Орхон-Енисей түркілерінің өздеріне сай бай лексикасы бар. Ол қалай болса, солай сөз жиынтықтарынан құрала салған емес, оның əлденеше замандар бойына жинақталып, қалыптасуының, толығып баюының өзіндік ерекше заңдары мен тəсілдері бар. Қай елдің де сөздік қоры біріне-бірі қатысты сөздер жүйесінен құралады. Жүйесіз тіл болмайды. Ендеше, Орхон-Енисей ескерткіштері тілінің де белгілі бір лексикалық жүйесі болғанын аңғарамыз. Сондықтан Орхон-Енисей ескерткіштері тілінің сөздік құрамы қалыптасуы, дамуы сол түркі тайпаларының тарихымен тығыз байланысты [1].
Лексика — тілдің өте құбылмалы қаттауы екені мəлім. Сондықтан Орхон-Енисей ескерткіштері тілінің лексикасы мен қазіргі түркі тілдері арасындағы өзгешеліктердің болуы заңды. Сөйте тұра сына жазулы көне түркі ескерткіштер тіліндегі жеке сөздердің көпшілігінің мағыналық жəне тұлғалық бітімі жағынан қазіргі бірқатар түркі тілдеріндегі, соның ішінде қазақ тіліндегі сөздермен бірдей түсетіндігі байқалады. Оларды зерттеушілер:
- адамдарға жəне туыстық қатынастарға байланысты сөздер: ата, қатун, қыз, іні, сіңлі, келін, йегін (жиен), оғул (ұл);
- табиғат құбылыстарына қатысты сөздер: йер, тағ, қар, таш, йыл, күн, суб (су), құм;
- əлеуметтік қатынастарға байланысты сөздер: ел, іл, йурт, қан (хан), қаған, бек, бай, күң, шығай (кедей), төрү (төре, заң);
- əскери лексикаға жататын сөздер: сү (əскер), шерік (шеру), уруш, қылыч, сүңгі, оқ;
- шаруашылыққа, тұрмысқа қатысты сөздер: бедіз (өрнек), ағыл (ауыл), қапығ (қақпа), еб (үй);
- жан-жануарлар атаулар: адғыр, ат, інгек (сиыр), бөрі, қой, йылқы, йонт (жылқы), барс, бічін;
- анатомиялық атаулар: баш, бас, адақ, көз, қаш, құлғақ, йүрек, сач, тіл, өд (өт);
- заттардың сынын көрсететін сөздер: ақ, қызыл, сары, йегрен (жирен), йашыл, көк, қара, улуғ, бедүк, (биік), йуйқа (жұқа), йінйічке, қалун (қалың);
- есімдіктер: бен, мен, сен, сін, ол, біз, сіз, не, қаны, бу, кім;
- сан есімдер: бір, екі, үч, төрт, беш, алты, йеті, секіз, тоқуз, он, йігірмі, отуз, қырық, еліг, йуз, мың, бің, түмен;
- етістіктер: ет, олур (отыр), йат, йарат, көр, біл, тут, йағыл, сақын (ойлан), сығта;
- үстеулер: ілкі, кідін (кейін), күнтүз, таңүнтүрү (таң ата) сияқты сөздер деп бөліп, олардың қазақ тіліне де тəн екендігін, бірлі-жарым фонетикалық айырмашылықтары болмаса, негізінен сол қалпында сақталғандығын көрсетеді [2; 46–47].
Зерттеуші Ə.Құрышжанов пен М.Томанов Орхон-Енисей ескерткіштері тіліндегі қазіргі қазақ тілінен тұлғалық əрі мағыналық жағынан ұқсастығы айқын, ешқандай айырмашылығы жоқ сөздер деп 130 сөзді, ал қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда кейбір фонетикалық ерекшелігі бар сөздер деп 397 сөзді, тұлғалық та, мағыналық жағынан ұқсастық таппайтын сөздер деп 311 сөзді тізіп көрсетеді [3].
