Жапон тіл білімінде «тіл тіршілігі» деп аталатын мектеп бар. Ондағы зерттеулердің мақсаты — тілді адам іс-əрекетімен, қызметімен байланыстыру. Бұл — тілдік акті мен ауызекі сөйлеуді зерттеу деген сөз. Бұл мектеп тұжырымдамасының түйінін тезис түрінде ұсынамыз. Тілқатысым танымның құралы болғандықтан, соған орай зерттеудің негізгі нысаны интеракт болады. Сөйлем — адамның əлеуметтік дағдылы, əдеттегі əрекеті. Ол əрекет ой мен сезімді тілдік таңбалар көмегімен бейнелеуден жəне осы бейнеленгенді ұғынудан тұрады [1].
Қазіргі кезеңде психологиялық тілтану аясында тілді, сөйлеу іс-əрекеті мен ойлауды əр басқа қырынан қарайтын əр түрлі бағыттар пайда болды. Тіл мəселесіне психологиялық тұрғыдан келу əлеуметтік лингвистика мен құрылымдық, тілдік таңбатану жəне математикалық тіл білімі зерттеулерінен байқалады. Сөйлеу қызметін психофизикалық əрекет айтушының қабілеті ретінде зерттеушілер сөйлеудің физиологияға негізделетінін мойындайды. Тіпті, олар сөйлеуді айтқан я тыңдаған уақытта ғана адам ағзасында болатын психикамен бірлескен физиологиялық қызмет деп те таниды. Осыдан болар бұл бағыттағылар тілдегі тарихилықты трансформациямен жəне сөздің сапталуының статикалық күйіндегі деңгейлік сипатымен алмастырып жіберді. Лингвистикалық психологизм ішінен қазір этнолингвистикалық, семантикалық психологизм, психологиялық құрылым, таза психологиялық бағдарларды бағамдауға болады.
Психолингвистердің өз арасында сөйлеу іс-əрекеті туралы əр түрлі пікірлер бар. Мəселен, Н.Хомскийдің трансформалық-генеративтік грамматикасы адам өз сөйлеуін комбинаторика ережелеріне сай түзеді деп үйретеді. Биохевиористер сөйлеуді «стимул–реакция» қатынасымен талдайды. Əрекет теориясы сөйлеу іс-əрекеті сөйлеуші мен қабылдаушының белсенділігіне тікелей қатысты деп санайды.
Бұл көзқарастарда ұтымды тұстар баршылық, алайда инсандағы тіл мен сөйлеудің қасиеттерін түгендеп береді деп айтуға болмайды.
Қарым-қатынастың ұлттық-мəдени ерекшелігі аз дегенде екі қырынан көрінуге тиісті:
- тіл, ойлау, жад, қатысымдардың бір-бірімен байланысы жəне адам өміріндегі, тұтастай алғанда, тілдің алатын орны;
- қатысымның ұлттық ерекшелігі бар үдерістері мен құралдары жағынан. Мұндағы бірінші аспектіні «Сепир-Уорф» лингвистикалық салыстырмалылық туралы гипотезасы сипаттаса, ал екінші аспектіні этнопсихология қарастырады.
Əр түрлі халықтың тілі мен сөйлеуіндегі өзгешеліктер психолингвистика мен этнопсихологияның түйісінде қаралады. Мəселен, норвегтер, шведтер, финдер сияқты солтүстіктің халықтары оңтүстіктегі испандар мен италияндарға қарағанда дауысын ақырын шығарып жəне эмоцияны аз жұмсап сөйлейді екен. Ал осы испандар мен италияндарға қарағанда грузин, цыган, түрік, араб сияқты оңтүстіктегі халықтар мен қара нəсілділердің ішіндегі бойлары ұзын болып келетін этникалық топ өкілдері дауыстарын қатты шығарып сөйлейді екен. Шығыстағы жапондар, үнділер, вьетнам халқы, қытайлар т.б. ақырын сөйлеседі. «Орыс болып кеткен еврейлерді дауыс ырғағынан білесің» дейтін əзілде де шындық жоқ емес. Бұл жерде басқа факторлармен бірге географиялық мекен, климаттың да, өскен ортаның да ықпалы баршылық екені байқалады. Алайда бір географиялық ендікте өмір сүретіндердің сөйлеуі мен қылығында əр түрлі өзгешеліктер бола береді.
