Көптеген жылдар бойына жекелеген мақалалар көлемінде түрлі қырынан сөз болып келген əдеби-көркем аударма мəселесі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бергі аралықта арнайы зерттеулерге арқау болып, аударма ісіне байланысты өзекті проблемалар жан-жақты қарастырыла бастады. Бұл ретте С.Талжанов, Ə.Сатыбалдиев, С.Құспанов, Х.Садықов, Н.Сағындықова сияқты зерттеушілердің еңбектерін атап өту абзал. Сондай-ақ Р.Хайруллин, М.Құрманов, Ш.Сəтбаева, С.Сейітов, С.Əбдірахманов, тағы басқалардың бергі кезеңдерде жарық көрген еңбектерінде көркем аударма мəселесіне байланысты көптеген маңызды ой-пікірлердің көрініс тапқаны мəлім. Бұл жағдайдың өзі қазақ əдебиетіндегі көркем аударма ісі əдебиеттер байланысының аса маңызды буыны болуымен қатар, əдеби өмірде де өзіндік орын иеленіп үлгерген шығармашылық еңбектің бірі екендігін айғақтайды.
Олай болса, М.Жұмабаевтың аудармашылық шеберлігі, ерекшелігі жайындағы ой бағытымызды дұрыс арнада өрістету үшін, əуелгі кезекте, аудармашылықтың өзі қандай еңбек екендігін айқындап алған жөн болмақ. Бұл ретте «Əдебиеттану» терминдер сөздігіне көз салсақ, аударма «əдеби шығарманың бір тілден екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы, басқа тілдегі түпнұсқа негізінде жазылған көркем туынды» [1] болып анықталады. Ж.Жақыповтың анықтамасы бойынша: «Аударма» — көп мағыналы сөз. Ол, біріншіден, бір тілді екінші бір тілде сөйлету үдерісін білдірсе, екіншіден, осы тілде айтылғанның/жазылғанның келесі тілге қалай жеткенін, яғни іс-əрекеттің нəтижесін, өнімін білдіреді... Аудармаға байланысты басты екі жайт бар: 1. аударманың мақсаты — бастапқы түпнұсқа тілін білмейтін оқырманды/тыңдарманды өзге тілдегі мəтінмен мүмкіндігінше жақын таныстыру; 2. аударма дегеннің өзі — басқа тілдің құралдарымен бейнелегенді екінші бір тілдің құралдарымен толық та нақты, нық шынайы, сенімді бейнелеу» [2].
Мақсатымызға сəйкес, орыс филологиясына зер салсақ, аударма теоретигі А.В.Федоровтың пікірінше: «Слово «перевод» принадлежит к числу общеизвестных и общепонятных, но и оно, как обозначение специального вида человеческой деятельности и ее результата, требует уточнения и терминологического определения. Оно обозначает: 1) процесс, соверщающийся в форме психического акта и состоящий в том, что речевое произведение (текст или устное высказывание), возникшее на одном — исходном — языке (ИЯ), пересоздается на другом — переводящем — языке (ПЯ); 2) результат этого процесса, т.е. новое речевое произведение (текст или устное высказывание) на ПЯ» [3]. Орыс филологиясында аударма теориясы мəселелерімен айналысушы З.Д.Львовская [4], Л.К.Латышев [5], Е.В.Бреус [6] т.б. зерттеушілердің ой түйіндері де осы үлгіде болып келеді.
