Педагогикалық əдебиеттерде «оқыту əдісі», «оқыту тəсілі», «оқыту амалы» деген тіркесті термин сөздер қолданылады. Бұл сөз тіркестері бірінің орнын бірі басатындай көрінгенімен мағыналық жəне қолданыс жағынан бөлекше. «Оқыту əдісінің» «оқыту тəсіліне» жақын болатын себебі, педагогика еңбектерінде оқыту əдісі оқыту тəсілі деп түсіндіріледі. Мəселен, «[...] оқыту əдістері бұл мұғалім мен оқушылардың оқу-тəрбие жұмысының міндеттерін ойдағыдай шешуге бағытталған өзара байланысты іс-əрекетінің тəсілдері» [1; 263]. Тəсіл — оқу міндеттерін шешуге бағытталған амалдардың жиынтығы. «Оқытушы сабақ барысында нақты тақырыпты түсіндіру үшін көрнекі құралдарды, аудиоматериалдарды, түрлі ойын үлгілерін жүйелі түрде қолданса, бұны оқытушының өзіндік əдістемелік тəсілдері деп атауға болады» [2; 10].
Оқыту процесінде əдіс кейде тəсілге, ал тəсіл оқыту əдісіне айналады. Мысалы, баяндау əдісін қолданған мұғалім сабақта суреттер көрсететін болса, ол суреттерді көрсету тəсілге жатады. Егер сабақта оқушылар суреттер негізінде білім алатын болса, онда суреттерді көрсету əдіске, ал баяндау тəсілге айналады. Оқушылар өз беттерімен лабораториялық жұмыс орындайтын болса, лабораториялық əдіс қолданылады. Мұғалім лабораториялық əдіске əңгіме элементтерін кіріктіретін болса, əңгіме тəсіл ретінде пайдаланылады. Демек, оқыту тəсілі оқыту əдісінің элементі болып табылады. Тəсіл əдістің жүзеге асуына көмектеседі.
Оқыту амалы дегеніміз не? Оқыту амалы да — əдістемедегі негізгі саты. Амал оқыту əдісінің жекелеген элементтерін құрайды. Оқыту амалына сабақ жоспарын хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқу материалын түсіндіру, талдау, мұғалімнің оқушыға тапсырма беруі, оның білімін тексеруі жатады. «Əр оқытушының сабақты түсіндірудегі, яғни, суреттеп, салыстырып, баяндап, қорытып берудегі, əрбір үйренушінің білімін тексерудегі амалы əр түрлі болуы мүмкін. Айталық, белгілі бір тақырыпты түсіндіру үшін оқытушы портреттерді пайдалана отырып, рөлдік ойынның бірін ұйымдастырса, бұны амал деп санауға болады» [2; 10]. Сондай-ақ оқушыларға ой салуға, қиялын ұштауға, зейінін тəрбиелеуге, сезімдеріне əсер етуге, сабақ үстінде оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқаруға жəне сабақ тақырыбына қатысты проблемалық жағдаят туғызуға көмектесетін амал түрлері бар. Сонымен, амал оқыту əдісінің жүзеге асуына көмектеседі.
Əдіс «методос» — зерттеу, немесе таным жолы, деген грек сөзінен шыққан. Осыған орай «əдіс» ұғымының мағынасы да кең. Əдіснамалық мағынада əдіс — таным құралы. Жалпы дидактикалық жəне əдістемелік мағынада оқыту əдісі дегенді білдіреді.
«Оқыту процесінде мынандай екі түрлі қызмет жүзеге асады. Бірінші мəселе — мұғалім оқытуы, екінші мəселе — оқушының оқуы. Мұғалім мен оқушының осы арақатынасы, əр түрлі оқу қызметтері оқыту əдістеріне жатады. Мысалы, мұғалімнің əңгімелесуі — əңгіме əдісі немесе кітаппен жүргізетін жұмыс түрлері — кітаппен жұмыс əдісі, оқушының жауап беруі оқушы білімін тексеру əдісі деп аталады» [3; 11]. Демек, оқыту əдістерінің басты қызметі — оқыту жəне оқу, ынталандыру жəне ынталану, дамыту жəне даму, тəрбиелеу жəне тəрбиеге көну, ұйымдастыру жəне ұйымдасу. Оқытатын, ынталандыратын, дамытатын, тəрбиелейтін, ұйымдастыратын — оқытушы. Ал, оқитын, ынталанатын, дамитын, тəрбиеге көнетін, ұйымдасатын — оқушы. Екі жақтың, яғни мұғалім мен оқушының, ынтасы болған жағдайда ғана оқыту əдістері нəтижелі болмақ. «Оқыту əдістерін» біз кейде «оқу əдістері» дейміз. Оның себебін оқу процесіндегі осы екі жақтық қызметтің болуымен жəне оқушылардың танымдық іс-əрекетімен түсіндіреміз.