Сөйлеуге жанама əрекеттер тіл білімінен гөрі этнографияда қарастырылады. Десек те, мұндай əрекеттер тілге сəулесін я көлеңкесін түсірмей тұрмайды, сондықтан да ол тілмен қосталады, сол себепті бұл психолингвистиканың бір саласы этнопсихолингвистикада қарастырылады. Этно- психолингвистикада белгілі бір мəдениеттің тілдегі көрінісін сипаттайды. Бұл жерде біз əр ұлттың я ұлыстың ым-ишара, қимыл, тұспалдарын еске алып отырмыз. Мұны лингвистикада «тілдің көмекші құралдары» деп атайды. Шындығында, адамзат тілінің шығуында ым мен қимылдың белсенді рөл атқарғандығы туралы болжамдар негізсіз емес. Мəселен, Австралиядағы аранда тайпасы 450 түрлі ым мен қимылды нақты зат я құбылысты білдіру үшін ғана емес, жалпы ұғымды түсіндіру үшін де қолданады екен. Үндістердің тайпааралық қарым-қатынас құралы ым-ишара екенін көпшілік біледі.
В.Вундт əуелде екі тіл — ым тілі жəне дыбыс тілі болған деп есептейді. Дыбыс — сезімді, ым- қимыл нақты затты білдірген. Ым-қимылдың үш түрі болған: нұсқау, бейнелеу, символика. Ымдау, негізінен, тарихи-əлеуметтік құбылыс. Зерттеулердің түсіндіруінше, сөзбен қосалқы жүретін ым мен қимыл бірте-бірте əр халықта əр түрлі рөл атқара бастаған. Бізге мəлім мəліметтерге қарағанда, бір сағат сөйлескенде мексикалықтар 180 рет, француз 120 рет, италиялықтар 80 рет, ал финдер 1 рет қана ым-қимыл жасайды екен. Сондай-ақ орыстарда қол сермеу əдепсіздікке жатқанмен, басқа халықтардың əдетінде ол кəдімгі күнделікті ишараның біріне жата беретін жайттар көп. Сол сияқты бір мағына əр халықта əр түрлі ым-қимылмен беріледі. Мысалы, болгарларда келісуді білдіретін «иə» — бас шайқаумен, ал теріске шығаруды білдіретін «жоқ» — бас изеумен беріледі, дəл осы мағыналар болгарлармен туыстас орыстарда керісінше: «иə» — бас изеу, «жоқ» — бас шайқау. Испандар мен португалдар «жоқ» дегенде қолын өзінен ары кері қарай қозғалтады, ал жапондар мұндайда саусағын шошайтады, ал үндістер білегін бүгіп бетінен иығына дейін қолын апарады, арабтар басын шалқайтып таңдайын қағады, түріктер иегін шошаң еткізіп, көздерін сығырайтады да таңдайын қағады (түрікпен туысқан қазақта тіптен басқаша екенін білесіз), малайазиялықтар мұндайда көзін төмен түсіреді.
Міне, осы сияқты құбылыстарды этнографтар салт ретінде зерттесе, лингвистер қарым- қатынастың тілге көмекші құралдары ретінде ұлттық ерекшелікті ескере отырып зерттейді. Жеке инсанның қандай да бір ұлттың өкілі екенін ескеретін болсақ, бұл бағыттың ділдік лексиконға əсерін жоққа шығаруға болмайды.
Психолингвистиканың мəдениеттанушылық бағытында мəдениетаралық қарым-қатынасқа да назар аударылады. Мəдениетаралық қарым-қатынас дегеніміз — əр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерінің өзара қатысуы. Мəселен, мұндай зерттеулерде бір мəдениет реципиентінің (өкілінің) басқа мəдениетке негізделіп түзілген мəтінді ұғуы туралы қаралады. Бұл құбылыс ділдік лексиконға да жат емес. Мұндай мəтіндер психолингвистикада өзге мəдениеттік мəтіндер дейтін арнайы нысандық санатқа ие.
Психолингвистика əлеуметтік лингвистикамен де шектеседі. Мəселен, белгілі бір əлеуметтік топтың сөйлеуі əлеуметтік лингвистика мен психолингвистикаға ортақ проблема бола алады.
