Бүгінгі таңда тіл білімінде тілді танымдық тұрғыда зерттеуді көздейтін когнитивтік лингвистика біршама нəтижелерге қол жеткізді. Тіл табиғатын когнитивтік негізде қарастыру үлгісі В.Гумбольдт, Э.Сепир, А.Потебня тəрізді ғалымдардың зерттеулерінен бастау алды. «В.Гумбольдт кезінде тілдің адам болмысы мен танымның барлық аясын қамтитын адами рухтың басты қызмет екендігін баса көрсеткен болатын» [1; 6]. Оның тілді халықтың, ұлттың рухымен, психикасымен байланыстыра зерттеу туралы концепциясын Ресейде А.А.Потебня жалғастырған. «Потебняның бірден-бір іргелі ғылыми тұжырымы тілдің адам қызметінің белгілі бір формасын бере алатындығы жөніндегі идеясы болып табылады. Гумбольдттың «тілдің үнемі қозғалыстағы табиғаты» туралы теориясын ілгері дамытуда Потебняның аталған ғылыми тұжырымдары айрықша рөл атқарады» [1; 30]. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында Еуропада кең таралған когнитивтік лингвистика қазақ тіл білімінде тек өткен ғасырдың 90-шы жылдарында алғаш рет зерттеу нысанына айналды. Еңбектерінде тілдің танымдық қызметі туралы алғашқы пікірлер көрініс тапқан А.Байтұрсыновтың, Қ.Жұбановтың іздерін жалғастырған қазақ ғалымдары Ə.Қайдар, Р.Сыздық, Ж.Манкеева, Е.Жанпейісов, Г.Смағұловалардың зерттеулері де тек этнолингвистика үшін ғана емес, когнитивтік зерттеулер үшін де құнды мазмұнға ие. Олардың ұлттың тарихи дамуының əр түрлі кезеңдеріндегі тұрмыс-тіршілігі, салт-дəстүрі, діни көзқарастары жөніндегі тарихи-этимологиялық, тарихи-лингвистикалық, этнолингвистикалық, этнографиялық, тілдік зерттеулері арқылы қазақ тілтанымының, лингвомəдениеттанымының негізі салынды. Қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистиканың ұлттық негізде қалыптасып, кең қанат жаюы Қ.Жаманбаеваның есімімен байланысты. «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» деп аталатын еңбегінде ғалым қазақ тіл білімінде тұңғыш рет тілдік сана, тілдік модельдер жүйесі, дара тұлға, гештальт теориясы, мəтін құрылымы, көркем дискурс, мұң концептісі ұғымдарына түсінік беріп, жан-жақты талдау жасайды. Сол сияқты Г.Оразалиева, Г.Снасапова, М.Г.Күштаева, Г.Зайсанбаева, С.Жапақов, Ш.Мажитаева, А.Ислам, Б.Нұрдəулетова, Н.Уəли, А.Жұминова, А.Əмірбековалардың зерттеулері де жаңа ғылымның дамуына, тілдің когнитивтік бағытта зерттелуіне үлес қосқан үлкен еңбектер болып табылады.
Сондай-ақ қазіргі заманғы лингвистикада əр түрлі концептілердің табиғатын зерттеуге көп көңіл бөлінуде, оның мазмұндық қыры, қызметтері тілдік жүйеде жан-жақты қарастырылуда. Концептілердің көрінісі арқылы, оларға талдау жасау арқылы əлемдік бейнелеуде адамның ішкі əлемін, оның əлеуметтік статусын, оның ділінің этикалық, моральдық, философиялық, культурологиялық жақтарын қарастыруда ойымыз кеңейе түседі. «концепт ұғымы — лингвистикада
«адамның əлем туралы жинақталған мəдени түсініктері» (А.Вежбицкая), «біздің сол нысан туралы білетініміздің барлық жиынтығы» (В.Н.Телия), «құдайлық ілімді танудың, сол арқылы, соны ұғыну арқылы халықтың рухын, ұлттың мəдени менталдығын танудың кілті» (Гумбольдт) тəрізді анықтамалармен беріліп жүр [1; 53]. Бүгінгі күнде концептінің теориясын лингвомəдениеттанудың бір элементі ретінде, лингвокогнитивистиканың зерттеу нысаны ретінде қарастыру зерттеушілерді қызықтырып отыр. Концептіге ғалым В.А.Маслова төмендегідей бірнеше анықтама береді: «концепт біздің санамыздың ментальдік немесе психикалық ресурстарының бірліктерін жəне адамның білімі мен тəжірибесін бейнелейтін ақпараттық құрылымды түсіндіру қызметін атқаратын термин; есте сақтаудың, ментальдік лексиконның, концептуалдық жүйе мен тілдің, ақыл-ойдың, адам жүйкесінде бейнеленген дүниенің бүкіл бейнесінің мазмұндық бірлігі; ... өзінің іске асырылатын бүтін бір тілдік тобымен берілетін, тиісті лексика-семантикалық парадигма жасайтын, мəдениеттің таңбаланған вербалды мағынасы».
