Тіл қойнауында жасырын жатқан жəне бір қарағанда байқала бермейтін байланыстар мен қатынастарды зерттеу қазіргі лингвистикада біртіндеп тұрақты орын алып келе жатыр. Барлық тілдерге қатысты заңдылықтар мен жалпылық сипаттарды анықтаудың тіл теориясының дамуына өзіндік ықпал ететіндігі сөзсіз. Əрбір халық əлемді оларды қоршаған заттарды өзінше елестетіп, қабылдайды. Себебі əр елдің тарихы, төл мəдениеті, ұлттық таным мен талғамы, тілі, діні əртектес болып келеді. Əр тіл — өз ұлтының бойтұмарындай қасиетін белгілейтін таңбалық жүйе. Тіл адам үшін қарым-қатынас жəне танымдық қызмет атқаратын механизм ғана емес, ақиқат əлемі туралы ақпарат беретін саналы құбылыс.
Əдетте ғалымдар тілдегі заңдылықтар мен олардың мəнін анықтау барысында тілдің таңбалық қасиетіне сүйенеді. Атап айтқанда, тіл ерекше таңбалар жүйесі ретінде өзге таңбалар жүйесінен өзінің құрылымдық принципі арқылы ерекшеленеді, сонымен қатар жалпыланған таңбалар, үлгілер (модельдер) мен олардың байланыстар жүйесі жəне сол жүйенің шынайы көрінісі ретінде анықталады. Ал семиотикада таңба деп əдетте қоршаған ортаның затына ұқсайтын кейбір материалдық затты атайды, яғни түрлі символикалық құралдар жүйесі адамға тəн таным процесі барысында жинақталатын сыртқы дүние үлгілері деп қарастырылады [1].
Символ мəселесі, оны əр кезеңде зерттеп, зерделеу XIX ғасырдың соңғы ширегі мен XX ғасырдың басында дүниеге келген «символизм» ағымынан ғылымда бұрынырақ пайда болған. Əр кезең зерттеушілері «символ» табиғатын өзінше зерделеп, оның ерекшелігін, даму тарихын, əр ғылым саласында айқындауда зор үлес қосып, тіл білімінің өзекті мəселелерінің біріне айналған.
Символдың табиғаты мен мəнін мəдени феномен ретінде қарастыру XX ғ. Э. Кассирердің символикалық форма теориясының пайда болуы символды зерттеуге деген үлкен қызығушылықтан туындап отыр. Кассирердің теориясы бойынша, символ дегеніміз — априорлы логикалық құрылым. Кез келген халықтың бағалау жүйесінде символизмнің өзгеріссіз орын алуы зерттеулер тарапынан үнемі қызығушылық тудыруда. Символ Ежелгі Грецияда (гр. тілінде symbolon) белгілі бір қоғамдық топ мүшелерінің, құпия қоғамының шартты белгісі ретінде танылған. Қазіргі кезде символ мəдениетті тануда, «құпия» ақпаратты жеткізуші құрал ретінде ең жоғары дəрежеде тұр. Сонымен қатар қоршаған орта, əлем туралы ақпарат беруде, сөз, фраза, мəтіндерде символ таңба ретінде көрінеді [2].
Символ ертеден адам өмірін, оның санасын, болмысты қабылдауын, тұрмыс-тіршілікке қарым- қатынасын анықтап, маңызды роль атқаратын категория. Адам арқылы болмысты нақтылау жəне меңгеруде ол ұзақ жəне күрделі даму процесіне ұшырады. Бір қарағанда символизм дін мен саясатта ғана көрінетін тəрізді. Бірақ, шындығында, барлық мəдениет, жеке тұлғаның мінез-құлқын, жүріс- тұрысын символизммен толықтырады. Осы себептен, символды зерттеуге əр ғылым саласында: философия, семиотика, психология, тіл білімінде т.б. көптеген еңбектер арналған.
Мəдениеттегі символды анықтауда əр түрлі амал-тəсілдер қолданылған жəне символды зерттеуде мынадай негізгі бағыттарды айтуға болады:
- мəдениет семиотикасын: К.Г.Юнг, Э.Сепир, Ю.М.Лотман, Б.А.Успенский, В.В.Колесов, А.Ф.Лосев, В.Н.Топорок, А.А.Зализняк;
- семантикалық типологияда: Э. Бенвеннист, М. М. Маковский, О.Н.Трубачев, А.Голан;
- əр мəдени дəстүрлердегі символдарды зерттеуде: Цв.Тодоров, В.Н.Топорков, Ю.С.Степанов.