Сөздік қазынасының негізі сақталып келгенмен, ондаған сөздердің бұл күнде, мысалы, қазақ тілінде қолданылмайтындығын білеміз. Дегенмен қай түркі тілі болмасын өздерінің бүгінгі лексикалық қазынасында көне сөздерді ішінара сақтап қалғандығы да байқалады. Мысалы, қазақ тілінде «мүлік» мағынасындағы көне түркілік барым сөзі, «шақыру» мағынасындағы оқу, «сөйлеу, сөз» мағынасындағы саб (сөз саптау, «сөз сөйлеу»), «кедей» мағынасындағы шығай (Шықбермес Шығайбай) деген сөздер тұрақты тіркестердің құрамында немесе жалқы есімдердің аталуында сақталған [2; 47].
Белгілі бір тілдегі сөздердің барлығы сол тілдің сөздік құрамын немесе лексикасын құрайды. Біз қарастырып отырған тілдің өткен дəуірлер ішінде қалыптасқан өзіндік бай лексикасы бар. Оның қалыптасуы, байып дамуы сол тілді қолданушы тайпалардың өткен өмірімен тығыз байланысты. Ескерткіштер тілінің бірнеше қабаттары бар. Соның бірі — туыстық атаулар.
Ата — ата. Қағаным атачым өлті — Қағаным атам қайтыс болды.
Апа — ұлы туыс. Апамыз — біздің туысымыз.
Ақа — аға. Ақаңым — ағамыз.
Ечі — əже. Ечүміз — əжеміз.
Йегін — жиен. Екі шад улайу іні-йігүнім, оғланым, беглерім, будуным көзі, қашы йаблақ болтачы тіп сақынтым — Екі уəзір ілескен іні-жиенім, ұлдарым, бектерім, халқымның көзі, қасы жаман болар деп қайғырдым.
Йотаз — əйел. Йотазын анта алтым — Əйелін сонда алдым.
Оғул — ұл. Іні — іні. Ел етміс Йабғу оғлы Есбара тамған Чор Йоға інісі білге Есбара тамған тарқан йумғылығ бес йетміс ечім атым… — Ел еткен Йабғы ұлы Есбара тамған Чор Йоға інісі білгіш Есбара тамған тарқан, барлығы менің алпыс бес ата-бабам…
Қатун — қатын (құрметті кісілердің əйелі). Он йашта Умай тег егім қатун құтыңа, інім Күлтегін ер ат болты — Он жаста шешем Құдайдай қатынның бағына інім Күлтегін ер атанды.
Қунчуй — бикеш (бектердің əйелі). Сіңлім қунчуйлығ біртіміз — Қарындасым бикешті бердік.
Өг — өгей, егім — өгей шешем. Өгім қатунығ көтүрміш теңрі, іл бірігме теңрі, түрк будунығ аты-күсі йоқ болмазун тійін, қаған олуртды ерінч — Шешем қатынды көтерген тəңірі түркі халқының атақ-даңқы жоқ болмасын деп, мені қаған отырғызған-ды [4].
Түркі лексикасының дамуы жеке халықтардың қалыптасуына да, басқа халықтармен араласуына да байланысты болары сөзсіз.
Туыстық атаулар жəне олардың түрлері түркі халықтарында көптеп кездеседі жəне түркі тілдеріне тəн ортақтығы да, жеке тілдерге тəн өзгешелігі де бар. Өзгешеліктің сипатын əр тілдің табиғатындағы фонетикалық өзгерістермен де, жеке тілдің даму тарихындағы жүріп өткен жолымен де байланыстыруға болады.
Туыстық атаулар қандық туыстық атаулар жəне некемен байланысты туыстық атаулар деп қарастырылады. Осының ішінде қандық туыстық атауларға түркі тілдерінің барлығында дерлік қолданылатын ата, ана, ұл, қыз сөздерін жатқызуға болады.
Ата сөзі түркі тілдерінде ата, ада, аата, ате, ати түрлерінде кездесіп, «əке, əкенің əкесі, үлкен адам, қайын əке, еркек» сияқты мағыналарымен орын алған [ЭСТЯ, 200].
