М.Мақатаев лирикасы тіліндегі фразеологизмдердің лексика-семантикалық мəнін, стильдік қызметін, сөз табына қатыстылығын, мəтін ішіндегі қолданылу сипатын қарастыра отырып, ақын қолданған тұрақты тіркестердің табиғаты ерекше көрінетінін байқауымызға болады. Сөздi сұлуландырып, ойды əсемдеп, тiлдi мəнерлеп жеткiзетiн əрi стильдiк мəнi ерекше сөздердiң бiрi — фразеологизмдер ауызекi сөйлеу тiлiнде де, көркем шығарма тiлiнде де көп қолданылады. Көп сөзбен бiр ғана мағына беретiн, тiлдiң стильдiк сапасын арттыратын тұрақты тiркестер прозалық, поэзиялық шығармаларда айқын көрiнедi.
Соңғы жылдары дамып, қалыптаса бастаған тұрақты сөз тiркестерiн зерттеу лингвистиканың өзектi мəселелерiнiң бiрiне айналды. Фразеологизмдердi отандық лингвистикада, қазақ тiлi бiлiмiнде зерттеген ғалымдарымыз өте көп.
Өзiнiң бейнелiлiгiмен, айшықты мəнерлiгiмен тiлiмiзде үнемi қолданыста жүретiн фразеологизмдер əрбiр ұлт тiлiнiң көрiнiсi болып табылады. Фразеологизмдердi көркем туындыда мейлiнше мол қолдану бiздiң ұлттық сипатымызды ашатын бейнелердiң бiрi.
Жалпы, суреткер тiлiндегi фразеологизмдердi талдағанда, оны жалпыхалықтық тiлмен байланыстыра қарастыруымыз керек. Өйткенi тұрақты тiркестердiң денi халықтық сөйлеу тiлi негiзiнде қалыптасқан. Олар мазмұны жағынан да, мағынасы жағынан да өте бай келедi. Фразеологизмдер адамның өмiрдi түсiнiп-тануын, көзқарасын, қарым-қатынасын, ақыл-парасатын, ой-санасын, жан күйзелiсiн бiлдiредi. Олардың тұлғасын, құрамын, мағыналық ерекшелiктерiн топтастырып, жасалу жолдарын, даму заңдылықтарын бiлуiмiз қажет. Фразеологизмдер тiл мəдениетiн арттырып, сөз құдiретiн жасайтын, өлең тiлiн өрнектейтiн асыл байлығымыз.
«Определение стилистических функций фраезологии дает возможность глубже раскрывать специфику творческого метода автора, познавать его искусство в привлечении и использовании кра- сочных средств языка для создания ярких образов и картин» [1]. Олай болса, фразеологизмдердi өзгертiп қолдану, халық тiлiндегi тұлғаларды жұмсау не болмаса жаңа фразеологиялық тiркес жасау суреткердiң шеберлiгiн, даралығын танытады. Фразеологизмдер — бейнелегiш-көркемдегiш ойнақы сөздер. Екi немесе одан да көп сөз тiркесiп мағына бiрлiгiн сақтап, тұлғасын өзгертпей жұмсауы кез келген суреткер тiлiнiң шырайы десек те болады.
Поэзиялық шығармада ақынның қалам тартысын, сөз қолданыс өрнегiн байқататын ерекше сөз тiркестерi, сөйлем құрылыстары фразеологизмдер өте көп кездеседi. Поэзияда қолданылатын фразеологизмдердiң өзiнiң лексика-семантикалық мəнi, морфологиялық құрылымы, стильдiк қызметi мəтiн iшiнде айқын көрiнедi. Мұқағали Мақатаев лирикалық шығармаларында фразеологизмдердi ұтымды пайдаланды. Ақын қолданған фразеологизмдер бейнелi əрi мəнерлi болумен қатар, өлеңнiң эмоционалды-экспрессивтi бояуын арттырып тұр. Тұрақты сөз тiркестерiне тəн негiзгi қасиет — бейнелiлiк, олай болса ақын бейнелi сөз орамдарын орнын тауып, нақтылы дəл қолданған. Тағы бiр айтып кететiн жай, олардың дыбыс үйлесiмiне, ырғаққа жəне ұйқасқа да тiкелей қатыстылығында. Өлеңдi сөйлем болғандықтан, үйлесiмдiлiктiң мəнi ерекше көрiнiп тұрады. Мұқағали лирикасында жалпыхалықтық фразеологизмдердi ұшқырлықпен жұмсаған жəне авторлық өңдеумен фразеологизмдердi өзгертiп те қолданғанын байқаймыз.
