Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тамаша мамандар даярлап, түлектер ұшырғанына да қырық жыл уақыт болыпты. Бұл аз мерзім емес. Осы көрсетілген уақыттың аясында ҚарМУ хабаршысы да ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосып, талай тамаша мақалаларды жариялады. Филология саласы бойынша да көптеген маңызды əрі мəнді дүниелер жарыққа шықты. Солардың арасында халықтың рухани мұрасы болып табылатын фольклорлық материалдар да көптеп саналады. Əрине, заман талабына орай «ҚарМУ хабаршысының» талай тамаша əрі құнды мақалаларды жариялайтындығына біз кəміл сенеміз.
Халық мұрасы туралы сөз еткенде бел ортасында шешендік сөздердің болатындығы айдан анық. Сондықтан, шешендік сөздердің табиғатына тереңдей үңіліп, оның қыры мен сырын ажырату фольклортанушы-ғалымдардың басты міндеттерінің бірі екендігі ақиқат. Десек те, шешендік сөздердің сыртқы өрнегі мен ішкі сұлулығын көпшілігінде ділмарлық пен тапқырлықтың аясынан көбірек іздейтіндігіміз де рас. Бірақ халық ақындарының шығармашылығының тартымды болуына айрықша əсер ететін осы шешендік екендігі мəлім. Əсіресе айтыс саласында бұл сипат айқын аңғарылады. Сөзіміз дəлелді болуы үшін айтыстағы шешендіктің қызметіне шама-шарқымыз жеткенше тоқталып көрелік.
Ауыз əдебиетінің дəстүрін сақтай отырып, бүгінгі күнге жеткізуші жəне əрі қарай жалғастырушы, өркендетуші ақындар, сан ғасырлар бойына өсіп, жетіліп қалыптасқан өнерді дамытып келеді. Сондай дəстүрлі жалғастығын тапқан саланың бірі — айтыс. Х.Сүйіншəлиев өз еңбегінде: «Ақындықты ең қажет өнер деп тану, сол өнердің асқан шеберлігін тəрбиелеу, өсіру, жетілдіру мақсаттарын сезіну əдебиетте айтыс жанрын туғызды. Сол айтыс жанрын негіздеуші, дамытушылар кім десек, олар да төкпе ақындар еді» [1]. Сондай-ақ айтыстың шығу тегі, дамуы жайында ғалым М.Жармұхамедов те жан-жақты зерттеп жазған болатын.
Белгілі ғалым Қ.Жұмалиев айтысты төмендегідей салаларға жіктейді: а) «Жар-жар» айтысы; б) мал мен адамның айтысы; в) өлі мен тірінің айтысы; г) жұмбақ айтысы; д) салт айтысы; з) ру айтысы; и) осы күнгі айтыс [2]. Ғалым-зерттеуші М.Əуезов айтысты екі үлкен салаға бөліп қарастырған. Алғашқы саласын əдет-ғұрып айтысы деп алып, тұрмыс-салтқа орай туындаған «жар-жар» мен «бəдік» сияқты айтыстарды жатқызады, соңғы саласын ақындар айтысы деп жіктесе, күрделі, төкпе түрін сүре айтысқа жатқызған [3].
Қалай десек те, айтыстың өзіндік тарихы мен даму жолы бар. Халықтың өткендегі тыныс- тіршілігінен мол хабар беретін суырып салмалық дəстүрдің өсіп-жетілуіне, дамуына, бүгінгі таңға жетуіне айрықша арқау болған, кемелденіп қалыптасқан сала екендігі күмəнсіз. Белгілі ғалым, зерттеуші Х.Досмұхамедұлы осы тұрғыда айтыс жайында үлкен ғылыми тұжырым жасаған [4].
Біріншіден, айтыс — фольклордың көлемі де қомақты басты саласы. Ол ауызша туындап, ауызша дамыған. Оны шығарушылар — ауыз əдебиетінің жалғастырушы өкілдері. Оның бастауы сонау көне дəуір əдебиетінде жатыр.
