Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

XX ғасырдың алғашқы жартысындағы қытай қазақ əдебиетіндегі əдеби үрдіс пен жаңашылдық

XX ғасырдың бірінші жартысы Қытай халқының мəдени-əлеуметтік өміріндегі əр алуан қайшылықтардың əбден шиеленіскен кезі еді. Қоғамдық жүйелердің ауысу-арбасуы рухани дүниеге қатты əсер етті. Аталмыш кезең əдебиетінің өзіне дейінгі ұлттық əдебиетпен сабақтастығы, жалғастығы болды, сонымен қатар шығармашылығы тұрғысынан елеулі ерекшелігі, атаулы айырмасы да жетерлік еді. Осы тұста халық əдебиеті үлгілері көп басылды, баспасөз дами бастады. Əдеби өмірде жазбаша əдеби сын да қалыптасты. Мұның бəрі əдеби-мəдени өмірдің оқиғалары болса, əдебиеттің ішкі мазмұнында, сыртқы пішінінде өзгеру, жаңару үрдістері де байқалды. Абай поэзиясындағы реалистік дəстүрдің ықпалы да аз болмады. Оған қоса діни-ағартушылық əдебиеттің сарындары да əсер етті. Нəзирашылдық да дамыды. Кейбір нұсқалардан зар заман əдебиетінің сілемдері айқын аңғарылды. Ескіше оқыған-тоқығаны мол, жаңаша сауатты əдеби орта қалыптасты. Мемлекетіміздегі тарихи-мəдени салада болып жатқан өзгерістердің де əсер-ықпалы зор болды.

Жалпы бір дəуірде өмір сүріп, белгілі бір қоғамдық-əлеуметтік жағдайды басынан өткерген ақындық ортада да ұқсастық, жалғастық басым болады. Ой-арман бірлігі, көзқарастарындағы ынтымақтастық, белгілі жанрлардағы қолдасу, тақырыптар арнасының бағыттастығы, күрескерлік рух, халықшылдық, қоғамға қарсы кекесін мен мысқылдың жауынгерлік сипатпен астасуы сияқты қадір-қасиеттер еліміздегі қазақ əдебиетінде де ерекше дамып, дəстүрлі орта мен ақындық үрдістің негізін қалады. Оның өкілдері өзіне дейінгі əдебиеттің асылын, үлгісін ала отырып, дəуірге сай жаңа көркемдік мүмкіндіктерін ашты. Өмірді суреттеу сан алуан болғанымен, бəрін біріктірген ортақ ұлы мақсат — өз халқының санасын ояту, еркіндік-теңдікке қол жеткізу еді. Бірақ болжалды идеяның бірыңғай күйде көрініс таппасы белгілі, өйткені əрбір ақынның көркемдік шеңбер шегі, ізденіс бағыты бар екенін есте ұстау қажет. Аталмыш ортада күні озған əдет-ғұрыптар мен қоғамдық өмір əкелген кесапаттарға қарсы күрес нақты көрініс тапты. Олар əлеуметтік теңсіздікті, адам өмірінің табанға тапталуын көзбен көріп, іштей сезініп өскендер болатын. Азатшылдық рух рухани жаңғыру мен түлеудің, ой-сана оянудың басты жаршысы болды.

Арғы тарихы қазақ халқының өнерімен өзектес, желілес XX ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытай қазақтарының жазба əдебиетінде поэзия жетекші жанр болып, бірімен-бірі ілесе, қатарласа шығып, бір бағытта, бір мақсатта қалам тартып, əдеби орта қалыптастырған Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Көдек Маралбайұлы, Асылхан Мыңжасарұлы, Шарғын Əлғазыұлы, Шылбы Көмекұлы, Досбер Сауырықұлы, тағы басқа ақындар белгілі бола бастады. Бұлар өз дəуіріндегі қоғамдық өмірді өздерінше шолып, өздерінше толғады. Өз заманының шындығын шығармаларына арқау етті. Қалың қауым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ұлт-халық тағдырын, заман-дəуір келбетін сөз етті.

Əдеби үрдіс өзгеру, түлеу, жаңғыру, жалғасу, жаңару, даму сияқты ұғымдармен байланысты, осыған орай жалпының жалқыға, жалқының жалпыға тигізер əсер-ықпалы болатыны анық. Осы тұрғыдан келгенде, жоғарыдағы ақындардың тағылым алар, тағылым берер ықпалдастық райдағы ақындық ортасын бірлікте, тұтастықта қарастыру XX ғасыр басындағы Қытайдағы қазақ поэзиясындағы əдеби үрдісті жəне ондағы жетекші əдеби күштерді айқын тануға мүмкіндік береді.

Осы ретте жоғарыда аттары аталған ақындар шығармашылығындағы ыңғайластық, үндестік негізінен ағартушылық идеяның дамуы мен əлеуметтік сарынның көріну бағыттарында тоғысады. Ағартушылық идея да, əлеуметтік сарынның көрінуі де барлық ақынның шығармашылығына тəн болғанымен, олардың бір тобы ағартушылық бағытта басымырақ қалам тербесе, екіншілері əлеуметтік мəселені көбірек қозғаған өлеңдер жазды. Бұл орайда Шылбы, Шарғын, Досбер сынды ақындар ағартушылық идеяның дамуына барынша үлес қосып, басымдылық танытса, Асылхан, Көдектердің шығармаларында əлеуметтік сарын молынан көрінеді. Ал Ақыт, Таңжарық шығармаларында бұл айтылған мəселелердің қай-қайсысы да толығымен көрініп, дамытыла, жетілдіріле түседі. Əрине, шығармалары талданып отырған ақындар тек осы шеңбер аясында ғана өлең тудырды деген түсінік болмау керек. Біздің бөліп қарап отырғанымыз — белгілі кезең əсерінде туған əдебиетті жүйелеп көрсету мақсатындағы айтылған ой. Əйтпесе бұл ақындар азды-көпті болса да алуан түрлі тақырыпта қалам тартқаны шындық.