Зерттеу еңбектерінде терминологиялық дəлсіздіктер көптеп кездеседі де, символға ешқандай да нақты, бірегей анықтама əлі күнге дейін берілмеген. Тіпті бір ғана зерттеу жұмысының өзінде келеңсіздіктер кездеседі. Мысалы, А. Голанның «Миф и символ» еңбегінің кіріспесінде «таңба мен символ, графема мен идеограмма» терминдеріне ешқандай да ерекше айырмашылық көрсетілмеген. Сол сияқты символизмнің көрнекті өкілі əрі теоретигі А.Белыйдың бір өзі символға 23 түрлі анықтама берді. Бұнда ол символды, ең алдымен, «тұтастық, бірлік»(1-анықтама) деп ұқтырады да, ары қарай «эмблемалар бірлігі» (2-анықтама), «форма мен мазмұнның бірлігі» (12-анықтама), «сана мазмұны — шығармашылығының бірлігі» (5-анықтама) [2; 84] деп қарастырады. Бұл байламдарды символдың жеке өзіне берілген анықтама деуден гөрі, оның жеке қасиеттерінің сипаттамасы деп қабылдау жөн сияқты. Сондықтан біз үшін бұл байламдардың ішінен «символ — тұтастық, бірлік» деген анықтама маңызды жəне ғалымның «Шындық өмір танымдық жəне шығармашылық символдандыру процесінде символға жақындайды» (16-анықтама), «Біздің тірліктің мəні таным мен шығармашылықтың символикалық заң-тəртіптерінің иерархиясында анықталады» (20-анықтама) деген байламдары да ойлантады [3].
Символ проблемасын жете зерттеген академик А.Ф.Лосев табиғатты, қоғамды, тіпті бүкіл əлемді «символдар патшалығы» деп анықтап, символ атаулыны қолданылу саласына қарай: 1) ғылыми,2) философиялық, 3) көркем, 4) мифологиялық, 5) идеологиялық, 6) діни, 7) табиғат, қоғам жəне бүкіл əлем символдар патшалығы ретінде, 8) адамға тəн мəнерлеу символдары, 9) сыртқы техникалық символдар деген типтерге жіктейді [4]. «Символ» терминінің тарихы жалпыға бірдей түсініктілігімен адастыратынын айта келіп, зерттеуші символ атаулының кейде тым қарапайым, табиғи құбылыстарға таңыла беретініне қынжылып, мысалы, «жапырақты — күздің, найзағайды — нөсердің символы» деп қабылдаудың өрескелдігін ескертеді [4]. Əрине, символтану тарихындағы мұндай көзқарастардың да себеп-салдарсыз болмағаны белгілі. Ал шын мəнінде символды таза субъективтік тұрғыда ғана түсіну қателікке ұрындыратынын, онда философия ғылымында да, əдебиет пен өнер теориясында да символға орын қалмайтынын ескертетін А.Ф.Лосевтің пікірін ерекше айтуымыз керек.
Мұның өзі «символ» ұғымының күрделілігімен де, ерекшелігімен де байланысты. Символ мəселесіне ерекше көңіл бөлген зерттеуші В.В.Мантатовтың сөзіне жүгінсек: «Символ» ұғымы — ғылым тарихы мен мəдениет тарихы көрсеткендей, əлдеқайда терең жəне жан-жақты ұғым, оны Гельмгольцтей таза интуитивті үстіртін таныммен де, орыс символистеріндей мистикалық сипатпен де айқындауға болмайды» [5].
Символ туралы ой қозғау Аристотель мен Платоннан бастау алса да, ғылыми тұрғыдан анықтама берген И.Кант, себебі классикалық антика дəуірі мəтіндеріндегі символ ешқандай объектіге қатыссыз, өзімен-өзі, өзінің таза заттық образдылығында кездеседі. Ал немістің классикалық философиясында «символ» екі бағытта танылды: экспрессивті-көрнекті жəне бейнелі-объективті. Канттың түсіндіруінде, символ — эстетикалық идея, бейнелеудің арнайы түрі, «көрінбейтінді, мүмкін еместі жеткізуге тырысатын бейнелеудің арнайы түрі, анығында, ақылдың идеяларына сəйкес келетін пайымдау» [6].