Концепт дегеніміз — мəдениетке сіңдірілген ұғым (Н.Д.Арутюнова, В.Н.Телия бойынша)... ол лингвомəдени ерекшелікті таңбалаған жəне белгілі бір тұрғыда этномəдениетті тасымалдаушыларды сипаттайтын семантикалық жасалым» [2]. Одан соң орыс мəдениетінің концептілік саласын қарастыра келіп, барлық концептілерді келесі топтарға бөлуді ұсынады: «1) дүние (əлем) — кеңістік, уақыт, сан, отан, тұманды таң, қысқы кеш; 2) табиғат жəне апат — су, от, ағаш, гүлдер; 3) адам туралы түсінік — жаңа орыс, зиялы қауым, данышпан, ақымақ, жиһанкез; 4) адамгершілік концептілері — ар, ұят, күнə, шындық, ақиқат, шынайылық; 5) əлеуметтік ұғымдар мен қатынастар бостандық, ерік-жігер, достық, соғыс т.б.; 6) эмоциялық концептілер — бақыт, қуаныш; артефактілер əлемі — ғибадатхана, үй т.б.; 8) ғылыми білімнің концептілік саласы — философия, филология, математика т.б.; 9) өнердің концептілік саласы — сəулет, кескіндеме, музыка, би т.б.» [3]. Лингвистиканың əр түрлі даму кезеңдерінде зерттеушілерді халықтың ішкі өміріне қатысты, оны анықтайтын этикалық, философиялық, культурологиялық доминант (басым) жақтарын зерделеу қызықтырды. Оларға өмір, өлім, ақиқат, сұлулық, махаббат, жақсылық, жамандық сияқты категориялар жатады. Осылардың басында қарама-қарсы мағына беретін, Т.И.Вендидің айтуынша, «ғаламдық антиномия», «əлемді танудың онтологиялық кілті» есептелетін жақсылық пен жамандық концептілері тұр [4].
Жақсылық пен жамандық тілдік əлем бейнесінде ең негізгі, орталық категория болып табылады. Этика мен философияда да осындай қызмет атқарады: оларда адамның өзіндік тұрмысының көрінісі бейнеленеді, сол арқылы адам өзінің осы өмірдегі тіршілігін анықтайды, олар барлық жағымды жəне жағымсыздықтың өлшеуіші болады. Осылар арқылы адам өзінің жасаған істеріне баға бере алады.
Философиялық сөздікте жақсылық пен жамандыққа адамдық қызметтің жағымды жəне жағымсыз аспектілерін білдіретін, бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар деп жалпылай түсініктеме берілсе, Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде бұл ұғымдарға мынадай анықтама келтірілген:
«Жақсылық — 1. Қайырымдылық, рақымдылық, мейірімділік. 2. Белгілі бір заттың бойындағы тəуір қасиет, сапа. Жамандық — жағымсыз іс, оқиға, зұлымдық, қастық, жауыздық» [5]. Жалпы ғылыми танымда ақиқат, көркемдік танымда сұлулық қандай қызмет атқарса, əлемді моральдік игеру аясында жақсылық та сондай зор қызметке ие. Ал жамандыққа адамды бүлдіруге əсер ететіндердің барлығы жатады.