Көне түркі тілінде «əке» мағынасында кездескен ата сөзі қазақ тілінде туған əке, өз əкесі, үлкен əке, əкенің əкесі, адамдардың туыстық қандастық жігі, тегі, нəсілі, шыққан жері, ерлі- зайыптылардың қайын əкесі, қария, қарт, ақсақал мағыналарында қолданылады [ҚТТС].
Көне түркі тілінен мысалдар: Кісі оғлынта үзе ечүм апам Бумын қаған, Істемі қаған олурмыш — Адам баласын басқаруға ата-бабам Бумын қаған, Істемі қаған отырған; Ата айтди: «Арқасида дию уа пери, орнаб ирди беш иуз қамчи аңа тигди» — Ата айтты: «Арқасында бар оның дию-пері, қорғаған соң бес жүз қамшы соған тиді»; Атаниң ерлигини анда билди — Атасының ерлегенін сонда білді.
Қазіргі түркі тілдерінде ата сөзі əзербайжан, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, татар, түрікмен, ұйғыр тілдерінде көне түркі тілімен ұштасып ата түрінде қолданылса, өзбек тілінде ота, чуваш тілінде атте, алтай, тува, хақас тілдерінде ада фонетикалық нұсқаларымен кездеседі жəне бұл тілдердің барлығында «əке, баба» мағыналарымен сəйкес. Бұның өзінде түрік, гагауз тілдерінде «əке, ата» мағыналарындағы баба сөзі орын алса, хақас тілінде «əке» мағынасындағы ада, баба сөздері синонимдес. Түрікмен тілінде ата сөзі «əке, əкесінің əкесі», ал баба сөзі «нағашы ата» мағынасында қолданылады [5; 26].
Фонетикалық ерекшеліктердің ішінде өзбек тілінде ота сөзінің қолданысындағы о дыбысының сипатын түркі тілдеріндегі құрамында а дауыстысы бар сөздерге өзбек тілінде о-ның сəйкестігімен түсіндіруге болады. Себебі өзбек тіліндегі о, басқа түркі тілдеріне қарағанда, өзіндік ерекшелігі бар фонема. Ерiндiк мəнде айтылатын о өзбек тiлiмен қоса, татар, башқұрт тiлдерiнде кездескенiмен, өзбек тiлiнде ғана фонологиялық мəнi бар [6].
Чуваш тілінде атте түрінде қолданылуы түркі тілдеріндегі қосар дауыссыздардың сипатына қатысты, себебі қосар дауыссыздар көп кездесетiн тiлдер ретiнде чуваш тілін де айтуға болады. Басқа тілдерде қатар келген екі дауыссыз қолданылатын кей сөздер аталған тілде қосар дауыссызбен қолданылатынына «суккар-соқыр, аппа-апа, пичче-аға, кукка-көке, чечче-шешек, качча-күйеу» сөздерін мысал ретінде көрсетіп, ал алтай, тува, хақас тілдерінде ада түріндегі қолданысты түркі тілдерінде жиі кездесетін қатаң-ұяң дыбыстық сəйкестіктермен байланыстыруға болады.