Екіншіден, айтыс — өнердің бір түрі. Өйткені өнер талантқа бітеді. Екінің бірі өнерші бола алмайды. Ал айтысты тудырушылар — талант иелері. Айтыстың асыл қазынасы халық мұрасын байытып, көркейтіп отырады. Бұл жағдай айтыстың өзі үшін де, жалпы өнер үшін де, халық мұрасы үшін де бағалы болғандықтан, қадірлеп-қастерлей білуіміз абзал.
Үшіншіден, айтыс — шежіре, тарих. Мағынасы жағынан терең, үлкен халықтық мəні бар, мемлекеттік дəрежедегі айтыстар ауқымды-ауқымды тарихи оқиғалардан хабар береді. Елі үшін еңіреген тұлғалы азаматтардың есімі мен еңбегінен жан-жақты мағлұмат аламыз. Ру аттары мен олардың туыстық жақындығын да аңғартып отырады.
Төртіншіден, айтыс — насихатшы. Ағайын арасы мен ел ішінің бірлігін сақтауға атсалысқан. Сыйластықты, достықты дəріптеген. Байбалам сала бермей, сөзден тосылған ақынның жеңілгендігін мойындауы — өте жоғары əділеттіктің белгісі. Ендеше, айтыс — əділеттіктің жаршысы. Сыйластық пен əділет мəдениеттің бастауы. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Айтыста сын мəселесі де кең орын алған.
Міне, айтыс саласының күні бүгінгі дейін өзінің үнін үдетіп, дамыта отыра жалғастығын тауып келе жатқан себебі жоғарыда айтылған ерекшеліктерге байланысты.
Айтыстың өз ішіндегі көлемді саласы — ақындар айтысы. Ғалым Б.Адамбаев: «Ақындық айтыс— қазақ əдебиетінің арнаулы бір саласы. Ертеректе бəрі ел өмірінде болған той-думан, ас-жиындар ақындар айтысынсыз өтпеген. Ежелден келе жатқан ақындар айтысының дəстүрі бойынша қарт пен жас, еркек пен əйел тартынбай айтыса берген. Оған қарт ақын Жанаққа жас талап Сабырбайдың, атасындай Сүйінбайға қарсы Күнбала қыздың айтыстары дəлел бола алады» [5; 187], — деп жазған болған. Тапқырлықты, алғырлықты, төзімділікті, білгірлікті қажет ететін ақындар айтысы көптеген ақындардың басты творчествосына айналды. Айтыскерлігімен елге танылған айтыс ақыны аталады. Көнеден қалыптасқан айтыс дəстүрінде ақындар бірін-бірі арнайы іздеп барып сөз айтысына түсетін болған. Сөйтіп, топтың алдында өз өнерлерін ортаға сап, қашан бірі жеңіліп, екіншісі жеңіске жеткенше айтыс тоқтаусыз жалғасады. Ал бүгінгі таңдағы айтыста осы аталған екі мəселе олқыланып қалған. Қазіргі кезде ақындар бірін-бірі іздемейді, белгілі бір мерекелік тойға орай айтыс ұйымдастырылады. Екіншіден, уақыт шектеулі. Яғни, ақындарымыз еркін көсіліп шабуға мүмкіндік ала алмайды. Міне, осы екі жағдай айтысқа біршама əсерін тигізгені сөзсіз. Айтыс жайын айтқанда алдымен ауызға оралатын дəстүр — суырып салмалық. Неге? Өйткені бұл екеуі бірімен-бірі біте қайнасып келе жатыр. Ауыз əдебиеті жанрларының ішінде айтыстың орыны ерекше. Басқа сөзбен айтқанда, ауыз əдебиетінің өзге жанрлары бір төбе болса, айтыс — бір төбе. Бұл жайында атақты ғалым Р.Бердібаев айтқан болатын.