Оқушылардың танымдық іс-əрекетіне байланысты оқыту əдістері əр түрлі болып келеді. «[...] өйткені оқытуда ең бастысы — оқушылардың танымдық іс-əрекеті» [1; 264]. Психология еңбектерінде адамның танымдық іс-əрекетінің репродуктивті, продуктивті жəне шығармашылық деп аталатын үш түрі аталады. Репродуктивті іс-əрекет бойынша пəн мұғалімі оқу материалын түсіндіреді жəне тапсырманы орындаудың жолдарын көрсетеді. «Дидактикалық көзқараста бұл əрекет бұрынғы өтілген материалдың бірнеше қайталануы, əр түрлі жаттығулар мен тапсырмалар орындау арқылы іске асады» [4].
Продуктивті іс-əрекет кезінде оқушылар жаңа білімді өз бетімен алуға тырысады. Шығармашылық іс-əрекеттің мақсаты — істің кенеттен шешілу жолдарын табу.
«...оқушылардың əр түрлі шығармашылық оқыту іс-əрекетінде мұғалім проблемалық ситуация туғызады, жаңа білімді игеруде оқушылардың ойлау, ізденіс іс-əрекетіне, олардың оқыту проблемасын өз бетімен немесе ұжымдасып шешуіне басшылық етеді» [1; 231].
Оқыту əдістерін жүйелеуде ғалымдар арасында бірыңғай көзқарас жоқ. «Біздің байқауымызша, оқыту əдістерін жіктеуді əрбір автор өзінше дəлелдейді. Мысалы, кейбіреулер оқыту əдістері жіктеудің негізгі етіп білім көзін, екінші біреулер дидактикалық міндеттерді, ал, қайсыбіреулер оқушылардың танымдық іс-əрекетін негізге алады т.б. Екіншіден, оқыту əдістері мен тəсілдерінің шекарасы жылжымалы болады деп жоғарыда айтылған. Сондықтан оқыту процесінде кейде əдіс тəсілге, ал тəсіл əдіске ауысып отырады. Үшіншіден, бір əдіс əр түрлі дидактикалық мақсаттарға қызмет етеді. Мысалы, əңгіме əдісі жаңа білімді меңгеру, білімді, іскерлікті дағдыны тексеру, дидактикалық міндеттерін шешуде қолданылады» [1; 274].
Орыс əдістемешілері Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин білім көзін негізге ала отырып, оқыту əдістерін сөздік əдіс, көрнекілік əдіс жəне практикалық əдіс деп үшке бөліп қарастыруды ұсынады. Сөздік əдіске əңгімелеу, əңгіме, түсіну, лекция, кітаппен жұмыс, көрнекілік əдіске демонстрация, иллюстрация, бақылау əдістері, практикалық əдіске лабораториялық жұмыс, практикалық жұмыс, графикалық жұмыс, графикалық жұмыс жəне əр түрлі жаттығулар жатқызылады. «Сөздік, көрнекілік жəне практикалық əдістер оқыту процесін ұйымдастыруда зор роль атқарады. Бірақ оқыту əдістерін жіктеудің мұндай жүйесі оқушылардың танымдық іс-əрекетін толық бейнелемейді»[1; 270].
Дидактикалық мақсат-міндеттерге орай И.А.Данилов, Б.П.Есипов əдіс түрлерін жаңа білімді меңгеру, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, білімді қолдану, білімді бекіту, шығармашылық іс- əрекетті дамыту, білімді тексеру жəне бағалау əдістері деп қарастырады.