Ағартушылық идеяның дамуын айқындайтын шығармалар беру тұрғысынан келгенде, көш басында Ақыт Үлімжіұлы (1868–1940) тұрары анық. Міне, осы бір кезеңде, бір өлкеде өмір кешкен ақындардың басқы буынында тұрған ағартушы ақын, халықшыл қайраткер Ақыт Үлімжіұлы өзінің түрлі əлеуметтік мəселелерді қозғайтын, алуан тақырыпқа жазған туындыларының ішінде ағартушылық, сонымен қатар діни-ағартушылық идеяларды сабақтастыра өрбіткен, оның дамуына бар қажыр-қайратын жұмсаған ақын болды.

Ақыт ақын болумен бірге Қытайдағы қазақтардан тұңғыш мектеп ашып, бала оқытқан ұлағатты ұстаз, ғұлама ағартушы. Ол 40 жылға жуық бала оқыту қызметімен шұғылданып, Ыбырай Алтынсарин секілді өлең мен ағартушылықты қатар алып жүрген. Осыған сəйкес ағарту идеясы көп өлеңдерінде басым орын алады.

Өз ұлты — қазақты қатты сынаған адамның бірі — Ақыт. Ұлы Абай да кезінде өз ұлтын көп сынап еді. «Ішім толған у мен өрт» деп қазақ үшін қапырық жұтып, өмірден күңіреніп өтіп еді. Ақыт та Абаймен үндес болды. Ол да өз ұлтын сынай отырып, халқын оятуды, тік тұрғызуды, серпілтуді, қараңғы түнектен шығарып, еңсе көтертуді, сөйтіп, озық елдер санатына қосуды мақсат етті. Осындай өскелең мақсатпен ақын қазақтың бойындағы мінін жасырмай айтып, оны ер-азамат намысына көтере сынай келе, осы індеттерден құтылудың жолын да қарастырады. Ақыт қазақты көктетпеген дерт ретінде: надандық, өнер-білімнен құр қалған көрсоқырлық, талапсыздық, ынтасыздық, тамағы тойғанына мəз болушылық, жалқаулық, тоғышарлық, бойкүйездік, керенау- кереғарлық, есерсоқ дарақылық, даурықпалық, шаруаға қырсыздық т.б. атап көрсетеді. Ақын қазақтың осы міндерін көзге шұқып, көкейге нұқып көрсетіп, сынмен жасқап алып, ақылмен жетелеуді нысана етеді. Сондықтан ақынның бұл топтағы өлеңдері көбінесе ақыл-кеңес, үгіт-насихат түрінде келеді.

Ақыт халықты жоғарыдағыдай дерттен арылту үшін өнер-білім үйренуге, оқу-ағартуға, мəдениетке, береке-бірлікке, бір ауыздылыққа, адамгершілікке, ізгілікке шақырады. Тер төгіп еңбектенуге, өте-мөте отырықтанып, егін салуға үндейді.

Ақыттың 30 жылдардан бұрынғы өлеңдерінде көбінесе діни-ағартушылық ағымның белгілері анық байқалса, кейінгі туындыларында ақынның азаматтық биікке көтерілгені айқын аңғарылады.

Қазақтың демократ ақын-жазушылары секілді Ақыт та, ғылым-өнер арқылы ұлтты құтқаруға болады деп ұғынды. Ұлттың еркіндікке, мəдени жəне саяси жақтан теңдікке жетуінің негізі — ғылым, өнер деп есептеді. Өркениетті, озық өредегі ұлттарға теңесудің кілті — оқу-ағартуды жаппай жалпыластыру деп ұққан ақын өлеңін де, өмірін де ағартуға арнап, озық елді үлгі ете отырып, халықты жаппай біліммен қарулану керектігін жатпай-тұрмай насихаттайды.

Тат бастырмай жүректі,

Өткір қылып қайраңдар.

Өнер-ғылым үйреніп,

Бұлбұл құстай сайраңдар.

Бала оқытып мектеп сап,

Ағартып елді жайнаңдар! — деген ізгі тілегін білдіреді.

Ғылым сəуле нұр жарық,

Оқымай болмас құр жарық.

Тырманып ғылым оқысаң,

Жүрегіңе тоқысаң,

Көресің сонда бір жарық.

Оқысаң, тоқысаң ғана — көзің ашылады десе, «байлық» деп тек мал жинаумен күн өткізіп, өзге елдің көшіне ілесе алмай, мəдениеттен кенже қалған елінің күйкі тірлігіне күйінеді.

Зауыт жоқ, қазына жоқ мал сақтаған,

Мал бағып бай дегені салпақтаған.

Аспан, су, жер астымен жүрді бəрі,

Жатырсың əлі ұйқыда жалпақ табан.

«Бытырап тау мен тасты көше бермей», заман талабына сай егін егіп, отырықтасуды ұсынады.

Ақынның елді мəдениетке, еңбекшілдікке, талаптылыққа, береке-бірлікке, адамгершілікке шақыруы да оның ағарту идеясымен астасып жатады.

Өнер-ғылым үйреніп,

Алыстан істі көзделік.

Қыдырып шай мен ет іздеп,

Ауылдан-ауыл кезбелік.

Баттасып бекер жатқанша,

Жұрт болайық өзгеріп.

Еңбексіз жұрт емініп,

Əркімге көз сүзбелік.

Бір қазақтан басқаның,

Бəрі жатыр өзгеріп.