Гегель символ туралы былай дейді: «Символ өзі үшін өмір сүрмейтін, барынша кең жəне жалпы мағынада түсінілуді қажет ететін, пайымдалатын сыртқы болмыс». И.Кант, Д.В.Шеллинг, Г.В.Гегель, И.В.Гете символды ақиқат құдіретін тану жолы деген көзқараста болды жəне символ табиғатын идея мен образдың ұқсастығы деп пайымдады. Бұл идеяны П. А. Флоренский, ал батыс ғалымдарынан М.Хайдеггер, Э.Гуссерлю, Ф.Уилрайт жалғастырды. Платон символды мифтен ажырата түсіну керектігін көрсетті [5].
Символдың романтикалық теориясының қалыптасуында Ф.Крейцердің «Символика и мифология древних народов» атты еңбегінің ролі ерекше болды. Ол ежелгі грек мифологиясы материалында символ типтерінің классификациясын жасады. Форманың шексіздіктің тікелей көрінісі бола алмайтындығын, тұйықтығын көрсететін мистикалық символдар; символдың мағыналық шексіздігін қарапайымдылықка, тұйықталған формаға сыйдыруға тырысатын пластикалық символдар т.б. деп бөлді [7].
Мəдени жүйедегі символдың зерттелуін қарастырған Ю.М.Лотманның айтуынша, символ — «мəдениет жадысындағы маңызды механизм». Ол кез келген, тіпті өмір сүріп отырған дəуірдегі мəдениет те, тіпті кез келген лингвосемиотикалық жүйе де символға өз анықтамасын бермейінше, өзінің толыққандығын сезбейді. Символ бейнелеу тұрғысынан да, мазмұн тұрғысынан да əрқашан семиотикалық контекстен анық ажыратып алуға мүмкіндік беретін, белгілі бір өзіндік тұйықталған мағынасы жəне анық белгіленген шекарасы бар мəтіннен тұрады. Символ ешқашан белгілі бір мəдениет кезеңіне тəн емес, ол əрқашан бұл өткелді кешіп өтіп, өткеннен болашаққа сапар шегеді, басқаша айтсақ, символ мəдениеттің тұрақты элементі деп пайымдайды [8].
Символ мағынасының жинақтылығы мен тең құқылығын неміс классикалық философы Д.В.Шеллинг қарастырған. Одан кейін А.Ф.Лосев «символ ішкі жəне сыртқы идея мен бейнені шындық» деп көрсеткен. Д.В. Шеллинг пен Ф.Крейцер символдың «сəттік тұтастығын», тікелей əсер ете алатын қабілет-қасиетін жəне құрылымының табиғилығын атап өтіп, бірдей көзқараста болды.
Ал, Гегель романтиктерге қарсы шығып, символдың құрылымындағы рационалистік, таңбалық сипатқа баса назар аударып, ерекше мəн береді. «Символ, ең алдымен, қандай да бір таңба» деп білген Гегель оның шарттылығын, рухани еркіндік бермейтінін атап көрсетеді.
Батыс философиясында неокантшыл Э. Кассирер символды бүкіл адам əлемін қамтитын кең ұғымға айналдырды. Адамды «символикалық жануар» деп, ал өнер, тіл, миф пен ғылымды символикалық формалардың мəні, адам олар арқылы өзін қоршаған хаосты реттейді деп санады [9].
Психоаналитик К. Г. Юнг, З. Фрейдтің символды психопатологиялық белгі деп санайтын тұжырымына қарсы шығып, адамдық символиканың барлық байлығын санадан тыс ырықсыз құбылыстардың тұрақты фигуралары ретінде (оның ішінде архетиптер) түсіндіреді [10].