Міне, ғасырдан ғасырға сабақтастығын тауып келе жатқан айтысты жандандырушы Жамбыл бастаған топтың жуан ортасында Маясар, Қайып, Шашубай, Жəкен, Доскейлер бар еді. Осылардың ішінде айтыскерлігімен бала жасында көзге түскен Шашубай Қошқарбайұлы. Оның өнердегі өрісі, биік тұғыры — айтыскерлігі. Сөз сайысын ертеден қатты құрметтей білген қазақ айтыс ақындарын өте жоғары бағалай білген. Міне, осындай өнерге бойлағыш, өнерді қадірлегіш ортада, Шашубай да жастайынан сөз қақтығысына түсіп, сыналып, шыңдалып өскен, Жетісудағы Балжан деген əпкесінің қолында жүргенде, он үш жасар Шашубайдың қыздармен сөз сынасуы біздің пікірімізді айқындай түседі. Қыздар:
Сен жігіт, сеңсең жігіт, сеңсең жігіт,
Сонда жігіт боларсың, сенсең жігіт.
Қаңғып келдің еліме, қайыр тілеп,
Құныңды кім береді өлсең жігіт, —
дегенде, Шашубай бірден:
Сен қыздар, сеңсең қыздар, сеңсең қыздар,
Сеңсеңімді беремін жеңсең қыздар.
Қараңғыда найзаға қарсы шауып,
Құныңды кім береді өлсең қыздар [6; 148], —
деп шалып түсіреді. Осылай он үшінде көпке танылған Шашубай, жыр дүлдүлі атанған Жамбылмен де айтысқа түскен. Шашубайдың шешендігін, айтыскерлігін Жамбыл жоғары бағалаған. Доскей, Болман, Көшен ақындармен сөз сайысына түсіп, талай рет жүлдеге ие болған.
Ақын Жолдыкей Нұрмағанбетовтың жыр жорғасы атануы айтыскерлігімен тығыз байланысты.
«Айтыс» кітабында: «Ажарлы, мəнерлі, нақышты тіл Жолдыкей мен Көшен айтысында бой керсетеді» [7; 206], — деп жазылған болатын. Бұл айтыста сөз сырына зерек Жолдыкей қапияда жол тауып, шар болаттай шарықтаған еңбек ерлерін құлшына жырлайды.
Алыптың ардақтыларын
Көмірді қардай күреп сырқыратқан,
Атылып арыстандай сом қайратпен.
Алмастай ақ қайласы құз құлатқан [7; 222], —
деп бояу нақышын келістіре, өрнек-оюын жарастыра айтады. Əдемі де əсерлі сөздермен əдіптеп, əшкейлеп сипаттай отырып, Көшенге: «Сендер де сеңнен қайтпас қаһарлы айбат», «Майданның оң қабаты сендерсіңдер, бірің — дəм, бірің — қару, бірің — қанат», — дейді. Сол кездің «Бəрі де майдан үшін» деген метафоралық, перефразиялық тіркестерді пайдаланып, көркемсөз үлгісін тудырады. Бұл айтыстан үздік теңеу, эпитет, троп пен фигураның небір шұрайлыларын табуға болады.
Халық ақындарының айтысында əлеуметтік мəселелер сөз болған. Солардың ең бастыларының бірі — шаруашылықтың жай-күйі. Мұнда екі шаруашылықтың ақындары қарсыласы жағының кемшіліктерін бетіне басып, ашып айтқан. Бұл, бір жағынан, шаруашылықтың олқы жақтарын жойып, өсіп-өркендеуіне үлкен ықпалын тигізіп отырған. Мəселен, Жəкен мен Маясардың сөз жарысынан біз осыны аңғарамыз.
Жəкенім, айтқан сөзің ұнап жатыр,
Үйіңде пеш пен қораң құлап жатыр.
Қолқабыс тигізетін адамың жоқ,
Бір ғана келін байқұс сылап жатыр.
