Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Алғашқы ғылыми аударма əдебиет үлгілерінің сөздерді терминдеуге қатысы

Қоғам дамуының қазіргі жағдайында бір тілден екінші тілге аударудың рөлі жоғары. Егеменді Қазақстан Республикасының шетелдермен саяси-экономикалық, мəдени-рухани байланыстарын орнықтыру, нығайту мүддесінде ақпараттар алмасу, ақпараттарды қабылдау, жинақтау, өңдеу, жеткізу үдерістері бір тілден екінші тілге аудару арқылы жүзеге асырылады. Ғылым тарихы адамзат тарихымен бірге өсіп, бірге дамып келеді. Қазіргі кезде ғылым өз дамуының ең жоғарғы сатыларының біріне көтерілген. Бірақ оның дамуына əр елдің, əр халықтың, əр ұлттың қатысы əр түрлі. Бұл тарих беттерінен белгілі. Сондықтан ғылым тілінің қалыптасып, жетілуіндегі, терминологияның дамуындағы аударманың рөліне жеке тоқталған дұрыс деп есептейміз.

Қазақ терминологиясын жасап, қалыптастыруда тікелей əсері болған факторларды саралап келгенде, термин жасау амалдары, ең алдымен аударма арқылы, аударма жұмысының өркендеуіне орай пайда болғандығын байқаймыз. Тіпті керек десеңіз, аудармаға ешбір қатысы жоқ боп көрінетін мəністік (семантикалық) тəсілдің алғашқы тармағы арқылы жасалатын, яғни, байырғы сөздер мен диалектілердің терминденуінің өзі де аударманың əсері арқылы туған деп түйін жасауымызға əбден болады дегенді айтады зерттеуші Ө.Айтбайұлы [1; 20]. Олай болса, бұл қазақ тілінде термин жасаудың ең басты тəсілі болып табылады.

Аударматану тұрғысынан қарағанда тілдер арасындағы ауыс-түйістер лингвомиграциялық процестер (үдерістер) деп аталады. Яғни тілге тікелей кірме сөз қосылады, немесе тілде формальды жағынан теңдестіру (өзге тілдегі сөздің сыртқы нысанын сақтау, калька балама жасау), семантикалық жағынан теңдестіру (мағыналық құрылымы жақын-жуық баламалардың пайда болуы), сөзжасамның жаңа тəсілдерінің белсенділігінің артуы сияқты үдерістер жүреді.

Қазіргі қазақ тіліндегі терминдердің терминжасамның бір тəсілі ретінде саналатын аударма арқылы жасалып жатқанын байқау қиын емес. Мəселен, интернационалдық (халықаралық) терминдер, тұрақты, клише тіркестер (үштік одақ, Ақ үй, мемлекеттік құрылым, төртінші билік т.б.) — еуропалық тілдер — орыс тілі — қазақ тілі арасындағы осындай лингвомиграциялық үдерістердің көрінісі, тілдердің өзара əсері, ықпалдасуы, аударма үдерісінің нəтижесінен туындаған заңдылық.

Белгілі бір тілдің терминологиялық жүйесін жасауда, оны қалыптастыруда аударманың алатын орны өте зор. Оны дəлелдеу үшін қазақ тілінде термин жасаудың алғашқы үлгілерін танытатын аударма тарихына көз жіберсек.

Зерттеуші А.Алдашева өз еңбектерінде белгілі бір заңдылықтарға сүйене отырып, ұзақ мерзім бойында жүргізіліп келген аударма нұсқаларды шартты түрде көркем аударма əдебиет жəне арнаулы ақпаратты əдебиет деген екі топқа жіктейді. Ақпаратты (арнаулы) əдебиет қоғамдық-саяси, ресми, ғылыми мазмұндағы тəржіма үлгілерін қамтиды. Оларда ақпарат беру, ақпаратты-логикалық, ғылыми, дүниетанымдық шындыққа сəйкес етіп, тура, дəл жеткізу функциялары ойлаудың логикалық типі арқылы жүзеге асырылады. Яғни ақпараттық арнаулы аударманың негізгі қызметі — түпнұсқада айтылған мəліметті, ақпаратты екінші тіл арқылы қабылдаушыға нақты, дəл, ақиқат-шындыққа сəйкес түрінде жеткізу. Зерттеушінің тұжырымдауынша, ақпаратты арнаулы аударма аталымы — бірыңғай, біртектес мəтіндердің ортақ тілдік-стильдік белгілерін жиынтықтап көрсету мақсатынан туған шартты ұғым [2; 10].