Айталық, гендерлік лингвистика — осы тұрғыдағы сала. Ал ділдік лексикон мəселелерінде əлеуметтік жəне психологиялық факторлар қатар жүреді.
Психолингвистика коммуникация теориясымен, оның ішінде тілдік қарым-қатынас теориясымен тығыз байланыста болады. Тілдік қарым-қатынас теориясында өзекті мəселе — тілдің (сөйлеудің) қалай қатынас құралына айналғаны туралы мəселе, яғни тілдің шығуы жайлы мəселе. Тілдің шығуы жөніндегі болжамдарда психикалық факторларға сүйенетін дəлелдер баршылық. Тілдің шығуы жөніндегі «еліктеу» теориясы (Лейбниц, Гумбольдт) екі ұстанымға (қағидатқа) сүйенеді:
- сөз табиғаттағы қоршаған ортадағы дыбысқа еліктеуден шыққан;
- дыбыстау əуелден символикалы болды, сондықтан мағына заттың табиғатын бейнелейді.
Табиғатқа еліктеудің тілдік қарым-қатынаста орыны бар екені, табиғаттың адам психикасына əсері болатыны даусыз. Дегенмен еліктеуге сүйеніп шыққан тілде ұлттық қасиет болмас еді, оның үстіне əр халықта еліктеу əр түрлі болады. Тілдің шығуы туралы эмоционалдық болжам (Жан-Жак Руссо) бойынша, құштарлық алғашқы тілдік дыбыстарды шығарды. Сондықтан алғашқы тілдер үнді, сазды болып келеді, ал кейін қарабайырланып кеткен. Көріп отырғанымыздай, бұл Жан-Жак Руссоның ағартушылық, гуманистік идеал іздеу ниетінен шығып отыр. Кейін бұл болжам «одағай» (рефлекс) теориясына (Штейнталь, Дарвин, Потебня, Кудрявский) ұласты. Табиғатпен тайталаста адам өз еркінен тыс дəйім дыбыс шығарып отырды (аштыққа, қуанышқа т.с.с. байланысты). Осының дамуы нəтижесінде мұндай одағайлар қоғам мүшелерінің бəріне бірдей символдық мəнге ие болды. Тілдің шығуы жөнінде психикаға мəн берілген бұл екі бағыттағы теориялардың айырмасы — бірінде адам сөйлеуіне қозғаушы күш сыртқы дүние болса, бірінде — адамның өзінің ішкі əлемі.
Байқап отырғанымыздай, бұл болжамдарда тілдің экспрессивтік қызметі жоғары қойылады да, коммуникативтік қызметі оның көлеңкесінде қалады, басты мəселе ретінде сөйлеу механизмдерінің пайда болуы психофизикалық тұрғыдан зерттеледі. Олай болса инсанның сөз саптауы мен сөз қабылдауы мəселесінде тарихи-генетикалық себептер де бар. Бұл — арнайы зерттеудің үлесінде болғаны жөн.
Психолингвистикада бұқаралық ақпараттық коммуникацияның мəселелерін зерттейтін де сала бар. Бұқаралық қарым-қатынас теориясы радиомəтіндерді қабылдау, теледидар тиімділігі, газет мəтіндерінің ықпалдылығы, саяси плакат, ұран, жарнамалардың адам санасына əсер етуі т.с.с. мəселелерді қамтиды. Демек, бұл тұста психика мен сөйлеу (тіл) көмекке келеді. Ғалымдар психолингвистиканың осы аспектісінде бұқаралық коммуникацияға арналған мəтінді қабылдау сəтінде əрекет ететін сатиация деп аталатын механизмнің егжей-тегжейлі зерттелгенін айтады. Сатиация дегеніміз — қайта-қайта қайталау я жағдаятқа сəйкестірмей қолдану салдарынан сөз мəнінің жоғалуы. Бұл механизм жеке инсан басынан да өтетінін ділдік лексиконды зерттеуде назарда ұстаған жөн.
Психолингвистика, əрине, лингвистикалық талдауға да сүйенеді, бірақ лингвистикалық талдауды көбінесе аралық, өткел, өткінші мəлімет ретінде қолданады. А.А.Леонтьевтің пікірінше, сөйлеу əрекетін зерттеуде тілтану мен жантанушының еңбегінің үлестік мөлшері мына сипатта: тілтанушы меңгерілетінді, меңгерілгенді зерттейді. Ал психолог лингвистикалық модельді игеру, қабылдау барысында адам санасында болып жататын психикалық байланыстар мен үдерістерді зерттейді, қарапайым айтқанда, сөйлеушілер шын болмыста, өмірде сөйлемді (сөйлеуді) қалай құратынын жəне түсінетінін тексереді. Ділдік лексиконды зерттеуде осыны тұғырлы əдіс ретінде қарау керек.