Символдық мəнді аша түсу мақсатында мына бір пікірге мəн беру қажет сияқты. Зерттеуші Т. Суслова символ табиғатының идеялық-образдық жəне мағыналық жалпы мəнін қарастыра келе, «..жинақтаудың символикалық формалары — адам есінің ұйыған қою талшықтары ... Символ шындықты сірестіре жинақтау, тірліктің жаңа мағынасын тудыратын модель ретінде көрінеді» [11] дей келіп, белгілі ғалым Ю. Лотманның мына пікірін келтіреді: «Символ — бір дəуірді екінші дəуірмен байланыстыратын семиотикалық конденсатор (өткізгіш)» [8]. Т. Суслова символға осылайша ерекше тарихи мəн береді де, өзі мынадай анықтама ұсынады. «Символ — шындық өмірдің мағыналық мəнін көркем образда қоюландыру жолымен іске асатын шындықты жинақтаудың белгілік табиғаты бар, шартты көркем формасы». Осы пікірдегі «жинақтаудың шартты көркем формасы» деген қорытынды символдың салмағын арттырады жəне «белгілік табиғаты бар» деген ойға да назар аударған жөн.
Міне, осылайша, символ, қашан да болсын, бір-біріне қарама-қайшы келетін ойлар мен көзқарастар тудырады, себебі символдың табиғаты қарама-қайшылықтар мен құпиялардан тұрады.
Ғаламның тілдік бейнесі аясында ғана ұлттық менталитеттің ерекшелігі байқалады. Халықтың мəдениетін, дүниетанымын білдіретін ең негізгі белгісі символ болып табылады. Бұл пайымдау бірқатар ғалымдардың ұстанымы (В.А.Маслова, Ю.Д.Апресян, Л.Ю.Буянова, О.А.Корнилов, Е.С.Яковлева т.б.) [12].
«Этимологический словарь русского языка» атты М. Фасмер сөздігінде «символ» сөзінің гректің «таңба» сөзінен шыққандығы жайлы мынадай анықтама берілген: «қысқарту, қысқартылған мазмұндама; дерексіз ұғымның заттық көрінісі» [13].
Н.Д.Арутюнова символды семиотикалық ұғым деп қарастырып, таңбадан айырма белгілерін көрсетеді.
Ю.С.Степанов символды ғылыми түсінік емес, оның мағыналылығы мен шынайылығын поэтикалық жүйе шеңберінде «этика» ұғымы деп түсіндіреді.
С.С.Аверинцев «Əдеби энциклопедиялық сөздікте» символға мынадай анықтама береді:
«Өнердегі символ өзімен астарлас, бір жағынан, көркем бейнемен, екіншіден, таңба мен аллегорияны салыстыра ашатын əмбебап эстетикалық категория» [9].
Ю.А.Гвоздарев сөз-символды «сөзде қалыптасқан жəне тілде үнемі айтылатын заттық символдың, заттық бейненің белгілі бір оқиғамен айшықталатын халыққа тəн көрінісі» деп айтқан [14].
Психолог, философ А.Г.Спиркиннің айтуынша: «Ол өзінің артына өзге бір затты, не өзге бір құбылысты жасыратын, мағынасы белгілі бір нəрсені символдаумен байланысты болатын белгілі бір нысан, сөз, əрекет. Символ өзінен өзге бір нəрсеге ұқсайды. Символ сананың түсіндіру (талдау) əрекеті. Символға символданған құбылыстың мазмұнынан тысқары шығатын идеялық мазмұн тəн» [15].
Ағылшын этнографы, фольклорисі В. Тэрнер символ теориясы мəселесіне байланысты мынадай тұжырым айтқан: «Мəдениет өлкесіне символдық негізді өрнектейді жəне символдардың бір-бірімен өрілуі тек қана табиғи орта туралы хабар бермей, сонымен бірге этникалық, эстетикалық ұғым, түсінік, тəрбие жайында бай мəлімет берерліктей қойма болып табылады. Əрбір символ — ақпарат қазынасы» [16].