Н.А.Бердяев, И.А.Ильин, Н.О.Лосский, В.С.Соловьев, Л.М.Лопатин, Л.П.Карсавин сынды орыс ойшылдарының ойынша, жақсылық жəне одан ажырамайтын жамандық мəселесін шешпесе толыққанды этикалық жүйенің жұмысының жүруі мүмкін емес. «Жақсылық» пен «жамандық» ұғымдарының салыстырмалы сипатына қарамастан, көп зерттеушілер адамдық қызметтің позитивті бағыты жақсылық екенін баса айтады.
Əл-Фарабидің этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Себебі ғалым этиканы, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады.
Философ В.А.Канкенің пайымдауынша: «Жақсылық — бұл істің, қимылдың дұрыс құндылығы. Жақсылық — бұл жауапкершілік. Ал жауапкершілік — жақсылықтың қазіргі ұғымы». «Жақсылық», «жамандық» — лингвистикалық құбылмалы сөздер. Жақсылық туралы былай дейді: өте жақсы, ең үздік, теңдесі жоқ, баға жетпес, кемшілігі жоқ, керемет, аса маңызды т.б. Сол сияқты жамандыққа да қарама-қарсы мағынадағы сөз тізбектерін келтіру қиын емес» [6; 150]. Одан соң ғалым
«Жақсылықты өлшеуге бола ма?» деген сұраққа қайдағы бір құрылғының көмегімен емес, эстетикалық құндылықтармен өлшеуге болады деп жауап береді. Одан соң шындық, сұлулық, жақсылықтың бірлігін былай қарастырады: «Осы үш құндылық үндескенде ғана адам өмірі толық мəнге ие болады. Шындық, сұлулық, жақсылық — қастарында өмір бойы адасушылық, тұрпайылық, жамандық сияқты қарсы ұғымдар қатар жүретін идеалдар» [6; 224]. Сөз соңында философ: «Бізде жақсылықтың не екенін толық анықтай аламыз деген үміт бар. Негізі жақсылықтың не екенін білеміз, сонымен қатар оны қайта іздейміз. Бұл — өмір заңдылығы» [6; 152], — деген қорытындыға келеді.
Діни тұрғыдан алып қарасақ, жақсылық — адамгершілік пен имандылықты сипаттайтын жалпы ұғым. Ислам дінінде жақсылық пен жамандықтың адамның өз ниетіне байланыстылығы айтылады. Адамға жағымды нəрселердің бəрі жақсылық ұғымы арқылы жүзеге асады немесе қарама-қарсы мəндегі жамандық жаман пиғыл арқылы өз мақсатына жетеді. Жақсылық қасиеті арқылы адам баласы өзінің мақсат-мүддесіне, арман-тілегіне, болашақтан үміттенуіне сенімін білдіреді. Жақсылық арқылы жеке адамдардың іс-əрекеттеріне, қоғамдық қатынастарына, адамаралық байланыстарына тиісті баға беріледі. Жақсылық əр түрлі деңгейде тұлғалық қасиеттердің ізгілігін айқындайды. Жамандық болса, керісінше, тек зұлымдық, өтірік, жауыздық сияқты жағымсыз істердің көрінісі.
Жақсылық пен жамандық лексемаларының лингвистикалық түсіндірілуіне келсек, жақсылық дегенде игілік, амандық, мейірімділік, адалдық, пайда, бақыт, сəттілік, парыз, жақсы, игі іс, жақсы қарым-қатынас, молшылық, келісу деген ұғымдармен нақтылана түсетін «бəрі жақсы, оң, адамгершілілік (жамандыққа қарама-қарсы)» сияқты жалпы компоненттер бөлініп шығады.
Ал жамандық лексемасының жалпы компоненті: бəрі жаман, нашар, өнегесіз, адамгершілікке жатпайтын (жақсылыққа қарама-қарсы). Жəне ол мына компоненттер арқылы нақтылана түседі: зиян, қырсық, бақытсыздық, кінə тағу, жағымсыздық, жаман сезім, ыза, ашу, өкініш, күнə, кек, өкпе, қуланушылық. Байқағанымыздай, «жақсылық» пен «жамандық» концептілерінің өрісі кең жəне бұл пікірді көркем шығарма негізінде, соның ішінде жыраулар поэзиясы негізіне толықтырып, дəлелдей түсейік. Жалпы жыраулар шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері — Жақсылық пен Жамандық, Елдік пен Ерлік, Ізгілік пен Зұлымдық, Əділдік пен Əдептілік, Жастық пен Кəрілік, Татулық пен Араздық, Достық пен Дұшпандық, Адалдық пен Арамдық, Тектілік пен Азғындық, Тұтастық пен Бірлік. Соның ішінде «Жақсылық/жамандық» концептілері жыраулар поэзиясында толықтай көрініс тапқан. Жақсы/жаман əйел, жақсы/жаман ұл, жақсы/жаман дос сияқты сөз тіркестері жалынды жырларда жиі ұшырасады. Мысалы, жыраулардың жақсы, жаман əйелге қатысты айтқандары төмендегідей,
Шалкиіз:
Жақсыға қоссаң басыңды,
Отырар төрің төр болар.