М.Қашқари сөздігінде аба сөзі де қолданылып, оғыз тіліндегі нұсқасы ретінде көрсетілген. Бұл туралы түркітануға қатысты оқу құралында төмендегідей түсінік берілген: «Монғол тілінде ав сөзі
«əке» мағынасында қолданылады. Көне жазба монғол тілінде бұл сөздің ава түрі де кездеседі. Аба сөзі хакас, қырғыз, алтай, татар, башқұрт, түрікмен тілдерінде де бар. В.В.Радлов аба сөзінің «отец, предок, дядя со стороны отца, старший брат» сияқты мағынасын көрсетеді. Сондай-ақ монғол тілінде авака, түрікмен тіліндегі абга — жасы үлкен адамдарға байланысты айтылатын сөз. Ал, монғол тіліндегі авгай — қыздардың жасы үлкен анасына байланысты қолданылатын сөзі. Түрікмендердің сөйлеу тілінде аба «əке» мағынасын білдіреді. Көне түркі тілдеріне тиісті жазба ескерткіштерде аба//ава сөздері «предки, прародитель», сондай-ақ «ата», «апа» мағынасында қолданылған. Демек, аба сөзі «арғы ата» мағынасынан «ата-ана» мағынасына ауысып, одан кей тілдерде жалпы жасы үлкен адамдарға байланысты қолданылатын болған. Қазіргі татар тіліндегі абзый, қазақ тіліндегі абысын сөздерінің түбірі осы аба сөзімен байланысты болса керек. Э.В.Севортян ава сөзін ана (мать) сөзімен түбірлес деп санайды. Түркі тілдерінің фонетикалық заңдылығы негізінде б мен п дыбыстарының алмасуын дəлелдеуге болады. Якут тілінде абақа сөзі 1) «белгілі бір рудың қарт адамы», 2) «өлкенің үлкен ағасы» сияқты мағынаны береді. Монғол тілдерінде ав (а) қандық туыстықты білдіреді де, жасы үлкендерге байланысты айтылады. Монғол тілінде бұл сөздің созылыңқы дауысты дыбыспен де (аав), қысқа дауысты дыбыспен де (ав) айтылатын нұсқасы бар. Бір ескертетін жағдай: монғол тілінде аба «əке» мағынасында қолданылса, аву «əкенің інісі», тіпті «бала» мағынасында да қолданылады» [7; 113].
Қазақ тілінде ана сөзі туған шеше, жалпы шеше мағыналарында қолданылады [ҚТТС].
Көне түркі тілінен мысалдар: Атасы анасы ашығ алмыла иесе оғлы қызы тышы қамар — Ата- анасы ащы алма жесе, ұл-қызының тісі қамалар.
Ана сөзінің түркі тілдеріндегі нұсқалары да фонетикалық ерекшеліктерімен кездесіп, ата сөзімен ұштасып жатады. Яғни қарақалпақ, татар, түрік, ұйғыр тілдерінде ана, өзбек тілінде она түрінде қолданылып, көне түркі тіліндегі ана сөзімен фонетикалық та, лексикалық та жағынан үндес болып келеді. Ана сөзінің жеке түркі тілдерінде əни, əннə (тат.), анне (чув.), ине (хақ.) нұсқалары да бар.
Мысалы: Абайнинг туғилган ери, онасининг қуниси, қишлиқ қишлови Жидебойда пичанлик ут- уланлар буй чузиб усиб булган (өзб.) — Абайдың туған жері, анасының қонысы, қыс қыстауы Жидебайда пішендік шалғын ұзарып өсіп болған. Бу йигит казды олардынъ алтавына да тегиз пайлаяк болып, баслап каздынъ басын кесип: — Сен элдинъ, халктынъ атасы эм басы, — деп ханга каздынъ басын береди (ноғ.) — Бұл жігіт қазды олардың алтауына тегіс бөлмек болып, қаздың басын кесіп: — Сен елдің, халықтың атасы əрі басы, — деп ханға қаздың басын береді. Анну пурнать-и? (чув.) — Сенің анаң тірі ме? Айыке өз тилегин энесина түшүндүрүү үчүн, бир далай аракет кылып көрдү (қырғ.) — Айыке өз тілегін шешесіне түсіндіру үшін бірталай əрекет қылып көрді. Ойингга айт, кела қолсин, сигирини соғиб булгандир (өзб.). — Анаңа айт, келе қалсын, сиырын сауып болған шығар. Абайдын жаңы төрөлүшүн жактырып отурган калк ата, калк эне ушул эле (қырғ.). — Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған халық-ата, халық-ана осы еді. Атте вата (чув.) — Əкем кəрі.