Біз тілін қарастырып отырған аударма материалдарды ақпаратты арнаулы əдебиеттер тобына жатқызамыз. Өйткені алғашқы ғылыми мазмұнды əдебиеттер мен мақалалар басқа да ақпарат беретін материалдармен, мəселен, ресми материалдармен де, қоғамдық-публицистикалық материалдармен де мазмұндас болып келген. Олардың əрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болғанымен, көркем аудармадан өзгеше болып келеді.

Арнаулы ақпаратты əдебиеттің негізгі тілдік құралы — терминдер, терминдік сөз тіркестері. Қазақ əдеби тілінің терминдік жүйесінің қалыптасуы мен реттелуіне аударма əдебиеттің əсері лексикалық-грамматикалық құрылымдағы динамикалық сипаттармен тығыз байланыста қарастырылуы тиіс. Өйткені қазақ терминологиясының теориялық-практикалық негіздері тілдегі семантикалық үдерістердің, сөзжасамдағы өзгерістердің, тілдік бірліктердің дифференциациялануының дəйектемелерін таратып талдау арқылы жан-жақты, толыққанды ашылады.

Орыс тілінен қазақ тіліне аударылған арнаулы әдебиеттердің бірқатары ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде көріне бастады. Олар ғылым мен техника жетістіктерін баяндайтын мақалалар, мəтіндер жəне жеке кітапшалар түрінде де кездеседі. Сол сияқты жеке ғылым салаларынан да біраз материалдар баршылық. Сонымен қатар əр алуан азаматтық сипаттағы оқу құралдары мен грамматика кітаптары, «Хрестоматиялар» мен «Жол бастаушы нұсқалар» («Руководства»), кейбір мұсылманша («Шариат-ул-ислам») жəне христиан дініне қатысты шығармалар да жарық көрген. Бірақ біз бұл кезеңде ғылымның көптеген салаларының «қазақыланбағанын» ескеруіміз керек.

Қазан университетінің профессоры, шығыстанушы-ғалым Н.И.Ильминскийдің 1861 жылы Орынборда жазылып, Қазанда жарық көрген «Самоучитель русской грамоты для киргизов» атты кітабында берілген география, тарих, табиғаттану салаларынан жазылған мəтіндердің білімдік жағы да, тілі де назар аударуға тұрарлық. Мəтіндердің лексикасына келетін болсақ, оларда қазақ сөздері кеңінен қолданылып, кейбіреулері терминдік мəнде жұмсалған. Мысалы: Жирдуң жүзиниң туртдин ұшауы динкиз астунда туртдин бирауы қурғақ жир. Ол қурғақ жирдуң узи Иауруба, Азийа, Африка, Амирика, Аустралииа дикен бис буликке булиниди. Азииада кун батс жағнан басқа қай жағынан булса да үлкен динкиз дирка тайанады. Жир узи тумалақ жартилай икика булиниди: бирауи тимир қазуқ жағи, бирауи уң тусдук жағи (81-б.). Бұл мəтіндер қазақ тілі сөздік құрамының сол тұстағы байлығы ғылымның жалпылама түсініктерін толық бере алатындай дəрежеде екендігін көрсетеді.

«1897 жылға қазақ үшін шығарылған календарь» деп аталатын құжаттың мəтіндерінде əр түрлі ғылыми түсініктер мен дəрігерлік кеңестер берілген. Календарьда пошта, телеграф туралы, жер, ай, күн, басқа планеталар жөнінде, астрономия ғылымының табыстары қарапайым тілмен баяндалады. Аспан денелерінің атауы, ондағы құбылыстар қазақтың өз сөздерімен берілген. Мысалы: күннің (айдың) тұтылуы — затмение солнца (луны), құйрықты жұлдыз — комета, аққан жұлдыз — метеорит, таң жұлдызы — Венера, құс жолы — Млечный путь. Бұдан кейінгі тарау ауыл шаруашылығы мəселелерін сөз етеді.

