ХХ ғасырдың басы қазақша ғылым тілінің қалыптасуындағы айрықша кезең болып табылады. Мəселен, 1905–1907 жылдардағы Ресей империясын қамтыған төңкеріс Қазақстандағы қоғам өміріне де демократиялық, əлеуметтік-саяси өзгерістер əкелді. Осы төңкеріске дейін қазақтарда ұлт тілінде жазылған бірде-бір оқулық болмаса, төңкерістен кейін ана тілінде газет, журнал, кітапшалар, оқулықтар, оқу құралдарын жазуға мүмкіндік туды.
Алайда ХХ ғасырдың бас кезінде кітап, баспасөз ісін өркендетуге ұлттық баспахананың жоқтығы үлкен кедергі болды. Қазақтың ақын-жазушылары өз шығармаларын бастыруда татар баспаханаларына кіріптар болды. Сондықтан татар тілінің басқа түркі тілдеріне тигізген ықпалы зор еді.
Қазақтың зиялы қауым өкілдері оқулықтарды, оқу құралдарын, ғылыми шығармаларды жалпыхалықтық əдеби тілде жазуға тырысты. Ғылым-білімнің дамуымен байланысты, тілде жаңа ұғымдар, оларды белгілейтін жаңа сөздер (неологизмдер) туып отыратыны белгілі. Ал ғылымның белгілі бір саласында пайда болған сол жаңа сөздердің ұзақ не қысқа ғұмыры болуы сол ғылымдардың өмірде алатын орнына, практикалық мəніне байланысты екені де сөзсіз. Мəселен, 1912 жылы Қазанда А.Васильевтің «Букварь для киргизов» деген əліппесі шықты. Оның соңында бір беттік «Грамматика на казахском языке» деген бөлімінде қазіргі дыбыс деген мағынада дауыс сөзі қолданылған. Сонда дауысты дыбыс — оңай дауыс, дауыссыз дыбыс — қиын дауыс боп алынған. Ал А.Байтұрсынов 1912 жылы Орынборда шыққан «Оқу құралында» бұларды дауысты, дауыссыз дыбыс деп алған.
А.Байтұрсынов жасаған қазақ лингвистикасы терминдерін арнайы қарастырған Ш.Ш.Жалмахановтың тұжырымдауынша, ғалым «Тіл-құрал» оқулықтарында (1914, 1915, 1925 жж.) 310 лингвистикалық термин қолданған болса, оның 118-і (38,5 %) қазіргі тіл білімінде сол күйінде жұмсалып жүр екен [1].
Басқа түркі халықтарына қарағанда, қазақ тілінде қоғамда пайда болып жатқан ұғымдарға атау жасауда, қалыптастыруда қазақ зиялыларының ұстанған принциптерінің негізі дұрыс болғандығын өмір көрсетті.
Қазақ балаларының болашағын ойлап, олардың сауатын ашу мақсатында қазақ оқығандары ғылымның əр саласынан оқулықтар жазғандығы туралы қайта құру кезеңінен бастап біле бастадық. А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Е.Омаров, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Қ.Кемеңгеров, Б.Майлин, Х.Басымов, Т.Шонанов, Ə.Ермеков, С.Қожанов, Қ.Жұбанов, тағы басқа қазақ зиялылары ХХ ғасыр басында мектептерге, жоғары оқу орындарына арнап оқу-əдістемелік құралдар, оқу құралдары мен оқулықтар, екі тілді сөздіктер құрастыруға, терминология мен емле мəселелерін реттестіруге, пəн атауларын бір ізге түсіруге белсене араласты. Олар ана тілінде оқу құралдарының, оқулықтардың болуы мектептегі оқудың жүйесіне де, мектептің сипатына да белгілі дəрежеде ықпал ететінін жақсы түсінді. Дегенмен патшалы Ресей тұсында ұлттық мектеп, ұлт тіліндегі оқу құралдары туралы мəселелерде басы ашылмаған жайлар əлі де баршылық еді.
Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда мектептер ашылып, оқушылар оқуға тартыла бастаған кезден-ақ, қазақ балаларының орыс тілімен қатар өз ана тілінде де оқу керектігін, ол үшін оқулықтар жасау қажеттігі көкейкесті мəселе деп саналған болатын. Ғылымның əр түрлі саласына жататын терминдерді ұлт тілінде жасаудың, ұлт тілінің ғылым тіліне айналуының маңызын А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары дұрыс түсінді. Мəселен, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Е.Омаров, С.Қожанұлы, Ж.Күдерин сияқты зиялыларымыздың оқулықтары мен оқу құралдары соған дəлел ретінде келтіре аламыз. Олар ғылымның əр саласында заман талабына сай өз мамандары жоқ кезде əрі аудармашы, əрі ақын, əрі жазушы, əрі сыншы, əрі драматург болып еңбектер жазды. Кейіннен, яғни 20–30-жылдары, олардың еңбектері көп таралыммен қазақ тілінде басылып шықты. Бұған А.Байтұрсыновтың 1912–1928 жылдардағы жарық көрген əліппелері, оқулықтары, жазу, емле, терминология мəселелері туралы жазылған сыни мақалалары, М.Дулатовтың «Есеп құралы» (1918– 1925), М.Жұмабаевтың «Педагогикасы» «Баланы тəрбия қылу жолдары» (1922, 1923), Ж.Аймауытовтың «Тəрбие жетекшісі» (1924), «Психологиясы» (1926), «Жан жүйесі жəне өнер таңдауы» (1926), Е.Омаровтың «Пішіндемесі» (1924, 1928), «Физикасы» (1930), Х.Досмұхамедовтың «Жануарлары» (1922), «Табиғаттануы» (1922), «Адамның тəн тірлігі» (1927), Қ.Кеменгеровтің «Оқу құралы» (1928), «Қазақша-орысша тілмашы» (1927), С.Қожановтың «Есеп тану құралы» (1924), Е.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935), Б.Майлиннің «Ересектерге арналған əліппесі» т.б. көптеген еңбектер жатады.
Қазан төңкерісінен кейін оқу-ағарту ісін дұрыс жолға қою мəселесі алғашқы орында тұрғаны белгілі. Қазақ тілінің тазалығы үшін күресіп, бөтен сөздермен тілді шұбарламай, таза қазақ тілімен жазу үлгілерін көрсету мақсатымен қазақтың көрнекті зиялылары алғаш мектептерге əліппелер, тіл ашарлар, тіл құралдарын жазып, кейіннен 20–30-жылдары ашыла бастаған жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар, оқу құралдарын аударумен, сөздіктер құрастырумен айналысты.
Ал қазақтың ұлттық ғылым тілін жасаудың басында қазақ зиялыларының көрнекті өкілі — А.Байтұрсынов тұрғаны 1989 жылдан бері ғана көпшілікке мəлім болды. Əкімшіл-əміршіл жүйе тарапынан қазақ зиялыларының көрнекті өкілдеріне «ұлтшылдар», «Кеңес өкіметін құруға қарсы əрекет етушілер» деген айып тағылып, оларды қуғын-сүргінге ұшыратқаннан бергі 80-жылдардың аяғына дейін аты аталмай, еңбектері дұрыс баға алмағандардың біріне қазақтың ұлттық тіл білімінің іргетасын қалаушы лингвист-ғалым, ағартушы педагог, ірі қоғам қайраткері А.Байтұрсынов жатады. Елімізде болған жариялылық, демократиялық процестерінен бергі он жылдан аса уақыт ішінде А.Байтұрсыновтың мұрасын жан-жақты зерттеген көптеген еңбектер жарияланды. Оларға Ə.Қайдари, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, М.Жүсіпов, Ш.Білəлов, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Мажитаевалардың зерттемелері жатады.
Зерттеушілердің қай-қайсысы да А.Байтұрсыновты қазақша ғылым тілінің негізін қалаушы ретінде көрсетеді. Оның басты себебі Ахаңның тіл білімі мен əдебиет терминдерін өзі жасап, жазған оқулықтарында өз қолдануында ғана емес, оның басқа ғылым салаларынан да казақша термин жасау мен өзге тілден термин қабылдауда үлгі көрсетіп, термин жасау тағылымын қалдыруында деп есептейді.