М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер оқушылардың танымдық немесе логикалық ойлау іс-əрекетін негіз ете отырып, оқыту əдістерін түсіндірмелі-иллюстративті, репродуктивті, проблемалық баяндау, эвристикалық жəне зерттеу əдістері деп бөледі.
Ю.К.Бабанский оқыту əдістерін Е.Я.Голант, С.Г.Шаповаленко, Н.М.Верзилин, И.А.Данилов, Б.П.Есипов, М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер, тағы басқа əдістемешілердің классификацияларына сүйене отырып, кешенді түрде төмендегідей үш топқа бөледі:
- оқу-танымдық іс-əрекетті ұйымдастыру жəне іске асыру əдістері;
- оқу-танымдық іс-əрекеттің ынталандыру əдістері;
- оқу-танымдық іс-əрекеттің тиімділігін бақылау жəне өзін-өзі бақылау əдістері.
Оқу-танымдық іс-əрекетті ұйымдастыру жəне іске асыру əдістеріне сөздік əдістерін (əңгіме, əңгімелеу, лекция), көрнекілік əдістерін (иллюстрация, демонстрация, оқу теледидары), практикалық əдістерді (жазба жаттығулары, лабораториялық, практикалық жұмыстар, тəжірибе жəне бақылау т.б.), индуктивті жəне дедуктивті əдістер, репродуктивті, проблемалы ішінара іздену əдістері, өз бетінше жұмыс істеу əдістері жатады. Əдіскер Қ.Бітібаева оқу-танымдық іс-əрекетті ұйымдастыру жəне іске асыру əдістерін «Қазақ əдебиеті» пəні ерекшелігіне орай жүйелейді. «Əр топ бірнеше оқыту əдістерінен тұрады. Мысалы, 1-топтағы оқыту əдістеріне: сөздік (əңгіме, дəріс, пікірлесу), көрнекілік (иллюстрация, портрет, суреттеу, мүсіндеу), практикалық (поэтикалық талдау, көркем мəтінмен жұмыстар) əдістер жатады. Сондай-ақ репродуктивтік, эвристикалық əдістерді де осы топқа жатқызуға болады» [3; 12].
Ə.Қоңыратбаев өзінің «4–7 кластарда əдебиетті оқыту методикасы» əдістемелік құралында оқытудың түсіндірмелі оқу əдісі, баяндау əдісі, əңгіме əдісі, эксперимент əдісі, көрнекілік əдісі деген түрлерін баяндай отырып, сабақ жүйесіндегі кейбір жаңашыл ізденістерге тоқталады. Байқап отырсақ, Ю.К.Бабанский ұсынған əдістерден əңгіме, əңгімелеу (түсіндірмелі оқу əдісі), көрнекілік, тəжірибе жəне бақылау (эксперимент əдісі) əдістері аталған. Бірақ əдіскерлердің əдіс мазмұнына қатысты ұғым-түсініктері кейде əрқилы болады. Кейде бірдей, ал олардың атауына байланысты байламдары жеке-жеке болуы мүмкін.
Мəселен, Ə.Қоңыратбаев Қ.Бітібаева атаған «көркем мəтінмен жұмыс əдісін» əңгіме əдісіне, «дəріс əдісін» «баяндау əдісіне» жатқызады. «Əңгіме əдісі бойынша оқушылар көркем сөздің мазмұны (айту, оқу, жазу), тақырыбы, идеясы, образдары, тілі, композициясы жөнінде де өз түсініктерін айта білерліктей бағытта жұмыс істеуі тиіс» десе [5; 13], баяндау əдісі жөнінде «Бұл əдіс ІV–VІІ кластарда мұғалім сөзі (кіріспе сабақ), VІІІ–Х кластарда лекция түрінде қолданылады. Лекцияның өзара бөлінген жоспары болады. Мұғалім оқушыларды əуелі лекцияның мақсатымен таныстырып алып, соның бөлімдерін ретімен айтады, тақтаға фактілер мен даталарды жазады. Оны оқушылар көшіріп алған соң, екінші, үшінші, бесінші буындарға көшеді. Көп жағдайда лекция жоспары көрнекі құралға негізделеді. Лекцияның жалқы жəне жалпы қорытындылары болмақ. Кіріспе сөз бен лекция (өмірбаян, творчестволық жолы т.б.) сабақтың негізгі буыны емес, соған кірер есік қана. Алайда шығарманы оқып-талдауда лекцияның көмегі бар» [5; 12].