Ақыт еңбексіз, «терін сатпай, телміріп көзін сатып», бекер күн өткізуге қарсы, ондайды санасыздық санатына жатқызады. Басқа халықтың тұрмыс-тіршілік, іс-əрекетіне қарап ойлануға шақырады. «Еңбек — бəрін де жеңбек» демекші, халық өнер-біліммен қаруланып, «іс іздеп, еңбек қылып, талап ойласа» бəріне де қол жеткізе алады деп есептейді.

Бұл орайда Таңжарық Жолдыұлы да (1903–1947) нақты ұсыныстар жасап, елді өркениетке жеткізетін жолды нұсқайды, халықты оятуға деген талпынысын күшейте түседі.

Өнерлі елден өнеге ап,

Олардан еш қалыспа.

Аспандата шарықта,

Балапан құстай қалықта, — деп ұлтының, халқының санасына жігер отын тамызуға тырысады.

Мектеп ашып, бала оқыт,

Үйренуден жалықпа.

Өсек айтып, өрт қойып,

Бір-біріңмен алыспа, —

деп, ел болашағын, ұрпақ қамын ойлауға, олардың өркениет дамуынан қалып қалмау үшін мектеп ашып, біліммен қаруландыруға, дүниеге көзін ашып, ой-санасын оятуға шақырады. Жаман əдеттен арылуға, бірін-бірі бағалап, ынтымақты болуға үндейді. Жаман əдет, надан түсініктің бір парасы «мансап десе шапқылап, пара беріп пұл шашу» екенін ашына айтып, оның орнына еңбек ет, мағыналы тірлік істеп, артыңа өнегелі іс қалдыр деп тілек білдіреді.

Қала салып, ағаш ек,

Қалсын атың тарихта.

Еңбек істеп, пұл жиып,

Ақ-қараны парақта.

Жаман істен аулақ бол,

Бетің салмай салыққа.

Астық айдат, мал өсір,

Көрінгенге көз сатпа.

Ал, қазағым, тез аттан,

Бойыңа сеніп тек жатпа, —

деп, Ақыт өлеңдеріндегі ағартушылық идеяны одан əрі дамыта түседі, жаңа мазмұнмен толықтырып, жетілдіреді.

Ал «Оқы, жастар, қалам ал!» деген өлеңінде Таңжарық жастарға тікелей бағыттап ой тастайды, оқуға, ғылым-білімге жаппай бет бұру керектігін, енді кешігуге болмайтынын бар ықыласымен ескертеді.

Оқы, жастар, қалам ал!

Талпынар күнің туылды.

Біліммен шыққан даналар,

Босатпай оқы буынды... —дей келіп,

 Көрсеткен дүние кеңдікті,

Əперетін теңдікті,

Нығайтатын елдікті,

Жасасын ғылым, жасасын! —

деп, шабыттана бар дауысымен ұрандайды. Ел болашағы, теңдікке жету жолы, дүние сырын білу негізі тек қана білім мен ғылымды игеруде жатқанын аңғартуды көздейді.

Сөйтіп, Ақыт ақыннан бастау алған діни-ағартушылық идея кейінгі Таңжарық жəне басқа ақындарда демократтық көзқараспен жалғасады.

Ағартушылық идеяны өзінше дамытқан, халықтың санасын оятуға белсенді де өшпес үлес қосқан өз дəуірінің озық ойлы, өрелі ақындарының бірі — Шылбы Көмекұлы да (1860–1936) өз тұсында оқу-ағарту арқылы халқының білімін көтеру керек болып отырғандығын сезініп, өзі қаладан ауылға барып өз қаражатымен медресе, мектеп салдырып, оқу-ағартумен айналысады. Сондай-ақ ол өзі ел аралап жүріп, халықты балаларын медресе, мешіттерге беріп оқытуды насихаттайды.

Шылбы өлеңдерінде де көбінесе ағартушылық идея, ақылиялық сарын басым болып, ақыл-кеңес, өмірдің қорытындысы арқау етіледі. Өмірдегі белең алып отырған келеңсіздіктерге күйінген ақын жан айқайын білдіріп мұңын шағады.

Ел үшін дүниеде тыным тұрмай,

Наданға əуре болдым ұқтыра алмай.

О, шіркін, жүрегіме бір дерт болды,

Болысқа кегім кетті күш қыла алмай.

Көкірегінде сəулесі жоқ жандарға сөзін ұқтыра алмаған, жоғары жікке күш қыла алмаған кейбір сəтіне ашынып, қабырғасы қайысқан, елі үшін еміренген ақынның бұл өлеңі «Мыңмен жалғыз алысқан» ұлы Абайдың «Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне» деген сөзін еске түсіреді.

Кемеңгер Абайша толғанған ақын халқының тамағы тойғанына мəз болып тырп етпей ұйқыда жатқанына жаны түршігеді.

Тамағың тойғанына масаттанып,

Өттің ғой сорлы қазақ ұйқы басып [1; 57].

Ақын мұнда: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» — деп, дана Абай айтқандай, харакет қылмай, ойсыз, күйсіз жата берсе, надандық жайлап, өзге елдің шаңына да ілесе алмай, бəрінен құралақан қалып, өмірі өксумен өте береді. Сондықтан өзге дүниеге көз тігіп, серпілу, еңбек ету, өнер-ғылым иелеу сонда ғана озық елдер санатына жете алады деп түйіндейді.

Талап қыл өнерсізде үйрен кəсіп,

Өнерлі халықтармен араласып.