А.Байтұрсыновтың еңбегін арнайы жинақтап, оны алғаш қазақ қауымына таныстырған ғалым Р.Сыздықованы ерекше атап айту орынды. «Ахмет Байтұрсынов» деген кітапшада (Алматы, 1990) автор ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ тілінің тұңғыш оқулықтарын жазып, графикасын реттеуші, сол арқылы қазақтың ұлттық тіл білімінің іргетасын қалаушы, ағартушы-ғалым, ірі мəдениет жəне қоғам қайраткері, тамаша публицист əрі ақын А.Байтұрсыновтың өмірін, еңбектерін алғашқылардың бірі болып талдады. Талдау барысында ғалым А.Байтұрсыновтың қазақ тілін зерттеудегі жəне оқу-ағарту майданындағы істеген істері мен жасаған еңбектерін толық көрсетіп, былайша санамалап көрсетеді:
«... тұңғыш қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі программа қойғанға ұқсайды: ол əуелі қазақша сауат аштыруды мақсат еткен, бұл үшін «Оқу құралды» жазған; одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, бұл үшін «Тіл-құралды» жазған; үшінші — тілді дұрыс жұмсай білу тəртібін көрсетуді көздеген, бұл үшін «Тіл жұмсарды» жазған, төртінші — сауат аштыру, тілді оқыту методикасын жасауды міндетіне алған, бұл үшін «Баяншыны» жазған». Р.Сыздықова «Ахмет Байтұрсынов» деген кітапша мен «Тіл тағылымы» [2] деген Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен оқу-ағарту еңбектері жинақталып басылған кітаптарға жазған алғысөзінде ғалымның қазақ тілі грамматикасына қатысты категорияларға қазақша термин ұсынғандығын, осы күнгі қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш деген т.б. сан алуан лингвистикалық терминдердің көбі А.Байтұрсыновтікі екендігін тұңғыш атап көрсетеді [3].
Ахмет Байтұрсынов қазақ тіл білімінің қазақ тілінде өрбуіне, зерттелуіне, оның қазірде қолданылып жүрген ғылыми терминдерінің қалыптасып дамуына үлкен үлес қосты. Оның термин алуда ұстанған принципінің дұрыстығына ол жасаған терминдердің əлі күнге дейін тілімізде қолданыс тауып жүргендігі дəлел. Ғалымның термин жасаудағы ұстанған негізгі принципі ең алдымен қазақ тілінің өз мүмкіншіліктерін пайдалану, ал «Айқап» журналындағы мақалаларында грамматика, фонетика, морфология т.б. халықаралық сөздерді де қолданған. Бұдан оның орыс тілі арқылы кіретін интернационалдық терминдерден бас тартпайтын принципін де байқаймыз.
А.Байтұрсынов лингвистикалық терминдерді жасауда негізгі екі принципті ұстанған еді: бірі — ана тілдің бар мүмкіндігін барынша сарқа пайдалану, екіншісі — өзге тілдерден, əсіресе орыс тілінен əдеби тілдің дамуына керекті, жаңа ұғымды белгілеу үшін қажетті атау сөздерді алудан қашпау. Ол «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті беттерінде жарияланған мақалаларында, «Оқу құралы», «Тіл — құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» деген еңбектерінде тілімізде бұрыннан бар сөздерді белгілі ғылыми ұғымды білдіретін атау ретінде қолданады.
А.Байтұрсынов жасаған атаулардың жасандылығы білінбейді, ұғым мен атаулардың соншалықты жақындығы, атаудың дəлдігі, қысқа да нұсқалығы тəнті етеді. Ғалым тағылымы ғылымды ұлт тілінде сөйлету арқылы ұлт мəдениетін, ұлттық сананы, ұлттық таным деңгейін жоғары сатыға көтеру болатын. А.Байтұрсынов алға қойған бұл мақсатты оның замандастары мен шəкірттері іске асыра білді. Мысал ретінде 1914 жылы жарық көрген М.Дулатовтың есеп оқулығындағы мына атауларды келтіруге болады: есеп сатысы (таблица), түзу сызық, тік бұрыш, кесе сызық, қатар сызық, сызғыш, деректі сан, төрткіл, шаршы, көбейту, шегеру, ондық (жүздік), бөлімдер т.б.