Болгар филологы А.Лилова аударма мəселесінің мəнін терең түсіну үшін оған байланысты бірнеше аспектіні назарда ұстау қажеттігін алға тартады. Олар: «...первый, основной аспект понятия «перевод» — это его социальная природа и общественные функции»; «...следующий основной аспект понятия «перевод» — это его сущность как явления культуры, как факта и достояния, процесса и движущей силы национальной и мировой культуры»; «...еще одним из основных аспектов понятия «перевод» является его лингвистический аспект, лингвистическая природа перевода»; «...перевод, кроме общей качественной определенности, характерной и действительной для всех его форм и видов, имеет ясно выраженную качественную дифференцированность в своих различных формах и видах. В частности, основным аспектом понятия «художественный перевод» является его художественно-эстетический аспект, его эстетическая сущность и образная природа»; «...отражение и творчество также являются основными аспектами понятия «перевод», диалектика отражения и творчества — базисный момент его природы»; «... одним из основных аспектов перевода является также его творческая природа, то есть перевод — это сложно организованный и сложно функционирующий творческий процесс, в результате которого создается переводное произведение»;«...нет и не может быть «чистого», внеисторического представления о переводе, историческая определенность и историческое бытие — основная характеристика понятия «перевод» [7] деп сипатталатын аспектілер. Аудармашылық ісіне қатысты бұл аспектілерге көңіл қойып отырған себебіміз — бұлардың қай-қайсы да М.Жұмабаев аудармаларын зерделеу барысында орайлы тұстарда назарға алып отыруды қажетсінеді.
Ұлттық əдебиетіміздегі көркем аудармаға байланысты ой-пікірлерін ортаға салған мақаласында М.Əуезовтің: «Аударма теориясының басты кемшіліктерінің бірі ... жақсы, үлгілі аударма тəжірибелерін жеткіліксіз, үстірт зер салу, шетеңдеп қана зерттеу болып отыр. Ал асылында, ондай аудармаларды бүкіл егжей-тегжейіне жете, жан-жақты талдау аса мəнді шарт, талданғанда шығарманың идеялық-көркемдік қасиеттерін аударманың бойына қалай сіңіргендігін, образдылығын, түпнұсқаның ырғақтық, үндестік, шумақтық, ұйқастық нəзік ұтымды тетіктерін, авторының сөз өнеріндегі өзіне тəн ерекшелігін, тарихи нышандарын беруде аударма өнерінің, бұрынғы-соңғы аударма істерінен мүлде басқаша екендігін дəлелдеу əбден керекті міндет» [8], — деген талабын қаламгер аудармашылығын сөз еткен тұстардың барлығында да қатаң ескеру орынды болары анық.
Жалпы, М.Жұмабаевтың поэзиялық аудармалары болып табылатын он бес шығарманың үшеуі шығыс əдебиетінен алынған туындылар болса, екеуі — орыс əдебиетінен алынған авторы белгісіз өлеңдер, ал төртеуі — еуропалық əдебиеттен, алтауы — орыс əдебиетінен аударылған авторлық өлеңдер. Аудармалар қатарына Мағжан қаламынан туған «Біраз Фетше» деп аталатын өлеңді де қосуға болады деп есептейміз.
М.Жұмабаев еуропалық əдебиеттен екі ақыннан төрт шығарма тəржімалаған. Олар — неміс ақындары И.В.Гетенің «Айрылдым сенен, жан сəулем», «Орман патшасы» туындылары жəне Г.Гейнеден аударылған «Екі бетің, сұлу қыз...», «Күннің батуы» өлеңдері.
И.В.Гетенің «Орман патшасы» — 1782 жылы, «Айрылдым сенен, жан сəулем» өлеңі 1788 жылы жазылғандығын ескерсек, бұлар Гете шығармашылығының веймар кезеңінің еншісіндегі шығармалар болып табылады.
Веймар кезеңі — халық қамы үшін əкімшілік-басқару жұмыстарына араласып, халыққа жеңілдіктер туғызуға мүмкіндік беретін нақты шаралар жасамақ болып көп уақытын жұмсаған Гете үшін қайраткерлік тұрғыдан ғана емес, шығармашылық тұрғыдан да аса жемісті бола қоймаған кезең. Дегенмен, неміс ақынының қаламынан бұл жылдары «Балықшы», «Орман патшасы», «Жыршы» балладалары, «Мидинг өліміне» поэмасы, «Қараңғы түнде тау қалғып», «Айрылдым сенен, жан сəулем» сияқты бірнеше лирикалық өлеңдер т.с.с. бірнеше шығармалар жарық көргені белгілі.