Ə.Қоңыратбаев түсіндірмелі оқу əдісін бастауыш мектеп оқуымен түсіндірсе, эксперимент əдісін бірнеше сағатқа құрылған көлемді мəтіндерді оқытуда тіркескен сабақ үлгілерін өткізумен байланыстырады. Бірақ түсіндірмелі оқуды бір ғана бастауыш мектеп методикасы деп түсінуге болмайтындығын, оның барлық пəнге қолданылуы мүмкін екендігін ескертеді. «Өйткені пəнді түсіндірмей үйрету мүмкін емес», — деп есептейді. «Алайда алғашқы текст түсінік тасасында қалар болса, ол баланы көркем текстен алыстатады», — деп тағы да пəн мұғалімін сақтандырады. Сондықтан əр сабақта, тіркескен сабақ тұсында да түрлі əдісті, атап айтсақ, түсіндірмелі əдісті, баяндау əдісін, əңгіме əдісін, көрнекілік əдісін ұштастыру қажеттігін алға тартады.
Көрнекілік əдісі болса, сабақтың оқыту, түсіндіру, жаттықтыру, үйрету, оқушылардың өздік жұмысы тұстарында қолданылатын көмекші тəсіл болып табылады. Мəселен, мұғалім сөзі, көрнекілік тəсіл ретінде сурет, хронологиялық кесте, схема, стенд, карта көрсету, қазіргі уақытта интерактивті тақта мүмкіндіктерін пайдалану түрінде көрінеді. Көрнекілік тəсілінің көрнекілік əдісі ретінде де қызметі болатындығын біз жоғарыда айтып өттік. Көрнекіліктің бір ғана лекция əдісіне ғана емес, барлық əдіс түрлеріне қатысы бар. Бұндай жағдайда көмекші тəсіл ретінде пайдаланылады. Көрнекілік, сондай-ақ дидактиканың басты шарттарының бірі болып табылады. Оны бүтіннің бөлшекке, бөлшектен бүтінге, жеңілден күрделіге, белгіліден белгісізге қарай оқытудың тəсілі деуге болады. «Көрнекілік əдісі материалды жүйелеп өтуге, білімді дағдыға айналдыруға көмектеседі. Оның негізінде бүтін-бөлшек-бүтін ғана емес, мұғалім-текст-бала дейтін біртұтас үш тезис тұрады.
Көрнекілік əдісінің негізі — көркем текст. Көрнекілік əдісінің түпкі мақсаты — қысқа да оңай жолмен, тиянақты білім беру» [5; 18].
Ə.Қоңыратбаев сабақты белсендіру, бағдарламалы оқыту, дамыта оқыту, əдістерінің оқыту процесінде орын алып отырғандығын айтып өтеді де, бұл ізденістер жайында əдістемешілердің методологиялық жақтан толық дəлелденбеген деген пікірлерін көлденең тартады.
Қ.Бітібаева өзінің «Əдебиетті оқыту əдістемесі мен технологиясы» атты оқулығында білім көзі негізінде жүйеленген сөздік, көрнекілік жəне практикалық əдіс түрлерімен бірге зерттеу əдісін де кесте ішінде көрсетеді [3; 12] де, олардың пайдаланылу тиімділігін саралайды. Дегенмен, Бітібаева Бабанскийдің оқу-танымдық іс-əрекетті ұйымдастыру жəне іске асыру əдістері жүйесінен көрнекілік əдісіне, репродуктивті əдіске, проблемалы ішінара іздену əдісіне, өз бетінше жұмыс істеу əдісіне ден қояды. Бұл ретте репродуктивті əдісті түсіндірмелі-репродуктивті əдіс терминімен ауыстырады. Сондай-ақ əдіскер əдебиетті оқытудағы көркемдеп оқу əдісі мен зерттеу əдісінің роліне баса назар аударады.