Жаманға қоссаң басыңды,
Саз балшыққа аунаған,
Бөрімен орның тең болар [7; 280].
Шал ақын:
Жақсы қатын алсаңыз,
Жұмақтан шыққан қормен тең.
Жаманға басың қосылса,
Маңдайға біткен сормен тең [7; 398].
Үзінділердегі жаман əйел бейнесі — «маңдайға біткен сормен тең», жақсы əйел бейнесі —«жұмақтан шыққан қормен тең». Əйел тақырыбында көп толғанған Шалкиіз жыраудың шығармаларында «жақсы қатын шығарар ердің атын, жаман болса еріне қалдырады жаман атын»,«жаман қатын байының сөзін бөлер», «жақсы əйел бойын түзеп, сылақтайды, өз байынан басқаны ұнатпайды», «жақсы əйел дəулетіне жөн келтірер», «жақсы əйел айтқан сөзді кектей қоймас», «жаман əйел байымен ұрысады, мейман келсе, қабағы тырысады» сияқты жақсы/жаман əйел көрінісі шебер берілген сөз оралымдары өте көп.
Алғаның жақсы болса — қара жердей, Жақсыменен сырлассаң — шыққан ердей [8; 97]
немесе
Алғаның жақсы болса, қорғандай-ды [8; 97]
деген өлеңдерінен жыраудың жақсы əйелді қара жерге, қорғанға теңеп, айтылған сөзге көрік қосып, пішінін ажарландыра, мазмұнын құнарландыра түсетін көркемдеу құралдарының бірі теңеуді қолданып, сөз шеберлігін шыңдай түскенін байқаймыз.
Жырау Бұдабай Қабылұлының жақсы/жаман əйел жайлы айтқан мына бір жырында бірыңғай қ дыбысын қайталайтын аллитерация бар.
Қатыны жаман қандайды,
Қағып бір төске салмайды.
Қаттырақ бір ұрыссаң...
Қыр соңыннан қалмайды [7; 682].
Поэзияда мұндай бір дыбыстың қайталануы сөздің эмоциялық бояуын күшейтеді. З.Қабдоловтың сөзімен айтсақ, «əдеби тілге дауыс ырғағы емес-ау, тіпті дыбыс қайталаулар арқылы да əжептəуір ажар бітіруге болады» [9; 213].
Келесі бір толғаудан Шал ақынның ж дыбысын қайталайтынын көреміз.
Жақсы қатын алғанның жауы үйінде, Жақсы қатын алғанның тойы үйінде, Жаман қатын алғанның соры үйінде [8; 96].
Сол сияқты сөз əсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аудару үшін бір сөзді бірнеше мəрте қайталайтын айшықтау түрі қайталаудың əдепкі жəне кезекті қайталау үлгісі толғауда көрініс тапқан. Яғни анафора мен өлеңнің аяқ жағындағы «үйінде» деген сөздің бірнеше мəрте қайталанып отыруы эпифораның нəтижесінде толғаудағы ой ағымы тереңдене түскен. Жыраулардағы қайталау жөнінде М.Мағауин былай дейді: «Көне жыраулар поэзиясының өзіндік ерекшеліктерінің бірі — өлең жолдарында алғашқы сөздердің, кейде тіпті сол алғашқы сөздердің басқы буындарының қайталануы. Бұл қайталаулар — толғаудың құлақ күйі» [10].
Ал Төле бидің мына керемет сөзінен əдеби тілдегі құбылтудың бір түрі — метафораның үлгісін көруге болады.