Дүниенің жарығына биыл келген,
Бесікте егіз қызың жылап жатыр, —
деп Маясар Жəкенге колхоз басқармасының көмек бермегенін сынағында, Жəкен:
Маяке, барыспайық бала жаққа,
Жатыр деп пешің құлап жала жаппа.
Көргеміз біз де барып ауылыңызды,
Асықпай əр өлкені аралап та.
Өмірде өткен болмас өтірік пе
, Ағайынға арада жүрмес өкпе.
Кіруге үй түгілі үңгір таппай,
Далада жатты Қасым алты сөтке [8], — деп бірден жауап қайтарған.
Маясар ақынның мұрасын молайтып, шоқтығын биіктететін оның айтыстары. Ақынның Нұрлыбекпен айтысы 1966 жылы шыққан «Айтыс» кітабының үшінші томына енгізілсе, Болманмен, Жəкенмен, Үкішпен айтыстары газет-журнал беттерінде жарияланған болатын. Маясардың ақындығы, айтыскерлігі жөнінде мақталу сөздер, берілген бағалар баршылық. Б.Ысқақов: «Шаршы топқа түскен халық ақындарын дарындылық қабілетіне қарай суырып салма, ақпа ақындар (Қ.Жүсіпов, Н.Баймұратов, Қ.Жапсарбаев т.б.), əнші ақындар (Қ.Əзірбаев, М.Жапақов, Б.Бектұрғанов), жыршы жыраулар, ауыз əдебиетінен жинаушылар деп əр салаға бөлуге болады» [5; 188] деп айтса, Ғ.Жұмабаев халық ақындарының республикалық мəслихатында Маясар туралы:
«Жалпылама сыпыртпай, бет көбігін лепіртпей, шаруаны білетін, өмір талабын түсінетін, егінші тұрмысының ерлік еңбегін егжей-тегжей саралап ұғынған, қартайса да солардың нақ ортасында болған адамның тілімен сөйлеп отыр. Иə, бұл ғажап нəрсе екен, өз елімен біте қайнасып, оның ең игі қасиетін жанымен ұққан халық ақыны қартайдым деп, отау басында жантайып жата алмайды. Бұл Жамбылдан қалған дəстүр. Маясар сөзінің дəмді, салмақты болуы да осыдан» [5; 206], — деп көптің көңілінен шыққан киелі пікір айтқан.
Соғыс жылдары қазақтың ұлттық мəдени мұрасы — ақындар айтысы жедел дамыды. Бұл орайда əсіресе көзге түскен 1943 жылғы ұйымдастырылған ақындар айтысы. Бұған дейін де 1934, 1936, 1939 жылдары айтыстар дүркін-дүркін өткізілген болатын. Бірақ соғыс кезіндегі айтыстың маңызы ерекше. Мұнда негізінен ақындар бір-біріне қайрат-қажыр, көмек бере, елге рух дарыта айтысты. Өткізілген айтыстар жазылып алынып, газет беттерінде жарияланды. Екі ақынның айтысын үшінші ақын қорытындылау, баға беру қалыптасты.
1943 жылғы белгілі айтыстардың бірі — Шашубай мен Көшеннің айтысы. Бұған 700-дей адам қатысып тамашаланған. Шашубай — Балқаш, Көшен Қарағанды атынан түседі. Өзінің елін, жерін мақтау — ертеден қалыптасқан дəстүр. Осы көрініс Шашубайда былайша байқалады:
Алыбым күміс күптеп, алтын аптап,
Қазынам алқабында жатқан қаптап.
Байлығы сарқылмайтын Қоңыратым,
Қойныңа алуан кенін келген сақтап.
Көшен де осы дəстүрде жырлайды.
Балқытқан мың тоннамен болат, темір,
Орасан заводтардың жаны — көмір.
Майданға қару-жарақ, азық-түлік,
Таситын темір жолдың қаны — көмір [6; 104].