Қазақ тіліндегі ана немесе ене сөздері ана мағынасымен ұштасып жатқанымен, айырмашылығы бар. Көптеген түркі тілдерінде ана немесе ене сөздері ортақ мағынада қолданылса, қазақ тіліндегі ене сөзі қандық туыстықты емес, неке арқылы болған туыстықты білдіреді (ерлі-зайыптылардың аналары бір-біріне ене болады). Ал алтай, қарақалпақ, қырғыз тілдерінде эне, чуваш тілінде анне «ана» мағынасында болса, тува тілінде эне «тəте» мағынасында, эней «əже» мағынасында, хақас тілінде ине «ұрғашы», иней «кемпір», «əйелі» мағыналарында кездеседі.
Мысалы: Э.В.Севортян ене сөзінің қазіргі түркі тілдеріндегі мағынасын «ана», «сыйлы əйел», «əже», «тəте», «тəрбиеші», «малдың енесі», «ұрғашы мал», «бір заттың негізі, басы» түрлерінде көрсетеді [ЭСТЯ].
Монғол тілінде «ана» мағынасында эх (е) сөзі қолданылады. Эхе сөзі, түркі тілдеріндегі ене сөзі сияқты, тек адамға ғана емес, жан-жануарға да байланысты қолданылады. Қазақ тіліндегі «енесіне асыққан құлындай» деген тіркесте де ене «құлынның анасы» мағынасында қолданылып тұр. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде ене сөзінің «бала тапқан ана», «шеше» мағынасын ауыс мағынасы деп көрсеткен. Ал дұрысы — бұл оның о бастағы мағынасы болса керек. Монғол тіліндегі эх (е) — «мал, матка, маточное поголовье» жоғарыда келтірілген қазақ тіліндегі мысалымызға сəйкес келеді.
Эне сөзі тұнғыс-мəншіжүрде бар. Оларда бұл сөздің эни/ эне/ эннэ/ энике/ эниэнэ формалары қолданылады да, мағынасы «ана», «апа», «əже» сөздерімен тең түсіп жатады. В.И.Цинциус монғол тілдеріндегі эмэ, энэ сөздері мен экэ (эхэ) сөздерін түбірлес сөздер деп қарайды [7; 112].
Қазақ тілінде ұл сөзі еркек бала, ер бала, халық қамын ойлайтын ер азамат, ал ұлан сөзі жасөспірім, жеткіншек, өрен мағыналарында қолданылады [ҚТТС].
Қазақ тіліндегі ұл сөзі көне түркі жəне көптеген түркі тілдерінде оғул сипатында, хақас, тува, шор тілдерінде оол, якут тілінде уол, алтай тілінде уул, өзбек тілінде уғил, чуваш тілінде ывал түрінде кездеседі.
Э.В.Севортян көне түркілік оғул сөзінің этимологиясы мен қазіргі түркі тілдеріндегі сипатын төмендегідей саралайды:
Барлық түркі тілдері мен ескерткіштерінде — баласы, ұлы (сын); башқұрт диалектілерінде — інісінің баласы; якут тілінде — немере, шөбере; чуваш — бала (дитя, ребенок); өзбек, тува, якут, чуваш — ұл (мальчик); тува, хақас, якут — жасөспірім жігіт (юноша, молодой человек); түрік, түрікмен, алтай, хақас, тува, якут — жігіт, жас жігіт (парень, паренек); якут, чуваш — қайны, оның баласы, немересі (младший деверь, его сын, внук); өзбек — жалқы есім; якут — қызметші, жұмысшы [ЭСТЯ, 191].
Көне түркілік оғул сөзі қазіргі түркі тілдерінде оғлан қалпына еніп, «ұл, жігіт, жас əскер» мағыналарында қолданылады. Олардың қатарына оғлан (əзербайжан, түрік), оглан (түрікмен, гагауз), ұлан (қазақ), уулан (алтай), олан (татар) сипатындағы қолданыстар бар [5; 15].
Мысалы: Аьт өлүр — баглаажы артар, Ада өлүр — оглу артар (тува) — Ат өлер — байлайтыны қалар, Ата өлер — ұлы қалар. Гелди вакыт да башардылар ооллары онун школайы (гаг.)
— Уақыт келіп, олардың ұлдары мектеп бітірді. Канымгүлдүн колунда көтөргөн эки жашар уулу Токон бар (қырғ.). — Қанымгүлдің қолында екі жасар ұлы Тоқан бар.