Кейінгі жылдары жазылған зерттеулерде оқулықтар, оқу құралдарын құрастырып жазу барысында, пəн атауларын жасауда 20–30-жылдары, негізінен, дұрыс принцип ұсталынды деген пікір айтылып жүр. Бұған мысал ретінде М.Жұмабайұлының «Педагогика» «Баланы тəрбия қылу жолдары» атты еңбегі [4] мен Ж.Аймауытовтың «Психология» [5] деген оқулығынан жинастырған тілдік материалдарымызға сүйене отырып, олардағы тіл ерекшеліктеріне, терминжасам мəселесіне қысқаша тоқталып өтелік.
М.Жұмабайұлының «Педагогика» оқулығы 1922, 1923 жылдары Ташкентте екі рет басылып шыққан. Кітаптың кіріспесінде автор бұл еңбегін қысқа уақыттық мұғалімдер курсында өзі оқыған дəрістерден жинақтап баспаға бергендігін, қазақша педагогика пəні атаулары болмағандықтан, түрлі терминдерге дəл келетіндей қазақша сөз іздеп табу қиын соққандығын жəне бұл еңбекті жазуда басқа да мұғалімдердің жəрдемі тигендігін айтады.
«Педагогика» оқулығының өзіндік ерекшелігіне байланысты қазақ тілінің бейнелі, айшықты сөздері, мақал-мəтелдері мен тұрақты тіркестері де кездесіп отырады: ұяда не көрсе, ұшқанда соны қылады; қарны қабақтай, бұты таяқтай, көк қарын, ши борбай; қу қанжыға адам; соқыр сезім; қытай қорғанын бұзу; тоғыз жолдың торабында тұру; арыстан айға шапса, мерт болмақшы; өтпес жарлық бойға қорлық; ауру қалса да, əдет қалмақ емес т.б.
«Педагогикада» араб, парсы, түркі сөздері де термин мəнінде қолданылады: һауа, дəріс, фəн, сыныф, харіф, хұкім, иждаһат, мактаб, шəкірт, рия, мақсұт, тəржыма, дəрəжа, тəрбия, тəжіриба.
Сонымен бірге Һəм, һешбір, яки, хатта сияқты жалғаулық шылаулар мен көмекші сөздер бұл кітапта жиі кездеседі.
20-жылдардан бері негізі қалана бастаған қазақ тілі оқу-ағарту лексикасын тілімізде қалыптастыру процесі əлі тоқталған жоқ. Қолданыстан берік орын алған көптеген терминдер мен атаулар, тіркестер педагогика терминдерінің ұлттық үрдісте дамығандығын көрсетеді.
Əрине, кітаптың жазылғанына біраз уақыт өткендіктен, кейбір мағынада қолданылған сөздер қазіргі тілімізде басқа баламада орныққан: жылылық (бұл сөз қазір температура, дене қызуы), қайрат (ерік), тума мінез (темперамент), құлық (этика), сұлулық (эстетика) сезімдері, сұлу сурет (живопись), соқыр сезім (инстинкт), ояну дəуірі (ренессанс), сығыр (близорукий), елес (иллюзия), суреттеу (қазір: елестету). Басқа жұрнақтармен қолданылған атаулар да кездеседі: еліктемпаз, іші пысымпаз, ауырымпаз, сезімпаз, қозғалымпаз т.б.
Ал түпнұсқадан — орыс тілінен — дайын түрде алынған сөздер: искусство, архитектура, нируа системасы, афазия, перцепция, локализация, музыка, категория, гипотеза, аналогия, аффект т.б.
