Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Халқымыздың əдеби өмірінде елеулі із қалдырған айтыс ақыны Сүйінбай Аронұлы

 Кіріспе

Сүйінбай Аронұлы заманында асқан айтыскер болып танылған дара дарын. Ол қырғызда — Қатаған, Арыстанбекпен; қазақта — Тезек төре, Қаңтарбай, Кескенкекіл, Күнбала, Уəзипа, Тəтті қыз, Жантаймен айтысқан. Өкініші, бұл айтыстардың біразы сақталмаған.

Сүйінбайдың Қарғамен, Тезек төремен, Қаңтарбаймен, Кескенкекілмен, Күнбаламен, Уəзипамен, Қатағанмен айтысы сақталып жеткен бүгінге. Сол айтыстың қай-қайсысында да Сүйінбайдың ақындық мұраты анық көрініп тұрады: байды мінеп, кедейді қорғайды; ел арасындағы бірлікті жырлайды; əділдікті жəне батырлықты дəріптейді. Бұл айтыстар — Сүйінбай Аронұлының сөзге ұтымды, мін тағуға шебер, логикасы басым, шешен екеніне куə.

Сүйінбай айтыстарының XIX ғасыр ақындары айтыстарының ішінде бір төбе жоғары тұруы —бұл оның айтыстарының мəнділігі мен тіл өткірлігіне тіреледі.

Сүйінбайдың балалық шағын — Қарға ауызынан баяндатқан айтыс.

Бірде он екі жасар Сүйінбай Майтөбе жайлауының бауырындағы Керегетаста қозы бағып зарлап өлең айтып отырғанда жартасқа бір қонып, бір ұшып, біріне-бірі кезек бермей шуылдасқан қарғаны көреді. Содан өзін қарғамен айтыстырады [1; 107–109]:

 Сүйінбай:

Ассалаумағалайкум, қара қарға!

Ұялап, ұя сапсың биік жарға.

Шуылдап, ертелі-кеш бас қатырдың,

Арыз тыңдар еліңде биің бар ма?!

 Қаңқылдап, екеу ара дес бермейсің,

Еншіге бөліспеген үйің бар ма?!

Қой бағып, ешкі қуып қалжыраған, Бір жұтым,

Мен сорлыға суың бар ма?

Қарға:

Уағаликумассалам, Сүйінбайым,

Белгілі біз пақырға сенің жайың.

Бір жұтым суды бізден сұрасаңыз,

Аллаға мың шүкірлік мен қылайын.

Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,

Жазуына кім қарсы жазған қақтың?!

Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,

Абиырыңды жапырақпен əрең жаптың!

Сені жеген жауызға біз қас болып,

Тор салып, қақпан құрып, талай қақтым.

 Мен-дағы сен секілді сорлы жанмын,

Баяны, тұрағы жоқ жүрген аңмын.

Сүйкімсіз түрімізге ісіміз сай,

Ісіне жаратқанның мен де таңмын.

Егерде арыз тыңдар биім болса,

Ақ сарайдай іші кең үйім болса,

Бала-шағам шаттанып жүрмес пе еді,

Су берер саған, достым,күйім болса.

Əрі қарай қарға олардың да ішінен жуан шыққанын; шəу қарға, қара қарға, құзғын қарға деген үш руға бөлінгенін; сөйтіп, үшеу ара соғысқанын; бірліктен айырылғанын баяндайды:

Қарға:

Қарға деген ел едік қарқылдаған,

Қар жауып, боран соқса, жалпылдаған.

Ауызбірлік бізде де болушы еді,

Үлкен айтса, бас изеп мақұлдаған.

Біздің де ішімізден жуан шықты,

Бөлінген ру басы Дуан шықты.

Шəу қарға, қара қарға, құзғын қарға,

Деп атап таңба басты Дуан мықты.

 Руға бөлінген соң үшеу ара,

Мықтылар жеке шықты бізден дара.

Сойыл соқ, садақпен ат, қылышпен шап, —

Деп айтты əмір беріп біздің қара.

Сорлымын, соның бірі — мені қара,

Өзім сау тұрғаныммен, ішім жара.

Жазуы жаратқанның солай шығар,

Ісіне құдіреттің бар ма шара?!

 Сүйінбай қарғаға бүйтіп берекесіз шулағанша, бірігіп егін сал, басыңды қос, əділ жəне турашыл бол дейді:

 Сүйінбай:

Естідім хал-жайыңды, қарға жаным,

Есіркер менің-дағы бар ма халім?!

Ел ішінде көп екен құзғын-құмай,

Қан сорғыш, тілі майда өңшең залым.

 Күн көру осы күні оңай емес,

Теңдік-ау біз пақырға болар елес.

Қазанның, қайда барсаң, құлағы төрт,

Егін сап, бірлік құр деп берем кеңес.

 Бауырым, содан басқа лажым жоқ

Болады тым құрыса, тамағың тоқ.

Арманшыл Асан қайғы данаға да,

Атылған екен дейді бір тажал оқ.

 Қайда барсаң — бір өлім, ойласаңыз,

Шариғатта «теңдік бар», тыңдасаңыз.

Өлең деген қаруды барымта ғып,

Жиын-тойда көппенен сыйласамыз.

 Бой жеткен ханшаға өлең айтып,

Керегенің көгінен сырласамыз.

Дүние өсіп тұрған бір бəйтерек,

Кетеді шыңға құлап ырғасаңыз.

 Қарғажан, саған қояр біздің тілек,

Өлмек емес мəңгілік адал жүрек.

Дүниеге күліп келсең, күлдіріп өт,

Соны сенен сұрайды достың ерек.

 Қарғажан, қозым кетті шыңға таман,

Қайырып түгендейін есен-аман.

Жоғалып я біреуі, яки өлсе,

Орнайды басымызға ақыр заман.

 Қарғажан, қош болып тұр есен-аман,

Аман-саулық біліп тұр, келсе шамаң.

Немесе, мақшар күні кездесерміз,

Күн туып көрісетін болса заман.

Айтыс өнеріндегі осы алғашқы адымынан-ақ Сүйінбайдың ақындық беті танылады. Жас ақын өмірден философиялық ойлар түйіп, қоғамның əлеуметтік мəселелерін (кедейшілік, ауыр тұрмыс, ауызбіршіліктің жоқтығы) көтереді.

Осылайша Сүйінбай 12 жасында өмір шындығын батыл да бейнелі тілмен айта алған болса, кемел шағында ол өткір, көреген, ақпа ақын болғаны айдан анық. Өткірлік, көрегендік, ақпалық қасиеттер — тек дүлдүл шешенге тəн қасиеттер.

Сүйінбайдың Қаңтарбаймен сайысқа түсуі

Сүйінбай Аронұлының бір күрделі айтысы — ол Қаңтарбаймен сайысқа түскені [1; 117].

Əлеуметтік қайшылыққа, өмір жайлы толғанысқа толы бұл айтыстың жөні бөлек. Екі ақын да бар мүмкіндігінше толғанады; іштей түлеп, шиыршық атып, бір-біріне қарсы тұрады. Мүлт кетер, кідіріп қалар, сөзден тосылар ұрымтал жерді аңдиды. Айтыс өте бір шиеленіскен қызық жағдайда өтеді.