Атың жақсы болса, ер жігіттің пырағы,
Балаң жақсы болса, жан мен тəннің шырағы,
Қатының жақсы болса, бірінші — иманың,
екінші — жиғаның, үшінші — ырысыңның тұрағы [7; 320].
Шешеннің мақсаты — жақсы атты «ер жігіттің пырағына», жақсы баланы «жан мен тəннің шырағына», жақсы əйелді болса «ырысыңның тұрағына» балап, ой ұғымын, мазмұнын тереңдету, əсерін күшейту, одан əрі ажарландыра түсу.
Шығармаларында жақсы мен жаман əйел, жақсы мен жаман жолдас бейнесін əр түрлі салыстырулар арқылы шебер бере білген жыраулар поэзиясының шоқтығы биік. Сөз қадірін жете түсінген қазақ халқы үшін бұл тұспалмен жеткен сөздердің беретін мағыналары зор. «Жақсы/жаман жолдас» тіркестеріне жыраулар шығармаларынан мысалдар келтірсек,
Шалкиіз:
Жауынды күні көп жүрме,
Жар жағасы тайғақ-ты.
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты.
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас-тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Жімлə ғаламға күлкі етер [8; 30].
Үзіндідегі жақсы дос пен күллі əлемге күлкі етер жаман досты салыстыра берген Шалкиіз жыраудың ойын кейінгі ғасыр тумасы Бұқар да дəл солай, тек өз сөз қолданыстарымен төмендегідей береді:
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса үй кетер...
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айрылмасқа серт етер [8; 72].
Жыраулар троптардың сан түрін қолданды, бірақ бұлардың ішінен ең көп пайдаланғандары — параллелизмдер. Жыраулар поэзиясындағы достың жақсысы мен жаманын жарыстыра салыстырулары осы параллелизм əдісіне мысал болады. Шалкиіз жыраудың ойынша, жаманмен дос болу жауынды күнде тайғақ жардан құлаумен тең. Бұқар да, Шалкиіз де толғауларында жаман адамды табиғат құбылыстарымен салыстыра, қатарластыра, жанастыра бейнелейді. Екі ұғымды, екі сезімді қатар қойып, жұптап суреттеген бұл шығармалар — психологиялық параллелизмнің классикалық үлгілері.
Шалкиіз:
Жағаға жақын қонғанда,
Жайылып сулар алмас па?
Жаманға дос болғанда,
Жазымда басың қалмас па? [8; 33].
Келтірілген үзіндіні оқи отырып, жырдың айшықтау тəсілінің бірі арнауға жататынын бірден білеміз. Жалпы арнау «ақынның өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, көпшілікке қайырыла сөйлеуі, олармен іштей кеңесуі. Арнауды Ахмет Байтұрсынов əуелден үш түрге бөлген: жарлай арнау, сұрай арнау жəне зарлай арнау» [9; 233].
Жаманды құдай алар ма?
Жақсыны құдай қояр ма?
Жақсы алдында сөз айтсаң
Жақсылар сөзге тояр ма? [7; 280]. (Шалкиіз)
Аталмыш екі жыр да — сұрай арнаудың үлгілері. Алғашқы жырда байқағанымыз, жырау арнауында қойылған сұрақтарына жауап күтпейді, себебі олар жауапсыз да түсінікті жəне сол жырдың бойында анықталып тұр. Ал соңғы жырда автор өз ойын сұрақ қою арқылы жеткізеді де, өзі сол сауалдарға жауап күтеді.
Мінезді болса жолдасың,
Күнде сонар қызбен тең.
Жаман болса жолдасың,
Астыңнан өткен сызбен тең [7; 340], —
деген толғауында Ақтамберді жырау жақсы жолдасты «күнде сонар қызға», жаман жолдасты «астыңнан өткен сызға» теңесе, Сүйінбай Аронұлы келесі өлеңінде жаман жолдасты «көкиіп шекесінен қарайтын көкқұтанға» балайды:
Жаман жолдас белгісі —
Көкқұтандай көкиіп,
Шекесінен қарайды [8; 273].