…Жаратқан дүниені нағыз еңбек,

Ол өзі байланысты ғылымменен [2], —

дейді. Сонау меңіреу заманда тұрып, ақын бүгінгі дəуірдің өресімен тыныстас ой тастайды. Əлеуметтік, экономикалық жəне білім мен мəдениет жағынан артта қалған қараңғы халықтың көзін тек ғылым өнер арқылы ғана ашуға болады деп пайымдаған ақын өзінің үлгілі ісімен де, жырымен де халықты білім иелеуге, оянуға, бас көтеруге насихаттайды.

Қытайдағы қазақ поэзиясындағы ағартушылық идеяның дамуында, жүзеге асуында ірі тұлға, өзіндік ақындық болмыс-бітімі айқын, шығармашылықта өзіндік өрнек-бояуы, өзіндік үні бар талантты ақындардың бірі — Шарғын Əлғазыұлы 1903 жылы бүгінгі Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Тиірмен деген жерде туған. 30-жылдары асыра сілтеудің əпербақандары салған лаңның салдарынан босқын болған елмен бірге Шарғын ақын Қытай асып кетеді. Келген бойда Іленің Текес ауданына кеп тұрақтайды.

Бұл кездері Іле өңірін ежелден мекендеп келе жатқан тұрғылықты халықтар да қараңғылықтың, зорлық-зомбылықтың құрсауында сансырап жатқан-ды. Сол елдің қамын ойлап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген ағартушы Дəулеткелді мен ақын Таңжарық секілді ардақты азаматтармен ұшырасуы Шарғынның ойына өріс, жырына шабыт беріп, жігерін қайрайды. Солармен бірге оқу- ағарту ісін ұйымдастыруға құлшына кіріседі. Өзі мекен тұтып тұрған Үйсін тауының бөктеріндегі қазақ ауылдарында алғаш мектеп ашып, бала жинап оқыту шараларын жүзеге асырады. Біраз жылдан соң, Шарғын Текес ауданының оқу-ағарту ісін басқаруға жұмысқа тағайындалады. Бұл қызметті бірнеше жыл істеп, Тəңір тауының баурайындағы қазақтардың ұрпағын өнер-білімге баулиды. Игі тəрбие береді. Ағарту ісіне педагогтік-ұстаздық еңбегімен үлес қосумен бірге өзінің жыр жасампаздығымен де барынша атсалысады.

Тұратын бір қалыпта нəрсе бар ма,

Кейде ысып, кейде жүрек салқындарсың.

Ұмтылып мəдениетке қол созыңдар,

Бұрынғы ескіліктің салты қалсын…

Өткенде оқымаған адамдар көп,

Зорлаған көне қоғам қарғыс атсын.

Өнер-білім, оқусыз бекер қалсаң,

Ойланшы, қанша нəрсе жапырасың [3].

 Ғылымсыз жұрт қатарға қосылмайды,

Қол соз, ұрпақ, ғылымға тіл алғаның.

Исі қазақ ұлтына мың бір сəлем,

Жалғыз-ақ міндеті емес бір адамның, —

деген шумақтар ұлы мақсаттар жолындағы дауылпаз ақынның шынайы жүрек сөзі еді.

Шынжаңдағы қазақтар арасынан шыққан аса дарынды ақын Таңжарықпен қатарласа жүріп, қазақ əдебиетінің өрістеуіне, дамуына елеулі үлес қосады. Бұл тұстағы шығармаларында екі ақын да қазақ халқын оянып, өнер-білімге құлаш ұруға, береке-бірлігін нығайтуға үндейді. Намысын қоздырып, табанды əрекет жасауға жігерлендіреді.

 Таңжарық:

Тағысы болып алдың таудың, қазақ,

Жая мен дəмін татып жалдың, қазақ.

Құзғындай құзар шатқа ұялаған,

Əр сайға бірден қора салдың, қазақ.

Өстіп-ақ жабайы боп өтемісің,

Ішінде қарағай мен талдың, қазақ?

Көзіңді айналаңа бір салсаңшы,

Табасы бола бермей жанның, қазақ.

Жатырсың надандықтан өрт ішінде,

Басыңды көтермесең жандың, қазақ, — десе, осы мұратты Шарғын да ту қып көтереді:

Білімге өнерменен серме құлаш,

«Алма піс, аузыма түс» деме, қазақ.

«Ынтымақ — ырыс алды» деген сөз шын,

Бірін жау, бірін жат көрме, қазақ.

Ел болып есеюдің қамын ойла,

Жат жауға намысыңды берме, қазақ!

Шарғын ақынның көзін көріп, сөзін естіген, өлең-жырларынан сусындап, тағылым алып өскен інісі, белгілі жазушы Құрманбай Толыбаевтың қос дарын туралы: «Бұл екі ақынның бала кездерінен өнеге алған, ұстаз тұтқан Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ ойшылдары салған ақ жолдың, ізгі тілектің үзілмей жалғасқан сарыны еді. Жас ақындар қазақ халқының болашағы үшін толғана ой кешіп, өз түйсіктерін ортаға ашық жаяды. Сөйтіп, Шыңжан қазақтары тарихында ағартушылық бағыттағы əдеби ойдың өрістеуіне ақыл- парасаттарын жұмсайды. Сонысы үшін де ел Таңжарық пен Шарғынды егіз қозыдай көріп қошаметтейді, өлеңдерін оқып, ойларынан нəр алады. Ойлы өлеңдері мен аңғарлы толғаныстары туған халқының жүрегінен жол табады» [4] — деп жазғанындай Шарғын ақын өзінің бар ғұмырын ағартушылық жолға арнаса, шығармашылық бағытын да сол ағартушылық идеяға жұмсады.