«Символ» терминін əр түрлі авторлар əр қырынан таныған. Орыс ғылымында В.И.Еремина символды əн-жыр жанрындағы «тұрақты бейнені көркемдейтін, белгілі бір поэтикалық əсерді білдіреді жəне символ бір мағыналы, мазмұны тұрғысынан күрделі» деп қарастырған. Еремина мен Черданцеваның лингвистикалық еңбектерінде символ əр түрлі тұрақты тіркестерде кездесетін мағыналық сөздер делінген. Бұдан шығатын қорытынды — символ ауыспалы мəндегі фразеологизмдермен де байланысқа түседі [17]. Орыс ғылымында символдың пайда болуын алғаш рет Н.И.Костомаров зерттеп, оны тек стилистикалық категория ретінде қарастырған, яғни ұлттық лириканың ерекше көрінісі деп білген. Костомаровтың бұл көзқарасы неміс романтиктерінің пікірімен сəйкес келіп, ол символиканың пайда болуы мен дамуын халықтың ойлауы жəне рухани ерекшелігінің көрінісі деп көрсеткен. Өзінің «Об историческом значении русской народной поэзии» атты кітабында əн-жырдың, символдың шығу тегінің себебін жəне оның халықтың тұрмысымен байланысты екенін айтады. Халық символикасы мəселесін А.А.Потебня де қарастырған, ол символиканың пайда болуы мен дамуын тілдің даму заңдылықтарымен түсіндіреді. А.А.Потебня:
«Сөз түсіндіру символы болғандықтан, символды тілден бөліп тастау мүмкін емес», — дейді. Кез келген сөзде бейне бар, ал кез келген символ мифпен байланысты, сондықтан да символды тілдің лексикалық дамуы деп тұжырым жасайды [18].
«Қысқаша əдеби энциклопедияда» [19] жəне «Философиялық-энциклопедиялық сөздікте» [20] символға берілген сипаттамалар бір ыңғайда болып келеді: «Символ (гр. таңба, тану белгісі): ғылымда — таңба, 2) өнерде — көркем образдың еншілес категорияларымен: бір жағынан — таңба, екіншіден, аллегориямен қатар алып салыстыру арқылы анықталатын əмбебап эстетикалық категория. Кең мағынасында символ дегеніміз — образ, өзінің таңбалық аспектісінде алынған образ, ал таңбаның өзі бұл жерде образдың таусылмайтын көп мағыналылығымен, табиғилығымен ерекшеленеді.
Заттық образ бен терең мағына символдың құрылымында бір-бірінсіз елестетуге болмайтын екі полюс ретінде көрінеді, əрі олар екі айрылып, символ тудырады» [8].
Демек, «символ — жинақтау» деген тұжырымға ойлана қараған жөн. Байтұрсыновтың «бұл лебіз мағынасы мен астыртын мағынасының жинағы» деген пікірінің де жаны бар. Символ ешқашан бір мағына шегінде қалып қоймайды, оның мағыналық өрісі шексіз кең. Символ қай жағдайда да сол заттың өзінен басқа затқа мегзеу, оның шегінен асу. Бір құбылыс келесі құбылыстың мəні арқылы ашылса, екі құбылыстың өзара əсерінен, əр тарапты байланыс-қатысынан ақиқат туралы жаңа білім туады. Бұл ақиқат — жинақталып барып туған жаңа ақиқат, ап-анық, түсініктірек, алдыңғы екі құбылыстан да мəндірек, сүзілген ақиқат. Мысалы, қос аққу символы сол тұрған қалпында махаббаттың, адалдықтың нақ өзі екені туралы ақиқат болып адамдардың түсінігіне сіңісіп кеткен. Символдың мəні мен күші — осында, əрі қою əрі анықтығында.
Ал қазақ ғылымында символды зерттеу өз бастауын Ш.Уəлиханов, Ы.Алтынсарин, Қ.Жұбанов, Ə.Марғұлан, М.Əуезов, С.Мұқанов еңбектерінен алса, осыған жалғас ғылыми көзқарастарды тілші- ғалымдар І.Кеңесбаев, Ə.Т.Қайдаров, Е.Н.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, Н.Уəлиев, Р.Сыздықова, С.Е.Жанпейісова, Б.Ақбердиева еңбектерінен көруге болады. Ал этнограф-ғалымдар Х.Арғынбаев, Ө.Жəнібеков, С.Қасыманов, А.Сейдімбек еңбектері тілдік деректердің уəждемесін анықтауға көмектесіп қана қоймай, қазақ мəдениетіндегі ұлттық символдар табиғатын тануға, саралауға жол ашады. Бұл еңбектерде символ сөзінің орнына кейде белгі, нышан, рəміз сөздері қолданғандығын, осылайша əрбір таным-түсініктің символдық мəнін көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Алайда бұл зерттеушілердің көпшілігінде дерлік символ табиғатына толыққанды теориялық талдау жасалынбаған, тек символдың жеке категорияларына қатысты сөз қозғалады.