Адамның «жаманы» мен «жақсысын» ажырататын қасиеттердің бірі де осы досқа адал болу сияқты мінез-құлықтан келіп шығады. Шынайы достыққа негізделген, адал сырластықты аңсайтын дидактикалық сарында жазылған жыраулар поэзиясы үлгісіндегі мұндай ғибрат сөздер тек жақсылық жолдарын нұсқар өлең өрнектері болып табылмақ.
Жақсылық пен жамандық адамның іс-əрекеті арқылы өлшенетіні белгілі. Жақсы/жаман адам жайлы əр жырау əр түрлі жырлайды, толғауларында жаман/жақсы адам бейнесін өз сөз тіркестерімен, өз салыстыруларымен ерекше береді. Мысалы, Шалкиіз жырау былай дейді:
Жақсының жақсылығы сол болар —
Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар етер.
Жаманның жамандығы сол болар —
Сөйлесе, дəйім бетін қара етер [8; 33].
Жырдағы жақсының жақсылығы жаманмен бас қосып, сөйлесуді ар ететіндігі болса, жаманның жамандығы — сөйлесе қара бет болатындығы. Мұндағы бетін қара етер деген сөйлем қара бет болу фразеологиялық тіркесінен шыққан, бірақ сөздері ауысып инверсияланып тұр. Ел алдында ұятқа қалу, абыройын шашу деген мағынада айтылған.
Сүйінбай Аронұлы:
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай [7; 585].
Қашаған:
Жақсы менен жаманның
Шекарасын байқасаң,
Аспан мен жердей парқы бар [8; 273].
Жақсының сөзі майдадай,
Жаманның сөзі найзадай,
Жақсыдай болу қайдағы-ай! [8; 300].
Жоғарыда көрсетілген толғаулардан əдеби тілге үстеме мағына беріп, шығарма мазмұнын құнарландыра түске теңеудің үлгісін көреміз. Жырдағы жыл құсындай, балтаның ұңғысындай, аспан мен жердей, сөзі майдадай, сөзі найзадай сынды -дай, -дей жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер суреттеліп отырған құбылысты көз алдымызға əкеліп, нақты ұғым қалыптастырып бергендей. Теңеудің де құндылығы сонда, «...ойламаған жерден өзгеше өрнектер жасап, құлпырып, ойнап тұруында, орнымен қолданылуында...» [9; 218].
Жақсының айтқан ақылы,
Қазулы сара жолмен тең.
Жаманға айтқан ақылың,
Ағып кеткен селмен тең.
Қас жаманның орны бар —
Кесек те болса көрмен тең [8; 92].
Жақсылық/жамандық жайлы жан-жақты айтып кеткен Шал ақынның толғауында жақсының айтқан ақылы мен жаманға айтқан ақыл сара жолмен, ағып кеткен селмен салыстырылады. Жай жолмен емес, қазулы сара жолмен, жай селмен емес, ағып кеткен селмен. Байқағанымыздай, жырау сөздерін айқындау үшін, ойдың ықпалын күшейту үшін эпитеттерді қолданған. Шал ақынның толғауларында «жақсы сол — істер ісін тамамдаса, жаман сол — жақсы сөзді ұға алмаса»,
«жақсының жүрген жері той болады», «жамандар тыңдамайды жақсы сөзін», «жаманға дəулет бітсе — ауа айналар, жақсыға дəулет бітсе — бақ айналар» сияқты жақсы/жаман адамға арналған сөз тіркестері өте көп. Қайсы болсын, жақсы мен жаман парқын толығымен айқындап береді.
Шал ақын:
Шешен сол — сөйлер сөзден жаңылмаса,
Жақсы сол — істер ісін тамамдаса [7; 399]
Мұрат:
Жақсының сөзі кем емес
Алуа, шекер, бал судан.
Жаманның сөзі кем емес,
Адам таппас зəр судан [7; 132].
Əйтеке:
Жақсылардың белгісі сол емес пе,
Қара қылды қақ жарған əділ болса [7; 330].