Əдеби үрдіске өзіндік үлес қосқан, азат ойдың жаршысы, ақындық ортаның тағы бір көрнекті өкілі — Досбер Сауырықұлы (1894–1971) да соңғы ұрпаққа үлгі боларлық көптеген ақыл-кеңестер айтады. «Қалам мен балаға» атты толғауында ақын жастарға өнер-білімге ұмтылу, талапкер, үміткер болу, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену, ойламды-толғамды, шыншыл да адал, кішіпейіл, еңбекқор болу сынды толып жатқан жақсы қасиеттерді дəріптейді.

Қазына таусылмайтын — ғылым-білім,

Сенім жоқ мал байлығы — баққа, балам.

Білімсіз билік айтып тұра алмайсың,

Мінсең де патша болып таққа, балам.

Адамның бағының жануы мал мен байлыққа емес, қайта ғылымға байланысты деп, ғылым- білімнің рөлін аса жоғары бағалайды.

Ақын еңбек, еңбеккерлік, талаптылықты да айрықша ауызға алады. Барлық байлық пен бақытқа жетудің кілті осы еңбекте деп түйеді.

Талапты нұр жауады ерге, балам,

Еңбектенсең шығасың белге, балам.

Қолыңды еш нəрсеге жеткізбейтін

Соңынан еріншектің ерме, балам...

Бір парыз еңбек ету ер жігітке,

Сүйрейді еңбек ерді өрге, балам...

Ер жігіттің дəулетті талабы еңбек,

Еңбекке бақыт пен дос келмек, балам.

Талаптанып, ерінбей еңбектенсең, алға қойған мақсатыңа, мұратыңа қол жеткізе аласың, еріншек ез болсаң, өмірден құр алақан қаласың, яғни, «жатқанға жан жуымайды» деген пікірін ортаға салады.

Əдебиет тарихын қоғам дамуының жанды көрінісін елестетер жəдігер деуге болады. Тарих тарихи оқиғаларға, кезеңдерге, дəуірлерге хронологиялық тəртіппен сипаттама беретін болса, əдебиет сол құбылыстарға замана биігінен баға береді, жалпылық сипат, оның ішкі өмірін бейнелеу, даралау мен жалпылау арқылы белгілі кезеңнің көркем образын қалыптастырады.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қытай елінің ескі басқару жүйесіне сəйкес əділетсіз өкімет пен олардың итаршылары жергілікті əкім қаролар тарапынан болған екі жақты езгінің қыспағында қалған ел əбден күйзелді. Ел басқару ісінде əділетсіздік көбейді, ұлықтардың, олардың ел ішіндегі өкілдерінің пиғылдары бұзылды, жемқорлық, парақорлық өршіді. Ежелден келе жатқан ел бірлігі ыдырауға, халық имандылықтан ажырауға айнала бастады. Бұл құбылыстың бəрі де сол кездегі көзі ашық, көңілі ояу, зерделі азаматтардың жанын толқытып, жүрегін сыздатты. Əсіресе бұрыннан да елдің күйкі тірлігіне күйзеліп, мешеу тұрмысына қамығып, туған халқын өркениет аясына кіргізудің қамын ойлаған, ол үшін ғылым, білімнің мəнін түсіндіріп, ағартушылық бағытты ұстанған ақындар тағы да алғашқы болып заман күйін жырлай бастады. Бірде бір кездегі Дулат, Шортанбайлар тəрізді бүлінген елдің болмысын, ел сенген «жақсылардың» қорқау кейпін толғаса, бірде Ыбырайша мектеп ашып ұрпақтарды сауаттандырып, санасын оятуға ұмтылды. Абайша толғап арлы іс қылуға, ғылым,білімді меңгеруге шақырды, енді бірде Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш ұранды əдебиет ықпалында үн көтеру үрдісін жүзеге асырды.

Бұл орайда да, жоғарыда айтқанымыздай тағы да Ақыт, Шылбы, Асылхан, Көдек, Шарғын, Досбер болып, орталық тұлға ретіндегі Таңжарық қатарлы ақындар халық сөзін айтып, ел өмірінің жанды суретін өз өлеңдерінде бейнелеп берді. Бұлар қоғамның, əлемнің даму бағыттарын бағамдап қана қалмай, қоғамдық ой-санаға əсер етті. Өздерінің ұстанған бағыттарын адамдардың рухани жаңаруына пайдалануды, заманның қатқан қатігез заңдарына əсер етуді, іргелі елдердің қатарына қосылу үшін надандықтан арылып, білімге, ғылымға ұмтылуды насихаттайды. Өз замандарының қалыптасқан ортасынан оза туып, ұлттық элитаға айналды, қоғамның қозғаушы күші болды. Отарлық саясатты жақсы түсінді, елдің дінін, тілін жою мақсаттар қойылғанын білді. Олардың өлеңдерінде əлеуметтік сарын бұрынғыға қарағанда молая түсіп, жан-жақты көрініс тапты. Көдек Маралбайұлы, Асылхан Мыңжасарұлы, Досбер Сауырықұлы қатарлы ақындардың өлеңдерінде Таңжарықтың мол əдеби мұрасындай болмаса да көркемдік, заманауилық тұрғыдан бірде-бір кем түспейтіндей деңгейде əлеуметтік сарын барынша көрінді.

Əлеуметтік сарынды айқындайтын шығармалар беру тұрғысынан келгенде, көш басында тағы да Ақыт Үлімжіұлы тұрары анық.

Жалпы Ақыт ақын өмірі елім деп «өксіп жылап», «қара қазақтың қамын жеп» өткен өмір болды. Сондықтан ақын мұраларын жинауда, зерттеуде бірталай жылдан бері белсенді жұмыс істеп жүрген баспагер Қалиолла Нұртазаұлы: «Оның балалық дəуірін айтпағанда, бүкіл өмірі ақтық деміне дейін халық ісі, халық мұраты жолында еңбектенген өмір болды» [5], — деп жазады.