Жалпы алғанда, Гетенің бұл кезеңдегі көлемді шығармаларында шығармашылығының бастау кезеңіндегі Прометей, Фауст, Вертер сынды бүлікшіл, əрекетшіл қаһармандарды ізгі ниетті, бұйығы Ифигения, жасқаншақ Вильгельм Мейстер сияқты кейіпкерлер алмастырса, лирикасында бұрынғы бұрқақ сезімге толы буырқанған өлеңдер ой-толғаныстармен ұштасқан салиқалы сезімдерге бейім жырларға орын ұсынады. Бұл ерекшеліктерді Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінен де, Мағжан аударған «Айрылдым сенен, жан сəулем» өлеңінен де аңғаруға болады. Аталған кезеңдегі Гете шығармашылығына тəн болған бұл сипаттардың кейбір себептері ақынның əкімшілік тірліктегі нəтижесіз еңбегіне қатысты өкінішпен қатар, Шарлотта фон Штейнмен арадағы сүйіспеншілік сезіміне де байланысты болса керек.
Осы орайда М.Жұмабаевтың Гете шығармаларынан аудармалар жасаған уақыты өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары екендігін еске түсірсек, неміс ақыны мен қазақ ақынының қайраткерлік жəне жеке өмірлерінде көптеген ұқсастықтар аңдалады. Мағжанды Гете шығармашылығының веймар кезеңіне тəн дүниелердің қызықтыруының бір себебі осы тұстан өріс алып жатуы да ықтимал екендігін жоққа шығаруға болмас. Енді Гете шығармаларының аудармаларына келелік.
«Орман патшасы» — еуропалық баллада үлгісіне тəн сипаттардың барлығын бойына жинақтаған туындылардың бірі. Оның сыры еуропалық баллада жанрының қалыптасуында И.В.Гетенің де айрықша еңбек сіңіргендігінде жатыр. Сол себепті осы тұста «баллада» ұғымының мəніне көңіл қояр болсақ, Гете қаламынан туған «Орман патшасының» көркемдік құрылымы мен мазмұнына, сюжетіне қандай ерекшеліктер тəн екендігін айқын түсіне аламыз.
В.А.Жуковский аудармасындағы «Орман патшасы» 8 шумақ болса, М.Жұмабаев аудармасында 16 шумақтан тұрады. Оның себебі — аударма барысында Мағжан орысша мəтіннің бір шумағын екі шумаққа келтіріп аударған. Алайда бұл өзгерістен туындының көркемдік болмысына да, құрылымына да ешқандай нұқсан келмейді. Ырғақтық, үндестік жағынан да, буын өлшемі тұрғысынан да орысша нұсқаның өлшемі сақталған. Тіпті Мағжан жасаған шумақты бөлшектеу тəсілі авторлық суреттеулер мен жолаушы, жас бала, орман патшасы арасындағы диалогтардың ара-жігін аша жеткізуге əсер етіп тұрғаны байқалады. Салыстырып байқалық:
В.А.Жуковский аудармасы бойынша:
«Дитя, я пленился твоей красотой:
Неволей иль волей, а будешь ты мой».
«Родимый, лесной царь нас хочет догнать;
Уж вот он: мне душно, мне тяжко дышать».
Ездок оробелый не скачет, летит;
Младенец тоскует, младенец кричит;
Ездок погоняет, ездок доскакал...
В руках его мертвый младенец лежал.
М.Жұмабаев аудармасы бойынша:
«Жараланды жүрегім,
Ғашықпын, бала, көркіңе.
Енді маған келерсің!
Қоймаспын, сірə, еркіңе!» —
«Жан ата, орман патшасы
Қуып бізге жетті ғой.
Келіп қалды мінекей,
Қысылдым, демім бітті ғой!»
Жолаушы енді қысылып,
Шаппайды, ұшып келеді.
Қайғырады нəресте,
Нəресте жылай береді.
Құйындатып жолаушы,
Үйіне ұшып келіпті.
Бірақ оның қолында
Нəресте жолда өліпті.
Үзіндіден байқалып тұрғандай, М.Жұмабаев аудармасында шумақ құрылымы бөлшектенгенімен, көркемдік мазмұн, сюжеттік-композициялық тұрғыдан ешқандай өзгеріс жоқ. Диалогтар да, авторлық бейнелеулер де өз орындарын сақтаған, суреттеулер мен диалогтар орысша мəтіндегі мазмұндарынан ауытқымаған.