Сол кездері Қайып, Жолдыкей, Доскей, Шашубай, Маясар, Жəкендеріңіз өздерінің майталман ақын екендіктерін тағы бір танытып өтті. Өзекті мəселе «майданға көлкөсір ғып көмір ғып берген» шахталар, «Батыр деп халық мақтап атақ берген» тың ерлерінің қажырлы еңбектерін жырлайды. Айтыста асқан ақындық қуат пен тапқырлық, ұқыптылық қатар жүруі қажет.
Ақындар айтысы кезінде Жамбыл бастаған, жаңа салт енді. Ол — ақындар айтысын бастау, жарыс алдында ақындарға бүгінгі болатын айтыстың мақсатын, бағытын сілтеу. 1943 жылғы республикалық ақындар айтысын Жамбыл өзінің ақындарға арнауымен бастаған. Осы салт кейінгі ақындарға да тəн болып қалыптасып кетті. «Айтыс дəстүрі — ақын мектебі. Шеберлікті тыңдайтын қатаң да, қатал сын. Талай ақындар осы сыннан мүдірмей өткенде ғана шын ақын атағын алған. Ақындар айтысы ең алдымен өнер жарысы» [9]. Ақындар айтысының бір ерекшелігі көркемділігінде, сөздерді бейнелі түрде қолдана білуінде, жан бітіруінде, мəселен, Көшен мен Жолдыкей айтысындағы сөздік оралымдар осының айғағы. «Екі аяғым — зеңбірек, кеудем — бомба, құралған осылардан мен бір алып».
Ақындық өнері ретінде айтыстың бір ерекшелігі, өмірдің қандай саласына болса да еркін араласады. Айтысқа түскен ақын өз елі мен жерінің көкейтесті мəселесін айта алады. Дəстүрлі айтыста өзінің елін, жерін таныстырудан, ардақты азаматтарын мадақтаудан бастайды. Мұны Маяcap мен Нұрлыбектің де айтысынан аңғаруға болады. Қарағанды облысының атынан түскен Маясар ақын:
Төлеген, Нұркен, Мартбек, Мəлік, Асқар
Əрбірі он сан қолын жаудың жасқар.
Елімнің, сайыпқыран батырына
Еш дұшпан ерлігіне келмес астар, —деп соғыста ерлік көрсеткен батырларын дəріптесе, Семей облысынан түскен Нұрлыбек:
Кім жетер ой теңізі Абайыма
Бəйтерек құлаш жайған маңайына [10; 4], —
деп поэзия атасы — Абайды мақтан етіп көрсетеді. Бұл айтыстың тағы бір ерекшелігі, екі ақын да бір-бірінің кемшілігін айтып, осал жеріне тиісуден бастамайды, қайта мадақтау сөздер айтады. Мəселен, Маясар Нұрлыбекке кезек берерде:
Ардақты Абай сынды ұл туғызған Ел елдің əдебіне бас ұрғызған, — деп ұсынса, Нұрлыбек;
Қара алтын, калың аймақ Қарағанды
Алыппен алар кезде күш шайқасып [10; 4], —
деп жауап қайтарған. Соғыс кезінде халықтың, елдің əл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігінің төмендеп, қиын жағдайға түскендігі белгілі. Əйелдер ер азаматтарын майданға аттандырып, ауыртпашылықты көтергендігі мəлім. Осындай жағдайда кемшілік пен кемістікті айтып елдің еңсесін түсіргеннен гөрі, жетістіктері мен жақсы жақтарын сөз еткен жөн екендігін ақындар да сезе білген.