Мұқағали тiлiндегi фразеологизмдер белгiлi бiр бейненi суреттеп берудегi экспрессиясы күштi поэтикалық құрал. Демек, «Поэзия тiлiндегi фразеологизмдердiң басты белгiсi — олардың образды /бейнелi/ болатындығы. Жеке суреткер тiлiндегi образды фразеологизмдердiң типтерiн, олардың көп- аздығын, ескi-жаңаларын түгендеу үстiнде ақынның не жазушының фразеологизмдер саласындағы байырғы қазынаны қаншалықты игерiп, кəдеге асырғанын, қаншалықты жаңаларын ұсынғанын көруге болады. Ал бұлар шығармашылық контекст немесе авторлық даралық дегендi танытады, тiптi кеңiрек қарасақ, суреткер тiлiндегi фразеологизмдер əлемi оның поэтикалық тiл арқылы көрiнетiн дүниетанымын көрсетедi» [2; 96].
Поэзия тiлiндегi фразеологизмдердiң денi бейнелi болып келедi, бiрақ экспрессивтiк бояуы жағынан бiрi күштiлеу, бiрi солғындау болып бөлектенiп тұрады. Ақын өзiне қажеттiсiн таңдап қолданады, болмаса күштiрек ойлы фразаны өзi жасайды. Ақында: мұз шайнау, шабыттың ақ бас- тауы, кiрпiгiңе үмiт iлдiру, шомылып ақиқаттың өзенiнде, ақиқаттың сүңгiсi қадалғанда, жүрегiмнiң жағалауын тебедi, арзанқол жұбаныш, ақ жаулық самал, тойдың шоғын үрлемей, көңiлдiң кептерi, тозақ дəмiн тату, қара нөсер мұң салады, көңiлден үзiп көрiмдiк, жыртығын жа- мап көңiлдiң, бықсып жатыр өсектiң қоламтасы, қоғамның қолқанаты, жырдың да жүнжiгенi, өлi сəуле, жəдiгөй сөз, жүректiң шыңырауы, көрiктi ой, жастықтың оты жəне бұдан басқа да фразеологизмдердi тiзбектеп келтiруiмiзге болады. Бұл тiркестер өздерiнiң сонылығымен, əсерлiлiгiмен көзге түсетiн, көңiлге қонатын, бейнелi сөздер болып келген. Жоғарыда келтiрiлген мы- салдарда ақын өзi ұсынған авторлық фразеологизмдер де баршылық.
Жер жүзiндегi барлық тiлдiң ғасырлар бойы қалыптасқан фразеологиялық қазынасы болады де- сек, бейнелi тiркестер поэзиядағы эстетикалық талғамды танытатын ең бiр күштi құрал екенiн бiз ақын өлеңдерiн оқығанда танимыз. Мұқағали өзiнен бұрынғы халық қазынасын жете меңгергендiктен ғана, осындай бейнелi, əсерлi, əуездi тiркестер жасады.
Бейнелi сөздiң негiзi тiлдiк метафорада жатады. Сондықтан метафоралы фразеологизмдердiң ұшырасып отыруы Мұқағалида өте көп. Метафоралы сөз — мағынаның ауыстырылып жұмсалуы болса, сөз мағынасын құбылтудың көзi — фразеологизмдер.
Ақын қолданған фразеологизмдердiң көбi əдеби тiл қазынасынан алынып, жалпытiлдiк топ құрайды.
Кегi кеткен жандайын əлдекiмге,
Жан өртенiп, қайнайды қан бойдағы.
Қайсыбiреу қарайды айдаhарша,
Тұрпайы əзiл, түрпi сөз — қайда барсам,
Қайтер едi, ажардың шарығына
Ашуымды қайтадан қайрап алсам?!
Қарға адым жерде тұр едi менiң бақытым, ұстай алмадым,
Өткiзiп қойып уақытын.
Биiк бол, мендегiнiң бəрiн меңгер,
Жабырқаған жанымды жаныңмен көр.
Сен қайтесiң жаныңды мұң басқанда?
Өз-өзiңмен оңаша сырласқанда.
Мұрша бермей ойлауға, сарқырама,
Қысыр ойды сарқып ада.
Ойыма ойран салып осы бiр үн,
Бауырымды ұстарамен кескiлеуде.
Мұңын басып, ғарыптың көңiлiн ашып,
Əңгiме айтып берсеңдер өздерiң бiл.
Қысқа өмiрдiң сапары сөз бе құрғыр,
Асықпай-ақ, ас iшiп, көздерiңдi iл.
Жалт бұрылып, жанарымнан шашқанда от,
Жатыр екен жүрген iзiм дастан боп.