Орыс сөздерін алғанда көбінде түсінік беріліп отырған. Мəселен, астрономды ала отырып, жақша ішіне көк ғылымына жетік адамдар, математика — есеп фəні, иллюзия — елес, перцепция — əсерленуді туғызған себепті, яки затты табу, гигиена — саулықты сақтау фəні т.б. деген түсінік беріледі. Мысалы: Мидың белгілі бір жері зиянданса, адамның қол-аяғы қозғалмай қалады, яғни паралич болады. Мұны біздің қазақ пері соққан дейді (М.Ж. Педагогика, 49-б.).... кеңірдегі сау болып тұрса да, сөйлей алмай, тілсіз болып қалады, яғни афазия ауруы пайда болады (М.Ж. Педагогика, 49- б.). Əсерленуді бұрынғы болған тəжірибелермен толықтыру апперцепция деп аталады (М.Ж.Педагогика, 58-б.). Келе жатқан бір кісіні екінші біреу деп ойлап қалу, шілікті қасқыр деп білу, міне, осылар — иллюзия (М.Ж. Педагогика, 59-б.).
Терминдердің қазақша баламасын тапқан жерлерде жақша ішінде орысша вариантын беріп отырған: сұлу сурет (живопись), абай (внимание), шешпе хүкім (анализ хүкімі), қоспа (синтез), бейғамдық (рассеянность), темір тəртіп (железная дисциплина) т.б. «Педагогика» кітабынан бірнеше мысал келтірейік:
Ішкі сезімдер тағы екіге бөлінеді: өзімшілдік (эгоизм) ішкі сезімдері һəм көпшілдік (альтруизм) ішкі сезімдері (М.Ж.Педагогика, 121-б.).
Əлбетте, даму, ілгерілеу барысында ізденістер болатыны — заңды құбылыс. Жылдар бойы қалыптасқан кейбір сөздердің, атаулардың бүгінгі талапты өтеуде олқылық танытып тұратындары да болады. Дегенмен кітапта кездесетін терминдер мен жаңа қолданыстардың көпшілігі қазіргі қазақ тілінде аздаған өзгешеліктермен қолданылып жүр. Мысалы: абай (внимание) — назар, ықылас; аң, аңдау (сознание; понятие) — түсінік, ұғым; жалаңаштау (абстракция) — дерексіздендіру; қайрат (воля) ерік; сұлу сурет (живопись) — кескіндеме т.б.
Кітапта араб, парсы сөздері арқылы оқу-білім, жазу-сызуға байланысты ұғымдар берілген:
хүкім, сыныф, һауа, фəн, харф, мактаб, дəріс, шəкірт т.б.
Ал кейбір орыс жəне сол арқылы басқа да еуропа тілдерінен енген сөздер дайын күйінде алынған: аперсепсиа, афазыйа, гимнастика, доқтыр, искустуо, орыс школасы, консентыр, пойезыйа, нируа системасы (бұл сөз кітапта бірнеше фонетикалық вариантпен кездеседі), минөт, факті т.б.
Сонымен, бұл еңбек, сөзсіз, педагогика ғылымдарының терминдерінің тууына, қалыптасып, дамуына негіз болды, өз дəуірі үшін аса пайдалы, құнды еңбек болса, қазіргі күнде де маңызын əлі жойған жоқ деуге болады.
ХХ ғасыр басында қазақ əдебиетінің негізін салушылардың бірі Ж.Аймауытовтың педагогикалық оқу орындарына арнап жазған «Тəрбиеге жетекші» (Орынбор, 1924), «Психология» (Қызылорда-Ташкент, 1926), «Жан жүйесі жəне өнер таңдау» (М., 1926), «Комплексті оқыту» (Қызылорда, 1929) т.б. оқулықтары мен оқу құралдары баспадан шықты. Оның тəлім-тəрбие тақырыбына жазған «Психология» кітабы осы ғылымдар саласы терминдерінің негізін қалауға көп септігін тигізді деуге болады. Автор бұл кітабында шетелдік жəне орыс атауларын қазақтың өз сөзімен беруге тырысқан: философ — данышпан, ионизм — жан-тəн бірлігі, факт — болмыс, субстанция — тірек, гармония — келістік, существо — жаратылмыс, восприятие — түйсік, анкета сұрақ, возбудимость — қозғыштық, пантомима — ымдасу, клетка — шілтер, нервный — күйгелек, дальтонизм — түске соқырлық, сентиментальный — аянышжанды, любопытство — таңсыққойлық, мимика — ым, пассивно — жайбарақат, флегматик — салқын қанды, холерик — қызбалы, апатичный — сары уайымшыл, апперсепсия — түйсіктегіш т.б.