Психолингвистикадағы лингвистикалық сала туралы айтатын болсақ, онда бірнеше тарамдар бар екені байқалады. Солардың бірі — сөз мағынасының тұрпатын зерттеу. Айталық, көп жағдайларда дыбыс сапасы сөз мағынасымен байланысты болмайды дейтін қағида бар. Алайда бұл тұста да қағидадан ауытқу болатыны рас. Дəлел үшін айтсақ, қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздердің мағынасының дыбыспен байланысы бар екенін ешкім жоққа шығармайды, керісінше, дəлелдей түседі (Ш.Ш.Сарыбаев, С.Р.Ыбыраев, К.Ш.Хұсайынов). Тіл дыбыстарының эмоциялық-экспрессивтік мəнін зерттейтін фоносемантика саласының нəтижелері де назар аудартады. Мысалы, А.П.Журавлев («Звук смысл») экспериментінде (10000 адамдай қамтылған) орыс тілінің дауысты дыбысына мына тəріздес түстік мағына беріледі: а — қызыл, я — ашық қызыл, о — ақ, ё — сарғыш жасыл, е — жасыл, э — жасылдау, и — көк, у — көк жасыл, ю — бозқараған түсті, ы — шымқай қоңыр [2]. Ділдік лексиконды сипаттауда сөзді графика-фонологиялық белгілер арқылы талғап тану үдерісін түсіндіру үшін осы дəлелдер шығар жол орнында болады.
Лингвистикалық бағыттағы психолингвистикалық зерттеулерде сөз семантикасы мəселелері айрықша орын алады. Тіпті, білімдердің индивидуалды (дара) жүйесінің пайда болуы, құрылуы мен қызмет етуін зерттейтін ерекше ғылыми сала психосемантика шықты. Психосемантиканың басты қағидасы тіл біздің əлемімізді екі еселейді дейтін пікірге сүйенеді. А.Р. Лурия: «Адамда екі əлем болады, оған тікелей бейнелейтін заттар əлемі де, сөзбен белгіленетін сапалар, қатынастар, нысандар мен бейнелер əлемі де кіреді. Сөйтіп, сөз болмысты бейнелеудің ерекше формасы болып саналады. Адам бұл бейнелерді олардың шын өмірде бар-жоғына қарамай-ақ еркін түрде атай алады, осы екінші əлемді еркінше басқара алады», — деп жазады [3]. Психосемантика ділдік лексиконмен табиғи байланыста болатыны — айқын жайт.
Тіл біліміндегі ат қою, ғылымиландырып атасақ, номинация теориясының да адамзат психикасымен, ойлауымен, таңбатануымен байланысы баршылық. Осы түйісте сөздің уəждемесі (мотивациясы) туралы мəселе келіп шығады.
Уəждеме құбылысына тіл білімі ғылымында тоқтамды, тұрақталып қалыптасқан анықтама берілмеді десе де болады. Бұған айқын дəлелдің бірегейі сол, бұл құбылыстың өзін əр түрлі терминдермен береді: мотивировка, мотивация, сөздің ішкі формасы, семантикалық форма, сөз образдылығы, сөздің мағыналық белгісі, сөздің этимологиялық құрылымы, негіздеме, уəждеме т.б.