Медицина тақырыбына арналған тарауда халық ішінде жиі кездесетін аурулардың белгілері көрсетіліп, алғашқы жəрдем, қолданылатын емдер туралы жазылған: Кісінің беті, құлағы домбыға бастаса, ол уақытта бек қатты уқалау керек, қаны жаңадан тамырларға жүгіру үшін. Ет пен терінің арасында су шыға бастаса, онда инемен жару керек, сонсоң жазылғанша майлы шүберекпен байлауға керек. Қышыма болған кісінің əуелі саусақтарының арасы қышыйды, сонсоң тұла бойы қышый бастайды. Бұл қышыманы əуелі қолдан бастап жазу дұрұс. Қол жазылған соң тұла бойын жазу керек: бір қасық сыйыр майын алып, сонсоң екі қасық қара май екі қасық күкүрт алып бұның бəрін араластырып жуу керек, сонсоң тағы үш күн майлап жату керек. Мұрны қанаған кісіні сыртқа шығару керек жа болмаса мұрнұна маңдайына суық суға малған шүберекті басу керек. Іш ауру тиген кісіні жылы жерде ұстауға керек, жеңіл ас беру керек. Əуелгі күні ішін өткізетін зат ішкізу керек: кендірмай, ағаш май секілдерді; ол майды күніне үш қасық беру керек. Лексикасында кірме сөздер кездеспейді, терминдік мəнді зат не құбылыс атауларын қазақтың төл сөздерімен беруге тырысқан. Терминдердің бірнеше вариантта қолданылуы ұшырайды: ғалым — оқымысты — білім иелері т.б.

ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында, əсіресе ХХ ғасырдың бас кезінде ғылымның медицина, ветеринария, биология т.б. салаларынан қазақ тілінде жеке кітапшалар жарық көре бастайды. Бұлар «халық қамын ойлаған оқығандардың орыс тілінен аударып бастырған арнаулы əдебиеттер» болатын дейді зерттеушілер.

Табиғат құпияларын, адам жəне қоғам өміріндегі құбылыстарды, аң-құстар дүниесін, ғылым жəне техника жаңалықтарын көбінесе қазақтың өз қолдануында бұрыннан бар сөздермен береді: жер (земля), күн (солнце), ай (луна), жұлдыз (звезда), су (вода), жел (воздух), аспан (небо), бұлт (облако, туча), теңіз (море), көл (озеро) т.б. Тіпті соңғы кездерге дейін əдеби тілімізде километр, поезд, фунт деп орысша түрінде қолданылып келген сөздер қазақша шақырым, от арба, қадақ деп беріледі, орысша ай аттары да мұнда қазақша вариантында келтіріледі (қамал, низам).

Қазақ тіліндегі медициналық терминдердің де қазақтың сан ғасырлық тарихында қолданылып келген жалпыхалықтық тілінің сөз байлығы (лексикасы) негізінде қалыптасып, дамығанын көреміз. Тіліміздегі негізгі медициналық терминдер əуелден-ақ қазақтың бұрыннан қолданылып жүрген байырғы сөздерінен жасалған. Мəселен, аурулардың қазақша атаулары: қарасан (оспа), апат, оба, тырыспай (чума), буын ауруы, сүйек ауру, сүйек тасу (ревматизм), басыр, жырық (трахома), безгек, қызба, қыздырма (малярия, лихорадка), бел ауруы, құяң, шойырылма (радикулит), кезік, сүзек (тиф), түйнеме, жамандату (сибирская язва) т. б.