Бисмилладан бастайын,

Азғана кеңес сөз басын.

Ой түбіне көз салсам,

Қағазға тамар көз жасым

Сыртым сау, ішім өліктей,

Мүшем шықты беріктей

Өксіп жылап өттім ғой,

Қара қазақ қамын жеп.

Мен де алыстым сенімен,

Санаңа сарық еліңмен, —

деген өлең жолдарынан жанын туған халқы үшін ту етіп көтерген азамат ақынның азалы үні естіліп тұрса, енді, бір жағынан, Ыбырай мен Абай поэзиясының сарыны да байқалады.

Еркіндігінен айырылған елдің бұрыннан келе жатқан моральдік-этикалық нормалары мен əдет- салттарының өзгеріске ұшырап тозғындағаны ақын жанын жегідей жейді. Бұның бəрі кертартпа билік үстемдік еткен кер заманның кереғарлығы мен қайшылығынан деп таниды.

Зар заманның тұсында,

Бай кедейді көрмейді.

Ағайыны пақырға

Пайдасыз сауын бермейді.

Иманды көбі білмейді,

Түзу жолмен жүрмейді.

Не десек де, жарандар,

Халық бұлай тозғанда

Тура дінге кірмейді.

Берекені білмейді,

Сенімі, ары кірлейді...

Заманның жайын мен айтсам

Патшаның кетті қуаты,

Бидің ылай суаты,

Жақсының тозды мұраты,

Пенденің кетті ұяты,

Байдан қайыр жоғалып,

Жат болып кетті жұраты.

Байдың көңілі өр болды,

Кедей біткен кер болды,

Санасы бар жақсының

Жүрегі толған шер болды.

Ақыт сүреңсіз заманға кектеніп, халықтың болашағынан түңіледі. Өйткені адамдардың нысабы азайып, пиғылы бұзылған. Жақсының мұраты тозып, пенденің ұяты кеткен. Көбінің иманы жоғалып, қисық жолға беттеген. Берекені ұмытқан. Сенімін, арын жоғалтқан. Байда қайыр, биде тура билік жоқ. «Санасы бар жақсының жүрегі толған шер болған». Кертартпалық, əділетсіздік, заңсыздық күшейген. Сондықтан ақын:

Сөз жазамын аңырап,

Күле алмаймын жадырап.

Қайран елім — қазағым,

Сорың сенің қалың-ақ, —

деп соры қалың қазақтың қамын ойлап, жол таба алмай ширығып, қапырық жұтады. Алайда саналы да сауатты ақын үмітсіздікке, сарыуайымға салынбайды. Кейде сол азып-тозған тар заманға кектене қарап, өшіге шабуыл жасайды. Көпшілікке қоғамдық дерттің себебін ұғындыруға қарманып, одан арылтудың жолын қарастырады. Халықтың санасына сілкініс жасауға ұмтылады. Ол өлең- толғауларында əлеуметтік мəселе көтерсін, мейлі басқа тақырыпта жазсын өзінің ағартушылық идеясымен сабақтастырып отырады.

Ақын Шылбы Көмекұлы жасаған ортада да парақорлық, жемқорлық, ауыр алман-салық салдарынан жоғары үкіметке арқа сүйеген жергілікті парақор мансаптылар мен күн қақты қарашалар ортасында үнемі қайшылық-қақтығыстар туылып тұратын. Мұндайда ақын халық жағында болып, олардың мұңын мұңдап, сөзін сөйлейтін, туын көтеретін. Жергілікті əкімдердің əділетсіздігін, сұрқиялығын, ашкөздігін айыптап, поэзиялық уытты тілімен түйрейтін.

Орталықтағы шенділер мен жергілікті болыстарды қойға шапқан, жылмаңдап жемтік іздеген қорқау қасқыр мен итке теңейді.

Қасқыр келіп жемекке қойға шабар,

Қотан ит те қасқырмен бірге талар.

Қасқырменен бірлесіп қойды жесіп,

Ертең бірдей сақ ит боп қала берер.

…Мұртын майлап, жылмаңдап, жемтік іздеп,

Қорқау қасқыр, қотан ит, əне, солар [6].

Əлеуметтік кекесін, мысқыл басым осы жолдарда момын шаруаны тонаған озбырлардың сиқын ащы, уытты тілмен əжуалайды.

Ауылдағы атқа мінерлер мəнсап алар шағында Күре ұлығына қолда барын аямай пара беріп жағынатын. Жоғары өкімет те оларды бір-бірімен бəсекелестіру, қырқыстыру арқылы өз мақсаттарына жетіп отыратын.

Əр руға бір-бір болыс сайлап алды,

Гоминдаңға көп пұлымен пайда қалды.

…Мансап талас, жер талас анық кірді,

Өтірікке шындай болып нанып кірді.

Бір пайда бір жағынан шыға ма деп,

Араға шын бүлікті салып кірді [7], —

деп, ащы шындықты ақын жасырмай айтады.