Осы орайда айта кеткен жөн, Гетенің алғашқы балладаларында махаббат сарындары басымдық танытып жататын болса, веймар кезеңіндегі балладаларында ақын ақылмен ұғып болмайтын тылсым жайттерді бейнелеуге баса көңіл қояды, сол арқылы жаратылыс құпияларына ақындық қиялмен бойлауға ұмтылады, осындай көркемдік мақсатына сəйкес, кейіпкерлерін де табиғатпен біте қайнасқан жаратылыс иелері бейнесінде көрсетуге бейіл танытады. Гете шығармасындағы дəл осы сипаттар Мағжан аудармасында мейлінше дəл жеткізілген. Бұл жағдайдың өзі аударма барысында Мағжанның орысша мəтіндегі көркемдік қасиеттерге нұқсан келтіріп алмауды айрықша құнттағанын байқатады. Сонымен бірге неміс ақынының көркемдік-шығармашылық мақсатын М.Жұмабаевтың ақындық сұңғыла түйсікпен дəл танығанын айғақтайды.
Гете поэзиясынан М.Жұмабаев аударма жасаған келесі шығарма «Айрылдым сенен, жан сəулем» деп аталады. Бұл тұстағы бір өкінішті жайт — М.Жұмабаевтың бұл өлеңге қай ақынның аудармасы арқылы келгенінің əзірше беймəлім болып отырғандығы.
1985 жылы И.В.Гетенің таңдамалы шығармаларының 2 томдығын шығару барысында орыс əдебиетшілері «Орман патшасы» аудармаларының ішінен В.А.Жуковский нұсқасын алып, ал М.Жұмабаев аудармасында «Айрылдым сенен, жан сəулем» аталған өлеңнің О.Г.Чухонцев нұсқасын таңдауына қарағанда, осы аударманы түпнұсқаға жақын келеді деп есептеуге болатындай.
Гете өлеңінің О.Г.Чухонцев аудармасындағы нұсқасы:
Так ты ушла? Ни сном ни духом
Я не виновен пред тобой.
Еще ловлю привычным слухом
Твои слова и голос твой.
Как путник с беспокойством смутным
Глядит в бездонный небосвод,
Где жаворонок ранним утром
Над ним — невидимый — поет;
Как взгляд мой, полный нетерпенья,
Следит — сквозь чащи — даль и высь,
Так все стихотворенья
«Вернись! — безумствуют. — Вернись!»
Берілген мəтін мен Мағжан аудармасын өзара салыстырар болсақ, əр шумақтағы көркемдік мазмұн, яғни сезім құбылыстарының бейнелері, өте жақын келетінін көреміз. Мəселен, орысша мəтіндегі бірінші шумақта сүйгенінен айрылған жанның сағынышы өзін-өзі ақтау сезімімен («Я не виновен пред тобой») ұштаса бейнеленсе, Мағжан аудармасындағы сағыныш құлазу сезімімен («Көруге енді жоқ үміт») астасып беріледі.
Ал екінші, үшінші шумақтардағы лирикалық кейіпкердің ішкі көңіл-күйінің бейнесі екі аудармада да өте ұқсас көрініс тапқан. Тек соңғы тармақтардағы лирикалық кейіпкер əрекетінің бейнеленуінде айырмашылық бар. Орысша мəтінде лирикалық кейіпкер сүйгенінің қайта оралуын тілек етсе, Мағжан аудармасында сүйгенінен мүлде қол үзгенін айқын сезгендіктен, лирикалық кейіпкер ішкі қайғыға жол береді. Лирикалық кейіпкердің соңғы əрекеттерінің осы сипатта көрінуі екі аудармадағы көркемдік сюжеттің өрістеуіне лайықты шешім болып табылады. Өйткені орыс тіліндегі аудармада лирикалық кейіпкер өзін кінəлі сезінбегендіктен, іштей үміттене алатын болса, Мағжан аудармасында оның қандай да бір үмітке еруіне жол жоқ. Сондықтан қайғыға берілуі шындыққа сəйкес шешім.