Албан жəне Дулат руларының көптігін айтып састырмақ болған Қаңтарбайға Сүйінбай Екей руы аз болса да, оның Сұраншыдай батыры бар екенін, талай жауды тойтарғанын мадақтайды. Ол Албан мен Дулатқа да қорған болғанын айтады:

 Қаңтарбай:

Міне, отыр Сыпатайым он бір батпан,

Дұшпанның ерегіссе көңілі қайтқан.

Болғанмен өзім кедей, ел-жұртым бай,

Жауарбай сексен нарға көген артқан.

 Кетпей ме ашуланса елім қаптап,

Кетеді қаптаған соң жерге таптап,

Қасқа аттың төбеліндей кедей едің,

Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап.

Сүйінбай:

Сұраншым отыр, міне, судай тасып,

Сарыкемерді жау келіп шапқанында,

Сыпатай босып кеткен шөлге қашып.

«Мың қарғаға — бір кесек» болған кезде,

Сұраншы майдан қылған араласып,

Батырдың ызғарына шыдай алмай,

Далбаңдап Орман қашқан таудан асып.

 Сарыкемерге атойлап,

Қоқандар келіп шапқанда,

Дұшпаннан кек ала алмай,

Сені құдай атқанда,

Үйіңде тыныш жатқанда,

Қырбасыңның қыздарын

Қызыл нарға мінгізіп,

Жаулар алып қашқанда

Сұраншы батыр айырып,

Ерлігін сонда білгізген.

Сондағы қорқақ сен едің,

Жауға шапқан мен едім.

Албан, Дулат жиылып,

Сұраншының алдына

Жылап, еңіреп кеп едің...

Бұл айтыста Сүйінбай өзінің ақындық өнерін асырып, Қаңтарбайды жеңіп кетеді.

Сүйінбайдың Тезек төремен кездесіп, дидарласуы

Сүйінбай шығармаларының ішінде өзінің мəнділігімен ерекше көзге түсетіні — оның Тезек төремен кездесіп, дидарласуы. Мұның өзі əлеуметтік мəні жағынан екі ақынның айтысы деуден гөрі, елдегі қоғамдық екі тап өкілінің саяси тартысы деуге тұрарлық шығарма. Себебі айтыста екі ақын жарысқа түспейді. Мұнда бір-бірінен жыр өнерін асыру мақсаты қойылмайды. Ашықтан-ашық қоғамдық екі тап өкілі егеседі. Қара халық, еңбекші ел атынан бұқара тілегін көтере Сүйінбай шықса, Тезек төре өз табының туын ұстап, тіл безейді. Қоғамдық екі таптың өкілі белдесіп, саяси сайысқа түседі [2; 579].

Бұл жерде «Тезек төре кім еді? деген сұрақ жөнді сияқты. Тезек төре Нұралыұлы 1821 жылы туып, 1879 жылы 58 жасында қайтыс болған. Ол өмірінің соңына дейін Жетісу облысы, Қапал уезі, Алтынемел болысында тұрған. Ресей патшасының Жетісу жерін отарлау саясатына белсене араласқан. Сол үшін 1850 жылы «За усердие» деген жазуы бар мойынға іліп жүретін алтын медаль алған, 1858 жылы қазақ арасында қатаң тəртіп орнатуға көмектескені үшін генерал-губернатор Гасфорд оған поручик əскери атағын береді жəне күмістелген семсер, алтын портупея ұсынады. 1859 жылы капитан деген əскери шенге ие болады, 1861 жылы Қырғызстандағы Бішкекті жəне Тоқмақты орыс əскерінің басып алуына көмектескені үшін Тезек төреге полковник шені беріледі. 1864 жылы Алатау округінің генерал-майоры Г.А.Колпаковский оған «За храбрость» деген жазуы бар алтын қылыш береді.

Тезек төре 1847–1867 жылдары 20 жыл бойы үздіксіз аға сұлтан болған. Сол аралықта ол жергілікті қазақтарға шектен шыққан зорлық-зомбылықтар көрсеткен, барымта алған, ру тартысын үдеткен, ұлтараздықтарын қоздырған. Сөйтіп, патшаның шығыстағы сақшысы атанған. Міне, осындай патша үкіметі қолдаған қатыгез аға сұлтанға қарсы келген Сүйінбай еді.

Көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, Сүйінбай Тезек төренің алдына, онымен айтысқанға дейін, бірнеше рет əділдік іздеп барады. Бірақ Тезек төре Сүйінбайдың сөзін емес, зорлық жасаушы мықтылардың сөзін сөйлейді. Соған байланысты Сүйінбай Тезектің əділеттен тайғаны туралы ойын өлеңмен айтқанда, Тезек төре де оған өлеңмен жауап қайтарады. Өлеңмен қайтарған жауабында да Тезек зорлық жасап, Сүйінбайға есе бермей қояды. Ақын Тезектің зорлығына төзе алмай, оны сүріндірудің, реті келсе, жығудың жолын іздейді. Ақыры, оңтайлы жағдай да туады. Тезектің ұрыларынан əбден запы болған елдің жігіттерімен тілдесіп, ойласқан ақын сəтті кезеңді іштей күтіп едəуір уақыт жүріп қалады. Бір күні таң ала көбеңнен Сүйінбай жатқан үйге уəделі жігіттерден хабаршы келеді. Хабаршы Тезек төренің түнгі жортуылға шыққан екі баукеспе ұрысының бірінің басы жарылып, екіншісінің қолы сынып келгеніне көп болмағанын, төренің үйіне жаңадан кіргенін айтады. Тезек төре мен оның екі ұрысы бас қосып тұрған сəтінде, үйге Сүйінбай ақын кіріп келеді. Сыртта, үй сыртында ақынға тілеулес бірлі-жарым ел азаматтары тұрады [3].

Жұмсақ құс мамықтың үстінде төңкеріліп жатқан Тезек төре Сүйінбайға былай дейді [1; 110–116]:

 Мен едім Абылайдың хан Тезегі,

Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.

Ордаға құл мен құтан басып кірген,

Құдайдың бұ да болса бір кезегі.

Арғы атам Əділ төре Абылайдан,

Үш жүздің баласына даңқын жайған.

Тінтушідей ордаға кіріп келдің,

Сұраймын аты-жөнің, келдің қайдан?!

Қараша хан Əділге бұрын барған,

Бергін деп бір балаңды қолқа салған.

Баламды аяқ асты қыласың деп,

Хан Əділ Қарашаға бермей қалған.

 Қараша тағы барған қайта айналып,

Хансыз ел күн көре ме естен танып.

Беріпті Ұлы жүзге сонан мені,

Досымның кете ме деп көңілі қалып.

Орта жүз Ұлы жүзден төмен екен,

Атаммен сертке тамақ жеген екен.

Кімде-кім ұлықсатсыз басып кірсе,

Ат-шапан айып болсын деген екен.

 Осындай хан атамның жарлығы бар,

Есіктің сол себепті тарлығы бар.