Көне дəуірден келе жатқан айтыс үлгілерінің ішінде ерекше бір түрі — адамның төрт түлік малмен айтысы. Бұл да қажеттілікке байланысты қалыптасқан. Ақын өзінің көңіл-күйін, тұрмыс жағдайын осы əдіспен сездіре бі лге н . Бұған «Қой мен иесінің», «Сиыр мен иесінің» айтыстарын жатқызуға болады. Тіпті эпостық жырлар мен ертегілердегі бас кейіпкерлер мен астындағы серігі атының жауаптасуы да осы тектес. Мал мен малдың айтысы да осының бір түрі болып саналады. Міне, айтыстағы осы салт бүгінгі заманға дейін өз жалғастығын тауып келе жатыр. Өйткені дəстүрдің мықтылығы оның жалғасып, дамып отыруында. Мəселен, Жолдыкей мен сиырдың шағын айтысы осыны дəлелдейді.
Сен едің үйлі жанның тиянағы
Шиеттей жас бала бар ұядағы
Барады бəрі жылап мазамды алып
Аленді Жəкең неден ұялады [10; 3], —
деп соқыр сиырды союға ыңғайланған ақынды «тоқтай тұр, ақтық сөзім бар» деген сиыр, өзінің де, иесінің де ауыр халге ұшырауына себеп болған колхоз астығын ұрлаушылар екендігін атап отырып əшкерлейді. Бұл жерде колхоз астығын ұрлап отырғандар осал адамдар емес. Олардың кімдер екендігін, тікелей жария ету қиын. Міне, осы орайда Жолдыкей ақын көнеден келе жатқан дəстүрді шеберлікпен қолдана отырып, əдіс жасаған. Сондай-ақ осындай айтыс Жəкен Байтуовта да бар. Фермадағы жүдеп-жадауға айналған мал шаруашылығының жайын жаны ашыр қауымға өзінің қоймен айтысы арқылы жеткізеді. Енді айтысқа тоқталып көрейік. Он бір буынды қара өлең негізінде шығарылған бұл айтыстың көлемі шағын. «Ақ қой мен қара қойдың мұңы» деп аталатын кіріспе сөзі бар.
Аяңдап тұрған қойға келдік баяу,
Мүлгиді жануарлар ұйқылы-ояу,
Байқасам өзге қойдан күйі төмен,
Еті арық, іші жарау, көңілі қаяу.
Осындай жағдайға қалайша тап болғандығын сұрағанда қой:
Төртеуі жөн сұрады сен кімсің деп,
Ауданнан келген əлде өкілсің деп,
Тергедің бізді сонша-айтшы өзің,
Танимыз, жолдас, сені əлдекім деп [5; 26], —
деп сақтана сұрайды. Осы шумақта байқаған адамға сол кезеңінде хабар беріп тұр, яғни, «өкілсің» деп айтуы тегін емес. Өйткені өкіл — партия нұсқауымен келген адам. Бірақ оның да шаруашылыққа қаншалықты дəрежеде жаны ашығандығы белгілі. Тамағын тойдырып, тайып тұру.
Егер өкіл болса, қойдың жауап бергісі жоқ.
Ақынмын дегеннен кейін ғана:
Көк бақа, денемізді қотыр басты
Дəрігер келмегелі айдан асты
Басқарма завфермалар жібермейді
Жолынан мал маманы неге адасты! [5; 36] —
деп ағынан жарылады. Өз жалғасын тауып келе жатқан айтыстың бұл саласының көне түріне де, кейінгілеріне де тəн ортақ белгі мынандай. Айтыстың басқа түрлері (ақындар, қыз бен жігіт, жұмбақ, бəдік т.б.) көпшілік жиналған жерде, ел алдында туындаса, адам мен малдың айтысы тыңдаушысы жоқ болса да шығарыла береді, көпшілік оны кейін естуі де мүмкін. Ғалым М.Жармұхамедов былай дейді: «Өз тыңдаушысына əсер сезімі айрықша бұл топтағы нұсқалар əдебиетімізде мысал жанрына ұқсас тəрбиелік мəні мол жаңа сипатты айтыс үлгілерінің («Ат пен иесі»), («Домбыра мен ақын»), («Бұзау мен əйел»), («Бай мен қасқыр») туып қалыптасуына жол салды»[10; 33]. Осы тəріздес айтыстардың бірі — аң мен адамның айтысы. Мұның ішінде айтыста көп қолданылатын жыртқыш аң — қасқыр. Мұның өзіндік себебі бар. Амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп малды алдымен айтатын қазақ халқының негізгі кəсібі мал шаруашылығы болғаны белгілі. Күн көрісі төрт түлікпен байланысты болғандықтан, оны баққан, күткен, қорыған. Жыртқыш аңдардың ішінде мал жауы — қасқыр.