Байқалып тұрғандай, Гете өлеңінің Мағжан аудармасы орыс тіліндегі аударма мəтінінен алшақтамайды. Сезім күйлерінің алмасуын бейнелеуден тұратын сюжет те, өлеңнің ішкі ырғағы да сақталған. Тіпті жекелеген детальдардың өзі (жаворонок — торғай, даль и высь — тоғай, қыр т.б.) сəл-пəл өзгеріске ұшырағанымен, негізгі мазмұнынан қол үзіп кетпеген. Мағжан аудармасынан көрініс тауып отырған бұл сипаттар аударма барысында қазақ ақынының аударылып отырған мəтінге тəн көркемдік белгілерін барынша мұқият сақтауды мақсат еткенін аңғартады. Мəтін көркемдігін мейлінше дəл жеткізу қандай аудармашы үшін де аса жауапты сын болып табылатынын ескерсек, бұл тұрғыда М.Жұмабаевтың аудармашылық шеберлігін кім-кімге де үлгі етуге болары даусыз шындық.
Жоғарыда сөз болған аудармалар Мағжанды аударма жасау барысында түпнұсқаға сəйкестікті айрықша құнттаған аудармашы ретінде танытса, оның аудармашылық тəжірибесінде қазақ ақынын экспериментшіл аудармашы ретінде бағалауға да мүмкіндік беретін қызықты туынды бар. Ол —«Біраз Фетше» деп аталатын өлең. Бұл туындының қызықты болатын себебі — өлеңнің əрі төл туынды, əрі аударма сияқты екіұдай əсер етуі.
Өлеңді Мағжанның төл туындысы ретінде қабылдауға мүмкіндік беретін себеп — А.Фет пен М.Жұмабаев шығармаларының арасында сөздік-мəтіндік сəйкестік жоқ. Бұл тұрғыдан қарағанда,«Біраз Фетше» өлеңін М.Жұмабаевтың төл туындысы ретінде тануға болады.
Ал «Біраз Фетше» өлеңінің аударма іспетті əсер ету себебі — өлеңде А.Феттің «Шепот, робкое дыханье» деп басталатын шығармасына тəн көркемдік сипаттар айқын аңғарылады. Айналадағы құбылыстарды образды қабылдау ерекшеліктері мен өмірлік шындықты көркем бейнеге айналдыру тəсілдері тұрғысынан болсын, яки оқырманға əлдебір тылсым да таза əлемнің суретін қызықтағандай əсер ететін эмоционалдық-экспрессивтік қуаты жағынан болсын, тіпті тілдік қолданыстағы əуезділік, суреттілік тұрғысынан болсын, аталған екі туындыдан ерекше үндестік, ұқсастық байқалады. Мағжан туындысына осы қырынан келсек, оны қазақ ақынының эксперименттік аудармасы ретінде бағалауға болады.
Туындыны эксперименттік аударма ретінде бағалауға мүмкіндік беретін жағдайлардың тағы бірі— шығарманы ақынның өзі «Біраз Фетше» деп атауы. Бұл жайт туындының түп негізі А.Фет өлеңінде жатқанын анық көрсетеді. Осы орайда еске түсіре кетер болсақ, шығыс əдебиетіндегі сияқты, қазақ əдебиетінің тарихында да нəзирашылдық аударма дəстүрі болған. Бұл тұрғыдан келсек,«Біраз Фетше» өлеңін ұлттық əдебиетіміздегі назирашылдық дəстүрдің М.Жұмабаев шығармашылығы арқылы жаңа кезеңге сай жаңғыруының үлгісі ретінде қабылдаудың да орайы бар.