Көркемдеп оқу əдісі жөнінде: «Ол оқушының көркем шығарманы қабылдау белсенділігін, əсерлі сезімін дамытуда өте тиімді. Əдебиетті өнер деп танытуда, көркем туындыны өнер туындысы деп қабылдатуда, сөз қасиеті мен құдіретіне, оның эстетикалық нəзік нəріне тұшындыруда бұл əдіс алғашқы баспалдақ, яғни, көркем шығарманы оқушы жүрегіне бастайтын алғашқы сезім көпірі ретінде ежелден-ақ тиімді əдіс болып, мұғалімдер тəжірибесінен кең орын алуда» [3; 13], — дейді. Автор көркемдеп оқу əдісінің негізгі тəсілдерін төмендегіше атайды:
- мұғалімнің мəнерлеп, түсінік бере оқуы;
- көркем сөз шеберлерінің оқуы;
- күйтабақты, үнтаспаны тыңдау;
- жоспар жасату;
- негізгі оқиғаларға ат қойғызу;
- мəтінге жуық əңгімелету;
- көркем мəтінді оқу барысында иллюстрация, суреттер пайдалану;
- сценарий жасату;
- оқыған шығармалары бойынша пікір айтқыза білу.
Қ.Бітібаева əсіресе проблемалық оқыту əдісінің маңыздылығын ерекше атап көрсетеді. Оқушылардың таным белсенділігін, ойлау қызметін дамытуда, жетілдіруде, оларға өз бетінше қорытынды, тұжырым жасата білуде проблемалық оқытудың маңызы ерекше екендігін ескертеді.
Түсіндірмелі-репродуктивті əдістің білімді қысқа мерзім ішінде, барлық оқушыларды қамти отырып беретін мүмкіншілігін жəне сонымен қатар оқушының дербес ойлауы арқылы жүзеге асатын өзіндік жұмысқа кері əсері болатындығын баяндайды. Көрнекілік əдісінің де оң, теріс жақтарын саралайды. Ғалым əдебиетті оқытуда əдіс-тəсілдерді үйлестіре қолдануды да ұсынады. «Өзіндік əдісін көрнекілікпен, практикалық жұмыстармен астастырып немесе зерттеу əдісін түсіндірмелі əдіспен үйлестіре пайдаланудың маңызы зор болмақ (əрине, қандай əдістерді қалай пайдалану сабақ мақсатына байланысты туындайды). Ал кейде практикалық, танымдық-іздендіруші əдістерді көрнекілік əдіспен үйлестіре пайдалануға болады. Əдіс-тəсілдерді үйлестіре қолдану — оқушылар еңбегін ғылыми, тиімді түрде ұйымдастырудың маңызды бір саласы» [3; 15].
Педагогикалық еңбектерге жүгінсек, оқыту əдістерінің пайдаланылуы сабақ мақсатына ғана байланысты туындамайды екен. Оқыту əдістерін таңдап алу үшін басшылыққа алынатын өлшемдер төмендегідей:
- оқыту заңдылықтары мен принциптеріне сəйкестігі;
- дидактикалық мақсаттар мен міндеттерге сəйкестігі;
- тақырып мазмұнына сəйкестігі;
- оқушылардың оқу мүмкіндіктеріне (жас жəне дербес ерекшеліктеріне) сəйкестігі;
- мұғалімдердің мүмкіншіліктеріне сəйкестігі (тəжірибесі, білімі, қабілеті, жалпы білімдарлығы т.б.);
- мектептің материалдық жəне техникалық базасына сəйкестігі;
- сыртқы жағдайлардың ерекшеліктеріне сəйкестігі [1; 275].
Бұл тұста оқыту əдістерінің сыртқы жағдайлардың ерекшеліктеріне сəйкестігін түсіндіре кеткен жөн. Əдебиетті оқыту əдістерін қалалы жерде ақындар мен жазушылардың, əдебиеттанушы- ғалымдардың мұражайларына экскурсия жасау, ауылды жерде табиғат аясына саяхатқа шығу арқылы да түрлендіруге болады. Мұражайларда əңгіме, дəріс, пікірлесу, көрнекілік əдістері ұштастырылса, табиғат аясында ақындардың табиғат лирикасы бойынша поэтикалық талдау, көркемдеп оқу т.с.с əдістер жүзеге асырылмақ.