Айыпқа ат-шапанды кесті деген,

Əкемнің əуел бастан салығы бар.

 Жылкелді, бұған кісен салмаймысың,

Бапау, сен ат-шапанын алмаймысың?!

Артына таңып тастап екі қолын,

Алып барып зынданға салмаймысың.

 Төрт қазық аяғына қақпаймысың,

Денесін отқа ертеп жақпаймысың!

Абылай жазалыны қайтушы еді,

Жазасын бұл жазғанның таппаймысың?!

 Осы жерде Сүйінбай Тезектің жүрегіне сөзден найза қадап:

Келіп едім, хан Тезек, көрейін деп,

Сəлемін пайғамбардың берейін деп.

Аттандырған екі ұрың қолға түсіп,

Хан тақсыр, отырмысың өлейін деп.

 Ассалаумағалейкүм, Тезек төре!

Елден жылқы қоймаған кезеп төре.

Телі менен тентекті тыят десе,

Өзің ұрлық қыласың, əттегене!

 Хан Тезек, төремін деп дүрілдейсің,

Қожаны ақ сəлделі пірім дейсің.

Үйіңе Жылкелді мен Бапау келсе,

Болғандай əжің қабыл күлімдейсің.

 Хан Тезек, қарамысың, төремісің,

емесең ұрлық етін өлемісің?!

Жетім мен жесірлердің ақысын жеп,

Барғанда ақыретке беремісің?!

 Албан, Дулат, Шапырашты ел емес пе,

Ел деген шалқып жатқан көл емес пе?!

Көл толқыса көбігін кетер басып,

Бетіндегі көбігі төре емес пе?!

Төре сайтан болғанда, көп періште,

Бір сайтанды қаққан да пері емес пе?! —

 деп, антыққан төренің тасыған көңілін сілтідей тындырады. Ақын Тезек төренің елді əділет жолында билеумен шұғылданбай, ұрлық-зорлықпен айналысып, азып кеткенін бетіне басады. Басбұзар тентектер мен ұры-қарыларды тию орнына оларға өзі қосыла тонап, ел берекесін кетіріп, халық қайғысын көбейтіп жатқанына наразылық білдіреді.

Жеңілерін білген Тезек Сүйінбайға менің сарай ақыным болсаң етті деп тілек қояды:

Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,

Хан Əділдің кезінде Түбек тұр-ау!

«Əр заманның бар,— дейді,— сұрқылтайы»,

Сұрқылтайым менің де екен мынау.

 Атадан емес еді жолым өзге,

Болмады тоқтамасқа мына сөзге.

Үні өткір, өзі де бір зар жақ екен,

Жасырмай барлық шынды айтты көзге.

 Сүйінбай тегін емес, қызыр көрген,

Қол жайып, жаман болмас бата берген

Жылкелді, бір қой əкеп, бата сұра,

Құтпанын ап қалалық осыменен.

 Сүйінбай ханның қара басын мақтайтын жағымпаз, жалтақ жыршы бола алмайтынын, халықтың қамын ойлайтын бұқарашыл екенін айтады. Онда «менің əйелімді, қыздарымды мақтап өлең айт», — дейді Тезек төре:

Жамандап келдің-дағы, даттап болдың,

Жақсылығын кейінге сақтап қойдың.

Қатыным мынау менің, қарақтарым,

Аз ғана қыздарымды мақтап қойғын.

 Сонда Сүйінбай оған бетің бар, жүзің бар демей:

Тақсыр-ау, сіздің қызда жаман бар ма,

Жаманды жаман дейтін заман бар ма?

Бағасы бес тиындық біреуі жоқ,

Болған соң ханның қызы амал бар ма?!

 Хан Тезек, кейкі сары ханымыңыз,

Сүйінбай екенімді таныдыңыз.

Долданып тап бермегін қылышыңа,

Жасырмай айтып берсек анығын біз.

 Ері еді Дəнекердің Жарылқамыс,

Қазаққа солай деген кетті дабыс.

Бақайын өз қойшыңның өзің талап,

Мақта деп тірі отырсың, етпей намыс.

 Ол күнде жақын еді біздің ауыл,

Қиянат момындарға салдың дауыл.

Мақтайтын Дəнекердің, қай жері бар,

Жайдақтап əркім мінген бұл бір жауыр.

Хан Тезек, осы күнде асуыңды-ай,

Суындай Сусамырдың тасуыңды-ай!

Қатының басы жалпақ, мұрны кейкі,

Жатуға мен де бірге шошырмын-ай! —

 деп, Тезек төренің қыздарын да, Дəнекер деген əйелін де оңдырмай суреттеп шығады.

Ел сүйетін даңқты ақыннан Тезек төре кешірім сұрайды. Тек мынау өлеңіңді елге жайып жіберме деп өтінеді. Төренің жігіттері бір ат əкеп, көлденең тартады. Сонда Сүйінбай атқа қарап тұрып былай өлеңдетіпті:

 Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмаймын,

Мен бірақ көргенімді жасырмаймын.

Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,

Басымнан ұшқан құсты асырмаймын!

Төресің жер мен көктей елмен араң,

Ел жаңа елу жылда, жүз жыл қазан,

Атың да, шапаның да бəрі өзіңе,

Келгенше екі айналып тұрғын аман!

 Жетісу жұртын бір шыбықпен айдаған қаһарлы да қатал, XIX ғасырдағы Ұлы жүз елі, Албан мен Суан тайпасының аға сұлтаны Тезек төре найзағайдың отындай жарқылдаған Сүйінбайдың сөзіне амалсыз тоқтапты. Өйткені ақынның жалғыз емес екенін, оның артында қара ормандай халық тұрғанын жақсы білсе керек.

Бұл жерде тағы бір ескерте кететін жай, Тезек төре мен Сүйінбайдың сөз сайысын айтыс деуден гөрі, қақтығысу деп атаған орынды. Шындығында Тезекте үлкен ақындық талант жоқ. Алайда ол өзін «ақынмын» деп санағаны сөзсіз. Тезек төренің ұйқасы бар, нəрі жоқ, ырғағы бар, ойы жоқ нашар өлеңіне Сүйінбай тасқынды жырларымен жауап бергенін байқаймыз.

Қорыта айтқанда, Сүйінбайдың Тезек төремен қақтығысуы оның ақындығының халықтық сипатын мейлінше анық көрсетеді.

Сүйінбай мен Қатағанның айтысы – тынысы кең, өрелі айтыс

Айтыс өнерінде Сүйінбайдың атын шырқау биікке көтерген Қатағанмен сайысы [1; 125–133]. Өйткені Сүйінбай қазақ халқына қандай танымал болса, Қатаған да қырғыз еліне мəшһүр ақын екен. Екеуі екі елдің тілі, тілегі, мұрат-мақсатындай болған. Қай ел өзінің атақ-абыройын төмендеткісі келеді. Қазақтар Сүйінбай мықты ақын десе, қырғыздар Қатағанды кем соқты демеген. Қатағанды жоғары бағалаған ел-жұрты оны «Арыстан, Арыстанбай» деп атаған [4; 310].