Өзінің қоғамдық қимылымен де, жалынды жырымен де қараңғы халқының көкірегіне нұр құйған, екі дүниенің сипатын қатар танып өскен ақын Шарғын Əлғазыұлы да жиын-топтарда, дабыралы бас қосуларда айтысқа түсіп, халықтың мұңын шағып, олардың сүреңсіз ауыр халын, жəне зұлымдық пен жауыздыққа қарсы ашу-ызасын ашық айта бастайды. Бұл тұстарда, яғни 1939–1940 жылдары, Гоминдаңның Шыңжандағы қанішер билеушісі Шың Шысай еркін ой мен еркін өрісті əрекетке тосқауыл қойып, халықтың ішінен шыққан көзі ашық, көкірегі ояу, халықшыл зиялы қауым өкілдерін жалған жаламен тұтқындап, басына қатер төндіреді. Бұл алапат зұлымдық Шарғын, Таңжарық секілді халық қамқорларын алдымен іліп əкетері екі бастан белгілі жағдай болатын. Сонымен, Құлжада газет шығарып жүрген Таңжарық Үрімжі түрмесіне айдалса, Шарғын да талай қысымшылыққа ұшырайды. Алайда олар тар қапаста отырып та, ел басына төнген қасіреттің қара тұманын, «Түрмедегі халді» жыр арқауы етті. Таңжарық «Түрме халы» атты толғауында:

…Шəуешектен Қанағат, Əлімғазы,

Нұртаза, Қазез кетті келер жазы.

Алтайдан Шақаң, Мəңкей,

Ақыт қажы, Бұқатбейсі,

Зия мен Халелтайжы....

Үрімжіден кетті Əбеу Тиңжаң,

Жүніс, Қожанияз, Баймолла бəрі бір іс.

Жүніс қажы, Сатарқан,Мұқаш пенен

Қош айтысып дүниеге — бітті жұмыс,—

деп зұлмат заманның мезгілсіз құрбаны болған, қинауда өлген, із-тозсыз дүниемен қоштасқан, халқының еркіндік теңдігін аңсаған есіл ерлерді елжірей еске алса, осыған сəйкес Шарғын да:

Текестен Əжі менен Халық кетті,

Қосақтап екі арысты алып кетті.

Жалынды Ахметжандай қайран жастың,

Бір түнде ішек-қарнын жарып кетті.

Бермесе, құдай түбін кім біледі,

Балаға ата-ананы зар ғып кетті.

Үйінде азаматтар жүре алмастан,

Əр жерге жан сауғалап қаңғып кетті.

Түріне бұл жалғанның қара жұртым,

Ессіз ғып, елдің көңілін дал ғып кетті.

Ағартып бір-ақ жылда сақал-шашын,

Жігітті отызында шал ғып кетті.

Күйікпен ата-анасын тұралатып,

Тұра алмас төсегінен сал ғып кетті [8],—

деп сол тұстағы Шың Шысай диктатурасының қанды қырғынын айқын бейнелейді.

Əлеуметтік мəселені көбірек қозғаған өлеңдер жазған ақынның бірі — Көдек Маралбайұлы қандай тақырыпқа келсе де баяғы өзінің шыншылдығынан таймаған. Өктемдік пен келеңсіздікке кектеніп, оны сынаған, елім деп еңіреген тұстары көп. «Көзден жас, көңілден шер кетпеген» елдің күйі мен жан азабын жете түсініп, заман мінезін айыптауды басты нысанаға айналдырған. «Албан тарихы» деген толғауда:

Қазіргі патшаның заманының,

Тоғайдай өртең шалған əрі кеткен.

Ордалы жыландай боп шағып отыр,

Халыққа қысымы мен зəбірі өткен…

Қараған патшаға елді көрсең,

Тоғайдай өртең шалған əрі кеткен.

Қыршаңқы қызыл шұнақ ат сияқты,

Сымпиып құйрығы мен жалы кеткен,—

деп «халыққа қысымы мен зəбірі өткен» патшалық Ресейдің отарлау саясатының қиянатын танып, еңсесі түскен қалың қауымның ауыр халін дəл бейнелесе, ақындық биігі мен азаматтық болмысын танытар ұлағатты туындысы «16 жыл туралы» дастанында:

Ақ патша əділеттен тайғаннан соң,

Соғысқа бала бер деп қылды пəрман.

Өлсек те бұған бала бермелі деп,

Қырылды Қарақолда өңшең бағлан.

Басшыдан ақыл табар айырылған соң,

Сандалып, Бұқарадан кетті дəрман…,— деп əділетсіз өкіметтің қысымынан босқын болып ауа көшкен елдің тартқан тауқыметі мен шеккен азабын етжүрегі езіле отырып толғайды.

Бұл кез зерттеуші Д.Мəсімханұлының сөзімен айтсақ: «Қытайға барған «қашқын-босқынды» былай қойып, ондағы жергілікті ағайындардың да жетісіп отырмағаны белгілі болатын. Яғни, ол кез Қытайдың жергілікті шенеуніктері мен олардың қазақ қолшоқпарлары халықты қанау мен отаршылдық езгіні ең бір асқындырып тұрған кезі еді» [9]. Сол бір нəубет жылдардағы халықтың басына қара бұлт үйіріліп, күйзелісті күй кешіп отырған жадағай тұрмысын ақын «Кең Текес» атты толғауында:

Меншікті жер мен судың иесі бар,

Кедей мен кембағалға жер жетпеген.

Қысы-жаз, күндіз-түні тыным алмай,

Өмірі барады өтіп бейнетпенен...

Күйі ауған нашар байғұс толып жатыр,

Кетіпті есеңгіреп шығынменен.

Күн қақты қарашалар көп-ақ екен,

Жылқының жауырындай шыбын жеген,—

деп мейлінше шынайы суреттейді.

Ауған елдің ауыр тұрмысын көзімен көріп, өзі де басынан кешірген ақынның жаны жай таппай күйзеледі. Алайда, талай құқайды басынан өткерген аңғарлы ақынның пайымдауынша, кер заманның кереғарлығы мен зұлымдығына илігіп, «шықпа, жаным, шықпамен» тіршілік етіп жата берсе, бодандықтың мəңгілік құлы болып, өмірі өксумен өте береді. Сондықтан:

Оңайлықша бұл азап арылмайды,

Нөсер бұршақ алмаса сел бол келген,—дейді. Тек етек-жеңін жинап серпілгенде, бел шешіп, білек сыбанып бас көтергенде ғана азапты өмірден арылып, еркіндік, теңдікке қолы жететіндігін айтып, жатпай-тұрмай насихаттайды.