Тіл — адам танымының айнасы болғандықтан, тілді таңбалық жүйе аясында қарасақ, уəждеме арқылы зат пен құбылыс атауының табиғатына бойлауға, қажеттілігін түсінуге, атаудың негізін түйсінуге, зат пен құбылыс жəне олардың атауларының арасындағы əлдебір байланысты айқын сезінуге, байымдап байқауға болады. Қазақ тілінде уəждемеге берілген екі қысқаша анықтама қолымызда бар: «Мотивация, уəждену (фр. motif — сылтау, дəйектеме) ағыл. motivation — уəждеме, дəлелдеме — тіл арқылы аталған заттың немесе құбылыстың белгілерін бейнелеу актісі [4]. Əдетте, мотивация мəні диахрониялық тұрғыдан ашылады. Мысалы, тіліміздегі қабырғасымен кеңесу деген фразеологиялық тіркестің «үйдегі əйелімен, отбасымен кеңесу, ақылдасу» мəнінде қолданылатыны бəрімізге белгілі. Ал осы тіркестің шығу төркінін христиан дінінің қасиетті кітабы «Таураттан» іздеуге болады. «Жаратылыстың басталуы» тарауында құдай көк пен жерді жаратқан соң топырақтан еркек адамды жасап, оған жан бітіріп, «адамның жалғыз болғаны жараспас» деп, оның бір қабырғасынан əйел жасап берді. Осындай мотивация негізінде фразеологизм пайда болған.
Екінші бір лингвистикалық түсіндірме сөздікте уəждемені «туынды жəне күрделі сөз мағыналарының, оларды құрайтын сөздердің мағыналарына тəуелді болуы» деп көрсетеді [5].
Көріп отырғанымыздай, назар күрделі сөздің, тіркестің мағыналық құрамына, таза экстралингвистикалық оқиғаларға аударылады екен. Ал жеке сөз мағынасының уəжіне бойлай қойған жоқпыз. Ал мұның адам психикасының даму үдерісімен қалай да бір байланыста екеніне күмəндануға болмайды.
Сөзжасам барысында сөз жасаушы бірліктер уəждемені тудыруға себепші болады да, ал оның нəтижесінде туған жаңа атау уəжделген таңба болып саналады. Демек, уəждеме номинациямен (затты сөзбен атаумен) байланысты қарастырылуы қажет.
Күнделікті тұрмыста уəжделмеген сөздер ішкі тұрпаты айқын сөздер сияқты белгілі бір заттың атауы қызметін атқарады. Дей тұрсақ та, мұндай уəжделмеген сөздермен салыстырғанда, уəжделген сөздер қолданылу аясы, таңбалық қасиеті тез қабылданып, санада, есте берік сақталады. Уəжделу байланысы — сөздік құрамдағы жүйелі қатынастардың маңызды түрі сөздік құрам болады.
Құбылыс немесе зат атауының түп-төркініндегі бастапқы негіз оның субъектіге қалай əсер етуінде жатады. Əрбір зат пен құбылыс табиғи жəне табиғи емес қасиеттерден, белгілерден тұрады. Олардың бəрі бірдей бір мезгілде адам психикасында, санасында орнығуы қиын. Сондықтан солардың ішіндегі біреуі я бірнешеуі ғана іріктеліп, екшеліп шығады да, адам жадынан ерекше орын алады. Нысанды бейнелеу үшін тілдік жүйе іске қосылады да, түйсікпен қабылданған алғашқы белгі (қасиет, сипат) кеңейіп, өрістей түседі. Осылайша таңдап алынған қасиет барлық физиологиялық қатынастарға тəуелді емес. Əсер етуші қозғаушы күштің қайсысы неғұрлым басым болса, адам санасына тек сол ғана ерекше əсер етеді деген түсінік тумаса керек. Себебі осының нəтижесінде ұғынылмақ мағынасы бар сөздің я басқа тілдік таңбаның бəрі бірдей қалыпты нормаға айналып кете бермейді. Ми қабатының қызметі арқылы заттың немесе құбылыстың тек бір ғана қасиеті сүзіліп шығып, оны субъект берік қабылдайды. Сүзуден өткен санадағы осындай құбылыс тілде дұрыс əрі жиі пайдаланылады. Мысалы, «сағақ» деген сөздің жалпы қасиеті (мағынасы) бірнəрсенің төменгі жіңішке, қылта жағын таңбалайды. Алайда қазақ əдеби тілінде бұл малдың мойыны мен иегінің арасын білдірсе, оңтүстік өңірде оның «төменгі жақ» мағынасы басым болып қабылданудың нəтижесінде жəне тұрмыс-тіршіліктің ерекшелігіне орай «ағаштың ең төменгі бұтағын» таңбалайды.