Терминдік мəндегі сөз тіркестері де кездеседі: көздің ағы — «бельмо», көздің қарашығы —«зрачки» (бір жерде «көздің қарамығы» деп берілген, біздіңше, бұл баспадан кеткен қателік сияқты),құрт ауру — «туберкулез», тіс түбінің еті — «десна», үлкен тамыр — «артерия», ауыз уылу —«цинга», ауру (науқас) үйі — «больница» (қазіргі мағынасында аурухана, емхана сөздері ол кезде əлі термин ретінде қалыптаса қоймаған, сондықтан оларды «түсіндірме жолымен» ауруларды қарайтын үй, адамдарды қарайтын жер, ауру бағатын үй деп берген).

Көріп отырғанымыздай, ғылыми əдебиет аудармаларында, қазақша газеттердегі ғылыми мақалаларда алғашқы ғылыми терминдер мен терминдік мəндегі сөздер қолданыла бастайды. Өйткені терминсіз ғылыми ой-пікірдің дамуы мүмкін емес. Бұл кезең, Р.Сыздықованың пікірінше, қазақ тілінде терминдерді жасаудың (немесе қабылдаудың) принциптері мен жолдары айқындалмаған, тіпті ол жөнінде сөз болмаған дəуір. Қазіргідей əр ұғымға сай орныққан, əр ғылым саласына қарай сараланған терминдердің жүйесі əлі жоқ. Дегенмен, білім-ғылымға қатысты терминологияның алғашқы нышандары ол кезде (яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысы) аталған стильде (ғылыми- көпшілік) көріне бастады деуге болады [3; 239]. Қазақ тілі терминологиясын қалыптасып, даму тарихын зерттеуші Ө.Айтбаев та бұл əдебиеттерден белгілі дəрежеде терминдік сөз қолданыстың қалыптаса бастағанын, терминдік мəн жүктелген сөздер мен сөз тіркестерінің алғашқы түрлерін кездестіруге болатынын көрсетеді [4].

Аударма тілін зерттеушілердің айтуынша, бір тілден екінші тілге аудару ісіне жүктелген міндет əр заманның талап-мақсаттарына сай əр түрлі болған. Сондықтан əрбір кезеңнің талап-талғамына орай аударылатын дүниелер іріктеліп, аударудың тəсілдері қалыптасып отырған. Мəселен, сонау сауат ашу дəуірінде аударылған шығармалар мен бертін келе аударылған дүниелердің тақырыптары мен аумағы мүлде салыстыруға келмейді. Олардың аудару тəсілдерінде де айырмашылықтар бар.

Р.Сыздықова медицина, ветеринария, шаруашылық мəселелеріне арналған материалдардың дені орыс тілінен аударылған дүниелер болғанымен, оларды осы күнгідей дəл аударма ретінде қарастыруға келмейтінін, өйткені ХІХ ғасырдағы аударманың принциптері қазіргіден бөлек болғанын, бұларда түпнұсқа мəтіннің мазмұны ғана беріліп, сөздігі мен синтаксистік құрылымы жағынан дəлме-дəлдік сақталмайтынын ерекше атап көрсетеді [3; 238]. Өйткені сауатын енді ғана аша бастаған қазақ оқырманына көбіне-көп тез түсінілетін, тілі жеңіл ұсақ жанр үлгілері ұсынылып келген. Ө.Айтбаев оқырманға оңай ұқтыруды көздеген алғашқы аударма үлгілеріне «түсініктеме-аударма» деген анықтама беріп, оның белең алуын кезеңіне лайықты мақсаттың табиғатынан туындаған деп тұжырымдайды [5; 109].

Бұларда сол заманғы қазақ оқырмандарына бейтаныс білім-ғылымға, техникаға қатысты ұғым атаулары көбінесе суреттеме, түсіндірме жолымен, сипаттама түрде аударылып беріледі. Бұндай «түсіндірулер» бірде айтылған ойға түсінік беретін болса, енді бірде айтылған ойды нақтылай түседі. Жаңа сөздер мен терминдердің мағынасын түсіндіру яғни, деген сөздердің көмегімен жүзеге асырылады. Мəселен, сол кездегі қазақ оқырманына зоология сөзінің зоо+логос деген латын сөздерінен тұратындығы, бұл сөздердің мағыналары түсініксіз, сондықтан оны жан-жануарлар ғылымы деп береді, бұл тіркестен аталған ғылымның нені зерттейтінін анық көруге болады, сонымен қатар ағаш-су ғылымы (ботаника), тау-тас ғылымы (геология), табиб ғылымы (медицина) деген түсіндірме тіркестер кездеседі.