Өзінің қысқа ғана ғұмырында отты жырлармен артына өшпес мұра қалдырған, жас талант, арынды ақын — Асылқан Мыңжасарұлы да (1893–1918) өз дəуірінің шындығын бейнелеуде, əлеуметтік мəселелерді көтеруде белсенділік танытты. Ақын жасаған дəуірде қазақ шонжарлары мансап алар шағында сол тұстағы Іленің билік органы тұрған Күреге (қазіргі Қорғас ауданында) барып, ондағы ұлықтарға пара беріп жағынатын. Күредегі ұлықтар да кім құлқынына көбірек құйса, алтын, күміс, жамбыны кім көп берсе, соған мансап беретін. Асылқан Əділқайыр болысқа ілесіп Күреге барғанда, Күре ұлығының осы əділетсіздігін көріп:

Күреде съезд ашып кеңес құрдың,

Жиып ап би-болысты егестірдің.

Жамбыны көп бергенге мансап бердің,

Ұлық-ау, тура билік емес мұның! —

деп айыбын бетіне басып, өлең шығарады. Бұл өлең құлағына жеткен ұлық барынша уыттанып айтыста жеңіп, болыстық алған Əділқайырды да, Асылқанды да қастандықпен мезгілсіз мерт қылады. Ақынның «Нұрипамен айтысында» бір дəуірдің өмір шындығын дəлме-дəл етіп көркем тілмен бейнелейді. Айтысқа түскен əріптестер көріністе бірін-бірі мінеп, кемсітіп отырғандай, мұның өзі рулар арасындағы қақтығыстай болып көрінгенімен, айтыстың астары ел ішіндегі ақалақшы, мампаң, би-болыстардың,   зəңгі-төрелердің кемістігін  бетіне басып,  олардың  жексұрын,   жиренішті қылықтарын шенеп, əшкерлеп отырады. Мысалы, 

Баласы Сыламжанның мампаң шандыр,

Ұйқыдан көзін ашса, елін аңдыр.

Атаның аруағымен ол да кісі,

Туар ма мұндай жаман тəңір алғыр.

…Кенедей қанға тойған Дəуіт залым,

Құртты ғой Тілеукенің тегіс бəрін.

Шығыны осы күнде шашынан көп,

Құтылмас қыз бермесе бірер жарым…

Осы айтыста сол кездегі ру басыларының отыз шақтысының аты аталып, олардың түрліше жағымсыз қылықтары, озбырлықтары қатаң сыналады.

Қорытып айтқанда, жоғарыдағы ақындар шоғыры əлеуметтік құрылымға орнықты бағытпен араласып, ағартушылық идеяны, азаматтық əуенді сан-салалы сипатта өрістетті. Олардың өмірі қайшылыққа толы қақтығысты ортада өтсе де, ақындық өнерімен де, қоғамдық қимылдарымен де өмірге терең араласып, сол тұстағы қоғамдық құбылыстардың қыры мен сырын, сипатын, терең, жете аңғара білді. Əрі оны өздерінің шоқтай жайнаған жырларында айна-қатесіз бейнеледі. Əділетсіздік, жемқорлық, парақорлық, мансапқұмарлық, көрсоқырлық, надандықты, өнер-білімнен құр алақан қалушылықты, тоғышарлықты аяусыз əшкереледі. Өз халқының қамын жырлап, қасірет-қайғысына ортақтасты. Əділдікті жақтады, аңсады. Іргелі елдердің қатарына қосылу үшін надандықтан арылып, білімге, ғылымға ұмтылуды насихаттады. Мектеп ашып ұрпақтарды сауаттандырып, санасын оятуға ұмтылды. Ғылым, білімнің мəнін түсіндіріп, арлы іс қылуға, замана ағымына үйлесуге шақырды. Қоғамның тарихи астарын, халықтың əлеуметтік, саяси-шаруашылық күйі мен салт-санасын, сахара табиғатын айқын суреттеді. Сөйтіп, олар азаматтық поэзиясымен, күрескерлік рухымен Қытайдағы қазақ əдебиетінің қалыптасып, дамуына жəне ондағы халықтың ой-санасын оятуға, өсіруге, əдеби үрдістің ілгерілеуіне елеулі үлес қосты.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Ырыскелдиев Т. Шылбы Көмекұлы жəне оның шығармалары жөнінде // Шалғын. — 1983. — № 1. — 57-б.
  2. Əдебиет оқулығы (10-класс). — Үрімжі: Шынжаң оқу-ағарту баспасы, 1983. — 236-б.
  3. Шарғын өлеңдерінен // Мұра. — 2000. — № 4. — 58 б.
  4. Толыбаев Қ. Шарғын ақын // Егемен Қазақстан. — 1994. — 23 желт. — 15-б.
  5. Нұртазаұлы Қ. Ақыт жайлы алғашқы ізденістер // Шынжаң қоғамдық ғылымы. — 1993. — № 2. — 57-б.
  6. Шылбыұлы Д. Əкем Шылбы жөнінде // Іле тарихи материалдары. — 1988. — 4-кіт. — 110-б.
  7. Өлең-жырлар. — Құлжа: Іле газеті баспа заводы, 1990. — 13-б.
  8. Шарғын өлеңдері // Егемен Қазақстан. — 1994. — 23 желт. — 18-б.
  9. Мəсімқан Д. Əсет өлді, ал Көдек неден өлді? // Қазақ əдебиеті. — 2000. — 21 қаңт. — 28–30-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.