Ымдасу (пантомима) деп бастың, кеуденің, қол-аяқтың əлпетті қозғалыстарын ұғу керек (Аймауытов Ж., 108-б.). Талдау (анализ) дегеніміз — қоспалы күрделі нəрселерді, бернелерді жеке- жеке алып, бөлшектеп тексеру. Мəселен, қылды, жібекті талдауға болады (Аймауытов Ж., 186-б. Іріктеу (абстракция) деп бір шумақ нəрселерден не бернелерден бірнешеуін таңдап шығарып алғанды айтады (Аймауытов Ж., 187-б.). Сіңістіру (ассимиляция) біріне-бірі өте ұйқас екі нəрсе, екі берне қосылып, бір-ақ берне болып кеткенді айтады (Аймауытов Ж., 187-б.). Ұластыру (синтез) талдауға қарсы. Талдау бүтінді жырымда болса, ұластыру бөлшектерден бүтін құрау (Аймауытов Ж., 187-б.).
Сондай-ақ байырғы сөздер тіркесуі арқылы жасалған атаулық терминдер де баршылық: жансыз зат, құрғақ даналық, тілсіз күш, амалдық қисын, ерсілі-қарсылы қисын (теория взаимодействия), дерексіз пəн, ішкі қозғалыс, құрғақ жорамал, жан қуаты, тірлік ғылымы т.б.
Тілімізде жоқ ұғымдар түсіндірме жолымен берілген: Неліктен ақ көбелек шамның жарығына үймелейді? Неліктен маяктың (кеме жүзетін судың жағасына кемешілер адаспасқа жағып қоятын қарауыл шамды маяк дейді) жарығы құстарды шақырады, қаратады? Ескі псиқолоқшылар айтар еді: «Көбелек шамның жарығын əуес көреді». «Құс маяктың отын жаратады» деп (Ж.А., 66-б.). Моридың бетіне қызарған темірді жақындатса, ол түсінде кочегарды (пароходта от жағатын жұмысшыны) көреді (Ж.А., 216-б.).
Ж.Аймауытов кейбір диалектизмдерді де қолданған: дəйім, əсілімен (барлығы), сілем, сүгірет, жар (қабырға), ауқат (тамақ деген мағынада), жарату, тілмар т.б.
Термин жасауда, негізінен, байырғы төл сөздеріміздің басым қолданылғаны аңғарылады: нану, наным — вера, ерік — воля, өнер — теқнике, əдебиет — словесность т.б.
«Психологияның» грамматикалық ерекшеліктеріне келсек, -у тұлғалы тұйық етістіктің орнына -мақ, -ға, -са тұлғаларымен қолданылғанын көреміз. Мысалы, ... күнəлі адамның жаны өлгеннен кейін шошқаға жан болса керек (Ж.А., 12-б.). Бұл қозғалуды табиғат өзінен-өзі тауып алған, өйткені табиғат бір зор тұтас əлем, одан тысқары ештеңе болуға мүмкін емес (Ж.А., 22–23-б.). Бірақ нəрсе өзіндік сипатқа ие болса, ол нəрсенің амалының қалпынан, тұрмысынан тумақ керек (Ж.А., 23-б.).
«Бет — жанның айнасы» дейді. Бұл рас. Бірақ бет бояма, перде болуға да мүмкін (Ж.А., 53-б.).