Міне, əр жырау жақсы/жаман адамды өзінше жырға қосады. Біреудің жақсысы — істі тамам қылған адам, біреудің жақсысы — жыл құсы, біреудің жақсысы — қара қылды қақ жарған əділ, енді біреудің жақсысының — сөзі шекер, балдан кем емес. Мұндай «жыраулық афоризмдер қатарында... жалпы адами таным-түсінікке негізделген, автордың жеке субъективті бағалауына құрылған, мақсаттық жағынан жалпы адами ұстанымның дұрыс-бұрыс жақтарын мегзейтін, өсиет айтуға арналған немесе шешендік сөйлеудің екпіні туғызған, бір сөзбен айтқанда, мазмұндық, құрылымдық уəжділігі жағынан түрліше қырымен сипатталатын авторлық шешендік сөз саптаулар бар» [1; 186]. Шығармалары нақыл сөз, өсиет ретінде келгендіктен, жыраулардың жақсы мен жаман жайлы айтпай кетуі мүмкін емес. Олар шығармаларында жақсылық, жамандық деген не, неден туады, қайдан шығады деген мəселе төңірегінде көп сөз қозғайды. Жақсылықты жасайтын, жамандықтың да отын маздататын адам. Яғни шарапат та, кесапат та — адамнан. Сондықтан жамандыққа бармау, жақсылық жасау əр жанның парызы деп, жыраулар жырларында жақсылықты ту етіп көтеріп, мадақтап, керісінше, жамандықты сөге білді.
Сонымен, жақсылық пен жамандық дегеніміз — жеке адамдар мен əр түрлі топтардың іс- əрекеттеріне, əлеуметтік құбылыстар мен қатынастарға адамгершілік тұрғысынан берілетін этикалық баға. Жақсылық деп белгілі бір қоғам (не белгілі бір топ) адамгершілік деп танып, жалпыға өнеге ететін іс-қимылдарды айтады. Жамандық, керісінше, адамгершілікке лайықсыз деп танылатын іс- əрекеттер. Жақсылық пен жамандықтың неғұрлым айқын да анық бағасы жақсылықтың — жағымды, жамандықтың — жағымсыз құбылыс екендігінде. Сондықтан жағымды жақсылыққа адам жаны əрдайым құштар. Қазақ халқының дəстүрлі дүниетанымында «Жақсылық пен жамандық» ұғымдары мəңгілік тақырыпқа айналып, өнегелі іс пен өмірлік мəселелерде жақсылық алғы кезекке қойылады. Бұл туралы Майлықожа жырау мынадай керемет аталы сөз қалдырған:
Жақсылық отқа күймес, суға батпас,
Гауһар тас жарық қылмай жерде жатпас,
Қолдан келсе етіңіз жақсылықты,
Жақсылықты еткендер жаман таппас [4].
Қорыта айтқанда, көркем туындыларда, оның ішінде жыраулар поэзиясында «жақсылық/жамандық» концептілері əр түрлі тілдік амалдар арқылы көрініс табады. Соның ішінде теңеу, метафора, эпитет, параллелизмдер, қайталаулар арқылы жақсы/жаман əйел, жақсы/жаман дос, жақсы/жаман адам жайлы айтылған келелі ойлар əсерлі жеткізіледі. Келешекте жақсылық/жамандық ұғымдарын құрайтын тілдік бірліктерді одан əрі жинақтап, жүйелеп, оларды жан-жақты зерттеуді қолға алмақпыз.
Əдебиеттер тізімі
- Нұрдəулетова Б.И. Когнитивті лингвистика: Оқулық. — Алматы: Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. — 312-б.
- Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лигвоконцептологиялық негіздері. — Алматы: Арыс, 2007. — 90, 91-б.
- Маслова В.А. Введение в когнитивную лингвистику: Учеб. пособие. — 4-е изд. — М.: Флинта, Наука, — С. 75.
- http://www.google.kz.
- Қазақ тілінің сөздігі / Жалпы ред.басқ. Т.Жанұзақов. — Алматы: Дайк-Пресс, 1998. — 324-б.
- Канке В.А. Основы философии: Учеб. для студентов сред. спец. учеб. зав. — М.: Логос; Высш. шк., 1999. — 288 с.
- Сүйіншіəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы. Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928 б.
- Нар заман мен зар заман поэзиясы: Асан Қайғыдан Кердері Əбубəкірге дейін. Жыр-толғаулар / Құраст. Е.Дүйсенбайұлы. — Алматы: Раритет, 2007. — 376-б.
- Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: Санат, 2002. — 360-б.
- Мағауин М. Ғасырлар бедері: Əдеби зерттеулер. — Алматы: Жазушы, 1991. — 140-б.