Құбылыстың не заттың белгілі бір бастапқы қасиет, сипатын белгілеуге арналған сөздің тілдік даму жолында алғашқы мағынасының көмескі тартып кетуі де тіл тарихына белгілі үдеріс. Мəселен,
«тон» сөзі алғашқыда киім атаулыны белгілеуге бағытталса, қазір ол жалпы тектік сипаттан айырылып, киімнің бір ғана түрін таңбалайды. Кейбір сөздің аталуы сол құбылыстың я заттың адам психикасында қалай қабылданып, оған қай жағынан əсер еткендігімен байланысты болады.
Сондықтан кез келген сөз белгілі бір нысан арқылы уəжделеді. Тілдік таңбаның таңбаланушымен арасындағы байланыстың еркін болуы нəтижесінде келе-келе сөз бен оның түпкі уəжі арасындағы байланыс алшақ тартады, сөз өзінің «тегін жатсынады». Осының нəтижесінде лексикалық бірлік деэтимологияланып, уəжі күңгірттенеді. Тілдік таңбалау еркін құбылыс болып шыға келеді. Сонымен қатар адам психикасының табиғаты, қызметінің икемділігі сондай, түсініксіз деген сөздерді қайта өңдеп, оның тағы бір жаңа баламасын тауып, соған қайтадан уəждеме жасай алады.
«... мотивацияның көптеген біржақты анықтамалары зат атауынын тек экстралингвистикалық немесе тілдің ішкі ерекшелігіне көңіл бөлумен шектеледі. Ойдың мазмұнын жеткізу жолы бір ғана тіл арқылы іске асқанымен, оның өзі түрлі физикалық жақтан қабылданып, түрлі физикалық жағынан беріледі» [6].
Себебі əрбір құбылыс адамның сезім ағзаларының бəріне бірдей əсер етпейді, біреуін ерекше қабылдайды. Мысалы, көзбен көру арқылы қабылданған сезімді адамның дыбыстық тілі тек сол көрініс ұғымында ғана, тыңдау арқылы қабылданған сезімді тек сол дыбыс күйінде жеткізе алады. Бастапқы атауға негіз болатын алғашқы импульсті беретін тіл емес, керісінше, адам сол құбылысты таныту үшін тілдік құралды талап ететін заттың өзі психикаға əсер ету арқылы нұсқау береді.
Сөздің уəжделуі уəждеменің ең өзекті, басты теориясының бірі ретінде саналады. Бұл ұғымға берілетін анықтамалардың түрлі варианттары қолданылып жүр. Мысалы, заттың атау алу заңдылығы принциптеріне сүйенетін тілдегі ономосиология ғылымы уəжделуді былайша түсіндіреді: уəжделу үдерісі — тілді ономосиологиялық жағынан ыңғайластыратын, атаудың негізінде себеп болатын, белгілі бір уəждің барысында шығатын атаудың формасы. Уəжделудің анықтамасын іздегенде басты рөлді тілдік қатынастар атқаратынын ұмытпаған жөн. Себебі əрбір ой, əрбір лексикалық бірлік əр ұғымда əр түрлі болып қалыптасады. Уəжделуді қарастырғанда лексикалық материалды лексикологияның аспектісінен іздестіру жиі кездеседі: сөз мағынасының уəжделуі оның құрылымы мен тілдік жүйедегі сөйлеу элементтерінің тірі санамен болатын семантикалық қарым-қатынасынан көрінеді. Уəжделу — күрделі бүтіннің мағынасынан сол бүтіннің бөлшектерінің мағынасын алып шығу, сөздің семантикасы мен айтылуының, дыбысталу мен мағынаның арасындағы байланыстың негізгі себепкері. Уəждемелік мағына синхронды түрдегі сөз өндіру факторы ретінде психолингвистикалық тұрғыдан егжей-тегжейлі, өте ұқыпты зерттеуді қажет етеді.
Əдебиеттер тізімі
- Конрад Н.И. О языковом существовании // Японский лингвистический сб. — М., 1959. — С.
- Журавлев А.П. Звук и смысл. — 2-е изд., испр. и доп. — М.: Просвещение, 1991. — С.
- Лурия А.Р. Основые проблемы нейролингвистики. — М.: Изд. Москов. ун-та, 1975. — С.
- Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред. басқ. Э.Д.Сүлейменова. — Алматы: Ғылым, 1998. — 232-б.
- Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. — Алматы: Сөздік-Словарь, 1998. — 151-б.
- Гинатулин М.М. К исследованию лексических единиц. — Алматы: Наука, 1973. — С.