Мағжан ақынның А.А.Фет поэзиясына қызығушылық таныту себептеріне байланысты кейбір ойларымызды алдыңғы тараушада баяндағандықтан, бұл тұста тек Фет өлеңіне қатысты кейбір жайттердің мəнін бағамдау үшін орыс əдебиетшісі Н.Н.Скатовтың: «Фет остался лириком, хотя и особого склада». В лирике Фета (во всяком случае, в значительной ее части) есть своеобразная первобытность, о которой хорошо сказал В.Боткин: «Такую наивную внимательность чувства и глаза найдешь разве только у первобытных поэтов. Он не задумывается над жизнью, а безотчетно радуется ей. Это какое-то простодушие чувства, какой-то первобытный праздничный взгляд на явления жизни, свойственный первоначальной эпохе человеческого сознания. Поэтому-то он так и дорог нам, как невозвратимая юность наша» [9], — деген пікірінде келтірілген ХІХ ғасырдағы орыс өнертанушысы, əдебиет сыншысы В.Боткиннің бағасын ескере отыруды жөн көрдік.
Шындығында да, А.Фет өлеңі мен сол өлеңнен «ғашықтар сыбыры, түнгі жарық, гүл, бұлбұл, ессіз аймаласу, көз жасы, таңғы сəуле» сияқты бейнелерді ала отырып, қайта жырланған «Біраз Фетше» өлеңін өзара туыстырып тұрған қасиет — табиғат суреттері мен адам сезімдерінің мейлінше тұнық, мейлінше табиғи күйінде бейнеленуі. Сондай-ақ екі туындыны өзара жақындастырып тұрған тағы бір қасиет — екі өлеңге де тəн болып келетін көріністер алмасуына негізделген динамикалы сюжет, табиғат пен айналадағы əрекет-құбылыстарды адамның сезім-əсерімен ұштастыра бейнелеуге негізделген көркемдік мазмұн, поэтикалық образдылықтың шынайылығы.
Қай тұрғыдан келгенде де, ұлттық əдебиетімізде жаңашыл ізденістерімен бірегей із қалдырған М.Жұмабаевтың «Біраз Фетше» туындысы көркемдік-образдылық сипаттары жағынан қызықты құбылыс екендігі анық.
М.Жұмабаевтың аудармашылық тəжірибесінде оның Гете, Гейне, Лермонтов шығармаларын аудару үлгісіне қарағанда, бөлектеу сипатымен көрінетін аудармасы — А.В.Кольцовтан аударылған«Шалдың үміті» өлеңі.
А.В.Кольцовтың төрт шумақтан тұратын өлеңінде бейнеленген кейіпкердің арманы, аңсар сезімдері, кейіпкер қиялындағы сурет-көріністер, көңіл-күйіндегі өзгеріс-құбылулар Мағжанның үш шумақтан тұратын аудармасында толық берілген. Алайда Мағжан-аудармашы түпнұсқадағы тармақ, шумақ санын, буын, бунақтар өлшемін, соған сəйкес келетін өлең ырғағын сақтамаған.
Үстірт қарағанда, бұл жағдай қазақ ақынының аударма барысында еркіндікке жол беруі сияқты əсер ететіні шындық. Десек те, Кольцов шығармасының жанрлық басты ерекшелігі əуенділік, əуезділік, əнге бейімділік болып табылатынын ескерсек, Мағжан-аудармашының бұл «еркінсуін» шығармашылық тапқырлық ретінде бағалаған орынды. Өйткені Кольцов өлеңі орыстың халықтық əуендеріне салып айтуға бейім болса, Мағжан аудармасындағы өлең мəтіні мазмұнына сəйкес келетін қазақтың халық əндерінің кез келген əуеніне үндесе кетеді. Демек, бұл тұста Мағжан-аудармашы түпнұсқаның сырт пішінін сақтаудан гөрі, өлеңнің көркемдік мазмұнын айқындай жеткізуге ықпалы тиетін музыкалық қасиетіне ден қоюды дұрыс санаған.
Мағжан аудармасындағы осы ерекшеліктен туындайтын тағы бір қызықты құбылыс назар аудартады. Ол — Кольцов өлеңіндегі лирикалық кейіпкер — орыс қартының жаратылысына тəн орыстық мінез-қасиеттердің Мағжан аудармасында қазақыланып кетуі. Мағжан аудармасындағы шал— қазақша армандап, қазақша қиялдайтын, қазақша өкініп, қазақша тəубаға келетін шал. Салыстырып байқалық:
А.В.Кольцов өлеңіндегі қарт арманының бейнесі:
Оседлаю коня,
Коня быстрого,
Я помчусь, полечу
Легче сокола.