Академик Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» еңбегінде бұған жалғас Қ.С.Дүсіпбаева, Р.Ə.Авакова, этнолингвист-ғалым Е.Жанпейісов, профессор Ж.А.Манкеева, академик Ə.Т.Қайдаров, Б.Өмірбеков, З.Т.Ахтамбердиева еңбектерінде кейбір этнографизмдер мен түр-түс атауларының символдық мағынасы, сан атауларының символдық мəні, символ мəселесі, символдардағы əлемнің тілдік бейнесі, рухани мəдениет пен материалдық мəдениетке қатысты этнографизмдердің символдық мəні айқындалып, материалдық мəдениет лексикасына қатысты символдық сипаттағы этноатаулар зерттелген. Көптеген этномəдени атаулар мен символдық мəнге ие фразеологизмдер сипаты Р.Сыздықтың «Сөз құдіреті», «Көркем мəтінді лингвистикалық талдау», Н.Уəлиұлының «Фразеология жəне тілдік норма» еңбектерде көрініс табады. Сол сияқты осы мектепті жалғастырушы Г.Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мəдени аспектілері» еңбегінде символдық мəнге ие фразеологизмдер сипаты, Б.Қ. Ақбердиева мифтік танымға негізделген символдар, Ж.Ə.Акимишева ою-өрнектердің таңбалық табиғатының уəждемесін ашып, оны символдық графика тұрғысынан қарастырып, А.Қ.Сейілхан халықтық эстетика мен сұлулық символизмдері, Қ.Т.Қайырбаева еңбектерінде символды лингвистикалық тұрғыдан тілдік таңба ретінде ұлт мəдениетімен сабақтас жүйеде қарастырып, символдық мағынаның қалыптасуына əсер ететін экстралингвистикалық факторлардың негізінде құнды рухани қазына мəтіндерінің танымдық мазмұнын қысқа да нұсқа түрде сақтап жеткізетін тілдік құралдардың бірі символ деп қарастырған. Сол сияқты Б. А. Жетпісбаева мен Л. Ж. Мұсалы көркем əдебиеттегі символ мəселесінің зерттелуін, А.С.Айқұлова қазақ символдарының аудармада берілу жолдарын зерттеген.
Ал символдың когнитивтік сипаты Қ.Ə.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты монографиясында айқындалып, теориялық тұрғыдан анықтама беріледі. Ғалымның көрсетуінше, «ішкі терең қажеттіліктер символдар арқылы оянады. Бұл процесс санаға эмоция арқылы белгілі болады. Енді өз кезегінде сана ішкі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қайтадан символдар дүниесіне жүгінеді. Сөйтіп, терең негізі бар қажеттіліктердің сипаты символдар арқылы анықталады. Яғни сана сыртқы факторларға таңдаулы түрдегі тəуелділігін немесе ішкі өсу, жетілу қажеттілігін белгілі бір модельдің, форманың бойына жинақтау арқылы шешеді» [21].
Қазақ тіл білімінде заттар мен құбылыстардың семиотикалық мəні, ұлттық символдар сипаты, мəдениеттің этнотаңбалық мəні туралы барынша тұжырымды көзқарастарды этнограф-ғалым М.С.Мұқанов еңбектерінен көруге болады. Бұл бағыттағы зерттеулер өз жалғасын К.Ш.Нұрланованың «Человек и мир — казахская национальная идея» монографиясынан, Ж.К.Каракузова, М.Ш.Хасановтың «Космос казахской культуры» еңбектерінен табады.