Сүйінбай мен Қатағанның айтысы тартыс-таласы мол, қақтығысқа толы жағдайда өтеді. Осы айтыс туралы көптеген зерттеу еңбектерінің авторы Сұлтанғали Садырбайұлы өзінің «Өлең — сөздің жарық жұлдызы» атты мақаласында былай жазады: «Асылы, бұл айтыстың өтілу тарихын əркім əрқалай баяндайды. Мəселен, Жамбыл Сүйінбай мен Қатаған Орман ханның анасына арналған аста айтысыпты десе; Жамбылдың шəкірті Өмірзақ Қарғабаев аталған екі ақынның бұл айтысы қырғыздың шоң манабы Алыбайдың асында айтылған деп түсіндіреді.

«Мен Қырғыз Ғылым академиясы Тіл жəне əдебиет институтының қолжазбалар қорында Сүйінбай мен Қатағанның айтысына қатысты бірнеше нұсқасын қарадым. Соның бірі бұл айтыстың тарихын былай деп баяндайды: 1847 жылы, томаға тұйық, хандық қозғалыстың кейбір басшылары Шу өзенінің жағасындағы қырғыз еліне жəбір көрсетеді, бірнеше ауылдар зардап шегеді, кісі өлімі болады, ақыры өздері де жазаға ұшырайды.

Осы бір трагедиядан соң, бір жыл өтеді: енді екі елдің арасында өкпе-наз қалмасын, достық, туысқандық салтымызды сақтап, Ыстықкөлдің жағасына жиналалық, ат жарыстырып, ақындарымызды айтыстырып, тамашалап тарасалық деген екі жақтан ұсыныс болады. Осыған орай, 1848 жылы жазда, уағдалы жерде, қазақ-қырғыз елінің беделді уəкілдері бас қосқан үлкен ас болады. Асқа қатынасушылар: «Бұдан былай екі елдің бауырластық бесігіне ешкімнің қолы тимесін» деген тоқтамға келеді.

Астың төртінші күнінде екі елдің көрнекті адамдары Орман ханның жүз кісілік шатырына жиналады. Мəслихатты Қара Бəйтік басқарады.

– Қазақ халқының игі жақсылары! Құмырсқадай қаптаған мына отырған қырғыз-қазаққа алыстан келген ақының сəлем берсін», — дейді [5].

Сүйінбай өлеңмен амандасып, көпшілікке, халыққа былай сəлем береді:

 Ассалаумағалайкүм, сəлем бердік,

Мүбəрəк жүздеріңді жаңа көрдік.

Атақты ас, жиыныңды құттықтауға

Бауырлас қырғыз елі, саған келдік.

Жүйріктер жеткізбейді қою шаңға,

Қосылар қырағылар қашқан аңға.

Хан Жантай, Қара Бəйтік,

Əтекеңе, Келіп ем сəлемдесе Орман ханға.

Атаңыз ер-ақ еді, батыр Жантай,

Түлкідей қиядағы қызыл алтай.

Толықсыған сендерге кездесем деп,

Думанды осы тойды күттік алты ай!..

 Сүйінбай осылай деп тоқтағанда, Бəйтіктің тасасында отырған қағлез, қайыстай қара жігіт қарғып тұрып, қолына домбырасын алып айғай салады.

Бұл — қырғыздың ақыны Қатаған еді. Ол (қырғыз мақамымен):

 Сүйінбай, тоқтат сөзіңді,

Ояйын ба көзіңді!

Ақынмын деп ойлайсың,

Мен тұрғанда өзіңді.

Қисық ағаш кездесті,

Бір құрайын тезімді.

Сыртыңнан іздеп жүруші ем,

Келтірді құдай кезіңді.

Барың болса қарышта,

Барар жерің сезілді.

Қатағанды байқамай,

Түстің бе, бəлем, қолыма!

Сояйын мес қып теріңді.

Тырнағыма іліндің,

Күтірлетіп шайнайын,

Қыбырлаған жеріңді.

Көрмеймісің, Сүйінбай,

Қазып қойған көріңді!?

Ажал айдап келген соң,

Саған өлім тегін-ді.

Келіп қапсың байқамай,

Өлетұғын жеріңді.

Шалғың келіп отыр ма,

Қаражалым, қызғышым,

Хан Орман, Бəйтік бегімді?!

Тентіреп жүріп қаңғырып,

Былғама шалқар көлімді.

Менің атым Қатаған,

Қоңырбайдың асында

Бес жүз жылқы матаған.

Сүйінбай ақын тəуір деп,

Мұның несін атаған.

Аяғыңды тарта бас,

Қырсықты жерің таянған.

Қатағанға, Сүйінбай,

Ұрындың келіп қайтадан.

Қырғыздан шыққан жүйрікпін,

Құс мойынды, қоян жон,

Тұлпардан туған жатаған.

Өз мініңді айтқызып,

Бай-мырзаңды құса ғып,

Өлтірерсің қападан.

Сүйінбай, сенен жеңілсем,

Қатаған болмай қатайын,

Көкшешектен жатайын.

Тышқанды көрген бидайық,

Табанға салып таптайын.

Сары жайлы сабазбын,

Қос өкпеңнен атайын.

Жетім құрыш қылышпен

Маңдайыңды қақ жарып,

Қаныңды судай шашайын.

Хандар соққан құрышпын,

Тастан неге қайтайын?!

Байлығымды айтайын,

Көптігімді айтайын,

Тұлпар аттай жайладым,

Сүйінбайдың үстінен,

Саяғым аман тұрғанда,

Алар ма еді таяғын.

Талай ақын қаңғырып,

Қолға түскен құл болып,

Құшақтаған аяғын.

Тексіз бір жүрген пендесің,

Бұрынғы мен соңғыда,

Оңалып еді қаяғың?!

Қалай келді шабысым,

Сүйінбай батыр аңласын.

Қыр желкеңнен шабайын,

Саңлақпын деп айтып ең,

Қимылдашы, қарайын!..

 Қатағанның екпінінен жасқанған Сүйінбай қазақтың жақсыларына жалтақтап қарай береді. Сол кезде шешен Бөлтірік батыр Тезек төреге: «Ей, төрем, көтер басыңды, қаныңды қашырма. Сүйінбай өлең таппай, сөз таппай отыр дейсің бе, булығып отыр. Сүйінжан, шығар даусыңды» дегенде, — Сүйінбай сілкініп шығады [6]:

 Қашырма, төрем, қаныңды!

Кіргізейін жаныңды.

Қатағаннан жеңілсем,

Талап алғын малымды.

Іздегенім осы еді,

Өз-өзінен қағынып,

Қатаған сөзден жаңылды,

Қызып тұрған темірге,

Өзі келіп қарылды.

Жетім құрыш қылышпын,

Алтыннан соққан сабымды.

Наркескенге жолықтың,

Шашармын судай қаныңды!

Қабағын шытса Сүйінбай,

Тарту қылып тартарсың,

Қойныңдағы жарыңды.

Айдап келіп берерсің,

Алдыңдағы малыңды,

Малың түгіл барыңды.