Мұқағали жұмсаған кегi кеткен /бiреуде есесi кету/, түрпi сөз /қаңқу, өсек сөз/, қарға адым жер
немесе қол созым жер /жақын жер/, жаны жабырқау /күйзелу/, мұң басу /қайғыру/, қысыр ой
/жетесiз ой/, ойға ойран салу /мазалау/, көңiлiн ашу /жадырау/, көздерiңдi iл /ұйықтау/ жанардан от шашу /жалындау/ сияқты фразеологизмдер тек тiлдiк единицалар ғана емес, бұлар бейнелеп, мəнерлеп əрi көркемдеп сөйлеу тiлiнде де, өлең сөз бен қара сөздерде жиi қолданылатын, белгiлi бiр стильдiк мақсатта жұмсала беретiн тiркестер.
Фразеологиялық тiркестердiң құрылымына назар аударылатын болса, олардың өзiндiк ерекшелiгi байқалады жəне құрылысы жағынан түрлiше болып келетiнiн аңғартуға болады. Фразеологизмдер құрылымы жағынан есiм мағыналы, етiстiк мағыналы, үстеу мағыналы болып бөлiнедi. Қазақ тiлiнде етiстiк мағыналы фразеологизмдер өте көп қолданыста жүредi. Олар адамның қимылын, əрекетiн астарлап, бейнелеп суреттейдi.
Есiм мен етiстiктен тiркесiп құралған етiстiк тобындағы мағыналы фразеологизмдер Мұқағалида жиi ұшырасады. Олар семантикасы жағынан да алуан түрлi болып келедi. Жоғарыдағы мысалдардан атау тұлғалы зат есiм, тəуелденген зат есiм, табыс септiгiнде зат есiм мен етiстiк тiркесiп келген фразеологизмдердi кездестiрдiк. Жалпы, ақын лирикасында етiстiк мағыналы фразеологизмдер басымдау жұмсалады.
Мың құбылған қуаныштан, дерттерден Қиын не бар, адам жанын зерттеуден, — деп ақын өзi жырлағандай, оның тiлiндегi фразеологизмдер мағынасы жағынан, лексика- семантикалық тұрғыдан адамды танытатын, оның iшкi дүниесiн ашатын, адамның iс-əрекетiн,қимылын суреттейтiн, оның психологиялық жан-күйiн, моральдік-этикалық дəрежесiн бейнелейтiн мағыналы, мазмұнды, ойлы сөз тiркестерi.
Ақында: «Жүзiң неге сынық тым? Iшiмiздi аш таза жалағанда, Өкпемiздi қолға алып жетушi едiк, Əкемiз тiрiлгендей қуанышы-ек, Жүрегiнiң түбiне кiр жасырмай, Бақытты бол, жұлдызың жанған шығар» осындай тұтас сөйлемшелер мағына бiрлiгiн сақтап, тұтас бiр ойды берiп, құрылысы жағынан ерекшеленiп тұратын тiркестер. Жалпы халық тiлiндегi осы фразеологизмдердi бiр-бiрiнен бөлiп алуға болмайды. Орнын ауыстырсақ не болмаса басқа сөздермен тiркестiрсек, олар мүлдем өзгерiп кеткен болар едi. Сондықтан да олардың суреттi, бейнелi жұмсалуы тұтастығында, бiрнеше сөзбен бiр мағынаға иеленiп тұруында. Осылай тұрғанда ғана олардың стильдiк бояуы айқын көрiнедi. Мұқағалида осылар тəрiздi экспрессивтiк күшi бар фразеологизмдердiң əрқайсысы бiр-бiр бейне. Экспрессиясы күштi өте бейнелi фразеологизмдер ақынды өзгелерден ерекшелеп, талантының тағы бiр қырын танытады.
Шығып ал да арманыңның шыңына,
Сосын, мейлi, ұшып өл де, сырғана.
Қуаныштың самалы соқпай қалды,
Жанарың неге айнаға тоқтай қалды?
Ажал қанатын жайғанда,
Жастығым өткен майданда.
Бықсып жатыр өсектiң қоламтасы
Еркiнiрек наздансаң елiңе кеп.
Аққуым-ау, тамаша таң алдында,
Қырсықтың қытығына қол салмайық.
Бар болса егер, сүредi қайтiп өмiр,
Ақиқаттың сүңгiсi қадалғанда.
Сен нетесiң сондай бiр сəттерiңде?
Мұңның шаңы iлiксе пəк көңiлге?