Сондықтан да халық осы тұрғыдағы көп мəселені қасқырмен байланыстырып отырған. Мəселен, ұрыларды «Адамның қасқыры» деп атаса, қасқырдың өзін «Ит — құс» деуі осыған байланысты. Бұл жағдай «Қасқыр мен Қарашекпен» айтысында көрініс береді. Міне, осындай мысал мəндес қасқыр мен айтыс Шашубайда да бар. Бұл айтыстың көлемі əжептəуір, 161 жолдан тұрады. Кеңес үкіметі кезінде малдың жауы деп есептеген қасқырды атуға, соғып алуға ерік берілген болатын. Шашубай осы мəселені де айтысқа келтіріп отырған:
Ұстап алып Шашубай түбіме жеттің,
Өлтірдің де байымды өкпелеттің.
Біздің жеген бір атты сонша қуып
Түбі оң көзі болдың-ау үкіметтің, —
десе, Шашубай:
Шал едім күшке кірген күн-күн сайын
Қас қылсаң қарсыласып күшің дайын,
Картайған шал дедің де атын жедің
Үкімет қадірлеген Шашубайдың [6; 99], —
деп айтады. Бірақ айтыстың негізгі мəні мұнда емес. Дəстүрлі жалғастықпен байланысында. Тілге жеңіл, көңілге қонымды, əрі нанымды түрде қасқырды адамша сөйлетеді. Ол адам қасқыры болсын, қасқырдың өзі болсын, «қасқырдың ауызы жесе де қан, жемесе де қан». Халықтық туындыда («Қарашекпен мен қасқыр»):
Көрді де бір топ атты қуды мені,
Ат-əбзел, қару-жарақ жоқ бір кемі.
Жүгіріп сілем құрып жеттім мұнда,
Басыма бəле болып бұзау жемі, —
деп келсе, Шашубай айтысында:
Қақпан салып ұстаттың аяғымды,
Қақпан, шот, қыстырып ап таяғыңды,
Бала-шаға жеп кеткен бір ақыңды,
Қу шал, соны қуып келдің бе, баяғыңды [6; 99], —
деп айтылады. Бұл қос шумақта да, бір тектілік пікір, ойдың бірлестігі жатқандығын анық байқауға болады.
Əдебиеттер тізімі
- Сүйіншіəлиев Х. ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ əдебиеті тарихы. — Алматы, Жазушы, 1983. — 11-б.
- Жұмалиев Қ. Қазақ əдебиеті. — Алматы: ҚМКƏБ, 1950. — 117 б.
- Қазақ əдебиеті тарихы. — 1-т. — 1-к. — Алматы: ҚМКƏБ, 1960. — 671 б.
- Досмұхамедұлы Х. Аламан. — Алматы: Жазушы, 1991. — 26 б.
- Ақындар жыры. — Алматы: Жазушы, 1963. — 187 б.
- Қошқарбаев Ш. Ақ қайын. — Алматы: Жазушы, 1984. — 148 б.
- Айтыс / Құраст. Ш. Ахметов, К. Сейдеханов. — Алматы: Жазушы, 1967. — 448 б.
- Байтуов Ж. Шығармалары. — Балқаш, 1991. — 17-б.
- Ақындар айтысы // Советтік Қарағанды. — № 72. — Қарағанды, 1944. — 235-б.
- Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. — Алматы: Ғылым, 1976. — 241 б.