Океан дегенді үлкен теңіз деп, ал океания дегеніміз үлкен теңіз ішіндегі бөлек-бөлек аралдар деп түсіндіреді. Сол сияқты село деген сөзге жақша ішінде кішкене қала деген түсініктеме берген, хутор дегенді үй орнатыб, егін салыб қойған бірді екілі үйі бар жер деп суреттеме тəсілмен береді де, усадьба деген сөзді о да хутор секілді дейді.

Магнит деген сөзге темірді тартып алатұғын тас деген түсінік беріледі, микроскоп дегеніміз үлкейтіп көрсететін шыны (шөлмек), насос сөзіне желді суырып алатұғын деп, ал компас сөзіне жол көрсететұғын құрал деген түсініктеме бере отырып, оны сартша құбылнама деп аударады.

Бұлардан басқа патшалықтан ақша беретұғын банка деген мехкеме, метеорит, яғни көктен түскен тас, ладан деген иісті май, динамит деген дəрілі құрал, телеграф, яғни сым керілген бағаналар, астрономия деген кітап, вексель дейтұғын қағаз, монастырь — сопылар тұрар жері тəрізді түсіндірулер қолданылады.

А.Алдашеваның пікірінше, қазіргі заман деңгейінен қарағанда, арғы-бергі тарихта, бастапқыда ауызша, кейіннен бірыңғай жазбаша қалып алған тəржіма шаруасының қазақ халқы үшін мəдени- танымдық, қоғамдық-əлеуметтік сан түрлі қызметінің екі арнаға қарай тоғысатынын көруге болады: білім-ғылымды, оқу-оқыту ісін дамытуға қосқан үлесі, яғни ағартушылық қызметі, екіншісі — қазақ əдеби тілінің қалыптасуына, тілдің сөздік қорының, ғылыми аталымдар жүйесінің толығуына қосқан үлесі, яғни жазба əдебиет нұсқасы ретіндегі тілді байыту қызметі [2; 12].

Сол кезеңдерде қазақ тілінде жарық көрген осы іспеттес əдебиеттердің тілі бір ізді, қалыптасқан жүйелі нормада болмағанын, əйтсе де қазақтың əдеби тіл стильдерінің жеке-жеке өріс алып, жанрлық-тілдік жағынан қалыптаса бастауында бұл еңбектердің орны ерекше болғанын айта келіп, Ө.Айтбаев «ғылым мен техникалық əдебиеттер стилі тек аударма əдебиеттер негізінде əдеби тілдің жеке стилі болып толық қалыптасып кете алмайтынын, оны жеке стильдік тармақ деп тану үшін қолтума əдебиеттің де маңызы зор» дегенді айтады. Сондықтан ғалым бұл еңбектерге «қазақ тіліндегі ғылыми əдебиеттер стилінің толық қалыптасуындағы алғашқы нышандары» деген баға береді [1; 131].

Қазақ терминологиясымен қатар ғылыми əдебиет стилінің қалыптасуын да аудармамен байланыстырып қарастыратын зерттеулер бар. Ө.Айтбаев «Алғашқы аударма үлгілері жəне олардың терминге қатысы» деген мақаласында қазақ тілінің терминологиялық жүйесін жасап, қалыптастырудағы, ғылыми əдебиеттер стилінің толық қалыптасуындағы алғашқы аударма үлгілердің алатын орнын көрсетеді [5; 99].

Алғашқы аударма əдебиеттердің қазақ тілінің ғылыми стилін қалыптастыруда белгілі рөл атқаратындығын сипаттай отырып, ғалым С.Исаев: «...бірақ бұл кезеңдерге қазақ тілінің ғылыми стилі, əсіресе ғылымның сөз болып отырған салаларына байланысты стилі қалыптаса қалды дей алмаймыз. Дегенмен бұл саладағы көптеген терминдер, кейінгі шақтардағы əдебиеттер тілінен мықтап орын алған тіркестер, сөз орамдары осы шығармаларда алғашқы рет қолданыла бастайды»,деп қорытады [6].

Қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген ғылыми əдебиеттердің денін орыс тілінен аударылған материалдар құрағанын айта келіп, ғалым Б.Əбілқасымов: «Жазу-сызуы кенже дамыған, өзінің баспасы болмаған халықтарда ғылыми əдебиеттің де кеш жарық көретіні белгілі. Əдетте мұндай əдебиет алғаш пайда болған шағында өзге бір тілден аударма сипатында болады», — деп мəлімдейді [7]. Демек, қазақ халқына ғылым негіздері мен жаңалықтары алғашында аударма арқылы жетіп отырған.

Сонымен, ғылымға қатысты əдебиеттерді орыс тілінен қазақшаға аудару ісінің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында жандана бастағанын көреміз. Əдеби тіл тарихын зерттеуші-ғалымдарымыздың пікірлеріне сүйенсек, олардың тілі жатық, қарапайым халыққа түсінікті болу жағына ерекше назар аударылған. Өйткені «алғашқы аудармаларда» ақпараттың дұрыс берілуі негізге алынып, аудару барысында қолданылатын тілдік құралдар мен стильдік тəсілдер осы мақсатқа бағындырылған.

Осы сияқты толып жатқан ғалымдардың пікірлерін келтіре беруге болар еді. Алайда қорытындылай келе айтарымыз, термин жасауды аудармадан бөліп алып қарауға мүлдем болмайды. Себебі аударма терминжасамның бір түрі екендігін жоғарыда атап өттік. Оны зеттеуші-ғалымдар да ешқашан жоққа шығарған емес. Терминдерді аударуда кездесетін ең басты мəселе — халықаралық терминдердің аударылуы дұрыс па, жоқ па деген пікір. Сол аударманың өз тілімізде нақты баламасы табылса, қолданыста еш қиындық туғызбаса, аударған дұрыс деп ойлаймыз. Яғни екі жақты қарама- қарсы пікір аударманың дұрыс берілу-берілмеуінен ғана туындайтын сияқты. Бұл аударма мен терминжасамның тығыз байланысты екендігін дəлелдей түссе керек. Демек, аударма жəне тілге икемдеп алу тəсілдері қазақ тілінің халықаралық терминдерді ұлт тіліндегі терминдерге айналдырудағы басты жолы деуге болады.

Қазақ əдеби тілі — мемлекеттік тілдің негізі болса, терминология мен ғылым тілі — оның негізгі саласы. Сондықтан мемлекеттік əдеби тіліміздің терминологиясы өзінің реттілігімен, жүйелілігімен, тұрақтылығымен өлшенеді.

Дүние жүзі халықтары əлемдік біртұтас өркениет жағдайына жету үшін бір-бірімен мəдениет үлгілерінің жетістіктерін аударма жасау арқылы байланысып, қарым-қатынаста болады. Терминдердің жасалуы осы аударма арқылы жүзеге асады. Сондықтан аударма терминжасамның бір түрі, негізгі тəсілі ретінде саналады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. — Алматы: Ғылым, 1988. — 208 б.
  2. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық жəне лингвомəдени мəселелер. — Алматы: Арыс, 1998. — 158 б.
  3. Сыздықова Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы (ХV–ХІХ ғасырлар). — Алматы: Ана тілі, 1993. — 320 б.
  4. Айтбаев Ө. Тіл жəне аударма // Терминдер жəне олардың аудармалары. — Алматы: Ғылым, 1990. — 102-б.
  5. Айтбаев Ө. Алғашқы аударма үлгілері жəне олардың терминге қатысы // Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. — Алматы: Ғылым,
  6. Исаев С. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1996. — 125-б.
  7. Əбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ əдеби тілі. (Баспа нұсқалар тілі негізінде). — Алматы: Ғылым, 1982. — 25-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.