Аққу құстай ұшайын,

Аяғыңды тосайын.

Баймын деп айттың, Қатаған,

Бұл сөзіңді ұстайын.

Байлығың сенің қайда бар,

Талқан-көже ішкенің.

Аз да болса жуаным.

Халықтың атын былғама,

Бүтін дүние жүзінде,

Шөгіп жатқан мұнармын.

Онан да əрі барайын,

Алды-артыма қарайын.

Осындай жиын-тойларда,

Көтерілген талайым.

Тұяғы қызған тұлпардың

Көре алмассың маңайын, — деп, Сүйінбай асқақтап кетеді.

Осы айтыста ұлы ақын күллі қазақ халқын біртұтас алып қарайды, бөлшектемейді. Сүйінбай Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзді бір анадан, бір атадан тараған біртұтас ұлт, қалыптасқан халық деп санайды. Ол өз сөзінде Алатауды, Сарыарқаны, Еділ-Жайықты жайлаған елдердің өздеріне тəн жақсы қасиеттерін атап-атап айтады. Мысалы:

Іле өзенін жерлеген,

Сыр суындай өрлеген,

Дұшпанға намыс бермеген,

Бақ дəулеті кернеген,

Он екі ата Жалайыр,

Аршынға қолын сермеген,

Маңына дұшпан келмеген.

Тұлпар аттар сол елде

, Ақ ордаға бағылып,

Дорбадан тұрып жем жеген.

Алтынды шашақ найзалы

, Батыр десең сол елде,

Найзамен шаншып ет жеген.

Ажалдан бұрын өледі

, Ыңғайына көнбеген.

Сұлу деген сол жерде,

Ерлерін сыйлап, қадірлеп

Ашпаған бетін пернеден...

Батырлары жасанып,

Аттары кетпес кермеден.

Онан бері Ыстым бар

Алатаудай күштім бар.

Меніменен егессең,

Ұрармын жерге доптайын!

 Былай барсаң, Шымырым,

Шымырымды қозғасам,

Шығып кетер шыбының.

Кең жаратқан елімді,

Кесегінен кертейін.

Аспанға шығып шарықтап,

Қанатымды серпейін.

Жанып тұрған жалынмын,

Сүйегіңді ертейін.

Таусылмайды айтқанмен,

Жалпақ жатқан Ұлы жүз.

 Қай тайпаны, қай атаны ауызға салса да данышпан ақын сөздің сырлысын, суреттің сұлуын табады. Асқақтата айтады:

 Былай барсам Найманым,

Құлашты кең жайғаным.

Аш көзіңді тайсалмай,

Ажалы жеткен қарғасың,

Бүркітпенен ойнадың,

Түлкілікті қоймадың,

Сүйінбай-сынды ақынды

Жеңемін деп ойладың.

 Онан əрі Арғыным!..

Арғын деген сансыз ел,

Мекен еткен қоныс қып,

Дүниенің жарымын.

Жерге кіріп кетерсің

Олардың бассаң тамырын.

 Сүйінбай онымен де тоқтамайды. Ол енді Арқа асып, Жайық жағасына жетеді:

Бүркіттей түгі түксиіп,

Ел орнап, қыдыр жайлаған,

Мыңдап бие байлаған,

Мыңдап түйе айдаған.

Қарсы келген дұшпанын

Қоралы қойдай айдаған...

Кіші жүзге жетейін.

Елімнің қандай екенін,

Түсінген шығар көкейің.

Өлерің ақыр өлген соң,

Құлақты салып тыңдап тұр,

Төбеңнен тесіп өтейін!

Төніп шатқан көк тұман,

Кіші жүздің баласы.

Сөйтіп, Сүйінбай таудан аққан асау өзендей тасқындап, өз елінің өсіп-өнген көптігін, ел қамқоры болған адамдарын, батырларын марапаттайды. Ол қазақтар мен қырғыздардың арасындағы достықты, туысқандықты ардақтайды əрі құрметтейді.

Айтысты басқарып отырған Қара Бəйтік орнынан тұрып:

– Сүйінбай ботам! Сен ақынның жолбарысы, адамның бұлбұлы екенсің, айтыста сен жеңдің! —дейді ақыры.

«Екі елдің бас қосқан үлкен айтысында жеңгенің үшін, саған басыңа алты қанат ақ орда, Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаратылған Мейіз деген асқан сұлу қыз, мойнында қарғысы бар екі тазы, бір бүркіт жəне алтын бесік сыйлаймын», — деп жұрт көзінше бəйгенің қорытындысын жариялайды [7].

Сүйінбай Аронұлының Қатағанмен айтысы — жалпақ елге тым көп тараған өлең. Бұл айтысты Жамбылдан басқа Кенен, Үмбетəлі, Өтеп, Өмірзақ, Арғынбай, Қарабек, Мақыш, Шүкітай секілді Жетісу ақындары жатқа айтқан.

Осы ақындардың айтуынша, Сүйінбайдың атын алыс қиырға танытқан сүйекпен бітіп, ана сүтімен дарыған қайсарлығы. «Жаным — арымның садағасы» дейтін қыран мінез тектілігі. Ақын тас астынан тепкілеп шығатын маржан бұлақтай мөлдіремесе, əрине, ақын емес. Сүйінбайда мұндай қасиет баршылық. Сондықтан да ол Қатағанды алдынан көлденең өткізген жоқ.

Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы туралы бірер сөз

Сүйінбай Қатағанмен айтысқаннан кейін бірер жылдан соң қырғыздың ақыны Арыстанбекпен де сайысқа түскен.

Бұл айтыс Жетіөгіздегі (Қырғызстан) Боранбай манаптың əкесіне берген асында өткен. Бұл аста да дəстүрлі ат жарыс, балуан күрес, найзамен сайыс, жамбы ату өтіп, ақындар да өз кезегін күткен. Тезек төре бұл асқа Сүйінбайды қолқалап арнайы алып барады. Бұл асқа сонымен бірге Сыпатай батыр, Бөлтірік шешен де шақырылады.

Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы қырғызша талай рет жарияланды. Қазақ тілінде бұл айтыс тек 2001 жылы «Қазақ əдебиеті» газетінің бетінде жарық көрді [8; 6, 7].

Алғысөзін жазып, айтысты «Қазақ əдебиеті» газетінің редакциясына ұсынған Бақтияр Əбілдаұлы.

Сүйінбайдың Кескенкекілмен арнайы кездесіп, айтысуы

Сүйінбайдың бізге жеткен сегіз айтысының үшеуі ақын қыздармен қақтығысуы болып келеді. Атап айтсақ, Кескенкекіл, Уəзипа, Күнбаламен болған айтыстары. Кескенкекіл — Төлеміс руынан шыққан ақын қыз. Онымен Сүйінбай арнайы кездесіп, өнер жарысына түскен [1; 118–120]:

 Сүйінбай:

Кескенжал, кекіліңді неге кестің,

Кестің де кекіліңді желдей естің.

Қылығың құдай сүйер бар ма сенің,

Теңгеге басың бұлдап, ардан кештің.

 Кескенкекіл:

Шөбі соны болады елдің шеті,

Жігіттің ойнап-күлмек ғанибеті.

