылған [19]. XVIII ғасырдағы тарихи жырларда Абылайға дейінгі Тəуке хан (бас хан), Қайып хан, Болат хан, Жолбарыс хан, Сəмеке хан, Əбілқайыр хан, Əбілмəмбет хан (мұрагерлік жолмен бас хан орнына сайланған, іс жүзінде орта жүз ханы) жырда жырлаушы тарапынан да сюжеттік оқиғаларға да кірістіріледі. Абылай жайындағы тарихи жырлардағы екінші бір мəселе, ол əйгілі ханның қалмақтардың қолында тұтқында болуы жайлы. Бұл да оған қатысты жыр үлгілеріндегі кездесетін «ортақ» оқиға болып табылады. Жырда сол оқиға былайша берілген. Қалмақтар Шөкеман, Шарыш деген батырлары өлгеннен кейін, Қалданнан рұқсат сұрап, отыз мың əскерді Жалбы деген батырға жиып беріп, «Абылайды тірі ұстап əкеліңдер», деп аттандырады. Қапылыста, Ұлытауда аңда жүрген Абылайды осы қол тұтқынға алады. Хан қасында Өтеген батыр болған екен. Қалмақтар Өтеген батырға дүре соғып, санына бұрау салып азаптаса да, батыр Абылайдың қайда екендігін айтпайды. Бірақ осы кезде Абылай да ұйқыда жатқанда ұсталып, өзінің кім екендігін мəлімдейді. Бұдан кейін тұтқында болып, Абылайдың өз білгірлігі арқылы жəне Əбілқайыр хан мен Төле билердің арқасында босанып шығуы баяндалады. Фольклортанушы- ғалымдар қызыға жинақтап, бастырып пікірлер айтып жүрген «Абылайдың үш арманы» осында айтылады. Ол былайша көрсетіледі. Қалдан елші барғаннан кейін, Абылайды шақыртады. Оны сынамақ болады. Абылай бірінші сыннан мүдірмей өтіп, екінші Қалданның:
Мен шақырттым Абылай арманың не,
Орындықты таяу қойып қасыма кел,
Дарға тартып қазірде өлтіремін,
Өлімде ойың болса қайғыңды же, —
дегеніне Абылай іркілместен былай деп жауап береді:
Бірінші арман — ұйқыда қолға түстім,
Кім аларын білер едің артық күштің.
Қапылыста қолыңа тұтқын болдып,
Бостан-босқа соғыспай оққа ұштым.
Екінші арман — қазақты отырықшы қыла алмадым.
Ел қылып өзімді-өзім саналмадым.
Ел қылып басын қосып келгенімде,
Бұйрығы осылай болды бір алланың.
Үшінші арман — төрт атадан жалғыз едім,
Тұқым жоқ ұядағы байғыз едім.
Арманым осыменен болды тəмам,
Қызықтап ақырында көргізбедің, — деп жырланады. Осы оқиға күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып келе жатқаны мəлім. Жоғарыдағы аталған Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылайға естіртуінде» нақтылы дəлел баршылық:
Қалдан ханның əскері
Іздеп сені əрі-бері
Қапыда ұстап алғанда, — дей келе:
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда.
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың қарыстың,
Қапияда тұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың
Үш ауыз сөзбен құтылдың, —дейтіні баршаға мəлім.
Жыршы солардың бəрінен Абылай ісін ерекшелеп, батырларға қатысты тарихи жырлардың бəрінде оның ел ісіне жетіктігін, соғыс жоспарын жеңіске жеткізіп отыратын, дипломатиялық қарым- қатынастағы қарымдылығын көзден таса қылмайды. Мұны тарихи құжаттарда растап отыр [20]. Сонымен қоса Абылайдың басынан қауіп-қатердің сандап өтуі, жоңғарлардың қалай да Абылайды қолға түсіруді көздеуі тегін емес. Əйгілі ханның тұтқында болуы, оралуы жөніндегі көптеген аңыз- əңгімелердің түп төркіні Қалдан-Серен мен Абылайдың ақыл-парасатын таластыруға құрылған. Мұны сақталған мұрағат деректері де теріске шығармайды. XVIII ғасырдағы қазақ халқының ұлт- азаттық жолындағы күресін бейнелейтін тарихи эпоста эпикалық билеуші типі тұр.
Ол — халқы қастерлеген Абылай бейнесі екені даусыз.
Əдебиеттер тізімі
- Абылайдың алғашқы аты шыққан əңгімесі. — ОҒКШ. — № 657. — 36-б. — 1 д. — 44-б.
- Абылай аспаған Сарыбел: Жыр. жин. М.Ж.Көпеев. —1920. — ОҒКШ. — № 1176. — 126–132-б.
- Абылай ханның бір жорығы: Аңыз. жин. М.Ж.Көпеев. — 1920. — ОҒКШ. — № 1177. — 3 б. 4 Абылай хан: Жыр. жин. М.Ж.Көпеев. — 1920. — ОҒКШ. — № 1176. — 383–397 б.
- Абылай хан (Сабалақ): Жин. Қ.Төлеуов. — 1936. — ОҒКШ. — № 657. — 36 б. — 1-д. — 44 б.
- Абылай: Жыр жин. Тоғыстайұлы мен Б.Бəбенұлы. — 1930. — ОҒКШ. — № 6577. — 36 б. 7 ОҒКШ. — 657 б. — 3 д.8 ОҒКШ. — 657 б. — 5 д.
- Қобызшы Қорқыт. Абылай жəне басқа өлеңдер. — Берлин
- Абылай: Жыр. — Шынжаң: Халық баспасы,
- Уəлихан Ы.Ш. Абылай // Ана тілі. — 1991. — №
- Қазақ совет энциклопедиясы. — Алматы, 1972. — 356-б.
- Сүлейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана. XVIII в. (о внешней и внутренней политике Аблая). — Алма- Ата: Наука, 1968. — С.
- Қозыбаев М. Ел — ебелек емес, ер — кебенек емес // Қазақ əдебиеті. — 1991. — №
- Бес ғасыр жырлайды: 2 т. / Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев. — Т. 1. — Алматы: Жазушы, 1989. — 77-б.
- Смирнова Н.С. Абылай туралы жыр, аңыздар. Қазақ тарихи жырларының мəселелері. — Алматы: Ғылым, — 82-б.
- Пропп В.Я. Русский героический эпос. — 2-е изд. — М., 1958. — 287 с.
- Ыбыраев Ш. Эпос əлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. — Алматы: Ғылым 1993. — 224 б.
- Бижанов С. Социальные категории казахского общества XVIII века в трудах русских ученых. Казахстан в XV–XVІІІ веках. — Алма-Ата, 1969. — С. 160–161.
- 100-қ. Қазақ хандығы мен Цин империясындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар. — Алматы: Санат, 1998. — 10–84-б.