М.Қашқари сөздігінде оғұл сөзіне «өз ұлы болмаса да, ер балаларға «оғұл» дейді. Оғұл сөзі оғлан болып кеткен. Дұрысы оғұллар болуы керек еді», — деп түсінік береді [МҚ, 1-т., 103-б.]. Яғни көптік мағына беріп тұрғандығын айтады. Мысалы: Ұлұқ йағыры оғұлқа қалыр — (Ат) жалының жауыры ұлға қалар; Оғлы та қаған болмыс ерінч — Ұлы да қаған болды.
Көне түркілік оғул, оғлан сөздері біраз түркі тілдерінде сол сипатында сақталғанымен, қазақ тіліндегі қалыптасуын оғ-ұ дыбыс сəйкестіктерімен түсіндіруге болады. Себебі қазақ тілінде сөз басындағы ұ дыбысы көне түркілік оғ, уғ, ығ дыбыс тіркестеріне сəйкес айтылады: оғлан, оғыл, оғры.
М.Қашқари сөздігінде қыз сөзіне «менің қызым, ев қызы (үй қызы, үйде отырған қыз), иінішке қыз (бойжеткен қыз)» сөздерін мысалға алып, «бұл сөз басы азат қыздарға қолданылған секілді, сатып алынған күң қыздарға да қолданылады. Əсілінде, бойжеткен, əйтсе де тұрмысқа шықпаған, жат жұрттық болмаған қыз дегенді білдіреді», — деп түсіндіреді [МҚ, 1-т., 385-б.].
Көне түркі тілінен мысалдар: Өрүң күмүс қыз-қудыз егіртебі ағы буңсыз келүрті — Ақ күміс қыз-қырқын бағалы қымбат мүліктер есепсіз келіп жатты.
Қазақ тілінде қыз сөзі «əйел бала, сəби, күйеуге тимеген бойжеткен, жігіттің көңіл қосқан, жүріп жүрген адамы, қалыңдық» мағыналарында қолданылады [ҚТТС].
Қыз сөзінің көне түркі жəне қазіргі көптеген түркі тілдеріндегі сипаты қыз, кыз қолданыстарымен қоса гыз (əзербайжан, түрікмен), қиз (өзбек, ұйғыр), кыс (алтай, гагауз, тува), кыыс (якут), хыс (хақас), хер (чуваш) түрінде кездеседі.
Мысалы: Сиз ханнынъ кол-канаты (ноғай), — деп эки канатын эки увылына береди. — Сіздер ханның қолғанаты, — деп екі қанатын екі ұлына берді. Сиз ханнынъ эки аягы, — деп эки кызына эки аягын береди. Сіздер — ханның екі аяғы, — деп, екі қызына екі сирағын берді. Маторлы балық аулау кемелерин көбейту ушын хаял-қызларды оқытажақбыз (қарақ.) — Моторлы балық аулау кемелерін көбейту үшін əйел-қыздарды оқытпақшымыз. Эргя кайтарылырэд бурунғу кыз (қарайым) Күйеуге үлкен қыз шығады.
Чуваш тіліндегі қыз сөзінің хер түріндегі нұсқасы — басқа түркі тілдеріндегі з дыбысының орнына аталған тілде р дыбысының қолданылуы. Себебі чуваш тілінің басқа түркі тілдерінен ерекшелейтін сəйкестіктер ретінде түркітанушылар ш, с-л, з-р сəйкестіктерін айтады жəне бұл мəселе бұлғар тобының басқа тілдерден айыратын критерий сипатында да қолданылады. Бұған басқа түркі тілдеріндегі буз/муз/боз сөздерінің чуваш тілінде пар, қадың/қазың/қайың сөздерінің хуран, қыс/қыш сөздерінің хел, есік/ешик сөздерінің алак, бес/беш сөздерінің бел түрінде қолданылуы мысал бола алады.