Рас-ақ, не десең де, о дей бергін,

Тұрпанның қызыққаным мол дəулеті.

  Сүйінбай:

Кескенжал, біздің сөзді тыңда да көр,

Жанның бəрін жалмайды сұм қара жер.

Мал үшін əлдекімге кете берсең,

Шерлі боп, қазірден-ақ зар жылай бер.

 Кескенкекіл:

Сүйінбай, тілің тəтті, сөзің ащы,

Отырсың жарға қамап сорлы басты.

Шын айттың, шындығы осы өмірімнің,

Қайтейін, көкірек толы, көзім жасты.

   Сүйінбай:

Сен маған өкпелеме, а Сүйінбай,

Еріксіз кетіп барам мен

Шыбылға-ай! Күдеріңді кетті деп үзіп жүрме,

Келіп-кетіп жүре гөр біздің үйге-ай!

 Кескенкекіл:

 Сен едің жарық жұлдыз, таң нұрындай,

Айша батып барасың көз алдымда-ай,

Қарақшыдай қаңқиған қу үйіңнің

Түңлігін сен кеткен соң ұрайынба-ай!

 Білмейді қыз қадырын кей антұрған,

Байлық десе бас ұрып базарлатқан.

Бір басының бағасын саудаға сап,

Опасыз дəулет үшін бай деп сатқан.

 Сонымен қатар пысықтығымен алдына мал салған жаңа байлардың дүниеқоңыз мінездерін бетіне басады. Олардың пайда табудан басқа ойлары құрып, адамгершіліктен жұрдай болғандарын мысқылдайды. Жайнақ сияқты бұрын еш нəрсесі жоқ адамның қулықпен байып алғаннан кейін, кісімсіп кеткенін атап айтады («Жайнаққа» арналған туындысы [1; 66]):

 Сен өзің Қараталдың Жайнағы едің,

Жасыңда жалғыз бұзау байлап едің.

Сүтімен жалғыз сиыр ауқат етіп,

Егінді қос өгізбен айдап едің.

 Көргенде алдыңдағы жақсыларды,

Болсам деп, сен де сондай ойлап едің.

Құдайым тілеуіңді бергеннен соң,

Бұлттан шыққан күндей боп жайнап едің.

 Жиырма жастан отызға өрлегенде,

Қырғыз бен қазақ жерін жайлап едің.

Отыздан қырыққа қадам басқаныңда,

Жұтсаң да Алатауды тоймап едің.

 Сен едің аты шыққан сараң Жайнақ,

Қораңда Сүйінбай тұр көзі жайнап.

Болмайды тіпті кедей бұл ақының,

Қалмаса Жайнақ өліп сорым қайнап.

 Адам мінезін жасауда Сүйінбай өзі тұстас көркем сөз шеберлерімен бəсекеге түскендей. Мысалы, «Зар жылатып момынды...» деген ақынның керемет толғауы [1; 24–26] Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың...» жəне «Мен едім» сияқты жалынды өлеңдеріне пара-пар өжеттік пен өткірлікке толы шығарма:

 Хан емессің, қиықсың,

Қалың елді айдап жеп,

Теріңе зорға сыйыпсың,

Ұры, қары, залымның

Жаныңа бəрін жиыпсың.

Жанға жауап бермейтін,

Дүлей-мылқау сияқты,

Қиял мінез тұйықсың.

Дүниені жұтса тоймайтын,

Түпсіз жатқан ұйықсың.

Қадырың жоқ халыққа,

Аққан судай сұйықсың.

Судан да сусын қанады,

Оппа балшық сықылды,

Жұтқыш ылай былықсың!

Бұл заманда хан болдың,

Елге жүріп əкімің.

Өзің бір жеке заң болдың,

«Айтқаным менің болсын» деп.

Масаттанып паң болдың.

Өнерің — ұрлық-зорлықпен

Бұқараға сор болдың.

Ұлықсатсыз жан кірмес,

Есігің елге тар болдың.

Айдап жеді тұқымың

Бар қазақтың баласын.

Үйіңе келген кісіні

Жағадан келіп аласың.

Ұлықсатсыз кіргеннің

Тоғыз кесіп мойнына,

Одан да олжа табасың.

Ақысы үшін наардың,

Тартып жүрме жазасын.

Мойныңа түскен айыптан,

Төрем-ау, қайтып танасың?!...

 Сүйінбайдың ойынша, сұлтан-төрелердің жиған малы, басындағы дəулеті адал еңбектің жемісі емес, ұрлық-зорлықтың нəтижесі. Əрбір төре өзіне қызмет ететін барымташы ұры ұстайды. Олар түн жортып басқаның малына тиеді. Дауды қоздырады. Ал төрелер оны арашалайды, ақтайды. Сондықтан ақын төре мен ұрының бірінен-бірін бөлмейді. Екеуін де бұқара халыққа жат, тек біріне- бірі қызмет ететін зұлымдық өкілдері деп бағалайды:

Зар жылатып момынның

Өрістен малын аласың.

Сол момынның біреуі,

Екей деген ел едім,

Сүйінбай деген мен едім,

Əкем Арон тұқымы,

Малға кедей жан едім.

Көжеқатық, қой сұрап,

Дүйсен деген біреуге,

Кеше күндіз кеп едім.

Келсем Дүйсен еңіреп,

Үстінде отыр төбенің.

«Сұлтанның көп ұрысы,

Үйірімен он бір қысырақ,

Айдап кетті», — дегені.

Естіген соң ізімен,

Артынан қуа кеп едім.

Момынның малын жемегін.

Ағайын малы — өз малым,

Неге іздейсің демегін!

Сүйінбай үстемдер тобын езілген қалың елге қарама-қарсы бейнелейді. Кедей-кепшіктер мұңын жырлайды. Хан-сұлтандар, төре-датқалар халық мұңымен санасуы керек деп ой түйеді. Қара халықтың қаһарын жоғары бағалап, оларға қарсы тұрар еш күштің жоқ екенін көрсетеді:

Ашулансаң, хан сұлтан,

Өлтірерсің Сүйінді.

Сүйінбай ақын өлген соң,

Көрерсің, төре, қиынды.

Каһарланса қалың ел

Шығармай ма миыңды?!

Бет-аузыңды қан қылып,

Бермей ме сүйтіп сыйыңды!

Сүйінбайдың өзінің ата-тегін мақтан ететін кейбір төресымақтар атына айтылатын мысқылдары да өткір (мысалы, «Алмасайға» арналған шумақтары [1; 93]):

 Əкең жақсы кісі еді жамбас жеген,

Жақсы адамнан жаман ұл болмас деген.

Шешеңнен бір кінəрат болмаса игі,

«Аладан құла туса оңбас» деген.

 Үстем тап өкілінен, барымташы, зорлықшыл, қарау, қарақшылардан зəбір-жапа көргендер

«төрелік айт» деп Сүйінбайға жиі барып тұрған. Осы туралы ел аузында мынандай бір əңгіме сақталып қалыпты.