Сонымен, 1920-жылдары қазақша ғылым тілінің дамып қалыптасуына қазақ тілінде жазылған оқулықтар мен оқу құралының, сөздіктердің, мерзімді баспасөздің атқарған рөлі зор екені сөзсіз. Дегенмен 20-жылдары термин жасаудағы принциптерде бірізділік болмағандығы, оның себебі туралы Ə.Қайдаров, Ө.Айтбаев, Ш.Құрманбайұлының т.б. зерттеушілердің еңбектерінде айтылған пікірлерден көруге болады. Шындығында, 30-жылдардың ортасына дейін термин сөздер аударылып алынса, 30-жылдардың ортасынан бастап советизмдер мен шетелдік терминдер сол қалпында аударылмай қабылданды. Бұған 1935 жылы Алматыда өткен Қазақстан мəдениет қызметкерлерінің съезінде қабылданған термин жасаудың принциптері де үлкен əсер етті. Оның үстіне бұл кезеңде Ресейдің мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған түркі тілдерінің терминін жасау үшін қандай принциптерді негізге алу қажет деген орыс ғалымдарының мақалалары, айтылған ой-пікірлері мен ұсыныстары əсерін, ықпалын тигізбей қоймады. Бұл жөнінде Ш.Мажитаева өзінің «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ əдеби тілі» (Алматы: Ғылым, 1999), «ХХ ғасырдағы қазақ əдеби тілі» (Астана: Елорда, 2000) деген монографияларында жан-жақты тоқталады [6].
Академик Ə.Қайдари «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» деген еңбегінде термин жасауда қазақ тілінің байлығын сарқа пайдалана алмағанымызға бірнеше себеп болды деп ашып көрсетеді: «Ең басты себеп — замана үрдісі, тіл саясаты мен идеология ықпалы, орыс тілінің аз ұлттар тіліне жасаған үстемдігі мен өктемдігі, екінші себеп — «еліміздегі ұлт, ұлыс тілдері өздерінің дамудан кенжелеп қалуына байланысты ғылым тілі болып, орыс тілімен терезесі тең тұра алмайды» деген пікірдің орталықта да, жергілікті мамандар арасында да қалыптасуы. Үшіншіден, терминдік ұғымдардың қайнар көзі орыс тілі болып саналады да, қалған жүздеген тілдердің бəрі тек «қабылдаушы» пассив тілдер болып келді. Төртінші себеп — ғасырлар бойы өз дəстүрімен еркін дамып келген тілдері ғылыми-техникалық прогреске икемдеумен шұғылданбағандықтан, бірден лап берген терминология тасқынына бұл тілдер төтеп бере алмады. Бесінші себеп — ана тілінің мүмкіншілігін толық ашып, терминология тасқынына қарсы қоярлықтай, ұлт кадрлары тоталитарлық үкімет тарапынан кезінде жойылған болатын» [7].
Сөйтіп, қазіргі тіліміздегі көптеген терминдер бірден осы күйінде жасалынып, қолданыс тапқан жоқ. Алғашқы оқу-педагогикалық, ғылыми-техникалық салалардың терминдері, негізінен, 20- жылдары жасалына бастады. Термин жасауда нақты принциптер болмағандықтан, əркім терминді өз бетінше жазды. Алғаш рет қазақ тілінде жарық көре бастаған оқулықтардағы термин сөздердің сол кездің талабына сай қолданылуы — шартты құбылыс. Дегенмен қазірге дейін олардың біразы сұрыпталып, ғылым тілінде өзгеріске ұшырағандары да кездеседі. Осы кезеңдегі термин жасауда негізгі көзделген мақсат олардың қалың бұқараға түсінікті болуы еді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні қай ғылым саласында болса да терминдер тұрақты қолданысқа ие болып, терминология саласында біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Бұған ХХ ғасыр басындағы ғылыми-көпшілік кітапшалар мен газет-журналдарда жарық көрген мақалалардың, алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының қазақша ғылыми терминдердің қалыптасуына негіз болғаны сөзсіз.
Əдебиеттер тізімі
- Жалмаханов Ш.Ш. А.Байтұрсынұлы — қазақ лингвистикасы терминдерінің негізін салушы. — Қарағанды: Болашақ- Баспа, 1997. — 3-б.
- Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. — Алматы, 1992. — 448 б.
- Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов. — Алматы, 1990. — 29-б.
- Жұмабаев М. Шығармалары. — 1–3-т. — Алматы,
- Аймауытов Ж. 5 томдық шығармалар жинағы. — 4-т. — Алматы: Ғылым, 1998. — 448-б.
- Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ əдеби тілі. — Алматы: Ғылым, 1999. — 192-б.; ХХ ғасырдағы қазақ əдеби тілі. — Астана: Елорда, 2001. — 343 б.
- Қайдари Ə. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. — Алматы, 1993. — 19-б.