Қыз сөзінің барлық түркі тілдерінде мағынасы бірдей болғанымен, тува тілінде «ұрғашы» мағынасында қолданылады (кыс бөрү — ұрғашы қасқыр, кыс адыг — ұрғашы аю) да, қыз (дочь) мағынасы уруу сөзі арқылы беріледі. Уруу сөзі көне түркілік уруғ (род, племя, родство) сөзімен төркіндес [5; 17, 18].
Туыстық атауларға қатысты сөздерді салыстыру барысында көне тілмен салыстырғанда ортақтық басым екендігі көрінді. Бұл жерде негізгі ерекшелік ретінде фонетикалық алмасулар мен жеке тілдерге қатысты сөздің мағынасының өзгеруін айтуға болады. Талданған сөздердің ата-ота- атте-ада; ана-она-əни-əннə-анне-ине; ұл-оғул-оол-уол-уул-уғил-ывал; қыз-кыз-гыз-қиз-кыс-кыыс-хыс- хер сипатында болуы дыбыстардың сəйкестігі деп жəне оны көне түркі тілімен ортақ немесе қазіргі түркі тілдерінің əр түрлі сипатта дамуы ретінде көрсете аламыз. Ата, ана, ұл, қыз сөздерінің мағыналарындағы ортақтық түбі бір түркі тілінің сипатын көрсетумен қатар, мағыналарындағы азды- кем айырмашылықтар сөздің мағынасының дамуы мен өзгерісі болмақ.
Салыстырмалы-тарихи зерттеу жүргізу арқылы туыстас тілдердің фонетика, лексика, грамматика салаларындағы ортақтықтар мен ерекшеліктердің сипатын білуге болады. Соның ішінде лексиканың да өзіндік ерекшелігі бар. Ең алдымен, ол — тілдердің туыстық белгісін, сəйкестігін анық көрсететін фактілерге бай сала. Сол арқылы түркілік ортақ сөздердің табиғатын ашуға, кірме сөздердің ерекшелігін көрсетуге, өзгеріске түскен сөздердің сипатын көрсетуге болады.
Лексиканы салыстырмалы-тарихи тəсілмен зерттеудегі мақсаттың бірі — сөздердің о бастағы мағынасын анықтау. Тіл тарихына байыптап қарайтын болсақ, сөз мағынасы да өзгеріп, дамып отырады. Оны жеке тілдердің материалдарынан да, оларды салыстырып та байқауға болады. Көне дəуірден келе жатқан, не басқа тілдерден енген сөздердің бəрі де əрі фонетикалық, əрі семантикалық өзгеріске түсуі мүмкін.
Сөз мағынасының өзгеруіне ішкі жəне сыртқы факторлар əсер етуі мүмкін. Сөз мағынасының дамуы тілдің ішкі даму заңына байланысты болса, ал сыртқы факторлар сол халықтың өмір сүрген дəуірімен, тарихымен, мəдениетімен, əдет-ғұрпымен тікелей байланысты.
Əдебиеттер тізімі
- Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. — Алматы: Ана тілі, 1995. — 46-б.
- Сыздықова Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1993. — 320 б.
- Құрышжанов Ə., Томанов М. Орхон-Енисей ескерткішінің зерттелу тарихы мен грамматикалық очерктері. —Алматы, 1964. — 45–57-б.
- Жуынтаева З.Н., Тұрсынова М.А. Көне түркі тілі. — Қарағанды: «Санат-Полиграфия» ЖШС, 2009. — 135 б.
- Историческое развитие лексики тюркских языков. — М.: Изд-во АН СССР, 1961. — 466 с.
- Тұрсынова М.А. Түркі тілдерінің дыбыс жүйесі. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2011. — 6-б.
- Қайдаров Ə., Оразов М. Түркітануға кіріспе. — Алматы: Арыс, 2004. — 360 б.
Мақалада кездесетін қысқартулар:
ЭСТЯ — Этимологический словарь тюркских языков / Севортян Э.В. — М.: Наука, 1974. — 766 с.
ҚТТС — Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1986. — 560 б.
МҚ — Түрік сөздігі / Қашқари М. — Алматы: Хант, 1997. — 590 б.