Ертеде Жетісуда Тайторы мен Бəйтелі деген ағайынды елдер бір жайлауда аралас отырады екен. Бірде Тайторы жағы Бəйтелі ауылының бір топ құлынды биесін барымталап кетеді. Онымен тұрмай, Бəзіл деген жігітке «кедейсің» деп сүйген қызы Салиханы бермей қояды.

Барымта дауын шешу үшін барған Бəйтелінің адамдарын Тайторы жағы маңайлатпайды. «Енді не істейміз?» деп сасқанда, бір қария: «Сүйінбайға барыңдар, бұл дауды тек сол ғана шешеді» деп, ақыл береді. Сүйінбай олардың бес-алты белді кісісін ертіп алып, Тайторының биі Қоспанға барады.

«Жылқысын қайтар» дейді. Қоспан көнбейді. Сонда Сүйінбай («Көздің жасы» деген өлеңі [1; 71,72]):

Ей, Қоспаным, Қоспаным,

Тіреуі ме едің аспанның?!

Бірге туған ағаңды,

Ағаң емес жағаңды,

Аш қасқырдай ұлытып,

Діңкесін əбден құрытып,

Жұртыңа неге тастадың?!

 Ей, Салиха, Салиха,

Мыңғырған байдың малы үшін

Құрбан болып барасың.

Күйек сақал шалыңа

Күйініп күнде қарарсың.

Бəзілдей теңнен айрылып,

Көзіңе жасты аларсың.

 Сүйінбай айтқан сөзден тайып па еді,

Кедейлік Бəзіл жасқа айып па еді?!

Қыздарын қалың малға матап беріп,

Атаң сенің, Тайторы байып па еді?

 Ей,

Тайторы — Қоспаным,

Қара ниет адамсың.

Мейрімі жоқ надансың.

Салиханы жылатып,

Бəзілге неге қоспадың?!

Барымталап жылқы алып,

Бұ да сенің асқаның

Арғы атаңды мен айтсам,

Қошқар менен Текесің.

«Ұрлық түбі — қорлық» деп,

Бұл қылығыңды қоймасаң,

Түбіңе өзің жетесің.

Қол-аяғың бұғауда,

Қап шекпенді жамылып,

Итжеккенге кетесің, —деген екен. Осы сөзді есіткен Қоспан би Сүйінбайдан беті қайтып, ат-шапан айыбын тартып, жылқысын қайтарып бергізіпті. Мұндай кесімді сөздерді Сүйінбай кезінде көп айтқан. Оның бір қатары осы күнге дейін ел арасында айтылып келеді.

Ақын өз аймағының жуандарын ғана емес, көрші қырғыз халқының шонжарларын да оңдырмай сынайды. Оған «Үмбетəліге» деген жыры [1; 30–32] толық дəлел бола алады:

 Хан ордасын басыпсың.

Атаңды сенің өлтірген,

Бұғы елін шауып-асыпсың.

Қыз-қатынын тұтқын қып,

Ісіп-кеуіп, тасыпсың.

Үмбетəлі, Шарғынның,

Бұғы бопты ермегі.

Мүліктерін жинап ап,

Малын шауып елдегі,

«Нəсіп» болды сендерге,

Орман атаң өлгені.

Байталының құны деп,

Сексен жылқы алыпты,

Дүрыс па еді сол жері?!

Бір кезекте хан Орман,

«Бұқара елім сенсің» деп,

Қойдай айдап қырғызды,

Алдына сап жеп еді.

Айдаһардай араны,

Көрінбей көзге жегені.

Ақыры оның дау болып,

Ағайыны жау болып,

Дүниеден Орман жөнелді.

 «Мың асқанға — бір тосқан»,

Осындай өлім кез келді.

Əділет жоқ сенде де,

Ниетің жаман өзгерді.

Қойға қасқыр шапқандай,

Үмбетəлі, Шарғынның

Жаулағаны өз елі.

Есіткен жандар мұныңды,

Адамшылық демеді.

Хан — құдайдың ұлы емес,

Құдайға да «құл» керек,

Халықтың жоқ па керегі?! —

 деген жыр жолдарынан Үмбетəлінің де, оның əкесі Орманның да қырғыз халқының арасында ру араздығын тудырғаны көрінеді. Сол арқылы елді езіп, пайда тауып отырған зорлығы суреттеледі.

Тарих деректері бойынша, Орман хан өте қатыгез адам болған. Оның жаз-жайлауынан, қыс- қыстауынан дар ағашы алынбаған. Айыпты деп тапқан адамдарын дарға аса берген. Үмбетəлі де əкесі сияқты тежеусіз зорлықшы болады. Ол сүйікті əйелінің өзін бір тапсырманы екі рет айтқызғаны үшін атып тастайды. Үмбетəлінің бетімен кеткені соншалық, ол өзіне сəлем берген кісіге айқаймен жауап қайтарады екен. Сəлем беруші адам оның қатты айқайынан шошығанынан, атынан құлап түсетін болса керек. Егерде сəлем беруші атынан құлап түспесе, Үмбетəлі оны азаптайтын болған. Аты өзімен аттас Үмбетəлі деп аталғаны үшін ғана ол жазықсыз бір жас баланың басын қылышпен шауып түсірген. Өзінің қызы ел арасынан шыққан бір қарапайым жігітке көңілі ауып, оған кестелі орамалын бергені үшін, тағы бір сойқанды іс жасайды. Жігіттің ауылын түгелдей шауып алады, жігіттің өзін тірідей отқа жағып жібереді. Орман хан асқан зорлығы, озбырлығы үшін Бұғы адамдарының қолынан өлім табады. Үмбетəлі əкесінің өлімі үшін Бұғылардың ауылын түгел шауып алады, бір де бір үйді сау қалдырмайды [4; 78,79].

Сүйінбайдың толғауында мұндай зорлық істен Орман хан, ақыры, абыройсыз өлім тапқаны, Үмбетəлінің өзі де, бұл бетінен қайтпаса, оңбайтыны ашық айтылады:

 Қанқұмарлық ісіңмен

Кетірдің өзің құныңды.

Көргенімді айтамын,

Кесе алмайсың тілімді.

Шын жақсыда тарлық жоқ,

Əділ сөзге зорлық жоқ.

Халық сүймесе сөзіңді,

Тиянақ жоқ, байлау жоқ.

Іздеп келген сорлылар

Дұрыс жауап ала алмай,

Есігіңе бара алмай,

Сөйлесіп мейірі қана алмай,

Болдың ғой елге қызыл шоқ!

Бектің мұндай болғаны,

Жұлқынып ұрған жын болар.

Шоқ өшпей тағы тұра ма,

Ол-дағы сөніп күл болар.

Дүниеге тұтқа мен деме,

О да бір күн тұл болар!

Айыбымды айтты десеңіз,

Құртарсың мендей қазақты.

Əйтсе-дағы соңынан,

Жау үстіне жау шығып,

Тартып жүрме азапты.

 Қылышынан қан сорғалаған осындай ханның масқарасын шығарып, өті жарылып, өкпесі қабынғандай күйге түсіру тек Сүйінбайдың ақындығы мен азаматтығының ғана күші жететін қиын іс еді.