Ақында арманның шыңы, қуаныштың самалы, ажал қанаты, өсектiң қоламтасы, қырсықтың қытығы, ақиқаттың сүңгiсi, мұңның шаңы секiлдi логикалық сəйкессiздiктi танытатын соны фразеологиялық тiркестер бар. Бұлар синкреттiк тəсiлмен жасалған фразеологизмдер. Бұл фразеологизмдердiң əрқайсысы өте əсерлi образ жасап тұр, ақынның айтпақ ойын, идеясын дəл көрсетiп тұр.
«Синкреттiк амалмен жасалған фразеологизмдердiң денi белгiлi бiр стильдiк жүгi бар «таңбалы» /маркированный/, «меншiктi» /авторлы/ дүние болып келедi. Оларды контекстiк фразеологизмдер де- уге де болады» [2; 11], — дейдi ғалым Р.Сыздықова.
Осындай фразеологизмдер бүгiнгi қазақ поэзиясында ұшырасып отырады. Бұлар тың көрiнiп, көзге бiрден түсетiн, оқырманына əсерi күштi экспрессоид /əсерсөз/ сөздер болып табылады. Мұқағалида осындай фразеологизмдер мол. Бұл ақынның авторлық даралығын, өзiндiк идиостилiн танытады.
Сөйтiп, Мұқағалидың фразеология саласындағы үлкен еңбегi — оның соны, жаңа тiркестер ұсынуы деп бiлемiз. Бұлар тiл жүйесiне енетiн тұрақты тiркестер емес, авторлық, контекстiк қолданыстар болып табылады. Бұлардың өмiрi бiр шумақ, бiр жол не болмаса бiр өлең iшiнде ғана болады. Мұқағалидан басқа ақында мүлдем кездеспеуi де мүмкiн. Кезiге қалғанда өңi өзгерiп жұмсалады. Жоғарыда айтқанымыздай, жалпытiлдiк, авторлық фразеологизмдердiң көбiсi метафораланған сөз тiркестерi негiзiнде дүниеге келедi. Жалпыхалықтық тiлдегi фразеологизмдер жалпы жұрттың меншiгiндегi тұрақты тiркестер, ал көркем сөздегi фразеологизмдер жеке суреткердiң ерен еңбегi өзiндiк қолтаңбасы жəне да олардың беретiн мағынасы контексте айрықшаланады. Сондықтан да Мұқағали тiлiнiң сонылығын танытатын бiрден-бiр ұғымды қолданған сөздiң жанданып кететiн сəтiн көрсететiн тiлдiң көрiктi көрсеткiшi — фразеологизмдер. Ақын қолданған тұрақты тiркестер көркем сөздiң сиқырын танытатын негiзгi өзегi болып табылады: «именно в лирике стано- вится возможным привлечение самых разнообразных слоев лексики» [3].
Сөз зергерлерiнiң қай-қайсысында болса да фразеологиялық тiркестер мағыналы, жеке-жеке сөздердiң тiркесуiнен туындаған жаңа мағынаға ие болған сөздер.
Демек, белгiлi бiр суреткердiң жалпы тiлдiк қазынасын жəне көркемдiк байлығын зерттеуде оның фразеологиясын тауып, талдап зердемiзге салып жинақтау ерекше орын алады. Астарлы, бейнелi фразеологизмдердiң табиғаты, тiлдiк қызметi жəне стильдiк жүгi тек мəтiн iшiнде ғана көрiнiс бередi. Қорыта айтқанда, ақын лирикасында фразеологизмдерді жан-жақты қолданған.
Бiрiншiден, Мұқағали жалпыхалықтық фразеологизмдердiң тұлғасын өзгертпей еркiн, орынды жəне молынан қолданады.
Екiншiден, бейнелi, соны, жаңа фразеологизмдер жасап, өзiнiң лексикалық қорын молайтқан жəне оларды мəтiн iшiнде жандандырып жүйелi түрде жұмсаған əрi экспрессоид сөздердiң қатарына айналдырды.
Үшiншiден, соны, контекстiк фразеологизмдер жасауда семантикасы əр түрлi, логикалық сəйкессiздiк тудыратын сөздердi тiркестiрiп, дерексiз ұғымдармен байланыстырып, тосын бейне сөздер тудырды.
Төртiншiден, Мұқағали қолданған, жасаған мағыналы тұрақты сөз тіркестері белгiлi бiр стильдiк мақсатта жұмсалып, өлеңдi көркемдеп тұратын тiлдiк құралдар.
Əдебиеттер тізімі
- Эфимов А.И. О языке художественных произведений. — М., 1954.
- Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. — Алматы, 1995. — 225 б.
- Синкевич Н.П. Синтаксисо-стилистическое средство языка. — М., 1968.