«Қазақ əдебиеті» сабақтарында бірнеше əдіс-тəсілді ұштастыру мүмкіндігін Қ.Бітібаеваның «Абай шығармашылығын оқыту» кітабының «Сабақ түрлері (жоғарғы сыныптар)» бөліміндегі «Абайдың саяси-əлеуметтік лирикасы» атты интеграциялық оқытуды басшылыққа алған іздендіру сабағы тапсырмалары мен жабдығы негізінде түсіндіруді жөн көріп отырмыз. Əрі кітаптың қалың жұртшылық қолына түсе бермейтіндігін ескергендіктен жəне тамаша əдіскер, ұстаз, ғалым ұсынған тапсырмалардың аталмыш тақырыпта сабақ өткізуде үлгі боларын, ой салып, бағыт сілтерін болжағандығымыздан оларды көлемділігіне қарамай тұтас беруді жөн санадық. Ескерте кететін жайт, тапсырмалар үйге алдын ала беріледі.
І. Жалпы сыныптық тапсырма.
- М.Е.Салтыков-Щедрин шығармашылығына шолу, оның «Бір қаланың тарихы» атты роман-ертегісі көтерген саяси-əлеуметтік проблемалары.
- Жұмыстың түрі — диалогтік əңгіме, пікірлесу (орыс əдебиеті мұғалімі əзірлейді).
ІІ. Топтық тапсырма.
- М.Əуезовтің ғылыми мақалалары бойынша тезис-конспект жазып, сынаққа дайындау.
- Жұмыстың түрі — сынақ. Еңбектер:
а) «Традиции русского реализма и казахская дореволюционная литература» (І-топқа);
ə) «Народность и реализм Абая» (ІІ-топқа);
б) «Абай Құнанбаев» (монография)(ІII-топқа).
ІІІ. Жалпы сыныптық тапсырма.
«Болыс болдым, мінеки», «Мəз болады болысың» өлеңдеріне əдеби талдау.
Жұмыстың түрі — болыстарға дəйексөзді мінездеме. Жұмыс келесі үлгіде орындалады.
ІV. Индивидуалдық тапсырма.
Абай жəне Салтыков-Шедрин.
Жұмыстың түрі — салыстырмалы талдау, өз пікірін қорғау. Үлгі:
Ғылыми материалдармен жұмыс. И.В.Вострышев. «Великий русский сатирик».
Жұмыстың түрі — жазушы сатирасы туралы қысқаша хабарлама.
Сабақтың жабдығы:
- Кукрыниксылар салған иллюстрациядан фотомонтаж (Салтыков-Щедрин шығармашылығы бойынша).
- Салтыков-Щедрин туралы кесте-плакат.
- Ғалымдар еңбектерінен карточкалар жасалынып пайдаланылды.
Байқап отырғанымыздай, Бітібаеваның интеграциялық оқытуды басшылыққа алған іздендіру сабағында диалогтік əңгіме, əңгімелеу, пікірлесу, көрнекілік (иллюстрация, портрет, суреттеу), проблемалы ішінара іздену əдістері, өз бетінше жұмыс істеу əдістері, зерттеу əдісі, поэтикалық талдау, көркем мəтінмен жұмыс əдістері өзара үйлестіріле қолданылған.
Əдіскер-ұстаз өз тарапынан сабақта пайдаланылған ең басты əдіс-тəсіл салыстыру, іздендіру мазмұнындағы проблемалық сипаттағы тапсырмалар екендігін атап көрсетеді.
Əдебиеттер тізімі
- Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. — Алматы: Эверо, 2004. — 420 б.
- Əдістеме əлемінде. — Алматы: Сардар, 2008. — 368 б.
- Бітібаева Қ. Əдебиетті оқыту əдістемесі мен технологиясы. — Алматы: Мектеп, 2003. — 336 б.
- Педагогика. Дəріс курсы. — Алматы: Нұрлы əлем, 2003. — 263-б.
- Қоңыратбаев Ə. 4–7 кластарда əдебиетті оқыту методикасы. — Алматы: Мектеп, 1987. — 176 б.