Сүйінбайдың осы өлеңінен кейін, Үмбетəлі ақыннан кешірім сұрайды. Оған сый-сияпат көрсетуге тырысады. Бірақ ақын ханның сый-сияпатын қабылдамайды. Қырғыз бен қазақтың қалың еліне арқа сүйеп, ханның өзіне сес білдіреді.

Түйін

Қорыта келе айтармыз, Сүйінбайдың туындылары — өзінің мəнімен де, көркемдігімен де елеулі шығармалар. Ақынға тəн сыншылдық пен шыншылдық оның өлеңдерінде айқын. Мəселен,«Жұмыққа» атты өлеңінен мына бір тамаша шумақтарды оқып көрелік:

 Сүйінбай — Алатаудай, атым дардай,

Жатқанымда боламын шөккен нардай.

Еңбегімнен екі ауыз із қалмастай,

Көктемдегі жер тартып кеткен қардай.

Ақылымды қараңғы басып қалған,

Сау күнімде құдайым еске салмай.

Ауру билеп бойымнан əлім кетті-ау,

Бауырсаққа иленген кескен нандай.

 Бұл келтірілген үзінділердегі өз есімін Алатауға теңеуі болсын; халі бітіп, тұруға зар боп жатқан кезін шөккен нарға салыстыруы болсын; өзінің дариядай талантын жерге сіңіп кеткен көктемгі қар суына балауы болсын; өз бойындағы əлсіздікті бауырсаққа илеген нанға салыстыруы болсын — бəрі орынды. Бұл теңеулер ақын тілінің суреттілігіне куə бола алады [2; 578].

Сүйінбай Аронұлы — халқымыздың поэтикасына жетік шебер тілді ақын. Ол — қынаптағы қылыш, аспаннан түскен жасын, соғып тұрған құйын, ескен қызыл жел, жүйріктей жалын тараған, күніне шауып жараған, айтысқанды шаңына көмген жүйрік. Сүйінбай — айтысқанның басынан өлең асырып, миын шайқаған жырдың боранды ақпаны, қияқты сұңқары. Кемеңгер ақынның жырларынан оның алмастай өткірлігі де, тайпалған жорғалығы да, қанатты тұлпарлығы да, даңғыл жыраулығы да айқын көрінеді.

Көзінің тірісінде Сүйінбайды қазақ, қырғыз бірдей қошаметтеп, құрметтеген. Оның жырын халық арман сөзі деп қабылдаған. Сүйінбай шөбересі — фольклорист С.Садырбаев берген бір құжат дерегіне қарағанда, ақын қазасы халық қабырғасына қатты батқан. Ақын қайтыс болғанда өлеңмен дауыс салынып, мынадай жоқтау-жыр айтылған (Сүйінбайдың қызы Бағыжанның «Жоқтауы» [1; 52–53]):

 Жиырма екі жасқа келгенде,

Сүйінбай ақын атандың.

Ақсақалдан бата алдың.

Жиырма төртке шыққанда,

Хан Тезекпен айқасып,

Сүйінбай ақын атандың.

Қырғыз-қазақ еліне,

Даңқың шықты дүркіреп.

Алдыңнан ақын шықпады,

Жүрегі сырттан шəйіліп.

Бетке келген ақынды,

Келтірмей сөзге тастаушы ең,

Ақ алмастай жапырып.

Орманның барып асына,

Дауыс айтып Орманға,

Бар ақынмен қағысып,

 Намысын айтып арыстың,

Ащы сөзге барыстың.

Қазақ, қырғыз тойында,

Қатағанмен қағыстың.

Арыстандай ақырып,

Ел аруағын шақырып,

Қатағанға, жан əкем,

Сүліктей боп жабыстың.

Сөзді судай сапырып,

Қырғыз, қазақ манабы,

Бастарын иіп өзіңе,

Разы болып сөзіңе,

Сол бір топта көріндің

Қырғыз-қазақ көзіне.

 Сөйтіп, ауыл-елі, ет-жақын туыстарының жоқтауымен Сүйінбайдың екінші өмірі басталды деп айтуға болады.

Сүйінбайдың ақындық мектебінен тəлім алып, тəрбие көрген, импровизаторлық өнердің қыр- сырына қанығып, оның этикалық-эстетикалық мəн-маңызын нəзік түсінген тұтас бір ақындар шоғырының өзі алыстан көз тартады.

Мақыш, Бармақ, Бақтыбай, Арғынбай, Майкөт, Шүкітай, Үмбетəлі, Нұрила, Кенен, Лəтипа, Саяділ, Орынбай, Жақсыбайлар Сүйінбай мектебінің тұтас тұлға-тұрқын құрастырса, оның мəртебелі басында бүтін бір ғасырлық өмір кешкен шежіре шешен, кемеңгер Жамбыл отырды. Жамбыл соншалық ұзын өмірінде əрбір атқан таңмен Сүйінбай рухына мінəжат етіп, ол менің пірім еді дегенді жалпыға жария қылды:

Менің пірім — Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай!

Сырлы сұлу сөздері –

Маған тартқан сыйындай.

Сүйінбай деп сөйлесем,

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай.

 Əдетте Сүйінбай ақын жөнінде айтқанда оның ұлы шəкірті — Жамбылдың осы сөзін еске аламыз.

Сүйінбай Аронұлының көзін көрген замандастары, ұлағатын ұққан шəкірт-інілері оның алмастың жүзіндей өткір де өршіл, арынды да ақылды, бұлақ суындай мөлдір ақпа-төкпе өлең, толғау, жырларына тəнті болысқан. Соның бір айдай айғағы, Жалайыр елінің атақты ақыны Бақтыбайдың Сүйінбайды «өлеңнің ұлы дария мұхитысыз» деп бағалауына біз де ден қойып, Сүйінбай — жырдың пырағы дейміз.

Бір дəуірдің көзі, іргелі бір ақындық мектептің көшбасшысы Сүйінбай Аронұлының ғажап ақындық жəне азаматтық бейнесі теңіз бетінде жүзіп жүрген таудың суретіндей тарихта мəңгілік сақталатынына күмəн жоқ!

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Аронұлы С. Ақиық. Толғаулар, сын-сықақтар, айтыстар. — Алматы: Жазушы, 1976. — 140-б.
  2. Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 928-б.
  3. Жолдасбеков М. Жүз жыл жырлаған жүрек: Зерттеу. — Алматы: Жазушы, 1992. — 76-б.
  4. XIX ғасырдағы қазақ ақындары. — Алматы: Ғылым, 1988. — 352-б.
  5. Садырбайұлы С. Өлең сөздің жарық жұлдызы // Жұлдыз. — 2008. — № 12. — 268, 269-б.
  6. Жолдасбек М. Аңыздар арасында: Кинохикаят // Жұлдыз. — 1996. — № 2. — 19-б.
  7. Садырбаев С. Алтын діңгек // Егемен Қазақстан. — 2005. — 10 қырк. — 4-б.
  8. Əбілдаұлы Б. Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы // Қазақ əдебиеті. — 2001. — 5 қазан. — 6,7-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.