Чрез поля, за моря,
В дальнюю сторону —
Догоню, ворочу Мою молодость!
Бұл — орыс деревнясында туып-өсіп, тірлік кешкен орыстың қунақ қимылды, қутың мінезді шалына тəн арман-қиял. Өлең əуені де орыс «частушкаларына» келеді.
М.Жұмабаев аудармасындағы қарт арманының бейнесі:
Ерттеп мінсем бір жүйрік ұшқыр атты,
Шапсам, ұшсам сұңқардай құстан қатты,
Жалпақ дала, кең теңіз бəрін өтіп,
Қуып жетіп, қайтарсам жастық шақты.
Бұл — сайын сахарада туып-өсіп, қиялымен қиырды кешкен, арманымен аспанды кезген, көңілі жүйрік қазақ шалының аңсар сезімі. Осы іспеттес тəтті армандар қазақтың халық əндерінен молынан ұшырасып жататыны да мəлім.
Үзіндіден байқалып тұрғандай, М.Жұмабаев аудармасында Кольцов өлеңіндегі «Жүйрік атты ерттеп мінсем, сұңқардай самғап ұшсам, даланы да, теңізді де кешіп өтіп, жастық шағымды қуып жетіп, кері қайтарсам!» деген қарт арманы түгелдей көрініс берген.
Осы тұста айта кеткен жөн, М.Жұмабаев аудармасында Кольцов өлеңінің көркемдік мазмұны толық сақталған. Өзгешелік сол көркемдік мазмұнды жеткізу тəсілінен аңғарылады. Нақтылай айтқанда, Кольцов өлеңіндегі көркемдік мазмұн лирикалық кейіпкердің ішкі ой-сезімдерінің динамикасы (арманның өкінішке ұласуы) арқылы жеткізілсе, аудармадағы көркемдік мазмұн ішкі диалог үлгісінде беріледі.
Жалпы алғанда, М.Жұмабаевтың А.В.Кольцовтан жасаған аудармасы қазақ əдебиетіндегі аударма тəжірибесі үшін де, аудармашылар үшін де назар аударуды қажетсінетін шығармашылық ізденіс болып табылары сөзсіз.
М.Жұмабаевтың аудармалары мен түпнұсқалық мəтіндерді назарға ала отырып, қазақ ақынының аудармашылығы жайында ой түйіндер болсақ, Мағжан қаламынан туған аудармалардың қай-қайсы оның аудармашылық қабілетінің аса жоғары деңгейден табылатынын айғақтайды. Оған Мағжан ақын аударған шығармалардың түпнұсқасы мен аударма мəтіні арасында көркемдік мазмұн, бейнелілік, авторлық ой-идея тұрғысынан алшақтық яки ауытқушылық кездеспеуі айқын дəлел бола алады.
Əдебиеттер тізімі
- Əдебиеттану. Терминдер сөздігі. — Алматы: Ана тілі, 1998. — 58-б.
- Жақыпов Ж.А. Аударматануды аңдату. — Алматы: InnoPRESS, 2004. — 12, 13-б.
- Федоров А.В. Основы общей теории перевода. — М.: Высш. шк., 1983. — С.
- Львовская З.Д. Теоретические проблемы перевода: Монография. — М.: Высш. шк., 1985. — 232 с.
- Латышев Л.К. Перевод: проблемы теории, практики и методики преподавания. — М.: Просвещение, 1988. — 160 с.
- Бреус Е.В. Основы теории и практики перевода с русского языка на английский. — М.: УРАО, 2000. — 208 с.
- Лилова А. Введение в общую теорию перевода: Монография / Пер. с болг. Л.П.Лихачевой. — М.: Высш. шк., —С. 25–29.
- Əуезов М. Көркем аударманың кейбір теориялық мəселелері // Көркем аударманың кейбір мəселелері: Мақалалар жин.). — Алматы: ҚМКƏБ, 1957. — 4, 5-б.
- Скатов Н.Н. Афанасий Афанасьевич Фет // История русской литературы ХІХ века. Вторая половина. — М.: Просвещение, 1991.