Символдың əр түрлі семиотикалық жүйелерде көрсетілуі, яғни мифтерде, өнерде, дінде, əдебиетте, фольклорда, жəне əр кезеңдегі мəдениетпен, халықтың символдың қиысуы көптеген символикалық сөздіктерден көрініс тапты: кейбір сөздіктер символды жекелеп немесе бірнеше негізде топшылайды, мысалы, «The book of symbols» еңбегінде Гераи англо-саксондық символдардың таксомониясын жазады, «Lexicon alter Symbole» еңбегінде Купер көне символдарды, «Lexicon der Symbole» Бауэра символдарды көне, үнді, американдық үндістер символы, ежелгі грек символдары, христиандық, ертегілік, магиялық, астрологиялық, алхимикалық, таро символдары жəне күнделікті қолданыстағы символдар деп қарастырған. Басқа да сөздіктерде, Шевальенің «Dictionnaire des Symboles», Бидерманның он томдық «Handworterbuch des deuschen Aberglaubens», «Knaurs Lexikon der Symbole», Эда де Врисаның «A dictionary of symbols and imagery» еңбектерінде тілдік бірліктерді символикалық мағынаның барлық жиынтығында қарастырған. Əр мəдениет пен цивилизацияда түр- түс символикасы, сандық символика, геральдикалық, вегетативті, минералды, териоморфты, тағы басқа жеке сөз (ұғымның) символикалық аспектілері қарастырылған. Бұл сөздіктер тарихшылар, археологтар, тілшілер, психологтардың біріккен пəнаралық еңбектерінің жемісі.
Осы тұрғыдан символ психосоциологтар, философтар, этнограф, əдебиеттанушылар тұрғысынан қалыптасқан. Зерттеушілер символды əр ғылым саласына байланысты мақсатпен қарастырғанмен, кейбіреулері символды адам танымынан тыс дүниені бейнелеу, идеяны көрнекті тілдік модель арқылы көрсету деп біледі. Алайда біз «символды» жеке тұлғаның еркіне қарай емес, ол халықтың көзқарасын, таныммен, бірлікте қарайтын, тілге қатысы жағынан символдарды тəртіпке келтіруге болады» дейтін А.А. Потебняның жəне А. Гумбольдтың «Символ» ұғымы тілде, сөз жоқ, кең» деген пікіріне сүйенеміз [18].
Əр мəдениеттің интеграциялық қызметі символдың тұрақтылығымен байланысты. Белгілі бір дəуірге тəн символдар барлық салаларда таңбалық жүйеге қатысты табылады. Сондықтан символ сөздер дегеніміз – күрделі құрылымды тілдік таңба, ал санадан тыс бейақиқат дүниенің, шындық өмірдің, эстетикалық əлемнің тілдік бейнесі, ерекше мəдени мазмұнға ие таңбалар жүйесі. Зерттеушілер символды əр ғылым саласына байланысты мақсатпен қарастырғанмен, кейбіреулері символды адам танымынан тыс дүниені бейнелеу, идеяны көрнекті тілдік модель арқылы көрсету деп біледі.
Əдебиеттер тізімі
- Солнцев В.Н. Язык как системно-структурное образование. — М., — С. 93.
- Савицкий В.М. Английская фразеология: проблемы моделирования. — Самара,
- Белый А. Символизм и миропонимание. — М., 1994. — С. 528 с.
- Лосев А.Ф. Реалистическое искусство и проблема символа. — М., 1994. — С.
- Мантатов В.В. Образ, знак, условность. — М., 1980.
- Кант И. Сочинения: В 6 т. — Т. 5. — М., 1966. — С. 564.
- Крейцер Ф. Символика и мифология древних народов. — М., 1973. — С.
- Лотман Ю.М. Внутри мыслящихся миров. Человек-текст-семиосфера-история. — М.,
- Кассирер Э. Философия символических форм. — М.,
- Юнг К.Г. Архетип и символ. — М.,
- Суслова Т. Проблемы художественной условности в современной эстетической теории: Дис. … канд. филол. наук. —М.: Изд-во МГУ, 1990. — С. 127.
- Маслова В.А., Маслова В.В. Лингвокультурология. — М., 2001. — С.
- Фасмер М. Этимологический словарь русского языка. — М., 2001. — С. 210.
- Гвоздарев Ю.А. Слова-символы в русской фразеологии // Проблема лексики и фразеологии. — Л.,
- Спиркин А.Г. Сознание и самосознание. — М., 1972. — С.
- Тэрнер В. Символ и ритуал. — М., 1983. — С.
- Уəлиев Н. Фразеология жəне тілдік норма. — Алматы,
- Потебня А.А. О некоторых символах народной поэзии. — Харьков,
- Краткий словарь литературоведческих терминов. — М., 1978. — С.
- Философский энциклопедический словарь. — 2-е изд. — М., 1989. — С.
- Жаманбаева Қ.Ə. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. — Алматы: Ғылым, — 52-б.